Есімді сөз тіркестері — сөз тіркесінің басыңқы сыңары есім сөз болып келетін түрі. Мұндай сөз тіркесінің ұйытқы сөздері (басыңқылары), негізінен, зат есім және сын есім, сан есім сияқты есім сөздер болады да, бағыныңқы сыңарлардың қызметін есім сөздердің бірі немесе етістіктің есімше түрі атқарады: “қалың тоғай”, “жақсының сөзі”, “екінің бірі”, “оқылған кітап”.
Есімді сөз тіркестерінің сыңарлары қабыса, матаса, меңгеріле байланысады. Байланысу формаларының бір-бірінен елеулі айырмашылықтары болуымен бірге, байланысудың бір формасының да өз ішінде ерекшеліктері болады.
Қабыса байланысқан есімді сөз тіркестері, зат есім мен зат есімнің тіркестері түрінде (“алтын сақина”, “темір пеш”, “бір үйір жылқы”, “бір үзім нан”, “қалта сағат”), сын есім мен зат есімнің тіркесі түрінде (“жақсы дос”, “сұлу әйел”, “ақ қағаз”, “аласа бойлы азамат”, “ат жақты жігіт”), сан есім мен зат есімнің тіркесі түрінде (“оныншы сынып”, “отыз студент”, “он шақты қой”, “бес-алты дәптер”), есімше мен зат есімнің тіркесі түрінде (“көрінген тау”, “сөйлейтін адам”, “орылған шөп”), есімдік пен зат есімнің тіркесі түрінде (“мына үй”, “ана жол”, “нешінші пәтер?”, “барлық халық”, “өз еңбегі”), үстеу мен зат есімдердің тіркесі түрінде (“қазір осында”, “бүгін көңілді”, “әлі тып-тыныш”) кездеседі.
Матаса байланысқан есімді сөз тіркестері байланысудың табиғатына сай ілік септігіндегі сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің тіркесі болып шығады (“қораның шатыры”, “құстың сұлуы”, “отыздың екеуі”, “менің әкем”).
Меңгеріле байланысқанда басыңқы мен бағыныңқы сыңарлардың септік (іліктен басқа) жалғаулары арқылы тіркеске түсетіні белгілі (“жанға бай”, “жақсылыққа үйір”, “сенімен тұстас”, “сайлауға әзірлік”). Осының барлығынан да сын, сапа, меншіктілік сияқты синтаксистік мағыналар туындап отырады.
https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%95%D1%81%D1%96%D0%BC%D0%B4%D1%96_%D1%81%D3%A9%D0%B7_%D1%82%D1%96%D1%80%D0%BA%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%B5%D1%80%D1%96
https://stud.kz/referat/show/81655
Сөз тіркесінің түрлері. Етістікті тіркес
Сөз тіркесі жөнінде жүйелі зерттеулердің қалыптасып дамығанына көп болған жоқ. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерде тек сөйлем мүшелерін, олардың байланысын, орын тәртібін көбірек сөз қылды да, ал сөз тіркесіне байланысты мәселелер онша ауызға алынбады. Түркі тілдерінің сөз тіркестері тек кеңес дәуірінде ғана зерттеліне басталды. Орыс тілінде сөз тіркестерін тұңғыш қолға алған В.В. Виноградов сөз тіркестерінің түрлері, байланыс формалары және олардың құрылысы тіл білімінің ең басты бөлімі екендігін айтады.
И.П. Мелиоранский «Краткая грамматика казах-киргизского языка» деген еңбегінде сөз тіркесі туралы арнайы тоқталмағанымен, «Простое предложение» деген бөлімінде бастауыштың баяндауышпен қиыса байланысатынын дұрыс көрсеткен» — деп тұжырым жасайды зерттеуші Түймебаева Н. Ал септіктерге жеке-жеке тоқтай келіп, онда әрбір етістіктің мағыналық топтарының қайсысы қандай сөздерді меңгеретінін анықтаған. Меңгеру туралы айта келіп, онда үміттену, берілу, бағыну, келісу, мақтану, күлу, шыдау, жылау, мұқтаж болу т.б. етістіктер барыс жалғаулы сөздерді меңгеретінін дәлелдеген. Ал қабыса байланысу туралы ешбір сөз қозғалмайды. Бірақ автордың «Определение» деген бөліміндегі мынадай мысалдар: «ақ тас – белый камень; жақсы кісі – хороший человек; үшінші жыл – третий год» дегенде сөздердің қатар келіп, орналасатынын сөз етеді. Мұның өзі қабысу терминінің жалпы орыс тілінде де көп уақытқа дейін енгізілмеу себебіне байланысты ма деп ойлауға болады.
Сонымен қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерге сөз тіркесі, оның байланысы формалары жалпы болса да айқын жіктелмей келді.
«Қазақ тілінде сөз тіркестері арнайы түрде тек ұлы қазаң төңкерісінен кейін, онда да 1930 жылдан бастап сөз бола бастады» деп тұжырымдайды Сайрамбаев Т.
Мұны ең алдымен Қ. Жұбанов сияқты ғалымдарымыздың еңбектерінен айқын көруге болады. Ал Қ.Басымовтың «Сөйлем мүшелері туралы»,«Пысықтауыш» т.б. мақалаларында тек бастауыш пен баяндауыштың қиысуын ғана сөз еткені болмаса, олардың басқа байланысу формаларына арнайы тоқталмаған.
Сөз тіркесі туралы мағлұмат мектеп грамматикаларында тек 1939 жылы беріле бастады. Бұл ретте С. Аманжолов, С. Жиенбаев, Т. Сауранбаев т.б. еңбектерін атауға болады.
Әрине онда дәл қазіргідей сөз тіркестері деп аталмағанмен, әркім өзінше сөздер тізбегі, сөздердің қарым-қатынасы, сөздердің байланысы деп көп уақытқа дейін әртүрлі айтып келгені белгілі.
Қазақ тілі синтаксисі туралы арнайы зерттеу жүргізген С. Аманжоловтың сөз тіркестері туралы өзіндік пікірлері болды. 1940 жылы «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» деген еңбегінде де сөз тіркесі туралы арнайы тоқталғандығы белгілі. Онда автор «Сөйлем мүшелелерінің өзара қарым-қатынастары» деп оларды беске бөліп қарастырады: қиысу, жанасу, қабысу, меңгеру — меңгерілу және бесінші етіп сөйлем мүшелерінің орын тәртібін де осыған енгізеді. Автордың алғашқы төрт түрін қостағанмен бесіншіні, яғни «сөйлем мүшелерінің орындары» дегеніне қосылуға болмайды.
Бұл еңбек 1950 жылы түзетіліп қайтадан басылды. Онда арнайы түрде сөйлемдегі сөздердің (сөйлем мүшелерінің) қарым-қатынасы, меңгерілу, қабысу және жанасу деп төртке бөліп дәлелдейді.
С. Жиенбаев «Синтаксис мәселелері» деген еңбегінде сөйлем мүшелерінің байланысу формалары туралы арнайы сөз етпейді. Онда автор «жай сөйлемнің синтаксисі, құрмалас сөйлемнің синтаксисі» — деп сөз тіркесінің синтаксисін жеке қарастырмайды. Алайда ол еңбектің «синтаксистік кейбір мәселелері туралы» деген бөлімінде «Қиысу туралы» арнайы тоқталып, өзіндік тұжырымдар жасайды. Мұның өзі авторлардың бұл мәселеге аз да болса көңіл аударғандығын аңғартады. Ал «сөйлемдегі сөздердің байланысы туралы» деген бөлімінде автор байланысу формаларынан гөрі байланысу амалдарына назар аударғысы келеді.
Бұл еңбектерде сөз тіркесі айтылғанымен олардың толып жатқан заңдылықтары, атап айтқанда байланысу формалары мен амалдары, түрлері, оның синтаксистік қатынастары арнайы сөз болып қозғалмайды. Бұл жөнінде жалпы түркология, оның ішінде қазақ тіл білімінде көптеген жұмыстар жазылып және одан әрі зерттеліп жатқаны да белгілі.
Жалпы сөз тіркестерін зерттеу тек 1950 жылдардан кейінгі уақытта ғана бір жүйеге келе бастады.
Отандық тіл ғылымында сөз тіркесі синтаксисі мәселесі жөнінде Н.К. Дмитриевтің, А.Н. Кононовтың, Е.И. Убрятовалардың еңбектері жарық көрді. Олар қиыса, қабыса және меңгеріле байланысқан сөз тіркестері түрінде сипаттайды. Қазақ тілі білімінде сөз тіркесі (сөйлем мүшелерінің байланысы) 1950 жылдарға шейін тек мектеп грамматикаларының көлемінде айтылып келеді. Онда да сөз тіркесінде толық анықтама беріп оның түрлі жақтарын егжей-тегжейіне дейін зерттеген ешкім болған емес. Сөз тіркесінің зерттелуі тек кейінгі кездің жемісі болып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |