Шаһкәрімдік «айнымайтын ақ жүрек» концепциясы



жүктеу 115.9 Kb.
Дата30.06.2016
өлшемі115.9 Kb.
Шаһкәрімдік «айнымайтын ақ жүрек» концепциясы
А.Б. Салқынбай - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Алматы. asalkbek@ mail.ru

Мақалада Шаһкәрім шығармаларындағы «жүрек» ұғымы концептік, когнитологиялық теория тұрғысынан ғылыми талдауға түседі. Мәтінді нақты түсіну үшін жеке сөздің мағынасын ашу толық нәтижеге жеткізбейді, сөз мағынасы сөйлеу әрекетінде әр алуан мазмұнға ие болып, автордың ішкі ойын таңбалауға қызмет ететіндігі жүйелі дәйектеледі.. Шын сөз шеберлері сөздің бұрын белгілі емес мағыналарын ашып, жаңа сема жасап, тілдік дамуды жетілдіреді. Нақты мысалдар арқылы автордың жеке шығармашылық құдіретін сезіну мен мәтіндегі ойдың терең мазмұнын пайымдау қажеттігі зерделенеді.

Мәтін өзінің айтылу жүйесі мен формасы жағынан жазба түрінде де, ауызша айтылу түрінде де болатыны белгілі. Мәселе, мәтіннің тұлғалық валенттілік негізде байланыстылығында, ішкі мазмұны мен мәнінің семантикалық тұтастығында, ең бастысы қабылдауға сәйкестілігінде. Мәтін теориясындағы басты мәселенің бірі – оның канондық сипатының сақталуы. Бұл тұрғыдан Шаһкәрім өлеңдерін текстологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі анық, әрі болашақ өз зерттеушісін күтіп тұрған өзекті және іргелі мәселе.

Тіл білімі мәтіндегі мәтін түзуші лексикалық, синтаксистік құралдарды, интонациялық сипатты т.б. қарастырып қана қоймайды, сонымен бірге жалпы аялық білімді, немесе “коммуникативтік аяны” да зерделейді. Яки сөз мағынасының мәтіндегі мәнін анықтап, оны қабылдаудың пресуппозициялық байланысын көрсету де қажет іс. Пресуппозицияны ғалымдар1 “это компонент смысла текста, который не выражен словесно, это предварительное знание, дающее возможность адекватно воспринять текст” – деп атайды.

Мәтінді нақты түсіну үшін жеке сөздің мағынасын ашу толық нәтижеге жеткізбейді, сөз мағынасы сөйлеу әрекетінде әр алуан мазмұнға ие болып, автордың ішкі ойын таңбалауға қызмет етеді. Шын сөз шеберлері сөздің бұрын белгілі емес мағыналарын ашып, жаңа сема жасап, тілдік дамуды жетілдіреді. Мұндайда танымымызда қалыптасқан аялық білім көмектесе алмайды, автордың жеке шығармашылық құдіретін сезіну мен мәтіндегі ойдың терең мазмұнын пайымдау қажет.

Сөз мағынасын сөйлеу әрекетінде зерделеу сөзді коммуникативтік тұрғыдан негіздеп жүйелеуге бағытталған семасиологиялық бағыттың дамуына алып келеді. Шаһкәрім ақынның өлеңдерін лексика­ грамматикалық аяда анықтап, ондағы сөз таптарының, сөйлем мүшелерінің грамматикалық тұлғаларын дәстүрлі құрылымдық жолмен талдап, оларды санаудан гөрі, жеке мағына құрылымының нақты коммуникативтік әрекетке, сөйлеудің белгілі бір коммуникативтік міндетіне бейімделуімен ерекшеленетінін саралау маңызды. Ақынның “Өкінішті өмір” атты өлеңінде мынадай жолдар бар:


Менің биім – өзіңнің ақ жүрегің,

Сөзіңді ұқ та, дауыңды айт, соған жүгін.
... Таза болсаң, ондайға жоламай өт.

Ақ жүрегің ақтаса, құтылып кет.

Оған болмай құтырсаң, өз сазайың,

Итпен бірге ит болған сен де төбет!
Мұндағы басты ойды түсіну үшін, алдын ала халықтық дүниетанымда қалыптасқан әр сөздің мағыналық астарында топшыланатын ой мазмұнын, аялық білімді аңғару абзал. Басқаны былай қойғанда, “Би”, “ақ жүрек”, “дау”, “жүгіну”, “ит” сөздерінің негізгі мағынасы мен контекстік мағынасын айырып, ерекше семаның жүгін таразылау қажет. Дауды шешудің биі, адал шешімді шешуді ақын жай жүрекке емес, ақ жүрекке тапсырады. Тек ақ жүректің адал үкіміне сеніп тапсырады. Ақ жүректің айтқанына сенбесең, итпен бірге ит қана емессің, төбетсің. Өйткені ақ жүректен басқа, одан жоғары қоятындай дауды шешетін “сот” бұл фәниде әзірге жоқ. Ана тілінде аялық білімі толық кісі бұл өлеңнің мәнісін түсініп, ден қояды. Ал осы өлеңді өзге тілге аударып байқар болсаңыз, сонда аялық білімнің өзіндік ментальдық ерекшелігі болатынына көз жетер еді. Ұлттық дүниетанымды анықтайтын аялық білім туралы мағлұматы болудың мәтінді түсінудегі маңызы ерекше.

Шаһкәрім мәтінде келтіріп отырған “ит”, “төбет” сөздерінің “ит жеті қазынаның бірі еді” деген ұғыммен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұндағы “ит” ең жаман, түсінігі мүлде жоқ, ақ жүректі ести алмайтын малғұн деген мағынада қолданылған. Яғни, келтірілген мәтінде толық түсініп оқу үшін, кең мәдени­танымдық ақпарат, ұлттық ментальдылықты анықтайтын атаулардың семантикалық құрылымын терең білу қажеттілігі аңғарылады. Кең мәдени­танымдық ақпарат жазушы үшін де, оқушы үшін де қажетті аялық білімді туғызады.

Мәтінді бұл тұрғыдан қарастыру сөздің “коммуникативтік әлеуетіне” иек артады. Атаудың коммуникативтік әлеуетіне оның негізгі денотаттық және сигнификаттық мағыналары, лебізде бірге келетін синтагматикалық және парадигматикалық байланыстары, оған тән ассоциативтік, бағалауыштық т.б. сипаты кіреді. Атаудың коммуникативтік әлеуетінің лебізді немесе мәтінді түсінудегі маңызы ерекше. Себебі тілдік қарым­қатынастың өзі осы коммуникативтік әлеуеттің негізінде жүзеге асатыны белгілі жайт. Халықтық тілде қалыптасқан ұғымдар мен олардың мағыналары арқылы өрнектелген өлең жолдарынан “жүректің” концептік қырын саралауға болар еді. Ғалым Ж. Манкеева2 атап көрсеткендей, “Тілдегі мазмұнның сақталуы оның куммулятивтік қызметіне тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз байланыста болып, тұтас күйіндегі когнитивті парадигма құрайды”. Ал мәтінде “тілде сақталған осы мазмұнның” бір бөлігі ғана анық көрініп, жазушы не ақынның мақсатына сай, әралуан контекстік қызмет атқарып, ақындық дүниетанымға сәйкестендіріледі. Мәселен:
Сен бола гөр аққа жақ,

Болам десең адам

Адал еңбек берер бақ,

Бассаң соған қадам.

Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды адамның

Таппасы жоқ бұл өмірде, осынымды ұқ, балам!
Өсиеттей айтылған өлең нық, нақты айтылады. Бұлай болуына әрбір өлең жолының дауыссыз дыбысқа адам, қадам, балам болып аяқталуының да әсері жоқ емес. Халықтық таным мен ақындық таным ұштаса келіп, таңбалаушы тұлғалар арқылы берілетін мағына мен мазмұн арасына коммуникативтік әлеуеті арқылы анықталатын түсініктен тыс сема қосылмайды. Ой түсінікті, өлеңнің айтары өз тыңдаушысына толықтай, қиындықсыз, қалыптасқан халықтық аялық білім негізінде жетеді. Танымның субъектісі – қоғамдық жан иесі – адам, ал нысаны – өмір, тіршілік. Тіршілікте кез келген субъектінің іздері – адам болу; ал оның негізгі механизмін Шаһкәрім ақын көрсетіп берген: адал еңбек, айнымайтын ақ жүрек пен таза ақыл. Бұған кімнің дауы бар? Бірақ қайсымыздың қолымыздан келіп жатыр, кімдердің қолынан келмей жүр? – басты сауал осында. Қоғамдық қатынастың түрі өзгерер, шарттары жаңарар, алайда, Болам десең адам дегеннің Шаһкәрімдік шарты өзгеріссіз қалады. Сыр сөздер халықтық танымнан мол ақпарат беріп, лексикалық бірліктер бойына жинаған білімді аша түседі. Аққа жақ болу, адал еңбек, бақ, айнымайтын ақ жүрек, таза ақылды адам, өмір сөздерінің ішкі мағыналық құрылымында жинақталған аялық білім арқылы ұлттық­танымдық ой астары көрсетіледі.

Аққа жақ болу – ерекше семаға ие болған фразема. “Ақ” сөзі күрделі ұғымды білдіретін атау, көне архисемасы тұрғысынан жарықтың баламасы, өмір беруші бастама, жақсылық, тазалық, үміт. Аққа жақ болу – барша жақсылық, әділдік, туралық, тазалық, сенімділік т.б. жағында бол деген мағынаны таңбалайды.

Балам” тұлғасының қаратпа сөз ретінде келуі адресаттың нақтылығын, даралығын әрі жалпылығын (жалпы бала әркімнің жеке баласы!) көрсету үшін, жанама экспрессивтік қызмет атқару үшін жұмсалған. “Осынымды ұқ, балам!” деу арқылы сөзді адресатқа арнап, оның барлық назарын айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды адамның, таппасы жоқ бұл өмірде екеніне аударады. Бұл өлеңдегі негізгі мақсат та осы. “Балам” сөзінің қаратпалық қасиеті арқылы автор айтар ойын тыңдаушыға толық жеткізеді, сөздің стильдік бояуын арттырады. Бауыр еті баласына ата­ананың ойлайтыны тек жақсылық, осы реттен балам сөзінің жұмсалуы өлеңдегі ойға сенімділік, айқындық, жақындық, жылулық дарытады.

Шаһкәрім шығармашылығының сыры тереңде жатыр. Оның “жүрек арқылы” ашатын сыры бөлек. Мұнда коммуникативтік әлеуеттің қармағына түсе қоймайтын жаңа мағыналық құрылымдар мен мәндік иірімдер бар. “Жүрек” – ақиқатты танып­білудің кілті, жанның тек өмір сүруінің емес, сондай­ақ жан болмысын ашар кілт. Ұлы Абай хакім:
Жүректің көзі ашылса,

Хақтың түсер сәулесі.

Іштегі дертті қашырса,

Адамның хикмет кеудесі, – деп жазса,
Шаһкәрім:
Жасырып тұр жар өзін,

Бас көзімен қарама

Жүрегіңнің аш көзін,

Жанның сырын арала.
Көрем десең жарыңды

Мас бол, жүрек тазала.

Өртеп жібер барыңды,

Қарсы ұмтылып қазаға.
Келтірілген мәтіндегі “жасырып тұр жар өзін, бас көзі, жүрегіңнің көзі, мас бол, жүрек тазала” сияқты тұлғалар арқылы берілетін ақпараттық білім аясы кез келген оқырманға бірден түсінікті болмайды. Себебі қазақ тілін ана тілі ретінде жақсы білетін оқырман үшін аялық білімдегі ақпаратта мұндай қолданыстар кездеспейді, болса да мүлде өзге мәнде жұмсалады. Вербальдану тұрғысынан көрініс таппайтын аялық білім тек ақынның кең дүниетанымын меңгеріп, сыр сөздерін түсінгенде ғана, мәтіндегі жалпы мазмұн арқылы нақты ішкі мәнін ашады.

Жар” тура мағынасында емес, авторлық тосын (окказионалдық) қолданыста жұмсалады.


Менің жарым қыз емес,

Хақиқаттың шын нұры,–
деп ақын өзі түсіндіргендей, хақиқаттың шын нұры – Алланың нұрын бас көзімен емес, жүрек көзімен тану керек екен. Жүрек көзімен өз жаныңның сырын барлау, өзіңді өзің тануға әкелмей ме?! Жан сыры, жүрегіңнің көзі, мас бол, жүрек тазала деген сөз тіркестерінің мағыналары да мәтіндегі жалпы келтірілетін ойдың негізінде бірте­бірте ашыла түседі.

Мәтіндегі аялық білімнің сипаты жеке авторлық білім аясында болып, бірте­бірте өзінің қолданылу, қабылдану шеңберін ұлғайтып, көкжиегін кеңейте түскен деуге негіз бар.

Аялық білімнің мынадай типтерін анықтаймыз:


  • әлеуметтік аялық білім: әңгімеге қатысушыларға мағынасы мен мазмұны, түсінігі мен ақпараттық мәні толық түсінікті болады;

  • ұжымдық аялық білім: мамандығы мен әлеуметтік жағдайына, кәсібіне қатысты қалыптасады;

  • жеке аялық білім: қарым­қатынас құралы ретінде жұмсалатын тұлғалардың мағынасы мен мәні тек жекелік сипатта болады.

Бұл типтерге бөлінген аялық білімнің қатынасы қатып қалған құбылыс емес, олар бірінен екіншісіне оңай алмасып отыруы ықтимал.

Шаһкәрім ақынның жеке қолданысындағы көптеген сөздердің мағыналық мәні жеке аялық білімнен ұжымдық немесе әлеуметтік аялық білімге ауысып жатқаны анық. Көркем мәтіннің халық арасында кеңінен таралуы, ондағы жеке аялық білімнің әлеуметтік аялық білімге алмасуына көп көмегін тигізеді. Жеке аялық білім астарлы сөзді туғызады. Сөз астарын пайымдау үшін, оның негізгі айтайын деген ойы мен дүниетанымдық келбетін саралау қажет болады. Мас болу, жар сөздерінің астарында жатқан ұғымдар авторлық, кейін ұжымдық қалыптасқан аялық білімді туғызды.

Көне грек жұртында жүрек сөзі тек тура мағынасында ғана емес, сонымен бірге жан, көңіл, көзқарас, ой, ақыл, пікір деген мағыналарда жұмсалған екен. Ал көне түркі тілінде “жүрек” сөзінің мағынасы көпмағыналылық сипат алған. ДТС­та3jurak” – жүрек; alp qolum erdеm juragim (алып қолым, ер жүрегім). Жүрек сөзі арқылы – jureklan, jureklik, jureksiz атаулары жасалған. Көне түркі тілінде жүрек сөзінің тура мағынасымен бірге батыр, ер жүрек, мықты, қорықпайтын, күшті деген ауыспалы мағыналары жиі жұмсалған. Мысалы: su baslar kor erga jurek ked kerek (әскер бастар ерге мықты жүрек керек); er jureklanli (ержүрек) т.б.

М. Қашқаридың “Мисал кітабы” бөлімінде: “Жүрек”, “жүреклік” ­ жүректі, батыр тұлғалары көрсетілген.

Халықтық дүниетанымда жүректің адам өміріндегі маңызы әлдеқашан­ақ анықталып, нақтыланып, белгіленген. Жүрек башқұрт тілінде “мотор” деп тегін аталмаса керек. Жүрек қызметінің дұрыстығы – адам баласының физикалық және рухани өмірінің ырыс­берекесінің кепілі. Күнделікті өмірде “жүрегім ауырды”, “ет жүрегі елжіреді”, “жүрегі соқты”, “жүрегі селт етті”, “тас жүрек”, “ақ жүрек”, “жүрегінің түгі бар”, “жүрек жылуы”, “жүрек сыры”, “ер жүрек”, “тас жүрек”, “қоян жүрек” т.б. сияқты сөздер мен сөз тіркестерін жиі жұмсайтынымыз бар. Жүрекке қатысты “жүрек қуанады”, “жүрегі жібіді”, “жүрегі жылыды”, “жүрегі айныды”, “жүрегі алып ұшты”, “жүрегі түршікті”, “жүрегі жылады”, “жүрегі сезді”, “жүрегі қобалжыды” сынды сан қырлы ұғымдардың таңбалануы кездеседі. Жүрек ­ денотат. Оған қатысты денотаттық та, сигнификаттық та ұғымдар аталады, таңбаланады. Мұның өзі жүрек ұғымының екі түрлі танымдық қабылдануымен байланысты болса керек: 1) қан айналу жүйесінің көкірек қуысының сол жағына орналасқан басты органы; 2) ауыспалы мағынасы. Кісінің жан дүниесі, рухани сезімі.4

Қазақ тілінде “жүрек” сөзінің “кісінің жан дүниесі, рухани сезімі” ұғымы негізінде жасалған атаулардың саны әлдеқайда көп екеніне көз жеткізу қиын емес.

