Бірінші қадам: мәселенің қойылуы
Зерттеу барысындағы алғашқы қадам – зерттелетін проблеманы анықтау. Біз тақырыпты өз тәжірибеміз бен бақылауымызға байланысты таңдай аламыз. Мысалы, «афроамерикалықтар ақ нәсілді америкалықтарға қарағанда, жұмыссыздық пен кедейлікке көбірек ұшырайды» деген тұжырымды алайық. Немесе осы тұжырымды негізге ала отырып, «мектеп пен жұмыстағы кемсітушілік салдарынан ақ нәсілді америкалықтарға қарағанда, афроамерикалықтар арасында жұмыссыздық пен кедейлік деңгейі жоғары» деген болжамнан бастауымызға болады.
Қандай жағдайда да алдымен зерттегіміз келетін нәрсе жайлы көбірек білу үшін басқа ғалымдардың зерттеулерін шолудан бастау керек. Егер сол проблема бойынша жақсы зерттеулер жүргізілсе және кейбір проблемалар жөнінде теориялық түсіндірмелер жасалған болса, онда зерттеуден күтілетін нәтижені гипотеза түрінде сипаттауға болады. Гипотеза13 дегеніміз – теория дұрыс болған жағдайда шығатын қорытынды жайлы тұжырым. Гипотеза сынамалы болуы керек, яғни қандай да бір түсіндірменің дұрыс я бұрыстығын деректер арқылы
анықтау жолдары болуы тиіс. Мысалы, «афроамерикалықтардан гөрі ақ нәсілділер жақсы жұмысқа лайық» деген пікірді сынап көру мүмкін емес, алайда «ақ нәсілділер жақсы жұмысқа афроамерикалықтарға қарағанда көбірек орналасады» деген болжамды сынап көруге болады.
Екінші қадам: негіз әзірлеу
Дерек жинауды бастамас бұрын, алдымен, айнымалы шамаларды таңдап, шарттарды анықтап, қай адамдарды (немесе нысандарды) зерттейтінімізді нақтылауымыз керек.
Айнымалы шамаларды түсіну
Проблеманың ауқымын зерттей алатындай етіп тарылту үшін ғалымдар адамдарға емес, айнымалы шамаларға зер салады. Айнымалы шамалар14 адамдар, жағдайлар я топтар арасында әркелкі болып келеді (Бабби, 2010). Егер афроамерикалықтар мен ақ нәсілділер арасындағы жұмыссыздық деңгейін талдағымыз келсе, нәсіл және жұмыссыздық деген екі айнымалы шама туралы ақпарат жинауымыз керек.
Бұл айнымалы екі шаманың себеп-салдарлық байланысына болжам жасаған кезде, себеп – тәуелсіз айнымалы шама15, ал салдар – тәуелді айнымалы шама болады. Біздің мысалда: нәсіл – тәуелсіз айнымалы шама, ал жұмыссыздық – тәуелді айнымалы шама, яғни біз жұмыссыздықтың нәсілге тәуелді екенін болжаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |