1. 2 «Үркер» романындағы тарихи тұлғалардың берілуі Роман қазақ халқының басынан өткен аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды негізге ала отырып, нақты тарихи деректерге сүйеніп жазылған. «Үркердегі» аса құнды мәліметтердің бірі – Ақтабан шұбырынды кезінде жоңғарларға Ресей тарапынан көптеген зеңбірік пен оқ атар қару-жарақтың берілгендігі. Шығарма негізгі 4 бөліктен тұрады: Тығырық, Елшілік, Арбасу, Айқас. Үркер романы - қазақ елі басынан өткерген аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Жалпы, «Үркер» – аса қиын кезде жарыққа шықса да, қазақ тарихына қатысты көп құнды деректің көзі болып табылатын шығарма [7, 47-б.]. «Әбіш Кекілбаевтың бұл кітабы Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай жазылған... Шығарма халық тағдырының алды үмітсіздеу, белгісіз бір кезеңінде Әбілқайыр ханның орыс патшасына бодан болуға рұқсат сұрап, елші жіберіп, соның жауабын сарыла күткен күпті күйін суреттеуден басталған. ...Романда Қазақстанның Россияға қосылуының табиғи заңдылығы шынайы көрініс тапқан». Романдағы бүкіл оқиға дамуы, әрекет, өмір құбылыстары — бәрі де оның негізгі қаһарманы Әбілқайырдың көзқарасымен байланысты дамиды, соның ой-елегінен өте көрсетіледі. Осы тұрғыдан Әбілқайыр есімі романның екінші аты болуға да лайық. Әбілқайыр романда әр қырынан көрінеді. Ең алдымен, ол — хан тұқымы, сұлтан. Осы тұқымға тән билікқұмарлық, эгоистік сезімдерден де ол құр емес. Әбіш оның сұлтандық психологиясына да үңіле біледі. Оның көз алдына көкпен таласқан күмбез бен алдында жыртылып-айырылып тұрған қалың казақ елестеуі де осы сезімнің көріністері. Бұл — заңды да, хан тұқымының бәрінің басында болатын жай. Тұқым қуалаған хандыққа ертелі-кеш ие болатынын білетін олардың психологиясында соған тезірек жетуге құмарлық, өзімшілдік сезім басым болды. Олар қазіргі іс басындағы бауырларына қызғанышпен қарады, реті келсе, сол орынға тезірек жетуді қарастырды. Әкесін, туысын өлтіріп, хан болғандар бұл тұқымдарда аз емес-ті. Алайда, Әбілқайыр жаратылысы бұлардан өзгешелеу. Ол ішін тырнаған эгоистік сезімдерін баса біледі, бірден көзге түсіп, билікке де ұмтылмайды. Хан тұқымына, жалпы билік басындағы адамдарға тән данғойлықтан, кеудесоқ мінезден де аулақ. Өзін қарапайым, сыпайы ұстап, халықпен ойлы, салмақты қарым-қатынас жасайды. Көп ортасында болады, сөз тыңдауға, адам тануға ұмтылады. Әбілқайырдың бұл мінезінде хан тағына өзін іштей дайындау сезіледі. Оның осы жолдағы адамдық ізденістері, мінез-құлқын қалыптастыруы, толысуы ерекше қызықты. Романда сол кездегі ел өмірінің кең тынысымен астасып, жарқын бейнеленеді. Әбілқайырдың кедей деп кем тұтпай, Тайланды тең ұстап дос болуы — оның азаматтығын танудан туған білімділік. Тентек інісі Мамай Тайланға зорлық жасап, шұбар атын тартып мінгенде де, ол інісін жазалап, әділдік жағында қалады. Осыны байқаған Әйтеке би: «Төренің бағы — қарашаның қайраты. Қарымдыдан құрдас жиғаның жөн екен» — депті. Әйтеке сөзі хан тағына отырғаннан кейін де Әбілқайырға сабақ боп қалғаны аңғарылады. Роман оқиғаларына естелік күйінде, лирикалық шегіністер арқылы араласатын Төле, Әйтеке, Қазыбек билер бейнелерінде де әділдік аңсаған халық ойларының, даналықтың сипаттары жинақталған. Жалпы романда қазақтың халықтық қасиеттері, ұлттық психологияға тән жақсылық пен жиренішті кемшіліктер сүйсіне, қазыла айтылады. Олардың көбі аталған халық өкілдерінің көзқарасымен сұрыпталып беріледі.Әбілқайырдың Ресейге қол артуы, оған бағынуға ант беруі жалпы қазақ мүддесіне де, оның мұсылмандық салтына да, халықтық дәстүріне де қайшы емес екенін, оған қарсы болушылардың ойы тек түсінбестік пен бәсекелестіктен туғанын көрсетуге жазушы ерекше көңіл бөледі. Бұл қарапайым халықтардың мүдделестігінен, тіл табысуынан да танылады. Зердебай қызы Торғынның Костюковпен байланысын ханның орыстарға жағыну үшін ұйымдастырған ісі деушілердің жеңілісі де Әбілқайырдың үстемдігін танытады. Романда игі істің басында тұрған Әбілқайыр ханмен бірге бірталай батырлардың жарқын образдары жасалады. Олардың ішінде Бөкенбай, Есет, Жәнібек батырлар ерекше көзге түседі. Ел қорғау, кек қайтару жорықтарында ерлігімен көзге түскен бұл батырлар нағыз халық қамқорлары ретінде суреттеледі. Ел тағдырын Әбілқайырмен бірге ойлап, оның идеясының іске асуына тілек те, білек те қоса біледі. «Үркер» — реализмі бай шығарма. Онда сол кездегі қазақ қоғамының өмірі, оның көрші елдермен тартысты тіршілігінің алуан түрлі шындығы терең суреттелген. Жазушы тарихи оқиғалар ізін сақтай отырып, сол арқылы ел тағдыры, халық өмірінің кешегісі, бүгінгісі, ертеңі жөнінде ойланады. Әбілқайыр ұстаған жолдың көрегендігін дәлелдейді. Романда қазақтың ұлттық ерекшеліктері, халықтық салт-санасы, ұғым-түсініктеріне қатысты материалдар мол келтіріледі. Автор жақсыны мадақтай, ұнамсыз жайларға сын көзімен қарай жазады. Әсіресе Мәртебе, Құлтөбе, Ордабасы жиындарындағы үш атыраптан бас қосқан елдің думанды мерекесі — реалистік бояуы қанық суреттер. Осы жиындар мен ондағы ел тіршілігі, аға билердің өнегелі сөздері халық санасында қалыптасқан шешендік өнер поэтикасына негізделеді. Роман айтар ел тағдырына қатысты ақылды ойлар, халықтың мінез-құлқы сол елдің мекені болған даланың кеңдігін бейнелейді. Халықтық характерлерде де осындай сипат басым. Ерлік те, сөз ұстар тапқырлық та сол ортаның шындығынан туады. Бұл роман қазақ елі өміріндегі аса қиын, асулы кезеңдерді қамтитын, әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін әңгіме ететін кең шығарма. Тарихи тақырыбы мен атқаратын идеялық рөлінің маңызы жағынан да, көркемдігі мен тіл тартымдылығы жағынан да "Үркер" романы қазақ әдебиетінің нағыз төрінен өзіне лайық орын алған құнды шығарма
1.3 «Аңыздың ақыры» романындағы тұлғалардың көркемдік образдары Философиялық суреттеу тәсілі – Ә. Кекілбаевтың сүйіп қолданатын тәсілі. Ұлтының кешегі, бүгінгі болмыс-бітімін, рухани әлемдегі психологиялық, әлеуметтік, этикалық, адамгершілік менталитетін суреттей отырып, өз кейіпкерлерін барлық қырынан аударып-төңкеріп, қырнап-жонып, бүгіп-жазып дегендей жете танытып, қилы мінездер галереясымен армансыз жүздестіреді. Аңыздың ақыры» романы аңыздың ізімен жазылып, ондағы оқиғаны философиялық-психологиялық астармен өрбіткен жазушы Әбіш Кекілбаевтың шебер жазылған туындысы екені баршаға мәлім. «Аңыздың ақыры» романында мұнара туралы аңыз идеялық-адамгершілік жүк көтеріп, шығарманың негізгі арқауына айналады. Мұнара – өз бойына негізгі идеялардың кешенін жинақтап ұстаған романның басты символы (махаббат, мейірімділік, өнер, әлем мен адам жанының құпиясы) және романның композициялық қазығы. Шығармада болып жатқан барлық оқиға түрлі деңгейде мұнарамен тығыз байланысты және оның қатысуымен өтеді. Мұнара бейнесі романда эволюцияға ұшырайды, алуан қырымен, мінезімен көрінеді, негізгі кейіпкерлердің характерлеріне орай трансформацияға ұшырайды. Ол – романдағы басты романтикалық қаһарман Жаппар махаббатының символы. [8, 9-б.]. Әуелде «Махаббат мұнарасы» деген атпен шыққан «Аңыздың ақыры» романында өткен кезеңіміз бен түрліше дәуірдегі әлеуметтік құрылым, халқымыздың мәдениеті мен, рухани дүниесі аса шеберлікпен суреттелген. Бұл шығармада Әміршінің мінез-құлық бітімін түбегейлі суреттеу ұлттық психологиядағы ойлылық пен парасаттылық тәрізді қасиеттерді бейнелеп, дала даналығының данышпандығын ұсынады. Көкірегінде түйсік, саңылауы бар кісі түбі өз арының алдында бір есеп беруге тиіс. Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында (1974) жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған шексіз билік иесі, ұлы ханды осы күдік пен күмәнға бүргедей талаттырады. Бұл шығарманың да оқиғалары Алтын Орда дәуірлеп тұрған кезеңді қамтиды. Профессор Р.Бердібаев: «Оқиғалар мен адамдардың іс-әрекеті, мінезі, дүниетанымы, этнографиялық белгілердің молдығы, бұл шығарманы тарихи романдар қатарына қосады», – деп нық тұжырым жасаған. Белгілі ғалымның «Аңыздың ақырын» тарихи роман қатарына қосуының да өзіндік себебі бар. Жазушы нақты тарихи деректен, оның шым-шытырық оқиғаларынан саналы түрде бой тартып, ең негізгі мәселе – сол тартысты тудырушы қоғамдық-тарихи себептерге, солардан өрістейтін салдарға ден қояды. Бұл романда бар қырынан мүсінделетін Алмас ханды ғалымдар, жазушылар, оқырмандар әйгілі Ақсақ Темірдің өзі болмаса да егізінің сыңарына балаған. Образ табиғатына бойласақ, мұнда суреттелетін Алмас хан ес біліп, етек жаппай жатып ірі феодалдардан етекбастылықты көп көріп, азап, қорлық, мазақтың ми батпағынан өз қажыры, ерлігі, айласы, өткірлігі, жанкештілігі, қайсарлығы арқасында босанып шығып, қаһан дәрежесіне көтерілген. Ол – Шыңғыс хан; досына, дұшпанына алмас қылыш болған Батый; қу да залым, екіжүзді, аяушылықты білмейтін Берке; саясатқа жетік, көреген, алды кең, айбары мығым Жәнібек хан, құлағын жымып, жауына жасын боп тиетін қабыландай Баязит сұлтан сияқты билеуші батырларға тән қасиетті бір бойына тоғыстырған типтік бейне. «Мұнара» аталатын бөлімде автор Жаппар өміріне шегініс жасайды. Ортөбелік құмырашы ұлын ертіп, Ахмет саудагердің үйіне келіп, мешіт салып жатқандардың қатарына қосады. Жаппардың көз алдында әкесі көк жөтел болып өледі де, баласына «шаһардан кетпе» деп өсиет айтады. Мұны неге айтқанын Жаппар толық ұғынбаса да, әке аманатын орындап шаһарда біржола қалады. Әйтсе де, мұның аяғын немен тынарынан ол күні бейхабар еді. «Махаббат» аталатын романның үшінші бөлімі – романның шарықтау шегі. Әмірші келгенде мұнара бітіп тұрсын деп шеберге өзіне ұқсаған бір нөкер қызын жіберіп, өз арын сақтап қалғанмен, Әмірші жазасынан бәрібір құтыла алмайды. Соңғы үш айда Әміршінің өзіне бір кірмеуі – Кіші ханым үшін қатал үкімге айналды. Оның ішқұса боп, азып-тозуы да сондықтан. Ал оның бар айыбы – мұнара салдырғаны. Сол мұнарада пәк сезім, адал, ақ махаббаттың менмұндалап тұрғаны үшін Кіші ханым да, шебер де өз жазасын алады. Шебердің екі көзі ойылып, тілі кесіледі. Істің басы-қасында жүрген бас шебер де бұл жазадан аман қалмайды. «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген жазумен өзі салған зындан оның өз басына сор болады. Әмірші «басқа шаһарда мұндай мұнара салынбасын» деп шешеді [11, 75-б.]. «Аңыздың ақыры» бөлімінде Әмірші бойындағы арпалысқа, жанын жегідей жеген күйзеліске кезігеміз. Оның бір күні түсіне Мекке-Мәдине кіріп, жан даусымен «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін!», деп айқай салып оянады. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр!», деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ, тірсегінен қағып өтіп, шыр көбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген Қағбаның қасиетті қара тасы бұған бәрібір жеткізер емес. Романдағы кейіпкерлер – Ұлы Әмірші, ханым, шебер іс-әрекеттерімен емес, көбіне көңіл-күйлеріндегі күйзелістерімен, жан әлеміндегі арпалыстарымен, ішкі буырқаныстан сыр берер бет-жүздегі, мінез-құлықтағы, сезімдік құбылыстарымен көрінеді. Аңыздың ақыры» романы аңыздың ізімен жазылып, ондағы оқиғаны философиялық-психологиялық астармен өрбіткен жазушы Әбіш Кекілбаевтың шебер жазылған туындысы екені баршаға мәлім. Атағы жер жарған Әмірші де кезінде әмір әскерінің көп сардарының бірі болған. Сол көптің бірін осындай даңқ пен дақпыртқа, атаққа жеткізген – қанағаттанбаушылық сезімі еді. Алайда адам бойындағы осындай алапат сезім, күш-қуатын қайда, қандай мақсатта жұмсалуына қарай нәтижесі де әр-түрлі болмақ. Романның басты үш кейіпкеріне үш бөлім арналған, үшеуінің тағдыры да, ішкі өмірлері де, жан сезім арпалыстары да, тіпті тіршілік тыныстары да сан алуан, жас мөлшері де әртүрлі. Бірақ оларды ортақтастырып тұрған – жай мұнара, махаббат мұнарасы, бір-біріне деген ішкі, құдіретті де құпия іңкәр сезімдері ғана. Романның бас кейіпкері — ұлы Әмірші «Күй» повесіндегі Жөнейітпен, «Ханша-дария хикаясы» повесіндегі Шыңғыспен іштей де, сырттай да біраз үндесіп жатады, бірақ бұл шығармада шексіз билік пен билік құмарлықтың адамшылық философиямен әсте сыйыспайтындығы айқынырақ, тереңірек суреттеледі. Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе Аңыздың ақыры» романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады.
Достарыңызбен бөлісу: |