Абай 14-қарасөзінде: “Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұл – жүрек ісі. Асықтық та жүректің ісі” - дейді. ...Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады...” – дейді5. Жүректің қызметі мен иннервациясы (лат. in – ішкі, нерв – жүйке; ағза мен ұлпаларды нервпен қамтамасыз етіп, орталық жүйке жүйесімен байланыстырушы) таң қаларлықтай бай және күрделі. Ол нерв жүйесінің керемет талшықтар желісімен қапталған және солар арқылы бастағы ми мен жұлынмен байланысады. Әлемдегі барлық жан иесінің өмірінде аса маңызды рөл атқаратын осынау “талшықты ет жүректің” қасиеті мен өзіндік болмысы ғылымда толық ашылып болды ма, болмады ма, кім білсін.

Шаһкәрім жырларында “жүрек” атауы әртүрлі мағынада қолданған.


Ақ жүрек пен таза ақыл,

Қылсаң, адал еңбек,

Бәрінен де сол мақұл –

Артқыға жол бермек.

Арсыздардың түкке тұрмай арам ойы жойылып,

Аяғында хақиқатты бұл үшеуі жеңбек.
Өлеңді оқып шыққан әрбір адал жан “аумин” дер еді. Ақ жүрекпен адал еңбек етіп, таза ақылды тыңдар болсаң, ақырында жеңерсің дейді өлең жолдары. Ақындық басты концепция осыған құрылған. Осы концепция ақынның бүкіл шығармашылығының негізіне айналған.
Айнымайтын ақ жүрек пен таза ақылды адамның

Таппасы жоқ бұл өмірде, осынымды ұқ, балам.
Шаһкәрім шығармашылығында таза ақыл мен ақ жүрекке, адал еңбекке ерекше орын берілген. “Жүрек” сөзі орталық сезім ағзасы ретінде ғана емес, негізінен, танымның, ойдың, рухани әсерді қабылдаудың көзі, бастауы ретінде аталады. Ғылыми зерттеулерде қарастырылатындай, жүрек – ең жоғарғы танымдық, адам баласының Алламен, Мәнмен байланысын қамтамасыз ететін ағза.

““Адамның еркі қайда?” деп ақылдан сұрағаным” өлеңінде:


Шын жаным,

Қорғаным –

Жалғыз сен, ақыл,

Жүрегім,

Тілегім –

Шын менен мақұл.

Ақыл үшін құрбан барлығым,

Анық ұқсам жарлығын.


Ақыл – жалғыз қорған. Ақыл – шын. Ал жүрек – ақылды тыңдап, Шынды тілесе, сол мақұл. Ақыл үшін өзге дүние құрбан. Ақыл мен жүректің қасиеті туралы Паскаль былай деп жазады: “Разум – действует медленно, принимая во внимание столько принципов, которые всегда должны, быть налицо, что он поминутно устает и разбегается, не имея возможности одновременно удержать их. Чувство действует иначе: оно действует в одну секунду и всегда готово действовать”.

Ал Абайда қалай еді? Он жетінші қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгінгенде, жасалатын түйін: “Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқаныңа жаны­діні құмар болады. Көнбек түгілі қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді, Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығады. ...Осы үшеуің басыңды қос, бәрін жүрекке билет”6. Бұл аталған екі пікірдің арасынан біз қайшылық емес, жақындық табар едік. Мәнісі, ақындардың ақыл, жүрек деп атап отырған ұғымдарын философиялық тұрғыдан емес, этикалық тұрғыдан зерделеу қажет. Сонда негізгі айтар ойдың желісіндегі имандылықтың ортақ категориялды белгілері анықталады. Ерекшелік дегеніміз – өзгешелік немесе әлемнің мәңгілік мәніндегі даралық. Осы даралық Шаһкәрім мен Абай өлеңдеріндегі ерекшеліктер арқылы сараланып, ұлылықтың мәңгілік мәнін ұқтырады. Таным туралы түсінік пен адам баласының рухани өміріндегі сан алуандылық философия ілімінде қалыптасқан қағидаттардың, доктриналардың аумағына барлық уақытта бірдей сия бермейді. Өйткені біз білетін философияда кез келген шындық болмыс танылады, адамның танымдық қабілетіне сәйкес келеді делінеді.



Резюме:
В статье даются теоретические анализы на концепту «сердце».
In article theoretical analyses on концепту "heart" are given.


1 Валгина Н.С. Теория текста. М., 2­стр.


2 Манкеева Ж. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері. \\Тілтаным. 2001, № 4, 39-43 бет.

3 Древнетюркский словарь. М. 286-стр.

4 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 1979, 4-том. 265-бет.

5 Абай. Екінші том. – Алматы, 1995.


6 Абай. Қара сөз. Поэмалар. Ел. Алматы, 1993, 39­40 бет.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет