Шешендік – интеллект көрсеткіші: концептуалдық талдау



Дата21.06.2016
өлшемі118 Kb.
#151544
ШЕШЕНДІК – ИНТЕЛЛЕКТ КӨРСЕТКІШІ:

КОНЦЕПТУАЛДЫҚ ТАЛДАУ
Айна МаратқызыРахимова

Абай атындағы ҚазҰПУ Магистратура және PhD докторантура институты

Интеллект концептосферасы – бүкіл жаратылыстағы мән-мағынасы (биофизиологиялық, психологиялық, философиялық, логикалық, лингвистикалық) толығымен ашылмаған ғылыми арна. «Интеллект» концептісі – ғылымдағы ең көне әрі ең жас ұғым. Себебі, ол адамның жаратылысымен бірге қалыптасып, бүгінгі күнге дейін бірге тарихи кезеңдерді артқа қалдыруымен қатар, әлі де қаншама ғылыми аспектілерднің «назарында» жүр. Қазіргі таңда адамның интеллектуалдық қабілетін сипаттайтын тілдік бірліктерді концептуалдық тұрғыдан қарастыру өз жалғасын табуда. Ендігі ретте мағыналық, концептуалдық, аспектілік қызметі көпқырлы болып келетін интеллектінің ментальдық сипатын көрсету – қазіргі ғылымның талабы.

«Интеллект» концептісінің мағыналық-ақпараттық өрісі өте кең. Бұл – әлемнің кез келген халқында, ғылым кеңестігінде қалыптасқан тұжырым. Дегенмен, әр халықтың ментальдық ерекшелікеріне байланысты тілдік бірліктерінде, қолданысында, концептуалдық өрісінде айырмашылықтар, тек өзіне ғана тән белгілер болатындығы да ақиқат. Осыған байланысты қазақ тілідегі «интеллект» концептісінің лингвомәдени мәнін ашуды мақсат етіп отырмыз.

Ресейлік зерттеуші В.И. Убийко «адам» концептісін зерттеу барысында жалпы когнитивтік тіл біліміне бет бұрған ғалымдар үшін маңызды тұжырым жасаған. Оның пайымдауынша, тілдегі мағыналық ортаның өзін танымдық-тұжырымдық сипатына қарай суперконцепт, макроконцепт және базалық концепт деп бөліп қарастыруға болады: «Суперконцепты, макроконцепты и базовые концепты представляют собой объемные ментальные образования, вбирающие в себя не только инвариант значений репрезентирующего слова, но и инвариант его словообразовательного гнезда и одновременно семантического поля. Этот объем заполняет его параметры. Чем больше параметры, тем больше объем концепта» [1; 37]. Бұндай пікірді зерттеуші А.В. Крюков: «Неғұрлым ауқымды ментальды тілдік бірліктер – суперконцептілер, одан төменгі қатардағылар – макроконцептілер, ал олардың құрамына енетіндер – қоршаған орта туралы белгілі бір түсінік қалыптастыратын базалық концептілер», [2; 22] - деген оймен нақтылап, түсіндіріп өтеді. Біздің ойымызша, ұғымдарға концептуалдық талдау жасауда осындай нақты топтастырулар қажет. Мәселен, біздің зерттеу нысанымыз «интеллект» концептісі – «адам» суперконцептісінің аясына енетін макроконцепт болмақ. Ал біздің бұдан бұрынғы зерттеуімізде аталып өткен ақыл, сана, білім, ғылым, тәжірибе, мәдениет ұғымдары – базалық концептілер..

Тілімізде аталған базалық концептілердің қатарын толықтыратын «шешендік» ұғымы бар. Шешендікті «интеллект» макроконцептісінің өрісіне енгізуге негіз бар деп есептейміз.

«Шешендік» ұғымы қазақ халқының тарихымен, тілімен, тұрмыс-салтымен тығыз байланысты. Мәселен, ел тарихындағы билер институты, шешендік өнер мұралары және олардың қазақ халқы жадынан еш арылмай, бірге өмір сүріп келгендігі осының айғағы.

Жалпы, ғылыми жағынан алғанда шешендік өнер (риторика) ежелгі гректердің қалыптастырған мектебінен бастау алады: ол заманда, тарихтан белгілі, шешендер арнайы мектептерде оқып, сөзуарлыққа дайындық кезеңдерін бастарынан кешірген, білім қорларын байытып, содан кейін шешен дәрежесін иемденіп, елінің игілігіне қызмет жасаған. Ал қазақ халқының шешендік өнері тарихына көз салсақ, мүлдем басқаша қалыптасып, дамыған. Шешендік өнер – қазақтың жаратылысына тән, ұлттық өнері. ХІХ ғасырда тіліміз бен әдебиетімізді меңгеріп, зерттеу жүргізген В.В. Радлов өз жазбаларында: «...Мені бұған итермелеген (қазақ халқының әдебиет үлгілерін молынан жинау – А.Р.) тағы бір жай қазақтардың басқа тайпаларынан суырып салып айтуға ұста, тамаша шешендігімен ерекшеленетіндігі болды» [3; 18] деген пікір қалдырған.

«Қазақ шешендерінің сөз майталманы ретінде қалыптасуы, өнерін өсіріп, шешендіктерін шыңдауы арнаулы оқу орнында, шешендік өнер мектебінде, ұстаз алдында емес, сахаралық тұрмыс-салт жағдайында өткен. Арнаулы мектеп, үйретуден жалықпаған арнаулы ұстаз жоқ сайын даланың төсінен шыққан алуан шешендердің, билердің сөздері бүгінде қазақтың өзін де, өзімен өзектес басқа жұртты да таңқалдырмай қоймайды» [4; 84].

Осындай халқымызға берілген аса бағалы өнер – шешендікті адамның ақыл-ойының ең басты көрсеткіштерінің бірі екендігі дау тудырмайды. «Ақыл кез келген кісіде, кез келген атақты ғалымда болады. Ақыл-ойдың кемелдігінсіз ғылым да жоқ, ғалым да болмақ емес. Бірақ ақыл-ойдың тереңдігі немесе кемелдігі мен алғырлығы – екі түрлі категория, екі бөлек ұғым. Ғылым мен білім ақыл-ойды арттырып, жетілдіре түскенімен, ақылдың алғырлығына тікелей ықпал ете алмайды. Ақылдың алғырлығы ғылым мен білімге тәуелді емес. Ғылым мен білім ақылға алғырлық қасиетті бере де алмайды, дарыта да алмайды, өйткені ақылдың алғырлығын адамға табиғат қана сыйлайды. Ақылдың алғырлығын шешеннің туа біткен талантының басты қасиеті ретінде танудың себебі осында» [4; 94].

«Шешен» сөзі, біріншіден, сөзге ағып тұрған, қызыл тілді, тілге жүйрік адам, екіншіден, <лат. orator> шаршы топ алдында тапқырлық танытып, нанымды, шебер сөйлеуші адам, үшіншіден, би, ділмар деген мағынаны білдіреді [ҚӘТС; 356]. Ал этимологиясына үңілетін болсақ, башқұрт тілінің сэсэн сөзі бүгінде қазақ тілінде шешен, қырғыз тілінде чечен формасында қолданылып жүр және орыс тіліне аударғанда «умный, мудрый» деген мағынаны білдіреді [http://ru.wiktionary.org].

Сонымен қатар, «шешендік» базалық концептісі логикамен тікелей байланысты. «Ойлау мен тіл тамырлас. Екеуі де жұмбақтай күрделі құбылыс. Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Нағыз шешен қапияда ой тауып немесе ойлап, ойша сөйлеп, лайықты тапқыр тілмен өрнектеп жеткізеді. Оның құдіретті миы, ақыл-санасы еш уақытта тыным таппайтын алып фабрикаға ұқсайды» [5; 22]. Шешендіктің қажетті көрсеткіштері – тіл мен ойлау егіз ұғым дейтін болсақ, логика – сол ойлаудың төркіні, яғни бұл жерде пайымды, түйінді, ақылға сала айтылған ой, тапқыр ой туралы айтылып тұр.

Шешендікті танытатын, дарытатын – шешен. Тілімізде «шешен» ұғымы шежіре, ділмар, майталман, тілді, тілуар, сөзгер, самар (кітаб.), ділмар (сөйл.) деген сөздермен мағыналас [6; 602]. Тілі мірдің оғындай, мәселені дөп басып, сөздің майын тамызып, әдемі әрі әсерлі етіп айта білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек ерекше интеллект иелері – шешендердің ғана құзырында болса керек.



«Шешендер – әрі тарихшы, әрі әдебиетші, әрі ойшыл-сұңғыла, пәлсапашы, әрі заңгер, психолог, өз уақытының саяси шолушылары әрі саясаткерлері... ең бастысы – бәрі де үлкен қауымның ақылшы-кеңесшісі, әрі ұстазы, жастардың тамаша тәлімгері. Бүкіл халықтың рухани көсемдері де – солар» [7; 14]. Шынанда да, зерттеушінің осы пікірін ашып талдап көретін болсақ, мынандай қорытындыға келуге болады:

1. Шешендана, яғни, нақыл сөз, афоризм, паремия, фразеологизм, бата, тілек және т.б. қалыптастырушы. Кез келген халықта «халық даналығы» деген түсінік бар. Мәселен, қазақ халқында ауыз әдебиетінің үлгілері, халық нақылдары деген ұғымдар тарихпен етене байланысып, тілімізде үздіксіз қолданылып келеді. Сондай-ақ, тарихымызда «жер дауы», «жесір дауы» болғанда билердің төрелік жасап, түйін айтатыны тағы бар. Елімізде бата-тілектерді астарлы, пайымды етіп айту, жақсылыққа шақыру сияқты салт қолданылады. Міне, осындай тарихи фактілер – халықтық шешендіктің нышаны. Халықтың игілігі үшін айтылған және күллі халыққа ұнамды, ақылға қонымды ойлар жеке авторлықты сақтамай (авторы ұмыт қалып), елдің сөзі ретінде ұрпақтан ұрпаққа тарап, даналық қызмет атқаруда. Бұлардың барлығы халықтың интеллектуалдық ахуалын танытатын тілдік факторлар. Мысалы: «Халық айтса, қалып айтпайды», «Сөзі мірдің оғындай», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер», «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» және т.б. халық даналықтарын келтіруге болады.

2. Шешенфилософ. Шешен болу үшін адамның ойы мен тілі жүйрік, интеллектісі жоғары болуы керек. Бұл – бір сөзбен айтқанда, логиканың қажеттілігі. Адамның логикалық тұжырым жасауы – философиялық ойлауы. Сондықтан да шешен адамды «даналыққа құштар» жан деуге болады. Бұл пайымдауымызға дәлел болатын қазақ әдеби мұраларында мысалдар көп. Соның бірі: Бөлтірік шешеннің жүрген ортасына асқан ақылдылықпен айтылған терең мазмұнды ойлары. Ол бір кезде Тезектөренің «Азбайтын, тозбайтын байлық қандай болады? Қайтпайын, таймайтын қолдаушың мен қорғаушың қандай болады? Жарығы тұтас елге түскен қасиетті шырақ қандай болады? Жел жетпес жүйрік, асыл текті пырақ қандай болады?» – деп, көпшілік алдында қойған сұрағына саспастан:

«Дүниеде азбайтын байлық біреу, ол – ақыл.

Дүниеде тозбайтын байлық біреу, ол – ақыл.

Дүниеде қайтпайтын қолдаушың біреу, ол – ақыл.

Дүниеде таймайтын адал қорғаушың біреу, ол – ақыл.

Дүниеде жарығы тұтас елге түсетін қасиетті шырақ біреу, ол – ақыл.

Дүниеде ердің басына қонатын бақ біреу, ол – ақыл.

Дүниеде елдің басына қоятын тақ та біреу, ол – ақыл.

Ақылсыз басқа қонса, бақ баянсыз,

Нақылсыз насқа қонса, тақ баянсыз.

Құдай ақылсыз бас болғаннан сақтасын!» (Үш пайғамбар) – деген жауап қатады. Бұнда адамның ақылы болса, барлық қажетіне, бақытына жетуіне мүмкіндігі бар екендгін терең философиялық сипатта баяндайды.

3. Шешенкөсем. Көсем, білуімізше, 1. Әр алуан саяси-әлеуметтік топтардың, ұйымдардың, ағымдардың жетекшілері, дем берушілері. 2. Тайпалық одақтарды билеушілер, ру басылары. 3. Жөн-жосықты білетін, қиын қыстауда ақыл табатын кемеңгер. 4. Алдына ат салмай оза жүретін мықты ат [8]. Белгілі бір топты басқару кез келген саналы адамның қолынан келе бермейтін іс. Кім болса да, жүйелі, уәжді, ақылға қонымды, сенімді сөйлейтін адамға құлақ асып, бағынады. Сондықтан да, көсемдіктің де шешендіктен басталуы хақ. (Кезінде кедейлігіне қарамай Әбдікерім болыстың сөз ұстаған биі, ел дауын жалғыз-ақ ауыз сөзбен шеше салатын шешен болыпты деп естігенмін (О. Бөкей)

4. Шешенәдебиетші (ақын, жазушы). Тарихымызда аттары ұмтылмас шешендердің ұлағатты сөздері – тұнып тұрған әдеби мұра. Оларда (шешендік сөздерде) өлең ұйқасы да бар, прозалық сарын, көркемдік те бар, әдеби үйлесім, мағына тереңдігі – барлығы қамтылған. (Бұнда мысалға кез келген шешендік сөзді келтіруге болады).

5. Шешентарихшы. Шешеннің өзі тарихи тұлға әрі тарихшы болатын себебі анық – кез келген шешеннің сөзі қоғамдық-әлеуметтік өмірмен байланысты, тіршіліктен алынған, қалыптасқан тәжірибеден туады. Демек, бұның барлығы терең тарих. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек бидің: «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды! Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз...» (Үш пайғамбар) деген шешендік сөзі қалмақ ханы Қоңтажыны тамсандырған. Бұл шешендік сөздің өзі мәнді болып қоймай, қазақтың тарихындағы оқиғаны баяндайды.

6. Шешензаңгер. Негізінен, шешеннің ел алдында сөйлеудегі басты мақсаты – көпшілікті өз сөзіне нандыру. Заң саласының белгілі бір өкілі (қорғаушы, сот) жүргізіліп отырған іске байланысты өз дәлелдерін келтіруде, сол пайымдауларына елдің анық көзін жеткізу үшін, ақиқатты тұнық күйінде көрсету үшін ұтымты сөздік қорды пайдалануға тиіс. Оның сөз саптауы мен, дауыс ырғағы, тілдік фактілерді қолданылуы – барлығы көпшіліктің көңілінен шығуы керек. Шешен – заңгер деп отырғанымыз осы себептен. (Ескіше де, жаңаша да көп оқыған, ел аралап, көп тоқыған үлкен білімді, әлемдегі заң атаулыны жатқа білетін, жақ жоқ шешен, «жігітің қайсы десе, мынау» дерлік арқалы азамат еді (О. Бөкей)

7. Шешенұстаз. Ұлағатты, тәрбие-танымға толы сөз айтқан, пікір жасаған жан, әрине, ұстаз. Шешендердің ұстаздығын аса танытатын материалдар – олардың ақыл-кеңеске негізделген, тәрбиелік мәнде берілген, белгілі бір рухани маңызды ақпараттан тұратын сөздері. (Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөден ащы нәрсе жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе жоқ. Сөзді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл (Үш пайғамбар).

8. Шешенәділетті. Шешен сөзін табиғатпен үйлестіре, сұлуландыра тізбектеумен қатар, өмірдің қызық та қиын тұстарын астарлы сөзбен, еш жалған сөз қоспай, өз қалпынша жеткізгендігімен де бағаланады. Халқымызда кісі өлгенде жақын адамдарына хабар беріп, «естіртетін» салт бар. Бұл салттың орындалуында да шешендер өздерінің эрудициясын, тапқырлығын пайдаланып, адамға жәймен, жұмсақтап, ақылмен естірту айтқан. Сондықтан да, шешен адамды шыншыл, ақиқатты қолдаушы ретінде атауға болады. (Жиренше шешен жолаушылап жүргенде әйелі Қарашаш кенеттен дүние салады. Сапардағы шешенге бұл қайғылы хабарды қалай естіртуді білмей, ел қиналысады. Сонда қой соңында жүрген бір тазша бала: «Мені апарыңдар, мен естіртемін», - депті.

13 жасар тазша баланы алып, ауылдың ақсақалдары Жиренше жатқан ауылға келеді. Биік төбенің басында, дүйім жұрттың ортасында Жиренше шешен отыр екен. Тазша бала Жиреншеге келіп:

- Ассалаумағалейкүм, ақылы елден асқан Жиренше аға! Сізді аузымен құс тістеген, аққан өзенді тоқтатқан шешен дейді. Үш сұраққа мұрсат беріңіз, - депті.

Жас баланың батылдығына риза болған шешен мойын бұрып:

Айта ғой, - депті ықыласы түсіп.

Бауырың өлсе недейміз? – депті Тазша бала.

Бауырың күйіп түсті десейші.

Балаң өлсе не дейміз?

Қос бүйрегіңді тірідей суырып алды десейші.

«Қатын өлсе, қамшының сабы сынды» дейміз ғой онда, аға? – депті Тазша бала.

Жоқ, қарағым. Жарың өлсе ошағыңның күлі шашылып, 32 қабырғаңды сөгіп алдым десейші!

Ал, аға, бүкіл қабырғаңызға қалқан боламыз деп қалың ел-жұртың келіп тұр, - дегенде Жиренше секем ала:

Әй, көбейгір, балаларымның анасы, үйімнің жарық панасы, көзімнің қарасы, Қарашашым арманда кеткен екен-ау дүниеден, - деп ботадай боздағанда сақалынан алты тарам жас ағыпты деседі (Үш пайғамбар).

Байқап отырғанымыздай, «шешен» базалық концептісінің ақпараттық-мағыналық аясына бірнеше сипаты енеді:

Адамның интеллектісін ақыл-ой, саналы ойлау қабілеттері арқылы танимыз дейміз. Ал шешендік өнер дәл сол ақыл-ойдың қызметінен туындап отырған тарихи құндылық. Сондықтан да, «интеллект» макроконцептісіне тағы бір базалық концепт енгізуге толық негіз бар. Ол – шешендік. Нағыз шешен тек қана интеллектісімен танылады, оның басқа қасиет-қабілеттері шешен атану үшін есепке алынбайды. «...Шешендік өнер... – ақыл-ой, ар-ождан, абырой шекарасы. Ақыл-ойдан таятын, ар-ожданнан аттайтын, абыройдан ажырайтын межеден арғы жерде шешендік өнер жоқ» [4; 83].



Г.С. Қосымова: «Шешендік сөздің мазмұндылығы сөйлеушінің ақыл-ой дәрежесіне, жан-жақты білімділігіне байланысты» [9; 98] деген орынды тұжырым жасайды. Шешен адамның бойынан бірнеше асыл қасиеттер табылса керек. Қазақтың «сегіз қырлы бір сырлы» деген бағасына лайық болуы керек. Сондай шешендікке тән белгілерді концептуалдық тұрғыдан жүйелеп көрсек, былай болады:


Макроконцепт

Базалық концепт

Микроконцепт (ҚТТС-нен)

И

Н

Т

Е

Л

Л

Е

К

Т

Ш

Е

Ш

Е

Н

Сөзшең (Көп сөйлегіш, сөзуар (740 б.)

Сөзуар (Шешен, тілмар, сөзшең (740 б.)

Тапқыш (Таба білетін, зерек, тапқыр (782 б.)

Ойлы (Сана-сезімі мол, ақылды, саналы (625 б.)

Парасатты (Ақылды, ойлы, білімді, зерделі (668 б.)

Пайымдағыш, пайымшыл (Бір нәрсені байқағыш, аңғарғыш (665 б.)

Көзді (ауысп. Білімпаз, көзі ашық (406 б.)

Көкіректі (ауысп. Көзі ашық, есті, тәжірибелі (410 б.)

Аңдағыш, аңдампаз (Аңғарғыш, сезгіш, аңғарымпаз (49 б.)

Зерделі (Ақылды, саналы, зейінді, есті (345 б.)

Зейінді (Қабілетті, дарынды, алғыр, ынталы (344 б.)

Тілді (Тілге жүйрік, сөзшең, ділмар; тілі өткір, ащы, улы (746 б.)

Білгір (Көп білетін, білімдар, білімді (164 б.)

Білікті (Жан-жақты түсінігі бар, білімді (165 б.)

Білімдар (Көп білетін, білгір, білімді (165 б.)

Ақылман (көне. Ақылгөй, ақылшы (35 б.)

Алғыр (Зейінді, зерек, ұғымтал (40 б.)

Кемеңгер (Дана, данышпан (302 б.)

Санагер (Ойшыл, дана адамдар (706 б.)

Данышпан (Ақыл-білімі асқан ойшыл адам (187 б.)

Ал шешеннің «шешен» атануына ықпал ететін сипаттар мынандай микроконцептілер бола алады: «жүйелі сөз», «мәдениет», «этика», «дайындық», «батылдық», «логика», «дикция». Жеке қарастырғанда әрқасысы дербес («шешен» концептісіне тәуелсіз) мағынаға ие бұл тілдік бірліктер концептуалдық жүйеде базалық концептінің (шешендік) ақпараттық аясына енеді. Шешеннің интеллектісін шыңдау үшін керекті факторлардың өзі микроконцептілер тобын құрайды:



«Шешен» базалық концептісімен мағыналық жуықтығы бар фреймдерді де көрсетуге болады:



Қорыта айтқанда, «шешен» базалық концептісі адам интеллектісінің деңгейін көрсетеді әрі өзіндік мағыналық ерекшеліктері басым когнитивтік бірлік. «Шешен» базалық конептісі бірнеше асоциативтік микроконцептілерден (дана, көсем, әдебиетші, тарихшы, философ, заңгер, шыншыл, ұстаз), нақты шешендікті танытатын микроконцептілерден (тапқыр, сөзуар, сөзшең, пайымдағыш, зерделі, алғыр, ақылман және т.б.), шешеннің сыртқы бейнесін танытатын микроконцептілерден (жүйелі сөз, мәдениет, этика, дайындық, батылдық, логика, дикция) мағыналық-ақпараттық өріс құрайды. «Шешен» концептісі «ақын», «жазушы», «жырау», «айтыскер», «шайыр», «жыршы» деген фреймдермен де мағыналық байланыста болады. Осылайша, халқымыздың ұлттық танымымен тығыз байланысты, ментальды сана-сезімімен орайлас «шешендік» қай кезде болмасын, ең алдымен, адамның инлеллектуалдық сипатын танытады.


Әдебиеттер:

1. Убийко В.И. Концептосфера человека в семантическом пространстве языка // Вестник Омского госуниверситета.-2004. №5.

2. Крюков А.В. Концептуализация интеллектуальных характеристик человека (На материале русского и английского языков). Волгоград, 2005. 179 с.

3. Радлов В.В. Алтын сандық. Құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазғандар – С. Қирабаев, К. Ісләмжанұлы. – Алматы: Ана тілі, 1993.-256 бет.

4. Дәдебаев Ж. Шешендік өнер және шешен таланты. /Ұлағат. №4. 2006.

5. Негимов С. Шешендік өнер.-Алматы: Ана тілі, 1997. 208 бет.

6. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі. /Құрас. С.Бизақов, Ә.Болғанбаев, Ш.Дәулетқұлов. –Алматы: Арыс, 2005. 720 б.

7. Ахан Б. Қазақтың шешендік және билік өнеріне философиялық талдау. /Адам әлемі-Мир человека. №1. 2002.

8. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 8-том. /Құраст.: Қ.Күдеринова, О.Жұбаева, М.Жолшаева және т.б. –Алматы: Арыс, 2007.

9. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері (Оқу құралы). –Алматы, «Білім», 2003.-260 бет.

10. Бөкей О. Екі томдық шығармалар жинағы бірінші том (повестер).-Алматы: Жазушы, 1994.

11. Үш пайғамбар./Құраст.: Ш.Мұртаза, А.Нысаналы, С.Шиманбай, Е.Смайыл, Ә.Тілеулес. –Алматы: Дәуір, 1992. -184 б.



Бұл мақалада қазақ мәдениетіндегі шешендіктің (шешендік өнер мен шешендік сөздер) негізі адам интеллектісі екендігі туралы айтылған, сондай-ақ шешендік «интеллект» концептісінің мағыналық-ақпараттық аясына енетін базалық концепт ретінде талдау жасалған.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет