Сарузенова Айгерім Әбдіқадырқызы Нарық жағдайында этностық құндылықтар арқылы студенттерді отбасылық өмірге психологиялық дайындау


ІІ.2 Нарық жағдайындағы отбасылық шиеленістердің туындауының психологиялық мәселелері



бет4/7
Дата13.06.2016
өлшемі0.97 Mb.
#134073
1   2   3   4   5   6   7

ІІ.2 Нарық жағдайындағы отбасылық шиеленістердің туындауының психологиялық мәселелері
Бүгінгі таңдағы қарқынды да ауқымды өзгерістер кезеңі қоғам өмірінің барлық саласын жан-жақты қамту үстінде болып отыр. Сол себепті қалыптасып жатқан құрылымды мүлдем жаңартып, зерттеу және сегменттеу-әлеуметтік және рухани дамуға жол ашатын демократиялық қоғам құруға сай зерттеу және сегменттеуін нарықты қатынастарға көшіру міндеті тұр.

Қоғамдағы ғылыми-техникалық және экономикалық прогресс индивидтің өмір сүру жағдайына өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Осы орайда, отбасылық өмір салтына нарықтық қатынастар да өзінің ықпалын тигізіп отырғаны белгілі. Себебі, отбасылық қарым-қатынастағы дағдарыстар мен тұлғааралық шиеленістер осы экономикалық жағдайлардан туындап отырғанын біз өмір барысында куә болып жүрміз. Сондықтан, жастарды отбасылық өмірге деген көзқарастарының қалыптасуында нарықтық экономиканың әсері басым болуы көрініс беріп жүр. Біз зерттеу жұмысымыздың эксперименттік бөлімінде отбасылық құндылықтарды анықтауды жоспарлап отырмыз. Отбасылық құндылықтарды этностық тұрғыда негіздеу арқылы жастардың болашағын құрудағы басты түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын іздестіруді міндет етіп қойып отырмыз.

Қоғамдағы болып жатқан түбегейлі бетбұрыстарға тұлғаның бейімделуі үйлесімді дамудың қайнар көзі болып табылатыны сөзсіз. Жастардың отбасылық өмірге бейімделу оның беріктігінің негізі болары айтпаса түсінікті болуы тиіс. Ең алдымен біз бейімділік ұғымына талдау жасап көрелік.

Биологиялық



Психологиялық





2-сурет. Тұлғаның бейімделу процесінің деңгейлері
«Бейімділік» терминін кең мағынада қоршаған ортадағы жағдайларға қабілеттенуі ретінде түсіндіріп жүрген зерттеулер көптің қасы. Бұл жерде әлеуметтік бейімділіктің мынадай нақты биоәлеуметтік функцияларын көрсетуге болады: қоршаған шындықты және өз ағзасын адекватты қабылдау; бос уақытын және демалысын ұйымдастыруға, оқуға, еңбекке қабілеттілік, отбасы және ұжымда өзіне қызмет етуге және өзара қызмет етуге қабілеттілік; басқалардың рөлдік күтулерімен сәйкестікте тәртіптің өзгермелілігі (бейімділік) орындау мүмкіндігін көрсететін жағдайының интегративті көрсеткіші. Осыған орай іс-жүзінде, жоғарыда айтылғандардың барлығын неке-отбасылық өмір бейімділігіне жатқызуға болады.

Тұлғаның психологиялық бейімделуі социумның құндылықтарын және мөлшерлерді меңгеру жолымен жүзеге асырылып отырады. Оның негізгі көріністерінің бірі өзара әрекет болып табылады. Оның ішінде тұлғаның қоршаған адамдармен қатынасы және белсенділігі жатады.

Жоғарыда айтылған компоненттер отбасына бейімделуі қатарына жатады. Тұлғаның отбасы өмірімен танысуы оған біртіндеп үйренісу процесінен бастау алады. Дәл осы кезең басқаларына қарағанда ерекше қиындыққа толы болып саналады. Өйткені, оған қарым-қатынас пен іс-әрекеттің қайта құрылуы ғана емес, жас ерлі-зайыптылардың жеке бас ерекшеліктері мен өзгерістері, қажеттілік-мотивациялық аймағының қайта құрылуы, сана-сезімнің жаңа деңгейінің қалыптасуы және әлеуметтік ортамен жаңа байланыстары енгізіледі.

Отбасылық өмірдің негізі болып табылатын некеге дейін жастарда белгілі бір өзіндік қалыптасулардың көрінісі, яғни, «Мен бейнесі» болады. Өмір барысында байқап жүргендей некеге отырғаннан кейін ерлі-зайыптыларда бұрынғысынша өмір сүруге мүмкіндіктері болмағандықтан отбасылық өмір жағдайының тұрақсыздығы мен қанағаттанбаушылығы күшейе бастайды. Дегенмен, тұлға отбасылық өмір сүру барысының басынан бастап-ақ, оның Мен-і жүзеге асады да, рефлексивті Мен күрделенеді және дифференцияланады. Осы арқылы жаңа, әрі күрделенген және жеткілікті тұрақты бейне жасау мақсатында тұлғаішілік қайшылықтарды анықтау жұмысы жүргізеді.

Кеңес ғалымы Е.С. Калмыкованың еңбектерінде отбасылық өмір сүрудің алғашқы жылдағы мәселесі айтыла келе, оның бастапқы екі жылында қарым-қатынастың жеке стереотиптерінің қалыптасатындығы, құндылықтар жүйесінің сәйкестендірілетіні және жалпы тәртіптік бағыттарды өңдеу уақыты екендігі баса көрсетіледі [106]. Аталмыш ғалым бұл кезеңде ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынас түрін іздестіреді. Бұл кезеңде келесі міндеттер шешіледі:


  • отбасының құрылымдық қалыптасуы;

  • ерлі-зайыптылар арасындағы функцияларды (рөлдерді) белгілеу;

  • жалпы отбасылық құндылықтарды табу және өңдеу.

Зерттеушілер В.П. Левкович және О.Э. Зуськовалар өз еңбектерінде ерлі-зайыптылық шиеленістердің пайда болуында серіктердің некеде тұру кезіндегі қалыптасқан күтулер мен үміттер маңызды орынға ие екендігін атап көрсетті [107]. Жоғары деңгейдегі күтулер жас ерлі-зайыптылардің бір-біріне қатынасына тән. Отбасылық өмірдегі бұл күтулер шындыққа сәйкес келмеген жағдайда шиеленіске, тіпті дағдарысқа негіз болады.

Көп жағдайда некеге тұрған жастар үшін отбасылық өмірдің кейбір дәріптеушіліктері тән болып келеді. Осы орайда, бұл жерде мәселе жастардың отбасылық өмірден ең алдымен, рухани өсуде және өзіндік жетілдіруде өз қажеттіліктерін қанағаттандыруды күтетіндігінде болып отыр. Сонымен қатар, материалдық қажеттіліктерді қамтамасыз етіп отыру және оны қанағаттандыру соңғы орынға ие болатынын көрсететін тұжырымдар да жоқ емес.

Тұрақсыз отбасылық өмірге бейімделу кезеңінде оның жеке аймақтарында материалдық қажеттіліктердің келісімсіздігі орын алады, мәселен, қалыпты жұптарда бұл маңызды емес болса, ал, тұрақсыздық орын алған жағдайда өте маңызды болып саналады. Мұндай жағдайдың маңызсыздығы орын алған жағдайда айырмашылықтар қалыпты жұптарға тән қарым-қатынастың бір-біріне ықпалды әсеріне, жетілуіне және бірте-бірте дамуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жас отбасылар тұрақты білімдерге ие болмағандықтан жұбайына деген күшті позитивті сияқты негативті сезімдер де болады. Сондықтан көптеген отбасылар үшін тәртіптегі және сезімдегі мұқтаждықтар тән болып табылады. Осы орайда, зерттеушілердің көпшілігі некеге тұрғаннан кейін біраз уақыттан соң әсіресе жас ерлі-зайыптыларда сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін оған деген қанағаттану сезімі жоғарылай бастайды.

Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында ерлі-зайыптылардың топтық байланысы жаңа отбасылық топтың жаңа байланысының жасалуына кедергі келтірген уақытта «отбасылық рулық шиеленіс» сирек кездесетіні анық.

Кеңес ғалымы Н.Н. Обозов өзінің монографиясында отбасындағы өзара тұлғааралық қарым-қатынастың гностикалық компонентін көрсететін зерттеу әтижелерін келтіреді [108]. Сонымен қатар, бірнеше ғалымдар, атап кететін болсақ, Н. Абакумова, И. Садикова, С. Хитрина өз зерттеулерінде, 3-5 жыл бірге тұрған жастардың 19 жұбын (некеге тұруға арыз жазғандар) және 13 ерлі-зайыпты жұптарды салыстырған зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеу нәтижесінде жастардың тұлғалық кескіндерінің сәйкестігі, бірнеше уақыт бірге тұрған ерлі-зайыптылардың тұлғалық сәйкестігіне қарағанда төмен екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, өз жұбын қабылдау адекваттылығы ерлерде де, әйелдерде де бірдей, дегенмен, ерлі-зайыпты жұптарда жастарға қарағанда жоғары нәтижені көрсеткен.

Зерттеуіміздің өзегі болып отырған мәселе- отбасы-некелік өмірдің қызметін саралай келе ғалымдар олардың негізгі түрлерін бөліп көрсетті. Отбасы-некелік өмір функциясының ең бастыларының бірі жыныстық қарым-қатынас болып табылады. Ресейлік философияда мынадай тұжырымды кездестіруге болады: «Адам махаббатының мәні жайлы айтқанда ақталу мен өзімшілдікті құрбан ету арқылы өзіндік қасиет қалыптастыруға болады. Махаббат біздің сезімдеріміздің бірі есебінде емес, біздің барлық өмірлік мүддемізді өзімізден өзгеге көшіру, біздің жеке өміріміздің орталығын алмастыру ретінде маңызды болып табылады. Бұл әртүрлі махаббатқа тән, көбінесе жыныстық, оның басқа түрінен жоғары қарқындылығымен, тартымдылығымен, толық және жан-жақты жекелігімен ерекшеленеді; көп жағдайда тек осы махаббат ғана екі адамның өмірде бірге болуына, шынайы және берік некенің қалыптасуына негіз болып келеді». Орыс философиясының жоғарыда айтылып өткен бұл ойымен келіспеуге болмайды. Өйткені, жыныстық қарым-қатынас тарихи тұрғыда қарағанда отбасы институтынан анағұрлым ауқымды болып табылады. Жалпы алғанда жыныстық қарым-қатынас пен оның қызметінің бір-бірінен айырмашылықтары бар. Жыныстық қызмет эволюциясы процесінде отбасы және неке өмірі қатар өзгереді. Осы орайдағы, құлдық отбасындағы жыныстық қызмет, мәселен, қазіргі таңдағы орта отбасындағы жыныстық қызметтен өзгешерек болады. Бұл жағдайда есте болатын нәрсе жұбайлардың арасындағы жыныстық қарым-қатынастағы қанағаттану немесе қанағаттанбау құлдық отбасы үшін қазіргі таңдағыға қарағанда мәні мен мағынасы азырақ келеді.

Кеңестік психологиядағы ғылыми әдебиеттерді талдау негізінде бізге отбасын зерттеудің негізгі бағыттарын төмендегідей белгілеуге мүмкіндік алдық.






3-сурет. Кеңестік педагогика мен психологиядағы отбасын зерттеудің негізгі бағыттары


Отбасындағы жұбайлар арасындағы орын алып отырған мұндай жағдайлар қоғамдағы белгілі бір экономикалық және әлеуметтік себептерге де байланысты болып есептелінеді. Дегенмен, ең бастысы, бұл қызметтің әрбір тарихи кезеңдерде отбасының басқа әлеуметтік қызметтерінің маңыздылық иерархиясында әртүрлі орын алуында болып табылады. Егер де отбасындағы жыныстық қарым-қатынастың эволюциясын байқайтын болсақ, бұл қызмет аясында маңызды тарихи кезеңдермен салыстырғанда дәл осы уақытта отбасындағы өмірде барынша маңыздылықтың жоғары қасиетіне жетті. Адамзат баласының жыныстық сезімінің жануарлар әлемінен айырмашылықтарының бірі жай биологиялық және биопсихологиялық сезім еместігінде болып табылады. Сондықтан отбасылық және некелік өмір бақыты ақылдылық, көңілділік және жыныстық бейімделуге тікелей байланысты болып саналады.

Шетелдік психолог В. Франклдің пікірінше адамның жыныстық қатынасы жай жыныстық қатынастан тереңірек болып саналады. Аталмыш ғалым жыныстық қатынас адамдық деңгейде қандай болса, сондай дәрежеде одан тыс жекелік қарым-қатынастың сақтаушысы болады [109].

Отбасындағы жыныстық қарым-қатыныс қызметінің мағынасын келесі тармақтарға бөліп көрсетуге болады:

  • релакция құралы, жыныстық қозуды бәсеңдету;

  • прокреация құралы (бала туу) ретінде процессті білдіреді.

Бұл жағдайды міндетті түрде өзі сынап көреді де, бұл туралы көп ойланады, проблемаларын, дағдарыстарымен және қиыншылықтарымен танысады.

Шын мәнісінде адам өміріндегі жыныстық қатынастың жүріс-тұрыстық белгілеріне мыналар жатады: 1-ден, оның қоғамдық тәуелділігі; 2-ден, оның жеке басының тәуелділігі; 3-ден, оның санаға және психикаға қатынасы; 4-ден, оның серігіне қатынасы.

Жыныстық қарым-қатынастық қызметті отбасы мен неке туралы ғылыми әдебиетттерде биологиялық құбылыстарға жатқызу қабылданған. Дегенмен, жеке отбасындағы жыныстық қарым-қатынас қызметін толық қарастыратын болсақ, бұл биологиялық ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қызмет болып есептелінеді. Осы орайда, мұны отбасындағы басқа әлеуметтік қызметтермен қатар қоюға құқық береді деген қорытынды мен нақты шешім жасауға болады. Осыдан, отбасы қызметтерінің иерархиясын жасауға мүмкіндік болса, онда жыныстық қарым-қатынастағы қызмет онда басты орын алуы әбден мүмкін. Себебі, неке және отбасы мәселесі ер адам мен әйел арасындағы жыныстық қарым-қатынастың негізінде жасалатыны анық. Атап айтқанда, қарым-қатынастардың бар болуы отбасына сәби әкелумен, яғни адамзатты ұдайы өндірумен және өсірумен айналысуға жоғары деңгейдегі мүмкіндіктерді береді. Айтылған мүмкіндіктердің соңғысы өз кезегінде балалар жөнінде отбасының тәрбиелік қызметін атқара отырып, оны анықтайды және т.б. Егер, отбасындағы жыныстық қарым-қатынастағы қызметтің қоғамдық және жекелік ерекшеліктерін зерттеп қарастырсақ, ең бірінші жағдайда жыныстық бақылауды жүзеге асырса, ал екіншісінде адамның жыныстық қажеттілігін қанағаттандыру болып саналады.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, жұбайлардың жыныстық қарым-қатынасы өміріндегі үйлесімсіздік, келіспеушілік, некенің беріктігіне кері әсерін тигізуде деген пікірлер ұсынып жүр [110]. Бұл мәселенің ең басты себебі, көп жағдайда махаббаттың түбіне жетушілік және отбасындағы дағдарыстың қайнар көзі болып саналатын жыныстық сауатсыздық болып табылады. Қазіргі таңда әйел адамдарда көптеп кездесетін жүйке ауруларының себебіде осында жатыр десек қателеспеген болар едік. Әлеуметтанушы С.И. Голод осы жағдайды зерттей келе қызық, әрі назарға алуды қажет ететін нәтижелер алды [111]. Осы орайда ол әйелдердің үш тобын зерттеді: өзінің жұбайлық өміріне риза, жартылай риза және жартылай риза емес, мүлдем риза емес топтарын зерттеп шықты. Өмірдегі өзінің жұбайлығына риза әйелдерге махаббат пен жыныс қатынасы достық сипатта болса, бұл топтағы әйелдердің оннан тоғызы махаббаттан табиғи тәндік және жандық қанағаттанушылық алады, ал оннан бірі оған енжар қатынас танытады. Жартылай риза еместерде психологиялық сезім жартылай сөнген болып есептелінеді, сондықтан да тәндік сезімді күшейтуші рөлін мүлдем атқармайды.

Бұл зерттеу нәтижесінде әйелдердің тек оннан үші ғана ләззат ала алатындығы анықталған. Ал, келесі зерттеу нәтижесіндегі жұбайлыққа риза емес әйелдердің жағдайы тіптіде нашар деуге тұрарлықтай болып табылады. Мұнда тәндік, жандық ләззат алу сезімдері арасында ынтымақтастық жоқ, тек ғана жауластық сипат бар. Сонымен қатар, психологиялық ауыртпалық тәндік қуаныштан шегеріп тасталатындай, оларды нөлге дейін төмен түсіріп келетіндігі анықталған. Зерттеу нәтижесінің бұл түрі некеге риза еместердің ешқайсысы да тәндік махаббаттан табиғи рахатты бастан кешірмейді. Әрбір екінші әйел тәндік, жандық жақындықтан өзін ауыр сезінуі басты қобалжуларына жатады. Яғни, табиғат бойынша шамалағаннан да төменгі қарама-қарсылықты бастан кешеді. Осы орайда, сөз жоқ отбасының жыныстық қарым-қатынасы қызметінің маңыздылығы туралы сөз қозғауға болады. Себебі бұның бұзылуы өмірлік жағдайлардың қалыптылығына қауіп төндіреді. Демек, жыныстық қызмет пен қарым-қатынас көбінесе отбасының маңызды біріктіргіш негізі бола алатыны анық. Осы орайда, отбасының қызметін зерттеуші ғалым С. И. Голодтың тұжырымдамасы бойынша, отбасының негізгі қызметінің бірі — репродуктивтік қызмет болып саналады. Мұның мәні ұдайы өндіру, яғни, дүниеге сәби әкелу, адамзат тіршілігінің жалғасуы болып табылады [111, 14б.]. Отбасының репродуктивтік қызметінде біз адамзат табиғатындағы қалыптасқан әлеуметтік және отбасының басқа да қызметтерімен аз байланысқан жағдайын айтамыз.

Отбасының репродуктивтік қызметі өзіне тән онда болып жатқан барлық қызметтерінің бөлшектерін қосып алады да, отбасы-некелік өмірдің негізінде халықтың сандық ғана емес, сондай-ақ сапалық та ұдайы өндіруге қатысып отыратыны анық. Бұл қызмет бәрінен бұрын жаңа ұрпақты тәрбиелеумен, бар өмірінен адамзат жинаған дайын тәжірибені оған берумен, оның құлықтық және ағзаның саулығы туралы қамқорлықпен байланыстырып отырады.

Қазіргі таңда отбасының репродуктивтік қызметінің эволюциялық процесін басқада тарихи кезеңдермен салыстырғанда өзгелерінің ішінде мағынасы мен маңыздылығы бойынша өзінің позициясын едәуір жоғалтқандығын ерекше ескерте кету керек. Қазіргі қоғамда болып отырған жағдай осы қызметте отбасының аз балалық типіне ауысудың тұрақты процесі байқалғандықтан, кейінгі уақытта, басқада қызметке қарағанда басты назарда болуында болып табылады. Ертеректе біздің елімізде көпбалалы отбасы типі өте кең таралған еді. Репродуктивтіліктік қызметке байланысты шиеленістер ұрпақ жалғастыру жағдайына байланысты туындайды.

Қазіргі таңда отбасылық өмір жағдайының бәрі түбегейлі өзгерді. Әрбір отбасылардың көпшілігінде бір баладан бар немесе тіпті бір балада жоқ. Үш немесе төрт баласы бар отбасылардың саны едәуір азайды. Осы орайда, ғалым С. И. Голод баласы жоқ жұбайлардың отбасылық өмірінде үштен бірінде сәби сүю, оны дүниеге әкелу жұбайлыққа кедергі болады деп санайды [111, 24б.]. Әйел адамның өндірістегі жұмысбастылығы, жоғары көп қажеттілік, өмірдегі орташа күн көріс минимумы жұбайлардың отбасылық өмірде бір баламен шектелуіне алып келеді. Қазақ халықының өсуі үшін отбасында 2—3 бала болу шарт. Бүгін күні қоғам осы жағдайға мүдделі болып отыр. Халықтың ұдайы өсу процесі осындай шарттарды қажет етуде.

Отбасының тәрбиелік қызметі өзіндік тепе-теңдікті сақтауды қажет ететін іштей қарама-қайшылықты процесс болып табылады. Басқалай алғанда тәрбие қызметі тұлғаның қоғам және жақындары алдындағы белгілі бір жауапкершілікті сезінетін азат және үйлесімді тұлғаны тәрбиелеу керек. Дегенмен, отбасы жағдайындағы тәрбиелік процесс әрдайым прогрессивті бола алмайды. Осы орайда, оның ыдырауы да әбден мүмкін. Бұл айтылғандардың бәрі оның сапалы бағыттылығына байланысты болады.

Адамзат баласы туылған сәттен бастап өмірінің соңына дейін отбасының әсерін байқай отырып, оны бақылап көреді. Демек, отбасының тұрақтылығы оның балаларда қалыптасатын тәрбиелік әсерінің басты ерекшелігі болады. Осыған орай, ата-ананың отбасының тәрбиелік қызметін жүзеге асыруында баланың тіршілік әрекетінің көптеп кездесуі сөзсіз көрінеді. Яғни, бұл тұрғыда отбасы жағдайы бірінші кезекте болса да, ешбір тәрбиелік институттарға тең келе алмайтыны сөзсіз. Осы орайда, отбасының тәрбиелік қызметі ата-ана мен балалардың қарым-қатынасындағы өзара махаббатынсыз мүмкін емес екендігі байқалады. Себебі, мұнда көбінесе отбасынан тыс тәрбие қызметінен айырмашылығы оның сезімдік сипатының бар болуында екені сөзсіз. Яғни, жынысы, жасы, кәсіптік әрекеті әртүрлі отбасының мүшелері балаға өздерінің қабілетін толығырақ көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда отбасының тәрбиелік қызметі осы әлеуметтік институттың маңызды бөліктерінің бірі болып есептелінеді. Себебі, отбасы өмірі жеке басты әлеуметтендіру, оны белгілі бір ортада және әлеуметтік қоғамда өмір сүруге әзірлеу, ондағы қабілеттерді дамыту және өмірде болатын құбылыстарында өзін көрсетуге деген құлшынысын аттырудан басқа баланың болашақ отбасылық өміріне қатысты мұратын қалыптастырудағы белсенді факторлардың бірі болып табылады. Мұндай мұраттардың қалыптасуында ата-ананың ықпалы орасан зор рөл атқарады: олардың өмірге деген жоспары мен мақсаты, ата-ананың құлықтылық мәдениеті, парасаттылық әлеуеті, жекелік отбасылық дәстүрлері, яғни шағын орта, үйдегі қарым- қатынас, ондағы болып жатқан құбылыстар тұлғаның дамуында шешуші қызметке ие болып келеді. Мұнда отбасы әлеуметтік қарым- қатынастың барлық аспектілерін жинақтайды.

Қазіргі таңда жастарды отбасылық өмірге дайындау мазмұны ретінде алынатын мәселелердің бірі отбасының экономикалық қызметі болып есептеледі. Отбасын экономикалық немесе шаруашылық-тұтынушылық қызметі қоғамның ұясы ретінде анықтап көрсетеді. Бүгінгі күні өндірістер отбасы жағдайынан сыртқы орынға ауыстырылды. Қазіргі қоғамда материалды құндылықтырды жасау үшін тек отбасымен ғана шұғылдану міндетті болып табылмайды. Әрбір отбасы мүшесі оның материалды және рухани құндылықтарын дамытуға үлес қосады.

Қазіргі заманда отбасылық өмірдің экономикалық қызметі отбасылық қарым-қатынастың әртүрлі аспектілерін қарастырады, яғни, үй шаруашылығымен айналысу, отбасындағы болып жатқан жағдайларды бақылау, басқару және отбасына керек қаражатын орнына келтіру, сонымен қатар, отбасылық бау-бақ шаруашылығының және қосалқы шаруашылықтың дамуы жүзеге асырылады. Осының бәрі материалдық шығынды және игілікті өндіруге, сонымен қатар, отбасы молшылығын жақсартуға елеулі үлес қоса отырып, отбасына қажетті заттармен қамтамасыз етеді де оның тәрбиелік әлеуетін кеңейтеді. Отбасындағы экономикалық қызмет әлеуметтендіруде өте маңызды рөл атқарады. Осыған орай, бала отбасында алғашқы еңбек дағдысына үйренеді: үй шаруашылығында ересектерге көмектеседі, үлкендердің сөздерімен жүреді, өзіне қызмет етеді бастайды және т.б. Отбасылық ұжымның өзара қарым-қатынасының әсеріне байланысты экономикалық қызмет екі жақты болуы мүмкін: отбасындағы өмірдің үй міндеттерін жұбайлардың, ересектердің және жастардың арасында әділ болуы болса, онда көбінесе, олардың қарым-қатынасының нығаюына байланысты балаларды құлықтық және еңбекке тәрбиелеуге жағдай жасайды. Дегенмен, отбасында үй шаруашылығындағы міндеттер әділетсіз бөлінген жағдайда және олар негізінен әйелге жүктелгенде, еркек “патриарх” рөлінде болса, ондағы балалар тұтынушылар рөлінде болады, онда сөз жоқ, мұндай жағдай да кері ықпалын тигізуі әбден мүмкін. Осыған орай, отбасы билігінің құрылымы баланың әлеуметтенуіне және отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа әсер ететінін байқау қажет екендігі көрінеді.

Қазіргі таңда қоғамда әкенің ғана емес, сонымен қатар ананың да үлкен беделі бар екендігі айқын. Бұл жағдайда былай түсіндіруге болады: бәрімізге белгілі әке негізінен үйден тыс жұмыс істейді, осыдан келе барлық үйдегі шаруашылық ананың мойнында болады, яғни, бұл мәселе үйдегі және өндірістегі еңбекті ұштастырады. Осы мәселе жағымсыз салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені, әйел адамға көп міндет жүктеледі де, бала тәрбиесінде және отбасындағы психологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына алып келеді. Бұл жағдай әсіресе, ер балалар үшін өте зиянды жақтарымен әсер етеді. Әрбір отбасы мүшелері үй шаруашылығын басқару теңдігіне бірдей атсалысып ұмтылыс жасауы қажет. Әсіресе мұнда жұбайлардың теңдігі үлгі болу керек: қай мәселе болмасын әйел жетік болса, сондағы біріншілік осыған байланысты болады, басқа да жағдайда шешуші дауыс құқығы еркекте болуы тиіс. Жоғарғы сынып оқушыларының отбасылық өмірге дайындаудағы танымдық қызмет атқаратын мәліметтердің біріне отбасындағы өмірдің реттеушілік қызметі жатады. Осы қызмет аясында отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас пен сыйластықты реттеуді өзіне ала отырып, отбасындағы басшылық типін анықтау міндетіне ие болады. Отбасында басшы материалдық қажеттілікпен қамтылуымен қатар ұрпағының тәлім-тәрбиесі үшін міндеттеменің жауапкершілігін өзіне алады. Отбасында ата-ананы тыңдамағаны үшін баласын жазалау, тәрбиесін түзетіп отыру және сөйлесетін ортасымен тікелей байланыста болуы сияқты басқа да шараларды қолдану көзделіп келеді. Айта кетсек кейбір көне өркениеттерде отбасы ішіндегі өмірді реттеуші ретінде көбінесе еркектердің мүддесін қорғайтын құқық бар екендігі анық.

Қазіргі таңда отбасы өміріндегі реттеушілік қызмет атқаратын моральдық ереженің басты көрсеткіші ретінде оның мүшелерінің жекелік және бірінші кезекте ата-ананың өз балалары алдындағы беделінің көмегімен жүзеге асырылуы алға шығады. Бүгінгі күні отбасылық өмірдегі жұбайлардың әлеуметтік рөлінің заңды анықтамалары да бар. Дегенмен, бұл рөлдерді белгілейтін және көпшілік мақұлдаған моральдық ережелер заңдастырылып келген. Отбасындағы әйел адам күйеуі жағынан, сол сияқты күйеуі де әйелі жағынан белгілі бір орын алып айтарлықтай үлкен рөл атқарады. Осы орайда психологтар ең көп таралған рөлдерді атайды: “бала”, “күйеу-әке”, “әйел-ана”. “Бала” рөлін атқаратын, көбінесе өздерінің ата- анасына тәуелді болатын жұбайларды да атап айтқан жөн. Осындай отбасында дүниеге келген баланың өзіне деген бос рөлдік орта табуы едәуір қиынға соғады. Себебі, күйеу мен әйелдің кейбір әлеуметтік жағдайдағы рөлі жеке бастық қарым-қатынастардың жүйесі ретінде ғана отбасы қоятын талаптармен үйлесе бермейтіндігі анық көрініс табады. Қазіргі таңда отбасы өміріндегі басшылық типі едәуір көмескі келіп отыр.

Бұл жағдайда дәстүр бойынша отбасының басшылық рөлін ер адам атқарады, бірақ іс жүзінде жоғарыда айтылғандай, бұл міндетті әйел орындайтын кездері де байқалады. Осы орайда, әйелдің өндірістік әрекетке қатысуы отбасын ер адаммен бірдей материалдық қажеттілікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, онда үйдегі жұмыстарға қатысуы оған отбасын басқаруға және реттеуге толық құқық беретіні анық. Ал, кейбір отбасында тіпті отағасының немесе әйелдің басшылығы мен рөлі айқын анықталмағандығы байқалады. Демек, жұбайлар отбасындағы басшылық аясын яғни қажеттіліктермен қамтамасыз етуді өздері бөліп алып, бұл міндетті екеуі ара өзара бірлестікпен орындайды. Отбасы өміріндегі басшының рөлін тек ата-ана ғана емес, сонымен қатар, үлкен балалары да орындайтын, баланың орталық сипаттары ерекше және айқын көрсетілген отбасылар да кездеседі. Мектептегі жоғары сынып оқушыларын отбасылық өмірге дайындау процесінде ерекше назар аударатын мәселердің бірі отбасындағы бос уақыт болып табылады. Оқушыларға отбасының бос уақыт қызметі туралы мынадай жағдайды айтуға болады: эволюция процесінде бос уақыт қызметі ескі белгілерін жоғалтып және жаңаларын иемденіп, өз позициясын жоғалтпады.

Дегенмен, қоғамдық санада кейде ер адам мұнда әйелге қарағанда көбірек еркінси алады деген түсінік кездеседі. Белгілі тарихи кезеңдерде, мәселен, кеңес өкіметінің жылдарында отбасы бос уақытты өткізу бойынша мемлекеттен қолдау таппағандықтан оны тоғышарлықтың көрінісі деп жарияланды. Сонымен, отбасылық өмірде адамның бос уақытын өткізуде екі мақсатты көздейтін ашық процесстер бар: идеологиялық бақылауды табысты және қанағаттанарлықтай етіп жүзеге асыру және отбасының әйелдерді күң ететін буржуазиялық институт ретінде қарастырылған ықпалынан адамдарды құтқару болып табылды. Кейінгі уақытта отбасының бос уақытты және демалысты тиімді әрі ұтымды етіп ұйымдастыру қызметі едәуір көбейіп келеді. Тұлғаның өз қалауынша жұмсайтын жұмыстан тыс уақытын бос уақыт деп көрсетіп жүр. Осыдан келе бос уақыт әрбір тұлға үшін өте маңызды әрі әлеуметтік құндылықтардың бірі бола отырып, адамның тәндік және рухани күшін қалпына келтіретін, сонымен қоса, айналадағы дүниенің әсемде, әрі көрікті жерлерін аралап тынығып және сергуіне ықпал ететін таптырмайтын құралына айналып отыр.

Дегенмен, егер отбасылық өмірге әлеуметтік институттардың бірі ретінде үңіле қарасақ, “бақыт” және “отбасы” ұғымдары әлеуметтік ортаның түсінігімен қатар қалыптасып келеді. Әуел бастан-ақ отбасын құрудың ең негізі басты себептері репродуктивтік немесе махаббат пен бақыт болып саналған. Сондықтан, отбасындағы фелицитологиялық қызмет рөлінің күшеюі қазіргі отбасылық-некелік қарым-қатынасты басқа тарихи кезеңдердермен салыстырғанда өмірге деген көзқарасты өзгертеді. Бәрімізге мәлім қоғам отбасылық-некелік өмірді анықтай деген пікір негізінде отбасы мемлекетті анықтайды деген ойдан әлдеқайда жиі естіліп жүр.Бұл жағдайда кең дәрежеде алғанда оның не объект, не субъект болатындығын айту өте қиын, бірақ ғылыми әдебиетте мемлекет отбасы жағдайын жасырады десек қателеспеген болар едік. Біздің елімізде әлем бойынша отбасынан маңызды құндылықтар жоқтың қасы. Ұзақ уақыттар бойы отбасы қоғамда елеулі орын ала отырып, оның жағдайы тікелей мемлекет қамқорлығына тәуелді болып келді. Бұл оны нығайтудың жолында таза, сырттай қамқорлық жасаудан, басқаша айтқанда, жеңілдікпен, жәрдем ақшамен және де басқада қажеттіліктермен қамтамасыз етуден бастап, кемелденген отбасын жасау үшін балалар мекемелерін салудан іздестіріп келді. Бірақ, бұл нығайтудың жолдары аз болып шықты.

Шетелдік ғалым Э. Фромм пікірінше отбасы адам баласын жалғыздық азабынан құтқарады, жан-жақты үйлесімділікке апарады және әлеммен бірге бірлік сезіміне ықыласпен жетуге мүмкіндік береді [71,21 б.]. Бақытты отбасының феномені адам табиғатының дуализміне негізделініп келген: қарым-қатынасқа ұмтылу, әлеуметке айтарлықтай көңіл бөлу, өзімен-өзі болу, жалғыздықтан құтылу болып табылады. Өйткені, бір жағынан, тұлға әлеуметтік қоғам алдында жауапты болса, екінші жағынан, ол өзі жеке алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға ұмтылыс жасап, өзінің “менін” қорғап қалуға талпынады. Демек, жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерді қанағаттандыра алатын отбасын бақытты деп санауға болады. Некеге тұруға дайындалып жүрген көптеген жастар қазіргі таңда отбасын бақытты болатын жер деп санайды. Отбасын құруға түрткі болатын себептер (махаббат, балалы болуға ықылас, жалғыздық қорқынышы, қиын сәттерді бірге өткізу, т.б.) бақытқа негізделген болып табылады. Жастардың көбісі өз бақытының міндетті шарттарының бірі отбасылы болу деген ойда. Дегенмен, мұндағы бар мәселе жастардың көзқарасында отбасы туралы түсініктің қаншалықты деңгейде екендігі мен оның фелицитологиялық қызметінің қаншалықты көп шамада орындалуында болып отыр. Жастардың алдағы уақытта отбасындағы бақытты сақтау мен қолдау көмегімен басты құндылықтар назарда болуы қажет [112].

Болашақта отбасын жекелік мүдде ретінде жастардың түсінуі үшін төмендегі ұстанымдар болу керек:

1. Адам өмірінде болып жатқан барлық көрінісінде дүниеге келетін ана құрсағындағы баланың, жесір адамның, ақыл-ойы кемтардың, сырттай келбеті көріксіз және мүше кемшілігімен азап шегіп жүрген адамдардың өмірімен қоса өз байлығына нық сенім арту;

2. Неке институтында жұбайлар отбасындағы ауыр қиыншылықтарға, ауруға, қаржылық қиын-қыстау кезеңдерге, сезімдік күйзеліс пен күштенуге қарамастан қарым-қатынастың тұрақтылығын қамтамасыз ету;

3. Отбасындағы көптеген кедергілерге қарамастан ерлі зайыптылар сәби дүниеге әкеліп, оны тәрбиелеуге ұмтылыс жасау.

Отбасы арқылы тұлға бір шамада өзін-өзі ұстай алу, өзінің мәнін сақтап қалу сәтін түсіну жағдайын құрады. Тұлға мен қоғам арасындағы әрдайым болатын апаттардан құтқаратын әлеуметтік орта деген қорытынды жасауға болады. Егер отбасын адам табиғатының өнімі ретінде қараса, онда онсыз болмысы көмескі келеді. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, адам баласының бақытты отбасымен және некемен өмір сүруге құқығы бар деп сенімді түрде айтуға еріктіміз.

Қазіргі таңда біз қиындығы бар отбасы және орта проблемалы отбасы туралы, маскүнемдік пен нашақорлықтан жолы болмай келген отбасы өмірі туралы мәліметтерді ақпарат көздерінен көп кездестіріп жүрміз. Бірақ бақытты отбасы өмірі туралы біздің түсінігіміз тым мардымсыз болып табылады.

Алайда, отбасылық өмірде бақытты адамды жалпы алғанда өмірде де дәл солай деп толық сеніммен айта аламыз. Бүгінгі күні бұл мәселе арнаулы ғылыми зерттеудің тақырыбы болмағанын айта кеткеніміз жөн. Әрине өмірде бәрі біз атап кеткендерден мүлдем өзгеше болып көрінеді. Отбасы өміріндегі бақытты адамға және оның не екендігіне нақты формада анықтама бере отырып, ол туралы айту айтарлықтай қиын екені сөзсіз. Сондықтан бақыт феноменін зерттеу әлдеқайда қиын, өйткені ол қандай да болмасын статистикалық есептерге салуға келмейді. Шын мәнісінде бақытты отбасылардың жер бетінде қанша екенін айту қиын. Бәлкім, олардың саны көп емес те шығар, бірақ бақытты болуды аңсап, шөлдеген адам тек отбасында ғана шөлін қандыра алады. Демек, отбасының фелицитологиялық қызметі отбасы институты барда өмір сүре береді.

Қазіргі таңда өнеркәсіпті қоғамның пайда болуының нәтижесінде бала туудың төмендеуі нәтижесінде экономикалық қызмет бұрынғы маңыздылығынан артып отыр. Ал, өнеркәсіптік қоғамның сол жағдайымен қозғалған репродуктивтік қызметте көпбалалы отбасын қажет етпейтін позициясын берді.

Осы орайда, жыныстық қатынас, фелицитологиялық және тәрбиелік қызметтер отбасылық әлеуметтенуде маңыздыларының бірі болып табылады. Қазіргі таңда отбасының әлеуметтік-психологиялық жағдайы осы мәселелермен біріктіріледі. Бүгінгі күні отбасындағы жыныстық қатынас мәдениеті мен отбасының бақыт проблемасы қоғамды көп қарастырыла бермейді. Қоғам отбасылық өмірден тек ұрпақ жалғастыру міндеттерін орындауды және оларды әлеуметтендіруді талап етеді. Сондықтан отбасына тек бір жақты қарау сипатты болып отыр. Дегенмен, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерге орай отбасына деген қатынас сипаты да өзгеріп отырғаны белгілі. Осының негізінде отбасы мен некенің адамөмірі үшін маңызды екендігі ерете кезден–ақ мойындалған.

Бүгінгі күні отбасының бірегейлігі мен қайталанбастығы соншалықты анық болуына байланысты, оны әлеуметтік ортамен қатар қарап, тіпті оның маңыздылығын ерекше атап өткен жөн.

Жастарды отбасылық өмірге оқу-тәрбие процесінде дайындауда оның әлеуметтік институт ретінде қоғамдық орнын негіздеп, оның экономикалық, мәдени жаңаруларға байланысты өзгеріп отыратындығын әрдайым ескертіп отыру керек.

Отбасылық және некелік қарым- қатынас қазіргі таңда мемлекеттің тікелей бақылауында болып отырғаны белгілі. Мұның дәлелі қазіргі таңда өзіндік күшке ие мемлекеттік Заңның қабылдануы бола алады. Отбасылық жағдайлардың мемлекет тарапынан шешім іздестіру және табу мәселесі оның әлеуметтік интситут ретіндегі рөлін шегелейді. Осы орайда, отбасының бәрінен бұрын қоғамға қажет әлеуметтік қызметтері маңызды орынға ие. Бұл жоғарыда атап өткендей, біріншіден, репродуктивтік қызметі болса, ал екіншіден тәрбиелік қызмет болып табылады. Дегенмен, маңыздылығы жағынан екіншісі бірінші қызметке сөзсіз орын береді.

Біз жоғарыда отбасылық өмірдің негізгі қызметтеріне толық сипаттама беріп өттік. Сонымен қатар, сол қызметтерге байланысты туындайтын кейбір қарама-қайшылықтарға тоқталып өттік. Енді біз осы отбасылық өмірде кездесетін шиеленістерді анықтап, оның себептеріне шолу жасаймыз.

Қазіргі таңда отбасы әртүрлі сипатта анықталып жүргені және әр қырынан көрініп жүргені белгілі. Атап өтер болса, толық және толық емес, сәтті немесе сәтсіз және т.б. Әлеуметтік интситут ретінде бір отбасында өмір тыныш және жайлы, ал, басқаларында әрдайым, әрі үздіксіз ұрыс-керістер мен жанжалдар орын алады. Осы орайда, айта кететін жайт, кейбір психологиялық зерттеулерде ұрыс немесе жанжал отбасы өмірінің бір бөлігі болып кетеді деп тұжырымдалады. Бұл жағдай отбасылық өмірдегі кездесіп жататын түсініспеушіліктермен, майда өмірлік қиындықтармен түсіндіріледі. Себебі, даму қарам-қайшылыққа толы болып келеді. Отбасында әрдайым келіспеушілік орын алған жағдайда отбасылық жылылық пен махаббат жойылады. Отбасы мүшелерінің бірін бірі сыйлауы мен құрметтеуі болмаған жерде отбасылық береке де болуы мүмкін емес. Сондықтан отбасы мүшелері ұрыспен бірін-бірі ренжітеді, көңілін қалдырады және содан әртүрлі ауру қалпын бастан кешіреді. Отбасындағы мүшелер үшін ұрыс оған қатысушыларға жағымсыз, дау-дамай мен татуласудан тұрады да, кей жағдайларда олар қанағат алатын сияқты түсінік қалыптасып кетеді.

Отбасылық өмірдегі шиеленісте психологиялық дені дұрыс адамға ұрыс басылған уақытта үрей сейіледі де, адамдар бәрібір бірге өмір сүретінін анықтағаннан кейін жанжалдың мағынасыздығы ерекше айқын болып көрінгенмен ол біраз уақытқа дейін олардың естерінде сақталып қалады. Шын мәнісінде өмірлік тәжірибелерге сүйенсек отбасындағы ұрыс ешқашан із түссіз жойылып кетпейді. Отбасылық қарым-қатынаста өзара болған реніштердің салмағы көптеп жинала береді. Сондықтан әр отбасы мүшесі өздері естіген реніштеріне еріксіз жауап іздестіре отырып, олар аргуметтерді пайдалану уақытын да қарастырады. Бұл дегенміз келесі кезектегі ұрысты жақындатып отырады. Отбасылық майда-шүйде жағдайларға байланысты туындаған ұрыстар ұсақ кикілжіңнен шығып, үлкен дау-дамай мен жанжалдарға ұласады.

Отбасылық шиеленіс туындаудың бірден бір себептерінің бірі өз жұбының қылықтарынан жақсы қасиеттерін іздеуден гөрі және бірін-бірі басудың орнына жақын адамдар олардың тәртібінен жаман қасиеттерін тіміскілеуге тырысып тұрады. Мұндағы ең басты мақсаттары: әрбір отбасының өзінің шындығын дәлелдеуге ұмтылуы болып табылады. Отбасылық қарым-қатынаста орын алатын мұндай құбылыстар көбінесе психологиялық үйлеспеушілік деп аталып жүр. Сонымен қатар, отбасындағы ұрыс жұптар арасындағы өзіндік бағалау шиеленісін білдіре отырып, шиеленісушілердің әрқайсысы өзіндік пікірін ұстануға ұмтылады.

Сонымен қатар, кейбір жағдайда отбасылық шиеленістер кез-келген уақытта туындап және болмашы себептер аясында болуы мүмкін. Отбасылық қарым-қатынаста туындап отыратын ұрыс-керістер көп жағдайда ерлі-зайыптылардың кез-келген ұсақ-түйекке нәрселерге мән беруінен де болады. Отбасының мүшелері өзінің жеке мүддесі мен ренішін сылтау етіп отыруынан шиеленістер болып жатады.

Осыдан кейін отбасылық қарым-қатынаста өзіндік пікірдің жоғарғы деңгейде туындау формаларының бірі некелік серікке психологиялық эксплуатациялау туындайды. Жоғарыдағы өзекті мәселелерге орай, кей отбасыларда отбасылық қарым-қатынас туралы білімдерін жетілдіру негізінде ері немесе әйелі өзара жетіледі. Отбасыішілік өзара жетілу бейсанада ырықсыз түрде және де мақсатқа бағытталған сипатта көрініс алады.

Отбасыішілік қарым-қатынаста психологиялық эксплуатация өзінің серігіне негативті мінезін, теріс эмоцияларын және жаман қылықтарын көрсетуден туындап отырады. Көбінесе бұл мәселе отбасы мүшелерінің үйден тыс пайда болған эмоциясы мен агрессиясының күштенуінен туындауы мүмкін. Сондай-ақ, әйеліне (еріне) бағытталған психологиялық эксплуатациялау оған жауапты шешімдерді немесе әрекеттерді жүктеген кезде ғана болады.

Отбасында кездесетін жанжалдардың көптеген механизмдерін «өткенге үңілу» деген ұғыммен бөліп қарастыруға болады [113]. Бұл жағдайдың мәні отбасы мүшелерінің бірі екіншісіне агрессивті түрде ұмтылыс жасайды. Отбасыішілік қарым-қатынаста бұл жағдайды туындатушыны агрессор деп атайды. Агрессор отбасы мүшесі өзінің ұрысқа жауапкершілігін бүркемелей және астарламай бастайды да, шиеленіс басталған сәттен бастап өткендегі қиындықтарын айта бастайды. Агрессорға серігі де болған жағдайдағы қиындықтарды айтқанымен ол өзінің бағытынан бас тартпайды. Сондықтан онда түсіністікпен қарау ниеті болмайды. Бұл айтылып отырған жанжалдар көбіне отбасылық дағдарыстардың басты себебі болады. Шын мәнісінде отбасы мүшелеріне отбасылық проблемалардың туындауы ұнамайды.

Көптеген зерттеулерге сүйенсек, отбасындағы ерлі-зайыптылық шиеленістер былай бірігуі мүмкін:



  • ұрысқа қатысушы отбасы мүшесінің бірі өз күнәсін мойындайды;

  • отбасылық ұрыста өзінің күнәлі екенін оның серігі мойындайды.

Осы орайда, айта кететін тағы аз тараса да бар вариант: «Біз екеуіміз де кінәліміз» деген позиция. Бұл сипаттағы жанжалдың шығу жолының бірі мынада: «Біз ұрысамыз, яғни біздікі дұрыс емес!». Айтылып отырған жағдайда альтуристік өзін құрбан ету жоқтың қасы екені сөзсіз. Әрине, бұл әрдайым көрініс бермейді. Әсіресе, бірінші позиция «Біздікі дұрыс емес» формуласы мақсатқа жетуге үлкен деңгейде мүмкіндік береді. Көпшілік отбасында мүшелерінің ұрыстан соң ынтымақтастыққа тез бірігуге бейім болып келмейді. Бұл мәселеге әрине дәстүрлі түрдегі «мен-сен» кедергі келтіріп отырады.

Отбасылық қарым-қатынаста жоғарыда аталып өткен және әлі талдауды қажет етіп жатқан қарама-қайшылықты шешудің жаңа тәсілін құру өте қиын. Отбасы мүшелері ең алдымен өз эмоциялық жағдайын басқаруды үйренуі қажет.

Отбасындағы тұлғааралық шиеленісті, ұрыс, тіпті дағдарыстың пайда болу механизімін түсіну үшін түсініктер жүйесінің 3 түрін ажырату керек [114].


  1. Түсініктердің эгоцентрикалық жүйесі- мұнда «мен өзім», «менің ниетім», «менің мақсатым» деген позиция алға шығады;

  2. Түсініктердің альтруцентрикалық жүйесі- бұл жерде барлық түсініктердің назарында басқа (альтер) болады. Бұлар басқамен бірге қайғырады, өзін басқамен ұқсастырады. Ол оның ниетін немесе қайғысын өзінікі сияқты уайымдайды. Дегенмен мұндай жүйе тұрақсыз болып табылады;

  3. Түсініктердің социоцентрикалық жүйесі- алдыңғы екеуінен айырмашылығы бұл полицентрикалық жүйе (орталығы көп) болып табылады. Бұл жүйеде қызығулар өзінікі сияқты өзгелердікін де ескереді. Бұл жүйенің әлем туралы психологиялық бастауышы «мен» емес, «сен» емес, «біз» болып табылады.

Жоғарыдағы мәселеге орай, отбасылық қарым-қатынаста кез-келген адамда қандай да бір уақытта жоғарыдағы үш түсініктің біреуінің туындауы мүмкін екендігін түсінген дұрыс. Айтылғандардың ішінде эгоцентрик белгілі бір сәтте социоцентрик немесе альтруцентрик немесе социоцентрик-эгоцентрик және тағы басқа да болып ауысып отыруы мүмкін. Шын мәнісінде ең бастысы кез-келген жағдайлардың бәрінде біз эгоцентрик болып табыламыз.Олай болатын болса, оның негізінде отбасындағы өзіндік бағалау мен өзіндік пікірдің қақтығысулары туындауы өте ықтимал. Сондықтан да отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс орын алады.

Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, отбасындағы ұрыс көбінесе олардың мүшелерінің біріне бірі қанағаттанбауы жағдайында туындайды. Бұл жағдайдың алдын алу үшін ең алдымен өзінің қанағаттанбаушылығын басқаруы кажеттігі алға шығады. Бұл үшін бірқатар жағдайларды назарда ұстаған жөн. Отбасылық психотерапиямен айналысушылардың пікірінше ең бастысы тітіркену фактісіне тыныш және байыппен қарау керек.

Әрине бұл жағдайда ұрыстан қашқақтау үшін отбасының әрбір мүшесі тітіркенудің әрбір тетігін өз тұлғасындағы қорқыныш сипатында қарамауы тиіс. Егер отбасында ренжу сезімі туындаған жерде тітіркену мәжбүр сипатта болады. Психологиялық заңдылықтарға сүйенсек, жақындарды тітіркендіру өзімізге шағымдану болып табылады.

Отбасылық қарым-қатынасқа шиеленіске негіз болып жүрген, әрі көп жағдайда ойландыратыны мынадай жағдайлар: Біз қай уақытта ренжиміз? Бізді басқалары қай уақытта ренжітеді? Егер біз бір жерде осалдық танытсақ, онда біздің өзімізден жасырғымыз келген кемшіліктер сырт көзге көрінеді.

Отбасында ойын механизімін көрсетудің бірнеше тәсілдері бар:

а) жалған түсіндіру тәсілі;

ә) мәнсіз қорытынды;

б) «күдікті сейілту» тәсілі.

Жоғарыда көрсетілген тәсілдердің барлығы дерлік заттардың шынайы жағдайына сәйкес келмеген кезде тиімді болып табылады. Егер тұлғааралық қарым-қатынаста ұстамсыздықты кемшілік деп санаса, онда ол отбасылық қарым-қатынаста бұл тітіркену ретінде көрініс береді. Сонымен қатар, тұлға ұстамсыздықты өз тәртібінің қалпы деп санаса, онда мәселенің барлығы «бетсіздікпен» болмақ. Бетсіздік- бұл физиологиялық жағдай болып табыламайды, ол психологиялық бағдар болғандықтан тұлғалық принциптер қатарына жатады. Бұл жағдайда эмоциясын ұстай алмау көрінісі тек сол адамның өзіне ғана пайдалы мағынада болмақ. Отбасындағы қорқынышпен ойнау құқығында бір мезгілде ондағы тұтастай билікке қарсылық танытуы ретінде болады. Бұл жағдай күш көрсетумен пара пар болғандықтан, мынадай жағдайлар көрініс береді: «Егер менің істегім келгенді істемесеңіз, мен сізге қатты ренжимін, егер менің ренішіме қарысылық білдірсеңіз одан да жаман болады». Бұл жердегі отбасылық мәселе психологиялық эксплуатация жөнінде болмақ. Психологиялық эксплутаторға сипат беретін болсақ, бұл өзгелерге бүкіл үй жұмысын арттыу емес, ең алдымен басқаның рухани ресурстарын шыдамсыздықпен өз пайдасына қолдану болып табылады.

Отбасында әйел адамдар үздіксіз үй жұмыстарынан қажып, басқалардан қажетті баға ала алмаған отбасы мүшелеріне ұстамсыздық пен шыдамсыздық танытады.

Адамзаттың рухани әлемі ең жоғарғы деңгейде меңгерілуімен ғана емес, сондай-ақ, ұлттық құндылықтар сипатында да көрінеді. Осы сипатты отбасылық өмірге дайындауда кіріктіру этностық құндылықтардың адамзат әлеміндегі орнын анықтайды. Тұлға өзінің еріктік әрекеттері мен мінез-құлқын ұйымдастыруда мақсатқа сәйкестілікті, тәсілдерді іздеуді, нәтижелерді бағалауды, яғни өзінің өмірлік бағытын білуі тиіс. Қазақ халқының бүгінге дейін жеткен ұлттық тарихын, демек даму кезеңдерiн терең бiлмейiнше, оның ұлттық құндылықтарын дәріптемейінше бiз өзiмiздi өзiмiз айқындай алмайтынымыз сөзсіз. Сондықтанда қазіргі кезеңдегi нақты өмiр шындығына сәйкес алға қарай қадам басу және алға мақсат қою жөнiнде әңгiмелеп отырудың өзi артық. Еңбегiмiздiң бұл бөлiмiнде зерттеуміздің өзегі болып отырған этностық құндылықтар арқылы жастарды отбасылық өмірге дайындауды шешуге басты назар аударуға әрекет жасап отыруымыздың өзi сондықтан. Әрбір ұлттың ұлттық құндылықтарына тілі, діні, ділі, мәдениеті мен салт-дәстүрлері мен ырым-жоралғылары кіреді. Осы құндылықтарымызды жастарға дәріптеу арқылы отбасылық өмірге дайындау болашақтың берік кепілі болары сөзсіз. Себебі, еліміз әлемге ашық, сонымен қатар, қазіргі қолжетімді ақпараттар легі қоғамның дамуына оң ықпалын тигізумен қатар, жанымыз бен тәнімізге тән емес мінез-құлықтардың қалыптасуына алып келіп отыр.

Қорытындылай келе, отбасындағы шиеленіс жағдайлардың туындауының бірден себептері төмендегідей топта көрсетуге болады:



  • Отбасындағы рухани және материалдық қажеттіліктердің қанағаттандырылмауы;

  • Отбасы мүшелеріне шектен тыс талап қою орын алғанда;

  • Отбасылық жауапкершілікті дұрыс сезінбеуде;

  • Отбасы мүшелерінің мүдделері қорғалмағанда;

  • Отбасылық функциялардың дұрыс орындалмауынан;

  • Рөлдік идентификация жүзеге аспаған жағдайда;

  • Отбасыішілік жылылық пен махаббат сезімі болмаған жағдайда және т.б.

Сондықтан бүгінгі күні жастарды отбасылық өмірге дайындауда онда орын алатын шиеленістің алдын алу жолдарын ғылыми-теориялық негіздеу басты мәселелердің бірі болып табылады. Біздің зерттеуміз осы өзекті мәселені этностық құндылықтар арқылы тұжырымдауды көздейтіндіктен құнды болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет