ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ
Қыжым деген қызым сабақтан бірге шықты. Айта алмай қиналған жайы бар екенін сезген соң, әңгіменің бағытын өзіне қарай бейімдеуге тырысып келемін. Бір кезде:
– Апай, ешкімге айта алмаған сырым бар еді. Уайымсыз күнім жоқ. Не істеймін...– деп жылап жіберді.
– Айт, өзіңе жеңіл болады. Ақылдасайық. Қыжым көзінің жасын сүртіп қойып, сөйлеп кетті:
«Ол кезде мен 7-класта оқитын едім. Қойшының қызымын. Қылдырықтай арық, әлжуаз кезім. Жазда каникулда қой бағып жүрсем, салт атпен бір кісі тоқтады. Аттан түсіп, әңгімелескен болып, шап беріп ұстап алды... Одан ары не болғанымды білмеймін. Еңіреп жылап-жылап жатып, өлейін десем, өле алмадым...»
Жылаған қызға жаным ашып, өз ішімдегі билікшіл біреу: «Соттату керек еді ол оңбағанды», – деп жатыр. Билікшінің аузыма салған сөзі ме:
– Айтпадың ба, туысқандарыңа? – деп қалдым.
– Қайдам, бір адамға айтпадым. Ұялдым. Енді ер кісіден қорқамын. Кімге керекпін деп ойлаймын. Тіпті тұрмыс құрсам, бала да болмайтын шығар...
– Бұл жерде сенің ешқандай кінәң жоқ, Қыжым. Жанымен сүйген адамға сенің қарақан басыңнан басқа ештеңең керек емес. Өзіңді-өзің жеп, уайымдама. Көңіліңді басқа бір нәрсеге бұр. Болған іс болды. Сондықтан ол қайғылы күндерді өміріңнен сыз да, ұмыт, алдағы күнге талпын. Өткенді қаза берген кісі ауру болады. Жеңілдеудің бір жолы «басқалардың басында да қиыншылық көп» деп ойлау. Шүкіршілік ету. «Шүкір» деген сөздің адам жанын тыныштандыратын бір қасиеті бар. Д. Карнегидің «Қалай уайымдауды қойып, жаңаша өмір сүруге болады?» деген кітабында бар емес пе: «Дұрыс өмір сүргің келсе, уайымыңды тере берме, жеңісіңді жиі еске ал! – деген.
Менің бір таныс құрбы әйелім бар. Сол әйелдің басынан өткен қайғысын естігенде, өз қиындықтарыма шүкіршілік ететін болдым. Аты – Бәтес. Бір қыз, бір ұлы бар. Көркіне көз тойғандай, қарақат көз сұлу келіншек. Ұлын босанғанда, дәрігерлердің шалағайлығынан қанға ауру кеткен. Ессіз-түссіз сандырақтап жатқан әйелді жындыханаға да жібермекші болыпты: «Бір күні көзімді ашсам, мұрныма бір жаман иіс келеді. Аяқ жағымдағы көрпем ашылып қалған екен, аяғымның басы қырқыла сарғайып кетіпті. Өзімнің мамандығым медбике болған соң, бір жаманшылықты ішім сезді. Жұқпалы ауру қанға тараған екен (сепсис). Екі аяқты алдымен басынан, одан кейін тізеден төмен кесіп тастады. Ауруханадан бір жылдан соң шықтым. Адам болады деп ешкім ойлаған жоқ. Үшінші қабаттағы үйге күйеуім көтеріп әкелді. Терезеден қарап жатып: «Екі аяғын басып жүрген адамда арман бар ма екен?» – деймін.
Екі дәптер өлең жаздым. Есімде қалғаны мынау:
Ашиды удай өзегім,
Түсірсем еске жайымды.
О, тағдыр, неткен сұм едің
Аямаған жанымды.
Сол күндерімді ұмытқым келді ме, кейін жыртып тастадым ғой бәрін.
Үйге келген соң, бір жылға дейін әуелі еңбектеп, одан тізерлеп жүретін болдым. Баяғы балалық кезіме қайта түстім. Ақыры, армандай күткен протезім де дайын болып, аяғыма кидім-ау. Ағаш аяққа үйрену қиын екен, біраз екі балдақпен, содан кейін таяқпен жүріп, ақыры, «атыма» міндім.
Бір күні бұрынғы киімдерімді реттемекші болып, аударыстырып жатсам, аяқ киімдерім шықты. Жастықпен қызығып ала бергенбіз ғой, шетелдік аяқ киімнің түр-түрін көргенде, шыдай алмай кеттім. Менің сорыма аяқ киім кінәлідей-ақ, қасымда тұрған әжеме (енеме): «Әжетай, мыналарды көзіме күйік қылмай, далаға апарып тастаңызшы», – деп еңіреп жібердім де, қапқа атып ұрып тыға бердім. Менің көңілімді қимаған әжем екі қап аяқ киімді қоқыс төгетін жерге апарып тастап келді. Күйеуім болса, бізді асыраудың соңында танертең кетіп, кеш келеді. Күнде нанға кетіп бара жатқан бүкшиген әжемнің соңынан қарап тұрып: «Құдайға не жазып едім...», – деп жылаймын. Күйеуіме айттым: «Жасың отызға да толған жоқ, менің түрім болса – мынау, біреуді алам десең, рұқсат, екі баламды алып елге кетермін, өлмеспін», – дедім.
Жаңа туған баламды жағдай әлгіндей болған соң, уақытша балалар үйіне бергізгенмін. Екі жылдан соң, қолға алдық. Екі жастан асқан бала әлі жөндеп жүре алмайды екен. Алдына тамақ қойсақ, бір қолымен басып отырып жейді. Тағы салып берейін десем, тәрелкенің шетінен шырылдап айырылмайды. Мұны көру де күйік болды. Қойшы, әйтеуір, өтті ғой талай күндер».
Бұл тауқыметті басынан кешкен Бәтес жақында қызын күйеуге беріп, немерелі болды. Ұлы әскерге кетті. Қиыншылықта жанына жар болған енесін арулап атқарып, өзі де әже болып отыр. Немересін көтеріп, ағаш аяғын тық-тық еткізіп, төменге түсіп бара жатқанын көремін. Сырттағы адам өзі айтпаса, екі беті шұқырайған, қарақат көзді сұлу әйелдің екі аяғы жоқ деп ойламайды.
Бұл – менің Қыжымға айтқан әңгімем. Қыздың көзінің жасы құрғап, салқын тартты. Ол да, мен де жеңілденгендей болдық.
Қыжымның қайғысы біздің педагогикада әлі жолға қойылмаған екі түрлі мәселе туралы ойлануға мәжбүр етті:
Германияда балалардың сабақтан басқа уақыттағы тәрбиесімен айналысатын әлеуметтік ұстаздар (социальный педагог) бар. Олар жантанушылармен бірігіп, «Мен көнгенмін, қорлыққа да төзгенмін» («Кроткой я была, горько было мне») деген кітап шығарған. Кітапта педагогикада тыйым салынған, бірақ балалар өмірінде жиі кездесетін қиындықтың бір түрі талқыланады. Ол – балаларға ересектер тарапынан көрсетілетін зорлық, зорлау. Зорлыққа ұшыраған жасөспірім қыз балалардың жан дүниесіндегі жарақатты жеңілдету мәселесіне арналған. Германияда қыз баланың қорыққаннан, ұяттан ешкімге айта алмаған бұл сырын бала бақшада, мектепте тестер арқылы, салған суреттері арқылы анықтап, дер кезінде психолог, дәрігерлер көмекке келеді. Бұл жағынан біз әзірге өте төменгі сатыдамыз.
Ересектер тарапынан зорлық көрген балалар бізде жоқ па? Тек әшейін жабулы қазанның жабулы күйінде жатқанын көңілге тоқ санап жүрген болармыз. Әйтпесе қайғы жарасын ондаған жылдар бойы жүрегіне салмақ қылып сақтап келген Қыжым сияқты қыз балалардың жанына ертерек сеп болуымыз керек еді ғой. Өзін дүниедегі ең сорлы адам деп есептеп, өмірден түңілген баланы ересек адамның сенімді де жылы сөзі түрлі жағдайсыздықтан құтқарып қалмақ.
Екінші ойландырған мәселе – Қыжымның әңгімесінен 25-ке келіп қалған қыздың осы жасына дейін геникология дәрігерінің есігін көрмегендігін байқадым. Бала көтергенше, геникологтің креслосына қай жағынан келерін білмеген қыздардың жанын жүздеген сұрақтың қинайтынын болжағанның өзінде жаның ашиды. Ол сұрақтардың жауабын кімнен білуі керек? Бұл да біздің үндемей «тәрбиелеп» келген – мәселеміздің бірі. Білмеген болғанмен өмір өз заңылығымен жүріп жатыр ғой. Жас қыздың өз бойындағы түрлі өзгерістерді түсіне алмай қорқуы, мезгілсіз аяғы ауырлап, жаңа туған шаранасын өлтіруі не өзін өлімге қиюы ересектердің «білмеген болуынан» шығады. Анасының тәрбиесі «бұзылып кетпе!» – деген бұйрықпен шектелсе, мұғалімдер үндемей құтылса, айналадағы адамдар кінәлауды ғана білсе, жас қыздың жанына кім пана болады?
Біздегі «мылқау тәрбиенің» еркіне жіберіп қойған мәселенің тағы бірі – эротика мен рок музыка. «Мына пәлекетті әрі тарт!» – деп, көзімізді қолымызбен көлегейлесек, жастар эротиканы көрмей ме? Жастар өміріне қатысты нәрсенің ешқайсысын назардан тыс қалдыру жөн емес. Эротиканы әңгіме қылудан қашу бұл мәселеге жауапты батыстық ақпараттан іздеуге мәжбүр етеді де, батыстық рухани билігі жастардың жан дүниесін ұлттық психологиядан аулақтата түседі. Эротикалық тәрбиені коммерциялық қысымның ықпалына жібермей, ұлттық мәдениет аясында жүргізуді ойластыру қажет. Оны «батыстан келіп жатқан бұзықтық», – деп жоққа шығара салмай, эротиканың ең әуелі көне шығыста тарағандығын, адамзат өмірінің аса бір құпия да өзекті мәселесі екенін мойындамай болмайды. Осы тақырыпты ұлттық мораль мен ар-ұят арнасында сезімталдықпен сөз ете алатын білікті психолог, ұстаздар қажет-ақ.
Еуропа елдерінде халықтық ән дәстүрін жұтып жатқан рок-музыка – ол да бір өзінше әлем. Өз философиясы бар өнер. Бар адамның табиғаты әсерлі ырғақ пен әуенге құмар. Бірақ дәстүрлі саз өнерін не халық әндерін үйреніп айтуға, оны түсініп тыңдауға ерекше қабілет керек. Сондықтан дене қимылынан басқаны көп талап етпейтін жеңіл музыка – көпшіліктікі. Олардың қажетін сыйламауға болмайды. Сыйламау – арадағы түсініспеушілікті ұлғайтады.
Ырғақты музыка туралы балалар алдында әйтеуір жек көргеннің жөні осы деп, жаратпай сөйлеуге болмайды, біліп айту қажет. Оқушының құр қиқаңдауы ойлы, мәдениетті түсінікке ұлассын. Батыстық нарыққа қарсы жастардың еліктегіш көңілінен шығатындай, ұлттық мәдениетпен ұштасқан талантты шығарма ғана төтеп береді. Құр жамандау әлсіздіктің белгісі екені аян.
Достарыңызбен бөлісу: |