Зор мен бор. Қазақтың бұрынғы шешендік сөзінде:
«Ініні зордан, ағаны бордан» деген бар екен. Сондай-ақ момын, жылауық адамды «боркемік» дейді. Жоғарыдағы «бор» дегенім – көнбіс адам, «зор» – зорлықшыл.
Зорлықшыл мен көнбістің типін мұғалімдер ұжымында әркім-ақ байқайтын болар. Бірақ зорлықшылмен күресу оңай еместігі тағы аян. Зорлықшыл айналасында көнбістер болмаса, өмір сүре алмайды. Зор зорлығын өзі сияқты мұғалімдерге де, оқушыларға да жасайды. Оны мектепте «қатал мұғалім» деп атайды. Қатал мұғалімді үстіміздегі ғасырдың бас кезінде өмір сүрген педагог-ғалым К.Г. Житомирский (1863-1918) жазып, сипаттаған екен. Кейбір тұжырымына назар аударайық:
Зорлықшыл (террорист) мұғалімнің мінезі тастай берік, ішін алдырмайтын қатал болады. Сергек, даусы өктем, көнбіс мұғалімдерді монтаны қылып қояды, тіпті көнбейтіндердің өзін де бағындыра біледі. Бағындыру әдістері мынадай:
Кемшілігін тауып, жүрттың көзінше өктем дауыспен айқайлап, ұялту.
Класында сол мұғалімнің баласы болса, «екі» қойып, соңына түсіп, ақыры бейшара қылу.
Оқушыларға ылғи зекіп сөйлеу, ұрсу арқылы қорқыныш тудыру. Оқушылардың қорқынышы тез арада мектепке тарап, тіпті есік аузындағы күзетшіге дейін, қатал мұғалімнің атын сыбырлап айтатын болмақ.
Зорлықшыл көбіне өз сабағын біледі, білмей-ақ білетін сияқты болып көріне алады. Оқушылар басқасын қойып, осы сабақты күні-түні оқиды. Тіпті нашар оқушының өзі тырысады. Олай болса, зорлықшыл мықты педагог шығар. Жоқ. Нашар педагог. Жақсы мұғалімнің талабы оқушыға қорқыныш туғызбайды. Жақсы мұғалім сабақ кезінде оқытады, ал Зорлықшыл барлық сабағын емтиханға айналдырады. Үйге тапсырмаға бірнеше тарауды бір-ақ беруге қүмар. Оның негізгі әдісі – қорқыту, өш алу.
Зорлықшылдың сабағынан кластың жартысы тапсыра алмай жүреді. Сондықтан баланың осыдан басқа сабаққа дайындалуға уақыты жоқ. Тіпті ата-анасы, туыстары болып жабылып, репетитор тауып оқытып жатса да, көңілінен шыға алмайды. Өзі оқытуға тиісті сабағын репетитордың мойнына жүктеп, оқытушыдан – тексерушіге айналған. Зорлықшылдың сабағын білу көнбістердің сабағын білмеудің есебінен орындалады.
* * *
Бірінші класқа баласын әкелген ата-аналар қай мұғалімнің жақсы екенін біле алмай, бір-бірінен пікір сұрасып жатты. Көпшілігінің аузында тақ-тақ етіп сөйлейтін бір пысық мұғалім мақталады.
– Бұл кісі қалай оқытады екен? – деп едік, баласы жоғары кластағы бір тәжірибелі әйел:
– О, ол, жақсы мұғалім, – деді. – Айқайлап жібергенде, балалар су сепкендей басылады, білдіріп шығады.
Жұрттың көпшілігінің ықыласы осы мұғалімге қарай ауысты. Тезірек тізімге ілігіп қалғысы келіп, жапа-тармағай жазыла бастады. Өзім неге екенін қайдам, кіп-кішкентай баламды аяп кеттім де, қарапайым мұғалімге бере салдым.
«Учительская газетадан» оқыған мына бір әңгіме еске түсті:
Сабақ үстінде артқы партадағы бір бала козғалып, тыныш отырмайды. Біресе қаламы түсіп кетеді, біресе өзі құлап қала жаздайды. Мазасыз екен, жуық арада сабасына түсе алмайды. Тексеруге келген кісі: «Бұл балаға мұғалімі не істер екен?» – деп, қызыға күтіп отырады. (Біз болсақ, не істейтініміз белгілі ғой).
Бір аздан соң мұғалім сабақ айтып жүріп, артқы партадағы тентектің қасына келіпті. Тексеруші құлағынан тарта ма екен деп күтіп отырады. Жоқ, кластағы оқушылардың назары тақтаға ауған кезде алақанымен баланың басынан сипапты.
Баламның ұстазы осы мұғалім болсашы...
* * *
Бір класқа тарих сабағынан жаңадан ағай келіпті. Өңшең апайдың ішінде ағайы болғанға ер балалар қуанған шығар деп: «Ағай жақсы кісі ме екен? Сабағы қызық болды ма?» – деп сұрадым. Бала:
– Әлі көреміз ғой...– деп күмілжіп қалды. – Қайдам, ағайдың қолы қатты болады ғой. Құлағыңнан тартса, ауыртатын шығар...
Баланың құлағына көзім түсіп еді, шап беріп ұстап алуға ыңғайлы, қалқақтау екен. Бір-бірімізді ұққандай үнсіз қалдық.
– Мұғалімнің жұмысы қиын ғой, – деді бір студент. – Жүйкені тоздырады.
Расында, кей мұғалімдер бастығына айта алмаған ашуын, отбасындағы ренішін, қоғамға наразылығын класқа әкеліп төгеді. Жасы үлкен адамның алдында қорғану қабілеті әлсіз балаларымыз бәрін көтереді, енді қайтеді. Өзінің жүйкесі тозған мұғалім, оқушының жүйкесін ауру қылады. Жүйкесі ауыратын, ішуді тәуір көретін мұғалімді бала оқытуға жолатуға болмайтынын ескеріп жатқан жоқпыз.
Еске сала кетейік, Америкада балаға «ақымақсың», – деп айтқаны үшін-ақ жауапқа тартылуы мүмкін.
А.Б. Добровичтің «Тәрбиешіге психология және қарым-қатынастың психотехникасы туралы (Просвещение, 1987) деген кітабының «Өзіңе қара» деген тарауында айтыпты:
«Өзіңді оқушылардың қалай қабылдайтынын білу үшін, бетіңді қырынан көре алатындай етіп, екі айнаны алдыңа қой да, әдеміленуге тырыспай, аузыңды сөйлегендей қимылдатып, кластағыдай арқаңды бүкірейтіп қарашы. Өзіңе-өзің ұнайсың ба? Енді осы түріңді күнде көретін балаларға қалай әсер ететініңді байқаған шығарсың».
* * *
Достарыңызбен бөлісу: |