Солардың бірі



бет2/2
Дата19.05.2022
өлшемі58.11 Kb.
#457448
1   2
Көсемәлі2

гв. майоры КУРГАНСКИЙ».
Дегенмен батыр Баукеңнің ел игілігі үшін мұражайға тапсырған құнды жәдігері бұл ғана емес екен. 1964 жылы батырдың «Наша семья» атты кітабы Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану музейіне тапсырылған. Кейіннен тағы бір кітабы мұражай қорына өткізілген.Бұл туралы автор:
Екінші сыйлығы Александар Бектің атақты кітабының; аудармасы. Ол Мәскеудің шетел тілдері әдебиеті баспасынан жарық көріпті. Баукең бұл кітаптың мұқабасына да үйреншікті қолын қойып, «65 г.» деп көрсетіпті. Үшінші сыйлаған кітабы.«Генерал Панфиловтың» екінші басылымы. «Қазақстан» баспасы.Алматы-1966. Музейге тапсырған күні –28/VII-67 жыл.
Осыншалықты құнды жәдігерлерді санамалай келе,автор батыр Баукеңнің ел үшін жасаған ерен істеріне ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар аталмыш музейге Б.Момышұлының жиі бас сұғып тұрғандығын айтады.Автордың пікірінше, бұған дәлел музей ішін безендіріп тұрған батырдың құнды бұйымдары.Алайда публицист өзінің күмәнді ойларын да бүгіп қалмайды. Мәселен, музейдегі маузердің ресми құжаттарда көрсетілген қарудың нөмірімен сай келмейтіндігін айтады. К.Сәттібайұлы бұл туралы:
«...Дегенмен, көңілде бір өкініш табы қалғандай. Оның сыры-«Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында айтылған батыр маузерінің нөмірі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сыйға тартылған маузермен дәл келмеуінде болып тұр. Сонда қарулас достары мен гвардия майоры Курганский 1943 жылы сыйлаған 173825-нөмірлі маузер қайда? Баукең «музейде» дегенде, қай музейді айтты? Алматы қаласындағы музей ме, әлде. басқа өңірлердегі музейлер ме? Әз-аға батыр маузері жайлы деректі қай архивтен тапты? Әлде батырдың екі маузері болған ба? Сауал көп»
Автор осыншама сан сауалдың жауабын іздеп шарқ ұрады. Бұл қырағы оқырмандарға ой саларлық дүние.Әйтпесе, осынау дүниенің сырына қанық бола алмас едік. Бұл тұрғыда К.Сәттібайұлының журналистік зерттеу жүргізу дағдысының жоғары екендігін аңғаруымызға болады. Автор мақаласының соңын қашанда дәстүрлі сарынмен,яғни болашақтан бір үміт күтетіндігін білдіріп, былайша тәмамдаған:
« Жол мұраты жету. Журналист жұмысының табысты болуы дажолға жиі шығуына байланысты. Оның үстіне қазақтың «жүргенге жөргем ілінеді» дегені бар. Жеңістің 65 жылдығына байланысты күнделікті қым-қуыт тірліктен басқа тағы бір жауапты тапсырма төбе көрсеткендей. Несі бар, «бір жоқты бір жоқ табады» деген, көп ұзамай батырдың 173825-нөмірлі маузерінің де дерегі табылып қалар».
Қорытындылай келе, ұлы тұлғалар артында ұлы құпиялар қалатындығын білуімізге болады. Баукең әрбір қазақ үшін үлгі тұтарлық тұлға десек, оның өмірінің ұшы-қиырын танып білу баршамызға парыз.Ал бұл істе ағартушылық қызметін,журналистің танымдық функциясы арқылы атқара білген арынды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының қызметін айрықша атап өтуімізге болады.
«ӘУРЕЛЕҢНІҢ» ӘУЕНІ»
К.Сәттібайұлының кезекті мақаласы қазақ киносының төңірегінде жазылған.Автор бұл мақаласында кино дейтін әлемде әр режиссердің өзіндік ұстанымы мен дағдысы болатындығын тілге тиек етеді. Сондай режиссердің бірі «Әурелең» фильмі арқылы жұртшылыққа танылған Сәбит Құрманбеков дейді.Публицистің айтуынша, С.Құрманбеков фильмдерінің ерекшелігі оның күлдіре отырып, көп мәселені шешуге тырысатындығында. Автор бұл қазақ киносына жаңадан келген сарын еместігін,қазақ киносы комедиядан кенде еместігін айтады:
«Көңілді, езуге күлкі үйіретін фильм түсіруде, әрине, Франция мен Италья, Ресей мен Грузия режиссерлерінің орны бөлек. Біздің елде бұл жанрдың жүгін кезінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Алдаркөсе» «Тақиялы періште», «Жігіт пен қыз», «Менің атым Қожа» сияқты және басқа да көптеген фильмдер арқылы жап- жақсы көтеріп келе жатқан болатын. Бірақ кеңестік жүйенің күлі көкке ұшып, бұрын жақсы деп келгеннің бәрі жаманға айналған тұста (басшылары да, басқалары да) режиссерлер де. шабытын «түрткілейтін» тақырыптарынан қапелімде көз жазып қалғандай абдырап қалған. Тапқандары ауылдың ауыр тұрмысын. көрсетеміз деп «тоқал там», «сыз еденде» өмір сүретін сұрықсыз қаһармандарды (қазақ ауылдарында мұндай жағдай бұқаралық сипат алып жатпаса да) жарыққа шығарды».
Мақала үзіндісінен автордың «әттеген-айы» айқайлап тұр. Кешегі келмеске кеткен күндердің сарқыншағын іздегендей. Қазақ киносының бір кездері дүркіреп тұрғандығын еске алған публицист еендігі үмітті болашақтан ғана күту керектігін айтып тұр.Бұл үміті және ақталған секілді:
«Әурелең» басталғаннан-ақ жазушы Нұрғали Ораздың көркем шығармаларының кейіпкерлеріне тән (фильм талантты жазушының «Қазығұрт оқиғалары» атты кітабындағы әңгімелердің желісі бойынша түсірілген) бір жұмсақ үн көрерменді баурап алады. Ауыл да, ауыл адамдарының мінез-құлқы да таныс. Тіпті, көрерменнің киноға елітіп отырып сөй, мынау біздің ауыл ғой» немесе «анау бәленше ғой» деп қалатын тұстары да жоқ емес.
Мұнан әрі журналист аталмыш фильмді көрермен қауымға таныстыра түседі.Ондағы актерлік құрамның дені қазақтың ұл- қыздарынан құрылғандығына сүйсініп, олардың фильмдегі образдарына шолу жасайды:
«Одан кейін фильм қаһармандарын сомдағандардың дені қазақ театры мен киносына еңбегі сіңген белгілі актерлер мен актрисалардан болуы қуантты. Мысалы, белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев өзіне жүктелген Жаңбырбай рөлін сәтті сомдап шыққан. Фильмдегі оқиға, негізінен, осы бейненің төңірегінде өрбиді. Ауылда сайлау өтіп, көп жыл басшы болған Жаңбырбай «тақтан» түсіп, орнына желкілдеген жас келіншек сайланады. Өмір бойы аттан түспеген бастыққа отбасында қол қусырып отырудан өткен қорлық жоқ. Бірақ жас әкім (жас әкімнің рөлін талантты актриса Назгүл Қарабалина ойнайды) кеңсесіне бас сұққан Жаңбырбайға: «аға, кітапханашы бола тұрсаңыз қайтеді» деп, қиыла қолқа салады. Себебі аяғы ауыр кітаханашы келіншектің ай-күні жетіп отыр екен. «Тапқан екенсіңдер оңай жерден кітапханашыны! Ақымақтар...». Бұл тақтан түссе де, аттан түспеген, бойында қажыр-қайраты мол Жаңбырбайдың кеңсе шарбағының есігін «қатты жауып» бара жатып айтқаны».
Кез келген шығармашыл дүниенің жүгі оның авторымен қатар бас кейіпкерге де салмақ салары ақиқат.Осы тұста Көсемәлі Сәттібайұлы фильмдегі бас кейіпкерді сомдаушы Нұржұман Ықтымбаев туралы:
Жалпы, Нұржұман Ықтымбаев қаһарманы (сценарийі) мен режиссері келіссе, әлемдік киножұлдыздарынан кем соқпайтын көп қырлы актер. Оның қайталанбас бет-бейнесін бір сəттік эпизодта («Түнгі шолғыншы») көрсету үшін режиссер Тимур Бекмәмбетовтің аттай қалап алғанынан да хабардармыз. Өйткені, Нұржұман бейнесі байға, батырға, басшыға, кешіріңіз... бандыға да сұранып тұр. Жас әкімнің кеңсесінде күліп отырған кеңпейіл қазақтың «кітапханашы болсаңыз» деген сәттегі қанын ішіне тартып, сұрланып сала берген жүзін көрдіңіз бе? Сұмдық қорқынышты! «Қазақфильм» АҚ мұндай актермен тек қана мақтану керек. Бірақ, «жақсы адамның ашуы шәй орамал кепкенше», Жаңбырбай ашуы тарқағаннан кейін, әлде ақын Абай мен пәлсапашы Платон бастаған ұлы ойшылдардың түсіне еніп, «бұл ауылға кітапхана керек болмаса, біз де керек емеспіз» деген каткылдау үндері әсер етті ме кім білсін, кітапханашы болуға кұрақ ұша келісімін береді. Келісімін бергенде, дипломды кітапханашы болмаса да, қызметіне адал кіріседі. Үйді-үйді аралап, сайда саны, құмда ізі жок, кітаптарды жинайды. «Әурелеңнен» ашқан жаңалығымыз Нұржұман Ықтымбаев сияқты дегдар әртістің «тілін» таба білсе, комедиялық фильмдерге де сұранып тұр екен»,-дейді.
Осыдан кейін автор қазақ киносының алтын қорын толықтыра түсетін «Әурелең» сынды фильмнің дүниеге келуіне мұрындық болып алғаш идеясын ұсынған Қанымбек Қасымбеков туралы жаза кетуді де ұмыт қалдырмайды. Фильм идеясын о баста Қанымбек Қасымбеков ұсыныпты. Ол бір кездері «Шоқ пен Шерді» түсірген белгілі режиссер. Бірақ денсаулығына байланысты фильмге қатыса алмағандықтан бар ауыртпалық жас режиссер Сәбит Құрманбековке жүктелген. Сәбит болса «Әурелеңде» (бұл оның толық метражды алғашқы фильмі) бүгінгі ауылды, бүгінгі қазақтардың өмірін көрсетуді мақсат тұтқан. «Ауылдың керегі не?» деген пікірдегілерге майдан ашпаса да, ауыл-аймақ пен бота-тайлақты әсем боялар арқылы ашып көрсетуге ұмтылған. Сөйтіп, ауылға салқын қарайтын саясаткерлерді ақылға шақырғысы келетін сияқты.
Ал фильмдегі көтерілген мәселе туралы автор:«Фильмдегі және бір мәселе адам жандүниесінің рухани жұтаңдығына деген қарсылық ауыл кітапханасы мен кітапханашысы арқылы аттан салмай-ақ айтылып тұр. Неге? Компьютер, Интернет дейміз. Болған жақсы ғой, бірақ солар казақ ауылы туралы кітап сияқты майын тамызып әңгіме айтып бере. ала ма? Кітап беттеріндегі әлемдік ой маржандарымен асықпай отырып таныса аласың ба? Әрине, жоқ. Міне, осы ойды режиссер Сәбит Құрманбеков тау баурайындағы бау-бақшалы ауылдың кітапханашысын қилы-қилы оқиғаларға қатыстыра отырып, әдемі жеткізеді. Бұл «бүгінде кітап оқитындар саны азайып кетті» деп даурыққаннан әлдеқайда әсерлі»,-дейді. Яғни фильмге арқау болған мәселенің шешімін автор даурықпай, дабыра қылмай осындай көркем дүниемен ұғындыра білсе дейді.
Мақала соңында публицист қазақ қоғамы зәру осындай тағылымды да мәнді дүниелердің көп болуын тілеп, шығармашылық топта табыс тілейді. Қашанда берері мол қазақ киносының көп болуын тілеп ақжолтай тілегін былай білдірген екен:
«Жақында сол Тимурдың елге кино түсірмек ниетпен келгенін естіп, қуанып қалдық. Бұл игі тірліктің басында, әлбетте, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевтың тұрағны анық. Істері жемісті болсын.
Ал «Әурелеңнің» әуеніне келсек, фильм шын мәнінде, көрермендердің көңілін көтеріп, рухани тұрғыдан бір желпіндіріп тастайтын көзайым дүние болып шыққан».
Автор Көсемәлі Сәттібайұлының журналистік көзқарасы мен концепциялық тұжырымдамасы соңғы сөйлемдерден анық байқалып тұр.Автордың мұндағы идеясы қазақ қоғамына дәрумендей керек дүниелерді кеңінен насихаттау. Ал «Әурелең» солардың бірі ғана.

БӘРІНІҢ ДЕ ЖҮРЕГІНДЕ БІР АРМАН



Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген.Стилі публицистикалық, жанры талдамалы жанр. Автор мақаласына мектеп бітіргелі жатқан жас талапкерлер тағдырын арқау еткен. Мақалада үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған бүлдіршіндердің бәрінің жүрегінде еліне үлгілі азамат болсам деген арман-тілектің ұялағанын айтады.Бұл туралы автор материалында былай делінген:
« Туған ел үшін ту ұстайтын азамат болу дегеннен шығады, кешегі кеңес өкіметі кезеңімен салыстырып қарасақ, бүгінгі тәуелсіз елімізде мемлекеттік тілде білім беру ісі көп ілгерілей түскенін көреміз. Оны мына мысалдан анық аңғаруға болады. Мәселен ҰБТ тапсырушылардың 6738-і (78,5 пайызы) қазақ тілінде, ал 1845-і (21,5 пайызы) орыс тілінде білім алған. «Тіл тағдыры ел тағдыры» деген өзекті сөздің өмірдегі дерегі мен дәйегі де осы».
Публицист бұдан әрмен құқықтық қаулыға сәйкес мектеп бітіру кештері жаңарған дәстүрмен аста-төк той-думансыз аталып өтетіндігін хабардан етеді.Сонымен қатар,«мектеп бітіруші оқушылардан басқа оқушылар қайтпек?» деген сауалдың да жауабын қарастырады:
«Мектеп бітіруші түлектерден басқа оқушылар ше? Олар не істейді? Жаздың жаймашуақ айларында олардың бойы да, ойы да өсіп, жаңа оқу жылына мүлде басқаша мінез-құлықпен келуі мүмкін ғой. Сондыктан оқушылардың жазғы демалысы бақылаусыз және босқа өтпеуі үшін демалыс лагерлері мен сауықтыру шараларын ұйымдасқан түрде өткізудің де маңызы зор.Биыл облыс бойынша 1-10 сыныптарда оқитын 167050 оқушының 131046-ы, яғни 78,4 пайызын жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр екен. Оған аудандар мен Тараз қаласының жергілікті бюджет есебінен 161 млн. 802 мың 400 теңге бөлініпті. Оның ішінде «Ұлан», Қ.Сарымолдаев және В.Савва атындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің жазғы демалысы мен сауықтырылуына облыстық бюджеттен 33 млн. О15мың теңге, аудандар мен Тараз қаласының жергілікті бюджет есебінен 70 млн. 787мың 600 теңге балалардың қала сыртындағы: сауықтыру лагерьлерінде демалуына, 57млн. 999 мың 800 теңге мектеп жанындағы тамақтану ұйымдастырылатын лагерьлерде көпбалалы және аз қамтамасыз етілген от- басылардың балаларының демалысына жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінген»,- дейді. Автордың келтірілген деректемелерінен алдағы уақытта жоспарланған істердің қыруар екендігіне көз жеткіземіз. Кез келген қырағы оқырманның көкейінде туындайтын «ал дәл осы сәтте қандай іс- шаралар жүргізілуде деген көкейкесті сауалға автор мақаласынан мынандай мысал келтіруге болады:
«Облыста қала сыртында орналасқан 9 сауықтыру лагерьлерінде (Тараз қаласында «Болашақ», Талас ауданында «Жұрындысай», Меркі ауданында «Жұлдыз», Қордай ауданында «Балауса», Т.Рысқұлов ауданында Ә.Молдағұлова атындағы мемлекеттік лагерьлер және Байзақ ауданында «Қарлығаш», «Кооператор», Сарысу ауданында «Жұлдыз», Жуалы ауданында «Тау. Самалы» жеке меншіктегі лагерьлер) көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларының 4939 баласы демалыспен қамтылмақ. Оның ішінде Қ.Сарымолдаев атындағы, «Ұлан» және В.Савва атындағы балалар үйлерінің 387 тәрбиеленушілері бар.Биылғы жылы сауықтыру лагері жоқ Шу ауданы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларының 700 баласын Тасөткел ауылында орналасқан С. Мұқанов атындағы негізгі мектептің базасында демалдыру ойластырылуда. Сол сияқты, мектеп жанында ұйымдастырылатын 300 профильді топтарға (қазақ, ағылшын тілдерін оқып үйренуге, экологиялық, спорттық, өнер, т.б. бағыттағы) 22953 оқушы (оның 14295 баласы ауылда) қамтылатын болады. Сонымен қатар, «Тау Самалы» сауықтыру кешенінде 60 туристік топ құру жоспарланып отырылғаны да қуантарлық жәйт».
Мақала соңында автор мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тілеп, халқына қалаулы азамат болуына тілектестік білдіреді. Шынында да Елбасымыз айтпақшы:« Жастар-елдің болашағы!» Елдің ертеңі ер болам деген бозбала мен балдырғандардың қолында екенін ұмытпаған жөн. Ал бұл тебіреністі К.Сәттібайұлы өз мақаласында мазмұнды түрде жеткізе алған сыңайлы.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Бейбітшілік қорғаны/К.Сәттібайұлы//Ақ жол.-2017-11 шілде(№76)-2б
Қарттарым,аман сау жүрші.../К.Сәттібайұлы// Егемен Қазақстан-2012-1 қаңтар(№1)-3б
Батырдың құпия сыры/ К.Сәттібайұлы// Егемен Қазақстан-2008-25 маусым
Жаңа әліпби құтты болсын!/К.Сәттібайұлы//Ақ жол-2017-28 қазан(№122)-1-2б
Бұлар қай Мария Магдаленаны әнге қосып жүр? /К.Сәттібайұлы//«Менің елім» -2016-231-233б
Ол енді қазақтар үшін «Мырзажан» емес /К.Сәттібайұлы//«Менің елім»(2016)
« Менің елім»/ К.Сәттібайұлы// Менің елім(2016)
«Ер Баукеңнің маузері»/ К. Сәттібайұлы // Шың мен шынар (2014ж)-116-119 б
«Әурелеңнің» әуені»/ К. Сәттібайұлы //Шың мен шынар(2014)-396—400 б
«Бәрінің де жүрегінде бір арман»/ К.Сәттібайұлы// Егемен Қазақстан 2013-1- сәуір
https://aqjolgazet.kz/80081-2

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет