ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА
(Әдеби-сазды кеш)
Безендірілуі: Кітапхананың оқу залы. Мұғалімдер күніне арналған “Ұстаздарым, думан болсын әр күнің” атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Плакатқа жазылып нақыл сөздер, түрлі-түсті шарлармен ілінеді, гүлдермен әсемделінген.
Қатысатындар: Жүргізушілер, оқушылар
Жүргізуші: Құрметті Ұстаздар! Сіздерді мұғалімдердің кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. “Ұстаз – ұлы тұлға” атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.
Ұстаз!
Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш “Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Бірінші оқушы: Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр.
Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төкті десеңізші! Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!
Екінші оқушы: Айтсаң, жеткіншектердің жүрегіне ізгілік сепкен, тәрбиелеген мұғалімнің еңбегін айт! Шынында, ұлы да ұлағатты еңбек емес пе?!
Үшінші оқушы: Әр жылдың қыркүйек айында ұстаздар өзінің сүйікті шәкірттерімен жүздеседі. Мектептің маңдайшасындағы “Хош келіпсіздер!” деген сөздерден ұстаздардың дарқан жан дүниесі аңғарылады. Қоңырау үні сыңғарлай естіледі. Кішкентай бүлдіршін күліп қойып, жез қоңырауды соғып тұр. Ол үшін бұл жай ғана қоңырау емес, қол бұлғап, алға қарай шақырған өмір қоңырауы іспетті.
Барлығы хормен:
Қоңырау үні үзілмесін, ұстаз! Әуелей берсін, әсем сазды жез!
Қоңырау үні! Еңбегің жансын, сүйікті мұғалім! /Осы сөздер айтылып жатқанда қалған оқушылар сахнаға шығып, бастаушылардың артына тұра береді. Хормен “Ұстазым” әні орындалады.
Бірінші оқушы: Білімнің кәусар бұлағын
Жүресің құйып санама
Біз үшін сенсің, мұғалім,
Ұстаз да, ғалым, дана да.
Екінші оқушы: Қыр-сырын зерттеп заманның,
Ұлылығын айтып бабамның
Өнеге, өріс беретін
Барометрі сенсің адамның.
Үшінші оқушы: Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан
Келіп тұр жолдап сәлемін!
Төртінші оқушы: Өмірдің ұғып тереңін,
Өркен жайған қауымым
Қабыл ал жүрек сәлемін,
Құлақта сенің әр үнің!
(Бір оқушы мұғалімдерге арнап ән орындайды)
Бесінші оқушы: Ұстаздардың ұлағатты сөзінен,
Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.
Ұстаздардың мейірімді көзінен,
Бізге деген жылылықты табамыз.
Алтыншы оқушы: Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Жетінші оқушы: Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,
Жансыздар әлдилеген шуақты арман.
Жатталсын есімдерің жан жүректе,
Адамның аяулы әні сияқталған.
Сегізінші оқушы: Жүрегіміз түкпірінен ән қылып,
Шырқай оған айттық біздер тілекті.
Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік,
Тербетеді сезім менен жүректі.
Тоғызыншы оқушы: Бірге өсіп, ен жайлаған ұл менен қыз,
Асыға сәлем жолдап жүректен біз.
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
(Бір-екі ән, немесе би биленеді)
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Белгілі жазушы, ұстаз,
сықақшы Әдібай Табылды ағамыздың
“Ұстаздық оңай ма?”
атты скетчінің көрінісін қабыл алып,
тамашалаңыздар!
Қатысушылар: Әділет – еңбек ардагері, Тәлтік – жас мұғалім.
Сахнаға Әділет шығады.
Әділет: Амансыңдар ма, ардақты шәкірттерім менің?!
Шат-шадыман болып, Тәлтік келеді.
Тәлтік: Ассаламалайкум, ағай! Сәләмет саусыз ба? Денсаулығыңыз...
Әділет: Кел, айналайын! Әке-шешең аман ба? Қандай жаңалығың бар?
Тәлтік: Бәрі жақсы, ағай... Мен өзіміздің мектепке мұғалім боп келдім.
Әділет: Өз ауылыңа келгенің жақсы бопты. Келген қадамың құтты болсын!
Тәлтік: Ағай, осы... ауылға, атаға бөлу, меніңше, дұрыс емес...
Әділет: Мен ауылға, атаға “бөлейін” деп тұрған жоқпын. Өз ұстаздарыңның мұрагері болғаныңа қуанып тұрмын.
Тәлтік: Ағай, өзіңіз білесіз, мені бастауыш сыныпта республикаға белгілі Тәлім ағай тәрбиеледі емес пе?
Әділет: Білем...Білем... Тәрбиең жаман болған жоқ...
Тәлтік: Баста білім бар, диплом қалтада! Енді ұстаздық істің қызығын көрсек деп, салып-ұрып жүрміз, ағай.
Әділет: Сабыр ет, балам! Саған айтарым: сен шәкірттеріңнің алғашқы үш сынағынан мүдірмей өтсең, нағыз ұстаз боласың.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Хи- хи- хи! Менен сынақ алатын кім олар, ағай?!
Әділет: Күлме, балам! Жеңіл күлкі жетесіздік болады. Сынақ...
Тәлтік: Ол қандай сынақ, ағай, айтыңызшы?!
Әділет: Сен алғашқы сабаққа барғанда, біріншіден, киген киімің шәкірттер жиіркенбейтіндей, үстіңе қонымды, бойыңа жарасымды болсын. Екіншіден шәкірттерің қандай сұрақ қойса да, оларды қақпаламай, қанағаттандыра жауап бер. Үшіншіден, олардың әуелгіде әдейі көрсеткен оқыс қылықтарына шыдап, сабырлылықпен тәлімді тәсіл қолдана біл...
Тәлтік: Ағай, амандық болса, бұл сынақтардан “қолпарақсыз -ақ” өтем!
Әділет: Егер ең алғаш жеңіл мінез көрсетсең, оқушылардың оғаш қылықтарының оты қаулап кетеді.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Қойыңызшы, ағай... Олар, сонда, қандай қылық көрсетеді?! Ұлағатты ұстазын сыйлай алмаған шәкірт оңа ма?!
Әділет: Алғаш жеңіл мінезіңді байқап қалса, кластағы отыз оқушы, отыз түрлі қиқарлық көрсетуі мүмкін.
Тәлтік: Оқушыларды сонша сорақылыққа жібере қоймаспын, ағай...
Әділет: Шәкірттер шәлду-бәлду сөзді, шыдамсыздықты ұнатпай, шулап кетсе, ақылың таусылып, жүйкең құриды, масқара боласың.
Тәлтік: Хи-хи-хи! Бірден жүйкем құрып не бопты сонша!
Әділет: Сынып – сиқырлы драма орны. Онда кездейсоқ керемет оқиғалар болуы мүмкін.
Тәлтік: Сыныпта жібі түзу оқушылар да болатын шығар?! Тіпті...
Әділет: Сабақ үстінде сол “жібі түзу” оқушыларды таба біл де, солар арқылы әдепті әдіс қолданып, сабырлылық мінез көрсет.
Тәлтік: Мен, амандық болса, Тәлім ағайдың тәсілін қолданам.
Әділет: Ол қандай тәсіл еді?
Тәлтік: Сабақ үстінде қыңқ еткен оқушының басына сызғыштың жалпақ жағымен сарт еткізем. Ол менің сөзімді тырп етпей тыңдайтын болады. “Баланы бастан” деген емес пе атамыз?!
Әділет: Балаға кешірімді болу керек. Ұру – қылмыс, қорқыту – кінә!
Тәлтік: Ағай, сіз қызық екенсіз! Жетесіздер желігіп, кешірген сайын кесірленіп кетпей ма? “Әркім қорыққанның құлы”. Біз Тәлім ағайды қорыққанымыздан сыйлайтынбыз.
Әділет: “Кең болсаң, кем болмайсың”. Сабырлылық, салауаттылық, салтанаттылық – ұстаздық қасиет. Онсыз болмайды, балам.
Тәлтік: Ағай, балаға қатал болмасаңыз, ол қағынып кетеді. Ондай қағындылықты өз басымыздан да кешіргенбіз.
Әділет: “Қаталдық” дегенді қорқыту, ұрып-соғу деп түсінсең, қателесесің. Балаға қатаң талап қоя біліп, оның орындалуын ерінбей-жалықпай қадағалау керек... Қаталдық – сол.
Тәлтік: Мына сөзіңіз мишығыма қона бастады, ағай. Бұл – дұрыс.
Әділет: Дұрыс болса, солай. Оқытушы оқушылардың алдында ұлы бейнені орындап тұрған актер іспеттес болу керек.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Ағай, мен бес жыл ұстаздық оқуды оқып келіп, енді балалардың алдында “әртіс” болуым керек пе?
Әділет: Күлкісі жоқ, балам! Ұстаз - әрі актер, әрі философ, әрі шәкіртінің ата-анасы, қамқоршысы, қадірлі жақыны.
Тәлтік: Мына сөздеріңіз ойыма орналаса бастады, ағай.
Әділет: Баланың алдында байыпты болу, оларды жақсы көріп, білім бере білу – нағыз ұстаздық, ұлылық қасиеттер.
Тәлтік : Бала қағынса, қабақ түймей, даурықса, дауыс көтермей, қалай шыдауға болады, ағай-ау?! Мынау бір қиямет екен...
Әділет: Ұстаз болу оңай емес! Қасиетін тауып, қадірлей білсең, бала қағынбайды, қайта абырой сақтап, ақыл жинайды.
Тәлтік: Енді түсіндім, ұстаз болу қиынның қиыны сияқты ғой... Мен қайтсем жақсы ұстаз бола аламын?!
Әділет: Ұстаздыққа ұстамдылық керек...
Тәлтік: Сол ұстамдылық қасиет менде жоқ па деп қорқа бастадым...
Әділет: Міне, енді ұстаздық әрекет басталды. Өз кемшілігін білген адам сол кемшілікті жоя да біледі.
Тәлтік: Қияметтей қиын жұмысқа шыдамым жетсе жақсы болар еді.
Дауыс: Ұстаздық іс – қиын күрес, мұндай зіл:
Ұстаз болсаң, шыдамыңды шыңдай біл!
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Біздің кешіміз осымен аяқталады. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін! Мына ән сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!
(“Ұстазға” әні орындалады. Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов. Әнін жазған Қабділрашид Қайым).
МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
(Шәкірттердің ұстаздарын құттықтауы)
Көркемсөз оқушы:
Тойлайды бұл күнді көптен,
Біздің байтақ, бақытты ел.
Ұстаздарын шын жүректен,
Құттықтайды шәкірттер.
Арналады ұстаздарға,
Құрмет деген, төр деген.
Біздің елде адам бар ма,
Ұстаз алдын көрмеген.
Мерекемен құттықтаймыз,
Мұғалімін әр пәннің.
Ұстаздарды көреміз біз,
Шұғыласындай әр таңның.
Сіздер біздің өлеңіміз,
Сіздер біздің әніміз.
Тәртіпті боп үнемі біз,
Беске оқимыз бәріміз.
Бірінші көрініс
Бірінші оқушы:
Шыбықтай едік алтыдан жаңа асқанда,
Бірінші сынып есігін жаңа ашқанда.
Екінші оқушы:
-“Ботам” деген сөзді ғана білуші ек,
“Атан” деген сөзді әлі білмеуші ек.
Үшінші оқушы:
-“Апам” деген сөзді ғана білуші ек,
“Отан” деген сөзді ғана білмеуші ек.
Төртінші оқушы:
-Білім бар теңіз: болмайды екен мүлдем шек,
Біз сізге қарап: “Үйренсек”, дедік, - үйренсек!”
Бесінші оқушы:
Ардақты ұстаз! Рақмет Сізге, рақмет!
Екінші көрініс
Бірінші оқушы:
-Үлкендерді сыйлауды,
Құнды кітап жинауды
Екінші оқушы:
-Адалдарды сүюді,
Тентектерді тыюды,
Үшінші оқушы:
-Оқуды ауыр көрме! – деп,
Ылғи да алға өрле! – деп,
Төртінші оқушы:
-Жақсы істерді құп ал! – деп,
Досың үшін қуан деп.
Бесінші оқушы:
-Санамай жылдың күн, айын,
Баулыдыңыз ұдайы
Алтыншы оқушы:
- Ұсындыңыз қол үшін:
Рақмет Сізге сол үшін!
Үшінші көрініс
Бірінші оқушы:
- Ақылыңызды тыңдаған
Шәкірттеріңіз мыңдаған.
Екінші оқушы:
-Етеді еңбек әр елде:
Жаяды атын әлемге!
Үшінші оқушы:
-Емші атанған шәкірт те,
Елші атанған шәкірт те...
Төртінші оқушы:
-Кәсіпкер де, мұғалім,
Журналист те, не ғалым...
Бесінші оқушы:
-Ақын шәкірт табылар,
Батыр шәкірт тағы бар...
Алтыншы оқушы:
-Біз үшін қиған уақытын
Өлшеп көр ұстаз бақытын!
Хормен:
Кеңейткен ойдың өрісін
Рақмет Сізге сол үшін!
Төртінші көрініс
Бірінші оқушы:
-Ұстазымыз алғашқы
Ғұмыр бойы жолбасшы!
Екінші оқушы:
-Қалдырмаймыз Сізді ұятқа!
Сіз үйреткен ақылмен
Талпынамыз мұратқа!
Хормен:
-Берекелі заман болсын,
Шәкірттеріңіз аман болсын!
Жиырма бірінші ғасырда
Сіз жасайсыз сансыз шәкірт.
ӘН – ЖЫР ШАШУ...
ҰСТАЗҒА
Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов
Әнін жазған Қабділрашид Қайым
Мұғалім.
Бұл – адамның ардақты аты.
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан.
Сүйеді, сондықтан да жақын жаты.
Қайырмасы:
Жаса, ұстаз, қарышта, қарышта,
Жетсін даңқың алысқа, алысқа!
“Мұғалім” – деп жырлаймыз –
Барсақтағы Марсқа!
Бақытқа жол бастаған көсем бол – сен,
Бал тамған таңдайыңнан – шешен бол сен,
Батыр бол қол бастаған, тағы сондай
Салада қанша биік өсе бер – сен.
Қайырмасы:
Жаса – сен: қай жағдайда, қай заманда.
Әрдайым міндеттісің бір адамға:
Былайғы жақын түгіл, оның орнын
Көрген жоқ басып, туған ата–анаң да.
Қайырмасы:
Білімнің шарлағанда талай өрін,
Жаңалық ашқан шақта нелер керім,
Бар адам, барлық қауым мұғалімді
Сыйлайды мәңгі–бақи беріп төрін.
Қайырмасы.
МҰҒАЛІМ ОЛ БІЗДІҢ
Сөзі М.Әлімбайдыкі
Әнін жазған И.Нүсіпбаев
Білімнің кілтіндей
“Әліппе” ұстатқан,
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан,
Қамқоры ұл–қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда,
Жаманнан безуге
Жақсылық жасауға,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Атай да сыйлайтын,
Атамның тұстасы,
Папам да сыйлайтын,
Ауылдың ұстазы,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
ҰСТАЗЫМ
Өліңін жазған: С.Тойлыбаев
Әнін жазған: М.Ташенов
Көтеріп жүктің салмағын,
Жолында өмір талмадың.
Мерейің қандай шуақты,
Ұстазым – асыл арманым!
Қайырмасы
Балғындарға баянды,
Сырын төккен – ұстазым!
Шәкіртіне аяулы
Нұрын төккен – ұстазым!
Есімде мәңгі қалдың да,
Жүректе ән боп жандың ба?
Есейіп бүгін кетсем де,
Шәкіртпін ұстаз алдында!
Қайырмасы:
Білім – ойдың сұлуын
Асу еткен – ұстазым!
Жүрегінің жылуын,
Шашу еткен – ұстазым!
МЕЙІРБАН ҰСТАЗДАР
Өлеңін жазған Қ. Жұмағалиев
Әнін жазған Ж. Еңсепов
Жайраңдап көктемім,
Күледі көкте күн.
Құшағын тұр жайып
Аяулы мектебім.
Қайырмасы:
Мейірбан ұстаздар,
Санама нұр құйған
Ұстазым көп менің.
Биікке өрлеген,
Тайсалып көрмеген
Ұрпақпыз, кеудесін
Қуаныш кернеген.
Ұстаз деп ән шырқап,
Күй төккен пернеден.
Қайырмасы:
Елімнің даласы,
Ауылы, қаласы,
Кәрісі, жасы да,
Кемеңгер данасы
Қарыздар ұстазға
Адамзат баласы.
АҚЫЛШЫМ – МҰҒАЛІМ
Әнін жазған Сайболат Жанғабылов
Өлеңін жазған Әнуарбек Дүйсенбиев
Сәбилік көңілден
Арналды бұл әнім.
Баулитын өмірге
Ақылшым –
мұғалім.
Қайырмасы:
Тіліңді аламын,
Айтқанды ұғамын.
Мен сендей боламын,
Ақылшым - мұғалім.
Арқаңда өзіңнің
Адам боп шығамын.
Бәрі алтын сөзіңнің,
Ақылшым – мұғалім.
Қайырмасы.
МҰҒАЛІМ
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
Қымбат Әбілдақызы.
МЕНІҢ ҰСТАЗДАРЫМ
Кәсібім жастайымнан ән мен өлең,
Әзірбай әкем екен, атым Кенен.
Өнерім бойымдағы жалғыз осы,
Сұрасаң сырыңды айт деп халқым менен.
Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,
Ұстазым Сарбас ақын дүрілдеген.
Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,
Мен де сондай болсам деп дірілдегем.
Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім,
Даусын естіп Жәкеңнің күмбірлеген.
Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы,
Еліктіріп әкетті жырыменен.
Кенен Әзірбаев
БІЗДІҢ АЛҒАШ МҰҒАЛІМ
Ақ шатыры болмаушы еді,
Тастан салған шеткері,
Бізге білім ордасы еді
Шағын ауыл мектебі.
Жан-жақтан кеп ертеменен
Жиналатын балалар,
Қолдан тіккен сөмкелердің
Бұрышында қара нан.
Ұлдар керзі етігімен
Ерсі еді келмесе,
Үсте шинель етегінен
Кесіп тіккен кеудеше.
Жыл өтетін іздеуменен
Жетпес оқу кұралын,
Үйрететін біздерге өлең
Бір қолы жоқ мұғалім.
Қатты сөйлеп күледі жәй
Үйретіп бар білгенін,
Қара костюм киеді ұдай
Қалтаға сап бір жеңін.
Жылдар өтті есті жидық
Ұмытылды қиын күн,
Ақ белдемше форма кидік
Орны толды-ау киімнің.
Түлеп үштық сан тарапқа
Қара танып ауылда,
Арамызда бар талапты
Дәрігер де, ғалым да.
...Бүгін колхоз қарауында
Қойма – мектеп үйінде,
Ал мұғалім қарауылда
Сол мектепте бүгін де.
Ұстазы деп бүгін көптің
Сыйлайды ауыл баласы,
Бірақ әлі жалғыз оқтың
Жазылған жоқ жарасы.
Ақұштап Бақтыгереева
СҮЙІКТІ ҰСТАЗЫМ – МЕКТЕБІМ
Қызықты каникул кезінде
Асыр сап ойнадық, дем алдық,
Сүйікті мектебім, өзіңе
Қуанып қайтадан оралдық.
Гүл тердік тоғайда, орманда,
Шіркін-ай жайдары жаз қандай
Төл күтіп жайлауда,
Қырманда,
Бидайды жинастық маржандай.
Сәулесі әйнекке шағылып,
Нұр төкті класқа көкте күн.
Келдік біз оқуды сағынып,
Сүйікті ұстазым – мектебім.
Шона Смаханұлы
ІЛТИПАТ
(КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваға)
Лапылдаса қызулықпен от-жаның
«Сабаңа түс, саспа»- дейді, “тоқтағын”
Бағыт беріп бейне темірқазықтай,
Көңіліңе сызар өмір соқпағын.
Болашақтан сенім жібін үзбеген,
Халыққа тек жарық таңды іздеген,
Құлазитын жалғыз қалса көңілі,
Бақыты оның оқушымен, бізбенен.
Ақ түссе де шаштың әрбір талына,
Жүк түссе де нар көтермес жанына,
Жаңарады жаңа оқу жылымен
Тосар сені жеткен кезде сағына.
Дүниеде таусылмайтын сырды ашып,
Кейде алатын құрдасындай сырласып,
Кейде қатал – тезге салып алатын,
Кейде күндей – күлімдейді нұр шашып.
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз-ана дана бола алады.
Ең бастысы, ұстаз мынау өмірде
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
Тоқтарбек Хамзин
ҰСТАЗ
Мейлі жас, мейлі кәрі бол,
Дана деп сені, пана деп сені үғамын.
Көктемсің нұр мен нәрі мол,
Диқансың және, кеншісің және Мұғалім!
Қалыпшы деп те айта алам,
Құрыштай құйып, шыңдайсың балғын жас жанды.
Мектептен түлеп майталман,
Батырдың жолы, бақыттың жолы басталды.
Анадай бесік тербеткен,
Түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсің!
Суарып білім-шарбатпен,
Дүниеден бізге жақсылық қана тілейсің.
Жұбан Молдағалиев
МҰҒАЛІМ
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.
Ол мектептен шықпаса да қысы-жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді
Олар үлес қосар сана-ақылға,
Мың алғыс бір сабағына татыр ма?
Болуды мен санаймын ең зор бақыт,
Мұғалімдер армиясы сапында.
Оразақын Асқар
ҰСТАЗДАРЫМА
Айтарым менің көп тегі,
Тыңдаудан әсте жалықпан.
Күлімдеп тұрған көктегі
Күнді де маған танытқан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Еңбектеп үйге кіргенде,
Еңбекте-бақыт, соны ұққам.
Адасып түнде жүргенде
Алаулап от боп жолыққан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Ақ қылау түскен самайға
Шәкірттің ұғар ойлысы.
Ұстаздық ауыр қалайда,
Төзе алмас еді жай кісі,
Айналдым ұстаздарымнан.
Байыппен айтқан ақылын,
Самалдай егіп санама.
Өмірде мәңгі жақыным-
Ұқсаған туған анама,
Айналдым ұстаздарымнан!
Ақылын ойдан сарп етіп,
Ақ моншақ маңдай терімен.
Қияннан сонау жарқ етіп
Құздардан күнде көрінген,
Айналдым ұстаздарымнан!...
Оспанәлі Иманалиев
ҰСТАЗДАРҒА
Ұстаз – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар,
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.
Жайдары жүздеріңе барқыт көрік
Жаныңның бар асылын сарқып беріп
Жас буын - өнегелі шәкірттерді
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.
Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер
Арманын аласартпас, сезімділер
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.
Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар,
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.
Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар.
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Зиядин Әбдуәлиев
ШӘКІРТ ШАҚТА ЖЫЛЫ ЖҮЗБЕН ҚАРАСЫҢ.
Еміс есте отты көзің жанатын,
Құлшынысың бар күшіңді салатын.
Балапаның ұшып кетті-ау алысқа.
Қатайтып ап өз алдыңнан қанатын.
Оқу – құдық инемен қазатын,
Шәкірт біткен содан арып-азатын.
Бұл күндері бір-бір үйдің иесі,
Шимайбектер атын әрең жазатын.
Кешір, ұстаз, түртсем жанның жарасын,
Естіртсем мен әлдекімнің табысын.
Өмір деген – тым күрделі дүние-ау
Айту қиын өлшеп оның бағасын.
Өрікбай Мұсаев
ҰСТАЗЫМ
Қадіріңді кезінде
Білмепті ғой ұланың.
Қазір әрбір сөзіңе,
Елеңдейді құлағым.
Бірдей етіп ұстадың,
Демей бізге бөтенсің.
Кейде ақылын ұстаздың,
Сағынады екенсің.
Сол ұстазға жаны нұр,
Демен үлкен адаммын.
Есейсем де бәрі бір,
Баяғы шәкірт, балаңмын.
Жеңіс Қашқынов
ҰСТАЗДАР БЕЙНЕСІ -
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТЕ
Мұғалім. Аяулы ұстаз, сенің алдыңнан өтпеген жан бар ма? “Адам өмірде кім болып шықса да – олардың әрқайсысы өзінің алғашқы мұғалімімен, өзінің мектебін алғыс сезіммен еске алады” – деп өте әділ айтылған сөз. Сіздер жайлы көркем әдебиетте де көп айтылып, жазылған. Назарларыңызға біраз көркем әдебиеттерді ұсынуды жөн көрдім.
А.С.Макаренко. Ұстаздық дастан. А.С.Макаренконың мұрасы – еліміздің өскелең педагогика ғылымының алтын қазынасы. Оның еңбек стилі, әдеби теориялық шығармалары этика, педагогика, психология мәселелерінің тың, әрі тәрбие ісінде аса маңызды жайларын ашты.
“Ұстаздық дастан” – бұл менің бар өмірімнің дастаны - деп жазды Макаренко өзінің Горькийге жазған хаттарының бірінде. Міне, шығарманың құндылық жағы да осында.
Антон Семенович Макаренко өзінің ісімен, өнеге алатын жайлары көп, педагогикалық ілімге толы көркем шығармаларымен жұртшылығымызға ертеден белгілі. Ал оның шығармаларын өз тілімізде оқу-игілікті іс.
Ұлтың ұлы ұстазы. Бұл еңбек – ХХ ғасырдың ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері, аса ірі әдебиет теоретигі, ғұлама түрколог, жаңа қазақ тілі бөлімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновқа арналады.
Жинаққа Байтұрсыновтың таңдамалы еңбектері мен ол туралы зерттеулері енгізілген.
Қазақтың қараңғы түнін жарық қылған санаулы жұлдыздарымыздың бірі – Ахмет Байтұрсынов.
А.Байтұрсынов – қазақ халқының әлеуметтік өмірі мен мәдениетіне аянбай адал қызмет еткен ірі қайраткер, үлкен талант иесі, тарихта орны айрықша зор тұлға.
Әрбір көзі ашық адамға А.Байтұрсыновтың кім екенін таныту үшін осы сөздер де жеткілікті болар еді. Дегенмен дәл анығырақ айтсақ, А.Байтұрсынов ағартушы ғалым болу үшін елеулі еңбектер атқарып, мемлекет қайраткерлігіне жету үшін қиын да күрделі жолдардан өтті.
1905 жылы педагогикалық училищені бітірген А.Байтұрсынов Қазақстанның әр түрлі облыстарынан мектептер ашып, ұстаздық қызмет етті, жатпай-тұрмай еңбек етіп, қайткенде қазақ халқының көзін ашуға, санасын оятуға барын салды. Яғни, Ыбырай Алтынсариннің қазақты сауатсыздықтан құтқару үшін қалаған сара жолын әрі қарай жалғады.
Ахмет Байтұрсынов – ХХ ғасырдың басында демократиялық бағыттағы зиялылардың көшін бастаушылардың бірі, сондай–ақ Алаш партиясы мен Алаш автономиясын құруда басты рөльді атқарушылардың бірегейі болды десек артық айтқанымыз болмас.
Қазақ халқының маңдайы жарқырап өзге елдермен қатар болуы үшін ең алдымен оқу-ағарту ісін алға қою керек екендігін түсінген. А.Байтұрсыновтың осы оқу-ағарту идеясы - қоғамдық қызметінің арқауы, азаматтық борышының негізі болып табылады. Әрине, А.Байтұрсыновтың еңбегі жанып, арманы орындалды десек әбден болады.
Ол өзінің барлық саналы ғұмырын қазақ қоғамында білім мен ғылымның дамуына, ағартушылық ісіне арнады.
Кітаптың танымдық қуаты мол, ұлағаты ұшан-теңіз.
С.Сарғасқаев. Ұстаз. Жазушының бұл кітабында жас ұстаздың алғашқы адымы, еңбек жолы, әртүрлі қызықты жайлармен әңгімеленеді.
... Оқып жүргенімізде көптеген аудандардың мектептеріне практикаға барғанымыз бар. Сонда жаңадан жұмыс істеп жүрген жас мұғалімдер өздерінің алғаш қалай келгенін әңгімелейтін: “ой, несін сұрайсың, біз алғаш келгенде, оқу бөлімі қошаметпен жылы қарсы алды. Күтпеген едік ондайды”.
“Оған неге таң қаласыңдар? Дүниедегі ең құдіретті, құрметті мамандық иесі бұлай қарсы алуға тұрмай ма? Туған ана мен сүйікті ұстазын тани білген адамдар әсте осылай болар”, - деп тақылдап, біздің өзімізді ұялтқандар да кездескен.
Басқасын қайдам, аудандық оқу бөлімі кеңсесінің табалдырығынан көтеріле бергенде: “Қызылтауға жіберсе екен” – деген бір тілек көңіліме сап ете түсті.
Күні кеше имене басып табалдырығын аттаған, он жыл оқып білім алып, өнерге үйренген, алғаш еңбек жолына тәй-тәй қадам басқан, Жамал Төлендіқызы апайдай ұстаздан тәрбиеленген өзім де Қызылтауға енді ұстаз болып баруым кезінде арман еді-ау... Адам кейде мақтануды да сүйеді. Оның өзі бір сәт көңілді марқайтады да. Кеше шәкірт болған мектебіңе, бүгін ұстаз болып есігін ашсаң, ондай мақтаныштың несі айып. Адам сұлулығы бет-ажар көркінде емес. Адам өз бақытын түсіне білсе, соған қанағаттана білсе, жүрегінің қалауымен өмір сүре білсе, нағыз сұлулық сонда екенін де түсініп, жүрегіме түйдім ғой. Сол жүрек әмірімен, енді мұғалім атанып келіп отырмын ғой... Бұл жас мұғалімнің ішкі жан-дүние сезімі. Қандай нәзік толғаныс десеңізші! Тілі тартымды, оқиғасы қызықты.
Р.Сыздықова. Ғалым-азамат. Бұл еңбекте Қ.Жұбановтың профессорлық –ұстаздық қызметін айрықша атауға болады. Әріптестерінің, шәкірттерінің, көз көрген замандастарының айтқан, жазған естеліктерінде, оның абзал жанды үлкен азамат, абыройлы ұстаз болғанын байқаймыз. Оқығаны да, сол оқығанынан тоқығаны да мейілінше мол, бірнеше тілді, әсіресе орыс, қазақ тілдерін бірдей меңгерген, ғылымның алуан саласынан хабардар қарапайым Қ.Жұбанов өзінің білімімен де, жүріс-тұрысымен де сан адамның ақылшысы, тәрбиешісі, ұстазы болған.
Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері атақты жазушы, ғалымдарымыз Ісмет Кеңесбаев пен Мұхтар Әуезов те айтқанды: “Мейірімі мол, сезімтал жолдас әрі барынша кішіпейіл адам бола тұра Құдайберген сонымен қатар жастар мен студенттердің қатал, талабы күшті ұстазы болды. Қ.Жұбановты барлық жерде – ғылым, искусство, мәдениет, әдебиет қызметкері арасында тегіс құрметтеуші еді” (Қазақстан мұғалімі газеті, 1957 жыл, 5 желтоқсан)...
Құдайберген Жұбановты - ана тіліміз туралы үлкен ғылымның жаңа кезеңін – ғылыми-теориялық зерттеулер кезеңін бастаушы деп танимыз.
Олжас Сүлейменов айтқандай, “тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық” өлшемінен пайымдайтын болсақ, Құдайберген Жұбановтың алдында қазақ тілін зерттеуші Ахмет Байтұрсынов сияқты заңғардың тұрғанын, Халел Досмұхамедов, Қошке Кемеңгеров, Телжан Шонанов сияқты биіктердің болғанын көрсете отырып, білім-ғылымымыздың тарихында әрқайсысының өз орны барын баса айту керек.
Қ.Жұбановтың үлгі боларлық тағы бір қасиеті – оның полиглот (көп тілді білген) болғандығы. Оның араб, парсы, неміс, ағылшын, француз, көне түркі, моңғол тілдерін, қазіргі өзге түркі тілдерін әжептәуір меңгергені, тіпті жапон тілін зерттей бастағаны белгілі. Әсіресе неміс тілі мен көне түркі тілдерін жақсы білсе керек.
Сөйтіп, аса көрнекті ғалым, белгілі ағартушы, қоғам қайраткері, педагог - ұстаз, ұлт кадрлары арасынан шыққан маман-лингвист, профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов қазақ мәдениеті мен ғылымының тарихында елеулі орын алады.
Ендеше, атақты ұстаз, ғалым-азамат туралы білгенге не жетсін. Біле, жүрейік, оқиық, оқырмандар!
Жетпісқалиев С. “Сейтен тағылымы” ұстаз – ғалым, жазушы Сейтен Сауытбековтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арналған еңбек.
Қазақ мәдениетінің тарихында алаш қайраткерлерінің ғылымға, білімге, өнерге қосқан үлестері өлшеусіз. Олардың алаш жұртына сіңірген зор еңбегін жасымыз да, кәріміз де әрдайым ілтипатты мақтанышпен ұлықтап жатамыз.
Арғыдағы алаш қайраткерлерін айтпаған күннің өзінде берідегі кеңес дәуіріндегі кезеңнің өзінде алаш жұртының қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қазақ ғылымын, өнерін, мәдениетін дамытуға, оның керегесі мен уығын бүтіндесуге өздерінің бойларындағы зор дарын қуатын, күш жігерін аямаған Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани секілді марқасқаларымыздың есімдерінің өзі неге тұрады?!
Бұл кітап белгілі журналист, ақын, әдебиетші Серік Сапарұлының “Сейтен тағлымы” атты зерттеу кітабының кейіпкері болған, алдынан елімізге танымал азаматтар Герольд Бельгер, Еслам Зікібаев, Есенғали Лимоновтар тәрбиеленіп білім алған, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, ақын, жазушы, араб және шығыс тілдерін зерттеуші ғалым, әрі физик, математик, суретші және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Сейтен Лиманұлы Сауытбеков.
Атақты адамдардың С.Сауытбеков туралы айтқандарынан үзінділер:
Жазушы Сәбит Мұқанов Сейтен Сауытбековты “шын мәніндегі Халық мұғалімі, ұстаздардың ұстазы” деп бағалауы оның бүкіл еңбек жолын, атқарған игілікті істерін нақты білгендіктен берілген талассыз, лайықты баға.
Мұзафар Әлімбаев, Халық жазушысы: “С.Сауытбеков ертегілері мен аңыздары, прозалық мысалдарының бастауы қазақ балалар әдебиетінің атасы, ұлы педагог Ыбырай Алтынсариннен басталады. Оның үзілмес дәстүрінен нәр алған, өрнек алған дүниелер”.
“С.Сауытбековтың жазу мәнеріндегі тағы бір айрықша өзгешелігі сөз байламдарындағы құлаққа майдай жағар саздылық, дыбыс үндестігі, ішкі ұйқастар толқыны дер едім”.
М.Әлімбаев С.Сауытбеков шығармашылығы туралы ғылыми тұжырымдар, мәністі пайымдауларға толы аталмыш ұзақ мақаласына қоса,
“Ұлағатты ұстаз, ақын Сейтен Сауытбековке” деп он шумақтан тұратын өлеңін де арнаған.
Профессор, филология ғылымының докторы, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Тұрсынбек Кәкішұлы Сейтен Сауытбеков туралы естелігін “Ұлы мұғалім” деп атапты. Енді осы мақаладан үзінділер келтірейін.
“Сейтен Сауытбековтің атын естігенде, неге екенін анық білмеймін, шын мәніндегі ұлы мұғалімнің келбетін, мінез-құлқын көз алдыма елестетемін. Ұстаз демей мұғалім деп отырғанымның мәні бар. Әдетте ұстаз атына ие болғандар сабақ берудің, дәріс оқудың үстіне ананы былай, мынаны олай істеу керек деп ақыл айтатын, нұсқауы басымдау адамға ылайық сияқты да, ал мұғалім бәрін өз қолымен тындыратын пәндеге ылайықтау ма деймін.
Мен Сейтекеңнің сабақ бергенін де, мектеп директоры болғанын да көрмеген адаммын, бірақ ол кісінің майда үнінен, сабырлы мінезінен шын мәніндегі Мұғалімнің бейнесін көріп тұрмын деп әсерленуші едім. Әрине, әркім өз биігінен көрінеді ғой. Маған Сейтекең бас әріппен жазылатын Мұғалім болып көрініп еді, әлі де сол бейнесінде көзіме елестейді” – деген.
Герольд Бельгер, жазушы:
“Ұстаз, ұлағат, тағлым, тәлім-тәрбие, имандылық, зейін-ынта, руханият, құштарлық “білімдіден шыққан сөз”, “ұстаздық еткен жалықпас, мейірімділік, инабаттылық, парасаттылық, ізденгіштік, жаңашылдық, ізгілік тектес терең де көп мағыналы ұғымдардан шынайы азамат Сейтен
Сауытбековтың адами, қоғами, рухани кескін-келбетін құрастырып, оның әмбебап тұлғасын зерделеуге болады”.
Осындай үзінділерден кейін С.Сауытбековтің артына қалдырған мұрасы мол, сан-салалы, талай тағлымды томдарға жүк боларлық екеніне көзіміз жетеді. Прозасы, поэзиясы, қай жанрға болмасын жазған шығармаларының айтары, мақсат-мүддесі біреу-ақ. Ол – тәрбие, Ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесі.
Жас мұғалім-ұстаздарға берер көмегі мол, тілі тартымды.
Қаратаев М. Әдемілікке үйрететін ұстаз
Адамзаттың ежелгі арманы – бақытты өмір. Мұның мағынасы кең де терең. Ол “тамақтың тоқтығымен, көйлектің көктігімен” әсте шектелмейді. Әдемілікке қызықпайтын, сүйсінбейтін адам жоқ. Бірақ осы қызығу мен сүйсінудің мөлшері бірдей емес. Әдемілікті түсініп, танып бағалаудың да дәрежесі әр түрлі. Мұның себебі тәрбиеде. Әдемілікті ұнататын табиғи сезім туа пайда болғанмен, жүре дамиды. Оның дамуы, бірде жоғары, бірде төмен болуы адамның көркемдік мәдениетіне, көркем өнер туындыларын біліп, ұғынып, ләззат алып дағдылану тәжірибесіне байланысты. Әдемілікке үйрететін ұстаз еңбегі қандай зор десеңізші!
Боранбаев С. Ұстаз. Жинаққа енгізілген әңгімелер негізінен балалардың балалық мінезіне, олардың іс-әрекетіне құрылған. Ұстаз әңгімесінде:
... Несін жасырайын біздің бесінші сыныпқа тарих пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз Айткен ағаймен көпке дейін үйренісе алмай-ақ қойдым.
Өзі сұсты да салмақты еді. Оқыс қылықтарыңды қиядан байқай қоятын. Тіпті, не мектепте, не далада оқыстау ойнап, ожарлау сөйлесең де бәрін көріп, бәрін еститін. Көрерін көріп, естерін естіп кете берсе бір сірә ғой. Жоқ олай етпейді. Айқайлап ақырып-жекірмейтін, салмақтап сөйлеп-ақ сазаңды беретін. Сондықтан оның алдына екінші рет кінәлі болып барудан өзің де қашып жүретінсің. Ол, әсіресе үйге берілген тапсырманы сұрағанда аяғыңды қия бастырмайтын. Дайындықсыз келіп көр сабаққа. Онан жалтару да, бірдеңе етіп сылтау айтып құтылу да мүмкін емес. Ойлағаныңның бәрін біліп қояды. Бірақ жақсы жағын да айта кету керек қой, сабақты жақсы дайындалып келсең, сені рахаттана тыңдап, жайнап отырар еді... Бұл шәкірт ойы.
