КІРІСПЕ
Малдар кейбір жағдайда күтіп-бағу кезінде ауруға шалдығады. Малдарға мамандандырылған көмекті тек қана ветеринар маман көрсете алады, бірақ мал иелері де көп таралған ауру жайлы түсінігі болып және алғашқы жәрдем көрсете алуы керек.
Малдарға көрсетілетін ветеринарлық жәрдемді ажырата білу керек, яғни бірінші жедел жәрдем, жануар өлім жағдайында болғанда немесе ауыр жарақат алғанда көрсетіледі, ал екіншісі- қалыпты жағдайда емдеу.
Жарақаттанғанда, жіті инфекциялық аурулар кезінде, төлдеу патологияларында, өңеште бөгде заттар табылса, жатыр түсіп қалса, шаншуларда, тимпанияда, қансырауда т.б. жағдайларда міндетті түрде жедел жәрдем көрсетіледі. Бұл кезде ветеринарлық көмек жедел көрсетіліп ветеринарлық маманның ауру малға баруын талап етеді. Ветеринарлық көмек ветеринарлық емханаларда амбулаторлық және стационарлық түрде немесе мал белгілі бір жағдайлармен ветеринарлық кәсіпорынға жеткізілмесе көмек сол орында көрсетіледі.
Жоспарлы ветеринарлық көмектің маңызы зор, ол малдарды диспансеризациялау арқылы жүзеге асырылады. Ветеринарлық көмекке терапевтикалық, акушерлік–гинекологиялық, сонымен қатар хирургиялық болып жатады. Ветеринар мамандардың басты міндеті - ол малдарға орынды ветеринарлық көмек көрсету. Кейбір жағдайларда алғашқы ветеринарлық көмекті ферма жұмыскерлері немесе мал иелері көрсете алады.
1. ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚОБДИШАСЫ
Мал иелері аздаған жарақаттар кезінде көрсетілетін алғашқы ветеринарлық көмекпен қатар, мал өміріне қауіпті жарақаттар кезінде көрсетілетін көмекті білуі қажет. Даулы жағдайларды болдырмау үшін кенеттен болатын жағдайларды алдын-ала ойластырып, дайын болуы қажет. Яғни шұғыл жағдайда қол астында ветеринарлық қобдиша болып, ветеринармен қалайда байланыс жолдарын ойластыру керек. Фермада келесі құралдар болу керек: термометр, мал түгін қырқуға арналған қайшылар, пинцеттер. Операцияға арналған скальпель, Эсмарх крушкасы, трокар дезифектанттар қажет.
Сонымен қатар дәріханалық таразылар, сүлгі және халат болуы абзал.
Қобдишада (аптечка) болу қажет:
вазелин - қабынулармен соққы алғанда теріні жұмсарту үшін сүртпе жасауға, желін үрпілерін жұмсарту үшін қолданылады. Сонымен қатар сүртпе майлар әзірлеуге де пайдалы.
глаубер тұзы - түссіз, мөлдір кристалды ұнтақ. Іш жүргізу үшін қолданады.
йодоформ - өзіне тән иісі бар, лимонды сары түсті, ұсақ кристалды зат. Йодоформды сүртпе майлар әзірлеуде және жараға сеппе ретінде қолданады.
ихтиол - қара-қоңыр түсті сұйықтық. 10-20% ерітінді және сүртпе май түрінде жарақаттарды өңдеуге, тері қабынуларында, соғылып, ұрылуларда т.б. жағдайларда қолданылады. Ашытуға қарсы зат 20-40 г ішуге арналған.
калий перманганаты (марганцовка) - кристалды ұнтақ. Жұтқыншақ пен жатыр қабынуларында, жарақаттарды өңдеуге, суға қосып ерітінді ретінде қолданылады.
сутегінің асқын тотығы 3%-дық ерітіндісі іріңді жараны өңдеуге арналған.
бор қышқылы - ақ кристалды ұнтақ. Ауыз қуысын, мұрынның кілегей қабаттарын және көздің коньюктивасын өңдеу үшін қолданылатын суға араластырылған 2-3%-дық ерітінді.
дезинфекциялық креолин - өзіне тән иісі бар, қара-қоңыр түсті май тәріздес, қоймалжың сұйықтық. Қора-жаймен, құрал-саймандарды, аяқ киімді залалсыздандыруға т.б. жағдайларда пайдаланады.
камфора – орталық жүйке жүйесін қоздыруға, тыныс алумен қан айналымын ынталдарады. Ампулада 20% май ерітіндісі, 2-20 мл тері астына енгізуге арналған.
кофеин –3-5 мл тері астына орталық жүйке жүйесін қоздыруға.
лизол - мөлдір қызыл май текті сұйықтық. Судағы 1%-ды ерітіндісін теріні, құрал-саймандарды, жараны, қолды залалсыздандыру үшін қолданады.
мырышты май- ақ түсті қою зат, жараны емдеуге, зақымдалған теріге және т.б. қолданады.
кастор майы - әлсіз иісті, сары, мөлдір, май текті сұйық зат. Жеңілдететін әсері бар, 250-800 мл ішке.
өсімдік майы( күнбағыс, зығыр, кендір) - теріні жұмсартуға, асқазан, ішек ауруларына қабылдайды.
карболды сабын (дегтярное, борлы) - қолды жууға арналған, залалсыздандыратын сабын.
йод тұнбасы (5-10% - ды спирттегі йод ерітіндісі) - жараға жағуға, операция алдында теріні майсыздандыруға арналған күңгірт сұйықтық.
скипидар - сарғыш немесе түссіз, смола тәрізді иісі бар сұйықтық. Жиі тері сыртына қолданылады. Асқазан мен ішек ауруларына, сонымен қатар кеуде қуысының тері жасушаларына, өкпе ауруларына қолданылады.
қоскөмірқышқылды тазартылған сода - ақ түсті қышқыл, дәмді, кристалды ұнтақ. Жатырды, қынапты, ауыздың кілегей қабығы және мұрынның кілегей қабығын жуып-шаюда сумен араласқан ерітінді ретінде қолданылады.
анальгин – 1 және 2 мл мөлшерлі ампуладағы 25% және 50% ерітінді. Жансыздандырғыш зат, тамыр ішіне немесе бұлшық етке 3-6 мл-ден, тәулігіне 2 рет егіледі.
магния сульфаты – 20-25% ерітінді, бұзаулардың қалшылдауын басатын 50-100 мл зат, фтор, қорғасын, барий, сынап, мышьякпен уланғанда– 1% ерітіндіні қарынды жуғанда қолданады.
сульфадимезин - таблетка. Пневманияда, мүшелер қабынуында және ұлпаға қолданады.
трицилин – ақ, ұнтақ зат, ол стрептоцид, стрептомицин және пеницилиннен құралады. Ақ стрептацид секілді қолданылады.
ақ стрептоцид - дәмсіз, иіссіз, ақ түсті, ұсақ кристалды ұнтақ. Жараларды емдеуге, ұлпалардың қабынуында қолданылады.
пенициллин - антибиотик, ақ түсті ұнтақ, флаконмен 500000 және 1000000 ӘБ (әсер бірлігі).
сульфадиметоксин – микробқа қарсы препарат (кокцидиоз, пастереллез, пневманияларда, ішек қабынуларында) 1 кг салмаққа 50-60 мг ішке, тәулігіне1 рет 4-6 күн егеді.
фурациллин - сыртқы қолдануға ерітінді және майын жасауға пайдаланатын таблетка. Конъюктивит, ангина, терінің ұсақ зақымдалуларында, стоматитте, сырттан микробтың түсуінде қолданады т.б.; 1 л қайнап жатқан суға 0,2 г.
фуразолидон – асқазан ішек аураларын алдын алу және емдеуге 1 кг тірі салмаққа 5 грамнан.
калций хлориді - венаға арналған 10%-ы ерітінді. Қабынуға қарсы, улануда, қан жоғалтуда кеңінен қолданылады, глюкоза ерітіндісімен 100 мл-ге дейін тамыр ішіне, 30-60 мл ішкізуге;
хлорлы әк - хлор иісті, ақ түсті ұнтақ. 2-5% сулы ерітіндісін, немесе құрғақ түрде қолданылады. Мал қораларын, топырақты, көңді залалсыздандыру үшін пайдаланылады.
Сонымен қатар, байлайтын (таму) заттары: гигроскопты мақта, стерилді бинт, марлы, резенкелі бұрау (жгут) болуы керек.
Барлық дәрі-дәрмектерді бекітілетін шкафта сақтау керек және құрал-саймандар таза болуы керек. Флакон салынған дәрі-дәрмектер тығындармен дұрыс жабылуы керек.
2. ЖАНУАРЛАРДЫ БАЙЛАП, БЕКІТІП ҰСТАУДЫҢ НЕГІЗГІ ТӘСІЛДЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТКЕНДЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ
Малдарға диагностикалық немесе емдік сақтандыру шараларын жүргізерде мал мен адам жарақат алмайтындай жағдай жасалуы керек.
Малмен абайлап, сенімді, еркелетіп қатынас жасау керек. Оған жақындағанда бұйрықты дауыс беріп, ескерткен дұрыс. Дөрекі айқайлауға болмайды. Жануарларды күтіп-бағатын адамдар жануарлардың лақап атын, жынысын, жасын, айрықша белгілерін, темпераменті мен әдеттерін біліп қана қоймай, бекіту әдістерін де білуі қажет.
Ірі қара малды клиникалық тексерістен өткізер кезде мүйізімен сүзіп, сонымен қатар тұяқтарымен артына немесе жан – жағына теуіп қарсылық көрсетуі мүмкін.
Ірі қара малды бекіту: Ірі қараны қарап зерттеген кезінде мүйізінен немесе мойынынан және мұрын айналасынан бекітіп байлайды. Ірі қараны тексеру уақытында жанынан, оң немесе сол жағынан тұрып екі мүйізін қолмен ұстап бекітіп тұруға болады.
Шынтақпен мойын аумағын басып, ал дене мен иық маңын басып тұру керек.
Егер мүйізінен ұстап бекіту жеткіліксіз болса, сол жағынан ауыз - мұрын аумағын бір қолмен, ал екінші қолмен мүйізінен ұстап тез, әрі шапшаң түрде мойынын бұрады, сол жақ қолдың шынтағымен жануарды басып тұрады. Ал алақанмен бастың мұрын аумағын көтеріп тұрады.
Сиырдың тек қана мұрын - ауыз аумағын қысу арқылы ұстауға болады. Мұны саусақпен, егер ұзақ уақыт ұстау қажет болса арнайы мұрын қысқыштармен қысады.
Артқы аяқтарын арнайы арқан ілгіштермен бекітеді (секіртпе сіңірлердің үстінен кішкене жоғары), тұяқтарын кесу және тазалау кезінде аяқтарына айналдырғышты салады (сурет 1).
Сурет 1. Ірі қара малдың басын бекіту техникасы
Сурет 2. Сиырлардың аяқтарын бекіту әдістері
Жануардың көтерілген тұяғын адамның тізесіне қоюға болмайды, өйткені ол жануарға тіреу болады және адам үшін өте қауіпті.
Арқанның шетін қандай да бір затқа бекітуге болмайды және жануардың денесіне байлауға болмайды, өйткені жануар аяқ астынан құлап қалса тез көтеру, аяғын босату қиынға соғып, жарақаттарға әкеледі (сурет 2).
Өңдіруші бұқалармен жұмыс жасағанда абай болу керек. Әр бір бұқаға 6-8 айында мұрын пердесіне сырға тағады. Бұқаны мұрын сырғасына байлауға болмайды. Сырғаны қайыс белдік арқылы мүйізіне қарай тартып қояды. Бұқаны ең дұрысы бағанаға немесе екі бағана аралығына бекіту қолайлы. Бұқаларды мұрын сырғасы және мойын шынжырлары арқылы бекітеді. Жануардың темпераментіне қарамастан әр бір бұқаны мұрын сырғасына бекітілген 2 метр ұзындықтағы жетек таяқшамен (карабин) ұстайды.
Бұзауларды қолмен құлағын немесе мойнынан ұстап, арнайы түйін арқылы мойын ілгегін жасап бекітеді. Жалпы ірі қара малды бекіту үшін әр түрлі конструкциялы станоктар қолданылады.
3. АУРУЛАРДЫҢ НЕГІЗІ БЕЛГІЛЕРІ
Малдарға уақытылы ветеринарлық жәрдем көрсету үшін малдардың ауруларының жалпы белгілерін білу қажет.
Аурулардың негізі белгілері:
-
бей-жай жағдайы;
-
жанар жылтыры кетіп, көздің кіртеюі;
-
тұмсығының құрғақ және ыстық болуы;
-
азыққа тәбетінің төмендеуі;
-
сүтінің мөлшерінің азаюы.
Аурудың кішкене белгілерінде-ақ малдардың дене қызуын ветеринарлық немесе кәдімгі медициналық термометрмен тексеру керек (кесте 1.)
Қолданар алдында, алдын-ала термометрді тексеріп, залалсыздандырады. Термометрді сілкігеннен кейін вазелин немесе май жағып, сынапты басы кілегей қабатына тиіп тұру мақсатында, тік ішекке енгізеді. Мал құйрығына 5-10 минут жіппен немесе термометр ұстағышпен байлайды. Дене қызуын тексерісімен жедел түрде дымқыл мақтамен немесе жылы сумен термометрді кілегейден немесе қидан тазалап, сынабын сілкіп түсіріп, залалсыздандыру керек. Есте сақтаңыздар! Термометрді қолдану тәртібін бұзғанда топалаң, маңқа және паратиф басқа малдармен адамдарға жұғуы мүмкін.
Өзіне қауіп төндірмес үшін малдардың артқы аяқтарымен құйрығынан сақтану керек, ал көмекші болса жылқының басын мықтап бекітіп, сол жақ аяқты кеуде қуысына көтеріп тұру қажет.
Тамырының соғуын саусақты жамбас артериясына басу арқылы анықтайды.
Тыныс алу жиілігін кеудесінің қозғалысы арқылы, кеуде қуысын тыңдау арқылы, тұмсығына алақанды жайып біледі.
Кесте 1. Сау малдардың дене қызуы, тамыр соғуы және тыныс алу көрсеткіштері
Малдың түрі
|
Дене қызуы, °С
|
1 мин. соғуы
|
тамыр соғуы
|
тыныс алуы
|
Ірі қара мал
|
37,5 – 39,5
|
50 - 80
|
10 - 30
|
Жылқы
|
37,5 – 38,5
|
24 - 42
|
8 – 16
|
Қой, ешкі
|
38,5 – 40,0
|
70 - 80
|
12 – 30
|
Шошқа
|
38,0 – 40,0
|
70 - 120
|
10 – 20
|
Қоян
|
38,5 – 39,5
|
120 - 200
|
12 - 30
|
Тауық
|
40,5 – 42,0
|
120 - 150
|
12 - 30
|
Сау малдың дене қызуы әр түрлі факторлар әсерінен өзгеріп отыратынын ескерген жөн. Ең бірінші фактор - ол малдың жасы. Басқада жағдайларда төлдердің дене қызуы сақа малдарға қарағанда жоғары болатыны мәлім. Мысалы: жаңа туған құлындардың дене қызуы 39,5°С болса, жасы үлкен құлындарда 37,5- 38,5°С аралығында болады. Бұзауларда 38,5-40,0°С, қозыларда 38,5-40,5°С, ешкінің лақтарында 38,5-41,0°С, торайларда 39,0-40,5°С болады. Аналықтардың дене қызуы аталықтар мен пішпелерге қарағанда жоғары болады.
Төлдеудің алдынғы аптасында барлық малдардың дене қызуы жоғары болады. Бірақ физиологиялық қалыптан (0,5°) шығуы сирек кездеседі. Кейбір сиырларда 40,0°С болып, бұзаулағаннан кейін 2-4 күнде қалыпты деңгейге келеді.
Дене қызуы жұқпалы ауруларда, суық тигенде және басқада ауруларда жоғарылап, уланғанда төмендейді. Малдардың қызуы көтеріле бастағанда және бұзаулардың өкпесі қабынғанда тыныс алу жиілігі жылдам болады.
Сиыр ағзасында термометр болған кезде, төмендегілерді тексеруге болады:
-
Өкпесін: Тыныс алуын бағалап, оның жиілігіне қарап, қасындағылармен салыстырып оларға қарағанда жиі болса стетоскоп арқылы жүргізу қажет.
-
Қарын құрамы: Сиырдың артынан қарап, егер соңғы қабырғасына қарыны жанамаса және мал бүкірейген немесе арық болса, онда азықтандыру нашар немесе ол малда ацидоз немесе жұмыршақтың жылжуы.
-
Жатырын: Қынаптық бөлінулер мен шудың кешеулдеуі орын алмағанын қарау керек. Шудың кешеуілдеуі үш тәуліктен асса ем қолдану керек.
-
Бірінші рет бұзаулаған сиырлардың қынаптық бөлінулері қалыпты болса, олар қою, жағымсыз иісі болмайды, түсі ал қызылдан шоколадты-қоңыр түсті болады.
-
қынаптық бөлінулері қалыптан тыс болса, олар метриттің болғанын көрсетеді, яғни жағымсыз иісті, өзі сұйық, түсі қызыл болып келеді.
-
Желіні: Бөліктердің симметриясына көңіл аудару керек. Симметрияның болмағаны желінсауды дәлелдейді. Егер бір немесе бірнеше бөліктері ісінген болса, үрпілерді қарап (іркіт, қоймалжыңдар, су тектес сүт), желінсаудың белгілерін анықтау керек.
4. ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ЕҢГІЗУ ЖОЛДАРЫ
Жануарларды дәрілік заттармен емдеу кезінде, оның мөлшерімен ерітінді концентрациясын, басқа дәрілік заттармен әрекеттесуін ағзаның жалпы жағдайын, жануардың түрін, жасын және салмағын ескеру қажет.
Дәрілік заттардың беру жолдары еркін және еріксіз (күштеп) беру болып бөлінеді.
Еркін беру әдістері. Дәрілік заттарды жануарлардың тек азыққа тәбеті болған жағдайда береді. Дәрі-дәрмекті ерікті беру әдісі жеке немесе бір топ жануарларға қолданылады. Оны азықпен, сумен береді немесе ұнтақ және ерітінді түрінде ұсынылады. Кейбір жануарларға бұл әдіс тиімді, әрі қарапайым болса, ал кейбіреуіне өте тиімсіз болуы да мүмкін. Ірі жануарларға дәріні азықпен, ұнтақ болмаса ерітінді түрінде береді.
Дәрі-дәрмекті еріксіз беру әдісі.
Дәрі-дәрмекті малға ауыздан күштеп беруге болмайды, егер олар жұта алмаса (жұтқыншақ салдануы, бөгде заттармен бітелгенде және т.б.). Мұндай жағдайларда оларды ерітінді күйінде, зонд арқылы енгізген дұрыс. Дәрі-дәрмектерді еріксіз берудің бірнеше тәсілдері бар. Ерітінділерді, қайнатындыларды, қоймалжыңдарды (эмульсия), тұнбаларды резеңке, пластамасса немесе шыны бөтелкелермен, резеңке кружкалармен, Эсмарх кружкасымен және шприц-дозатормен енгізеді. Алдымен малды байлап ұстап, басын жоғары көтеріп, аузын ашады, бөтелкені тісі жоқ жақ арасынан енгізеді де ауызға құяды (6-8 рет қайталап бөтелкені көтеріп ішіндегі ерітіндіні ауызға енгізу). Жануар тынышсызданып, жөтел пайда болса дәрі беруді тоқтатып басын төмен түсіреді.
Егерде ерітіндінің кейбір мөлшері кеңірдекке кетсе және жануар жөтеле бастаса, ол жағдайда да басын дереу төмен түсіреді. Бұл тәсілді қолданған кезде кергіш қолдануға және малдың тілін сыртқа шығарып ұстауға мүлдем болмайды.
5. ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫ ЕГУ
Шприцті серпімділікке тексеру төмендегідей жүзеге асырылады: цилиндрдің конусын екінші немесе үшінші саусағымен жабады (шприц ұстап тұрған қолмен), оң қолмен поршенді төмен жылжытады, сосын жібереді. Егер поршен бастапқы қалпына тез келсе онда шприц серпімді болып есептелінеді.
Малды емдеу кезінде сұйық дәрі-дәрмектерді ағзаға асқорыту жолына енгізбей, тері астына, күретамырға, кеңірдек қуысына, өкпеге және басқада қуыстарға енгізу кеңінен қолданылады. Ол үшін инъекциялық инелер, шприцтер, арнайы аспаптар, әр түрлі бейімдегіштерді асептика және антисептика ережелерін қатаң сақтап қолданылады. Малдың дәрі ерітіндісін енгізетін жерінің жүнін қырады, теріні спиртпен немесе йодтың спирттегі ерітіндісімен немесе йодинолмен екі рет сүртіп тазалайды. Құрал – саймандарды 30 минут ас содасының 2%-дық ерітіндісінде, шприцтер мен инелерді дәкеге орап дистилденген суда қайнатады. Дәрі – дәрмектердің судағы, майдағы ерітінділерін стрельді күйінде мал температурасына сәйкестендіріп енгізеді. Дәрі – дәрмекті енгізер алдында қолды тазалап жуып залалсыздандырады.
Ескертпе: Ірі жануарларды егу кезінде әр түрлі жарақат алып қалу жиі кездеседі. Сондықтан малдың дәл арт жағына жақын тұруға болмайды. Инемен жарақат алып қалмас үшін сақтық шараларын сақтау керек.
Шприц – бұл қарапйым сорғыш және енгізгіш қасиеті бар сорғыш (сурет 3). Оның негізгі бөліктері – жартылай цилиндр және поршеннен тұрады. Сұйықты және ауаны жібермей тұратындай болып поршен цилиндрдің ішіне еніп тұрады, оңай алынып салынады. Цилиндр шынылы, металды, пластамассалы (бір реттік шприцтер) және әр түрлі сыйымдылықта болады.
Цилиндр түбі воронка тәрізді ине тығылатын орны болады.
Сурет 3. Шприцтің түрлері
Дәрілік затты шприцпен ампуладан алу
Ең алдымен, ампуланың сыртындағы ақпаратпен танысу керек: дәрілік заттың атауы, концентрациясы, жарамдылық мерзімі. Дәрілік заттың қолдануға жарамдылығын тексеріп, тұнба жоқтығын қарау керек. Дәріні негізгі бөлігіне түсіру үшін, ампуланың жіңішке жағын саусақпен соғамыз. Ампуланың мойнын кесу үшін алдымен залалсыздандыратын затпен өңдеу керек. Сынықтардан қорғау үшін ампуланы салфеткамен жабу керек (сурет 4 а). Ампуланың мойнын сындыру керек. Инемен қажетті мөлшерде дәрілік затты алады. Мойны кең ампулаларды аудармау керек. Дәрілік затты алар кезде иненің ерітіндінің ішінде болғанын қарау керек. Сол кезде шприцке ауа кірмейді. Шприцтің ішінде ауа жоғына көз жеткізу керек. Көпіршіктер болатын болса, шприцтің поршенін басып, ауасын шығару керек (сурет 4 б).
а б в
Сурет 4 (а,б,в) – Дәрілік заттарды шприцке құю реті
Дәрілік затты шприцпен алюминий қақпағымен жабылған флаконнан алу тәртібі. Ең алдымен флаконның сыртындағы жазылған дәрілік заттың атауын, концентрациясын, жарамдылық мерзімін қарайды. Флакон мен ерітіндінің тазалығын, жарамдылығын тексереді. Сосын пинцетпен (қайшымен) резиналық пробаны жауып тұрған қақпақты ашады. Антисептикалық ерітіндімен резиналық пробаны сүртеді. Инені тік енгізеді. Шприцпен қажетті мөлшерде алады (сурет 4 в). Әр алған сайын әр түрлі стерильді инемен шприц қолданылады. Ашылған көп мөлшерлі дозалы флаконды 6 сағ. көп емес тоңазытқышта сақтайды, егерде қарсы көрсетілімі болмаса.
Егер дәрі құрғақ ұнтақ түрінде болса, онда арнайы дистильденген сумен немесе новокаинмен араластырады. Дәріні дұрыс жасаудың бірнеше сатысы: 1. Ампуладағы сұйықтықты шприц көмегімен алу 2. Ұнтағы бар ыдыстың бетін спиртті мақтамен сүртіп, шприцті енгізу 3. Шприцті алып, ыдысты дұрыстап шайқау 4. Қайтадан шприцке ерітінді алу Дәрілік затты тері астына енгізу. Бұл әдіспен дәріні тері асты клечаткасына енгізеді. Қан айналымы жақсы жерге енгізеді. Тері асты инъекциясы бұлшық асты инъекциясына қарағанда ауырсуынуы төмен. Инъекция алдында теріні егеді. Дәрілік затты дұрыс енгізу үшін, жиырылған жермен тері асты клечаткасының қалыңдығын тексереді. Инені 45-тан 90º бұрыш жасап енгізеді. Ерітіндіні үшінші мойын тұсында, жауырын, кеуде қуысының маңайына енгізеді (сурет 5). Бір жерге 200-300 мл дейін Бобров аппаратымен Жанэ шприцпен енгізуге болады. Суретте сары түс тері астына, жасыл түс бұлшық ет ішіне енгізуге болатыны көрсетілген.
Сурет 5. Суретте сары түспен тері астына егетін орындар көрсетілген, жасылмен – бұлшық етке егу орындары
Дәрілік затты бұлшық етке енгізу. Бұл әдіспен көбіне баяу сіңетін дәрі-дәрмектерді енгізеді (бұлшық етте қан тамырлары көп болғандықтан тез сіңеді). Инъекцияға мықты, өткір ине алады. Инені шприцсіз енгізіп, теріге перпендикулярлы 2-4 см тереңдікте егеді. Енгізетін жердің бұлшық еті қатты болу керек, ірі қан, жүйке тамырлары, сіңірдің қынап қабаты, буындар мен сүйектер болмауы керек. Ауырсыну мен ісінуді болдырмау үшін, егуді кезектесіп, бірде оң, бірде сол жақтан жүргізеді. Ауырсынуды басу үшін егу кезінде егетін жерді соққылау керек. Бас бармақ пен сұқ саусақпен инені басып (шприцсіз) тез егеді. Тез арада шприцке ине кигізіп, поршенді тартып, иненің қан тамырға тигеніне көз жеткізіп, дәрілік затты енгізу керек. Бір жерге 20 мл-ден артық енгізуге болмайды.
Дәрілік затты тамыр ішіне енгізу. Ірі малға ерітінділерді көк тамырына көлемі 20 мл-ден кем емес Бобров аппараты, Коньков, Жанэ шприці қолданылады. Бұл құрылғыларды конюлямен қосады. Сол қолдың бас бармағымен қысып ұстап тұрған кезде күре тамыр қанға толып, сыртқа теуіп тұрады. Оң қолдың бас бармағы мен сұқ саусақпен инені ұстап, 40-45º бұрышта дәріні енгізеді. Инені тамырға ақырын енгізеді. Ине тамырға тиген кезде қан аға бастайды. Егер ине тамырға тимесе, тамырдан тамшылап қан ағады, сол кезде инені тамырға қайта қолайлы қылып енгізеді. Егер ине бітеліп, ерітінді жүрмесе ондай жағдайда инені айырбастау қажет. Шприцтін инесін дұрыс қолдану кезінде тамырға ерінді енгізіп, шприцті қосып поршенді босатып, қан шприцке көрінгесін тамырды босатып ерітінді енгіземіз.
Егерде Бобров аппараты, Коньков, Жанэ шприцнін қолданылса, тамырға аз мөлшерде ерітінді енгізіп немесе конюлляларды резиналық тұтқамен қосып, ерітінді төмен түсіреді. Резиналық түтікте (шыны түтікше арқылы қосылған жер) қан көрінгесін және ерітіндіде ауа көпіршіктерінің жоқтығына көз жеткізгесін, ерітіндіні үстіне көтеріп, саусақты бір уақытта босатады. Ерітіндіні минутына 20-30 мл көлеміне енгізеді. Ерітіндінінің температурасы 38-40º болу керек.
Ерітіндіні құйып болғаннан кейін приборды төмен түсіріп бақылауға арналған шыны түтікшеге қан келтіріп, содан кейін ғана инені көк тамырдан шығарып, иненің орнын залалсыздандыратын ерітіндімен сүртеміз.
Дәрі-дәрмектерді құрсақ қуысына енгізу. Бұзауларға дәрі-дәрмектерді 3 күндік жасында оң және сол жақ аш бүйірінен, ал 3-5 күндігінде тек қана оң жақ бүйірінен енгізеді. Инені енгізу орны мықын сүйегінің латеральды (сыртқы) төмпешігінен соңғы қабырғадан төменгі бел омыртқалардың көлденең қанатынан 8 cм төменнен қосылған түзу сызықтың ортасы. Алдын ала стерильденіп дайындалған қоспаны 100-200 грамдық шприцке (Бобров аппаратына) құяды. Бобров инесінің ұзындығы 65-75 мм. Осы инені алдын ала дайындалған аш бүйірге жоғарыдан төмен, алдынғы жақтан артқа 40-45º бұрыш жасай отырып енгізеді. Саусақпен иненің теріні, тері асты клечаткасын, іштін қисық және түзу бұлшық етін және іш пердені тесіп өткенін сезу керек. Инені бұрып шрицке немесе Бобров аппаратына жалғаймыз. Шприцтегі ерітінді өте жеңіл кетеді (Вена ішіне енгізгеннен жылдамырақ).
Өте қатты дерттенген бұзауларға дәрілерді іш жақтан енгізеді. Ол үшін бұзауды артқы аяқтарынан аздап көтереді, инені іштін ақ сызық бойынан 2-3 см сырт жаққа, ең соңғы емшектерінің тұсына енгізеді.
Мес қарынды тесу.
Күйіс қайыратын мал жіті тимпаниямен ауырған кезде мес қарынды тесіп, іштегі газды жайлап шығарады. Олай көмек көрсетпесе, асфиксиядан мал тұншығып өледі. Тесетін орынды дайындайды, ол сол жақ аш бүйір сербек сүйегі мен соңғы қабырғаның ортасының қиылысқан жері немесе қиылысқан нүктеден 2-3 см төмен жері.
Ірі қара малдың мес қарынын тесуге үш қырлы өткір троакар аспабы пайдаланылады. Ол өткір ұшты қанжары бар, гильзалы троакар. Осы троакарды сол жақ аш бүйірдің терісін бір жаққа аздап ығыстыра отырып, оң жақ шынтақты бағытқа алып, қатты ұрады да мес қарынға енгеннен кейін ішіндегі үш қырлы қанжарды суырып алып, газды жайлап шығарады, ал гильзаны белгілі уақытқа қалдырады. Газды жылдам шығару қан кету, мидын анемиясы, естен тануға әкеліп соқтырады. Егер гильза бітеліп қалса, онда стилетпен азықтарды ішке енгізеді. Гильза түсіп қалмас үшін оны ішке байлап қояды да, тимпания қайталану қаупі жоғалғанға дейін алмайды. Гильза арқылы дезинфекциялық заттар (1-2% креолин ерітіндісі, ихтиол, лизол ерітіндісі ) жібереді. Троакарды алмас бұрын гильзаны жуып, стилетті кигізіп, абайлап троакарды суырып аламыз.
Бұзауларға диаметрі 1,5-2 мм, ұзындығы 10-12 см Бобров инесін қолданады, мандренімен бірге. Ине арқылы мес қарынға дезинфекциялық зат жібереміз. Троакарды суырып алғаннан соң тесілген жерді йод ерітіндісімен сүртіп, таңып қояды.
Қатпаршақ қарынға дәрілік заттарды егу.
Қатпаршақ қарынды тесу үшін жіңішке троакар немесе Бобров инесін қолданады. Троакар орны – оң жақта, 8-9 қабырға аралық, 10 қабырға тұсынан жауырын сызығының бойынан 2-3 см төмендікте енгізеді. Осы жердің терісін бір жағына жинап, инені немесе троакарды 5-8 см тереңдікте енгізіп шприцпен қосады, 50-100 мл стирильді физиологиялық ерітіндіні құйып, сонан соң аздаған ерітіндіні азықтармен бірге шприцке сорып алып, иненің қатпаршаққа түскенде көз жеткенде ғана дәрілік ерітінділерді немесе майлы эмульсияны енгізеді.
Бұл әдісті қатпаршақ қарынның ішінде не бар екенін анықтау да және оның жиырылу диагностикасында (ине қозғалысы қатпаршақ қарынның жиырылу көрсеттеді) қолдануға болады. Қабыну үрдісі болдырмау үшін және тері асты клечаткасына немесе құрсақ қуысына іріңді микрофлора енгізбеу мақсатында инені немесе троакарды стерильді ерітіндімен немесе новокаин араласқан антибиотикті затпен жуған дұрыс. Инені алып шыққан орынды өңдеп және коллодияны жапсырады.
6. ТАҢУ САЛУ
Таңу салу үшін алғашқы жәрдемнің таңғыш қорабын қолданған ең ыңғайлы. Ол қорапта екі мақталы дәкелі жастықша (жарақатқа басатын), бинт және түйреуіш болады. Ол жастықшалар тесілген жараларда беріледі. Қораптың өзі резиналанған материалдан жасалған. Ол таңғыш материалды стерильдігін бойында ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік туғызады (жедел жәрдем). Алғашқы жәрдем пакеттері дәріханаларда сатылады. Таңуға арналған дәке, шүберек бинттер қолдануға болады, егер кәдімгі орамалды алса, бұрыштарын беттестіріп, үшбұрыштап кесіп алу керек. Ол дененің әр түрлі бөліктері мен басқа таңу салуға ыңғайлы. Ал тегіс жерлеріне дәкелі бинтті таңған дұрыс.
Бинтті таңу техникасы
Бинтті таңу салудың жалпы ережелерін білу керек. Бинттің ұшын оң қолға ұстаймыз, ал келесі бос ұшын сол қолдың саусақтарымен ұстаймыз. Алғашқыда бинттің бірінші бөлігін зақымдалған бетке орайды, алғашқы орамды бастыра екінші орамды орайды. Орауды солдан оңға қарай сосын керісінше оң қолдан сол қолға орап отырады, нәтижесінде айқасқан орау пайда болады. Соңында бинттің ұшын қайшымен кесіп байлайды. Бинттердің басы мен аяғы сырт жағында, зақымдалған жерге қарсы орналасуы керек.
Кәдімгі бинтті таңуды берік, бірақ қатты тартпай салады (сирақ пен тұяқ тамуларын қатты тартады). Ол қан және лимфа айналымына, жануардың қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс.
Дәкені таңудың келесі түрлері болады: циркулярлы, спиральды, жорғалағыш, сегіздік тәрізді, мүйізге арналған, құйрыққа және тұяқпен тұяқ аралығына салынатын т.б (сурет 6).
Сурет 6. Аяққа әр түрлі бинттік байламдардың салу тәртібі
а- таңудың басы, б-циркулярлы, в- спиральды, г-жорғалағыш, д-спираль бүгілмелі, е-крест тәрізді.
Мүйізді таңу (сурет 7). Бұл күрделі - таңу. Оған циркулярлы, спиральды және крест тәрізді таңу элементтері жатады.
Мүйізді бинттеуде, алдымен залалданған сүлгішемен жабады. Сау мүйізге циркулярлы таңуды бірнеше айналдырып, соңында бинтті ауырған мүйізге спиральды таңумен бүрмелеп, түбінен бастап ұшына дейін, сондай-ақ керісінше бағытта салады. Таңуды циркулярлы айналыммен сау мүйізде аяқтайды.
Сурет 7. Мүйізді таңу
Тұяқты таңу
Тұяқты таңу (8-ші суретті қараңыз.). Таңуды тұяқ үстіне циркулярлы
айналыммен салады. Дәкенің ұшын өкше маңында басқада айналымдарды бекіту үшін (20-25 см ұзындықта) бос қалдырады.
Сурет 8. Тұяқты таңу.
Өкше ойылымы және тұяқ арасына сүр мақтаны тығыздайды. Таңуды бірнеші айналыммен тұяқ үстінен бастайды. Дәкенің басын 20-25 см ұзындықта, бос қояды да, тұяқтың ілмешекті бөлігіне шығарып, өкше маңына қайта тартып, қалған бөлгімен өріп байлайды. Алғашқы айналымды жартылай салып, артынша тұяқты толығымен жабады. Таңуды дәке ұштарын байлаумен аяқтайды. Өкше маңындағы таңу материалы бойына ылғалды сіңірмеу үшін қарамай жағады. Дәке үстінен клеёнка, полиэтилен немесе мықты затпен жауып бекітеді.
Иммобилизациялық таңу–малдың денесін толық қозғалтпай бекемдеуді қамтамасыздандыру. Сынықтарды орынына келтіруде шыққан кезде буын және сіңір созылғанда оларды қолданады. Ол шиналық және қатып қалатын (гипстік, сұйық шынылы, ұсталық желім т.б.) болып бөлінеді. Бұл таңулар кем дегенде екі буынды басу керек: біреуі зақымдалған жерде, ал екіншісі төмен орналасқан жөн.
Шиналық таңу. Шинаны ағаштан, картоннан, қаңылтырдан, фанерадан, сымнан, жіңішке темір кесінділерінен жасайды. Аяқ жағын матамен жауып, (сұр мақта, кигізден, фланельпен, мауытпен), оны жылжымалы таңғышпен бекітеміз. Кейін шинаны бір-бірімен байланыстырып немесе басқа тәсілді (тығыз дәке, тартқыш винтер т.б) қолдана отырып орнатады. Шинаның шеттері мен жиегі жануардың терісін және ұлпаларын қажамауын қадағалау керек (сурет 9).
Сурет 9. Шиналық таңудың элементтері
7. ЖАРАҚАТ КЕЗІНДЕ АЛҒАШҚЫ КӨМЕК КӨРСЕТУ
Малдарда жарақат өте жиі кездеседі. Олар созылудан, басылып қалудан, ми шайқалудан т.б. болуы мүмкін. Жануарды дұрыс азықтандырмау, конситуционалды жеткіліксіздік, жүрек ақаулары, экстеральді жеткіліксіздік әсерлері малдардың жарақтануына, тез шалдығуына себеп болады. Жарақат пайда болған жерде әрдайым ағзаның жауапты реакциясы білінеді, сол жергілікті жерде ісіну, ауырсыну, жергілікті жердің функциясының бұзылуы байқалады. Жиі сіңірлердің созылуы, байламдардың жарақаты, сүйек сынуы және бұлшық ет аппаратының аурулары кездеседі.
7.1 Соғылулар
Соғылулар (контузия)- терінің бүтіндігі бұзылмай, қатты соғылғанда пайда болады. Ол кездегі алғашқы көмек ретінде суық қолданады (1-2 күн ішінде). Жануарды 2-3 күн толық тыныштыққа қою керек. Егер сіңірлер немесе байламдар қабынса ол жерге суықты әр түрлі күйде қолдануға болады. Жеке шаруашылықта қабынған жерді суық суды құю арқылы суытуға болады. Қабынған жерге суды ненесе мұзды қоймас бұрын ол жерге жұқа қабатты мақта төсейді. Оны қабынған жердегі ұлпалардың суық тиуінен сақтау үшін жасайды. Балшық та қызуды жақсы басатын және кептіргіш қасиетке ие. Балшықты қабынған жерге 1-1,5 см қалыңдықта жағып, үстінен суық суға малынған бинтпен орап, 1 күнге қояды. Балшық кеуіп кетпес үшін, үстінен дымқылдап отыру қажет. Келесі күні балшықты жуып, құрғату керек. Келешекте 2-3 күнде қыздырғыш майлар мен кампресс қолданады. Қабынған жердің жүнін қырқып, дезинфекциялық ерітіндімен сүртіп, компресс қолданылады және тітіркендіргіш майлар (йод қосылған вазилин, камфора майы, ихтиол немесе скепидар майы, адамдарға пайдаланатын қыздырғыш мазьдерді қолдануға болады). Бұдан күрделі жағдайларда малдәрігерілік көмекке жүгіну керек.
7.2 Жаралар
Жаралар ең жиі таралған жағдай, ол кезде міндетті түрде алғашқы көмек көрсету керек. Пайда болу себебіне қарай жаралар түйрелген, жыртылған, тістелген, оқтан болған болып бөлінеді. Кесілген және түйрелген жаралар көлемі мен жиегімен ерекшелінеді. Ал жыртылған, тістелген жараларға үлкен көлемді ұлпалардың жарақаты, шеттерінің бірдей болмауы, аз мөлшерде қан ағу белгілерімен тән. Тістелген және оқтан болған жаралар басқаларға қарағанда қауіптірек, себебі ол инфекцияға және некрозға апаруы мүмкін. Жараны емдеудегі негізгі мақсат: одан әрі жаралануды болдырмау, қан ағуды тоқтату, жараға кір түсуін болдырмау және жараға инфекция түспеу үшін оны таза ұстау болып табылады. Барлық түйрейтін (үшкір), кесетін заттардан болған жарақаттардың ақыры қан ағуға әкеледі. Қанның аққан жеріне байланысты қан ағу: артериальді, венозды, капилярлы және аралас болып бөлінеді. Олардың түстері әр түрлі: артериядан аққан қан ашық қызыл, венозды қан шие қызыл түстес болады.
Қан аққанда алғашқы ветеринарлық көмек көрсете білу қажет. Ең біріншіден уайымға салунудың қажеті жоқ. Барлық қан ағулары, соның ішінде қатты ағуларды тығыз, таза матаны басып тұрып тоқтатуға болады. Егер қол астыңызға бинт болмай қалса, футболка немесе киіміңізді пайдалануға болады. Егер жарада матаны бес минут ұстап тұрсаңыз қан ұйып қалады.
Ал іс жүзінде пайда болған жараға шаң мен кірден сақтау үшін таза, стерильді таңу салу қажет. Егер қол астында таза таңу табылмаса, онда қол астында не бар соны пайдаланған жөн. Егер қол астында қан тоқтатуға арналған жгут немесе кез келген ұзындығы 1 м резиналы түтікше болса оны жарадан жоғары байлау керек. Байлау үшін алдын ала нервті қысып қалмау мақсатында кішкене төсеніш төсейді. Жгутты алдынғы сирақта білекпен білезікте және артқы сираққа салуға болады. Жгутты 30-45 мин көп уақытқа қоюға болмайды. Қатты қан ағуды тоқтатқан соң жараға тампон қою керек, ол тампонды сутек асқын тотығымен немесе скипидармен, 10 кальций хлоридімен ылғалдандырады.
Жараны өңдеу кезінде мына 3 ережені сақтау керек.
1. Қанның ұюына жәрдемдесу керек. Ең алдымен қан ағуын тоқтату қажет.
2. Жараны қарап, тазалау.
Кір мен инфекция жараның жазылуын баяулатады. Егер инфекция ішкі құрылымға енсе, мысалы сіңірге немесе қан тамырға, ішке терең еніп кетсе, жануар сал болып қалуы мүмкін. Жараның тереңдігін мен оның қай ұлпаларды, зақымдағанын білу өте маңызды.
Егер жара үлкен көлемді болмаса, онда оны асқын тотығымен немесе марганцовкамен өңдеп, мақталы тығыз дәкемен таңып тастау керек, әйтпесе қан ағу одан да күшті қысыммен ағуы мүмкін.
Жарада егер бөгде заттар (шыны, ұсақ қоқымдар т.б) болса, пинцет көмегімен алып тастап, жараны 3% сутегі асқын тотығы немесе күлгін түсті марганцовкамен жуып, шаяды. Кейін жара шетіне 5% йод (зеленка, спирт немесе арақ) ерітіндісімен өңдеп, жараның өзіне раносан ұнтағын сеуіп, баксацид ІІ, стрептоцид (норсульфазол, сульфадимизин және т.б) ұнтағын себеді. Жарақат беті ашық болғанда залалданған салфетканы (залалды бинтті, бірнеше рет бүктелген) пайдаланып, тамуды жүргізеді. Егер жараны қолма-қол өңдеуге мүмкіншілік болмаса, онда жараның тері шеттерін лейкопластырмен тығыз танумен бір біріне тартып қойған дұрыс.
Ең бастысы тістелген жараларды дұрыстап өңдеу керек, себебі тістелгенде жараға сілекей, жүн, кір кіруі мүмкін. Ондай жараларды спринцовкамен немесе инесіз шприц көмегімен сутегі тотығымен (3-4 рет) жуып шаю керек.
3. Жараны оқшаулау.
Қонғаныс ретінде мүмкіншілік болса жараны оқшаулау керек. Жараны емдеу үшін әр түрлі мазьдер және ұнтақтар қолданылады. Есте болсын, ашық жараға ештеңені сеппеген жөн, себебі ол тіпті көздің кілегей қабығында тітіркендіруі мүмкін.
Қазіргі таңда жараны тиімді емдеу үшін суда еритін гелдер бар. Олар алғашында адамдардың күйген жерлерін емдеу үшін шығарылған болатын, бірақ көп мөлшерде жануарларға да көмектесе алады. Жараға жағылғаннан кейін оны таза, ылғалды етіп тұрады. Гелдер жарадағы бактерияларды, токсинді тежеп және жазылуын жылдамдатады. Алғашқы көрсетілетін жәрдем ретінде қауіпсіз гелдер қобдишада болғаны жөн. Жаралардың жан жағын насекомдармен бөгде заттар түспеу мақсатында иісі бар дезинфекциялық заттарды: йодоформ, креолин, лизол, медициналық қара май жағуға болады.
Іріңді жаралар
Іріңді жараларды 3% сутегі асқын тотығы және жартысын фурациллин 1:5000 ерітіндісімен араласқан ерітіндісімен шайып аламыз. Жараның шетіндегі жүн жамылғысын 5% йод ерітіндісімен өңдеуге болады. Іріңді жаралардың тез жазылуына ПАН препараты әсер етеді. Сонымен қатар гамавитті қолдануға болады, себебі бұл препарат оның құрамына енеді. Іріңді жараларды кәсіби деңгейде өңдеуді тек ветеринар дәрігерлерге сеніп, тапсыру керек.
7.3 Тұяқ астының жарылуы
Тұяқты малдарда тұяқ асты жаралары көп кездеседі, себебі тікенектер және үшкір заттарды басып кетуден.
Жануарлардың аяғын арнайы дезинфекциялық ерітінділі (ыстық баспалар) ваннаға орналастырамыз. Бұл өңдеуді 4-5 күннен кейін, күніне 2 рет қайталап отыру керек. Егер сізде антибиотик болса, ағзада жалпы зақымдалу болмас үшін қолданған абзал.
7.4 Созылу
Созылу үрдісі бұлшық еттердің бөлек талшықтары мен буын, ұсақ тамырлардың үзілулерімен сипатталады. Созылуда - сіңір мен қан
тамырлар керіледі немесе жарым-жартылай бұзылулар кездеседі.
Белгілері. Сирақтар функциясының бұзылуы жарақаттанған жердің ісінуімен зақымданған жерді ұстағанда ауырсыну сезімі байқалады.
Кәсіби көмекке дейін: суық басу, тығыз тамуды салу, тыныштық күйде ұстау керек және фитоэлит майын зақымданған жерге жұқа қалыңдықта қолдануға болады. Троксовазанмен таңертең және кешке зақымданған жерге массаж жасау арқылы жағуға болады. Егер ауырсыну басылмаса ветеринар мамандарына қарату қажет.
8. ТӨЛДЕРДІҢ ЖҰҚПАЛЫ ЕМЕС АУРУЛАРЫ
Бұл ауру ірі қара малда көптеп кездеседі. Көптеген аурулардың ішінде тәжірибелік мәні бар жас төлдердің асқазан, ішек аурулары және тыныс алу жүйесінің және аурулары дәрумендер мен минералды заттардың жетіспеуіне байланысты патологиялар. Бұл аурулардың ең алғашқы себебі жас төлдердің әлсіз болып туылуы. Резистентіліктің төмен болуы, бұзаулайтын сиырлардың күтімі нашар болғанда, төлдеу кезіндегі гигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптардың орындалмауы, жаңа туған төлге уыздың уақытылы берілмеуі себепкер фактор болып саналады.
Төлдеген және төлдемеген сиырларға қышқыл азықтарды берудің ережесін қатаң сақтау қажет. Ашыған азықтарды, сүрлемді 5-8 кг дейін, шөпті 10 кг дейін және ашыған болжырды беруді, жарманы беруге жол бермеу керек.
Буаздылықтың 2-кезеңіндегі (глубокостельным) және төлдемеген сиырлардың қышқыл азықтармен азықтандыруын қатаң сақтау керек: сүрлем және барданың берілуін 5-8 кг-ға дейін шектеу, ал шөпті 10 кг-ға дейін. Төлдегенге дейін 1 ай бұрын және төлдегеннен кейін 10-12 күннен соң толықтай шөп, сабан, тамыр түйнектілермен азық мәзірін алмастыру керек.
8.1 Төлдің өлі тууы (төл гипоксиясы)
Оттегінің жетіспеу салдарынан, ағза қызметінің бұзылуында және төлдің өлі туудағы жануардың патологиялық жағдайы.
Бұл аурудың себебі туу кезіндегі асқынулар және туудың ұзаққа созылуы, нәтижесінде кіндігі қысылып, ұрық қабығының бөлініп қалуы, қан айналымының бұзылуы мен жатырдың әдеттен тыс жиырылуына әкеліп, оның жыртылуы. Туу жолдарында төлдің кеуде қуысы қысылуынан өкпе толығымен жайылмай, ал уақытынан бұрын тыныс алудағы өкпенің қалың кілегеймен тұншығуы болады.
Төл гипоксиясының белгілері: Төл ауыр түрде туғаннан соң әлсіздік пен рефлекстердің өшуі байқалады. Жаңа туған төлдің гипоксиясы алғашқы төлдеген құнажындарда бұқашықтарды туғанда өте жиі байқалады. Оларға төлдеу кезінде көмек берілмесе және туу кезінде зақым алса төлде гипоксия байқалады. Туу кезінде гипоксия, төлдің басымен келгенде байқалады. Қысылу салдарынан төл ісінеді. Әсіресе қабақтары, еріндері мен тілдері. Төлді туу жолдарынан шығарған кезде төл тілі ауыз қуысынан сыртқа шыққан. Ол көгерген, ісінген және орнына келмейтін болады. Ауыз қуысының кілегей қабығы ісінген, көгерген немесе бозарған. Көгеру төлдің алдыңғы тістерінің қызыл етінде кездесіп, ауыр жағдайда өтсе қара-күлгін немесе қара түсті болады. Тыныс алуы бәсендеп, қырыл естіледі, жүрек жиырылуы нашарлайды.
Алғашқы көмек. Өмірін сақтау үшін:
-
Төлдің ауыз қуысынан, төлдегеннен кейінгі сұйықтықты тұмсығы мен ауыз қуысынан шығару үшін төлді жамбасы жағын жоғары көтеріп қояды немесе жатқызады.
-
жаңа туған төлдің ауыз қуысын ашып тілін сыртқа шығарады, тұмсығын мұрын айнасына дейін уқалап, бойында қалған сұйықтықты шығарады.
-
қара құс маңына суық компресс қояды.
-
кеуде қуысын қатты уқалайды.
Жаңа туған төлдердің шеткері аймақтарын айналдыра уқалайды.
Тыныс алу орталығын қоздыру және қан айналымын жақсарту үшін бұзауларға 0,02 г лобелин береді немесе бұлшық ет ішіне 3 м дикофидрин, тригидросиметиламинометан 5-6 мл/кг глюкозамен бірге. Ағзадағы ацидозды төмендету үшін тамыр ішіне 4% корбанат натридің 10% глюкоза ертіндісінде енгізеді 4-5 1 кг салмағына.
Буаздық кезінде сақтандырудың тиімді шартты, жақсы дайындалған білікті мамандар болуы керек.
8.2 Кіндіктін қабынуы
Инфекция төлдің ағзасына төл арқылы енеді. Ауру себебі кіндік ісіп, абсцесс пайда болуымен сипатталады. Төлдің тәбеті төмендейді, температурасы көтеріледі, ісінеді және буындары ауырады. Профилактикалық шаралар: бұзау туған жерді дезинфекциялап, төл туылғаннан кейін кіндігін күйдіру керек.
9. АС ҚОРЫТУ МҮШЕЛЕРІНІҢ АУРУЛАРЫ
9.1 Іш өту (диарея) жаңа туылған төлдердің диспепсиясы
Жас төлдердің кең тараған ауруы. Ол ас қорыту жүйесінің ауруларына ауысады, азық қабылдауы бұзылады, ағза сусызданады және т.б.
Аурудың себебі. Ең бірінші буаз сиырларды дұрыс азықтандырмау және бұзау.
Аурудың белгілері уызбен бірінші - екінші суарғанды пайда болады. Төлдер тұнжырыңқы, суды аз ішеді, көп жатады. Мұрын және аузының кілегей қабықтары бозарады, содан кейін көгереді. Жүн жамылғысы сулы және жабысқақ болады. Төлдердің іші өтеді, тік ішегі ашық болады, содан нәжіс еріксіз бөлінеді. Малдың дене қызуы ауру барысында еш өзгермейді, ал өлім алдында қалыпты жағдайдан төмендейді. Қан тамырының соғысы нашар сезіледі, соғу жиілігі қысқарады, тынысы баяулайды. Егер де дер кезінде ем көрсетпесе малдар өлімге ұшырайды.
Жәрдем. Ең алғашқы көмек ретінде төлдерге сүт беруді доғару керек. Төлдерді аш диетада 8-10 сағат ұстайды, бірақ азықтаңдыру уақыттында соскалы бутылкамен 0,5л 1% қайнатылған тұз ерітіндісін немесе өсімдік дәрі қайнатпасы мен суарады: сүттің тәуліктік нормасының жартысына дейін азайту керек.
Тақия қарынның секрециясын белсендендіру үшін 3-4 күн азықтандырудан 15 минут бұрын 1% қайнатылған тұз ерітіндісін немесе 20-30 минут бұрын табиғи немесе жасанды асқазан сөлін береді. Өсімдіктің қайнатпасы мен тұндырмасы жидектердің балмұрын, зығырдың дәнінің, қандыағаш шодырмақтардың, шайқурайдың, қарандыздың, шомыр пияз, сарымсақ, сәбіз жақсы емдік- профилактикалық нәтижені көрсетеді. Егер жоғарыдағы іс шаралар әсер етпесе ветеринар мамандарына қарату қажет.
9.2 Жұтқыншақтың бітелуі
Көбінесе ірі қара мал ауырады,басқа жануарлар сирегірек ауырады.
Себебі. Малдың дән күйіндегі астықты, арпаны, қара бидайды, жүгерінің дәндерін, ұнды жеуі және дайындалмаған құрғақ азықпен көп уақыт азықтануыдан. Көбінесе аш жануарларда, азықты шайнамай көп мөлшерде жеп қойғанда пайда болады.
Симптомдары. Көбінесе жай шайнау белгілері пайда болады. Мал басын бұрып, бүйірлеріне қарай береді, бүкірейіп тұрады, құйрығын былғаңдата береді, артқы аяқтарымен ішін тебеді. Қарын тұсында ауырмайтын ісік пайда болады. Сосын қабыну процесінің дамуына байланысты бітелген жерінде ауырсыну дамиды. Асқазанның бітелуі толық және жартылай болуы мүмкін. Ол бітелдіріп тұрған заттың көлеміне байланысты. Толық бітелуде асқазан арқылы сұйықтық және газдар пайда болады. Толық бітелуде асқазанда кекіру мүмкін болмайды. Содан жануарларда тимпания пайда болады. Асқазанның бітелуіне қарамастан малдар су және азық қабылдауға икем жасайды. Бұл жағдайда су мұрын арқылы сыртқа шығады. Асқазанның жартылай бітелуі ұзақ уақытқа созылады.
Диагноз қою үшін ауызға сұйықтық құяды. Емдік жүйелерді керіге шегермеу керек.
Мойын жағынан жұтқыншақ пен өңеште тұрып қалған затты алып шығу. Өңситегі бітелген заттарды малдың басын бекітіп қолмен алуға болады. Ол үшін оң қолды әзірлеп, жеңді шынтаққа дейін көтеріп, қолға вазелин жағады. Малды мүйізінен бекітіп, сол қолмен тартпа көмегімен немесе қолмен ауыз қуысын ашып тілді ұстап тартады. Оң қолды ауыз қуысына енгізіп, қатты таңдай ортасынан абайлап өңешке дейін жүргізеді (тістері өте өткір). Саусақпен бөгде затты ұстап алып шығады. Төс және мойын аумағының бітелуінде егер тірелген денені зонд арқылы шығаруға мүмкіндік болмаса онда асқазан жолы арқылы итереді. Заттың жылжуын жақсарту жануарларға зонд арқылы 200-300 мл вазелин немесе өсімдік майын және кілегей қайнатпасын, ал теріге спазмолитикалық заттар атропин 0.02-0.06г 2% ерітінді плантиффилин 0.02-0.03 пропазин 1мг/кг жануар массасына енгізеді. Бітелген жерге новокаин ерітіндісін қолданады. Егер жануарда тимпания байқалса троакар арқылы тесу керек.
Алдын алу. Жүгері және тағы басқа дәндерді ұнтақталған күйінде беру керек. Толыққанды азықтандыруды жүргізу керек. Малдфрдың тұрған жеріне заттарды қалдыруға болмайды. Себебі олар оны жұтып қоюы мүмкін.
9.3 Бұзаулардың қарынының кезеңдік кебуі
20-60 күндік немесе одан үлкен малдарда жиі қайталанатын ауру іш кебумен сипатталады және ағзаның жалпы күйі нашарлайды. Аурудың себебі ретінде стресс факторлардың әсері және дұрыс азықтандырудың бұзылуы. Бұған жататындар: сүтсіз азықтандыруға көшу және үйренбеген азық беру, бұзылған азықтарды беру, мұзданған картоп, қызылша бергенде дамиды. Малдарды серуендетуге уақытылы шығармаудан және санитарлық ережелердің сақтамауынан болады.
Аурудың дамуы моторлық функцияның әлсізденуі, газдың пайда болуының ұзаққа созылуы, көкірек аумағындағы органдарға қысым түсіреді. Жүрек өкпе функциясы қиындайды және соның салдарынан орталық жүйке жүйесін және басқа органдардың қызметі бұзылады.
Ауру белгілері-азықтандырғаннан 40-60 минуттан кейін жиі-жиі жел жіберу, тышқақтау болады. Алғашқы кезде бірден месқарынға жел толмай, кейін бірте-бірте баяулаумен сипатталады да, келесі азықтандыруда қайталанады. Ауру қайталанған кезде, месқарынның желдетілуі күшейеді, біразға дейін сақталады да, окұмыс күнүнің соңына қарай жоғалады. Месқарынның желдетілуіне өміріне қауіп төндіретіндей жағдайды, яғни жүрек жұмысының әлсіреуі, ішектердің қысылуы және демікпе пайда болады. Ауру бұзау мойынын созады, арқасының бүкірейуі, азыққа тәбеттің болмауы, аш бүйір тұсының желге толуы, кейде омыртқа тұсында домбығумен сипатталады. Месқарынды перкуссиялаған кезде тимпаникалық дыбыс естіледі, кеуде қуысының сүйектерінде жоғарғы сезімталдық пайда болады. Жалпы жағдайы нашарлап, жануар мазасызданады, аурудың бастапқы кезінде бұзаудың пульсі жиілейді, тынысы жиілеп, месқарынның жиырылуы жоғарылап, кекіру мен күйіс қайтару байқалады. Екінші реттік белгісі тышқақтау болып табылады. Нәжісі сұйық сулы және газды болып келеді. Ауру тудыратын себептерді жойып, бұзауды заманауи емдермен емдесе 3-6 күнде жазылып кетеді. Басқа жағдайларда ауру 10-20 күннен кейін қайталанып отырады. Қатты жел жіберу, тышқақ, лоқсу, әлсіздік және тәбеттің болмауы аурудың негізгі белгілері болып табылады. Ауырған жануарға тез арада көмек беру керек. Ең біріншіде жануардың сол жақ бүйіріне жұдырықпен массаж жасау, ол жануардың кекіруімен газ шығаруына көмектеседі. Осы кезде бұзаудың жамбас жағының сәл көтеріліп тұруына жағдай жасау керек. Газ сорғыш зат ретінде қайнатылған сүтті қолдануға болады (0,5-1л). Бұзауға 80-150 г күнбағыс майын ішкізіп, біраз жүгіртіп немесе қимыл жасату керек.
Дәрі-дәрмектен мыналар ұсынылады: ихтиол 0,2-0,3мл, (сумен араластырғанда) карболен 5-8г, асқазан сөлі 20-40мл, 0,5-1 ерітінді түрінде резорцин 0,5-10 мл, тимпанол 0,4-0,5 мл/кг 1:10 ас сумен қатынасы, кей жағдайда 1:5 қатынасымен. Жусан тұнбасы 1-3мл, аршаның тұқымын және байланыстырғыш және басқа дезинфекциялық заттарды қолданады. Аурудың күрделі жағдайында тек ветеринар маман зонд жіберу арқылы немесе месқарынға трокрмен тесу арқылы ғана көмек бере алады. Жас төлдердің жазылуы ауру тудыратын факторларды жоюмен тікелей байланысты. Жас төлдердің бұл ауруға тұрақтылығын азықтандыру гигиенасы, стресс фактордың болмауы жоғалтады.
Достарыңызбен бөлісу: |