2 Адам мәселесі мен құндылықтары
Шәкәрім философиясының басты ерекшелігі - жалпы жаратылыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемдік сипатты (суретті) жасауында. Ойшыл дүниедегі адамның орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады. Қысқасы, адам туралы ілімнің негізіне Шәкәрім белгілі онтологияны қояды.
Шәкәрім философиясының негізгі ерекшелігі бұл күресте антогонизм жоқ, жалпы үйлесім, гармония, келісім сипатында жүреді, сондықтан да Шәкәрімше: «Жаралыс жұмбағының ісі өлшеусіз, білдім деген білмедім дегенге есеп». Бұл ойын былайша жеткізеді:
...Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ,
Өзгеріп түрленеді ойла шырақ...
...Көктен жаңбыр жауады, жерде бұлақ,
Қанша ақса да, оларда бар таусылмау...
Табиғат құбылады, жаңбыр жауады, тау басын мұз шалады, көктемде еріп сай-сай, жылға-жылғадан бұлақтар сылдырлай ағады, бұлақтар жиналып, өзенге, өзендер жиналып, теңіз, мұхиттарға құяды. Ондағы су буланып, конденсация кұбылысы негізінде қайтадан жауын-шашын, қар болып жерге, тауға түседі. Мұның бәрі - қозғалыс. Дүниедегі құбылыстардың қай-қайсысы да шексіз. Мәңгілік, тіпті бүкіл дамудың кілті болып табылатын қозғалыстың өзі уақыт пен кеңістік аясында болмақ. Бұл жерде Шәкәрім: «Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, болама уақыт деген өлшеу салып», - дейді. Материяның немесе табиғаттың қозғалысы жоқ жерде уақыт, кеңістік ұғымы болмақ емес. Адамның өмірі де солай. Өмір бір орында тоқтап тұрмайды, өзгереді, дамиды, өледі. Уақыт алға жылжыған сайын жас келіп адам қартаяды, орнына жаңа ұрпақ дүниеге келеді. Осыдан барып ғұлама, дүние құбылыстарының шексіздігі, қозғалыстың қайталанбайтындығы жайында философиялық тұжырымын негіздейді.
Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы,
Ортасы - өмір, жоқтық қой екі басы.
Сағымдай екі жоқтық арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.
Жоқтық, барлық, жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы,
- деген шумақтарында оның дүниедегі бүкіл жаратылыстың соңы бар, тұрақсыз, уақытша, оның ішінде адамның да бұл дүниеде туылып өсіп, қартайып, соңында өлетінін аңғаруға болады. Мұндағы адамның тууы, өмір сүруі, өлуі – еріксіз, адамның өзіне бағынбайтын құбылыстар. Оны реттеуші жоғарғы күштің, құдіреттің бар екендігін меңзейді. Адам бір жоқтықтан келіп, екінші жоқтыққа кететінін, осының ортасы өмір, яғни Құдайдың бізге берген сынақ әлемі, біз тіршілік етіп отырған «жалған дүниеде» мәңгі тұрақтамай, бақилық өмірге уақыт сағаты келгенде аттанатынымызды аңғаруға болады. Қазақ атам айтқандай, «Бұл дүние қарап тұрсаң, шолақ екен, адамдар бір біріне қонақ екен», одан әрі қарай өмірдің лезде, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететінін «өмірге есік ашсаң таң алдында, сол есік кеш батқанда жабылғандай» деп сипатгайды. Міне, осыдан барып дүниенің өтпелі, жалған екендігіне толығымен көз жеткіземіз.
Сол қамшының сабындай қысқа пәниде адамның өмірі мың құбылып, жүз түрленеді. Адам өзінің осы өмірге адам болып келгендігін және сол пәк қалпын өмірден өтер алдында сактай алмай қалатын өкінішін Шәкәрім: «Адам болып туып ем, адам боп өту - арманым» деп ағынан жарылған.
Шәкәрім жаратылыс, адам, жан мәселесіне орай негізгі екі шешімді мысалға келтіре отырып, (діншіл, пәншіл), оларды екі тұрғыдан, екі жақты қарастырды. Адамда екі түрлі мақсат бар, - деп жазды, оның бірі - тән мақсаты, бірі - жан мақсаты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік мақсат көздейтін - тән мақсаты, адамшылық, ар мен адал еңбек іздейтін - жан мақсаты. Бастапқысын көксеген адам зұлымдық, қияметпен болса да мал, мансап, мақтан табуға кұмар болады. Соңғысын көксеген адамның адал еңбек, ақ ниеттен басқа іздейтіні жоқ, ол адам баласын ала көруді, қиянат қылуды тіпті, ұнатпайды.
Таза ақылдың арқасында адам абстрактылықты меңгереді, пайдалыны зияндыдан ажырата біледі. Сонымен, Шәкәрім адамның ішкі әлемін аша талдауға қуаныш-реніш, тіршілік мәнін тұрмыс машақаты, әділет пен зұлымдық туралы ой түйеді.
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та,
- дей келе Шәкәрім әділеттілік жайында сөз қозғайды.
Бұл тақырып жайлы сонау неше мың жылдықтан бері әртүрлі қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдері, яғни философтары мен ғалымдары өздерінің арнайы зерттеп, еңбектерін жазып қалдырған. Мысалы, Сократ, Платон, Аристотель өз еңбектерінде әділеттілік жайында көптеген еңбектер жазды. Әр ғұлама өз қоғамына лайықты түсінік, пікір қалдырды. Шәкәрім атамызда да өзінің еңбектерінде әділеттілікті терең жан-жақты ашықтап, оны былай деп түсіндіреді:
Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла - қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос сол шарасы.
Адамзат баласының бұл өмірдегі мақсаты – шын бақытын тауып, өмірден өкінішсіз, қайғысыз өту. Бұның орындалуы адамзат баласының ойы қиянатсыз таза болып, мейірім, ынсап, әділет пен адал еңбек принциптерін ұстанып, осы аталған прициптерді адамзат баласы өзінің таза жүрегіне бекітіп ұстана білу, ол - адамдық борыш дейді. Мұнда Шәкәрім атамыз да әділеттілікті жүректе орнығып, ол сыртқы қоғамға әсерін шашатын шындықтың шыңы деп отыр.
Өмірдің мәні не? – деген сұрақпен ол көне ойшылдарға сонымен қоса жаңа дәуірдің діни және философиялық әдебиеттерінен ізденіп, өзінің философиялық ойының тереңдігін көрсетеді.
Шәкәрім «Үш анықта» «Ақиқат деген не?» деген сұрақ қояды. Оған өзі «Адам ақиқатты ақыл-ес көзімен көріп, қабылдауы керек. Ақиқат – әрбір адамның жанында болады не ол өзіндік өмір сүреді» - деп қорытынды жасайды. Жанның ең негізгі қажет ететіні – ұждан. «Адамның нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып, мұсылманша айтқанда, ұждан, орысша айтқанда совесть бар» дейді.
Шәкәрім ар – ұждағы адамгершілік этикалық жағынан ғана емес, оны философиялық категория, әлем құрылымының негізгі болатын субстанция ретінде жоғары қарастырған.
Ол адамның рухани өсуіне мықты тірек болатын үш анықты атайды:
Бірінші – мәңгі өзгерістегі Универсумда барлығына себепші жаратушы ие.
Екіншісі – бұл жаратушы барлық тірі мен тірі емеске жан береді, адам өлген соң, одан әрі тазарып, жоғарылайды, өздігінен өмір сүреді.
Үшіншісі – жанның жоғарылап, тазаруы үшін адам ұжданға сай арлы өмір сүруі керек. Шәкәрім адамдарды осыған шақырады.
Шәкәрімнің дүниетанымдық ой жүйесінде философиялық терең бағыт-бағдар байқалады. Оған «Тіршілік, жан туралы» деген философиялық өнеріндегі жаратылыс тарихи тіршіліктің шығуы өз түсінігін баяндайтын мынадай жолдар куә:
Өсімдік күннен алады ас,
Күн суық болса түпке қаш,
Дым тиіп, нұр кеп жылатса,
Өс тағы жайнап көңіл аш,
Дейтұғын жанда мән болар –
Жұмыртқада ұрық жатпай ма?
Олар да тамақ жатпай ма?
Жылынса, яки егілсе
Оның да тағы таңы атпай ма?
Яғни, Шәкәрім органикалық тіршіліктің біртіндеп себеп-салдар принципі бойынша дамитындығын, жәндіктің, өсімдіктің, адамның жәндіктен таралу идеясын құптап отыр.
Жоғарыда айқанымыздай, қозғалыс – материяның өмір сүру тәсілі. Алайда, Шәкәрім мұндай жақсылыққа ғылыми жолмен емес, стихиялы түрде келеді. Құран сөзі бойынша, әлемнің пайда болуы – құдайдың ықылас, еркіне байланысты кенеттен жасалына салған, сондықтан кез келген уақытта өзгеруі немесе жойылуы мүмкін.
Шәкәрімше, жер мен аспан, табиғат құбылыстарын бәрін бірдей көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес:
Радийді бұрын біліп пе ең?
Электр ұстап көріп пе ең?
Бәрін де жатқан таза ақыл
Аспанда ұшып жүріппе ең?
Көрінбес зат бірталай.
Оларды танып білетін бір-ақ нәрсе – таза ақыл. Таза ақылдың арқасында адам абстрактіні меңгерді, жақсыны жаманнан, сұлулықты ұқыпсыздықтан, пайдаланып зияннан ажыратады. Өйткені Шәкәрімнің түсінігінде адамның жануардан айырмашылығы – таза ақылы мен жанында. Адамның жаны ол туылғанда егілген дән жүрегінде болады да, қолайлы жағдай жасалғанда ғана шайқалып өсіп, көркейе түседі.
Ал, жалпы адамгершілік, имандылық мұраттардың терең орнығып, адамдар рухани және жан әлемі жағынан байи түсуі үшін ерік жігер, талант пен ақыл-ой, тапқырлық пен батырлық өте қажет. Адамға мейірім ар-ождан, сабырлылық пен байқампаздық керек-ақ. Дегенмен, осының бәрінен де адамда ынсап болмаса бәрі де бекершілік.
Достарыңызбен бөлісу: |