Оқиғаның әрі өрбуі қызықты, тартымды жазылған. Мұғалім мен шәкірт арасындағы қарым-қатынас сыйластық сезім, әдемі суреттелген.
Молдағалиев Жайсаңбек. Құс жолы атты жинағына қазақтың тұңғыш педагогы Ыбырай Алтынсарин туралы повесі мен “ел суреттері” деген атпен бір топ әңгімелері еніп отыр. Жинақ тартымды оқылады.
Айтматов Ш. Ақ кеме. Бетпе-бет. Алғашқы ұстаз. Повестері мен әңгімелері енді. Аударманың тілі жатық, оқиғалары қызықты, оқырманын бірден баурап алады. Танымдық, тәрбиелік, эстетикалық әсері мол. Жас оқырмандардың дүние танымын еселеп, ой-өрісін кеңейте түсері даусыз.
Соқпақбаев Б. Менің атым – Қожа.
Қай-қайсымызға да экраннан көріп жүрген Қожа туралы кітапты жазған Бердібек Соқпақбаевты жақсы көрмеуіміз мүмкін емес. Қожа әрқайсымыздың жанымызға жақын да таныс кейіпкер. Біздің ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз Соқпақбаевтай қадірлі қаламгер шығармаларын оқып өсті. Әлі де оқып келеді. Жазушының кез-келген шығармасын қолыңа алсаң, әрі қарай қазықтырып, жетелей жөнелетін сияқты. Бердібек ата өзінің балалық шағынан алған әсерлерін көпке дейін ұмыта алмай, сол ғажайып көңіл мен көріністердің өзін оқырмандарына жеткізе білген жазушы. Жеткізіп қана қоймай классик жазушыға, балалардың сүйікті жазушысына айналды. Балалық шақта жазушы өзінің кейіпкеріне қатты ұқсапты. Олар сияқты ауылдың қара сирақ баласы болған.
... Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен-бірінің қалайда тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде, ол осында мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды: Жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім де, әжемнен ақша ала салып, жүгіріп дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына міңгесіп, жалынасың да жүресің, бұл- күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала – көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
- Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, - дейді. Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
- Мен оқулық емес, қант аламын, - дедім. Өйткені магазиннің арғы азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермейін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бірақ қанттың қазір маған түкке керегі жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдар арасымен ептеп кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда, жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бұріп ұстап:
- Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, - дейді.
- Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, - деп, жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
Көк көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
- Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда, мен ләм деместен сақ еткізіп, елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып, шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты болар ма!):
- Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? – деп бір жұлқып қалды.
Бірнеше күн өткеннен кейін, оқу жылы басталды. Мәссаған, керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып, ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.
Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. “Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беремін және сынып жетекшілерің боламын”, - деді.
Соңғы сөз Кожекеңді тағы бір сілкіп алды. “Ал, бәлем, сақтана бер” дегендей болдым өзіме-өзім.
Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.
- Қадыров.
- Мен.
Майқанова тесірейе қарап тұрып қалды.
- Біз екеуміз таныс шығармыз деймін? Мен еріксіз жымиып күлдім.
- Мүмкін.
Мен сенімен әлі сөйлесемін дегендей Майқанова:
- Отыр! – деді зілді дауыспен.
Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын төгіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғында тәртібіме де “төрттік” баға қойып отыр.
Осының бәрі мені, әрине ашуландырады. Бұл Қожаның ішкі жан толғанысы. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас суреттеледі.Тілі тартымды, оқиғасы қызық, жеңіл оқылады.
Көзі тірісінде жазушы, мен жазған дүниелердің ішінде жұртқа көбірек танылғаны “Менің атым Қожа” повесі болса керек. Алматыда біраз қиналыспен басылды. Қожаның жағымды қылықтарынан жағымсыз қылықтары көп. Балаларға бұл кітап қандай тәрбие бермек деп, алая қарағандар аз болған жоқ... Мектептегі барлық баланы хулиган етіп шығарғыларыңыз келсе, бұл кітапты тезірек басыңдар депті рецензент... Орыс тіліндегі “Қожаның” тұсауын Москва кесті.
... Қазақтың сүйкімді де қара сотқар баласы осыдан соң бүкіл Совет одағын аралап кете барады... Біраздан кейін кітап Парижде француз тілінде басылды. Қазақфильм “Менің атым Қожа” повесі бойынша көркемсуретті кинофильм түсіруге кірісті. Режиссері – Абдулла Қарсақбаев.
1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда жүлдеге ие болды. Шығарманы жазғандағы ең басты мақсатым; жақсылыққа тәрбиелеу Қожа-есер емес, есті тентек. Бір көрген адамға “жаман бала”, “қиын бала” болып, кейін мүлде өзгеріп, жақсылардың қатарына қосылып кететін балалар аз емес қой... деп сыр шертеді. Бүгінде кез келген қазақтың қара баласына Соқпақбаевтың кім екенін түсіндіріп жату артық болар, оның “Менің атым Қожасы” әр үйде Абаймен, Мұхтармен бірге ұлттық қазына ретінде сақталуда десек қателеспейміз. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын.
“... Бердібек Соқпақбаев кітаптарының соңғы беттерін жапқанда көркем шығарма оқып шыққандай болмайсың, өзіңнің ең тату-тәтті дос, жолдастарыңды ұзақ сапарға шығарып салғандай боласың. Қимайсың. Көңілің бұзылады. Бердібек Соқпақбаев шығармалары, міне осындай. Жазушы үшін бұдан асқан бақыт болуы мүмкін емес” – деген Қадыр Мырзалиевтің сөзімен қорытындылайын.
Ұстаз бен оқушылар жайлы шығармаларды көптеп жазуға болады, бірақ осы жерден бөлімді аяқтап, соңынан әдебиеттер тізімін беруді жөн көрдім.
Достарыңызбен бөлісу: |