Зерттеу жұмысының әдістемелік базасына тарихилық қағидалары алынды. Зерттеуге негізгі диалектикалық методология тұрғысынан қарап, салыстырмалы, индуктивтік, дедуктивтік, құрылымдық-функционалдық әдістер бойынша талдау жасалынды. Ғылыми тәсілдер ішінен өркениетті тәсілді қолдануға тырыстық.
Қазақстандағы қоғамдық-саяси өзгерістердің дамуын нақты зерттейтін тарихи объективтілік және тарихты диалектикалық заңдылық тұрғысынан қарастыру қағидалары негізге алынды. Кеңес үкіметіне, партиялық материалдарға салыстырмалы-тарихи түрде сыни талдау жасалынды. М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейіс, М.Х. Асылбеков, С.Ф. Мажитов, т.б. бірқатар ғалымдардың теориялық маңызы бар еңбектеріндегі методологиялық ой тұжырымдарын негізге алуға талпыныс жасадық.
Зерттеудің деректік негізі. ХХ ғ. 20-30 жж. шыққан басылымдар зерттеу нысанының дерек көзі ретінде алынды. Атап айтқанда, Қазақ АКСР мемлекеттік баспасы туралы 1929 ж. шыққан каталог [19]. Ол қазақ тілінде араб шрифтісімен шыққан. Сол сияқты 1930–1934 жж. басылымдар каталогын, Қаз ССР мемлекеттік библиография орталығының «Кітап шежіресін» атауға болады. Қазақстандағы біріккен мемлекеттік баспасының каталогы да жарық көрген. Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің «Мемлекеттік баспа туралы» декреті кітап баспа ісін қолға алғанын дәлелдейді.
Кеңес Одағының коммунистік партиясының мәдениет бойынша жинақталған құжаттар жинағы партияның баспа ісі саласындағы саясатын талдағанда қолдандық. «Печать Каз ССР » статистикалық материалдар, 1917–1967 жж. Қазақстандағы баспа өнімдері туралы көрсеткіштер бар. КОКП резолюцияларын, партия съездері, Пленумдары материалдарын да дерек көзі ретінде қолдандық.
Баспа ісіндегі Кеңес үкіметінің саясатын ашып көрсету үшін сол кездегі мемлекет құжаттары мен заңдық материалдарын, Кеңес үкіметінің декреттерін тақырыптың кейбір тұстарын дәлелдеуде пайдаландық. Қазақ кітаптарының жиынтық каталогы да сараптама жасағанда дерек ретінде пайдаландық. Қазақстандағы социалистік құрылыс туралы құжаттар мен материалдар жинағынан Кеңес өкіметінің халыққа білім беру саласындағы саясатын сипаттағанда қолдандық.
Деректердің бір тобын Ғылыми қоғамдардың Еңбектері, Жазбаларындағы материалдар құрады. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚР ОММ) Кеңестік кезең қорындағы 30, 929, 1241, 1384, 1386, 693, 1252, ҚР Президент мұрағатының (ҚР ПМ) 720 қорларындағы тақырыпқа байланысты материалдар алдық. Сонымен қатар республикалық кітап мұражайындағы, ҚР Ұлттық кітапханасындағы, ҚР БҒМ Орталық ғылыми кітапханасының материалдарын да мүмкіндігінше пайдаландық. Республикалық кітап мұражайының сирек кездесетін кітаптар каталогы да негізгі дерек болды.
Деректердің келесі тобын баспасөз материалдары құрайды. Олардың ішінде «Новый Восток», «Сарыарқа», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» т. б. бар. Түркістан қаласындағы газеттерде «Ғылыми хабарлар» рубрикасы шығып тұрды. Баспасөзде қазақ зиялы қауымының мақалалары кезінде көп жарияланған. Мысалы, Н. Төреқұловтың Орталық баспаға 5 жыл толуына байланысты шыққан мақаласы 1929 ж. «Новый Восток» газетінде жарияланған.
Сол сияқты Қ. Сәтпаевтың хаттары, орталыққа жазған баспа істері туралы өтініштері біз үшін маңызды дерек болды.
Анықтамалық материалдардан сөздіктер, энциклопедияларды да қолдандық. Кітаптану туралы энциклопедия да коммунистік идеология тұрғысынан жазылғанына көзіміз жетті.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Отандық тарих ғылымында алғаш рет ғылыми тұрғыда Қазақстанда алғашқы жарыққа шыққан ғылыми кітап басылымдарының тарихы қазіргі замана талабына сай талданып отыр. Алынған ғылыми жаңалықтарды былай көрсетуге болады:
– Қазақстан тарих ғылымында алғаш рет ХХ ғ. 20–40 жж. ғылыми кітаптардың тарихы жүйеленіп, кешенді түрде зерттеледі;
– Қазақстандағы кітап баспа ісі тарихы бойынша бұрынғы мәліметтер жаңа көзқарас тұрғысынан талданады;
– ХХ ғ. басындағы реформаторлық қозғалысты бастаған қазақ зиялыларының ғылыми мұраларын игеру ғылыми кітаптардың тарихын зерттеудің негізі екені дәлелденеді;
– ХХ ғ. 20-40 жж. оқулықтардың тарихи танымдық жағы мен қазақ тіліндегі оқулық жазу талаптары қазіргі кезбен салыстырыла айқындалады;
– КСРО Ғылым Академиясының хабаршылары, бюллетендері республикадағы ғылыми кітаптар басылымының негізі болды;
-
нақты деректер негізінде ғылыми кітаптар басылымы қазіргі уақыт талабы тұрғысынан объективті түрде талданды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
– ХХ ғ. 20-40 жж. ғылыми кітаптардың тарихы жалпы ғылыми әдістер негізінде жүйеленді;
– 20-30 жж. қазақ зиялыларының өзі баспагерлік қызметте болғандықтан, қазақ тілінде ғылыми еңбектер жазыла бастады;
– Қазақстандағы ғылыми кітаптардың тарихын Алаш зиялыларының еңбектері бойынша анықтау ұсынылады, өйткені 20–30 жж. Алаш зиялыларының ғылыми еңбектері Қазақстан ғылымына қосылған үлкен үлес.
– Қазақстандағы ХХ ғ. 30-40 жж. баспа ісінің ерекшелігі арнайы баспалар ашыла бастады («Казтехиздат», «Педагогика»).
– Кітап палатасының құрылуы елімізде кітап ісінің, көрсеткіштерінің дамуына ықпалын тигізді. Кітаптар тізбесінің жасалуы сараптама жасауға да жеңілдік туғызды.
– Кеңес үкіметінің баспа ісін ұйымдастырудағы саясатында кеңестік үлгідегі отарлау саясатының белгілері көрініс тапты;
Диссертациялық зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Зерттеу нәтижесі болашақ тарихи зерттеулерге негіз бола алады деп есептейміз. Зерттеу жұмысының деректері мен ғылыми материалдарын қоғамдық ғылымдар саласында қолдануға болады.
Зерттеу нәтижесі Қазақстан тарихы, отандық кітапхана ісіне қатысты еңбектердің қатарын толықтырады. Сонымен қатар оларды оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, Қазақстан тарихынан ғылыми еңбектер жазғанда қолдануға болады.
Еңбектің нәтижесін жоғары оқу орындарында жүргізілетін дәрістерде, тарих факультеттері студенттеріне жүргізілетін арнайы курстар мен семинарларда қолдануға болады деп есептейміз.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі нәтижелері мен тұжырымдары бойынша ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен тізімдегі ғылыми басылымдарда 3 мақала жарияланды. Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында өткен халықаралық конференцияларда 4 баяндама жасалды.
Жұмыс ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Жұмыстың «Кіріспе» бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, міндеті мен мақсаттары, әдістемелік негіздері, ғылыми жаңалығы мен қолданбалық маңызы айқындалды және зерттелу дәрежесіне тарихнамалық талдау жасалынып, пайдаланылған дерек көздеріне сипаттама берілді.
«ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы баспа ісінің дамуы» атты бірінші тарауда 1917 жылға дейінгі Қазақстан бойынша ғылыми кітаптар басылымының жағдайы, Кеңес өкіметінің халыққа білім беру және баспа ісі саласындағы мемлекеттік саясаты, Қазақстанда баспа ісінің ұйымдастырылуы және міндеттері қарастырылады.
Қазақ кітаптарының араб шрифтінде шығарылуының статистикасы А.Г. Каримуллиннің еңбегінде келтірілген. Осы жерде айтып кететін нәрсе Ресейде араб жазуы негізіндегі баспа ісі ХVIII ғ. басында пайда болды. 1722 жылы І Петрдің бұйрығымен Астраханда жорық баспасында мұсылман халқына үндеу «Манифест» жарияланған. Ал ХVIII ғ. екінші жартысында араб шрифтімен Ғылым Академиясы және Москва университеті баспасында кітаптар шыға бастаған. 1776 ж. академиялық баспада француз тілінен аударылып Холдерманның «Түрік грамматикасы» араб графикасымен шықса, университет баспасынан Сағит Халфиннің «Татар тілінің әліппесі» жарық көреді. Ал 1785 жылы Петербургте кітап саудагері Вейтбрехт төрт баспа станогымен араб, парсы, татар, түрік тілдерінде типография ашады. Ол 1786 жылы татар тілінде «Губерния мекемелері» және «Полиция жарғысын», 1787 ж. 477 беттен тұратын Құранды басып шығарады. Татар және түрік тілдерінде осы баспадан маңызды мемлекеттік құжаттар шығып тұрған.
1768 ж. Қазан, Уфа, Орынбор губернияларынан Қазақстанға қазақтар туралы мәліметтер жинауға адамдар жіберіледі. Осы сапардың нәтижесінде 1772 жылы Н.П. Рычковтың «Дневные записки путешествия в киргиз-кайсацкой степи» атты еңбегі жарық көреді [20 ].
Ресей мұсылмандарының сұранысын қанағаттандыру үшін дін иелерінің өтінішімен және І Павелдің бұйрығы бойынша Қазанда «Азиат» типографиясы ашылады. Оған Петербордан екі баспа станогы және араб литерлері жіберіледі. Бұл типографияны ұйымдастырған прапорщик Абдулғазиз Бурнашев еді. ХІХ ғ. ортасына дейін «Азиаттық» баспада діни кітаптар – Құран, Хефтиэк, Иман шарты басылып шыққан. Бұл кітаптар Ресейді мекендеген мұсылман қауымына, оның ішінде қазақтарға да тарады деген дерек бар. Жалпы Шығыс ғалымдарының еңбектерін басып шығару ғылым мен мәдениеттің дамуына ықпал етті. Кейіннен европалық елдерде шығыстану орталықтары ашылып, шығыс ғұламаларының қолжазбаларын жинастырып, жариялап отырған. Қазақ, өзбек, башқұрт, азербайжан, тәжік, түркімен, құмық тілдеріндегі алғашқы кітаптарды татар баспагерлері шығарған. Түркі халықтарының тілдік негізі мен әдеби дәстүрлері бір, олардың фольклорлық шығармалары да ұқсас. Ал олардың дербес тілдері араб графикасын қолданған уақытта қалыптаса бастаса керек.
А.Г. Каримуллиннің айтуынша, қазақ тілінде шыққан алғашқы кітап – «Киссаи Тамимдарды» 1866 жылы Ш. Хусаинов шығарған. Қазанда ол 6 рет – 1882, 1895, 1896, 1906, 1913 жж. баспадан шығарады. Ш. Хусаиновтың жеке баспасы болмағандықтан Қазанның түрлі баспасына тапсырыс беріп отырған [12, 176-б.]. Кітап шежіресіне қарағанда қазақ тілінде шыққан бірінші кітап «Ер Тарғын» болып есептеледі.
Еділ бойында және Орал маңында 500 атау кітап 2186305 данамен шығарылды. Оның ішінен 474 атаулы кітаптардың 2037480 данасы Қазанда басылып шықты. ХІХ ғ. екінші жартысында Қазанда қазақ тілінде 114 кітап шыққан, оның жалпы тиражы жүздеген мың дана болған [12, 112-б.]. Кеңес дәуіріне дейін Ресейде, қазақ аймақтарын қосқанда 1100 атау қазақ кітаптары шығарылды. Қазақ халқының арасында кітаптың таралуына Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев үлкен үлес қосты.
Қазақ кітаптарын таратуда татарлардың кітап саудасы үлкен септігін тигізді. ХІХ ғ. аяғында құрылған мәдени-ағарту қоғамдарының бұл іске қосқан үлесі де үлкен. Қазақ тіліндегі кітаптардың басылып, оның сатылуы қазақ тілінде жазатын авторлардың да көбеюіне әсер етті. Кітап басу ісі, республикадағы баспасөз шығармашылығы қазақ тілінің синтаксис, грамматика, лексикасын нығайтумен байланысты болды. Шығыс тілдері мәселесі де Кеңес өкіметі үшін өткір мәселе болды. Латын әліпбиіне өту жөнінде 1926 ж. Бакуде І Бүкілодақтық түркологиялық съезде қарастырылды. Ал 1928 жылы Қазақ КСР Орталық Атқару комитетінің ІV сессиясы латын әліпбиіне көшуді заңдастырады. Партиялық бағыттағы басылымдардың негізгі міндеті партия ұстанған саясат пен идеологияны насихаттау болды. Партия мүшелерінің саяси мәселелер жөніндегі ой-пікірлері, идеялары бір жерден тоғысып жатуы тиіс болды.
Қазақ мерзімді баспасөздерінде партия құжаттары, В.И. Лениннің, И. Сталиннің сөздері жарияланып тұрды. 1921–1930 жж. қазақ тілінде В.И. Лениннің 31 шығармасы 141 500 данамен шыққан болатын.
1922 ж. күзінде типографияның бастауымен баспа жұмысшыларын дайындау үшін қысқа мерзімді курстар ашылды. Бұл республикадағы қазақ мамандарының бірінші жұмысшы отряды еді.
1920 ж. наурызда Ташкентте алғашқы Орта Азия мен Қазақстанда «Түркістан мемлекеттік баспасы» құрылып, 1921 жылы ол өзбек тілінде 2 147 850, қазақ тілінде 680570, түркімен, тәжік, т. б. тілдерде 233 800 дана кітап, 50 мың дана әліппе, т. б. шығарды. 4 мамыр 1920 ж. Ленин Қазақстан өкілдерін қабылдап Мемлекеттік баспа мен Халық шаруашылығы Жоғары Кеңесі баспасына типография, қағаз жағынан көмектесу жөнінде тапсырма береді. Бұл қазақ кітап баспа ісін дамытуға септігін тигізді. 3 қараша 1920 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиум мүшелері С. Мендешев, В.А. Радус-Зенькович, С. Сейфуллин т.б. алғаш рет баспа ісін талқылады. Мәжілістің № 9 хаттамасына қарағанда С. Мендешев ҚазАКСР-гі баспа ісінің құқықтары мен міндеттері айқындалған «Мемлекеттік баспа» туралы Ережеге қол қояды. Осылайша қазақ халқы тарихында мемлекеттік баспа Мембаспасы (кейіннен «Қазақстан» баспасы) құрылады. Ол идеологиялық және мәдени жұмыстың орталығы болды.
30-жж. басында Москвада БКП(б) ОК жанында орталықтанған «Партбаспа» жұмыс істей бастады. Ол негізінен партиялық-саяси әдебиеттерді шығарып тұрды. БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті 1932 ж. 9 мамырда «Партбаспаның» Қазақ бөлімшесін ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Орталықтанған билік жүйесі тұсында барлық жұмыс осылай жүргізілді, яғни Москва не істесе, оның көшірмесі шет аймаққа таратылды. 1937 ж. қаңтарда Қазақ КСР ХАК жанынан Қазмембаспасын да, газет-журнал баспасын, республика типографиясын бағындырған полиграфия мен баспа басқармасы құрылады. Мұның өзі қоғамдық-саяси, көркем әдебиет, басқа да әдебиеттерді шығаруға мүмкіндік берді. Дегенмен де, экономика, ауыл шаруашылығы, техника саласы бойынша кітаптар өте аз шықты. Жоғары оқу орындары мен техникумдарға кітаптар, оқу құралдары жетіспеді. Полиграфиялық баспа өнімдері жоғары сапалы деңгейде шықты деп айту қиын.
Жазушы Ғ. Мүсірепов те Қазақстандағы кітап баспа ісінің дамуына көп үлес қосқан. Ол көп жылдар бойы Қазмембаспасының бас редакторы қызметінде болды. Қазақстан жазушылар ұйымының жетекшісі, елдің мәдени қызметкері бола отырып, редакциялық-баспа істеріне белсене қатысып, әсіресе, көркем әдебиеттерді шығаруға көп үлес қосқан.
1937 ж. 19 маусымда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы бойынша Қазақ КСР-нің Мемлекеттік кітап палатасы құрылды. Мемлекеттік библиография орталығының дамуы республикадағы баспа ісінің дамуымен тығыз байланыста болды. Содан бастап Кітап палатасы республикамыздың мемлекеттік библиография орталығына айналды. 1939 ж. бастап жылына бір рет «Кітап жылнамасы» мен «Журнал мақалаларының шежіресін» қазақ және орыс тілінде шығарып отырды. Кітап палатасы Советтік Қазақстанда шыққан кітаптардың библиографиялық көрсеткішін «Кітап шежіресі», статистикалық материалдар ретінде Қазақстанда шықан басылымдар туралы жан-жақты толық мәлімет беріп отырды.
Бірінші тарауға қорытынды жасасақ, ХХ ғ. 20-40 жж. Қазақстандағы баспа ісінің ұйымдастырылуы қазақ халқы үшін жаңа нәрсе емес еді деп түсінеміз, өйткені 1917 жылға дейін-ақ қазақ тіліндегі кітаптармен Н. Сәбитовтың «Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» арқылы таныс болды. Қазан, Орынбор, Уфа қалаларындағы басылған баспа өнімдерінің қазақ оқырмандарының рухани болмысын өрістетуде үлесі зор еді. Кеңес өкіметінің халыққа білім беру саясаты мен Қазақстанда баспа ісін ұйымдастыруда өз есебі болды, өйткені қазақ мектептерінің саны көп болды деп айту қиын, негізгі бағыт орыс тілінің шет аймақтарда мәртебесін көтеру еді. Сауатсыздық жою жолындағы жұмыстар да осы бағытта жүрді. Жоғары оқу орындарында қазақша факультеттер аз болды, ал техникалық мамандықтар факультеттерінің қазақшасы мүлдем жоқ еді. Баспадан шыққан қазақ кітаптары негізінен көркем әдебиеттер болса, техникалық әдебиеттердің қазақшасын айтпағанда орысшасының өзі аз болды. Қазақтың қисса-дастандары, эпостардың бірнеше нұсқалары шықты. Мәдени революция деген желеумен халықтың рухани құндылықтары толығымен халықтың алдына берілді, ашық қолдануға болды деп айту қиын. Қалай болғанда да Қазмембаспа, Өлкелік біріккен мемлекеттік баспа, арнайы салалық баспалардың құрылуы Қазақстанда кітаптардың көбеюіне, руханияттың дамуына ықпалын тигізді деп тұжырымдаймыз.
Екінші тарау «Қазақстандағы 20-30 жж. баспа өнімдерінің негізгі бағыттары, түрлері» деп аталады. Бұл тарауда оқулықтар мен оқу құралдарының шығуы, ғылыми және ғылыми-көпшілік кітаптар мен басылымдар, Қазақстанды зерттеу қоғамы және басқа да ғылыми, ғылыми-көпшілік ұйымдар мен мекемелердің басылымдары қандай деңгейде болғаны туралы мәселелер қарастырылған.
1920 ж. наурызда РКФСР Оқу Халық Комиссариатының ұлттар бөлімінде сауатсыздықты жою жөнінде арнаулы комиссия құрылады. Осы комиссияға қазақ және қырғыз тілдерінде 500 мың дана «Әліппе» шығару тапсырылады. Қазақстан үкіметі шұғыл түрде республика Оқу Халық Комиссариатына қазақ тілінде оқулықтар шығаруды міндеттеді.
1921 ж. 31 қаңтарда Қазақ АКСР Оқу Халық Комиссариаты мен Қазақстан Мемлекеттік баспасы редколегиясының біріккен кеңесінде 1-2-басқыш мектептерге арнап қазақ тілінде оқулықтардың жоқ екенін, атап айтқанда, арифметика, геометрия, жаратылыстану, физика, алгебра, химия, жалпы тарих, қазақ тарихы, мектеп гигиенасы, педагогика, дидактика мен методикалық әдебиеттерді қазақ тіліне аударып шығару қажеттілігі айтылды. Оқу кітабын, синтаксис, қазақ тілінің теориясын жазу ісі қолға алыну қажеттігіне де мән берілді.
1922-23 оқу жылында әліппе, грамматика, есеп құралы оқулықтары 178 мың дана болып шыққан. Дегенмен де басқа оқулықтар мектептерге жетіспеді. «КСРО халықтарының кіндік баспасы» ұйымдастырған комиссия 1923 ж. 9 маусымда қазақ тілінде мектеп оқулықтарын шығару мәселесін қарап, Қазақ республикасы кітаптан қатты тарығып отыр деп көрсетті де, қазақша оқулықтар мен құралдарды қарқынды түрде жылдам баспадан бастырып шығару туралы арнайы қаулы қабылдады. 1922-1923 оқу жылында қазақ мектептері 14 оқулық алған болса («Грамматика», «Физика», «Алгебра», «Педагогика», «Мектеп гигиенасы» т. б.), 1924/25 оқу жылында 16 оқулықпен қамтылып, олардың жалпы тиражы 322 мың данаға жетеді. Оқулықтар негізінен орыс тілінен аударылып, әр қалада (Москва, Ленинград, Ташкент) басылып шықты. 30-40 жж. бастауыш мектептеріне арналған оқулықтар барлық пәндер бойынша шығып тұрған. Ал әліппенің көбі үлкендер мектебіне арналып шыққан. Оның авторлары Қ. Төлебаев, А. Медетов, М. Омарова. Қазақстан Өлкелік партия комитеті 1934 ж. 17 наурызда оқулық шығару жөнінде қаулы қабылдап, онда республикадағы аз ұлттар (ұйғыр, дұнған) тілінде мектеп оқулықтары мен методикалық әдебиеттерді шығаруды ұйымдастыруды қолға алуды көздеді. 1943 жылы баспалардың тақырыптық жоспарында таралымдар мен барлық сала бойынша әдебиеттерді көбейту көзделді. 170-ке жуық оқулық кітаптарын шығару жоспарланса, оның жүзі орыс тілінде шығу керек, ал олардың қатарында Қазақстанның басқа ұлт тілдерінде тұрақты оқулықтар шығарылуы тиіс деп жүктелді. Жиырма бір оқулық жоғары оқу орындары мен педучилищелерге арналды. Алаш зиялылары да оқулық жазуға ат салысып, қазақ балаларының сапалы білім алу, ғылымның негізгі салаларын меңгерту мақсатында күш жұмсады. А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, Ә. Бөкейханов, Қ. Сәтпаевтар т.б. бұл іске араласуы үлкен азаматтықтың белгісі еді. Олардың жазған оқулықтары қазақ даласындағы алғашқы жүйеленген оқулықтар болатын. Әрқайсысы өзінің жазған саласында еңбек еткен, ол пәннен білімдері де жоғары еді.
Ғылыми басылым классикалық шығармалар, құжаттар, мұрағат материалдарының түріне жатады. Ол мәтін мен жарияланымды ерекше дайындауды талап етеді. Ғылымның басты қызметі адамдардың практикалық іс-әрекетіне қызмет көрсету болып табылады. Жаратылыстану ғылымдары мен техника адамдардың өндірістік іс-әрекетімен байланысты болып, қоғамдық өндірістің дамуына теориялық негіз жасайды. Қоғамдық ғылымдар болса қоғамдық өмірді прогрестік тұрғыдан қайта құруға бағытталған адамдардың практикалық қызметін теориялық жағынан сипаттайды. Алайда теориялық қызмет басты қызмет болғанымен, бір нәрсе деп қарауға болмайды. Өйткені ғылым идеологиялық қызметті де атқарады. Ғылымға таптық тәсілді қолданған кезде ғылым идеологиялық жағынан бейтарап, объективті білімді жасап, барлық таптарға бірдей қызмет көрсетеді деп санады. Жаратылыстану, қоғамдық ғылымдар адамдарды идеологиялық жағынан тәрбиелеп, нақты дүниетанымын қалыптастырады.
20-жж. басында Қазақ АССР Оқу Халық Комиссариатында Академиялық орталық құрылды, екі секцияда жұмыс атқарды Мемлекеттік ғылыми секция ғылыми-саяси, ғылыми-техникалық, ғылыми-педагогикалық жұмыстарға жетекшілік етті, қазақ терминологиясы, жазу, алфавит, оқу әдебиеттері баспаға даярланды және ғылыми кітаптар қазақ тіліне аударылды. Осы жұмыс барысында жас ғалымдар, журналистер, баспагерлер бір-бірімен тығыз байланыс жасады. Осы кезде этнография, халық музыкасы, қазақтардың қолданбалы өнері туралы материалдар жинақталды. 1931 ж. Қазақ өлкелік партия комитеті Қазақстанда баспа ісін қайта құру туралы шешім қабылдады. Осы қаулыға сәйкес Қазақ баспасының редакциялары әдебиеттің түрлері бойынша маманданды. Сонымен бірге осы жылы өндірістік-техникалық әдебиеттерді шығару үшін «Қазақ техникалық баспасы» құрылды. Бұл ғылыми-техникалық прогрестің дамуымен байланысты кітаптар, кітапшалар шығаруға ықпал жасады.
30-жж. басында Қазақстанда ондаған ғылыми-зерттеу мекемелері мен тәжірибе станциялары жұмыс істеді. 1932 ж. наурыздың басында КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы құрылды. Қазақстан ҒА базасының алғашқы «Еңбектері» 1934 ж. Ленинградта академик А.Н. Самойловичтің редакциясымен шығады. «Еңбектерде» Қарағанды зоология экспедициясының қорытынды жұмысы туралы мақала, Алтай-Ертіс ауданы мәселесін кешенді зерттеу және табиғи өндіргіш күштерін игеру жөніндегі материалдарды жинақтаған екінші шығарылымы жарияланады. 1934 жылы «КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан филиалының Бюллетені» ғылыми-зерттеулер мен жаңалықтардың жаршысы болды. Бюллетеньде Қазақстан ҒА филиалы базасының екі жылдағы қызметі және республикада ғылыми-зерттеудің одан әрі дамуы сипатталады.
Қ.И. Сәтбаев Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар мәселесін шешуге тікелей араласқан. ХХ ғ. 40-жж. «Қазақ КСР тарихының» алғашқы екі томын даярлау комиссиясының төрағасы, М. Әуезовтың «Абай» романына «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» ретінде баға берді. Қ.Сәтбаев Ш.Ш.Уәлихановтың толық шығармалар жинағын шығаруда редколегия мүшесі болды. 1927 жылы Қ. Сәтбаевтың Мәскеуде қазақ тілінде басылған «Ер Едіге» жыры және оған «Сөз басы» үлкен кіріспе-зерттеуі қазақ тарихына, көркем сөз тарихына, әдебиеттануға қосылған үлкен ғылыми үлес. 1935 жылы «Үлкен Жезқазған» атты ірі ұжымдық еңбек шығады. Оны шығаруға орталық ғылыми-зерттеу институттары, КСРО Мемлекеттік жоспарлау қызметкерлерімен бірге Түрлі-түсті металл басқармасы, Жезқазған комбинатының мамандары қатысады.
Қазақстан зерттеушілерінің монографиялық зерттеулері 1938 жылдан бастап жарық көрді. 1946 жылға дейін 40-қа жуық кітап шығады. Жыл сайын ғылыми зерттеулерге қорытынды жасаған реферативті журналдар шығып тұрды. 1939 жылы КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан филиалының «Хабаршылары» шыға бастады. «Хабаршының» зоология сериясындағы «Редакциядан» деген кіріспесінде ғылыми зерттеу еңбектерін өз уақытында шығарып отыру қажеттігі айтылды. 1946 ж. «Хабаршының» тоғыз сериясы шығады. Мұның өзі ғылыми зерттеулердің шарықтап дамығанын дәлелдейді. 1934-1940 жж. Қазақстан базасының, кейіннен КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан филиалының 20–ға жуық шығарылымы Москва мен Ленинградта жарық көрді. 1939 ж. «КСРО Ғылым Академиясы Қазақстан филиалының хабаршысы. Зоология сериясының» бірінші нөмірі, келесі жылы «КСРО ҒА Қазақстан филиалының Хабаршысы. Тарих сериясының» бірінші нөмірі жарық көрді.
С.Д. Асфендияровтың «Ежелгі дүниеден бастап Қазақстан тарихының» І бөлімі, «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» атты еңбектерінің шығуы Қазақстан тарихы ғылымы үшін жетістік еді. С.Д. Асфендияровтың редакциялауымен «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» құжаттар жинағы шығады. Бұл да Қазақстан тарихының деректану бөлімін байытты. Ол ұлыдержавалық, ұлтшылдық көзқарастарды сынады. Осы жылдары А.Х. Диваев жинақтаған «Батырлар жыры» шығады.
20-30-жж. Алаш зиялыларының да ғылыми еңбектері шығып, Қазақстан ғылымына үлкен үлес қосты. Соның бірі М. Тынышбаев. ХХ ғ. 20 жж. оның біраз еңбектері Қызылордада «Қазақстанды зерттеу қоғамы» баспасынан, Ташкентте Қырмембаспасының Шығыс бөлімі жариялап тұрды. Ол әйгілі шығыстанушы Бартольдтың ғылыми еңбектеріне үлкен ден қойып, қазақ тарихына қатысты деректеріне ерекше мән берген.
Мемлекеттік библиографияның дамуы Қазақстандағы баспа ісінің дамуымен тікелей байланысты. 1918-1920 жж. жыл сайын Қазақстанда 6-8 атаулы кітап аздаған тиражбен шығатын. Қырмембаспаның құрылуымен 1922 ж. үш мың данамен 47 атау кітап шыққан. 1937 ж. Қазақстанда 400 кітаптың жалпы тиражы 5 316 мың дана болған. 1934 ж. жазда Қазақстан Өлкелік партия комитеті «Марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын қазақ тіліне аударып, бастыруды ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдайды. Осы жылы көлемі 270 баспа табақтай 28 атау кітап шығару белгіленеді. Өлкелік партия комитетінің 1934 жылы 11 сәуірдегі қаулысы бойынша Қазақтың ғылыми-зерттеу марксизм-ленинизм институты мен Өлкелік партия комитетінің партия тарихы институтын біріктіріп, Қазақстанның Маркс-Энгельс-Ленин институтын ашамыз деп шешіп, оның алдына төмендегі міндеттерді қояды: а) Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерін қазақ тіліне аудару; ә) Қазақстан партия ұйымдарының, Қазан төңкерісі мен революциялық қозғалыстардың тарихы жөніндегі құжаттарды, материалдар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындап, бастырту. Мембаспа білім деңгейі әр түрлі оқырмандар үшін ғылыми-көпшілік сериясын шығарады. Сауаты бар жұмысшылар мен шаруалар үшін «Ғылым бәріне» сериясы шығады, ал «Көпшілік ғылыми кітапхана» өте маңызды әдебиеттерді шығарды. ХХ ғ. басында Қазақстан тарих ғылымында ғылыми қоғамдар үлкен роль атқарды. ХХ ғ. 20-30 жж. Семей мен Орынборда құрылған ғылыми қоғамдар «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы» (1920 ж.), кейіннен ол «Қазақстанды зерттеу қоғамы» (1920 ж.) деп аталды. «Қазақстанды зерттеу қоғамының Семей бөлімі» (1929 ж.), «Қырғыз өлкесін зерттеудегі Орынбор қоғамы» (1920 ж.), «Сырдария статистикалық комитеті» (1920 ж.), Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Түркістан бөлімі, Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Батыс Қазақстан бөлімі т.б. Қазақстанды зерттей бастады. Қысқа мерзім ішінде бұл қоғамдар көп жұмыс тындырған. Ғылыми экспедициялар ұйымдастырды, қоғам баспаларында еңбектерде, жазбаларда, ескерткіш кітаптарда, мекен-жай күнтізбелерде ғылыми материалдар жариялады, мұражайлар мен кітапханалар ашты.
1924 ж. 27 қарашада Өзбекстандағы ғылыми қоғамдар мен мекемелердің конференциясына Орыс Географиялық қоғамы Түркістан бөлімінің 108 мүшесінен Археология және Этнография секциясының төрағасы А.А. Семенов және М. Тынышбаев екеуі ғана сайланады. М. Тынышбаев конференция тапсырмасы бойынша кейіннен ұйымдастыру комитетіне хат жазады. Конференция материалдары жинақ болып шықса, қысқаша «Қазақ тарихын» жазып беруге әзір екенін жазады. Сөйтіп, «Қырғыз-қазақтар ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда (Қырғыз-қазақ халқының тарихи материалдарына қосымша)» атты еңбегі осылай жазылған еді.
«А. Байтұрсыновтың ғылыми қызметі» атты І. Омаровтың мақаласын осы қоғамның жариялауы назар аудартады деуге болады. Мақала Еңбектердің 7-16 беттерінде 1922 ж. ІІІ шығарылымында жарық көрді. Автор ақын, публицист, педагог, қоғам қайраткері А. Байтұрсыновтың қазақ грамматикасы саласындағы жаңалықтарын талдаған. 1923 ж. М. Тынышбаевтың «Түркі-Монғол тарихы» еңбегі, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» жарық көріп, мектептерде кеңінен қолданыла бастады. 1924 ж. Міржақып Дулатовтың Орынборда «Қирағат кітабы», Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді. Орыс Географиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің 1922 жылғы есебі «Еңбектердің» 1922 ж. ІІІ шығарылымында (195-213бб) жарық көреді. Аталмыш қоғам өздерінің іс-әрекетін таразыға салып, пайымдамаларын «Есептерінде» жариялап отырған. Мысалы, 1922-1923 жж. есептері бар. «1922 ж. Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының есебі, Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы мүшелерінің 1923 ж. тізімі берілген есеп 1922 ж. «Еңбектердің» ІІІ шығарылымының 183-194 беттерінде жарияланады [16, 237-б.]. Осы сияқты қоғамның 1923 жылғы есебі де 1924 ж. «Еңбектердің» VІ шығарылымында көлемі алты бетпен шыққан.
Қорыта айтқанда, ғылыми және ғылыми-көпшілік әдебиеттердің баспадан жарық көруі Қазақстанда да едәуір жетістікке жетті деп есептейміз. Ал Қазақстанда техникалық, экономикалық әдебиеттер басылымының саны дегенмен де бұл кезде аз болды. Оларды көбінесе біз жоғарыда көрсеткендей тікелей Москвада жұмыс атқарған баспалар шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: |