Бақылау сұрақтары: 1 Табиғи ресурстар дегеніміз не?
2 ҚР жер санаттарын атаңыз.
3 ҚР жер қоры және ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемдері.
4 ҚР Жер Кодексі қашан қабылданды?
5 Мемлекеттік жер кадастры дегеніміз не?
6 Жер кадастрының құрамдас бөліктері.
7 Қандай орган мемлекеттік жер кадастрын ұйымдастыру, жүргізу және қамтамасыз ету рөлін атқарады?
8 Мемлекеттік жер кадастры қандай жұмыстар түрлерінен тұрады?
9 Мемлекеттік жер-кадастр кітабы дегеніміз не және онда қандай мәліметтер бар?
10 Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтері қандай жұмыстарды жүргізуде негіз болады?
11 Базалық жер-кадастр кұжаттары.
Әдебиет: 1, 496 б.; 2, б. 218-242; 3, б. 5-6, 108-116; 4, 247б.
2 Тақырып Жерге орналастырудың объектісі
Мақсаты: Қазақстан Республикасының жер қоры, жер санаттары және жер алқаптарымен таныстыру. Жерді ауыл шаруашылығында өндірістің негізгі құрал ретінде пайдалануының мәнін түсіндіру.
Жоспар: 2.1 Қазақстан Республикасының жер санаттары
2.2 Жер алқаптарын жіктеу
2.3 Жерді ауыл шаруашылығында негізгі өндіріс құрал ретінде пайдалану ерекшеліктері
2. 1 Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлінеді:
1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;
2) елді мекендердің (қалалардың, кенттер және ауылдық елді мекендердің) жері;
3) өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;
5) орман қорының жері;
6) су қорының жері;
7) босалқы жер.
I Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Ауыл шаруашылығының қажеттеріүшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс істеуіне қажетті ішкі шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға тиіс. Бұл жерді ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол беріледі.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:
1) жеке меншікке – Қазақстан Республикасының азаматтарына өзіндік қосалқы шаруашылығы, бағбандықты, саяжай құрылысын дамыту үшін;
2) жеке меншікке немесе пайдалануға – Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шаруа (фермер) қожалығын жүргізуге, тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі, орман өсіру, ғылыми-зерттеу, тәжірибе жүргізу және оқыту мақсатында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргізу үшін;
3) шетелдіктер мен азаматтағы жоқ адамдарға 10 жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі.
Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншікке берілетін ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттік бақылау мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерінің негізінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелерінің паспорты жасалады.
II Елді мекендер жері. Қалаларды, кенттерді, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшін берілген жер учаскелері елді мекендер жерінің санатына жатады. Елді мекендердің жері өзге әкімшілік-аумақтық құрылымдардың жерінен қаланың шегі, кенттің шегі, ауылдық (селолық) елді мекеннің шегі арқылы шектеледі.
Елді мекендер жерінің құрамына:
1) тұрғын жай салатын жер;
2) қоғамдық іскерлік құрылыс салатын жер;
3) өндірістік құрылыс салатын жер;
4) көлік, байланыс, инженерлік коммуникациялар жері;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсатындағы жер;
6) су айдындары мен акваториялар жері;
7) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер;
8) ортақ пайдаланудағы жер;
9) қала құрылысы қызметіне тартылмаған, елді мекенді аумақтық тұрғыдан дамытуға және өзіндік үй (қосалқы) шаруашылығын дамытуға арналған резервтегі және өзгеде жер;
10) арнайы мақсаттағы жер;
11) қорғаныс қажеттері және өзге де пайдалану режиміндегі жер.