Сүйіктім менің, электра (пьеса) Ласло Даркодан



бет7/16
Дата03.01.2023
өлшемі74.92 Kb.
#468093
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16
Сүйіктім менің, Электра

СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Орест, Хор, Мылқау.
ОРЕСТ. Бүйтіп шеше болғаныңа. Мұндай шешеден гөрі ін түбіндегі ұрғашы аюдың өзі ғанибет шығар.
(Мылқау үндемейді).
Мен оны тек мынау жарық дүниеге әкелгені үшін ғана жақсы көруге тиіспін бе?
(Мылқау үндемейді).
Менің анам мені туған әлгі әйел ме, жоқ бағып-қағып өсірген мына сенсің бе? Оны бір құдайдың өзі білсін, ол әйел мені өз тәнінен жаратты, ал сен сол қызыл шақадан мені, Орест жасап шығардың.
(Мылқау үндемейді).
ОРЕСТ. Жұрт біліп айтса, ол біздің достарымыздың мені сарайдан аман-есен алын шығуына қол ұшын берші. Бірақ, Эгаст мені сонда шырылдатып жендеттің қолына ұстатса да, беті бүлк етпей тұра берер еді деседі.
(Мылқау үндемейді).
Жә, соны сөз қып қайтем. Менің ең басты шаруам әлгі шоң желке озбырдың сазайын тартқызу ғой!
(Мылқау үндемейді).
Мен өзім соған ұқсас емеспін бе? Ол да мүмкін. Біреуге өтірік айтқанда, әрдайым сол адамға ұқсап тұратын сияқтымын.
(Мылқау үндемейді).
Өмірде өзімді өзім тап мұндай жек көріп көргем жоқ. Осының бәрі қажытып бітті әбден. Неге олай екеніне өзім де түсінбеймін.
(Мылқау үндемейді).
Бүйтіп жасырынбақ ойнағанша, кім екенімді алдына жарқыратып жайып салу қандай оңай болар еді...
Шіркін, дүниеде шындықты айтқаннан оңай нәрсе бар ма екен, сірә. Әрине, жоқ. Бірақ, мен де бұл бұлтаққа әбден төселіп алыппын, солай емес пе?
(Мылқау үндемейді).
ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС
Электра, Орест, Хор, Мылқау.
ЭЛЕКТРА. Қара жер мені бүйтіп тірі қойғанша, құшағыңа алсайшы. Жарық күн, көзіме күйік болмай, неге қараң қалмайсың. Бүйтіп тәлкек болғанша, мына тән неге құрт-құмырсқаға жем болмайды! Қолаң шашым жидіп түсіп, сүйегім шіріп, неге ғана топыраққа айналып құрып кетпеймін?!
ОРЕСТ. Саған не болған?
ЭЛЕКТРА. Жоғал көзімнен!
ОРЕСТ. Құдай үшін, саған не болған?
ЭЛЕКТРА. Көзімнен құры деп айтпадым ба?
ОРЕСТ. Сонша кәрленетіндей саған не жаздым?
ЭЛЕКТРА. Ендеше, маған дұрыстап қарап ал, қанішер. Не істегеніңді көрдің бе: мана көргеніңде уыздай бойжеткен едім ғой, енді, міне, тірі аруақпын!
ОРЕСТ. Мана мен көргенде көрерге көз керек көрікті едің, қазір одан да асқан сұлусың.
ЭЛЕКТРА. Неден жазып қалдым дейсің бе? Енді менің өмірім өңшең егеуқұйрық пен жылан толы қараңғы көрге айналды.
ОРЕСТ. Түсінсем бұйырмасын.
ЭЛЕКТРА. Мен бұрын бақытты едім. Өйткені, не үшін азап шегіп жүргенімді білетін едім. Ал қазір мен де өзгелер секілді не үшін екенін өзім де анық білмей азап шегетін болдым.
ХОР. Басқалар секілді не үшін екенін өзі де білмей азап шегетін бопты.
ОРЕСТ. Түсіне алмадым.
ЭЛЕКТРА. Орест өлді деп хабар әкелген сен емессің бе?
ОРЕСТ. Ә, соған бола ма?
ЭЛЕКТРА. Оның танданатын несі бар, есуас! Болат араның аузына түсіп көктей қираған бәйтеректен сұрашы: неге қайғырады екен? Перзентін жендеттер өлтірген анадан сұрашы: неге жылайды екен? Бұлт басқан күн көзінен сұрашы: неге тұнжырайды екен?
ОРЕСТ. Апырау, Орестің аты-жөнін білетін адам мұнда да бар ма еді? Оны да ойланатын жанның мұнда да болғаны ма?
ЭЛЕКТРА. Шіркін, мен өзге жұртқа ұқсап жылай алсам ғой. Жаныма қайғы қанша батса да, көзіме жас келмейді.
ОРЕСТ. Шіркін-ай, ол оңаша бөлмеде шырағданның жарығына телміре қарап, жер-көкке симай аласұрғанда, дүниеде бір өзінен басқа жанның бәрінен баз кешіп түгел түңілген сәттеріңде өзінің жалғыз емес екенін білсе ғой.
ЭЛЕКТРА. Орест, күнім-ау, маған бұл не істегенің? Сонда бұдан былай мұнараның басына шығып, көз талғанша жолыңа қарай алмайтын болғаным ба? Жанымды азапқа сап қыспаққа алған қас дұшпанның алдында бұдан былай: тоқта, бәлем, Орест келіп, сазайыңды тартқызар деп сазара қарап тұра алмайтын болғаным ба?
ОРЕСТ. Сен кімсің өзің? Оны неге мұнша сарылып күттің?
ЭЛЕКТРА. Мен шындықты күттім.
ОРЕСТ. Сен Орестің кім болғанын білуші ме ең? Ол туралы ешкім айтпады ма?
ЭЛЕКГРА. Жұрттың айтқанының бәрі өтірік. Жұрт секілді сен де өтірікті соғып тұрсың?
ОРЕСТ. Оның шарапханадан шарапхана тастамай, қыз қуалап, тапқанын қартаға ұтқызып, жын-ойнақпен өткенін білмеуші ме ең?
ЭЛЕКТРА. Өтірік. Орестің кім болғанын білетін жалғыз менмін.
ОРЕСТ. Сен бе? Сен бе білетін?
ЭЛЕКТРА. Орест, ол ізгілік пен ерлік, қайрат пен махаббат.
ОРЕСТ. Сен өзің не деп тұрсың?
ЭЛЕКТРА. Ах, Орест, сен кім екеніңді жан баласы білмей тұрып бұл дүниеден өте шықтың. Сенің қандай сұлу, қандай ізгі адам екеніңді ешкім білмей қалды, мына шаһардың маңдайындағы арылмаған бес батпан сор шығар.
ОРЕСТ. Оны бүкіл шаһар күтіп пе еді?
ЭЛЕКТРА. Мен күткем, ол саған аз боп тұр ма?
ОРЕСТ. Ол мұныңды білсе ғой!
ЭЛЕКТРА. Бұл қала түгел шіріп бітті. Көшені бекер тазалайды, кір-қоқыс бұрынғыдан бетер көбейе түспесе, азаяр емес. Каналдардағы су емес өтірік қабырғалардан сыз емес зұлымдықтың исі аңқиды. Олар нәресте екеш нәрестелерді улап бағуда. Адамдар қалай тірідей шіріп бара жатқандарын өздері аңғармайды.
ХОР. Адамдар қалай тірідей шіріп бара жатқандарын өздері аңғармайды.
ЭЛЕКТРА. Енді маған қара пышаққа қарпылып өлгеннен басқа не қалды?!
ОРЕСТ. Сүйіктім-ау...
ЭЛЕКТРА. Өзгелер құсап күннен күнге шашым өскенге тірі екенмін деп қайтып өзімді өзім алдай алам!
ОРЕСТ. Қалқатайым!
ЭЛЕКТРА. Мен тірілей шіріп жүре алмаймын. Арам ішіп сасық жұта алмаймын. Құрсақта жатып біткен шажырқай шараналарға ана болғым келмейді!..
ОРЕСТ. Сәулешім менің!
ЭЛЕКТРА. Ұстараның жүзінен басқа құтқарушым қалмапты.
ОРЕСТ. Ендеше мені тыңда. Ден қойып тыңда. Мен Оресті білуші едім. Жұрттың ол туралы айтып жүргенінің бәрі өтірік. Құдай атымен ант етем, ол тек бір ғана сен үшін, мынау өзі туған шаһарға оралу үшін өмір сүрді.
ЭЛЕКТРА. Рас айтасың ба?
ОРЕСТ. Егер ол оны жұрттың осынша күтетінін білсе ғой. Ең болмаса бір тірі пенденің, өзін шексіз сүйетін жанның мұншалықты сарғая күтіп жүргенін білсе ғой.
ЭЛЕКТРА. Сен оған ғашық кісі құсап сөйлеп тұрсың ғой.
ОРЕСТ. Ол менің жандай досым-тұғын.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, сен оңбаған әлгіндей хабарды аузың барып қайтып айттың?
ОРЕСТ. Мен Орестің бұйрығын орындадым.
ЭЛЕКТРА. Сен не көкіп тұрсың?
ОРЕСТ. Сәулешім, Орест мерт болған, мен соның орнына келдім.
ЭЛЕКТРА. Орнына келгені қалай?
ОРЕСТ. Сен өзің көрмеген бір адамды күткен жоқ па едің. Ендеше, сол өзің көрмеген адамың мен болам. Егер күткенің рас болса?
ЭЛЕКТРА. Мен құтқарушымды күттім.
ОРЕСТ. Ендеше, сол құтқарушың да мен болам.
ЭЛЕКТРА. Сен бе?
ОРЕСТ. Ия, мен болсам қайтер ең?
ЭЛЕКТРА. Сарайдың едені айғыз-айғыз қан, үйлердің қабырғасы айғыз-айғыз қан. Тыныс алсам, ауа орнынан қан жұтам. Көзімді ашсам, көретінім қан. Көзімді жұмсам, көретінім бәрібір сол қан.
ОРЕСТ. Ендеше, мен сол қанды жуғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Қанды қанмен ғана жуады.
ОРЕСТ. Мен де қанды қанмен жуғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Қанішер билеп тұрған қаланың азат болуы мүмкін емес. Қанішерлер тірі жүрген қаланың азат болуы мүмкін емес. Қала азат емес болса, мен де азат емеспін.
ОРЕСТ. Мен азат қылғалы келдім.
ЭЛЕКТРА. Сен бе?
ОРЕСТ. Оресті ұрлап әкеткенде кейін қанішерден кек алуға керек болады деп әкесінің қанжарын бірге әкеткені құлағыңа тиген шығар. Сол қанжар, міне, мынау! Жазуын көріп тұрсың ба?
ЭЛЕКТРА. Агамемнонның қанжары ма? Бұны көрсетуге қайтып батылың барып тұр. Эгистің сарайында екінің бірі тыңшы екенін білмейтін бе едің?
ОРЕСТ. Жақсылап қарап ал. Сенен басқа ешкім көрген емес.
ЭЛЕКТРА. Сен қорықпайсың бе? Менен сескенбейсің бе?
ОРЕСТ. Мен осы сапарға аттанғанда жалғандағы жалғыз серігім осы қанжар ғана деп ойлап едім. Енді екеу болдыңдар.
ЭЛЕКТРА. Сен маған осыншалық сенесің бе?
ОРЕСТ. Ұстап берсең, тірілей өлгенім. Менің тағдырым сенің қолыңда.
ЭЛЕКТРА. Соншалықты сенімпаз болармысың.
ОРЕСТ. Оресті ешқашан ешкім сүйіп көрген емес.
ЭЛЕКТРА. Мені де ешқашан ешкім сүйіп көрген емес.
ОРЕСТ. Сені кездестіргенге дейін Орестің туған шаһарына азаттық алып берем деген аманатынан басқа ештеңені білмеуші ем.
ЭЛЕКТРА. Сені көргенше, менің де жалғыз мақсатым шаһарды азат ету болатын.
ОРЕСТ. Халық тыныш болсын дедің ғой.
ЭЛЕКТРА. Жалғандықтың көзін құртқым келді.
ОРЕСТ. Кәриялар бұл дүниеден риза боп өтсін дедің ғой.
ЭЛЕКТРА. Аспан ашық боп, шөптер емін-еркін көгерсін дедім.
ОРЕСТ. Ғашықтар емін-еркін аймалассын дедің бе?
ЭЛЕКТРА. Ешкім ешқашан өтірік айтпасын дедім.
ОРЕСТ. Менің де парызым сол.
ЭЛЕКТРА. Менің де парызым сол.
ХОР. Сіздер бір-біріңіздің ауыздарыңа түкіріп қойғаннан саусыңдар ма?
ЭЛЕКТРА. Сен маған соншалықты сенесің бе?
ОРЕСТ. Мен сені соншалықты сүйем.
ЭЛЕКТРА. Естисің бе, падиша? Естисің бе, оңбаған? Мен енді жалғыз емеспін. Қап, бәлем, қалтырарсың алдымда! Өлетін мен емес, өзің екенің енді өзің де түсінерсің.
ОРЕСТ. Эгист өледі.
ЭЛЕКТРА. Мені нақұрыс деп едіңдер! Ешкімге ұқсамайсың деп едіңдер! Міне, мынау жат жерлікке қараңдаршы, менен аумайды ғой. Оның не дегенін естідіңдер ме? Менің айтқанымды айтып тұр.
ОРЕСТ. Озбырдың көзі жоғалып, шаһар азат болады!
ЭЛЕКТРА. Менің сөзімді жоққа шығарып, өзімді келеке қылып едіңдер? Енді міне, оның көзіне үңіліп, тепсе темір үзгендей қайратына қараңдаршы. Қолыңдағы. Агамемнонның қанжары.
ОРЕСТ. Қолым қуатты, Агамемнонның ақ алмасы да қылпып тұр!
ЭЛЕКТРА. Қолыңдағы қанжарыңнан сүйейінші, қолыңнан сүйейінші, бейтаныс жігіт.
ОРЕСТ. Мен бе саған бейтаныс?
ЭЛЕКТРА. Жүзің бейтаныс, көзің бейтаныс, бірақ өзің маған жат емессің.
ОРЕСТ. Енді менің көзім де, қолым да, жүрегім де саған жат болмайды.
ЭЛЕКТРА. Бекерге күтпеппін.
ОРЕСТ. Енді сен ештеңеден қорқушы болма, өзім болам қорғаның!
ЭЛЕКТРА. Қорға мені, қалқала мені, құтқар мені. Енді менде қуат жоқ. Он бес жыл бойы қайратты-ақ едім, соның бәрі бір-ақ сәтте сарқылды.
ОРЕСТ. Қорықпа, сүйіктім, қорғаның өзіммін!
ЭЛЕКТРА. Күшім саған күш қоссын, жігерім саған жігер қоссын!..
ОРЕСТ. Сен маған күш қостың. Мен сенің қасында тұрғанымда бұрынғымнан жүз есе күшті сияқтымын.
ЭЛЕКТРА. Абайла. Көзіңе қара. Олар сені мерт етсе, мен де бірге мерт болам.
ОРЕСТ. Егер мен оларды жеңіп шықсам, сен де жеңімпаз атанасың.
ЭЛЕКТРА. Сау бол. Менің өмірім де, мақсатым да енді сен.
ОРЕСТ. Менің жаным да бір саған бағышталған.
ЭЛЕКТРА. Ендеше, бар да, сүйіктім, Орестің аманатын атқарып шық.
ОРЕСТ. Мен Орестің аманатын, сенің әміріңді орындаймын.
ЭЛЕКТРА. Жасаған жар болсын, сәулешім.
ОРЕСТ. Өзіңе де жаратқан медет болсын.
ХОР. Адам қашан көзі жұмылғанша өмір сүретіндіктен, бұлар да көздері жұмылғанша бақытты болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет