Негізгі бөлім
1 Шәкәрім философиясы
Қазақтың рухани мәдениеті мен зор үлес қосқан ойшылдардың бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрімнің философиялық көзқарасы - ұлттық философияның қалыптасуына зор ықпалын тигізген құбылыс. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» аталатын еңбектерін, поэзиясын гуманистік және адамгершілік мұраттарды, демократиялық ағартушылық идеяларды уағыздаған мұра деп бағалау керек. Шәкәрімнің философиялық ойларында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл – ой ізденістері, талғамды тұжырымдары із қалдырды. Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым – білім, өнерге баулуды мұрат тұтты.
Ұлы ойшыл, гуманистік қайшылыққа толы қоғамда өмір сүрді. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан – сала құбылыс көріністерге, дінге көзқарастарында кейбір қайшылықтар кездескенімен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, барлығын жоққа шығартып, пессимист болған емес. Шәкәрім көбінесе рационализмге, деизмге бейім болды. Бұл философиялық бағыт бойынша дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындау, оның дәлелі табиғаттың жарасымдылығы, қозғалысы, өмірде ақиқат, шындық, білім – ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асатынын, адамның болмысты танып білуі адам өзін - өзі жетілдіру арқылы жүзеге асатынын түсінуге болды.
Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көңіл күйі, ішкі сезім әсерлері, махаббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын күшті. Шәкәрімнің ойшылдығының, ақындығына тән фәлсафашылдығының сыры не десек, бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы-жырауларымен қатар арғы-бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және Батыс ақындарының шығармаларын өте жақсы білген. Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану, салаларындағы түрік тіліндегі, орыс тіліндегі, араб тіліндегі ғылыми еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан – жақты энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты, дана адам болған.
Шәкәрім қазақ поэзиясында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты. Ойшыл ақын адамның ақыл парасатына айрықша зор мән береді. Ол адамның сезу, сезіну, дүние болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, әсерленгіштік қабілет пен не нәрсенің болсын ішкі сырын көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердің қасиет-сипаттарын, оймен, ақылмен, логиканың күшімен танып-білу қабілетінің арасын ажыратып, болмыстың, дүниетану мен моральдың негізгі ақылы деп санайды. Ақыл, парасатты ақыл қандай да нәрсені, құбылысты дұрыс түсініп бағалауға, ақ-қараны айыра білуге мүмкіндік береді. Сондықтан, «ақылмен сыналмаған іс болдырмау» деп түйіндейді.
Дүниетанымның, ғылымның да негізгі тірегі – ақыл-ой, ойлау қабілеттілігінің қуаттылығы, ой-тұжырымдарының логикалық қисындылығы деп санайды. Бар ғылымның түп атасы – таза ақыл мен ойлану.
Шәкәрім ойлау, ойлану деген ұғымға үлкен мән береді, оны өмір – болмыстың, дүниенің ғажап сырларына терең бойлау, не нәрсені болсын ақылмен сынап, ұғып-түсіну мағынасында алып қарайды.
Шәкәрімнің дүниенің, жаратылыстың қозғаушы күші, адам өмірінің, тіршіліктің мәні мен сыры, жан мен тән секілді мәселелерді ғылыми ұғым түсініктермен ұштастыра толғайтын философиялық өлеңдері өз алдына бір тақырыптық арна болып қалыптасты.
Ақынның діншілдігі, жаратушы Аллаға сенімі, оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік – біртұтастықты танытады. Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса – тәуірі сол» дейді. Тәңіріні іздеу, жаратқан Аллаға сену – ақиқатты іздеу, сол арқылы «ең түпкі жаратушы – мінсіз ие» деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз.
«Тау бойындағы ой» деген өлеңінде дөңгеленген жердің күнді айналып жүретінін көзбен көру арқылы емес, ойлау, топшылау арқылы анықталған дегенді айтады.
«Ей, жастар, қалай десек, бұл дүние» деген және басқа да өлеңінде Шәкәрім дүниеде таңқаларлық және өте көп, алайда бәрінде де заңдылық, қисын бар деген пікір айта келіп, «себебі тойымдының ісі толық» дейді. Яғни, бұдан дүниенің кереметтігі шексіз болса, жаратушының құдіреті те шексіз деген мағына туады. Шәкәрімнің философиялық өлеңдері ой тереңдігі, пікір сынылығымен, танымдық және моральдық адамгершілік мәселелерін ұштастыра, білуімен оқымысты ақынның өнерпаздық тұлғасына сай интелектуалдық сипат алған.
Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да Шәкәрім ақыл-ой талабын, ақыл- парасаттылықты қаңдай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп қояды. Ол әр адамның ісіне өзі сын көзімен қарап, биік талап қоя білуі, қиыншылыққа төзіп, табандылық, қажырлылық танытуы қажет екенін баса айтады.
Өмірдің өкініші аз болмайтынын айта отырып, ақыл- парасаттылық,ой тазалығы адамның уайым-қайғыға бой алдырмай, саналы қылық қылуына басшы болады деп пайымдайды ақын.
«Боларға ұмтыл, болмасқа қанағат қыл»,- дей отырып, әр адам өз қабілетін дұрыс бағалай біліп, өзінің қолынан келетін істі атқаруға ұмтылуы қажет екенін, өмірдегі нақтылы жағдайды, мүмкіндікті айқын түсіне біліп, соған орай әрекет қылғанда ғана адам сәтсіздікке ұшырамайтынын мейлінше дәлелді етіп көрсетеді.Адам өзіне сыншы болып, өмірге саналы көзбен қарауға үйренсе, әр нәрсенің себеп- салдарын анық танып, біле алады, сонда ол өз ісінің сәтсіздігін өзгеден көрмей, нақтылы жағдайды дүрыс бағалап, содан өзіне сабақ алады деген үлкен ғибараттылық мәні бар түйінді ой қорытады.
Қазақ қоғамындағы, жағдайды, әлеуметтік ортаны, әр түрлі топты өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін жан-жақты барлап, терең түсінген шығармаларында шынайы бейнелеп берген Шәкәрім халықты ескілік шырмауынан шығарып, өркениетке бастайтын бірден-бір өнімді сара жол өнер-білімге қол жеткізу, ғылым үйренуді керемет уағыздап, ғұлама ғалымдарды, ойшылдарды қастерлейді.
Ақын елді өнер-білім мен ғылымға жұмылдыруға кедергі болып отырған араздық, берекесіз талас-тартысты, керенаулықты сынға алады. Өнеріңді, ғылымды елге жай,«пайдалансын өзгелер», «сусағанның сусыны бол», өнер, білім, ғылымның жетістіктерін ел игілігіне жүмсауды талап етеді.
Өнер – білім, ғылым үйрену мәселесін ойшыл ақын халықтың мүддесімен, биік адамгершілік, әділеттілік, махаббат, адал еңбек ете білу, талаптылық, жігерлілік секілді қасиеттерді үлгі тұтады. Бұл қасиеттер мейірімділік, имандылық арқылы толысып, жетілетінін атап айтады.
Адамдық борышың
Халқыңа еңбек қыл,
Ақ жолдан айнымай,
Ар сақта, оны біл.
- деген сөздері Шәкәрімнің жоғарыда келтірген пікірлерімен тікелей жалғас, солардың қорытынды-түйіні деуге лайық.
Ұзақ жылдар барлық қүш-қайратын жұмсап, білім іздеген, ғылымды түсіріп, кейінгіге мұра етіп қалдыруды мақсат тұтады. Жасы ұлғайған шақта өнімсіз талас-тартыстан бойын аластатып, қалған өмірін оңаша, еркін творчестволық еңбекке арнағанды пайдалырақ көреді. Алайда, ақын идеологиялық қүрес-тартыстарға араласпай, қанша шеттесе де, тоталитаризмнің зардабын тартып, зансыздықтың құрбаны болды.
Шәкәрімнің асқан ақындық шеберлігі оның өлең өрнегін түрлендіру өнегесінен айқын байқалады. Абай «Сегіз аяқ» атты өлеңінде қазақ поэзиясына тыңнан қосқан өрнегі Шәкәрімнің назарынан тыс қалған жоқ. «Жастық туралы» өлеңінде Шәкәрім бұл өлең өрнегін жеңіл, ойнақы ырғақпен айтуға лайықты келтірген.
Өлең сөздің қадыр-қасиетін, қоғам өміріндегі маңызын терең түсінген Шәкәрім ақындардың алдына қойылатын міндет қаншалықты зор екенін тебірене айтады. «Ескі ақындық» атты өлеңінде Шәкәрім бұрынғы жырау, жыршылардың, суырып салма ақындардың шеберлігін, өнерпаздық өнегесін аса жоғары бағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |