«Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп басталатын ақынның өлеңі қай тауға арналғанын білесіз бе?!



жүктеу 37.32 Kb.
Дата17.07.2016
өлшемі37.32 Kb.
«Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп басталатын ақынның өлеңі қай тауға арналғанын білесіз бе?!

Қасым туралы көп шындық бү­гін­гі күнге дейін айтылмай келеді. Ақын туралы елдің білетіні, тек оның өлеңдері. Ал оның арғы тегі, туып өскен жері туралы мағ­лұмат аз. Өмірдерегінде Қасым Қызыл Көшен тауының етегінде туған деп жазылған. Ал оның қай жердегі тау екені айтылмайды. Қа­сым кедейден шыққан, жеті ата­сынан жарымаған әулет еді дей­тіндер де бар. Мұнысы өрес­кел әрі дөрекі қателік. Бұл кеңес­тік идеология өзіне бейімдеп, қол­­дан жасап алған ақынның өмір­­баяны. Бүгінгі күнге дейін қасымтану кенже қалып келеді. Қоғамның Қасым турасындағы ойы өзгерген жоқ…

Қасымның әкесі Рақымжан сері болған адам. Ауыл балалары оның атын жетектеп әкелуге құ­мар көрінеді. Өйткені, аттың тұ­сауына айналған жібекті алса, бел­деріне белдік қып тағып, бір жарып қал­мақ. Рақымжан ескі салтпен екі-үш әйел алған. Қа­сым­ның шешесі қожаның қызы. Қожалар қызын қалыңсыз бере ме ол кезде. Оның үстіне тоқал­дыққа. Ойланып отыр­сақ, Қасым кедейден шыққан деген кеңестік идеологияның жаң­сақ­тығы осы­дан-ақ көрініп тұр. Бүгінде бұл түсінікті өзгертуге  әбден негіз бар. Ақын турасында тың деректер табылуда. Таратып айталық.

Ақынның ауылы Сарыоба­лы­ға жол түскен. Ұзынқұлақтан Қа­сымның кіндік шешесіне Рақым­жан әулеті сыйлаған күміс білезік пен жүзік табылыпты-мыс. Ел­дің айтуынша, ол осы ауыл­дың тұр­ғы­ны Дәулетқазы Егіз­баев­тың үйін­де. Анығында солай екен. Сары­обалыға жеткесін құ­лақпен естігенді көзбен көріп, қолмен ұс­та­дық. Әңгімеміз әрі­ден бастал­ды. Шежіреге жетік, май­да тілді Дәукең құнды жәді­герлер тура­сында былай әңгімеледі:

– Шәрия менің нағашы әжем. Мына жәдігерлер анам Жұма­би­ке­ден қалған. Шәрия әжем 1973 жылы біздің шаңырақта дүние­ден озды. Ол осы өңірге есімі белгілі Шашты Сыпатай мырза­ның немере қарындасы. (Біздің бұрын Сы­па­т­ай болыс туралы естігеніміз бар-тын. Дәулетқазы одан да әр­мен тереңдете әңгіме­ле­ді). Сыпа­тай байларды қудалау кезінде өз­гелер сияқты жаяу-жалпыламай, пәуеске жегіп, сән-салтанатымен жөнеліпті. Құдды бір қуғын көр­мегендей, қонаққа бара жатқандай дейтін жұрт. Оның бұлайша еркінсуіне Угар Жәнібековпен досты­ғы себеп болса керек. Кейін Батыс Қазақстан жақ­қа жер аударылған оны қы­зыл үкімет ақыры Сібірге ай­да­тып тыныпты. 1946 жылы ол ақталып шығыпты. Халыққа жай­лы, қолы ашық болған азамат бай­лы­ғы­нан айырылып қалса да сол мырзалық әдетін қоймапты. Ал­ды­нан кездескен көңілі жақынға үстіндегі киімін шешіп, иығына жауып кетеді екен. Сыпатайдың Дөңмаңдай атты сәйгүлігі осы өңір­де алдына қара салмаған жүй­рік болыпты. Өзі бапкер, өзі мыр­за Сыпатайдың есімі көпке таныс. Шәрия әжем, міне, осындай абзал азаматтың қарындасы. Қазақтың салты бойынша текті мен текті құда болады. Менің нағашы атам Нарманбет Есенқұл дегеннің ба­ла­сы. Есенқұл бәйбішесі (Нар­ман­беттің шешесі) өлген соң екінші әйел алыпты. Онысы жетімді мүйіздей берсе керек. Қорлыққа төзбеген бала үйінен қашып кетіп, оны Есенқұлдың аталасы Төребай қажы тауып алыпты. Жас үлкен­дігі бар қажы Есенқұлға ренжіп, Нарманбетті өз бауырына са­лып алған көрінеді. (Төребай қа­жы Рақымжанмен туыс, Қара руы­ның ішінде бірі Ақкісіден, екін­шісі Ақжолдан тарайды.) Кейін осы Нарманбетке Сыпатай­дың қарын­дасын айттырып, екеуін бө­лек шығарады. Төребай Қосбұлақ қыстауында, Сыпатай Қарадөң (Сарман) қыстауында отырған. Екеуінің ортасындағы Қызыл Кө­шен қыстауы Рақымжандікі. 1911 жылы дүниеге Қасым келгенде ақын кіндігін Шәрия шешеміз кес­кен. Рақымжан баласының кіндігін кез келген біреуге кескізбесі хақ. Сыпатай мырзаның қарында­сы, Төребай қажының келіні Шә­рия­ны лайық көріпті. Рақымжан ұлының кіндік шешесіне екі күміс білезік пен екі жүзік сыйлапты. Бұ­дан да бөлек тарту-таралғылар болса керек. Бізде қалғаны осы­лар. Менің қолымда қазір бір білезік пен бір жүзік қана бар, – деп Дәу­кең жәдігерлерді алдымызға тосты.

Білезіктің бедері кете бас­та­ған, кей тұстары жұқарыңқырап қалыпты. Жүзіктің жиегіндегі ою­лары анық көрінеді. Біз Дәукең екеуміз кеңестік дәуірде Қасым ту­ралы жазылған кітаптардағы ол­қы­лықтарды түзету қажеттігін әң­гі­меледік. Расында да өзгесін айт­пағанда, оларда ақынның ту­ған жерінің аты да бұрмаланып жазыл­ған. Ол олқылықтар әлі де түзелер емес. Мысалы, Қасым тойы Сары­обалыда емес, Қасым Аманжолов (бұрынғы Фрунзе) атын­дағы сов­хозда, Кент тауының етегінде өт­пек. Біз ойға шомамыз. Қасым осы Кент тауын көрді ме екен? Олай деуімізге Қасымның атажұрт­тан, яғни Сарыобалыдан бала жасында кетіп, одан кейінгі жылдарында туған жерге қайтып оралмаған­дығы негіз болып отыр. Сырбайға айтқан үш арманының бірінде ақын туған жерге бір ба­рып қайт­сам деп қиялдайды. Өйт­кені, қай­тіп Қасым туған жеріне ат ізін салмаған. Қасым есімі Сары­оба­лы­дан 60 шақырым жердегі Фрунзеге берілсе, 30 шақы­рым жердегі Аққора мектебі ақын атын иеленді. Ал туған жеріне мұн­­дай бақыт бұйырмады. Ең болмаса Алматы­дан келетін ақын-жазушылар Ра­қым­жанның қорасы мен құдығын көруге Қызыл Кө­шен­ге ат басын бір бұрса, ол да көңілге жұбаныш болар еді. Біздің ойымызша, осы­ның бәрі кезінде дұ­рыс жазыл­маған кітаптардың кесірі. Жазу­шы­ға кейбір ақсақал­дар­дың: «Біз бала кезімізде Қа­сым­мен бірге Бұ­қатышқанның басынан шана теуіп едік», дегені шылғи өтірік. Әдеби терминде айтсақ «халтура».

Дәукеңнен әңгіме соңында: «Жәдігерлерді мұражайға өткізе­сіз бе, қайтесіз?» деп сұрадық. «Жоқ, ешқайда да бермеймін. Балаларыма қалады», деп ол кесіп айтты. Дұрыс-ақ.

Әдетте ақынның «Шықшы тауға, қарашы кең далаға» деп бас­талатын өлеңі Кент тауына бай­ла­нысты туған шығар деп ойлай­ты­ны хақ. Алайда Қасым туған таудың аты Көшен. Ол онша биік те Кент тауындай әдемі де емес. Ол жаққа барудың мех­на­ты да көп. Жолы ойқыш-ой­қыш, шаң қапқан сары дала. Бі­рақ, ақын нақ осы жерде туған. «Шықшы тауға, қара­шы кең да­ла­ға» деген өлеңі де осы тауға арналған. Оған ешкім де дау айта алмайды.



Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ.
Егемен Қазақстан. - 2011. - 13 шілде (№ 297/298). - 5 б.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет