Патологиялық анатомиясы. Шиқан дамығанда түк фолликула-сының, майлы бездің және олардың айналасындағы дәнекер тіндердің өлеттенуі байқалады. Өлеттенген тіндердің ортасында стафилококктар шоғырланып жиналады, айналасында макрофактар мен нейтрофилдерден тұратын жалпақ білік пайда болып, оның шеті ісініп, қан тамырлары кеңейіп, плазмоидты клеткалардан, лимфоциттерден және нейтрофилден құрылған инфильтрат байқалады. Эпителий сылынып оның астынан іріңді көпіршік көрінеді.
Көршиқан дамығанда бірнеше түк фолликулалары, майлы бездері, тері және теріасты клетчатка өлеттеніп, бетінде көптеген тығыз іріңді өлеттенген өзек пайда болады. Веналарды қан кернеп, тығындалып, артериялар экссудатпен қысылып, циркулярлы қан айналымы бұзылып, өлеттену көлемі кеңейіп, терінің терең қабатынан фасция мен бұлшықеттеріне жайылып, кей кезде сүйекті де қамтуы мүмкін. Өлеттенген тері тесіліп, олар арқылы ірің бөлінеді.
Клиникасы. Шиқан түк фолликуласының қабынуынан басталады. Түктің айналасы іріңдеп жан-жағы аздап қызарады. 1—2-ші күннің аяғында дермәда томпиған конус тәріздес қабыну инфильтраты дамиды. Оның үстіндегі тері күңгірт-қызыл түсті, ал айналасындағы тіндер домбығып ісінеді. Бұл кезде шиқан аумағында ауыру сезімі күшейе түсіп, кей жағдайларда үшкіл нерв бұтақтарының бойымен жайылып, науқасты қатты мазалайды. Бас ауруы пайда болады. 3—4 күннен кейін инфильтраттың ортасында флюктуация (былқылдақ) пайда болады. Аз арада шиқанның ауызы ашылып онан шамалы қою ірің шығады. Ауызы ашылған соң, сол жерде шиқанның өзегі көрінеді. Бірте-бірте өлеттенген өзек іріңмен бірге бөлініп шығады. Өлеттенген өзекті зорлап шығаруға мүлде болмайды, өйткені зақымданған тері мен сау тіндердің арасындағы табиғи тосқауыл бұзылып инфекция беттің венозды өріміне өтуі мүмкін.
Өлеттенген өзек бөлініп шыққаннан соң, оның орнындағы кратер тәріздес жара біртіндеп грануляциямен толып, тыртықтанып бітеді. Қабынбаған шиқан 8—10 күннің ішінде жазылады, бірақ кей жағдайларда шиқанның көлемімен онан бөлініп шықан ірің көбейгенде өлеттенген өзек толығымен шіріп абсцесс немесе флегмона белгілері байқалады.
Көршиқан дамығанда қабыну процесі жақын орналасқан бірнеше шаш фолликулаларын және майлы бездерді қамтып, тері мен теріасты клетчаткасы өлеттенеді. Көршиқанның дамуының бастапқы кезінде бетте кішкентай қабыну инфильтраты пайда болып ол тез арада үлкейеді. Айналасындағы тіндер домбығып ісініп, торлы лимфа түйіндерінің лимфадениті дамиды. Инфильтраттың үстіндегі тері күңгірт-қызыл-көкшіл, тері қатпарға жиналмайды. Терінің беткей қабаты жұқарып, бірнеше жерден тесіліп ірің бөлініп шығады, ол жерлерден өлеттенген тіндер немесе өзектер байқалады. Бара-келе кішкене тесіктер бір-бірімен қосылып үлкен жараға айналады. Бұдан ірің бөлініп шығып тыртықтанып жазылады. Бет-жақ аймағының анатомиялық, физиологиялық ерек-шеліктеріне байланысты шиқан, әсіресе көршиқанның жүмсақ тіндеріндегі инфильтраттар қатты ісініп домбығып, жиі абсцеске айналып, өте ауыр өтеді. Ол барлық жағдайда жергілікті лимфаденитпен қосарла жүреді. Ағымы жедел науқастардың дене қызуы 39—40°-қа дейін көтеріліп, денесі қалтырап, басы, қабыну процесі орналасқан жері қатты ауырып, мазасызданып, әлсірейді. Шеткі қанда лейкоцитоз, ЭТЖ үдеуі, қан сарысуында белок фракциялары жылжуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |