Сұрақтар: Эпос тегінен тарайтын жанрлар; Жанрлық алмасулар табиғаты; Поэма жанрының теориясы. Тапсырмалар



бет2/3
Дата27.04.2024
өлшемі26.98 Kb.
#499964
түріПоэма
1   2   3
11 Срсп. Әдебиет теориясы

2.Жанрлық алмасулар табиғаты;
Әдебиет теоретигі В. Е. Хализев лирикада (дифирамба) ақын өз атынан сөйлеуі және шығарманы кейіпкерлердің пікір алмасуына құруы, ақын сөздерінің кейіпкерлер сөзіне араласпауы трагедия мен комедияға тән болуы жөніндегі, өз сөзін кейіпкерлер сөзімен біріктіруі әрі арасында өз атынан сөйлеуі эпосқа тән екендігі жөніндегі Сократ пайымдары Платонның
«Мемлекет» деген еңбегінде тұжырымдалғанын пайымдайды. Аристотельдің «Поэтика» еңбегіндегі пайымдарының осыған ұқсастығы танылады. Л.И.Тимофеев текті композициялық ерекшеліктеріне қарай ажыратады. Жанрды тек деп түсіндіреді, ал жанрлық формаларды «вид» деп атайды. Ол үш түрлі тек (жанр)бар деп: 1. лиро-эпикалық жанр 2. көркем-тарихи жанр 3. сатира. Эльсберг те сатираны өзінше текке жатқызады. Н.П. Утехин – түрше (вид) дегенді айтқан. Б.В.Томашевский «Поэтика литературы» (М,1989) деген еңбегінде композиция құраушы тәсілді доминант (басты) ретінде қарастырады. Доминанттар жиынтығы –жанрдың құрылуының айқындау сәті деп санайды. Бұл да үшке бөледі: 3-шісі баяндау жанрлары. М.Н. Эпштейннің пікірі Хализевке жуық болса, Днепров сияқты ғалымдар романды әдеби тек деп санайды. Б.В. Томашевский де текті үшке бөліп, үшіншісіне баяндау жанрларын жатқызады. Зерттеушілердің пікірінше, қазіргі әдебиеттануда жанр текке бөлудің екі принципін жүйелеуге болады.

3.Поэма жанрының теориясы.
Жалпы ішкі мазмұндық сипатына, немесе композициялық құрылымына қарай, әлемдік әдебиеттану тәжірибесінде поэманы сюжетсіз лирикалық, публицистикалық және сюжетті поэмалар деп бөлу үрдісі бар. Поэзия жанрына жатады дегенімізбен, поэманың ұзақ та қысқа өлеңдерден, лирикалық балладалардан айырмашылығы – көлемділігінде, қамтитын оқиғаның ауқымдылығында, нақты құрылған идеясы мен сюжеттік жүйесі болуында. Сонымен бірге поэманың өзіне тән ырғағы, ұйқасы, мазмұны, түрі, динамикасы болатындығын да ескерген дұрыс. Поэма туралы анықтамалардың өзі де сан алуан, әрі бірізді емес. «Сюжетті поэма оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді. Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты».
Поэманың негізгі құндылығы – оның көлемінде емес, өлеңмен жазылғандықтан, поэзияға тән ұтқырлық пен айқындыққа құрылған көркем поэтикасында, оқырманға әсерлілігінде.
Жазба әдебиетте поэманы тектік тұрғыда эпостық, лирикалық, драмалық деп бөлу үрдісі (аристотельдік-гегельдік теория) ежелден қалыптасты. Стильдік әдіс тұрғысында, яғни өмір шындығын бейнелеу қалпына қарай реалистік, фантастикалық, романтикалық, психологиялық, педагогикалық поэмалар туып қалыптасқандығын белгілі бір қоғамның даму кезеңдеріне, ондағы сұраныс пен таным-түсініктерге негізделгендігімен түсіндіруге болады. Кеңестік дәуірдегі коммунистік мұраттарды жүзеге асыру жолындағы ұраншыл пафосқа құрылған «қызыл жалынды» поэмалардағы өмір шындығын бейнелеу тәсілі бұған мысал болады. Ал романтикалық дастандарда күнделікті өмірдегі ұсақ-түйек хал-ахуалға көңіл бөліне бермейді. Мысалы, қазақ эпостарының сонау ежелден бергі үздіксіз ұласқан романтикалық үрдісін тартымды жалғастыра білген Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянынан» өз әулетінің бақытын туған халқының ар-намысы жолында құрбан етуден тайынбайтын, рухы күшті, нанымды қаһарманды көреміз.
Поэманың барлығы сюжетті бола бермейді. Қазақ әдебиетіне тән толғау жанрының кейбір көлемділерінен лирикалық сезім басты орынға шығатын, аз көлемді сюжетсіз поэма сипаты көрініс тауып жататындығын айқын. Бұл Қазақ хандығы тұсында өмір сүріп, шығармашылығымен танылған көптеген ақын-жыраулар толғауларына тән құбылыс.
Поэма жанрының теориялық негіздері жөнінде академик Зейнолла Қабдолов мынадай тұжырым жасайды: «Поэма – …өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан-алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипатты өлеңмен суреттеу. Поэмалар түрлі-түрлі: сюжетті поэмалар да, сюжетсіз поэмалар да болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары да әралуан: эпикалық образ да, лирикалық образ да, реалистік образ да болады.
Поэма – қазіргі қазақ поэзиясындағы мол өркендеп, кең өріске шыққан шешуші жанрлық түрлердің бірі». Поэма жанрын ұлттық әдебиетіміз ауқымында жіктеп, саралауда әлемдік әдебиет теориясының зерттеу үрдісін көзжұмбайлықпен қотара салуға болмайтын көптеген жағдаяттар болса, соның бірегейі – жоғарыда атаған, ұлттық әдебиетімізге ғана тән толғаулар мен дастандардың, қиссалардың болуы. Поэма жүгін көтеріп тұрғандықтан, Еуропа әдебиетінен келген балладалардың да ара-жігін ажырату кейде қиынға соғып жатады. Авторлардың да балладалық деңгейдегі жүк көтеріп тұрған туындысын поэма дей салатыны ара-тұра көрініс тауып қалып жататынын көріп жүрміз.
Сюжеттік-композициялық түріне қарай фольклорлық сюжеттерге және нақты оқиғаларға құрылатын дастандар қазақ әдебиетінде ежелден орын алып келді және Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақыт Үлімжіұлы сияқты ақындар шығармашылығынан осы екі түрді де байқауға болады.
Поэманың басқа әдебиеттік жанрлардан ерекшелігі – оның оқушы эмоциясын біртіндеп емес, бірден баурап алуында. Поэма өзінің ырғақ, ұйқасымен, мазмұны, түрімен, сырлы да терең идеясымен, өзіне тән сазды әуезімен, шабытты динамикасымен ерекше.
Өзекті де өмірлі поэмалардың бірі – Жұбан Молдағалиевтың «Жыр туралы жыры». Бұл поэмадағы Жұбанның шеберлігі айқын байқалады. Аз ғана өмірі күреспен өткен жауынгер ақын Жәлелдің қысқа өмірін шап-шағын поэмаға шебер сидыра білуінде. Сыйдырып қана қоймай, өлім алдында тұрған ардагер ақынның алып тұлғасын жасап береді. Ешқандай сюжетсіз-ақ жасай білді.
Қазіргі поэма жанры тақырып түрлілігімен, дәуір, ұлт рухын берумен, өткен оқиғаларға өз бағасын айтуымен ерекшеленеді. Жазба әдебиет дамуының өне бойында поэма әдебиеттегі бірден-бірі жетекші салаға жетеді. Өзінің жанрлық мүмкіндігіне қарай, поэма әр түрлі көркемдік құрылымына қарай жіктеледі:
Халықтың ауызша творчествосының негізінде туған бір тапты не бүтін халықты қызықтырарлық мәні зор оқиғаны жыр еткен, өлеңмен жазылған ірі шығармалар эпостық поэма деп аталады. «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» эпостық поэмаға жатады. Бұл поэмалардың қайсысын алсақ та, сол кездегі көшпелі мал шаруашылығымен тіршілік еткен елдерге қоныс мәселесінің үлкен мәні болғандықтан туғаны байқалады.
М. Мақатаевтың пікірінше, бұл поэмадағы негізгі роль ойнап тұрған тартымды сюжет емес, мазмұны мен лирикалық динамикасы, күрделі логика.
Ж.Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасын қарасытрсақ, бұл да сюжетсіз. Яғни, публицистикалық поэма. Көңіл толқынысымен ширатыла келген ой-түйін. Сюжетсіз поэма болса да сезіммен айтылған. Ақынның тарихи оқиғаны жырлап отырғаны, өткен өмірдегі ащы шындықты сездіретіні сезіліп тұр.
Ақын өлеңі ойға да, көңілге де қонымды, оралымды. Шығармадан асқақтықты, жалынды, шыншылдықты бейнелейтін сөз құдіретін көреміз. Ақын өміріндегі сәтті шығарма деп есептелетін бұл публицистикалық туынды – қуатты лирика. Яғни, пулицистикалық болуымен қатар лирикалық толғау.
Поэманың екінші түрі сюжетті поэма. Тарихи тақырыпты жырлауда қыруар шығармашылық ізденістер жасап, көп еңбек сіңірген үлкен эпиктердің бірі – Қалижан Бекхожин.
Қ.Бекхожиннің келесі сюжетті поэмасы «Батыр Науан». Бұл туынды Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылдығына қарсы батырлық күресіне арналған көрнекті шығармасы. Сюжетті желіске құрылған оқиға Ақмет төренің қиғылығынан басталады. Мал айдап әкету, қарақат көз сұлулардың қара шашын төгілтіп, зарлатып әкету жексұрын істерімен танылады. Осындай олқы ісімен бір жігіттің жарын өңгеріп алып кетіп, жардың ері Кенеге келіп жарынан айырылып қалған жайын айтып бұлардан көмек сұрайды. Ақметтің ауылына түн уақытында бейқам отырған жау үйіне кіріп барады. Аяққа жығылған төренің басын алды, офицерді арқандап, сұлу соңына ерді. Сұлуды жан-жарына қосып, екеуін Науан жөніне жібереді. Атына офицерді өңгеріп алып, «Абылайлап» айғай салады. Наурызбай офицерді талға байлап, өзі қайта айғайлап жауға қарсы шапты.
«Батыр Науан» - халқының адал перзенті азамат ақынның жүрегінен жарып шыққан, шын тебіреніске толы жігерлі, шабытты туынды. Ол қазақ халқының қас дұшпаны зұлым да жауыз отаршылыққа қарсы қаһармандықтың көркем шежіресі іспетті. Поэмада патша отаршыларының жер қайысқан қарулы солдатпен келіп, бейбіт қазақ ауылын аяусыз қанды қырғынға ұшыратуы жан тебірентерлік жыр жолдармен суреттелген. Шексіз зұлымдықтың иесі отаршылдарға қарсы Кенесарының інісі күресі, батырлық қимылдары оқырманның айызын қандырып отырады. Халық батыры Наурызбайдың поэмадағы өр тұлғасы – ақынның биік көркемдік табысы болып шыққан. Поэманың тілі де шұрайлы. Бастан-ақ ақынның құдіретті шабытымен толғанған поэманың көркемдік ежелгі қас дұшпанына қарсы ерлік күрестің шынайы шежіресіндей болып шыққан «Батыр Науан» қазақтың эпикалық поэзиясының тарихындағы аса көрнекті шығармасы.
Поэманың және бір түрі – лиро-эпостық поэмалар. Лиро-эпостық поэмаларда эпостың элементі де, лириканың эле менті де болады. Әсіресе лирикалық жақтары басым келеді. Батырлар жырында негізгі тақырып – патриоттық. Суреттейтіні, дәріптейтіні ерлік, батырлық болса, ал лирикалық жырда көбіне тақырыбы сүйіспендік, дәріптейтіні сүю жолындағы қаһармандардың басынан өткізген қиыншылықтары болады. Мысалы, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш», «Айман–Шолпан», т.б. Бұлардың кейбір жерлері александрлық романға да дәл келіп қалады.
Поэманың ерекше бір түрі – сюжетсіз поэмалар. Сюжетті поэмадан ерекшелігі – сюжетсіз поэмалар адамдардың араларындағы тартысты емес, сол тартыстардан туындайтын нәтижені образдап көрсетеді. Дегенмен, сюжетсіз поэма жазу – бұл кез келген ақынның қолынан келе бермейтін, үлкен шеберлікті қажет ететін күрделілік. Қаламгер кейіпкер күресінің нәтижелерін ықшам әрі қызықты етіп бейнелей алмаса, ой қайталаушылыққа ұрынып, шығармасы жалаң схема қуушылыққа айналады да, сенімсіз, өлі туынды болып шығады. Жалпы поэма дегеннің өзі сюжеттердің шеберлікпен қиюласқан тізбегі екендігін мойындағанымыз жөн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет