4.3. Синхрония және диахрония
Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын және оның өзгеру мен дамуын зерттейді. Әрине, бұл екеуі бір нәрсе емес. Тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, құрылымын, жүйесін зерттеуді — синхрондық тіл білімі, ал тілдің тарихи өзгеруі мен дамуын зерттеуді - диахрондық тіл білімі деп атайды. Басқаша айтқанда, тіл өмір сүріп тұрған кезіндегі қалпына сипаттама беру арқылы зерттелсе, оны сипаттама немесе статикалық (синхрондық) тіл білімі деп, ал тіл шығуы, өзгеруі және дамуы тұрғысынан зерттелсе, оны тарихи (диахрондық) тіл білімі деп атауға болады.
Жоғарыда аталған синхрония деген термин тілдегі құбылыстардың белгілі бір дәуірдегі қалпын, яғни Ф.де Соссюрдің сөзімен айтқаңда, оның "бір мезгілдік" (одновременность) күйін қарастыру дегенді білдірсе, диахрония деген әр түрлі кезде бірінен кейін бірі болатын (разновременность) тілдік құбылыстарды қарастыру дегенді білдіреді. Синхрония бойынша, бір мезгілде қатар өмір сүріп тұрған тілдік құбылыстардың арасындағы қатынастар қарастырылады да, диахрония бойынша әлгі тілдік құбылыстардың тарих (уақыт) бойындағы өзгерістері қарастырылады.
Ф.де Соссюр синхронияны жүйемен байланыстырса, диахронияны жүйеден тыс деп біледі. Оның пікірінше, синхрондык тіл білімі тілді жүйелі құбылыс ретінде, яғни тілдегі құбылыстарды бір-бірімен байланысында, бірақ дамудан тыс қарастырғаны жөн екен, ал диахрондық тіл білімі тілдегі құбылыстарды даму тұрғысында, бірақ өзара байланыстан тыс, ягни тілдік элементтерді бір-бірінен ажыратып, бөлек зерттегені орынды сияқты. Сайып келгенде, синхрония мен диахронияны бір-біріне қарама-қарсы қою деген сөз. Әрине, мұндай пікір дұрыс болып табылмайды. Өйткені, диалектикалық материализм әрбір құбылысты шығуы мен дамуы басқа құбылыстармен байланысында зерттегенде ғана оның табиғатын жете түсінуге болады деп үйретеді.
Олай болса, тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды синхрониялық тұрғыдан да, диахрониялық тұрғыдан да қарастыру дұрыс және ол өте-мөте қажет. Себебі тілді ғылыми тұрғыдан тану үшін, оны тарихи тұрғыдан да, сипаттамалы тұрғыдан да зерттеудің мәні өте зор. Мұндай екі жақты зерттеу болмаған жерде тіл білімінің толық мағынасында ғылым болуы мүмкін емес. Мысалы, казақ тіліндегі сарғай деген етістіктің кұрамына талдау жасау керек болды делік. Ол үшін мәселеге алдымен тарихи түрғыдан карау керек. Егер оған тарихи тұрғыдан келсек, бұл сөздің түбірін — сары, қосымшасын - ғай деуге болмайды. Оның түбірі - сары емес, сарығ. Ал жұрнағы — ғай емес, -ай (азай, көбей дегендердегі -ай, -ей).
Бұдан шығатын қорытынды: тілдің жүйесі (синхрония) оның дамуына (диахрония) телулі, яғни тіл жүйесі әрқашан оның тарихымен байланыста болады. Ендеше, тілдің жүйесін түсіну үшін тіл тарихының маңызы зор екен. Керісінше, тілдің тарихи дамуын жақсы ұғыну үшін, оның жүйелілік қасиетімен есептеспеске болмайды. Тілдегі болып жатқан өзгерістер мен дамулар оның жүйесін өзгертпейді, тек ондағы (тіл жүйесіндегі) қатынастардың түрін ғана ауыстыруы мүмкін.
Сонымен, тіл, тілдік кұрылым, тілдік жүйе, уақыт озған сайын жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тек қазіргі қалпы тұрғысынан (статикалық тұрғыдан) қарау жеткіліксіз. Бұған қоса тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да (динамикалық тұрғыдан) қарау кажет. Демек, тілді зерттеуде ғалымдардың, біріншіден, оны кұрастырушы элементтердің байланысы тұрғысынан, екіншіден, олардың шығуы, тарихи дамуы,
өзгеруі тұрғысынан қарастырғаны жөн.
5. Бісінші дәріс Морфология
5.1 Морфологияның жалпы мәселелері
Сөздер өзара байланыспай, бір-бірімен тіркеспей тұрғанда ойды білдіре алмайды. Егер олар сөйлем ішінде бір-бірімен байланысса, онда ойды білдіре алады. Сөздердің бір-бірімен байланысуы, тіркесуі грамматика арқылы, нақтырақ айтсақ, морфология мен синтаксис арқылы іске асады.
Грамматика, ең алдымен, сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол қатынас - грамматикалық қатынас. Яғни сөйлемдегі сөздер грамматикалық формалар (жұрнақтар, жалғаулар) арқылы бір-бірімен байланысып, грамматикалық қатынасқа түседі. Сөйтіп, грамматика ойды түсінікті етеді.
Грамматиканың екі саласы бар: морфология және синтаксис. Морфология — сөздердің морфологиялық кұрылымы мен типтері, морфема мен оның түрлері, сөздердің түрленуі, олардың формалары, сөз таптары туралы ілім. Ал синтаксис - сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері, сөздердің сөйлемдегі қызметі, сөйлем мүшелері туралы ілім.
5.2 Сөздің морфологиялық құрылымы
Сөздің морфологиялық құрылымына талдау жасау үшін, ең алдымен негізгі морфологиялық ұғымдарды біліп алуымыз керек. Ол ұғымдар: морфема, түбір морфема, аффикстік морфема - дегендер.
Морфема дегеніміз - сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі. Морфема түбір морфема, аффикстік морфема болып екіге бөлінеді. Мысалы, оның анасы кім? дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана — түбір морфема, -сы (тәуелдік жалғауы) — аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о — түбір морфема, ның — аффикстік морфема, кім - түбір морфема. Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әр түрлі. |Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар. Мысалы, үйшіктерге деген сөзінің құрамында төрт морфема бар. Оның біріншісі — үй, ол заттық мағынаны білдіреді; екіншісі - шік, бұл кішірейткіш мағынаны білдіреді, үшіншісі — тер, көптік мағынаны білдіреді, төртіншісі — ге, бағыт мағынасын білдіреді. Бұлардың ішіндегі үй морфемасы түбір сөз болғандықтан - заттық, лексикалық мағынаны, үйшік туынды түбір болғандықтан - лексика-грамматикалық мағынаны, ал қалғандары (-тер, -ге) аффикстік морфемалар болғандықтан - грамматикалық мағыналарды білдіріп түр. Лексикалық мағынаны білдіретін морфема түбір морфема немесе негізгі морфема деп аталады да, лексика-грамматикалық немесе грамматикалық мағыналарды білдіретін морфемалар — аффикстік морфема немесе көмекші морфемалар деп аталады. Түрлі тілдердегі түбір морфема мен аффикстік морфемалардың табиғаты әр түрлі болып келеді. Мысал үшін қазақ тілі мен орыс тілін салыстырып көрелік. Қазақ тіліндегі жаз+у, жаз+ба, жаз+ыл+ған деген сөздерді орыс тіліндегі пис+ать, за+пис+ка, пере+пись деген сөздермен салыстырсақ, қазақ сөздерінің түбірі жаз — орысша сөздердің түбірі - пис. Жаз түбірі өздігінен жеке, сөз ретінде қолданыла алады, ал орыс тіліндегі пис- түбірі өздігінен дербес қолданыла алмай, сөз құрамында ғана (письмо, писание, письменный) қолданылады. Оның үстіне пис- түбірі тек заттық мағынаны ғана білдірсе, жаз түбірі әрі заттық мағынаны (жаз ісі), әрі лексикалық мағынаны (бір нәрсені хатқа түсіру), әрі грамматикалық мағынаны (етістіктің бүйрық райы, екінші жақ) білдіреді.
Пис- сияқты орыс тілінде дербес қолданыла алмайтын түпкі түбірлерді тіл білімінде "өлі түбірлер" деп атайды. Жоғарыда айтылғандарға қарап, қазақ тілінде өлі түбірлер мүлде жоқ екен деген қорытынды шықпауға тиісті. Онда да өлі түбірлер бар. Бірақ тым аз. Мысалы, бүл+ік, бүл+ін, бүл+дір деген сөздерді бір-бірімен салыстырсақ, олардың өлі түбірі - бүл деген де, ал -ік, -ін, -дір дегеңдер - сөз тудыратын аффикстер. Семіз, семір сөздерінің өлі түбірі сем-, ал жақ, жан сөздерінің өлі түбірі — жа-. Тырдай, жұрдай, нарттай сөздерінің аффикстері - дай да, ал олардыц түбірлері — тыр-, жұр-, нарт-.
Бұлардың өлі түбір болатын себебі - олар өздеріне тиісті қосымшаларынсыз жеке тұрып, қолданыла алмайды. Тек қосымшаларымен бірге алынғанда ғана олар сөз ретінде ұғынылады. Бұл жерде біз тарихи тұрғыдан алғанда ғана олар түбір бола алатындығын айтып отырмыз. Әйтпесе бұлар қазақ тіл білімінде қосымшалармен бірге бір сөз ретінде қабылданып кеткен. Сондықтан да, қазақ тіліндегі түбір мейлі мағынасы жағынан болсын, мейлі формасы жағынан болсын түбір ретінде де, бір-бірімен сәйкес келе береді.
Бұл жердегі "түбір" деген мен "түбір сөз" деген бір емес. Мәселен, орыс тіліндегі пис- морфемасы - түбір, ал писать – түбір сөз. Қазақ тіліндегі жаз морфемасы — әрі түбір, әрі түбір сөз. Өйткені пис морфемасы дербес қолданыла алмаса, жаз түбірі дербес сөз ретінде қолданыла береді. Қазақ тіліндегі бұл қасиет түркі тілдері мен ағылшын тіліне де тән.
Жоғарыда біз "пис — түбірі тек заттық мағынаны ғана білдіреді» дегенді айттық. Орыс тіліндегі кейбір түбірлер (негізгі морфемалар) мағынаны да білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда заттық мағынаны білдіретін түбір лексикалық мағынаны білдіретін сөз ретінде қолданылады да, заттық мағына мен лексикалық мағына бір-бірімен астасып, қабаттасып кетеді. Мысалы, орыс тіліндегі бег (бежать), дар (дарить), дом (домик) дегендер - пис түбірі сияқты түбір морфемалар. Солай бола тұрса да, бұлар лексикалық мағыналары бар дербес сөздер ретінде де қолданылады. Демек, орыс тілінде түбір (корень) деген үғым өз алдына дербестігі жоқ пис(писать), веж- (вежливый) тәрізді түбірлерді де, өз алдына дербестігін сақтаған бег, дар, дом тәрізді түбір сөздерді де (пис-, веж-, деген сөздер емес, олар тек түбірлер) қамтиды. Ал қазақ тілінде пис-, веж- сияқты түбірлер жоқ, онда оқы(-ған), жаз(-ған), бүлін (-ген) деген тәрізді түбір сөздер бар.
Енді түбір мен негіз деген терминдердің мән-мағынасына келелік.
Түбір (корень) деп - сөздің ешбір жұрнақсыз-ақ, заттық (кейде лексикалық) мағына бере алатын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін түп бөлшегін айтамыз. Мысалы, письмо, писать, выписка, опись сөздеріндегі пис- морфемасы немесе столик, столовая, настольный, сөздеріндегі стол - морфемасы түбір болып саналады.
Негіз (основа) деп - сөздің ешбір жалғаусыз-ақ (жұрнақсыз емес) өз алдына тұрып, лексикалық мағына бере алатын, өзгермейтін, түрленбейтін негізгі бөлшегін айтамыз. Негіз әдетте түбірден де, түбір мен жұрнақтың қосындысынан да жасалына береді. Яғни, түбір сөз де, туынды сөз де негіз бола алады. Осыған орай олар түбір негіз, туынды негіз деп те аталынады. Мысалы: дом, холод, один, завтра, комнат+а, бел+ый, смотре+ть — бұлар түбір негіздер; надомн+ый, комнатушк+а, холодноват+ый, побелеев+ший посмотре+ть - бұлар туынды негіздер. Болмаса қазақ тіліндегі егіншіліктің деген сөзді талдап көрелік. Мұның түбірі (түбір негізі) - ек, бірінші туынды негізі — егін, екінші туынды негізі — егінші, үшіншісі туынды негізі — егіншілік; ал -тің — аффикстік (көмекші) морфема.
Түбір әр түрлі сөз таптарына ортақ морфема ретінде қызмет ете алады. Мысалы, бас түбірі бастық, басшы, басшылық, баспа, баспалдақ деген зат есімдердің де, басты, бассыз деген сын есімдердің де, баста, басқар, бастат деген етістіктердің де түбірі болып саналады.
Негіз белгілі бір сөз табына жататын әр түрлі формаларға ортақ морфема ретінде қызмет етеді. Мысалы, басқар+ып, басқар+ғалы, басқар+ған, басқар+ар, басқар+атын дегендердің бәрі етістіктер. Бұлардың ортақ негізі (основа) — басқар морфемасы. Дәл осылар сияқты бастық+тар, бастық+қа, бастық+тан, бастығ+ың деген зат есім формаларының ортақ негізі - бастық сөзі.
Аталған мысалдардан байқалатын бір нәрсе — орыс тіліндегі көптеген негіздердің құрамында олардың қай сөз табына тән екендіктерін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштер (аффикстер) болады. Мысалы: комнат +а, комнатушк+а — бұлар зат есімдер; бел+ый, побелевш+ий - бұлар сын есімдер; смотре+ть, посмотре+ть - бұлар етістіктер. Егер осы сөздердің кұрамындағы -а, -ый/ий, -ть грамматикалық көрсеткіштерін негіздерден бөліп алсақ, онда ол негіздер өздігінен дербес қолданыла алмайды. Ал қазақ тіліндегі негіздердің құрамында ол сөздердің қай сөз табына қатысты екендігін аңғартатындай грамматикалық көрсеткіштердің болуы шарт емес. Мысалы: бас — I) зат есім, 2) етістік; бастық- (зат есім, етістік), басшы (зат есім, етістік); ақ- 1) сын есім, 2) етістік. Соған қарамастан бұл түбір негіздер (бас, ақ) және туынды негіздер (бастық, басшы) дербес сөз ретінде жеке қолданыла береді.
Бұл құбылыс жалғыз қазақ тілінде ғана емес, бүкіл түркі тілдері мен ағылшын тілінде де солай. Оны мына салыстырудан көруге болады: книг+а — кітап — Ьоок; больш+ой — үлкен — big; чита+ть— оқы - read. Мұндағы орыс сөздері екі морфемадан - аффикстік морфемадан, ал қазақ, ағылшын тілдеріндегі балама сөздер бір ғана түбір морфемалардан құралған.
Қазақ тіліндегі түбір (негізгі) морфемаларда дербестік бар. Олар дербес сөз ретінде қолданыла алады. Ал аффикстік морфемаларда мұндай дербестік жоқ. Олар әрқашан сөз құрамында ғана қолданылады және сөзден тыс ешқандай мағына білдіре алмайды. Түбір морфема мен аффикстік морфемалардың тағы бір айырмашылығы — егер аффикстік морфемалар сөздердің белгілі бір тобының (мысалы, зат есімнің немесе сын есімнің) кұрамында ғана қолданылса, түбір морфемалар бір емес, әр басқа сөз табына қатысты сөздердің кұрамында ұшыраса береді. Мысал, білімнен (біл+ім+нен) деген сөздің кұрамындағы -ім және -нен аффикстік морфемалары сөздердің зат есім деп аталатын тобында ғана ұшырасса, біл деген түбір морфема сөздердің зат есім (мысалы: білім) тобында ғана емес, сонымен бірге, етістіктер тобында (білдіру, біліну, білісу), сын есімдер тобында да (білгіш, білімді) ұшыраса береді. Бір сөзбен айтқанда, аффикстік морфемалар белгілі бір сөз табына ғана телулі болады.
