Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады


ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУДА Жан сезім құбылысының әр оқушының басында кездесуі ықтимал бір сәтті кезі сипатталады



бет19/29
Дата06.12.2023
өлшемі169.81 Kb.
#485689
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29
Mienin\' atym K\'ozha - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУДА

Жан сезім құбылысының әр оқушының басында кездесуі ықтимал бір сәтті кезі сипатталады


Кешегі күні бойғы әрекеттен кейін тұяқ серіппей қатып ұйықтап қалыппын. Әжем жұлқылап оятты.
– Қожа, Қожатай. Әкем-ау, сен бүгін сабағыңа бармаушы ма едің?
Көзімді ашып алып, қабырға сағатқа қарасам, сегіз­ге он бес-ақ минут қалған екен. Атып түрегеліп, тез ки­індім де, беті-қолымды шайып жіберіп, бір кесе айранды тікемнен тік тұрған күйде қотара салдым. Кеше титықтап келіп, сабақ қарауға мұршам болмап еді. Бүгінгі болатын пәндерді сумкама асығыс салып алдым да, мектепке жүгірдім.
Қоңырау соғылып кетіпті. Бірінші сабақ орыс тілі болатын. Анфиса Михайловна класқа жаңа кіріп барады­ екен, тасырлатып жүгіріп келе жатқан мені көріп, тоқтай қалды. Мұғалімдердің ішінде бұл өзі алтын адам. Былтыр біздің мектепке педучилищені бітіріп келген. Жазда барып, институтқа сырттан оқуға түсіпті.
– Қадыров, немене, ұйықтап қалғансың ба? Тоқта, галстугіңді түзе.
Омырауымды сипалап таппаған галстугім, сөйтсем, иығыма шығып кеткен екен. Бұрып әкеп, орнына қойдым да, зып беріп, класқа кірдім. Балалар дүр етіп түре­гелді. Маған емес, әрине, артымда келе жатқан оқытушыға құрмет көрсеткендері ғой. Бірақ мен оны басқаша қабылдадым. Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қо­йып, тәжім еттім. Бұным балалардың құрметіне сы­пайыгершілікпен қайтарылған жауап болды да шықты.­ Балалар ду күліп жіберді. Анфиса Михайловнаның қас-қабағын аңдамаққа, артыма жалт бұрылып қарап едім, оның да күлімсіреген жүзін көрдім. «Әй, Қадыров, шы­ғармайтының жоқ-ау» дегендей Анфиса Михайловна жымиып, басын шайқап қойды.
Адам жанын ол керемет түсінеді.
Мақтанғаным емес, кластағы орыс тілін тәуір біледі дейтін оқушының бірі менмін. Өткен жылдың барлық тоқсаныңда да бұл пәннен ауызша, жазуша ылғи «бес­тік» бағалар алдым.
Анфиса Михайловнаның мені тәуір көретіндігіне, мүмкін, бұл да себеп шығар.
Жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан кейін ол:
– Ал, балалар, Пушкиннің «Қысқы кешін» жаттап келдіңдер ме? – деді.
– Жаттап келдік.
– Тәтей, мен айтайыншы!
– Мен айтам!
– Анфиса Михайловна, менен сұраңыз, – деген дауыстар бірін-бірі баса-көктеп, жамырап кетті.
Сендер дәл осы сәттегі Қожекеңнің халін білсеңдер етті. Менің кеше сабақ қарауға мұршам болды ма? Үйге ел орынға отыра келіп жеттік. Одан кейін Сұлтан ат тұ­сап келейік деп, жайылымға ертіп барды. Содан соң Хасеннің Мәрзиясын қай жігіт айналдырып жүргенін білеміз деп, ел жатқанға дейін бостан босқа Хасеннің үйін торуылдадық.
– Кім айналдырса, сол айналдырсын. Бізге оның керегі қанша? – деймін Сұлтанға.
– Керегі бар, – дейді Сұлтан.
– Не керегі бар?
Жауап беру орнына Сұлтан ауыр күрсінеді.
– Қара Көже, саған бұны түсінуге әлі ерте, – дейді. «Бопты, сен-ақ түсін».
«Қысқы кешті» жаттап келмек түгіл мен ондай тапсырма берілгенін ұмытып та кеткен екем. Есіме мұғалім айтқанда ғана түсіп, бүйірімнің түп жағы қып ете қалды. «Масқара!» Сұрай қалса, масқара болдым – ау!»
Анфиса Михайловна тақтаға шақырып сұрай бастады. Әуелі «Балабекова» деп, Жанарды атады. Жанар сабаққа дайындалмай келуші ме еді.
Буря мглою небо кроет, Вихри снежные крутя, – деп, бастады да, сыдыртып, тоқталмай айтып шықты.
– Жарайсың, Балабекова, отыр.
Жарайсыңды Жанарға ішімнен мен де айтып жатырмын. «Япыр-ай, енді мені шақырып қалмаса игі еді. Жазған басым, кеше осы өлеңді бір жапырақ қағазға көшіріп, балыққа ала кетсем ғой, ерігіп, демалып отырғанда, тептез-ақ жаттап алам».
– Тұрсынбаев, – деді мұғалім.
Менің желкемнен қылқиып, арт жағымда отыратын Жантас орнынан түрегелді. Буря мглою...
– Тақтаға шығып айт.
– Бәрібір емес пе?
Ох, сұмпайы Жантас. Сұмпайысын қарай гөр. Пар­таның астына кітапты ашып қойып, бір көзі мұғалімде болса, бір көзімен соны сығалап тұрмақшы ғой. Өйтіп көр­ген күнім құрсын да. Жантастың пасық қулығына жем бола қоятын адам Анфиса Михайловна емес.
– Тәртіп жұрттың бәріне бірдей. Тақтаға шығып айт, – деп, ол дегенінен қайтпады.
Жантас мұрнын уқалап, тырп-тырп басып, тақтаға шықты.
– Ал енді айт.
– Буря мглою... – Жантас осыны айтты да, жым болды.
– Дальше?
– Мұғалім, мен жаттамай келіп едім...
– Неге жаттамадың?
– Диірменге барам деп... уақытым болмай... Анфи­са­я Михайловна Жантасқа біраз қарап тұрды.
– Да. Мүмкін, орныңа барып айтатын шығарсың? – деді. Біз ду күліп жібердік.
– Отыр, Тұрсынбаев. Осымен, міне, екінші рет «екі­лік» баға алып отырсың. Үйге берілген тапсырманы орын­дамай келгеніңмен қоймай, қулыққа басып, мұға­лімді алдамақ боласың. Бұның жаман. Бұдан былай мұндай қылығыңды маған көрсетпейтін бол. Білсең, біле­мін деп, білмесең, білмеймін деп, шыныңды айт.
Сол керек залым Жантас. Кірмегенің қара жер, сауап болды. Біреуді атыстырып, зымияндық ойлағанша, сабақ, оқысаң болмас па еді.
Бір ойым осылайша Жантасты табалай, жетісіп жат­са, екінші ойым төбемнен тас құлауын күткендей үрейлі халде. «Қазір тақтаға сені шақырса қайтесің? Сен не деп сылтау айтасың. Сұлтан екеуіміз балық аулап, қа­рақ­шылық өмірдің қамын жасаумен болдық демек­шімісің?»
– Жақанов, – деді мұғалім.
Тағы бір қатерден жаным қалғандай «Уһ» деп, де­мімді шығардым. Менің байқауымша, әр мұғалімнің сабақ сұрау тәсілі әр түрлі. Мәселен, Майқанова тізім­нің басынан төмен қарай қуалап сұрайды. Онысы біз үшін рақат. Өзіңе дейін неше оқушы қалғанын, сенен қашан сұрауы мүмкін екенін біліп отырасың.
Ал, Анфиса Михайловна өйтпейді. Алфавитті қуа­ламай, тәртіп сақтамай сұрайды. Қазір тізімнің басындағы біреуді атаса, одан соң соңғы жағынан біреуді атайды. Бүгін сұраған адамнан ертең, тағы да сұрауы мүм­кін. Қысқасы, ол кімнен сұрағысы келсе, содан сұрайды.­ Оның ой-пиғылын күні ілгері аңдау мүмкін емес.
Менің ендігі бар үміт артқаным қоңырау үні болды.­ Шіркін-ай, сол сыңғырлап қоя берсе, жаным қалар еді-ау. Келесі жолы «Қысқы кешті» қатырып жаттап келіп, бірінші болып айтар едім. Әне, мұғалімдер бөлмесінің есігі ашылғандай болды. Дәу де болса, бұл шыққан ке­зекші әйел. Жұдырықтай ғана сүйкімді сары жез қо­ңырау соның қолында. Қазір сыңғырлап қоя береді.
Жоқ, бұл шыққан кезекші емес көрінеді. Басқа біреу болды. Япыр-ай, қырық бес минут уақыт ендігі өтсе керек еді ғой. Бұл мұнша неғып созылып кетті? Әлде кезекші әйел тысқа шығып кетіп, біреумен сөйлесіп, тұрып қалды ма. Әне қоңырау... Жоқ, бұл арба екен өтіп бара жатқан.
Жақанов та зулатып айтып шықты. Бұның бәрі бү­гін тез айтқыш болып кеткен екен. Мұғалім еңкейіп, оған баға қойып жатыр. Жаным қылпылдап тырнағымнын ұшына келді. «Енді кімді шақырар екен?»
– Қадыров...
Төбемнен шатыр етіп, жай түскендей болды. Не істерімді білмеген меңіреу халде орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп, суық терім шығып кетті. Ох, шіркін-ай. Адам өмірінде сыпаттап айтуға тілің жетпейтін неше алуан бақытты минуттар бола береді-ау. Соның бірін мен дәл осы сәтте бастан кештім. Мен ләм деп үлгергенімше, дәлізден қоңырау үні сыңғырлап қоя бергені. «Уһ!»
– Жарайды, отыр Қадыров. Сенен басқа жолы сұ­раймын, – деді Анфиса Михайловна.
Буын-буынымнан әл кетіп, орныма сылқ ете қалдым.­


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет