2. Машанов еңбетеріндегі Әл-Фараби
1971 жылы Мәскеуде өткен халықаралық конгрестің мәжілісінде Батыс пен Шығыс ғалымдарының бәрі араб ғалымы деп білетін әйгілі Әбу Насыр әл-Фараби арабтың да, түріктің де ғалымы емес, қазақтың тікелей бабасы болғаны бұлтартпастай дәлелденген еді. Сонда әл-Фарабидің қазақ екенін әлем ғалымдарына мойындатқан геолог ғалым Ақжан Машанов болатын. Ғұлама ғалым әл-Фарабиді зерттеуге бүкіл ғұмырын арнады. Әл-Фарабидің қыпшақ перзенті екендігін ғылыми ортада әйгілеген еңбек – А.Машанидың 1961 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысы» журналында жарияланған «Әл-Фараби еңбектері туралы» мақаласы болатын.
Екі тарауды – «Жаратылыстану ғылымының тарихы» және «Физика-математика ғылымы тарихы» тақырыбын қамтыған осы «Библиографиялық көрсеткішке» әл-Фараби туралы мәліметтер кірген. 1-тарауға М.Хайруллаевтың өзбек тіліндегі, ал 2-тарауға Б.А.Розенфельдтің орыс тіліндегі, А.Ирисовтың өзбек тіліндегі және А.Ж.Машановтың қазақ тіліндегі мақаласы кірген.
Дегенмен, осы көрсеткішке кірген, сонымен қатар Ақжан әл-Машани мақаласында атап өтілген Э.Кольманның, С.Н.Григорян, Ысқақовтың мақалаларында әл-Фараби туралы айтылса да, тұлғалардың (персоналий) алфавиттік көрсеткішінде аталып өтпегендігін айқын көруге болады. Осы библиографиялық көрсеткішке енген, Қазақ КСР ҒА «Хабаршысында» басылым көрген мақаласынан Ақжан әл-Машанидің айтып өткен олқылықтың орнын толтырған көрегендігіне қайран қаласың. Атап айтсақ, автор мақаласында: «Кейінгі кезді алатын болсақ, Фараби туралы біраз сөз Э.Кольманның еңбегінде (Алматы, 1942), С.Н.Григорянның еңбектерінде (Москва, 1958, 1960), М.Ысқақовтың 1960 жылы Алматыда шыққан «Қазақтың байырғы календары» атты еңбегінде едәуір мәліметтер келтірілген. Осы ақпараттың ізін суытпай, «Библиографиялық көрсеткішті» парақтасақ: Э.Кольманның көптеген еңбектерімен қатар, №653 тізімінде «Григорян С.Н. С прил. избранных философских произведении Фараби» деп әл-Фарабидің үш трактатының атауы, аудармашылардың аты-жөні көрсетілген. Ал №1597 тізімде М.У.Искаков ақпаратын оқып, таң-тамаша боламыз.
Енді Ақжан әл-Машани мақаласының мазмұнына тоқталып өтейік. Біріншіден, автор ерте замандағы Орта Азия ғалымдарының ең көрнектілерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы Сыр-Дария бойындағы Отырар қаласында туғанын, ол қаланың өз заманында ірі мәдениет орталығы болғанын атап өтеді. Әбу Насыр бастауыш мектепті өзі туған қалада оқып бітіріп, сонан кейін Иранда, Хорасанда болып, өзінің ана тілі – түркі тілімен қатар парсы, хорасан тілдерін үйренген соң, сол кездегі дүниежүзілік ғылым орталығы болған Бағдатқа келіп, арабша, латынша, грекше меңгереді деген мәлімет келтіреді. Әл-Фарабидің 80 жасында қайтыс болып, Дамаскіде жерленгенін атап өтеді. Араб тілді ғалымдар Әл-Фараби тірі кезінде де, өлгеннен кейін де оны өздерінің ұстазы деп білген, оның еңбектерін Орта Азия ғалымдарының жоғары бағалағанына тоқталған. Әл-Фарабидің қандай ғылымдар саласын зерттегені, кейінгі ғасырлардағы Әл-Фараби еңбектерінің неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылып, зерттелгені туралы атап өткен. Осы күні бәрімізге таныс бұл ақпараттың ең тұңғыш жаршысы, әл-Фараби мұрасын зерттеушісі Ақжан Әл-Машанидің ХХ ғасырдың 60-жылдары айтқан мәліметі сол кезеңде еліміздің, ұлтымыздың ұл-қыздарына үлкен серпін, қуаныш, руһ берген болатын! Ақжан әл-Машанидің осы мақаласынан: «Фараби ғылымның бірнеше саласымен, атап айтқанда, астрономия, математика, медицина, ботаника, химия-минералогия, география, философия, лингвистика, логика, тарих, музыкамен шұғылданған. Ол ежелгі грек ғалымдарының, әсіресе Аристотельдің Категория, Герменевтика, Аналитика, Софистика, Риторика, Поэтика, Логика, Метафизика, Этика туралы еңбектеріне талдау жасап, оларға түсіндірме (комментарий) жазған. Фараби өзінің көзі тірісінде-ақ «Бірінші ұстаз» Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деген құрметті атқа ие болады».
Ақжан әл-Машанидің мақаласынан шет тілдерге аударылған әл-Фараби еңбектері туралы маңызды мәлімет аламыз. Атап айтқанда, Б. Дерлангер өзінің «Араб музыкасы» атты француз тілінде шыққан еңбегінде Фарабидің «Китаби музыка ал-кабир» деген еңбегін толық келтірген. Фарабидің бұл еңбегі дүние жүзінде музыка жөнінде жазылған еңбектердің ең ірісі болып табылады. Немістің белгілі ориенталисі Диатереци 1890-1895 жылдары Лейденде Фараби жөнінде еңбектер шығарған және Фараби кітаптарының бірнешеуін арабша бастырған. Еуропа тілдерінде шыққан «Ислам энциклопедиясы» атты жинақтарда да Фараби туралы үлкен мақалалар басылған.
ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛЫ ҒАЛЫМДАРЫ (ІХ-ХІХ ғасырлар)
Орта Азия мен Қазақстан өздерінің көп ғасырлық тарихында адамзат қоғамының ғылыми және мәдени өміріне елеулі үлес қосты. Осы күнгі Орта Азия мен Қазақстан жерлерін мекендеген тәжіктер мен өзбектердің, қазақтар мен қырғыздардың, түрікмендер мен қарақалпақтардың, ұйғырлар мен дұңғандардың арғы ата-бабалары бір кезде мәдениетті адамдар болған. Көркемдік мәні зор көптеген материалдық заттар жасаған. Олардың арасынан ондаған ірі ғалымдар шығып, көптеген ғылыми жаңалықтар ашқан.
Археологтардың көрсетуінше және ескі Хорезмнің ұлы ғалымы Әбу Райхан Бирунидің айтуынша Орта Азияның ең ескі мемлекеттерінің бірі - ежелгі Хорезм ертеден-ақ үлкен мәдениет орталығы болған. Біздің жыл санауымыздан екі мың жыл бұрын мұнда архитектура, скульптура, бейнелеу өнері өте жоғары дамыған. Мұнда үлкен-үлкен кітапханалар болған. Араб шапқыншылығынан кейін де Хорезм Шығыстағы үлкен мәдениет ошағы болып қала берген.
Таяу және Орта Шығыстың көптеген қалаларында жалпы білім беретін мектептер, обсерваториялар, емханалар кітапханалар ашылды. Бұлардың ішінде, әсіресе Орта Азиядағы, Самарқан, Бұқар, Отырар қалаларындағы кітапханалар кітап қорының байлығымен көзге түсті. Олар, әдетте, хан сарайының жанында немесе мешіт пен медреселердің маңында болған. Ол кезде медресе діни оқу ормы болумен бірге, ғылыми-зерттеу жұмыстарының да орталығы болатын. Онда көрнекті ғалымдар сабақ беретін. В.В.Бартольдтың зерттеулеріне қарағанда алғашқы медресе Орта Азия жерінде (Хорасан мен Мавереннахрда) пайда болып, кейін басқа араб елдеріне тараған. Тарихшы Наршахидың айтуынша 937 жылдың өзінде-ақ Бұқарда Фарджек медресесі болған. Ал мұсылман елдерінің орталығы болған Бағдатта медресе тек XI ғасырдың екінші жартысында ғана пайда болған. Орта Азия медреселері тіпті XV ғасырдың өзінде де ғылым жаршысы болып келген. Бұған Самарқандағы Ұлықбек медресесінің жұмысы дәлел бола алады. Бұл медреседе Азияның алыс түкпірлерінен келғен адамдар оқыған. Онда Діни оқулармен қатар астрономия, математика, география, медидинаның негіздері де пән ретінде жүргізілген. Бірақ бұдан кейінгі жылдары мұсылман дін басылары медреселерді түгелдей діни оқу орындарына айналдырып жіберген. Ғылым негіздерін беретін пәндерді оқыттырмаған. Мұның өзі араб елдерінде ғылым мен мәдениеттің біртіндеп тоқырауына, ақыр аяғында мүлде құлдырауына әкеп соққан.
X ғасырда араб халифаты ауыр дағдарысқа ұшырады. Өйткені, сонау Пиреней түбегінен басталып Гималай тауларына дейін созылып жатқан аса үлкен территорияны билеп тұру оларға ауыр тиді. Орталық үкіметтің осы зәлсіздігіне байланысты араб мемлекеті бірнеше әкімшілікке ыдырап кетті де, жергілікті өкімет басына тұрғын феодалдар келді. Мәселен, осы кезде Орта Азияда Саманит мемлекеті құрылып, орталығы Бұқар қаласы болған. Саманит мемлекеті нағыз феодалдық мемлекет болды. Халқы қатты қанауға ұшырады. Алайда мұнда басқа аймақтарға қарағанда соғыс қиратып, бүлдіріп кеткен шаруашылықты қайта қалпына келтіруге аздап болса да жағдай туды. Ауыл шаруашылығы өркендеді. Қолөнер кәсібі жанданды. Ішкі және сыртқы сауда қызды. Мұның өзі ғылымның, әдебиеттің, архитектураның, бейнелеу өнерінің өркендеуіне негіз салады. Бұл кез Орта Азия тарихында саманиттер дәуірі деп аталған. Енді тәжік тілі мемлекет тіліне айналып, біртіндеп араб тілін ығыстыра бастады. Ғылым мен мәдениет орталығы осы күнгі Бұқар қаласы және оған таяу аймақтар болды. Бұқарда тамаша кітапхана мен аса бай кітап базары болатын. Бұларда Гераклиттен бастап Галенге дейін Греция мен Рим ғалымдарының ғылыми кітаптары сақталған. Бұл кітаптар Самарқаннан әкелінген қағазға жазылған. Самарқан ол кезде де қағаз өндірісінің орталығы болып қала берген.
Орта Азияның екінші бір ескі мемлекеті - Хорезмнің де ежелгі мәдениет орталығы болғаны мәлім. Арабтар үстемдігі жойылғаннан кейін мұнда да өнер-білім қайта қаулап өсті. Хорезм мемлекетінің қаласы Үргеніш те ол кезде Орта Азиядағы ең үлкен мәдениет орталығының бірі болған. Онда дүние жүзіндегі аса бай кітапхана болған. Хорезм шаһтары ғылымға қамқорлық жасап, басқа қалалардан ғалымдар шақырған. Мәселен, II Мамун шаһтың тұсында (1010-1017 жылдары) мұнда «Мамун академиясы» деген ғылыми орталық ашылады. Оны өз заманының ұлы ғалымы Әбу Райхан әл-Бируни басқарады. Академия жұмысына сол заманның көрнекті ғалымдары Әбу Нәсір ибн Ирак, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Сахиль Мәссих, Әбілхасан ибн әл-Хуммар, ибн Мускәуайх және басқалар белсене қатысады.
Достарыңызбен бөлісу: |