Аудан әкімі А. Мұхимовтың тұрғындар алдындағы кезекті



жүктеу 235.64 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі235.64 Kb.
Аудан әкімі А. Мұхимовтың

тұрғындар алдындағы кезекті

есепті баяндамасының желісі

Тағы бір жылды тарих қойнауына жібердік. Қазақы қарапайымдылық пен қонақжайлылықты ту етіп, «Жүрегінен жыр кетпеген» Аралдың халқы -берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің басында «келісіп пішкен тон келте болмайды» деп қашанда әрбір істі кеңесіп шешу дәстүрінен тайған емес.

Бүгін міне, сол дәстүрлі ізбен Өздеріңіздің алдарыңызда бір жылдық есепті ортаға салып, кең көлемде пікір алмасу үшін жиналып отырмыз. Мұның өзі - халық пен билік арасындағы қажеттіліктен туындаған алтын көпір іспеттес.

Өткен жылға көз жүгіртсек, «қара алтын» бағасының күрт төмендеп кетуіне байланысты жаһандық экономикада болып жатқан қиындықтарды естіп-біліп отырсыздар. Әлемдік дағдарыс салдарынан мәжбүрлі түрде теңгенің еркін айналымға жіберілуінің әсері де сезіліп жатыр. Әрине, жаһандық экономикамен тығыз байланыста болғандықтан, бұл дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық еді. Дегенмен жылдан жылдың жаманы жоқ. Асылы, әр кезең, кез келген сәт өзінің тарихи жүгі мен әлеуметтік аманатын арқалай келетіні белгілі.

Осы орайда, барша қазақстандықтар үшін жарияланған Елбасының «Нұрлы жол болашаққа бастар жол», «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдаулары мен 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы - мемлекетіміздің дамуы мен жалпы еліміздің кемел келешегі жолындағы негізгі міндеттерді көрсетіп, нақты жоспарларымызды белгілеп берді.

Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «....Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ауқымдағы көптеген компаниялар дамудың дағдарыстық кезеңінде сәтті компанияларға айналды» демекші, макроэкономикалық тұрақтылықты, қазақстандықтардың әлеуметтік ауқаттылығын қамтамасыз ету мақсатында, еліміз жаңа бағытқа, жаңа экономикаға жол алды. Елді индустрияландыру қолға алынып, Елбасының көрегенділігі арқасында жаңа кәсіпорындар іске қосылып, инновациялық әрекеттер қолданылуда. Күн санап, еліміздің барлық аймақтарында жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

Әлем экономикасындағы тұрақсыздық үдерісіне қарамастан, Қазақстанда бүгінгі күнде экономикалық өсім сақталып отыр. Елде болашаққа деген сенімге селкеу түскен жоқ. Оған қоса, 19 жыл бойы тынымсыз еткен еңбектің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Бұл еліміздің жаһандық экономиканың бөлінбес бөлшегі ретінде мойындалуының айғағы деп білемін. Бұл дегеніміз еліміздің болашаққа деген ұмтылысының іргетасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саралы саясатының нәтижесі, бірлік пен сабырлыққа жүгінген халқымыздың несібесі.

Қадірлі ағайын!

Өздеріңізге белгілі, 2015 жыл елімізде үлкен саяси науқанмен басталды. ҚР Президентінің сайлауы өтті. Бұл сайлауда да аудан халқы саяси сауаттылық танытып, елді басқару ісіне жауапкершілікпен қарайтындықтарын көрсетіп, үлкен ұйымшылдық байқатты. Ел өз таңдауын жасады.

Өткен жыл ерекшеліктерге толы болды. Атап кететін болсам, Ата Заңымыз – Конституцияның қабылданғанына және Қазақстан Халқы Ассамблеясына 20 жыл, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл және Ұлы Отан Соғысындағы Жеңіске 70 жыл толды. Осы айтулы мерекелермен қатар Арал қаласының іргетасы қаланғанына 110 жыл болды.

Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «...Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады»- дегендей, жан-жақта болып жатқан қиындықтарға қарамастан, атқарушы билік болып, ел болып үзіліссіз жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгерілеуде.



Инвестиция.

Ауданда іске асырып жатқан ірі көлемдегі жобалар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы, «Жезғазған-Сексеуіл» шойын жол құрылысы, «Бозой - Шымкент» газ құбырын тарту жұмыстары, Арал қаласын газдандыру жұмыстары ауданымызда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырды. Өткен жылы ауданда 5 мектеп, 2 ауылдық клуб пен 1 денсаулық сақтау саласының нысандары салынды.

Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17 193,6 млн. теңгені құрады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Сексеуіл – Жезқазған сияқты мега жобалардың аяқталуына байланысты нақты көлем индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 75,4 пайыз болды. Оның ішінде ауылдық жерлердегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 38 пайызды немесе 6 556,4 млн теңгені құрады.

Ауданға тартылған инвестицияның 32,1 пайызын бюджет қаражаттары құраса, 61,1 пайызын жеке қаражаттар, 6,2 пайызын басқа да қарыз қаражаттары мен 0,6 пайызын банктер несиелері құрады.



Өнеркәсіп.

Ел экономикасында болып жатқан қиындықтарға қарамастан, өткен жылы аудандағы бірде-бір кәсіпорында өнім өндіру көлемі азайған емес. Есепті мерзім ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 5,9 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты көлем индексі 112,3 пайызды құрады. Оның ішінде кен өндіру өнеркәсібінде 404,1 млн теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы 76,3 мың текше метр табиғи құм қазылса, 301,0 мың тн тұз және таза натрий хлориді өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 18,4 пайызды құрады. Осы жерде айта кету керек, облыстық көрсеткішке қарағанда ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің басым бөлігі, яғни 68,0 пайызы өңдеу өнеркәсібінің өнімдеріне тиесілі болып отыр.

Айта кету керек, аудандағы кәсіпорындардың бірі мен бірегейі «Аралтұз» АҚ-ның 90 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілді. Кәсіпорын 2013 жылы испан технологиясы негізінде жаңа цехты іске қосса, 2016 жылы тағы да бір цехты іске қосуды жоспарлап отыр.



Үдемелі индустриялық-инновациялық даму.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Қазақстан халқына жасаған үндеуінде «Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды» демекші, бұл ел экономикасын дамытуда жасалған басты қадам. Отандық кәсіпорындар шетел нарықтарына емін еркін шығуға, ал тұтынушылар тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға мүмкіндік алатын болады. Инвесторлар тартуға, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға дүниежүзілік сауда ұйымының ықпалы зор болмақ.

Дегенмен, бұл өз кезегінде біздерге үлкен міндеттер жүктейтіні анық. Шикізаттық сектордан өнім өңдеу өнеркәсібіне бетбұрыс жасауымыз қажет. Өндірісте де, бәсекелестік қайнаған ортаға төтеп бере алатындай отандық өнімдер шығаруымыз қажет. Жаңа нарықтардың ашылуымен бәсеке күшейе түсетін болады. Оған дайын болуымыз қажет деп санаймын.

Сондықтан, индустриялық-инновациялық даму ел экономикасының өсуіне және инновациялық әрекеттер саласында өндірістік кәсіпкерлікті орнынан тұрғызуға, әрі қарай дамытуға қолдау беретін басты шара. Осы орайда, басты бағыт, аймақтың табиғи ресурстарын, жер қойнауы байлықтары, шикізат құрамын нақтылап, оны кезең-кезеңге бөліп игеруде жоғары технологиялық өнімге, оның ішінде экспорттық өнімдерге ауыстыру және аймақтық ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы аудан экономикасын өсіру болып табылады.

Осы мақсатта, 2015-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірлік индустрияландыру картасына ауданнан жалпы құны 7829 млн теңгенің 5 жобасы кіріп отыр. Оның ішінде «Берекет» шаруа қожалығының 38,3 млн теңгенің «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу» жобасы, "Аралым" ЖШС-нің құны 4,0 млрд. теңгені құрайтын «Диверсификацияланған көпсалалы ауылшаруашылық кешені» жобасы, «Тоғыс - Аралотын» ЖШС-нің 30,8 млн теңгенің «Күйдірілген кірпіш өндірісі» жобасы, 360,0 млн теңгенің «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Жүн және теріні алғашқы өңдеу» жобасы және «Жак Нур» ЖШС-нің «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинатының құрылысы» жобасы бар.

Арал қаласында 10 гектар жерге индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізілуде, аталған аймаққа инфрақұрылым жеткізілді. Қазіргі таңда, «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу» жобасына 1 гектар, "Аралым" ЖШС-нің «Диверсификацияланған көпсалалы ауылшаруашылық кешені» жобасына 5 гектар жер телімі берілсе, қалған 4 гектар жерді «Жаңа Арал» ЖШС-нің «Тері және жүнді алғашқы өңдеу» жобасын іске асыруға беріліп отыр.

Онымен шектеліп қалмай, республикалық индустрияландыру картасына ауданнан «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцилендірілген сода өндіру» жобасы ұсынылып отыр. Жалпы құны 37,2 млрд. теңгені құрайтын жоба жергілікті тұз кен орындары негізінде іске асырылатын болады. Зауыт құрылысына ауданның солтүстік-батыс бетінен жалпы көлемі 100 гектар жер телімі берілді.

Өндіріс, индустриялық-инновациялық даму ел экономикасын тығырықтан шығарудың басты бір көзі екендігін ескерсек, бұл жұмыстар алдағы уақытта да ауданда қарқын алатын болады. Қуантарлық жағдай, ауданға инвестиция тарту, тау кен өндірісін дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылғалы тұр. «Аралмұнайгаз» ЖШС-і Арал қаласының оңтүстік-шығыс бетінде, Аманөткел, Мергенсай ауылдық округтерінде мұнай барлау жұмыстарына кірісуде. Зерттеу, барлау жұмыстарының қорытындысымен мұнайдың болжамды қоры анықталып жатса, еліміздің мұнай-газ секторын дамытуда да Аралдың өзіндік орны болары сөзсіз.

Айта кететін жағдай, Өздеріңізге белгілі Қызылорда қаласында шыны зауыты салынуына орай, жергілікті шикізатқа, яғни кварц топырағына деген сұраныстың артатыны анық. Бұл өз кезегінде «Латон Маркет» ЖШС-дегі өндіріс көлемін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпалын тигізетін болады.

Шағын кәсіпкерлік.

Аудан бюджетінің толығуына қомақты үлес қосатын шағын кәсіпкерлікте қарқынды дамып келеді. Салыстырмалы уақытта аудандағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3660-қа жетіп, 183 бірлікке ұлғайса, оларда 5369 адам жұмыспен қамтылып 593 адамға артты.

Өткен жылы ауданда «Бір терезе» қағидасы аясында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды, аталған орталық өз ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге 20-дан астам қызмет түрлерін ұсынуда. Орталықта Кәсіпкерлер палатасының, «Казагромаркетинг» АҚ-ның, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның, «Халыққа қызмет көрсету орталығының» мамандары мен кеңесшілері шоғырланған. Өткен жылы 1005 кәсібін енді бастаушылар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсетілген және де орталық жанындағы Бизнес мектепте 130 адам кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқытылып, сертификаттар алған.

Бизнестің жол картасы -2020 бағдарламасы.

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының «Сыйақы ставкасын субсидиялау» бағыты бойынша 184,1 млн теңгенің 10 бизнес жобасы несиелендірілсе, «Гранттық қаржыландыру» бағыты бойынша 2,0 млн теңгенің 1 жобасы қайтарымсыз грантты жеңіп алды.

Түрлі қаржы институттары арқылы ауданға инвестиция тарту жұмыстары шешімін тауып келеді. Есепті мерзімде Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 47,4 млн теңгенің 7 жобасы қаржыландырылса, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мы арқылы 27 қожалық 257,1 млн теңге көлемінде несие алып отыр. Сондай-ақ, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мы арқылы барлығы 120,7 млн теңгенің 39 жобасы несиеге қол жеткізді.

«Қазагроқаржы» АҚ-мы арқылы «Берекет» шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру, тұшпара цехын салу» жобасы бойынша 36,2 млн теңгеге лизингпен қаржыландырылды.

Аудан территориясынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 4 жол маңы сервистік қызмет көрсету нысандарын орналастыру жоспарланса, оның 1-і өткен жылы іске асырылды. Ол - жолдың 1358 шақырымында орналасқан жеке кәсіпкер Б. Жандаулетовтың «Батыс-Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Арал қаласына кіре беріс тұсында «В» санатты жол бойы сервис кешенін салу» жобасы. Жобаға 4 га жер берілген. Қазіргі таңда нысан пайдалануға берілді.

Аудан экономикасын дамытудың басты бір көзі болып табылатын, жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қамыстыбас-Арал» демалыс аймағын құру жұмыстары жасалуда. Өткен жылы туризмді дамыту шаралары жалғасын тауып, «Қамыстыбас» селолық тұтынушылар кооперативіне берілген 2 гектарды құрайтын жер телімі әрқайсысы 10 сотықтан тұратын 19 учаскеге бөлініп, онда Арал, Қазалы аудандарының 27 кәсіпкері 80-ге жуық нысанның құрылысын салды. Бұл өз кезегінде аудан экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор ықпалын тигізді. Жазғы демалыс маусымында «Қамбаш» көлінің жағасына келушілер саны 70 мыңнан астам адамды құрады.



Ауылшаруашылығы.

Халықтың басты тіршілік көзі – мал шаруашылығы саласында малдың генофондын сақтай отырып, мал басы мен одан алынатын өнімдердің елеулі өсуі көңілге қуаныш ұялатады.

Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 4,2 млрд теңгені, өсім 100,1 пайызды құрады. Есепті кезеңде 3,2 мың тонна ет, 7,6 мың тонна сүт алынып, тиісінше 2014 жылмен салыстырғанда 101,0; 101,7 пайызға өсіп отыр.

Елімізде бүгінде бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмай, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт алған кезеңде кәсіппен айналысам деушілерге барлық мүмкіндіктер жасалған: қаржылық, ақпараттық-кеңестік қолдау жұмыстары жолға қойылған. Сондықтан, қазіргі таңда мал өнімдерін, балық өнімдерін өңдеу, ұқсату, басты міндет болып отыр. Ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, өткізуді жолға қоюға аудан мүмкіндіктері әлде қайда зор. Жүнді түтіп, иіріп, тоқу, тігін цехтарын ашу, тері өңдеу, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, жергілікті қымыз, шұбат өнімдерін ыдысқа құйып сату жұмыстары қолға алынуда.

Мал шаруашылығында барлық мал басы түрінен тұрақты өсім болып, ірі қара 102,0 пайызға, жылқы 107,7 пайызға, түйе 106,7 пайызға, қой мен ешкі 106,7 пайызға артты.

Ауданда мал басын асылдандырудың 4 бағыты бойынша 8 шаруашылық жұмыс жасауда. Жыл көлемінде мал шаруашылығына 103 шаруашылыққа 140,2 млн теңге субсидия алынды. «Несібе» шаруа қожалығының сатып алған техникаларына 2,7 млн теңге субсидия төленді.

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл басынан бері ауданда барлығы 28,6 млн. теңгеге 10 бас бұқа мен 159 бас аналық сиыр сатып алынды.

«Алтын Асық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша барлығы 16,1 млн теңгеге 594 бас қой мен 32 бас асыл тұқымды қошқар алынды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша 49,0 млн теңгеге 162 бас аналық, 22 бас асыл тұқымды айғыр алынды.

Қазіргі таңда ауданда ірі қара малын қолдан ұрықтандыратын 15 пункт жұмыс істеп тұр. Барлығы 2048 бас сиыр ұрықтандырылды. Осы ұрықтандырылған малға «Асыл тұқым» ЖШС-і 8,2 млн теңге субсидия алып отыр.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеміз. Оған дәлел Тәуелсіздік мерекесінде түйеші Мұхит Сейітов Қазақстан Республикасының ІІІ-дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды.

Жыл санап егін шаруашылығына да аса мән беріліп келеді. 2013 жылы ауданда 235 гектар жерге егін егілсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 253 гектарды құрады. Егілген 20 гектар картоптан 159 тонна өнім алынып, орташа өнім гектарына 79,5 центнер болса, 52 гектар көкөністен 383,4 тонна өнім алынып, орташа өнім гектарына 73,5 центнер, 120 гектар бақшадан 1322,6 тонна өнім алынып, орташа өнім гектарына 110,2 центнерді құрады.

Онымен қоса, Ақбай алқабында 500 гектар жерге мал азығындық дақылдар егу жоспарланып, тиісті дайындық шаралары жасалуда. Жыл басынан бері егін шаруашылығына 769,0 мың теңге көлемінде субсидия алынды.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2015 жылға бір жолғы көтерме жәрдемақыға 3330 мың теңге, тұрғын үй сатып алуға 26757 мың теңге қаржы қаралып, жыл ішінде 24 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақысы төленіп, 10 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді.



Балық шаруашылығы.

Соңғы жылдары қабылданған шаралар нәтижесінде, Арал теңізі суға толып, көлдер суландырылып балық түрлері көбейіп, балық шаруашылығы қайта жанданып келеді. Қазіргі таңда Арал айдынында балықтың 22 түрі аулануда.

Өткен жылы балық аулау лимиті 8321 тн балықты құрап, есепті мерзімде 4601,2 тн балық ауланды. Бүгінде Арал ауданында балықты өсіру мен аулау ісі ғана емес, сонымен қатар сол өнімді өңдеу ісі де жақсы жолға қойылған.

Ауданда балық өңдеумен 7 кәсіпорын айналысады. Жылына 6,0 мың тоннаға дейін балық өңдей алатын «Арал балық өңдеу зауыты», және «Қуаныш» балық зауыты қуаттылығы жылына 400 тонна, «Арал Сервистік дайындау орталығы» қуаттылығы жылына 3,5 мың тонна, «Камбала балық БӨО» жаупкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Ақбасты», «Жамбыл» өндірістік кооперативтері және «Бөген Сервистік дайындау орталығы» қуаттылығы жылына 2,0 мың тонна.

Осы кәсіпорындар арасында, заманауи тұрғыда салынған балықты терең өңдеумен «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС, «Арал СДО» ЖШС мен «Бөген СДО» ЖШС айналысады. Негізгі өнімдері балық филесі, мұздатылған балық, балық ұны. Қалған шаруашылықтар мұздату, ыстау жұмыстарын жасап келеді. Жыл басынан бері 2203 тн балық өңделген.

Өткен жылы облыс балықшыларының 1-ші слеті Қамыстыбас ауылдық округі Қамбаш көлінің жағасында өткізілді.



Ветеринария.

Ветеринария саласы бойынша да бірқатар шаралар жоспарланып, іске асырылуда. Эпизотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 110,1 млн теңге, энзоотиялық аурулардың алдын алуға 11,4 млн теңге бөлініп, жоспар бойынша егу жұмыстары жүргізілуде. Қаңғыбас ит-мысықтарды жою шараларына 4950,0 мың теңге қаржы қаралып, есепті мерзім ішінде 4304 ит-мысықтар жойылды. Сондай-ақ, мал басын бірдейлендіру шараларына 4166 мың теңге қаржы қаралып, мәліметтер компьютерлік дерекқорға енгізілді.



Абаттандыру

2015 жылы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бюджеттік бағдарламасы бойынша аудандық бюджеттен 267,0 млн теңге бөлінді. Арал қаласындағы «Тағзым» алаңындағы және орталық алаңдағы мәдени демалыс сквердегі нысандар ағымдағы жөндеуден өткізілді, олардың қоршаулары жаңартылды, Т. Есетов көшесіндегі саябақ абаттандырылды, аудан әкімдігі ғимаратының жанындағы алаңға брусчаткалар төселді, сондай-ақ Сексеуіл кенті және Қамыстыбас елді мекеніндегі демалыс орындарында абаттандыру жұмыстары жүргізілді, қаланың Әбілхайыр хан және Бақтыбай батыр көшелері абаттандырылды, қаладағы Ш. Уәлиханов көшесінен №262 мектеп-гимназияға дейінгі аралықта брусчаткадан жаяу жүргіншілер жолы төселді.

Сонымен қатар, Арал қаласындағы «Соңғы парыз» романының сюжеті бойынша символикалық белгі аумағын абаттандыру жұмыстарын толық аяқтау мақсатында облыстық бюджеттен биылғы жылы 61,085 млн. теңге қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды.

Ақбұлақ бағдарламасы.

Ақбұлақ бағдарламасы аясында, биылғы жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 3 189 млн теңгенің 6 жобасын іске асыруға қажетті құжаттар жиынтығы тапсырылды. Жобалар 2016-2018 жылдары іске асырылатын болады.

2015 жылы Ақбасты елді мекеніндегі ауыз су құдығына ағымдағы жөндеу жұмыстары 1554,0 мың теңге қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілді.

Қосымша, қазіргі таңда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Сексеуілде кентішілік ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары басталады деп күтілуде. Жобаның құны 1 млрд 445 млн теңгені құрайды.



«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 2010-2014 жылдары бюджет қаражаты есебінен ауданда 62 арендалық тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілсе, биылғы жылы барлығы 40 тұрғын үй салуға бағытталған жалпы құны 463,0 млн теңгені құрайтын жобалар бойынша құжаттар ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.

Жыл басынан бері 14801 шаршы метрді құрайтын 130 жеке тұрғын үйлер пайдалануға берілді.



«Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы» аясындағы жұмыстар жалғасын табуда. 2014 жылы Арал қаласында 2 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтсе, 2015 жылы 37,4 млн теңгеге 8 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осы жылы тағы да қаладағы 2 көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда.

Автокөлік қызметі бойынша: жүк тасымалы 101,5 пайызға, жүк айналымы 100,5 пайызға, жолаушы тасымалы 104,3 пайызға, жолаушы айналымы 106,5 пайызға артты.



Жол жөндеу.

Жол жөндеу жұмыстарына 2015 жылы 126,1 млн теңге қаржы қаралып, Арал қаласының орталық көшелерін кеңейту, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онымен қоса Аманөткел ауылдық округінің Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірге дейінгі ұзындығы 1,8 шқ автокөлік жолын орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ, Қызылжар елді мекеніне кіре беріс жол жөндеуден өтті. Сексеуіл кентінің жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын ішкі жолдары жөнделді.

«Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автокөлік жолының 38-ші шақырымындағы көпірді (Кәрібөгет) қайта жаңғырту жұмыстарына 61,8 млн теңге облыстық бюджеттен қаралып, жұмыстар жалғасуда.

Бірнеше елді мекендер тұрғындарының жол қатынасын қамтамасыз етіп отырған Қызылжардағы жалғыз қалқымалы көпір тозығы жетіп, істен шыққан болатын. Осы орайда, жедел шешім қабылданып, Сырдария ауданынан ескі қалқымалы көпір алынды. Дегенмен, облыс басшылығы арқылы резервтен жаңа қалқымалы көпір бөлініп, қазіргі таңда Өскемен қаласынан жеткізілді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 2,1 млн теңге қаржы қаралып, қаланың қауіпті жол тораптарына 90 дана жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар, 1,9 млн теңге қаржы қаралып, Сексеуіл кентінде 4 дана мүгедектерге арналған синхронды дыбыстық қондырғылар мен 24 дана арнайы жол белгілері орнатылды. Сексеуіл кентінде 5,1 млн теңге 8 дана бағдаршамдар орнатылды.

Биылғы жылы энергетика саласы да назардан тыс қалған жоқ. Арал қаласындағы электр жүйелерін қайта жаңғыртуға 352,0 млн теңге қаржы қаралып отыр.

Сонымен қатар, көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі Сексеуіл және Бекбауыл стансаларындағы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның теңгерімінде болған әуе электр желілерін жергілікті деңгейге беруге келісімдер алынып, тиісті бұйрық жобасы әзірленуде.

Газдандыру жұмыстары.

Бүгінгі таңда Арал ауданына республикамыздың батысынан шығыс аймағына құбыр арқылы келетін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін оларды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырына қосу, яғни газдандыру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Арал қаласының ішкі газ желісіне ТЭН жасалынып мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Оған облыстық бюджеттен қаралған 30,477 млн тенге қаржы толығымен игерілді. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен оның қосалқы мердігер-жобалаушылары осы ТЭН бойынша Арал қаласының ішкі газ желісінің жоба-сметалық құжаттамасын дайындап, мемлекеттік сараптама қорытындысын алды.

Қазіргі таңда Арал қаласында «СпецГазМонтаж» ЖШС мердігер мекемесі ағымдағы жылдың 24 наурыз күнінен бастап газдандыру жұмыстарын бастап кетті. Осы аталған мекеме қатарында жалпы саны 115 адам және 31 техника газдандыру жұмыстарына жұмылдырылған. Жұмысшы адамдардын 95 пайызы жергілікті тұрғындардан алынды. Арал қаласы бойынша орнатылатын жалпы ұзындығы 288 км газ құбырының қазіргі таңда 99,5 пайыз жер қазылып, газ құбырлары орнатылды.

Бүгінгі таңда, Арал қаласындағы жеке тұрғын үйлер кезең-кезеңмен газ құбырына қосылып, көгілдір отын пайдалануда.

Жұмыспен қамту.

Қазіргі дағдарыс кезеңінде жұмыспен қамту, жұмыстан қысқартуды болдырмау, жалақыға қарыздарды болдырмау мәселелері күн тәртібінен түспей отыр.

Жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарды кеңейту шаралары арқылы ауданда есепті мерзімде ресми жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайызға, жалпы жұмыссыздық 5,2 пайызға тұрақтады.

2015 жылы жұмыс іздеуші ретінде 2902 адам хабарласып, оның 1761-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмыстарға 1775 адам тартылды. Барлығы жыл көлемінде ауданда 985 жаңа жұмыс орындары ашылды. Олардың ішінде, көлік және қоймалау саласында 217, өнеркәсіп саласында 85, құрылыс саласында 150 орын, білім саласында 125 орын, сауда орындарында 35 орын, экономиканың басқа салаларында 349 орын және уақытша және маусымдық жұмыстарда 24 жұмыс орны құрылды.

Нысаналы топқа жататын жұмыссыздар қатарынан мүгедектік топтағы 103 мүгедек жұмыссыз ретінде тіркеуге алынған олардың ішінен 42 мүгедек тұрақты жұмысқа орналастырылып, 1 мүгедек әлеуметтік, 42 мүгедек қоғамдық жұмыс орындарына, 3 мүгедек жас жастар тәжірибиесіне жолданды.

Жыл көлемінде бөлімде 10 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізілді. Өткізілген жәрмеңкеде барлығы 114 адам тұрақты жұмыстарға жіберілді. Олар негізінен, «Аралтұз» АҚ-на, аудандық ветеринариялық стансаға, «Раннар» ұн тарту зауытына, «Арал құрылысы» ЖШС-не және теміржол саласы мекемелеріне жұмысқа орналасты.

Экономиканың дамуына теріс әсерін тигізетін фактілерді анықтау, еңбек нарығында тұрақты жағдайды ұстап тұру, өндіріс, банк саласында және тұтыну нарығында дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыру мақсатында аудан әкімінің өкімімен аудандық дағдарысқа қарсы штаб құрылды. Атап айтқанда, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тарифтер мен аса маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жұмыстан босату және жалақыға қарыздарды болдырмау шаралары іске асырылуда.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында аясында ауданда барлығы 462 адам шағын несие алса, оның барлығы кәсіпкер ретінде тіркеліп, қосымша 138 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әлеуметтік төлемдер.

2015 жылға атаулы әлеуметтік көмекке 1586,0 мың теңге, тұрғын үй көмегіне 25 147,0 мың теңге, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеуге 114 434,0 мың теңге қаржы қаралып, жыл көлемінде 14 отбасыға 1027,1 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, 909 отбасыға 29,5 млн теңге тұрғын үй көмегі, 2075 отбасыға 120,3 млн теңге көлемінде балалар жәрдемақысы тағайындалып, төленді. Экономиканы дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде 3 округтен басқа округтер атаулы әлеуметтік көмек алмайтын болса, 4 округ тұрғын үй көмегін, 2 округ 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысын алмайтын болып отыр. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайының біршама жақсарғандығын көрсетеді.



Мүгедектерді оңалту бағдарламасы.

Мүгедектерді оңалту бағдарламасы бойынша мүгедектерді қажетті құралдармен қамтамасыз ету шаралары іске асырылуда. 2015 жылға аудандық бюджеттен міндетті гигиеналық құралдарға 12875,0 мың теңге; жеке көмекшілердің қызметіне 15993,0 мың теңге; ымдау тілі мамандарына 1586,0 мың теңге қаржы қаралды.

Жыл көлемінде 42 адамға санаторий-курорттық емделуге жолдама берілсе, 238 адамға протездік-ортопедиялық көмек, 33 адамға тифлотехникалық құралдар, 34 адамға сурдотехникалық құралдар, 31 адамға кресло-арбалар, 296 адамға міндетті гигиеналық құралдар берілді. Қызылорда қаласында орналасқан «Талсуат-мүгедектерді оңалту орталығына» ем алуға 47 мүгедек және 15 қарт азаматқа жолдама берілді.

2015 жылы үйде тәрбиеленіп оқумен 74 мүгедек бала қамтылды. Бұл мақсатқа 3863,0 мың теңге, сонымен қатар, мүгедектерді тасымалдау (инватакси) қызметін ұйымдастыруға 2015 жылға 2073,0 мың теңге бөлінді.



Жеңістің 70 жылдығы.

Жеңістің 70 жылдығы ауданда жоғары деңгейде атап өтіліп, республикалық, облыстық, аудандық бюджеттерден тиісті төлемдер жасалды. Атап айтқанда: 9 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне – 900,0 мың теңге; 2 қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 140,0 мың теңге; 5 қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің әйелдеріне – 125,0 мың теңге көлемінде төлемдер жасалды. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған 11 адамға - 275,0 мың теңге; 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемінде 6 ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен қалтқысыз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмағандарға 1044 адамға 26100,0 мың теңге төленді.



Білім беру.

Аудан бойынша биылғы жылы жалпы орта білім беру ұйымдарынан 694 түлек бітірді. Олардың 60,0 пайызы (425 бала) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 81,47 болды. Былтырғы оқу жылында орташа балл 72,71 болған. Оның ішінде 9 «Алтын белгі», 4 «Үздік аттестат» иегерлері анықталып, 148 түлек «Серпін 2050» бағдарламасы бойынша оқуға түсті. Мұғалімдердің білім сапасын арттыру мақсатында соңғы екі жылда аудандағы мұғалімдер арасында пәндік олимпиада өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылы матиматика пәні бойынша өткізілген олимпиададан Ақберген Мыңғышпанов есімді азамат оқ бойы озық шықса биылғы жылғы тарих пәні бойынша Іңкәр Әбішева үздік деп танылып жеңіл автокөлікті тізгіндеді.

2014-2015 оқу жылында 415 мұғалім әр түрлі біліктілік арттыру курстарыннан өтсе, Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейлік бағдарламасы негізінде 94 ұстаз оның ішінде көшбасшылық деңгей бойынша 10 мектеп директоры өз тәжірбиесін жетілдірді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген түлектерді алдын-ала дайындау жұмыстары «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығында іске асырылды. Нәтижесінде 8,8 балға өсім болды. Бұл тәжірибе одан әрі жетілдірілетін болады.

2015 жылы білім саласының құрылыс жұмыстарына 796 млн-нан артық қаржы қаралып, 4 мектептің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріліп, 1 мектеп құрылысы 2016 жылы пайдалануға берілетін болады. Аудандағы 2 мектепке (Жіңішкеқұм, Қаратерең) автокөліктер алынды.

Мемлекетіміздегі «Балапан» бағдарламасы аясында Арал ауданында 3-6 жас аралығындағы балалардың 95 пайызы балабақшамен қамтылып отыр.

Жалпыға міндетті білім беру қорына бөлінген қаржының 87 пайызы аудан мектептеріндегі тұрмысы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтуға қалған 13 пайызы киім-кешектермен қамтамасыз етуге және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жұмсалды.

2015 жылы мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру шараларына аса мән беріліп отыр. Балалар демалыс пен сауықтыру шараларының барлық түрлерімен қамтылатын болады. Оның ішінде, 2014 жылы пайдалануға берілген "Қамбаш" балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы балаларды қабылдауда. Орталықта 7 ауысымда 150 баладан 1050 бала демалды.

Қосымша, биылғы жылы аудандағы 1-10 сынып аралығындағы балаларды сауықтыру және демалыспен қамту шараларына бірінші кезекте жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасы балалары және құқық бұзушылықпен есепке алынған оқушылар қамтылды. Күндізгі лагерлер ІІ ауысымға жұмыс жасап ыстық тамақпен 2370 бала, ыстық тамақсыз 6795 бала, шатырлы лагерге 750 бала демалды. Сонымен бірге ауданнан тыс лагерлерге осыған дейін білім саласы кәсіподағы есебінен Көкшетаудағы «Лесная сказкаға» Жаңақорғандағы «Талды су» лагеріне, Оңтүстік Қазақстандағы «Таң нұрына», Қызылодадағы «Сан-Райз» лагеріне 147 бала демалдырылды.

Жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы отбасы балалары бірінші кезекте демалса, облыстық мемлекеттік мекемелердің және банк, қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы - 11, аудандық білім саласы кәсіподағы 50, Қазалы ауданы ата-ана есебінен - 46 бала, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» кәсіподақ комитеті - 27 бала, мәдениет, мұрағат және құжаттама қызметкерлері облыстық филиалы - 30, Қызылорда КРЭК - 30 бала, облыстық білім және денсаулық кәсіподағы 150 баладан 300 бала демалдырылды.

Тәуелсіз қоғамымызбен егемен еліміздің негізгі үміт артары - жастар. Осы орайда, жастармен жұмыс үнемі назарда. Биылғы жылы жастар саясатына 2,0 млн теңгеден астам қаржы қаралды. Жыл басынан бері 20-дан астам акция, 10-ға жуық іс-шара, 7 кездесу, КТК сайыстары мен спорттық турнирлер өткізілді.



Мәдениет саласында 2015 жылы 2 ауылдық клубтың құрылысы пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Арал қаласынан халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне арналып символикалық ескерткіш ашылды. Бұл салтанатты шараға аймақ басшысымен бірге заңғар жазушының өзі де қатысты. Және Арал қаласындағы № 64 мектептің ауласына поэзия әлемінің падишахы атанған жерлесіміз Жарасқан Әбдірашевтің бюсті қойылса, сатираның сайып қыранына баланған Құдайберген Сұлтанбаевты еске алу шарасы өтті.

Аралдың табанынан өрбіген мәдениет саласының майталмандарын ұрпаққа өнеге ету, ұлықтау шаралары келер жылы да өз жалғасын табатын болады.

Денсаулық сақтау саласы бойынша Сексеуіл кентіндегі ауылдық емхана құрылысын аяқтауға 2015 жылы 148 млн теңге қаржы қаралып, пайдалануға берілді. Одан бөлек денсаулық сақтау саласының 5 нысанын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Ол Сексеуіл кентіндегі 40 орындық ауылдық аурухана құрылысына, Бекбауыл, Қаратерең, Аманөткел елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаториялар құрылысына және Арал қаласындағы аудандық аурухана құрылысына қажетті құжаттар әзірленді.

2015 жылдың 11 айында 1625 бала өмірге келіп, 1 жасқа дейінгі 17 бала шетінеген. Жыл басынан бері туылған бала саны 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 55 балаға артып отыр. Сонымен қатар, туберкулезбен алғашқы рет ауырғандар саны 7 адамға азайған.

Халықаралық Аралды құтқару қоры арқылы жыл көлемінде Беларан, Құланды және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріне 3 жедел жәрдем автокөліктері алынды.

Денешынықтыру және спорт саласында жыл басынан бер 139 іс-шара өткізілді. Ауданда спортпен шұғылданушылар халықтың 25,07 пайызын құрап отыр.

Жыл көлемінде аудан спортшылары ҚР чемпионаттарында 28 медальге ие болды: 5 алтын, 12 күміс және 11 қола. Сондай-ақ, 1 спортшы «Спорт шебері» нормативін, 7 спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындады.

Осы орайда, айта кететін жағдай, жерлесіміз Н.Сәлімгереев Астанада өткен «Қазақстан Барысында» облыс намысын қорғап, «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алып, жеңіл автокөлік иеленді. Сонымен қатар, Павлодар қаласында өткен «Павлодар Барысы» республикалық турнирінде түйе палуандар сайысында бас жүлдені жеңіп алып, Lada (ВАЗ) Granta автокөлігін жеңіп алды.

Биылғы жылы ат бәйгесіне аса мән беріліп, 5 елді мекенде ат жарыстары өткізілді. Сонымен қатар, жанашыр азаматтардың демеушілігімен Арал қаласында жаңа ипподром пайдалануға берілді.

2015 жылы ауданда БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 4 жоба іске асырылды. Олар Шижаға және Аманөткел елді мекендерін жарықтандыру, Аралқұм және Аманөткел елді мекендерінде тапшылатып суару құрылғыларын орнату жобалары.

Қаржылық жағдай. 2015 жылдың 1 желтоқсанға бюджетке жалпы салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің түсімі 1959,5 млн. теңгені құрады (болжамға 122,0 пайыз). Оның ішінде: аудандық бюджетке түскен түсімдер 1385,4 млн. теңгені (болжамға 119,0 пайыз).

Бюджет кірісі есепті мерзімде 8091,6 млн теңгені құрап, 102,7 пайызға орындалса, бюджет қаржысының игерілуі 99,7 пайызды құрады.



Құрметті аралдықтар!

Бүгінгі есепті кездесудегі сөзімді қорытындылай келе алдағы уақытта халықтың сын-ескерпелеріне, ұсыныс-пікірлеріне сәйкес нақты жұмыстар атқарылатындығын айтқым келеді. Оның ішінде, ең бастысы дағдарыстың әсерін барынша бәсеңдету, кәсіпорындарда қысқартуды болдырмау, бағаны тұрақтандыру басты назарда болмақ. Сонымен қатар, тұрақтылықты қалыптастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, салық түсімдерінің көздерін арттыру, өндірісті, кәсіпкерлікті дамыту.

Елбасының Жолдауын, 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын іске асыру жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ, жыл көлемінде өз шешімін табуға тиісті төмендегі бірқатар жұмыстарды назарларыңызға ұсынамын:

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының ІІ фазасын бастау;

Арал қаласын газдандыру жұмыстарын аяқтау;

Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Жұмыстан қысқарту, жалақыға қарыздарды болдырмау;

Басталған әлеуметтік сала нысандарының құрылыстарын аяқтау. Бюджет қаражаты есебінен атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы және уақытылы аяқтау;

Сексеуіл, Қамыстыбас, Шижаға елді мекендерін тіректі елді мекендер есебінен дамытуды жалғастыру;

2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру. Өндірістік аймақ (индустриалдық парк) құру жұмыстарын жалғастыру;

Абаттандыру жұмыстарын жүргізу;

Жолдарды жөндеу жұмыстарын атқару;

«Қамыстыбас-Арал» демалыс аймағын құру жұмыстарын жалғастыру.

Мұнымен қоса, шағын қалалардың қатарына енген Арал қаласын 2016-2030 жылдар аралығында дамытудың кешенді жоспарын іске асыру жұмыстары жүргізілетін болады.


НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА РАХМЕТ!



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет