Дидактикалық міндеттеріне қарай сабақтың типтері:
оқушылардың жаңа білімді меңгеру сабағы
іскерлікті және дағдыны қалыптастыру сабағы
білімді жалпылау және жүйелік сабағы
қайталау, бекіту немесе білімді, іскерлікті, дағдыны кешенді қолдану сабағы
бақылау-тексеру сабағы
аралас сабақ
Мектеп тәжірибесінде бір типті сабақтар болмайды. Сондықтан оқыту жұмысын жүйелі әрі нәтижелі жүргізу үшін, оны топтастырудың мәні орасан зор. Сол себептен әрбір мұғалімнің сабақ классификациясын ойдағыдай білу шарт. Дидактикада сабақ классификациясын анықтауға айрықша маңыз береді. Қоғам дамыған сайын оқу жүйесінің қайта құрылатындығы және соған орай оқытудың мазмұны, әдіс-тәсілдерінің де өзгеріп, жаңарып отыруы сөзсіз.
Сабақтың құрылымы – оқу міндеттерін орындауға септігін тигізетін сабақтың бөліктерінің, кезеңдерінің өткізілуінің арақатынасы және бірізділігі. Оқу сабағының типіне қарай оның белгілі бір құрылымы жасақталды.
Сабақтың негізгі элементтері:
Сабақтың басталуын ұйымдастыру бір минуттан бірнеше минутқа созылды және оның дербес бөлігіндей өткізіледі. Сабақтың басында іскер және дұрыс талап қою бүкіл сабақтың сәтті өтуіне септігін тигізеді. Ұйымдастырушылық бөлімінде бәрі маңызды: мұғалім сабаққа қалай кіреді, өзіне деген сенімі, сөйлеуі, өзін ұстау қалпы, талаптарды орынды қоюы және оқушыларға деген шынайы ықыласы, сыйлаушылығы.
Оқыған материалдың меңгеруін тексеру /әдетте үй тапсырмасы/, оның мәні тексеру және қадағалауда, сонымен бірге жаңа материалды меңгеруге даярлауда болып табылады. Мұғалім үй тапсырмасын орындауға негіз болған басты идеяларды, ережелерді т.б. оқушылардың зейінін аударады. Үй тапсырмасын бәрі орындаған, орындамағанын анықтайды, қандай қиыншылықтар кездескенін біледі.
Сабақтың мақсаттарын және міндеттерін қою. Сабақтың нақты міндеттерін және оны жүзеге асырудың жолдарын ұғыну мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетін анықтығын, жүйелілігін және бірізділігін қамтамасыз етеді. Мақсат пен міндетті қою әдетте көп уақыт алмайды, бірақ ол оқу іс-әрекетіне бағытталғандық береді және үлкен тәрбиелік әсері болады.
Түсіндіру – оқу материалының мазмұнын ғылыми баяндау. Оқушыларға жаңа материал түсінікті болу үшін мұғалім ғылыми дәлелдерді, оқушыларда бар білімге сүйенуді, анық және түсінікті баяндауды жүзеге асыруы керек. Бекіту жаңа материалды түсіндіріп болғаннан кейін жаттығулардың, дербес жұмыстардың, арнайы тапсырмалардың жүйесі арқылы оқылған материалдың бастысына, сүйенетін буындарына оқушылардың назарын аудартады, теориялық қағидаларды оқу іс-әрекетінің практикасымен байланыстырады. Бекіту арқылы мұғалім оқушылардың материалды меңгергені туралы ақпарат алады.
Қайталау. Оқу материалын тақырып, бөлімдер, курс бойынша жүйелеу, жалпылау, қайта айту. Бұл бөлімдегі күрделісі негізгі идеяларды бөліп шығару және жаттығулар мен тапсырмаларды таңдау болады.
Сабақтың нәтижесін шығару, қорытындылау. Сабақтың өтілу барысына, оқушылардың жұмысына қысқаша баға беру, оқығанның басты идеясын еске салу.
Үй тапсырмасы. Мұғалім үй тапсырмасын хабарлайды, қысқаша орындалу жолын түсіндіреді. Үй тапсырмасын орындау туралы нұсқау анық, қысқа, бірізділікпен берілуі қажет.
Оқу міндетіне және мазмұнына қарай сабақтың бөліктерінің ара-қатынасы ауысып отырады. Сабақтардың әртүрлі типтерінің құрылуында ерекшеліктер пайда болады.
Жаңа білімді меңгеру сабақтарының құрылымы мынадай элементтерден тұрады: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсаттары және міндеттері; жаңаны түсіндіруге даярлық жұмыс /үй тапсырмасын тексеру, бұрыннан оқығанды қайтадан айту, т.б./; түсіндіру; сабақты қорытындылау және үй тапсырмасы. Басты бөлімі – түсіндіру, бекіту қосымша роль атқарады және диагностикалық мақсатта өткізеді. Мұғалім оқушылардың жаңа білімді қалай меңгергені туралы ақпарат алады.
Бекіту сабағының құрылымы: сабақтың бастауын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; бекіту; қорытындылау және үй тапсырмасы. Сабақтың басында әрбір оқушының жұмысқа даярлығын тексеру керек. Мақсатты қою барысында мұғалім негізгі қағидалар мен ережелерді еске салады, себебі олар практикалық оқу іс-әрекетіне негіз болады. Үй тапсырмасын тексеруді бекітумен байланыстырған дұрыс. Сабақтың негізгі бөлімі – практикалық тапсырмалар, проблемдік жағдаяттар мен сұрақтарды шешу, жаттығуларды орындау, дербес жұмыстар. Жаттығуларды дұрыс таңдау үлкен роль атқарады, олардың қиындығы бағдарламаның, стандарттың талабына сай болғаны абзал.
Жалпылау немесе қайталау сабағының құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндетін қою; оқу материалын жалпылау және жүйелеу; сабақтың қорытындысы және үйге тапсырма. Бұл сабақтың ерекшелігі және күрделілігі мынада: оқу материалының шеңберін дәл анықтау, негізгі ұғымды, ережені, идеяны, шебер бөлу, сәйкесті жаттығуларды таңдау. Қайталауда сабақтың тәрбиелеушілік жағына үлкен мән беріледі. Мұнда оқу материалы көп дәрежеде қызықты фактілермен, оқиғалармен, сезімдермен тығыз байланысты. Бұл сабақтың ерекшелігі мұғалім аз түсіндіреді де көбіне оқушылардың танымдық іс-әрекетін басқарады.
Аралас сабақтың құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; үй тапсырмасын тексеру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; жаңа материалды түсіндіру, бекіту, қайталау, сабақты қорытындылау және үй тапсырмасын беру.
Сабақтың бұл типі бүкіл элементтердің бүкіл комбинациясын құрайды. Әрбір бөлімі басқалардың арасында тең бағалы мәні бар. Сабақтың осы типі бастауыш мектепте жиі қолданылады.
Қадағалау сабағының құрылымы: тексерудің мақсатын түсіндіру және жұмысты ұйымдастырудың нұсқауын беру; бақылау тапсырмасының мазмұнымен және оны орындаудың тәсілімен таныстыру; оқушылардың дербес жұмысы; сабақтың нәтижесін бастапқы қорытындылау. Сабақтың басы нұсқаудан және оқушылардың жұмысқа даярлығын тексеруден басталады. Бірден бақылау жұмысының сипатын айтып, қандай білімдер, қандай тақырыптар тексерілетіні хабарланады. Мұғалім оқушыларға ойлау іс-әрекетінің жолдарын көрсетеді: теориялық талдауды қалай қолдануға болатындығын, теорияны практикалық жұмыспен байланыстыруды, өзін-өзі қадағалаудың тәсілдері т.б. Әдетте үй тапсырмалары берілмейді. Бірақ әдебиет тізімін, іздеушілік сипаттағы тапсырмаларды беруге болады.
Мұғалімдер, педагог-ғалымдар оқу жүйесінің негізгі кемшіліктерінің бірі – оқушылардың іс-әрекетінің жоқтығынан арылу жолдарын іздестіруде. Білімді пассивті қабылдау оны жоғары дәрежеде меңгеруді тежеп, оқушыларды қазіргі талап деңгейінен шығара алмайды. Осы кемшіліктен толық арылмағанмен, азайту үшін оқу түрлерінде, яғни түсіндірмелі-иллюстративтікте үлкен өзгерістер енгізілді, одан кейін мектеп практикасында проблемалық, программалық оқыту қолданыла бастады.
Өткен ғасырдың 80 жылдарында түсіндірмелі-иллюстративтік оқытудың тұтқасы – сыныптық-сабақтық жүйе қоғамның жаңа талаптарына сай болу үшін жетілдіруді талап ететіні белгілі болды. Осы жүйені модернизациялау кезінде дәстүрлі емес сабақ пайда болды. Онда оқушыларды белсенді позицияға қойып, сабақты даярлап өткізуде іс-әрекетке қосып, ойындық, жағдайды шешушілік, жарыстық функцияларды жүзеге асырады.
Дәстүрлі емес сабақты өткізуде мынадай сұрақтар пайда болды: жалпы сабақтар жүйесінде алатын орны, функциясы, оны таңдап алу шарттары, қойылатын талаптары қандай, мұндай сабақтарды талдау немен ерекшеленеді т.б.
Дәстүрлі емес сабақ – бұл орнатылмаған құрылымы бар импровизациялық оқу жұмысы.
И.П.Подласыйдың, Г.К.Селевконың т.б. еңбектерінде дәстүрлі емес сабақтардың 30 астам түрі келтірілген.
Сабақтың дәстүрлі емес технологиясына жататындар:
пәнаралық байланысқа негізделген интегралды сабақтар;
жарыс және ойын формасындағы сабақтар: байқау, турнир, іскер немесе ролдік ойындар;
қарым-қатынастың көпшілік формаларын имитациялау сабақтары: пресс-конференция, аукцион, ауызша журнал т.б.;
мемлекеттің және ұйымдардың іс-әрекетін имитациялауға негізделген сабақтар: сот, парламенттегі дебаттар;
қоғамдық-мәдени шараларды имитациялаудың сабақтары: өткенге сырттай экскурсия, жорық, әдеби серуен;
сабақтан тыс дәстүрлі формаларды сабақ шеңберіне енгізу, көңілділер, тапқыштар клубы, «Не? Қайда? Қашан?», инсценировка.
Дәстүрлі емес сабақтар қандай дидактикалық міндеттерді шешуде қолдануға болады деген сұраққа, іскерлікті және дағдыны қалыптастыруға, білімді жалпылау және жүйелеуге, қайталау және бекітуде, бақылау-тексеруде қолдануға болады деген қорытынды жасаймыз. Ал, интегралды және конференция сабақтары арқылы жаңа білім меңгеру міндетін де шешуге болады. Сонда дәстүрлі емес сабақтар оқытудың басты формасы – дәстүрлі сабақтардың функцияларын атқарып, оның көмекші формасы болады.
Дәстүрлі емес сабақтың түрін таңдап алғанда тақырыптың мазмұнын, оқушылардың даярланғандық дәрежесін, материалдық базаны, мұғалімнің мүмкіншілігін, оқулықтардың, көмекші оқу құралдарын т.б. есепке алу керектігін тәжірибе көрсетті.
Көптеген қазақ мектептерінде жұмыстың топтық формасы бар сабақтарды, театрландырылған, ойын сабақтарын өткізуге жағдай жоқ. Өкінішке орай, біраз оқушылардың білім деңгейінің төмендігі іскер ойындар, шығармашылық, «сот» т.б. сабақтарды өткізуге қолбайлау болып отыр. Зерттеу, түпдеректі талдау, бинарлық /қосарланған/ сабақтарды өткізейін десе оқулық, қосымша оқу құралдары жетіспейді.
Дәстүрлі емес сабақтарға дидактикалық, тәрбиелеушілік, дамытушылық, ұйымдастырушылық, психологиялық, басқарушылық, санитарлық-гигиеналық, этикалық т.б. талаптар қойылады. Кейбіреулерін көрсете кетелік:
оқушылардың қызығушылығын, ықыласын т.б. ескере отырып дәстүрлі емес сабақты өткізуге қажетті жағдайды қамтамасыз ету;
оқушының барлық аясын дамытуға себептендіру және белсендету жұмысын жүргізу;
дәстүрлі емес сабақта жедел кері байланысты, пәрменді қадағалауды және басқаруды қамтамасыз ету;
педагогикалық әдепті сақтау, оқушылармен қарым-қатынасты, бірге іс-әрекет жасауды жоғары дәрежеде жүргізу;
оқушылардың дамуында жаңа сапалы өзгерістерді жүзеге асыруды стимулдау.
Дидактикада сабақты талдаудың әдістемесі баршылық.
Дәстүрлі емес сабақтар үшін, әрине, арнайы сабақ талдаудың схемасын жасаудың қажеті жоқ. Біздің пікірімізше, бар схеманың бөлімдерін тереңдетіп, жан-жақты қолданса жеткілікті. Дәстүрлі емес сабақтарды талдағанда жалпы сұрақтармен бірге мына сұрақтарға жауап алудың қажеті бар сияқты:
сабақты даярлауға оқушылардың қатысуы, белсенділігі;
қолданылатын жадығаттың қызығушылық, еліктеушілік әдеттен тыс дәрежесі;
оқушылардың танымдық іс-әрекетін стимулдаудың тәсілдері, жолдары қандай болды;
сабақ барысында оқушыларды толықтыруға, түзетуге, рецензиялауға т.б. қаншалықты қатыстырылғандығы.
Осы орайда төмендегі мәселелер ескерілуі тиіс:
оқу мазмұнының танымдық бағытталғандығы;
сабақтың білімділік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарының дұрыс қойылуы;
сабақтың мақсатына, мазмұнына сәйкесті түрін, құрылымын, оқыту әдістерін талдау;
оқытудың мұғалім мен оқушылардың диалектикалық өзара байланысы екені туралы ұғымды білдіретіндігі;
білімді меңгеру үрдісінің құрылымын, яғни қабылдау, түсіну, ұғыну, жинақтау, бекіту, қолдануды жүзеге асыру;
проблемалық оқытуды сабақта іске асыру жағдайлары;
сабақтың әртүрлі кезеңдерінде оқушылардың фронтальды, топтық және жеке жұмысына қатынасы;
сабақта оқыту мен тәрбиелеу ұстанымдарының орындалуы.
Достарыңызбен бөлісу: |