ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП МОДЕЛІН ЖАСАУ
МӘСЕЛЕСІНЕ КӨЗҚАРАС
Бізге қазір батыстың «гүлденген» өмірі келіп жетті де, әсіресе жастар санасында батыстық утопия пайда болды. Бірақ ақиқаттың бәрі батыста ма? Күні кеше «ақиқатты» орыстан іздеп келген жоқ па едік? Аяғы не болды? Осы мәселені көтерген қазақ зиялылары кезінде қуғынға ұшырады.
Батыс пен шығыстың ежелден өзіне ғана тән өмір сүру салты бар. «Парагматикалық батыс», «дана шығыс» дейді. Рухани азып-тозуға көбірек ұшыраған батыс шығысқа қызыға қарайды.
Қазақ өмір тіршілігі сан ғасырлық түркілік, шығыстық дүниетаным аясында қалыптасады. Тәрбие мектебі болып табылатын қазақ мақал-мәтелдері мен аңыз-әңгімелеріндегі дүниелік тәжірибе бүгінгі батыстық ұғымдармен көп жағдайда кереғар: Қазақ айтады: «Жаным – арымның садағасы», «Дүние – қолдың кірі». Ал батыста арыңды сатсаң да, дүние табу ұят емес. Негізгі құндылық – ақша. Ақшадан басқа дос жоқ. Абайдың «Есектің артын жусаң да, мал тап» дегені капитализммен көрші қонудың ықпалы болатын. Қазақ «Ат қоссаң ауылыңмен», «Өле жегенше, бөле же» десе, батыс жүрегіңе сұқ саусағын қадап: «Бұл – сенің мәселең. Онда менің шаруам жоқ!» – дейді. Адамды жалғыздыққа, ешкімге сенбеуге, мейірімсіздікке үйретеді. Тіпті әке мен бала арасындағы қатынастардың өзі суық қалыптасып, ер мен әйел сүйіспеншілігін, таза сезімді сыртқы мүдделер қақтығысына дейін арзандатады. Осыдан кейін «өмір – қасқырлар ортасы, адам өмірге қасқыр болып кіру керек» деген ой қалыптасады.
Қазақи дүниетанымның өзегі – адамшылық. «Пышақты кісіге салмас бұрын өзіңе салып байқа», «Дүниенің қызығы – сіз бен біз» ұғымдарымен өскен адамнан кісілік иісі аңқып тұрады. «Туған елім болмаса, тумай-ақ қойсын күн мен ай», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», – деп, еліне деген іңкәрлік сезімін қалыптастырады.
Халықтық тәрбие өз дәстүрін дінмен бекіте отырып, адам қалыптастырудың қайталанбас мектебін жасаған. Сұлтанмахмұт Торайғыров қазақи пәлсапаны құрайтын он бір мақалды келтіре отырып: «Байқасаң қазақтықтың өзінде бар, Дүниенің генийлігі, пайғамбары», – деген.
Біздің батысқа қошаметшілдігіміз орысқа қошаметшілдіктің екінші бір қыры екені даусыз. Осы бетімізбен кете берсек, біз тағы да рухани мүдделер дағдарысына ұшырауымыз мүмкін. Хомейнидің 11.10.1987 жылы М.С. Горбачевке жазған хатында: «Сізді марксистік қиялдың бұлдыр ғимаратын бұза отырып, батыс пен ұлы шайтанның тұтқынына түсіп қалмауға табанды түрде шақырамын... Үстем де алпауыт мемлекеттердің алдында Иранды қол жетпейтін жартасқа айналдырған дін, сірә, халық үшін апиын ба? (Қазақ елі. 1997, 7 қараша)», – деуінде үлкен мән бар екені даусыз. Бұл елдің іс-әрекетін батысқа жұтылып кетпеудің, ұлттық мүддесін сақтап қалудың өзіндік бір жолы ретінде қарасақ, жоғарыдағы сөздердің мағынасы әбден түсінікті болады.
Күннен-күнге әлемді жаулап келе жатқан американдық өмір салты әдепкіде қай елді, қай адамды болмасын, қызықтыратыны рас. Көрші қытай елі әуелі «батысқа еліктеу» теориясын алға шығарып, одан кейін «қайта ойлану», сонында «түпкі тамырға оралуды» дұрыс деп тауыпты. Ал Жапонияны жоғары өркениетке көтерген алғышарт – өзіндік ұлттық болмысы мен намысын сақтай отырып әлемге шығу екені аян. Бүгінгі күнде Франция сияқты елдердің өзі де американдық үлгіге аса сақтықпен қарайды.
Жатқа еліктеу – өзін-өзін қор санау. Бұл ұлттық сана жетілмеген елде болатын көрініс (Еліктеуге берілу салдарынан рухани тәуелділік қамытын кию мен экономикалық-мәдени байланыстардың жөні әр бөлек). Өзінің ұлттық құндылықтарынан болашағы жоқ деген түсінікті қалыптасуы – адамның жан дүниесін аздыратын қатердің бірі. Оның жастар арасында, бала сенімінде ұялауына жол беріп қоюға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз еліміздің ұлттық мектебі қандай болу керек деген мәселе толғақтылығымен ерекшеленеді. Жастар арасында Тәттімбеттің кім екенін білмей, Майкл Джексонға құлдық ұру, Қорқыттың философиясын ұқпай жатып, Фрейдке таңғалу, тасқа жазылған ата сөзін оқымай тұрып, Куликово шайқасын білгішсіну ауруы бар. Оның өзі ауыл баласы мен қала баласы болып бөлінуіне, бірін-бірі менсінбеуге әкеледі. Қазіргі ұрпақ құндылықтың қайда екенін біле алмай, адасу дәуірін қайта бастан кешіп отыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда шетел мектебін ашқысы келгендер лап қойды. Олардың әрқайсысының артында өз мемлекеттерінің мүддесі тұрды. Тіпті діни мүдделер тартысы да жүріп жатты. Қазақ балаларын конкурстан өткізіп, қаймақтарын таңдап алып, өз тілдерінде оқытып жатыр.
Қай тіл жетекші болса, баланың жаны сол тілде сөйлейді. Өз туған елінің құндылықтарын меңгеріп алмаған, 5-6-сыныптарға жаңа келген баланың жаны ол мектептерде қалай қалыптасады? «Қазақ және ... » деп ат қойып алған шетел мектептері мен лицейлерінің оқу бағдарламасын сырт көзге дұрыс сияқты болғанымен, шын мәнінде қазақ тілі – әдебиеті, тарихы сабақтары бірінші қатардағы маңызды пәндер санатында назар аударылмайды. Шетел мектебін бітірген балалардың ағылшын тілінде сөйлегенін қайтерсің, Әуезовтің бір де бір шығармасын талдап бере алмайды. Бұл көңіл аударуға тұрмайтын құбылыстар ма?
Енді бір орыстілді мектептерде: «Біз үш тілді бірден оқытып жатырмыз», – дейді. Онысы – орыс, ағылшын, қазақ тілдері. Бұл жерде жетекші тіл орыс тілі болғандықтан, қазақ тілі ана тіл ретінде қабылданбайды, ойлау тілі, жан тілі бола алмайды. Бала тілінің қалыптасуы үшін ана тілі мәйек болып табылмайды. Рухани жан дүние мәйегі қай тіл болса, бала сонікі екенін ескерсек, өзге тілді мектепте оқыған баланың қазақ тілі – шет тілін меңгеру сияқты әрекет болып қалады.
Елімізде 3,5 мыңдай қазақ мектебі, 2,5 мыңдай аралас мектеп бар. Бірі математиканы, екіншісі – химия-биология, үшіншісі –- қазақ тілі – әдебиеті, енді бірі музыканы тереңдетіп оқытып, ағылшын тілі мен компьютерге ықылас аударылуда. Ұлттық тамырларға да көңіл аударатын сияқты. Бірақ ол бала тәрбиесіндегі тұтас бір кешенді жүйеге бағынған түрде емес, жеке үзік түрінде жүргізілуде, жекелеген мектеп, ұстаздардың өз күшімен жасалып жатқан дүние деуге болады. Ұлттық мектептің ішкі мазмұны мен түрі, өзіндік философиясын анықтап алмай, оны өмірге ендірмей отыруымыз болашаққа қиянат.
Біздің ойымызша, ұлттық мектептің моделін жасау барысында қоғамдық пікірде қалыптасқан екі түрлі көзқарасты есепке алған жөн. Бірі – дәстүршілдік, екіншісі – маргиналдық. Дәстүршілдікті қолданушылар кейде жаңа заман ағымын есепке алғысы келмейді, ал маргиналдық көзқарастағылар дәстүрге заман дамуына кедергі болатын фактор ретінде ғана қарайды. Дұрысы дәстүрдің бұрынғысы мен бүгінгісін саралай ала отырып, жаңа заманға қарай бағыт түзеу болса керек. Ұлттық мектептің үлгісін жасау ұлттық сана мен қазақи кісілікті жан дүние қалыптастыру арқылы әлемдік өркениетке кірудің тұтас жүйесін жасау деп білеміз. Әлемдік өркениет бұл ғасырда мәдениеттердің бір-біріне кірігуі арқылы ғана емес, әр халық мәдениетінің өз болмысын сақтап қалуға ынта-ықыласымен белгіленуі тиіс. Әр халықтың өзін іздеуі мен тануы – оның өркениетті елдер арасында тең дәрежеде болуының кепілі. Ойды қорыта кетсек, ұлттық мектебіміздің философиясы дәстүрлі түркілік өркениет пен қазақ әлемі негізінде жасалып, әлемдік өркениетпен сұхбат қарым-қатынасында болуы қажет.
Мектепте баланың тарыдай болып кірген күнінен – таудай болып шыққанға дейінгі аралығында жан дүниесінің ұлттық рухта қалыптасып, әлемге ізгілік көзқарасының орнығуы үшін, қазақ мәдениетінің қатпарларына үңіліп, ол туралы тұтас, кешенді ұғым түзілуін басты мақсат ету ләзім. Мысалы, Қазақстан тарихынан бала жанының ерлікке ұмтылғыш талаптарын қанағаттандыратын көріністер бақшада – бастауышта әңгіме түрінде беріліп, орта және жоғары сыныптарда жүйелі негізі қаланады. Тарихымызды 5-сыныптан бастау өте кеш қалу деп түсінеміз. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ ежелгі әдеби мұраларды балабақшадан сіңіру. Тұмар патшайым, Мөденің, Білге қаған, Құлтегін, Оғыздың ерліктері – қай жастағы баланың болсын ұғымына сыятын дүниелер. Жоғары сыныптарда Қорқыт пен Баласағұни, Ясауи ойшылдығының негіздері мен дүниетанымы талданады. Жыраулық поэзияны оқытуға кең орын беріледі.
Қазақ өнерінің жұлдыздары, кешегісі мен бүгінгісі әр буында оқытылады. Олардың үні үзбей бала құлағында естіліп тұрады. Мақсаты – ұлттық-эстетикалық талғам қалыптастыру, санаға сіңіру, жүрекке жеткізу. Жүрекке сіңгенді жат дүниенің көбігі өшіре алмайды.
Діни сенім рухани сананың негізін қалайды. Ислам дүниетанымы мен тарихы, әлемдік мәдениетке қосқан үлесі «Ислам мәдениеті» сабағы арқылы оқытылады. Бата беру, құран оқи білуді кішкентайдан үйретуді тек ата-анаға ысырып қою аздық етеді. (Ата-анасыз 80 мың бала барын ескерейік). Оны әдеп – имандылық сабақтарына қосқан абзал.
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Халықты тану үшін қызын көр. Қыз баланың қылығы мен әдебін қазіргі жоғарғы талаптар деңгейінен мәдениет деңгейіне көтеру арқылы үйретсе, тұрпайы еліктеуге орын қалмас еді.
«Әдеп» сабағы барлық сыныптарда жүрсе. Оның әр сыныптағы мақсаты бар. Бастауышта «Әдеп әліппесі», 5-7-сыныпта «Қазақтың дәстүрлі әдебі» оқытылып, жоғары сыныптарда ұл-қыз әдебі бөлек өтуі тиіс. Себебі тек ұлға немесе қызға ғана тән мәселелердің басын ашып айту керек-ақ. Мысалы, қыздар үшін мына сияқты мәселелердің маңызын кім жоққа шығарады:
Сезім құпиясы. Жақсы көру. Ұнатып қалғанның бәрі махаббат па? Мектептегі жігіт. Адам өміріндегі әр уақыттың өз мақсаты бар. Қыздың күші – нәзіктігінде. Мінез. Бой күту сырлары. Жастықтың өз бояуы. Қылықтың сиқырлы күші. Табиғылықтың тартымдылығы. Қыз қадірі неден? Қыз бойындағы түрлі өзгерістер. Жұқпалы аурулар. Лас сезімдерден қорғау т.б. (Бағдарламада берілген). Сонымен бірге «Отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті», «Мектеп жасына дейінгі баланың жан дүниесі мен тәрбиесі», «Еуропа және шығыс этикеті» сабақтарының мақсаты болашақ өмірге қажетті дағдыларға дайындау болып табылмақ.
Өз ана тілінің сырын меңгеріп үлгірмеген балаға өзге тілді қосақтауға болмайды. Орыс тілінің өзін 1-сыныптан қосарлау кеңестік жүйенің айла-шарғысы болатын.
Баланы жасытпай оқуға мән беріліп, мектеп өмірінде орын алған әміршілдік қарым-қатынасқа орын қалдырмайтын іс-тәсілдерді жинақтау, бағаны жаза ретінде қолданбау амалдары (мысалы, рейтингті пайдалану), өз пәні бойынша ақпаратты жақсы айтып беруші мұғалімнен гөрі, баланы рухтандырушы ұстаздың еңбегін бағалау мектептің беделін көтереді.
Ұлттық мектептің қарым-қатынас атрибуттары да маңызды мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |