2 тарау. Оқыту нәтижелеріне бағдарлай отырып орта білімнен кейінгі білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
3. Орта білімнен кейінгі білімнің мазмұны білім беру бағдарламаларымен анықталады және оқыту нәтижелеріне бағдарланады.
Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының мазмұны теориялық сабақтарды, зертханалық-практикалық жұмыстарды орындауды, өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді қамтитын базалық және кәсіптік модульдерді меңгеруді қарастырады.
4. Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, кәсіптік стандарттар (бар болса), біліктіліктерді функционалдық талдау және WorldSkills стандарттары (бар болса) негізінде әзірленеді.
5. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұны бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының жекелеген модульдерін немесе пәндерін қоса алғанда, техникалық және кәсіптік білім берудің модульдеріне интеграцияланған білім беру бағдарламаларын зерделеуді көздейді.
6. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары кредиттік-модульдік технологияны қолдана отырып, құзыреттілік тәсіл негізінде құрылады.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын нақты қызметті орындау және кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру үшін қажетті білім беру бағдарламаларының тиісті мазмұндық аспектілерін біріктіру негізінде орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары әзірлейді.
7. Базалық және кәсіптік модульдер міндетті және білім беру ұйымының таңдау бойынша компоненттерінің модульдерін қамтиды.
Білім беру ұйымының таңдау компоненті модульдерінің тізбесін орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы дербес айқындайды.
Базалық және кәсіптік модульдердің міндетті компонентінің көлемі оларды оқуға бөлінген уақыттың жалпы көлемінің кемінде 70%-ын құрайды.
Базалық және кәсіптік модульдерді таңдау компонентінің көлемі 30% - дан аспайды және бұл:
1) орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасын меңгерген бітіруші дайын болуы тиіс қызметтің негізгі түрлерін кеңейтуге;
2) міндетті компоненттің мазмұнымен анықталатын білім алушының дайындығын тереңдетуге;
3) аймақтық еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес бітірушінің бәсекеге қабілеттілігін және тиісті мамандық бойынша білімін келесі деңгейде жалғастыру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді.
8. Базалық құзыреттер салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене қасиеттерін жетілдіруге, қоғамда және еңбек ұжымында әлеуметтенуге және бейімделуге, патриотизм мен ұлттық сана-сезімді дамытуға, кәсіпкерлік қызмет дағдыларын және қаржылық сауаттылықты игеруге, кәсіби қызметте ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған.
Базалық модульдер жалпы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық пәндердің мазмұнын қамтиды.
Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыру барысында мынадай базалық модульдер оқытылады:
1) кәсіби қызмет саласында кәсіби лексиканы қолдану;
2) дене қасиеттерін дамыту және жетілдіру;
3) ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдану;
4) Қазақстанның қазіргі тарихын, әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен орнын түсіну;
5) қоғам мен еңбек ұжымында әлеуметтену және бейімделу үшін әлеуметтік ғылымдар негіздерін қолдану;
6) кәсіби қызметте қазіргі заманғы экономикалық жүйенің жұмыс істеуінің негізгі заңдылықтары мен механизмдерін қолдану.
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымның қалауы бойынша базалық модульдер мамандық бейініне байланысты кәсіптік модульдерге біріктіріледі.
9. Кәсіптік модульдер пәндер экологиялық және/немесе өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, біліктілік бойынша еңбек функциялары мен кәсіби міндеттердің мазмұнын көздейді.
Кәсіптік модульдер жалпы кәсіптік, арнайы пәннің, өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың мазмұнын қарастырады.
10. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары теориялық оқытумен қатар өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды.
Кәсіптік практика оқу, өндірістік және дипломалды болып бөлінеді.
Кәсіптік практиканың мерзімдері мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларында, оқу процесінің кестесінде және оқу жұмыс бағдарламаларында айқындалады.
Дуальды оқыту пайдаланылатын ТжКБ-ның білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын (ұйым) базасында кемінде алпыс пайыздық өндірістік оқытуды, кәсіптік практиканы көздейді.
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының қалауы бойынша кәсіптік практика кәсіптік модульдерге біріктіріледі.
11. Оқыту нәтижелерінің жетістіктерін бағалау әр түрлі бақылау түрлерімен расталады: үлгерімді ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау.
Бақылау жұмыстары, сынақтар және курстық жобалар (жұмыстар) модульді зерделеуге бөлінген оқу уақыты есебінен, емтихандар – аралық немесе қорытынды аттестаттауға бөлінген мерзімде өткізіледі.
Өнер және мәдениет саласының мамандықтары үшін қорытынды және (немесе) аралық аттестаттауды өткізу кезінде шығармашылық тапсырмаларды орындау көзделген. Шығармашылық тапсырма туралы ережені орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы дербес әзірлейді.
Біліктілік емтихандары әрбір біліктілік бойынша практикалық жұмыс немесе демонстрациялық емтихан нысанында орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының оқу-өндірістік шеберханаларында, зертханаларында және оқу орталықтарында, кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында өткізіледі.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалар үшін қорытынды аттестаттау өндірістік оқыту бойынша практикалық жұмысты орындау нысанында өткізіледі. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау нысанын орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы айқындайды.
12. Оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
Білім беру бағдарламасының құрылымына паспорт, уақыт бюджеті бойынша жиынтық деректер, оқу процесінің кестесі мен жоспары, оқу жұмыс бағдарламалары кіреді.
13. Қолданбалы бакалавриаттың мамандықтары мен біліктіліктері және жұмысшы біліктілігі (бар болса) бойынша бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының жекелеген модульдерін немесе пәндерін қоса алғанда, білім беру бағдарламаларын орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы әзірлейді және жұмыс берушілермен немесе индустриялық кеңеспен келісіледі.
14. Оқу жұмыс жоспарлары МЖБС қосымшасына сәйкес орта білімнен кейінгі білім берудің оқу жоспарының моделі негізінде әзірленеді.
15. Оқу жұмыс бағдарламалары оқу жоспарының барлық модульдері бойынша әзірленеді және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы бекітеді.
16. Оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кезінде орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы:
1) міндетті оқытуға бөлінген кредиттердің/сағаттардың жалпы санын сақтай отырып, циклдердің, модульдердің көлемі мен мазмұнын дербес айқындауға;
2) модульдік оқыту кезінде бір мамандық шеңберінде модульдердің/біліктіліктердің жүйелігін, тізбесін және санын айқындауға құқылы.
17. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламасының мазмұны жұмысшы біліктілігін игере отырып, қолданбалы бакалаврларды даярлауды көздейді және білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз етеді және мәндес мамандықтар (біліктіліктер) бойынша білім берудің келесі деңгейінде оқыту нәтижелері мен кредиттерді/сағаттарды қайта есептеуді қамтамасыз етеді.
18. Үштілді білім беру бағдарламаларын енгізетін білім беру ұйымдары оқытуды мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырады.
Екі тілде білім беру бағдарламаларын енгізетін білім беру ұйымдары оқытуды: мемлекеттік және орыс; мемлекеттік және ағылшын; орыс және ағылшын тілдерінде жүзеге асырады.
Әртүрлі тілдерде оқытылатын модульдердің пайыздық арақатынасын білім беру ұйымы дербес айқындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |