Қоршаған ортаның антропогендік өзгерістері
Қоршаған ортадағы антропогендік өзгерістер алуан түрлі. Ол табиғаттың құрамбөліктерінің біріне тікелей әсер ете отырып, басқаларын да жанама түрде өзгерте алады. Бірінші жағдайда да, екінші жағдайда да табиғи кешендегі заттардың айналымы бұзылады, бұл одан әрі географиялық қабықтың біртұтастығын бұзуға әкелуі мүмкін.
Қоғамның белгілі бір сұраныстарына сәйкес келетін табиғатты пайдаланудың тарихи типтері тек қана өндірілген өнімнің көлемі бойынша ғана емес, пайдаланылатын энергия көздерінің және басым технологиялардың сипаты бойынша да ерекшеленеді. Осы белгілеріне сәйкес табиғатты пайдаланудың үш кезеңі анықталады (17-сурет).
Әрбір тарихи кезеңге табиғатты пайдаланудың белгілі бір тарихи типі сәйкес келеді, сонымен бірге әр кезеңге сәйкес келетін табиғат жағдайлары географиялық типтерге және тип тармақтарына жіктейді.
Жер бетінде бір мезгілде экономикалық дамудың әртүрлі сатысы қатар кездесетіндіктен, бір мезгілде табиғатты пайдаланудың да әртүрлі тарихи кезеңдері бар. Дүниежүзінде қалыптасқан табиғатты пайдалану жүйесі тарихи және географиялық типтердің күрделі мозаикасы болып табылады.
Табиғатты пайдаланудың өнеркәсіптік-урбанистік типі (құрамына халық пен өндірістің шоғырлану аймағы болып есептелінетін қалалар мен өнеркәсіптік аймақтар және оларды құрлық арқылы байланыстыратын көлік коммуникациялары кіреді) ортаның барлық құрамбөліктерінің айтарлықтай өзгеруімен және жасанды табиғи орта нысандарының үстемдігімен сипатталады, олар бірнеше түр тармақтарына бөлінеді: қалалық, көліктік-өнеркәсіптік, тау-кен өнеркәсібі.
Табиғатты пайдаланудың ауылшаруашылық типі орта құрамбөліктерінің ішінара өзгеріске ұшырауымен, басымдығымен ерекшеленеді. Олар жерді өңдеуге байланысты (ирригациялық егіншілік және кәдімгі егіншілік түріне бөлінеді) және жерді өңдеуге байланысты емес түрлерге бөлінеді (шалғынды шабындық, жайылымдық).
Табиғатты пайдаланудың орманшаруашылық типі барлық табиғат зоналарындағы адамзат пайдаланатын орман алқаптарын қамтиды, мұнда тұмса табиғат үстемдік етеді. Шартты түрде орманшаруашылығы орман өнеркәсібі, су және топырақты қорғау, рекреациялық және санитарлық-гигиеналық түрлерге бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |