Арнайы педагогика – физикалық немесе психикалық жетіспеушілігінің болуына байланысты тәрбиелеу мен оқытудың арнайы жеке тәсілдерін қажет ететін, мүгедектігі бар баланың өзіндік және жеке тұлғалық дамыту үдерісін басқарудың мәнін, заңдылықтарын, тенденцияларын зерттейтін ғылым.
Тифлопедагогика – көру қабілеті бұзылған (жартылай және нашар көретін, мүлдем көрмейтін, туғаннан көрмейтін) балаларды дамыту, тәрбиелеу, оқыту, әлеуметтік бейімделу және қоғамға кіріктіру заңдылықтары туралы ғылым.
Қатер тобындағы бала (балалар) – ерте қолға алынбағандықтан әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсетілмегендіктен , дене және (немесе) психикалық дамуында кенжелеп қалу ықтималдығы жоғары болатын үш жасқа дейінгі бала (балалар).
Дене кемістігі-ағзасы (ағзалары) дамуының және (немесе) жұмыс істеуінің ұзақ уақыт бойы әлеуметтік, медициналық, педагогикалық түзеу арқылы қолдауды кажет ететіндей созылмалы бұзылуы.
Психикалық кемістік-адамның психикасы дамуының және (немесе) жұмыс істеуінін уақытша немесе тұрақты кемістігі, соның ішінде: сенсорлық бұзылыстардың салдары; сөйлеу бұзылыстары; эмоция-еркі жағынан бұзылыстары; ми зақымдануының салдары; ақыл-ой дамуынын бұзылыстары, соның ішінде ақыл-ой жағынан кенжелеп қалу; психикалық дамуының тежелуі және осыған байланысты оқып-үйренудегі өзіндік қиындықтар.
Күрделі кемістік – дене және психикалық кемістігінің кез-келген ұштасуы.
Ауыр кемістік – мемлекеттік (оның ішінде арнаулы) білім беру стандартарына сәйкес білім беру қолжетімді болмайтын және оқыту мүмкіндіктері өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, қоршаған дүние туралы қарапайым білімдерді және қарапайым еңбек дағдыларын немесе аясы тар кәсіби даярлықты меңгерумен шектелетін дәрежедегі психикалық және (немесе) дене кемістігі.
Ерте қолға алу (ерте қолдау) - психикалық - дене бұзылыстары скринингін, медициналық психологиялық-педагогикалық диагностиканы, емдеуді, дамыта окытуды қамтитын, сәби жастағы (үш жасқа) дейінгі балаларды әлеуметтік және медициналық - педагогикалык түзеу арқылы қолдау.
Достарыңызбен бөлісу: |