Салмырза жайна ізбасарқызы сыр өңірі қазақтарының азаттық қозғалысы


Зерттеудің субьектісі. Билер мен батырлар, сұлтандар мен ру басшылары, қазақ зиялылары, патша шенеуніктері мен офицерлері, түрік-мұсылман қозғалысының басшылары және тағы басқалар



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі308.5 Kb.
#20216
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің субьектісі. Билер мен батырлар, сұлтандар мен ру басшылары, қазақ зиялылары, патша шенеуніктері мен офицерлері, түрік-мұсылман қозғалысының басшылары және тағы басқалар.


Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен әдістері. Зерттеу жұмысын талдауда біз соңғы жылдары Отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңалықтар мен түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Бұған дейін Сыр өңіріндегі патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы жергілікті халықтың азаттық күресінің тарихы арнайы өз деңгейінде зерттеу көзіне айналмай тіпті назардан тыс қалып келгенін айта кеткен жөн. Тәуелсіздік жолында қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысында өз ізін қалдырған Сыр өңірін мекендеген халықтың азаттық күресі Кеңестік кезеңдегі тарихы тар таптық-партиялық ұстанымдар тұрғысынан баяндалып келген. Міне, сондықтан зерттеу барысында жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарастар тұрғысынан жазылған зерттеулер басшылыққа алынды. Зерттеудің методологиялық және теориялық негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттілік, салыстырмалық, талдау, жинақтау және қорыту, жүйелілік әдістері арқылы бердік. Сонымен қатар тарихи ұстанымдар мен концептуальдық ережелер, танымдық теория негіздері алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Кең көлемдегі деректік материалдар негізінде ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Сыр өңіріндегі қазақтардың азаттық қозғалысын тұтастай қарастырылуы зерттеу жұмысының негізгі жаңалығы болып табылады. Нақтылай айтқанда, зерттеу жұмысында төмендегідей жаңалықтар бар:

- Орыс жаулаушылығына қарсы жергілікті халықты басқарған сұлтандар

мен рубасылардың, билер мен батырлардың бастапқы кездегі қарсыластығы және олардың патша билігіне байланысты ұстанған саясатына талдау жасалынды;

- Орыс әскерлерімен болған Ақмешіт бекінісі түбіндегі шайқастағы Сыр

бойы қазақтарының ерлігі мен жеңілісі көрсетілді;

- Сыр өңіріндегі халықтың орыс бекіністерінің салынуына қарсылығы

және Жаңақорған, Жөлек, Түркістан, Шымкент, Ташкентті қорғауға қатысқан қазақтардың орны мен рөлі айқындалды;

- Өңірдегі отарлық билік жүйесінің күшеюі және жергілікті халықтың

наразылығы нақтылы мәліметтермен негізделген;

- ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының жалпы мұсылмандық

қозғалысқа тартылып, бірлескен саяси іс-қимылдарға қатысуы мұрағат құжаттары негізінде талданды;

- 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі Сыр өңірін мекендеген

халықтардың көтерілісі және оның барысы дәлелденді;

- Ақпан төңкерісі тұсындағы қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі мұрағат деректері негізінде баяндалды.



Зерттеу жұмысының деректік негізі. Сыр өңіріндегі азаттық күрестің күрделі тұстарын ашып, тарихи маңызын көрсету, оған обьективті тұрғыдан баға беру үшін деректік материалдарды талдаудан өткізу аса маңызды рөл атқарады. Диссертациялық жұмыста пайдаланылған материалдарды бірнеше топтарға жіктеуге болады. Солардың бірі Ресей империясының қазақ даласына, соның ішінде Сыр өңірін мекендеген жергілікті қазақтар мен отырықшы халықтарды отарлауға және кез-келген қарсылықтың алдын-алуға қатысты шығарылған әр түрлі заңдық жинақтар және құқықтық актілер мен ережелер, әскери-әкімшілік мекемелердің құрылуы, міндеті мен әрекет ету жөніндегі мәліметтер.

Бұл деректерді «Ресей империясы заңдарының толық жинағы», «Сборник узаконений о киргизах степных областей», Мемлекеттік Думаның стенограммалық есептері құрады. Зерттеу барысында жергілікті әкімшілік мекемелерінің әскери және азаматтық шенеуніктерінің ресми іс-қағаздары мен жазбалары, Бас штабтың офицерлері мен саяхатшылардың естеліктері мен күнделіктері және хаттары ғылыми айналымға тартылды. Сонымен қатар көптеген мәліметтерді мерзімді басылым беттерінен кездестіреміз. Мәселен, «Военный сборник», «Вестник РГО», «Морской сборник», «Труды Оренбургской Ученой комиссии», «Туркестанский сборник», «Военно-исторический сборник», «Исторический сборник», «Русский Вестник», «Туркестанский курьер», «Новый Восток», «Бірлік туы», «Жизнь национальностей» сияқты баспасөз басылымдарында Сыр өңіріне қатысты аса маңызды деректер келтіріліп, Ресей империясының қазақ даласындағы жаулау жорықтары мен оған қатысқандардың естеліктері мен деректері келтірілген.

Ал мәселені талдауға алуда бүгінге дейін ғылыми айналымға түспеген, мұрағат қорларында сақталған азаттық күреске тән дерек көздерінің орны ерекше.

1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚРОММ) – № 4 Орынбор шекара қазақтарының облыстық басқармасы, № 15, № 41 Верный уездiк басқармасы, № 44, № 64 Дала генерал-губернаторының кеңсесі, № 382 Сырдария желісінің басқармасы, № 383 Сырдария желісінің қазақтарды басқару басқармасы, № 1 форт коменданты басқармасының № 384, № 1202 қорларында жинақталған құжаттар алынды. Бұл қорлардан табылған құжаттар тақырыптың мәні мен мазмұнын кеңінен ашып, маңызды дерек көздері ретінде ғылыми айналымға тартылды.

2. Өзбекстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ӨРОММ) – № 1 Түркістан генерал-губернаторының кеңсесі, № 17 Сырдария облыстық басқармасы, № 47 Түркістан өлкесі оқу орындарының Бас Басқармасы, № 336, № 461 Түркістан аудандық күзет бөлімі, № 715 Полковник Серебренниковтың Түркістан өлкесі жайындағы мәліметтер, 1009 қорларындағы құнды құжаттар алынды.

3. Ресей Федерациясы Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатының (РФОрОММ) – № 6 Орынбор генерал-губернаторының кеңсесі қорындағы құжаттар пайдаланылды. Бұл қорда Орынбор генерал-губернаторының кеңсесінде екi жорыққа арналған және Сырдария бойында салынған бекiнiстерiне казактарды қоныстандыру тәжiрибесi жөнiндегi құжаттар жиынтығы, Қоқан, Хиуадағы саяси жағдайға байланысты iс-қағаздар жеткiлiктi.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы Сыр өңіріндегі азаттық күресті зерттеу нәтижесінде қорғауға мынандай тұжырымдар ұсынылады:

- ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі қазақ тарихындағы күрделі кезеңдердің бірі болғаны анық. Осы бір қиын-қыстау кезеңде Сыр өңірі ғана емес бүкіл Орталық Азияның тағдыры мен болашағы шешілді.

- Патша өкіметі Сыр бойын алғанда ғана қазақ даласын толығымен бағындырып ғана қоймай, Орта Азиядағы ең басты қарсыласы Қоқан мен Хиуа хандықтары болғандықтан, оған Сыр бойы арқылы берілген соққы өте тиімді жағдайда өтті. Сондықтан да Сыр өңіріне Ресей империясының қызығушылық танытуы саяси жағынан алғанда заңды құбылыс болды.

- Ақмешiтке жасаған жорықтың нәтижесiнде Сыр бойының қазақтары Ресей құрамына қосылып, Ақмешіт, Күмiсқорған, Шымқорған, Қосқорған бекiнiстерi Ресейге кіріп, осы бекіністердің негізінде Сырдария шебi құрылды. Бұл аймақтарды жаулағаннан кейiн патша өкiметi өлкедегi әкiмшiлiк басқаруда өзгерiстер енгiзіп, жергiлiктi халықтың әскери күштiң көмегiмен бағындырды және олардан әр түрлі салықтар жинап, міндеткерліктер жүктеді.

- Азаттық таңын аңсаған Жаңқожа мен Есет және тағы басқа да Кіші жүз қазақтарының батырлары мен игі жақсылары өз халқының еркіндігі үшін аянбай шайқастарға түсті және Сыр өңірін мекендеген басқа да халықтар отаршылдарға қарсы наразылығын бір сәтке де тоқтатпады. Кенесарының ұлдарының басшылығымен және Қоқан, Хиуа, Ташкент әскерлерімен біріккен қазақтар Сыр өңіріндегі орыстардың Перовск және басқа да бекіністердің салынуына барынша қарсы шығып, жиі-жиі шабуылдар ұйымдастырады.

- ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Сырдария облысының қазақтары мен отырықшы халықтар тәуелсіздік жолындағы күресін одан әрі жалғастырумен болды. Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресін енді олар бүкілресейлік түрік-мұсылман қозғалысымен байланыстырады.

- Империяның Қазақстан мен Түркiстан өлкесiндегi отарлық саясаты, әсiресе «столыпиндiк» реформаларды жүзеге асыруы, 1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа байланысты империядағы дағдарыс Сырдария облысының саяси хал-ахуалын да шиеленiстiрдi. Бұл 1905-1907 жылдардағы бiрiншi орыс революциясының Қазақстанға тигiзген әсерiнен, Қазақстан мен Орта Азияның жергiлiктi халықтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнен аса айқын көрiндi.

- ХХ ғасырдың бас кезінде жаңа деңгейге көтерілген Сырдария облысы халқының азаттық қозғалысы барысында оны қазақтар мен отырықшы халықтардың зиялы қауым өкілдері басқарды. 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясының жеңiсi нәтижесiнде патша өкiметiнiң құлатылуы мен Россияда Республикалық тәртiптiң орнатылуы Қазақстан меп Түркiстан өлкелерiндегi саяси жағдайды түбiрiмен өзгертіп, Сырдария облысындағы тәуелсіздік үшін Түркiстандық «Шуро-и-ислам» атты саяси партия күресті.



Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Сыр өңіріндегі азаттық күрестің тарихына байланысты арнайы зерттеу ретінде оның теориялық және методологиялық негізін жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек. Зерттеу барысында көтерілген мәселелер Қазақстан тарихын жете тануға ерекше мән беретін оқырмандардың да өткеніміздің жаңаша саралануына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының тұжырымдамаларын Қазақстан тарихын танып, білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, құқық қорғау органдары қызметкерлерін дайындайтын оқу орындарының магистранттары мен студенттеріне, тарих факультеттерінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курс және семинар ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында дайындалып, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертация жұмысының негізгі тұжырымдамалары үш халықаралық ғылыми – практикалық конференцияларда баяндалды. Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес үш ғылыми мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген журналдарда жарық көріп, сыннан өтті.

Диссертацияның құрылымы. Кіріспеден, алты бөлімнен құралған екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.


ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, мәселенің зерттелу деңгейі сараланады. Зерттеудің мақсат міндеттері, негізгі нысаны, хронологиялық шеңбері, методологиясы, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалады.

«Патшалық Ресейдің Сыр бойындағы үстемдігі және оған жергілікті қазақтардың қарсылығы» деп аталатын бірінші тарауда орыс әскери құрылымдарының Сыр бойына басып кіруі, Ақмешіт қамалы үшін шайқас, өңірдегі Ресей билігінің орнауы, соның нәтижесінде патшалық биліктің күшеюі мен оған қарсы қазақтардың күресі қарастырылады.

ХІХ ғасырда Ресейдің Орталық Азия мемлекеттеріне жақындай отырып, бүкіл Оңтүстік Қазақстанды бағындыру және оны алдыңғы шепке айналдырып, сол арқылы әскери-саяси қайшылықтарын шешуі едәуір дәрежеде Түркістан өлкесін бағындыруға байланысты болды. Ол үшін патша өкіметіне ең бірінші кезекте Сыр бойын жаулап алу тұрды.

ХІХ ғасырдың ортасында Сыр бойына басып кірген патша өкіметі бүкіл қазақ даласын империя иелігіне қосуды аяқтау мақсатында Сыр бойындағы Қоқан хандығының бекіністерін басып алып, оны Сібір шебімен қосу туралы жоба дайындайды. Патша өкіметінің алдына ұсынған В.А. Перовскийдің жобасында Ақмешіт бекінісіне зор мән беріліп, оның маңыздылығын былай көрсетеді: «Орынбор қазақтарын әкімшілік жағынан басқаруда кең мүмкіншіліктер туады. Сырдарияның орта ағысында нық орнауымыз арқылы біз Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз. Сыр өзені мен Ақмешіт Орта Азиямен саяси және сауда қарым-қатынасында негізгі тірек болары сөзсіз» [23, 194 п.]. В.А. Перовскийдің нұсқауын орындауға шыққан полковник Бларамберг 1852 жылы 18 шілдеде Ақмешіт бекінісіне жетіп, 20 шілдеде таң алдында бекіністі шабуылдайды [24, 232-234 пп.]. Алайда, басым бөлігі қазақтардан тұратын қоқандықтардың негізгі күші бекініске дер кезінде көмекке жетуіне байланысты ауыр шығынға ұшыраған орыстар 23 шілдеде кейін қарай шегінеді [23, 229-233 пп.].

Алдыңғы екі жорықтан мол сабақ алған және құнды барлау мәліметтер жинап, оған талдау жасаған Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовский Ақмешітті алу үшін алдымен Сыр бойына бірнеше бекіністер салу қажет деген қорытындыға келіп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды. Сонымен қатар В.А. Перовский Кіші жүздің сұлтан-билеушілеріне жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді қазақтардан еріксіз жинап алу жөнінде тапсырма береді. Орынбор басшысының бұл нұсқауы қазақтардың ашу-ызасын келтіргені соншалықты, шыдамы таусылған қазақтың көптеген рулары ашықтан-ашық қарсылық көрсетіп, Есет Көтібарұлына барып қосылады да, Ақмешіт жорығына түйе жинап беруге көмектескен сұлтандар мен билердің ауылдарын шабады.

1853 жылы 22 сәуірде әскер саны анықталғаннан кейін Ақмешітке қарай жорық басталады. Жорыққа 1 генерал, 6 штаб офицері, 34 обер-офицер, 16 шенеунік, 113 унтер-офицер, 9 кернейші, 1561 қатардағы жауынгер, 424 саптан тыс жауынгерлер қатысқан [25, 15 п.]. Сол тұста қалыптасқан жағдайды талдаудан өткізген В.А. Перовский 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудыруға бұйрық береді. Әскери техникалық жағынан да, адам саны жағынан да жаудың күші көп басым болғанына қарамастан бекіністі қорғаушылар ерлікпен шайқасып, өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскерімен үш аптадан аса аянбай соғысады. Бекіністегілердің берілуге дайын тұрғанына қарамастан В.А. Перовский 27 шілдеде 3 мыңдай жақсы қаруланған әскермен бекіністің ішіне басып кіреді. Ақмешіт үшін болған шайқаста қорғаушылардан 206 адам өліп, 35 адам жарақаттанса, орыстар жағынан 9 адам өліп, 16 адам ауыр жарақат, 30 адам жеңіл жарақат алған. Тұтқынға түскен 74 қоқандықтың біреуі ғана бұхаралық саудагер болса, қалғандарының барлығы да сол жердің қазақтары болып шыққан және олардың бәрі де орыс билігіне қарсы шықпаймыз деген уәде берген соң ауылдарына қайтарылған [23, 218-307 пп.].

Ақмешітті басып алған патша өкіметі бекініске мыңға жуық әскермен бірге 16 зеңбірегі бар күшті гарнизонды орналастырады да [23, 322 п.], 26 тамызда І Николай Ақмешіт бекінісін Орынбор генерал-губернаторының құрметіне «Перовский» форты деп өзгертеді [26, 229 п.]. Осылайша орыс әскерлерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери стратегиялық және саяси-экономикалық жағынан аса маңызды болды.

Ақмешіт бекінісінен айрылып қалғанына көнгісі келмеген қоқандықтар орыс билігінен оны қайтару жолында барынша күштерін салып, жанталаса күресті. Қоқан хандығының Ақмешітті қайтарып алуға жасаған бірнеше әрекеттері патша үкіметінің форттың қорғанысын күшейтуге итермеледі. 1954 жылы Ресей патшасының жарлығы бойынша Перовск форты, № 1 форт (Қазалы), № 2 форт (Қармақшы) және № 3 форт (Қуандария) құраған Сырдария әскери шебі құрылады. Сырдария әскери шебі құрылған уақыттан бастап, Ресей билігіне өткен Сыр қазақтары облыстың орта бөлігінің сұлтан правителіне бағындырылып, оған Сырдария қазақтарын басқару туралы нұсқаудың негізінде бірнеше міндеттер жүктеледі.

Бүкіл Сыр бойын өз билігіне бағындырмақ болған патша әкімшілігінің отаршылдық саясатына қазақтардың наразылығы уақыт өткен сайын күшейе түседі. 1856 жылы желтоқсанда басталған Сыр қазақтарының көтерілісі Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы тікелей бағытталып, оны шектілердің рубасшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. Негізінде көтеріліс № 1 форт маңынан қоныс аударушыларға егін өсіруге жер бөлген бекініс басшысының әрекетіне наразылық ретінде басталады. Көтеріліс бүкіл Қазалы аймағын қамтып, оған үш мыңнан аса адам қатысты және орталығы Жаңақала бекінісі болды. 1856 жылы желтоқсанның орта шенінде Жанқожаның жасағы алдымен казактар мекендеген Солдатская слобода поселкасын жойып, № 1 Қазалы форты мен Перовск фортының бекіністеріне жақын келіп орналасады да күтпеген жерден Сырдария шебіне шабуыл жасайды. Содан В.А. Перовский Сырдария әскери шебінің бастығы генерал-майор Фитингофқа тез арада көтерілісті жазалау үшін жорыққа шығу туралы нұсқау береді. Көтерілісшілермен болған шешуші шайқас 1857 жылы 9 қаңтарда Қазалыға жақын жердегі Арықбалық алқабында өтеді. Күштің тең болмауына байланысты жеңіліс тапқан көтерілісшілерді патша әскерлері аяусыз жазалайды. 1860 жылға дейін Жанқожа, Бөрі сұлтан, ұлы Итжемес, немересі Жанқұлы орыс билігіне қарсы әрекетін тоқтатпады. Катениннің 1860 жылы наурыздағы әскери министрге жазған хатында: «Жаңадария маңында старшина Елекей Қасымовтың басшылығындағы әскер 1860 жылы жылдың қысында Жанқожа жасақтарынан талқандалғанын көрсетеді» [27, 121-122 пп.].

Сырдария қазақтарының көтерілісінің қайталануынан қорыққан патша 1858 жылы бүлікке қатысқан қазақтарға кешірім беретін жарлық шығарады. Дегенмен көтеріліс өз жалғасын тауып отырған. 1860 жылы 10 тамызда Биманды Саржанов бастаған қазақтар Сыр бойына шабуыл жасаса [28, 9 п.], 1860 жылы 31 шілдеде Арал теңізінің маңындағы Кіші және Үлкен Борсықтың арасында Ақкете руына жататын Қанабет бастаған әртүрлі рудан құралған қазақтар орыс пикеттеріне шабуыл жасап, 200 жылқыны айдап кеткен. Көтерілістің жергілікті қазақтарға әсер еткені соншалық, орыс билігін қабылдаған Есеттің өзі де көтерілісті қайтадан жандандырмақ болып Хиуаға көшуге әрекеттенеді. Алайда, Есеттің соңына мықты бақылау қойған патша әкімшілігі оның алдын алып үлгереді [29, 6 п.].

1861 жылдың аяғында орыс әскерлерінің қоқандықтардың Жаңақорған мен Дінқорған бекінісін басып алуы Сырдарияның бүкіл төменгі ағысы Ресей империясының билігіне өткенін білдіріп, орыс әскерлеріне Оңтүстік Қазақстанға қарай жылжуына жол ашып берді. Мұның аяғы қазақтардың ашу-ызасын туғызып, отаршылдық жүйеге қарсы көтерілуге әрекеттер жасаған. 1862 жылы қоқандықтардың иелігінен Өтеген мен Баубек бастаған қыпшақтар және Жантөре мен Құдас бастаған қоңыраттар Сыр бойындағы орыс шептеріне шабуыл жасап тұрса [30, 124 п.], Қылыш бастаған қарасақал, Ертай бастаған шектілер, Жанқожаның туысы Жанмырза бастаған қазақтар Хиуа ханының көмегін ала отырып, орыс әскерлеріне қарсы шабуылын тоқтатпаған [31, 28 п.]. 1863 жылы маусымда Сыздық 400 жасақпен Жаңақорғанды алуға бірнеше рет әрекеттенген. Қазақтардың осындай қарсылықтарына қарамастан Ресей империясы мен Қоқан хандығының арасындағы шекара былайша белгіленді: Орынбор жағынан 1-2 форттар, Перовск мен Жөлек бекіністері арқылы өтсе, Сібір жағынан Іле өлкесі, Верный, Тоқмақ және Пішкек болды. Екі бағыттың арасындағы қашықтық 650 шақырымды құрап, Ресей империясы Қоқан хандығын екі бағыттан қыспаққа алды.

Патша әскерлерінің Орталық Азияға Жетісу және Сырдария бойынан жылжуы, жергілікті халыққа көптеген қиыншылықтар әкелді. Өйткені, әскерлердің бүкіл қару-жарағы мен азық-түлігін таситын жүк көліктерін табуға тағы да қазақтарды мәжбүрлейді.

1864 жылы мамырда орыс әскерлерінің Қоқан хандығына шабуыл жасауға әзірлігі аяқталып, дербес екі әскери қол, Перовскіден 1500 адаммен шыққан полковник Веревкин Түркістанға қарай, ал Верныйдан 22 зеңбірек және 2500 жауынгермен полковник Черняев Мерке бекінісін ұрыссыз алып, Әулиеата бекінісіне жорыққа шығады. Черняев бастаған сібірлік әскери топ Әулиеатаны басып алғанда, Сырдария шебінен шыққан Веревкин Оңтүстік Қазақстанның «есігі» болып табылатын Түркістанға бағыт алып, 1864 жылы 24 мамырда оған 1200 әскермен шабуыл жасайды. Кейін 22 қыркүйекте Черняев әскерін үш қанаттан шабуылға шығарады да, Шымкентке басып кіреді. Алдыңғы шайқаста олардан естен кетпес соққы алған орыс әскерлері қала халқына қатыгез зорлық-зомбылық көрсетіп, аяусыз тонады [32, c. 82].

1865 жылы көктемде Черняевтың Ташкентке жасаған екінші жорығы басталады. Әлімқұл молда қаланы қорғау кезінде ауыр жараланып, қаза табады да, қаланы қорғау басшылығын Сыздық сұлтан алады. Қала қорғаушыларының жаңқиярлық ерлігіне қарамастан, үш күндік шайқастан кейін, орыстар 1865 жылдың мамырында Ташкент қаласын алып, оны Ресей империясына қосады.

Сөйтіп генерал Черняев пен полковник Веревкиннің әскери жорықтары қазақ даласын Ресейге қосып алуды аяқтап, Орынбор мен Сырдария шептері қосылды. Шымкент пен Ташкенттің басып алынуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайды түп тамырымен өзгертіп, Ресей империясының пайдасына шешеді. Нәтижесінде бүкіл Сырдария аумағы патша өкіметінің отаршылдық саясатының арнасына түсті. Яғни, Ресей империясының өзіне Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанды қосып алуы, оның Қазақ даласын толық жаулап алуын аяқтады. Патша өкіметі болса отаршылдық саясатын одан әрі жүзеге асыра отырып, Сыр бойы қазақтарының тәуелсіздігін аяусыз жаныштап, өңірге отаршылдық-әкімшілік жүйесін орнатуға кіріседі.

1867 жылы 11 шілдеде Ресей патшасы Александр ІІ империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қояды. Осымен бір мезгілде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару ережесінің жобасы» бекітіледі. Ереже бойынша облыстар уездерге бөлінді. Орталығы Ташкент қаласы болған Сырдария облысының құрамына Қазалы, Перовский, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Ташкент, Ходжент, Жизақ, ал 1868 жылы жаңа қосылған жерлер есебінен орталығы Самарқан қаласы болған Зеравшан округі, 1873 жылы орталығы Петроалександровскі қаласы болған Әмудария бөлімі енгізіледі.

ХІХ ғасырдың 60-жылдарында бүкіл қазақ жерлерінің патшалық Ресейдің құрамына өтуі және онда империялық «тәртіптердің» орнауы оңтүстік өңірдегі жергілікті халықты отаршылдық жүйеге қарсы азаттық күреске итермеледі. Әсіресе, өз құқықтарының шектелгендігіне ақсүйектер жасырын түрде болса да наразылық көрсетіп отырды. Ал Кенесарының ұлы Сыздық төре болса патша өкіметіне қарсылығын ашық түрде жалғастыра берді. 1866 жылы 28 сәуірдегі № 1 форт бастығының Сырдария облысының әскери губернаторына жіберген мәліметі бойынша Сыр өңіріне келген Сыздық төре орыс әскерлерімен бірнеше рет қақтығыстарға түскен [33, 1-3 пп.].

Сыр өңірі Ресей империясының билігіне кіргенімен, Орталық Азияда тәуелсіздік үшін күрес тоқтаған жоқ-тұғын. Міне осы жағдай Сыр өңіріндегі халықтарды өздерімен бауырлас, діндес халықтардың көмегімен қайта өз жерлеріне ие болуға талпындырады. 1873 жылы Қоқан хандығындағы көтерілісшілердің өкілдері Сыр өңіріне келіп, өздеріне қосылуға үндеген.

ХІХ ғасырдың 80-90 жылдарында патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілген жергілікті халықтың стихиялы толқулардың соңы тарихта «Әндіжан көтерілісі» деген атпен Ферғанадағы 1898 жылғы азаттық көтеріліске ұласады. Әндіжан көтерілісі тікелей патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы бағытталып, көтеріліс Әндіжанды ғана емес, бүкіл Ферғана облысын шарпиды да, Сырдария облысындағы қазақтарға да жетіп, жергілікті халықтың толқуын тудырады. Жалпы алғанда Әндіжан көтерілісіне қатысқан 500-ден аса адам Сібірге айдалып, Әндіжанның түрмелеріне жабылған. Олардың 252-сі қазақтар болған [34, 58 п.]. Әндіжан көтерілісінен кейін де жергілікті халықтардың азаттық жолындағы күресі тоқтамады.



«ХХ ғасырдың бас кезіндегі Сыр өңіріндегі саяси жағдай және оның азаттық қозғалысқа тигізген әсері» атты екінші тарауда Сыр өңіріндегі азаттық күрестің түрік-мұсылмандық қозғалысқа тартылуы мен жергілікті халықтардың 1916 жылғы көтеріліске қатысуы және 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің өңірдегі азаттық күреске тигізген ықпалы зерттелінеді.

Патша өкіметі өңірге толық орнығып алғаннан кейін оны мәдени-рухани жағынан отарлау шараларын жүзеге асыруға кірісті. Мұндай жағдай Ресей империясындағы бүкіл мұсылман халықтарының наразылығын тудырып, отарлауға қарсылығын күшейтті. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына қарай пайда болған мұсылмандық қозғалыс патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарай жауап ретінде дүниеге келіп, бүкіл Ресей империясындағы ұлттық езгінің тауқыметін тартқан түрік тілдес мұсылман халықтарының саяси күштерін отаршылдыққа қарсы тұтас бір майданға біріктіру жолында қызмет жасады. Жалпы ресейлік деңгейде өткен бұл қозғалыстың негізін түрікшілдік және исламшылдық қорғанушылар идеологиясы атқарды. Міне осы кезеңнен бастап өздерін «жәдидтер» деп атаған жаңа идеологиялық мәдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс дүниеге келеді. Оның көрінісін ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласында ашылған жәдидтік ұйымдардың қызметінен көруге болады. Мұндай ұйымдардың бірі «Жамиғати мағариф» (Ағарту қоғамы) еді. Аталған ұйымның бөлімшелері Қазақстанның бірнеше қалаларында, соның ішінде Перовскіде ашылып, жұмыс жасады. Ол мектептер мен медреселерде оқитын қазақ жастарына жәрдем беріп, әр түрлі кітаптар шығарып, оны таратқан [35, 74 п.]. Түркістан өлкесіндегі түрікшілдік қозғалысының негізін қалауда Мүнәууар қари Абдурашидханов зор рөл атқарады. ХХ ғасырдың басында Мүнәууар қаридың әрекетін Абдулла Ауляни, Убайдолла Қожаев, Кәмілбек және Кәрімбек Нәрбековтер, Тасболат Нарботабеков және тағы басқа да жәдидтер қолдайды. Олар 1909 жылы тамызда Сырдария облысындағы материалдық және рухани көмекке мұқтаж мұсылмандарға қаржылай көмек көрсету мақсатында Ташкент қаласында «Көмек» мұсылмандар қоғамын құрып, сол жылы өз Жарғысын бекітеді. Жарғы бойынша қоғам Сырдария облысында өз бөлімшелерін ашады. Қоғамның құрылтайшыларына Ташқожа Тұяқбаев, Низан-Қары Молда Хусайнов, Молда Абдулла Авлянов, Мүнәууар қары Абдурашидханов, Баширулла және Асадулла Ходжаевтар кіреді [36, 69 п.]. Осы жәдидшілердің бастамасымен ХХ ғасырдың басында Сырдария облысында жаңа әдісті мектептер көптеп ашыла бастайды. Олардың арасында Әулиеата қаласында «Шамсие» мектебі, Қазалы қаласында «Хусаинов» татар мектебі, Перовскі қаласында ашылған «Шаги Ахмет Валиуллинов» атты жаңа әдісті мектеп және тағы басқа мектептер мұсылмандардың балаларына білім берген [37, 8-9 пп.]. Ал жалпы Сырдария облысында білім берген жәдидшіл мектептердің санына келетін болсақ, 1914 жылға дейін 16 жаңа әдісті мектеп жұмыс істеп, онда 1650 шәкірт білім алған. Атап айтсақ, Әулиеата қаласында 2 жаңа әдісті мектеп, Перовскіде 3 мектеп, Қазалы қаласында 3 мектеп, Шымкент қаласында 2 мектеп, Түркістан қаласында 1 жаңа әдісті мектеп болған.

1905 жылы 8 сәуірде Петербургте мұсылмандардың мәжілісі өтіп, жалпыресейлік мұсылмандар съезін тамыз айында Нижний-Новгород қаласында өткізу туралы шешім қабылдайды. 12 тамызда өткен жалпыресейлік мұсылман съезіне Түркістаннан, соның ішінде Сырдария облысынан, Сібірден, қазақ даласынан, Қырымнан, Кавказдан жіберілген өкілдер жиналып, барлығы 150-ден астам адамдар қатысады. Бұл съезде Ресей мұсылмандарының азаттық қозғалысын бір арнаға түсіруді көздеген саяси партия құру жөнінде шешім қабылданады. 1906 жылы 15-23 қаңтарда Петербургте өткен екінші жалпыресейлік мұсылман съезіне Бөкей Ордасынан М. Ысмағұлов, Семейден З. Құлаев, Сырдария облысынан И. Әбуов пен М. Оразаев, С. Лапин қатысқан [38, 17 п.].

Түрік-мұсылман қозғалысының келесі бір көтерілген сатысы Ресей империясының парламенті Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының қызметінен көрінді. ІІ Мемлекеттік Дума жұмысы кезінде Мұсылман фракциясын қазақ халқы өзінің бірден-бір сүйеніші ретінде бағалап, өздерінің талап-тілектерін осы фракцияға жолдап жатты. Әсіресе Сырдария облысы қазақтарының жер мәселесіне байланысты тілектері жеделхат арқылы Мұсылман фракциясына жіберілді. Өйткені Сырдария облысында жер мәселесі өте күрделі жағдайға жетіп, тым шиеленісті жағдайда жүрді.

1907 жылы 3 маусым күні патшаның жарлығымен ІІ Дума таратылады. Бұдан кейінгі кезеңде ІІІ және ІV Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясы мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды көздеген бірден-бір ұйымына айналып, мұсылмандық қозғалыстың ұйытқысы, бағыт беруші орталығы болды.

1914 жылы басталған бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс және оған Антанта одағының қатарында Россияның белсендi түрде қатысуы кезінде империяның боданы болған халықтардың өмірін тым ауырлатып жіберді.

1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша бүкiл Түркiстан өлкесi бойынша майдан тылының қара жұмыстарына реквизициялануға 220 мың адам алынуға тиiстi болды, олардың iшiнде Сырдария облысынан 60 мың адам шақырылады деп белгiлендi. Осы жарлықтан кейін сол жылдың шілде айының бас кезінде қазақ даласының барлық аймақтарында қазақтардың стихиялы наразылықтары басталып, көтеріліс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, аяғы қарулы күреске ұласып, ұлттық және саяси азаттықты ұран етіп көтереді.

Сырдария облысында көтерiлiс алғашқы рет Ходжент қаласындағы еңбекшiлердiң бой көрсетуiмен 1916 жылы 4 шiлде күнi басталды. Ходженттiктер «қандай сылтаулар болса да жұмысшыларды бермей, кажет болса, туған жерде өлу» деген ұрандар көтердi [39, 10-12 пп.].

Ходжентте басталған көтерiлiс алдымен Түркiстан өлкесiнiң Ферғана жазығына, одан кейiн Жетiсу облысына ауысты. Сырдария облысының орталығы Ташкент қаласында 1916 жылғы 11 шiлдеде басталған көтеріліс, Ходженттегi сияқты қарулы көтерiлiске ұласты. Ташкенттегі жағдайдың ушыққаны соншалық, қаланың бірнеше аудандарында ашық түрде патша әскерімен арада шайқастар өтеді. Бiраз күннен кейiн көтерiлiс ауылды-селолы аймақтарға ауысады. Ресми мәлiметтер бойынша 18 шiлдеге дейiн көтерiлiс Сырдария облысының 50-ден астам елдi мекендерiн қамтыды. Әсіресе Әулиеата уезi облыстағы көтерiлiстiң ең басты ошағына айналады. Өкiмет органдарының есебi бойынша Әулиеата уезiнен майданның қара жұмыстарына 22675 адам алынуға тиiс едi. Тамыз айының соңына дейiн олардан жиналу пункттерiне үш мыңға жуығы ғана келдi, ал қалғандары майдан шебiндегi қара жұмыстарға барудан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, азаттық көтерiлiске шықты.

Әулиеата көтерiлiсiне Ташкенттегі оқуын аяқтап, Меркеге келген Тұрар Рысқұловта тiкелей қатысты. Ол көтерiлiстiң стихиялық наразылық бiлдiру сияқты бастапқы кезеңiнде патша жарлығына қарсы шыққандардың iс- әрекеттерiн үйлестiрiп, қозғалысқа ұйымдасқан түр беруге бағытталған бiраз жұмыстар атқарды.

Әулиеата уезiнде жеңiлiс тапқан көтерiлiсшiлердiң бiр бөлiгi Бетпақ дала арқылы Торғай облысындағы Әбдiғаппар хан бастаған көтерілісшілерге қосылады. Сол сияқты ұлт-азаттық қозғалысқа көтерiлген Қазалы мен Перовск уезiнiң, Черняев пен Әулиеата уездерiнiң солтүстiк бөлiгiн мекендейтiн қазақтары Торғай ауданына өтеді. Сырдария облысындағы көтерiлiстiң негiзгi орталығы болған Әулиеата уезiнiң жекелеген аймақтарындағы ошақтарының бiр-бiрiмен байланысы нашар болып, егерде көтеріліс бiр жерде жаңадан басталып жатса, екiншi жерде жазалаушы отрядтардан жеңiлiс тауып жатты. Әулиеаталықтардың көршiлес Жетiсу облысындағы, сол сияқты жапсарлас жатқан Ташкент уезiндегi көтерiлiсшiлерімен де байланыстары нашар болды.

Сырдария облысындағы көтерiлiс 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыстың құрамдас бөлiгi болды. Ол патша өкiметiнiң беделiне айтарлықтай нұқсан келтiрiп, отаршыл метрополияның шаңырағын шайқалтуға өз үлесiн қосты, халықтың отаршыларға, ең алдымен олардың символы – патша өкiметiне деген өте күштi өшпендiлiк туғызды, іс жүзiнде патша өкiметi белгiлеген майданның қара жұмыстарына баруға тиiстi жоспарланған 220 мың адамның 123 мыңы ғана алынды, ал көтерiлiстiң жалауы биiгiрек желбiреген Әулиеата уезiнiң тыл жұмысына алынуға жоспарланған 22676 адамнан, өкiмет құрығына екi мыңнан астам ғана кiсi iлiндi.

Бірінші дүниежүзілік соғыс патшалық Ресейдің әлеуметтік, экономикалық және саяси қайшылықтарды одан әрі шиеленістіріп, нәтижесінде халық төңкеріске шығып, 1917 жылдың ақпан айында патшаны тақтан құлатады. Патша өкiметiнiң тақтан құлап, елде республикалық саяси жүйенiң қалыптаса бастауына күллi империя халқының басым көпшiлiгi, соның ішінде қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алады.

Бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ даласында да Уақытша үкіметтің билік орындары алғашқы кезеңде Азаматтық комитеттер есебінде пайда болды. Азаматтық комиттермен бірге стихиялы түрде облыстық және уездік деңгейде Қазақ азаматтық Комиттері қалыптаса бастайды. Қазақ комитеттерінің құрылуы ұлт-азаттық қозғалыстың Ақпан революциясынан кейінгі кезеңдегі дамуының нәтижесіне айналды.

Түркістан өлкесінде Уақытша Үкіметтің басқару-әкімшілік орындарын тездетіп құру мақсатында 1917 жылдың 9-16 сәуір аралығында Ташкентте Түркістан өлкелік (соның ішінде Сырдария облысы бар) атқару комитеттері делегаттарының съезі шақырылады. Съезге Түркістан өлкесі облыстары мен Бұқара хандығы атқару комитеттерінің 171 делегатты қатысып, оның қатарларында Г. Бройдо, М. Бекбуди, Ғ. Ходжаев, С. Лапин сияқты белгілі қайраткерлер бар съезд делегаттары көп ұлтты өлкенің демократиялық мемлекетке өтуінің күрделі мәселелерін қарастырады [18, 90 б.].

Қазақ комитеттерi сөз жүзiнде Уакытша үкiметтi қолдағанымен, оның барлық iс-әрекетi ұлттық мүдделерге қызмет еттi. Мұстафа Шоқай Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң құрамына енгiзiлдi. Сырдария облысында ұлттық комитеттерді құру аса қиын жағдайда жүрді. Өлке орталығында қалыптасқан осындай саяси жағдайда (белгiлi дережеде соған жауап ретiнде) жергiлiктi халықтардың саясатқа белсендi түрде араласа бастаған өкiлдерi екi саяси ұйым құрды. Олардың бiрiншiсi қоғамдық-саяси өмiр мәселелерiне белгiлi дережеде консервативтiк бағыт ұстаған «Ғұламалар одағы» (Улема жаннаты) болса, екiншiсi қоғамды буржуазиялық демократиялы тұрғыда өзгертуге бейiм тұрған «Ислам кеңесi» едi.

1917 жылы наурыз айында осы екi ұйым Ташкент қаласында Түркiстанның мұсылмандар конгресiн шақырды. Ал бұл конгресс өз кезегiнде Түркiстан мұсылмандарының орталық комитетiн сайлады. 1917 жылы сәуiр айында Петроградтан Түркiстанға оралған Мұстафа Шоқай «Ұлттық орталықтың» төрағалығына сайланып, оның құрамына Түркiстан өлкесiнiң Мұхаметжан Тынышбаев, Ораз Сардар сияқты белгiлi қайраткерлерi енгiзiлдi.

1917 жылғы сәуір-мамыр айларында өткізілген облыстық және уездік қазақ съездері, сол уақытқа орай ұлттық комитеттер жүйесін құрады. 1917 жылы сәуірде Торғай облысы қазақтарының съезі өтіп, оған Сырдария облысынан М. Шоқай, Минуар Қари, Әбдусәме Қары, Сарықұл Аллабергенұлы мен Ә. Басығарин қатысады [40, 10 б.].

1917 жылдың 2-5 тамыз аралығында Ташкентте Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезі болып өтеді. Съезге Түркістан аймағындағы барлық аудандардан арнайы сайланып келген уәкілдер және арнайы шақырылмағандар да қатысады. Осы съезде «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыздардың орталық Кеңесі» құрылады. Сонымен бірге съезде Сырдария облысының орталық атқару кеңесі құрылып, оған мүшелікке С. Өтегенов, Ә. Көтібаров, И. Қасымов, А. Тоқтыбаев, Т. Рысқұлов және С. Қожанов кіріп, бірорталыққа біріккен «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыз атқару Кеңестерінің» жұмысын үйлестіруді Сырдария облыстық қазақ атқару Кеңесіне жүктейді. Түркістан бірорталыққа біріккен қазақ-қырғыз Кеңесінің төрағалық міндетін алғашқыда Ибраһим Қасымов, хатшылық қызметін Тұрар Рысқұлов атқарса, кейін төрағалық міндеті Ә. Көтібаровқа өтеді. Ал М. Шоқай осы Кеңестің құрметті төрағасы болып сайланып, оның жалпы жұмысына басшылық жасайды. Осы съезде қабылданған қаулыда «Түркістан аймағында қазақ-қырғыз Кеңесі ашылсын. Ал қазақ-қырғыз Кеңестері жоқ облыстарда тездеп облыстық қазақ кеңестері құрылсын», - делінеді [41, 208-209 пп.].

1917 жылдың екінші жартысында барлық қазақ облыстары секілді Сырдария облысында да қоғамдық-саяси өмір шиеленісіп, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем ауырлап кетті.

Қыркүйек айының ортасында Ташкент қаласында болған саяси жағдай Түркістанның барлық аймақтарындағы саяси жағдайға өз ықпалын тигізді. Өлкеде большевиктер мен солшыл-революционерлердің ықпалы күшейіп, саяси билік біртіндеп Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінен кете бастады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет