Жақ-бет және мойын аймақтарының флегмоналары мен абсцестерінің топографиялық-анатомиялық жіктелуі:
I. Жоғарғы жақ сүйегі маңында орналасатын абсцестер мен флегмоналар.
1, Көзасты аймағының ("айбат" шұңқыры).
2. Шықшыт аймағы.
3. Көз ұясы аймағы.
4. Самай аймағы.
5. Самайасты қанатша-таңдай шұңқыры.
6. Қатты және жұмсақ таңдай.
II. Төменгі жақ сүйегі маңында орналасатын абсцестер мен флегмоналар.
1. Иекасты аймағы.
2. Ұрт аймағы.
3. Жақасты үшбұрыштығы.
4. Жақ-қанатша кеңістігі.
5. Жұтқыншақ маңы кеңістігі.
6. Меншікті шайнау еті астының кеңістігі.
7. Меншікті шайнау еті-құлақмаңы аймағы және жақарты шұңқыры.
III. Ауыз қуысы түбі абсцестері мен флегмоналары.
1. Ауыз куысы түбінің жоғарғы бөлімінің абсцестері мен флегмоналары (аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықетінен жоғары)
2. Жақ сүйек-тіл абсцесі.
3. Ауыз қуысының төменгі бөлімінің абсцестері мен флегмоналары (аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықетінен төмен).
IV. Тілдің абсцестері мен флегмоналары:
1. Меншікті тіл абсцесі.
2. Тіл түбірі флегмонасы.
Жоғарғы жақ сүйегі маңында кездесетін абсцестер мен флегмоналар
Көзасты аймағының абсцестері мен флегмоналары. Бұл аймақтың анатомиялық шектері: көз ұясының қыры, жоғарғы жақ сүйегінің альвеолдық өсіндісі, мұрынның бүйір қабырғасы, жақ және шықшыт сүйектерінің жігі. Бұл жерде, борпылдақ (жұмсақ) фасциялармен қоршаған „күлкі бұлшықеттері" орналасқан. Еттердің арасында, көзасты аймағынан шықшыт және ұрт аймақтарына ірің тарайтын шел (май) клетчаткасы болады. Сондай-ақ инфекцияның таралуына, өте көп веналық тордың болуы, оның бұрыштық вена арқылы көз шарасы (ұясы) веналарымен жалғасуы үлкен рөл атқарады. Көзасты аймағында іріңді процестің пайда болуына, бүзылған жоғарғы ит азулары және кіші азу тістер, кей жағдайда кіші күрек тістер мен екінші премолярлар себепші болады.
Клиникасы. „Айбат" шұңқырында, ісік пайда болып, домбығу мұрын қапталына, жоғарғы және төменгі қабақтарға, шықшыт аймағына, жоғарғы ерінге тарайды. Соның әсерінен мүрын-ерін қатпары тегістеледі, езуі төмен түседі, көз саңылауы жабылады. Науқас, көзасты аймағы нервісінің қысылып, тітіркенуінен болатын интенсивті (үдемелі) ауруына шағым айтады. Кейбір жағдайларда, тері қабатының да іріңді процеске шалдығуы ықтымал. Тері қабаты қызарып, қолмен басқанда флюктуация байқалады.
Емдеуі. Іріңді затты шығару үшін, ауыз қуысы арқылы өтпелі қатпарды 3-ші, 4-ші тістің тусында кесіп, сүйектің сыртқы қабығын тіледі де, қан тоқтататын қысқаш арқылы, жоғарғы жақ сүйегінің алдыңғы бетінде орналасқан бұлшықеттердің арасын ашып, „айбат" шұңқыршасына жетеді. Іріңді сырттан шығару үшін үзындығы 2,5 см етіп ерін-мұрын қатпары бойымен тіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |