Зергерлік әшекей бұйымдар түрі.
Жүзік, сақина. Әйелдердің саусақтарына тағылатын зергерлік бұйымдардың бір түрі – жүзік немесе сақина деп аталады. Зергерлер алтыннан, күмістен құйып, қақтап, соғып, шекемелеп, қара ала жүргізіп шиыршық темірден торлап, небір тамаша өрнектер салып, асыл тас қондырып алуан түрлі жүзіктер жасаған. Олар жасалу түрі мен қолдану ретіне қарай отау жүзік, құсмұрын жүзік, тасбақа жүзік т.б деп аталған.
Шолпы, шаш теңге. Бұл бұйымдарды қыз-келіншектер шаштарының ұшына тағады. Шаш теңгелер мен шолпылар әсем шиыршықталған күміс үзбе бауларға бекітілген тоғыз теңгеден тұрады. Тоғыз – қазақ ұғымында киелі сандардың бірі. Олар бір-бірімен ұзыннан ұзақ жалғасып, шаштың ұшына бірге өріледі.
Шашбау да бір-біріне сым үзбелер арқылы бекітіледі. Орталарына асыл тастардан көз қондырылған теңгелер тізбегінен құралады. Ұшы сәнді шашақпен, күміс әшекейлермен әсемделеді. Шашбау шаштың түбіне бекітіліп, бұрыммен бірге салбырай төгіліп тұрады.
Білезік – сыңар қолға да, қос қолға да тағыла береді. Бірнеше бөлшектен құралған, ашпалы-жаппалы, сом темірден тұтас құйылған жұмыр түрлері болады. Соған орай оларды сом білезік, жұмыр білезік, бес білезік т.б деп әртүрлі атайды. Олардың ішінде шынжырмен жалғасып жататын бірнеше жүзігі бар білезіктер де кездеседі. Оларға неше түрлі өрнектер салып, тас қондырып, қарала жүргізіп, сіркелеп, бұрала ширатып әсемдеген. Олар көбіне күмістен соғылады.
Сырға. Қаз-келіншектердің аса сүйіп тағатын әсемдік бұйымдардың бірі – сырға. Қазақ зергелері жасайтын ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға деп әр өңірде алуан түрлі аталатын сырғалардың түрлері өте көп.
Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.
Алқа. Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.
Достарыңызбен бөлісу: |