Аффикстік морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан түрліше болып келеді. Олардың ішінде түбір морфемаға жалғанып, ол түбірдің мағынасын нақтылай, саралай түсетін аффикстер бар. Ол аффикстің атын — жұрнақ деп атайды. Мысалы, көлшік деген сөздің құрамындағы -шік жұрнағы заттық ұғымды білдіретін көл деген түбірге жалғанып, оның лексикалық мағынасын нақтылап тұр (ойыс жерге жиналып қалған су, кішкентай ғана көл).
Сондай-ақ, түбір морфемаға жалғанып, бір сөзді екінші сөзбен байланыстыратын, олардың өзара қарым-қатынасын білдіретін аффикстер болады. Олардың атын - жалғау деп атайды. Мысалы, көлдің жағасы дегендегі -дің мен -сы аффикстері сөз тудырып тұрған жоқ, көл, жаға деген сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұр.
Түбір морфемадан сөз тудыратын аффикстерді - сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатынасын білдіретін аффикстер — сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады.
Сөйтіп, аффикстер (аффикстік морфемалар) екі үлкен топқа бөлінеді екен. Олар: жұрнақ пен жалғау. Жұрнақ (суффикс) — сөз тудырады, ал жалғау (окончание немесе флексия) — сөз түрлендіреді. Ескерте кететін нәрсе — жұрнақтардың ішінде де жаңа сөз тудырмай, сөз формасын өзгертетін, сөздерді бір-бірімен байланыстырып тұратын жүрнақтар болады. Мәселен, қазақ тіліндегі көсемше, есімше жұрнақтары сондай жұрнақтар. Мысалы: кел+іп кетті, жүр+гелі отыр, т.б.
Әрбір жеке тілде олардың грамматикалық құрылысының ерекшеліктеріне қарай жұрнақ үш түрге жіктелінеді. Олар: 1)приставка, 2) инфикс, З) суффикс (постфикс). Префикс түбірдің алдына қосылады. Мысалы: в+ходи+ть, ис+ходи+ть, на+ходи+ть, по+ходи+ть, с+ходи+ть, у+ходи+ть, со+труд+ник/ница, пре+по+дава+тель+ница. Инфикс түбірдің ішіне қыстырылады. Бұл латын тілінде бар, орыс тілінде жоқ. Ал суффикс түбірден соң жалғанады. Мысалы: бала+лық, жылқы+шы, работ+ник, учи+телъ, дом+ик.
Орыс тілінде префикс пен суффикс бар. Казақ тіліндегі жұрнақ орыс тіліндегі суффикске сәйкес келеді де, түбірден соң жалғанады. Түркі тілдерінде орыс тіліндегі тәрізді префикстер жоқ. Түркі тілдерінің бірі — казақ тіліндегі бей+маза, бей+таныс, бей+уак, бей+хабар, на+разы, на+мақүл деген сөздердің құрамындағы бей-, -на морфемаларының префикс екендігі рас. Бірақ ол қазақ тілінде префикс ретінде қызмет атқармайды. Бей-, на- префикстері иран тілдерінен енген сөздердің құрамында ғана қолданылып, сол сөздермен бірге келген, бөлшектенбейтін біртұтас тұлға (форма) ретінде ұғынылады.
Жалғаулардың жұрнактардан айырмашылығы — жұрнақгар сөз тудырса, жалғаулар форма тудырады. Сөз тудырушы жұрнақ өзі жалғанған сөзіне жаңа мағына үстеп, туынды сөз жасайды.
Жасалған туынды сөздердің әрқайсысы дербес лексикалық бірлікке (сөзге) айналып, бүтін сөз ретінде қаралады. Мысалы, су деген түбірге жұрнақ жалғасақ, су+лы, су+лык, су+ла, су+лан+дыр+у деген туынды сөздер жасалады. Бұлардың мағыналары әр басқа. Ал сол су деген түбірге жалғау жалғасақ, су+ға, су+ым, су+лар деген сөз формалары жасалады. Бұл соңғы сөздердің лексикалық мағыналары — біреу ғана, ал формалары - әр түрлі. Ол жалғаулар тек грамматикалық мағыналар туғызады. Айталық, су+ға дегенде - септік мағына, су+ым дегенде — тәуелділік мағына, ал су+лар дегенде - көптік мағына бар.
Жалғаулар әр уакыт тек грамматикалық мағына туғызады десек біз қателесеміз. Кейде оның жұрнақ орнына жұмсалып, лексикалық мағына да туғызатын кездері болады. Мысалы, босқа, текке, бекерге, кешке деген сөздерді тарихи түрғыдан бос+қа, тек+ке, бекер+ге, кеш+ке деп, түбір және аффикстік морфемаларға жіктеуге болады. Мүндағы -қа/-ке, -ға/ге аффикстері барыс септік жалғауы екендігі ақиқат. Бірақ олар бүл жерде сөз түрлендіруші қызметінен айырылып, сөз тудырушы қызметке ауысқан. Сөйтіп, олар өзі жалғанған сөздерді үстеулерге айналдырған. Тіліміздегі жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің жалғаулары да дәл осындай қызмет атқара алады. Мысалы: баяғы+да, күн+де, әуел+ден, кенет+тен, төте+сі+нен, рет+і+мен, кезек+пен т.б.
Қазақ тілінде -у жалғауы жалғанған біраз етістіктер тұйық етістік формасынан зат есімдерге айналған. Мысалы: жабу, егеу, көсеу, қашау, бояу т.б. Бұлардың құрамындағы -у морфемасы о баста форма тудырушы (тұйық етістік формасы) қосымша болған. Қазір ол форма тудырушы емес, сөз тудырушы жұрнақ ретінде танылып жүр. Шындығында да солай. Ол тұйық етістіктің жалғауы бола тұрып, кейінгі ғасырларда зат есім, сын есім (бітеу, түзу) тудыратын жұрнақтарға айналған. Сондықтан, қазіргі кезде оны (У морфемасын) қазақ тілі оқулықтарында "тұйық етістіктердің жұрнағы" деп атайды.
6. Алтыншы дәріс Грамматика. Грамматикалық тәсілдер мен формалар және олардың мағыналары
6.1. Грамматикалық тәсілдер
Біз сөзде лексикалық және грамматикалық мағына болады дегенді айттық.Грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер мыналар: 1) аффиксация тәсілі, 2) ішкі флексия тәсілі, 3) қосарлану тәсілі, 4) көмекші сөздер тәсілі 5)сөздердің орын тәртібі тәсілі, 6) екпін тәсілі, 7) интонация тәсілі. 1. Аффиксация тәсілі. Түбірге немесе негізге аффикстер жалғану арқылы грамматикалық мағынаның берілуі - аффиксация тәсілі деп аталады. Бұл тәсіл әсіресе түркі тілдерінде жиі қолданылады. Мысалы , -шік, -ғыш, -дыр жұрнақтары қосылып, үйшік, жазғыш, жаздыр деген сөздерде лексикалық (деривациялық) мағынаны білдірсе, үйлерімізде деген сөзде -лер, -і, -міз, -де жалғаулары грамматикалық (реляциялык) мағынаны білдіреді. Аффиксация тәсілі, түркі тілдерінен басқа, үнді еуропа тілдерінде де бар. Бірақ оларда сөз басқашалау. Айталық, славян, оның ішінде орыс тілінде сөз септелгенде немесе жіктелгенде көп жағдайда түбірдің фонемалық кұрамы өзгеріп кетеді .;Мысалы: сон - сна, ходить - хожу т.б. Ал түркі тілдерінде олай емес. Түркі тілдерінде сөздердің септелуі немесе жіктелуі түбірдің фонемалық құрамын өзгертпейді. Мысалы: ұйқы—ұйқыға — ұйқыны - ұйқыдан; жүр — жүрмін — жүріңдер т.б.
Сондай-ақ, орыс тілінде көптеген аффикстердің әрқайсысы бір-бір мағынаны емес, бірден бірнеше мағынаны білдіре алады. Мысалы, гост+ям деген сөздегі -ям аффиксі әрі барыс септігінің (дател.падеж), әрі зат есімнің көпше түрін білдіреді (гости+ям гостям). Барыс септігінің жекеше түрі — ю (гост+ю). Қазақ тіліңде бұлар (көптік мағына мен барыс септігі) өз алдына бөлек-бөлек аффикстер арқылы беріледі: конақ+тар+ға. Ол аффикстер бірінің үстіне бірі жалғана береді.
Бұл - түркі тілдеріндегі аффикстер негізінен алғанда дара мағыналы сөз болады деген сөз. Алайда түркі тілдерінде бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін аффикстердің де бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы: жер жырттық, егін салдық дегеңдердегі -қ аффиксі әрі жақтық (1-ші жақ, жіктік жалғауы), әрі көпше мағынаны білдіреді. Кездесеміз, сөйлескенбіз дегендердегі –міз бен -біз аффикстері де дәл осындай. Бірақ түркі тілдерінде бірден бірнеше грамматикалық мағынаны білдіретін бұл тәрізді аффикстер орыс тіліне қарағанда сирек ұшырасады.
Ескертетін нәрсе: түркі тілдерінде бір сөздің құрамыңда бірнеше аффикс қабаттасып келсе, түбірге алдымен жұрнақтар, онда да сөз тудыратын жұрнақтар (ес-кер), содан кейін сөз түрлендіретін жұрнақтар (ескер+іп), ақырында сөз түрлендіретін жалғаулар (ескеріп+піз) жалғанады. Сөз құрамында бірнеше сөз түрлендіретін жалғау қабаттасып келсе, алдымен көптік жалғауы, одан соң тәуелдік жалғауы, мұнан соң септік жалғауы, оның үстіне жіктік жалғауы жалғанады. Мысалы: ауыл+дар+ыңыз+дан+быз.
Орыс тілінде түбір мен аффикс бір-бірімен әбден жымдаса, кіріге қосылса (бег - бежать), түркі тілдерінде олар жай ғана жалғаса қосылып, морфемалардың ара жігі аңғарылып тұрады (жүгір- жүгірді - жүгірген). Осыған орай, орыс тіліндегі түбір мен аффикстердің жымдаса, кіріге қосылуы - фузия (лат. балқу, еру) деп аталса, түркі тілдеріндегі жалғаса қосылу — агглютинация деп, фузия үнді, еуропа тілдеріне тән, агглютинация түркі, монғол, угоро-фин тілдеріне тән.
2. Ішкі флексия тәсілі. Грамматикалық мағыналарды білдірудің басты тәсілдерінің бірі - флекция тәсілі. Ішкі флексия тәсілі дегеніміз — түбірдің дыбыстық құрамының өзгеруі арқылы грамматикалық мағынаны білдіру тәсілі. Мыс: ходить>хожу. Бұл тәсіл әсіресе семит тілдеріне (араб, еврей т.б.) тән тәсіл. Мысалы, араб тіліндегі "жазу" деген сөз - ktb деген дауыссыз дыбыстардан құралады . Осы түбірді ktb деп өзгертсек, ол "жазып отырушы", кітап", kutub - "кітаптар", каtава — "жазды", aktub — "мен жаздым ", uktub — "сен жаз". Бұл мысалдан араб тілінде түбірдің құрамындағы дауыссыздардың аралығына дауыстылардың енуі және өзгеруі аффикстердің қызметімен пара-пар екенін көреміз.
Ішкі флексия - түбірдің дыбыстық құрамының өзгеруі, сыртқы - жалғау қосылу. Ішкі флексия неміс (mutter - шеше, mutter— шешелер), ағылшын (foot — аяқ, feet - аяқтар), орыс называть - назвать) тілдерінде де кездеседі. Мысалы, орыс тіліңдегі убирать (сов.) — убрать (несов.), посылать - послать деген сөздерде видтік мағына, жекешелік мағына, етістік мағына бар. Алайда аталған тілдерге сыртқы флексия да жат емес. Яғни бұл түбір сөздерге аффикстер де жалғана береді деген сөз. Дегенмен оларда флексия айрықша қызмет атқарады. Сондықтан да, бұл тілдер флективті тілдердің қатарына жатады.
3.Қосарлану тәсілі. Екі сөздің қосырлануы да грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі ретінде қызмет етеді. Қосарлану тәсіл түркі тілдерінде кең тараған және ол практикада жиі қолданылады Мысалы: кұшақ-кұшақ, (қурай), қап-қара (бұлт), тап-тар (киім), жап-жалтыр (мұз).
Қосарлану арқылы грамматикалық мағына туғызатын форма ретінде біз, әсіресе, қора-қора (қой), мая-мая (шөп) деген сияқты қосарланулар мен үстеме буын арқылы жасалып, күшейтпелі шырай мағынасын беретін қып-қызыл, сап-сары деген сияқты қосарлануларды атаймыз. Өйткені, мүндай қосарланулар тек сын есімдерге тән және олар нағыз грамматикалық мағына беретін формалар. Оның үстіне олар сын есімдерге күшейту мағынасын жамайды. Ал әке-шеше, қора-қопсы, тау-тас деген қос сөздерде лексикалық мағына бар. Бұларда сөз тудыру қызметі басым болса, жоғарғы қосарлануларда форма тудыру қызметі басым.
4.Көмекші сөздер тәсілі. Тілде негізгі атауыш сөздермен бірге көмекші сөздер де болатыңдығы белгілі. Атауыш сөздерде дербестік болса, көмекші сөздерде дербестік жоқ. Сондықтан да, олар аффикстерге ұқсас қызмет атқарады. Мысалы, университетке оқу үшін келдім дегендегі көмекші сөз — үшін.
Бүл жердегі үшін көмекші сөзі қандай қызмет атқарып тұр?
"Оқу үшін келдім" дегенді "оқ+у+ға келдім", "оқы+ғалы келдім" деуге болады. Ендеше, -ға (барыс септігі) мен -ғалы (көсемше жұрнағы) қандай қызмет атқарса, "үшін" көмекші сөзі де сондай қызмет атқарып тұр. Бұдан шығатын қорытынды: көмекші сөздер де грамматикалық мағына туғызудың бір тәсілі екен.
Көмекші сөздердің түрлері көп. Олардың білдіретін мағыналары да алуан түрлі.
Көмекші сөздердің бірі - жалғаулықтар (союзы) деп аталады. Олар сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырады. Мысалы: тәрбие, тыңдайық та қайтайық; әкем үйге келді де, жатып қалды.
Көмекші сөздердің екінші түрі - септеуліктер (послелоги) деп аталады. Ол орыс тіліндегі предлогтармен (в, к, на, над, за, после, перед т.б.) бірдей қызмет атқарып, сөйлем мүшелерінің бағыныңкылық қатынасты білдіреді. Мысалы: сабақ+қа дейін, сабақ+тан соң дегендердегі септеуліктер — дейін, соң. Бұлар өзінің алдында тұрған сөздердің белгілі бір сепгік жалғауларында тұруын керек етіп тұр. Сондықган да, олар септеуліктер деп аталынады. Көмекші сөздердің үшінші түрі — демеуліктер (частицы): алыс па? сен ғана, кешікті-ау, әнің ән-ақ екен, айтыпты-мыс. Бұлар негізгі сөзге сұрау, шектеу, күшейту, күдіктену мағыналарын үстейді. Көмекші сөздердің тағы бір түрі — көмекші етістіктер. Бұлар негізгі етістіктерге тіркесіп, алуан түрлі грамматикалық мағыналарды білдіреді. Мысалы: айт+а берді - істің созылыңқылығын, айт+а қойды— істің тездігін, айт+а салды — істің кенет істелгендігін білдіреді. Роман тілдері мен герман тілдерінде қолданылатын артикльдер көмекші сөздердің бірі (бұлар славян, түркі тілдерінде кездеспейді). Артикльдер белгілілік пен белгісіздікті, жекешелік пен көпшілікті, сондай-ақ, тек (род) категориясын бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Мәселен, ағылшын тілінде tһе (зэ) — белгілікті, a/an — белгісіздікті білдіреді: tһе Ьоок — осы кітап, а Ьоок — кез келген кітап;, француз тілінде: Іе jоurnаІ (газета) – lеs jоurnalux (газеты), le рауsаn — шаруа, lеs раusans - шаруалар (көптік катег.).
Достарыңызбен бөлісу: |