Т. Нұрмағамбетов прозасындағы идеялық-көркемдік ізденістер



жүктеу 47.44 Kb.
Дата16.06.2016
өлшемі47.44 Kb.
“Т.Нұрмағамбетов прозасындағы идеялық-көркемдік ізденістер” атты филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диисертацияға

ПІКІР

Қазақ прозасындағы қарымды қаламгер Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылық шеберлігі туралы арнайы зерттеу еңбегінің жазылуы орынды. өйткені өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап әдебиетке араласқан жазушылардың ішінде Т.Нұрмағамбетовтің шығармашылығы өзіндік даралығымен ерекшеленеді. Ол тек қана әңгіме жанрында ғана емес, исі қазақ прозасына жаңалық әкелген және өзіндік көркем ойымен, көркем жүйесімен байытқан жазушы. Сондықтан да тақырыптың таңдап алынуы барлық ғылыми талапқа сай және өзекті мәселе болып табылады. өйткені Тынымбайдың шығармалары арқылы жетпісінші-екімыңыншы жылдар арасындағы жалпы қазақ прозасының даму бағыт-бағдарын, түрлік-мазмұндық, тілдік ізденісін, ішкі көркемдік әлемін ғылыми тұрғыдан бағалауға толық негіз қалайды.

Әңгіме – жеке адамның шығармашылық шеберханасын жалпы қазақ әдебиетінің даму процесімен сабақтастыра, олардың өзара үндестігін жүйелей зерттеу арқылы ғылыми тұжырым жасай білуде.

Бұл тұрғыдан алғанда, диссертация ыждахаттылықпен орындалған. Бұрынғы диссертацияларда зерттеушінің өзіндік қолтаңбасы мен пайымдау пікірі анық танылмайтын. Жазушының өмірбаянын баяндап, шығармаларының мазмұнын айтып, ол туралы пікірлерге шолу жасаумен тәмәмдалатын. Жазу, мәселені қою, ой дамыту, пікір қорыту, талдау жағына келгенде жалаңдық пен жаттандылық байқалатын. Бұл реттен алғанда зерттеуші өзінің тақырыбын толық меңгерген. Зерттеушілік қабілеті анық, ғылыми стилі қанық. Әдебиеттің ішкі заңдылықтарын жақсы біледі және соны негізгі тақырыбының аясында ретті қолданады. Зерттеу деңгейі де талапқа сай. Ғылыми пайымдаулары да теориялық тұрғыдан тиянақ тауып отырады.

Диссертацияда Т.Нұрмағамбетовтің шығармашылық шеберлігін екі бөлімге бөліп қарастырған. Алғашқы тарауларында әңгімелері талданады. Екінші тарауда повестері қарастырылады. Сонымен қатар “Жер иісі” романы да соңғы бөлімге қосылған. Әр бөлімде өз алдына ғылыми-проблемалық мәселені қоя білген. Талдаулары, пікірлері, ой қорытулары, тұжырымдары жинақталып қорытылып отырған. Пайымдауларын еркін жеткізе біледі. Шығарманың ішкі заңдылықтарына қал-қадерінше тоқталған. Жекелеген әңгіме, повестердің, романның көркемдік сыпаттарын теориялық негізде аша білген.

Жалпы зерттеудің орындалу деңгейі және тақырыпты ғылыми игеруі талапқа сай деп ойлаймын.



Ал көркем талдау мен ғылыми зерттеудің арасынан туындайтын түйткілді мәселеге келетін болсақ, онда мынадай көріністер байқалады:

Бірінші: зерттеудегі басты кемшілік және Т.Нұрмағамбетовтің шығармашылық ерекшелігін жүйелей бағалауға қысаңдық жасаған жайт – зерттеушінің таңдап алған талдау жүйесінде. Іденуші жазушының әр бір әңгімесі мен повестерін бірінен кейін бірін тіркестіріп талдайды да, әдеби проблеманы сол шығармадан туындатып барып пікір қорытады. Сонда жалпы зерттеуді тұтастай алғанда ол Т.Нұрмағамбетовтің шығармаларына тіркесе жазылған әдеби рецензиялардың сериясы сияқты әсер қалдырады. Кей тұстарда ол талдаулар бір-біріне ұқсап кетіп отырады. Жазушының басты шеберлік тәсілдері ашылмай, жинақталмай, жүйеленбей қалады. Егерде шығармашылық талдауды сол туындыларға ортақ әдеби әдіс-тәсілдер мен ерекшеліктерге қарай (мысалы, Т.Нұрмағамбетов шығармаларындағы басты идея, көркемдік тартыс, оқиғаны бастау, дамыту, көркемдік шешім тәсілдері, түрлік ізденістер, мистикалық сарындар, монологтар, диалогтар, табиғат пролемасы, юмор, т.б) жүйелеп, жинақтап, жазушының көркемдік жүйесін ашса, бұл еңбек әлдеқайда ғылыми сипат алдатын еді. Диссертация да әдеби проблемалар көтерілген, бірақ ол сыни талдаудың ішінде қалып қалған. Мысалы, Т.Нұрмағамбетовтің өзінің шығармаларында диалогті қалай пайдаланғандығы туралы пікір білгісі келген адам оны диссертациядан бірден таба алмайды, әр жерден теріп барып пікір түйеді. Т.Нұрмағамбетов туралы дәл осы тақырыпта қайта диисертация қорғалмайтын болғандықтан да, бұл сұраққа қиналмай жауап алуды талап етуіміз орынды.

Екінші: барлық шығармалар бір сарынды жүйеде талданады және әр талдау “өмір шындығын бейнелеуде, өмір шындығын жеткізуде, өмір шындығын суреттеуде” деген сияқты жаттанды тіркестен басталады. Менің ойымша, зерттеуші ең бірінші ғылыми мәселені қойып, соны шешу үшін сыни дәлелге жүгінсе – дұрыс болар еді. Жазушының ұлы міндеті - өмір шындығын өмірде болғандай етіп суреттеу емес, жинақталған көркем шындық дәрежесіне көтерілу. өмірлік шындық пен көркемдік шындық екеуі қабыспайтын қайшылықты мәселе. өмірлік шындықтан көтеріле алмаған шығарма – қарабайыр шығарма, оған бой алдырған жазушы – көркем ойлау жүйесі қалыптаспаған жазушы. өмірлік шындық – көркем шындықтың шылауы ғана. Сондықтан да қаламгердің шеберлігінің деңгейін бір өлшеммен өлшеу – зерттеудің аясын тарылтады әрі көркемдік сипаттарды толық талдауға мүмкіндік бермейді.

үшінші: диссертацияның қорытынды тұжырымдары тым жалпылама. Мысалы: “Т.Нұрмағамбетов қазақ әдебиетінде өзінше таным-талғамы мен өз тақырыбы бар жазушы”, “Ол қоғам шындығын жіті аңдап, келелі мәселелерді өз көркем туындыларына өзек етіп ала біледі” – деген жайдақ сөздерді кез-келген жазушыға қаратып айтуға болады. Мәселе, Т.Нұрмағамбетовтің “өзінше таным-талғамы” қайсы, оның “өз тақырыбы” қайсы, “қоғамның қай шындығын жіті аңдады”, қандай “келелі мәселелер көтерді”, соны тұжырымдап, ашып, анықтап беру үшін де арнайы диссертациялық тақырып ұсынылып отыр емес пе.

Төртінші: жалпы ғылыми диссертациялық тақырыпқа қойылатын талапқа байсалдылықпен қарап, зерттеу ісіне қалайда ғылыми сипат берілетін тақырып ұсынылуы керектігі туралы пікір айқым келеді. Бір адам туралы диссертациялық тақырып – сол адам туралы ғылыми портретке айналып кетеді және соның айналасында шиырлап жүріп алады. Кейде ғылымиландыру үшін ол адамға қатысы жоқ мәселелерді тықпалайды немесе жалпы әдеби процестен бөліп алып қарастырады. Мұның өзі жазушыға да, зерттеушіге де, ғылыми ойдың дамуына да қатысы жоқ, ғылыми дәреже алу үшін жасалған “өлі еңбек” болып қала береді. Дәл осындай оқшаулану аталмыш диссертацияда да шан беріп қалады. Ал диссертацияның басты міндеті – жалпы әдеби процестің ерекшелігін анықтап, тұжырым ұсынатын ғылыми мәселе болуға тиісті. Сондықтан да тақырыпты жеңілдету арқылы диссертацияның жүгін де жеңілдетіп бара жатқан сияқтымыз. Барған сайын дендеп бара жатқан бұл бағытқа Аттестациялық мекеме тиісті ұсыныс жасап, ескерту білдірсе, жөн-жоба нұсқаса құба-құп болар еді.

Бесінші: диссертациялық еңбекте тыныс белгісінен жіберілген қателер жиі ұшырасады. Әсіресе, дефис пен сызықшаның орын алмастырып қолданылған тұстары, ретсіз тұруы барынша жиі байқалады. Мұның тікелей мазмұнға әсері болмағанымен де, жалпы жауапкершілікке қатысты талапты босаңсытпаған дұрыс деп ойлаймын.


Қорыта келгенде, аталып өткен кемшіліктерге қарамастан, “Т. Нұрмағамбетов прозасындағы идеялық-көркемдік ізденістер” атты диссертациялық еңбек қойылатын талаптарға жауап береді және оған филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін беруге лайық деп есептеймін.
Филология ғылымдарының

докторы, профессор Т.Жұртбай



19.01.2006.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет