Тарау.Қылмыстық сот ісін жүргізудегі заттай дәлелдемелер және дәлелдеу


Қылмыстық процестегі шындықтың ұғымы мен мазмұны



бет2/4
Дата09.06.2016
өлшемі413 Kb.
#124696
1   2   3   4

1.5.Қылмыстық процестегі шындықтың ұғымы мен мазмұны.

Қылмыстық іс жүргізуде дәлелдеудің мақсаты шындықты анықтау болып табылады. Философияның көзқарасы бойынша шындық дегеніміз танушы субъектіні объектінің барабар бейнелеуі, адам мен оның санасынан тыс және тәуелсіз оны тап сол күйінде көшіру. Қылмыстық сот ісін жүргізуде шындыққа қолжеткізу соттың қателеспеуіне кепілдік береді. Бұл мәселедегі түсінбеушілік адамның тағдырында үлкен қателікке ұрындырады.

Сот қателіктері - әдетте шыңдыққа көз жеткізбеудің салдары. Шындыққа қол жеткізу мақсатын ескермеу соттың сот әділдігін жүзеге асыру функциясын қандай да бір мағынадан айырады.

Дәлелдеудің мақсаты ретінде шындықты айқындаудың процессуалдық құқықтық табиғаты болады. Қылмыстык, сот ісін жүргізу міндеттерінің бірі ҚІЖК-нің 8-бабында қылмысты тез және толық ашу деп көрсетіледі. Одан әрі ҚІЖК-нің 24-бабында істің мән-жайын жан-жақты, толык және объективті зерттеу үшін соттың, прокурордың, тергеушінің, анықтаушының заңда козделген барлық шараларды қабылдауға міндетті екендігі ескертіледі. Шындык ұғымының өзі міндеттер мен принциптерге арналған тарауда да аталады. Атап айтқанда ҚІЖК-нің 24-бабында былай делінген: "сот тараптардың пікірімен байланысты емес және өз бастамашылығымен қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау үшін қажетті шаралар қолдануға кұқылы".

Шындық ұғымын қылмыстық процестің принциптерімен өзара байланыста қарау қажет, мұның өзі оған айрықша маңыз береді.

Бұл ережелер өзінің мәнісінде мынаны көздейді: қылмысты ашу өмірде орын алған жағдайларды анықтауды мақсат етеді, ал зерттеудің объективтілігі-іс бойынша дәлелдемелерді алу және бағалау процесінде алаламай және алдын ала тон пішпей адалдық таныту. Сонымен, осы бөліктегі заң ережелерінің мағынасы қол жеткізген білімнің тану объектісіне сәйкес келуі қажеттігін ескертеді. Объекті туралы білімнің объектінің шынайы белгілеріне сәйкес келуі шындық болып табылады.

Қылмыстық сот ісін жүргізуде материалдандырылатын дәлелдемелермен өткеннің бейнесін ойша қалпына келтіру арқылы шындыққа кол жеткізіледі. Осы шындық дәлелдеме теориясында материалдық шындық деп аталады. М. С, Строгович қылмыстық процестегі материалдық шындықты тергеудегі және шешілу үстіндегі істің жай-жапсары туралы, кылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың кінәлі екендігі немесе кінәсіз екендігі туралы тергеу мен сот қорытындыларының объективті шындыққа толық және дәлме-дәл келуі деп анықтайды.Әрі қарай ол өз ойын материалдық шындық дегеніміз объективті шындық деп қорытындылайды. М. С. Строговичтің пікіріне В. Д. Дороховтың анықтамасы да жақын келеді, соңғысы объективті шындық дегеніміз объективті шындықты дұрыс бейнелейтін адамзат білімдерінің мазмұны және ол субъектіге, адамға, адамзатка тәуелсіз деп түсіндірді. Атап айтқанда, шындық дегеніміз-болмыстың өзі емес, объективті болмысты дұрыс танудың нәтижесі. Ол объективті, өйткені оның мазмұны бейнеленетін объектіге сәйкес келеді. Қылмыстық сот ісін жүргізу саласында объективті шындықты әлдеқайда кеш түсіну объективті шындықта субъективті бейнелеудің жоғарғы шыңына шығарады және объективтік шындықты зерттелетін фактілер мен жағдайларға субъективтік пайымдаудың толық және дәлме дәл сәйкес келуі деп анықтайды.

Бұрын айтылғандардан көрініп тұрғанындай зерттеушілер тұтас алғанда дәлелдеудің мақсаты шындықты анықтау деп түсінеді және бұл шындықтың объективті сипаты болады.

Шындықты философиялық түсіну, мұның өзі методологиялык; көзқарас тұрғысынан өте маңызды, оның екі жақты бастауын: салыстырмалы және абсолюттік шындықты ескеруін көздейді. Шектеулі білімнен анағұрлым терең және дәл білімге өрлеу процесі шыңдыкқа салыстырмалы сипат береді. Шындықтың салыстырмалылығы тарихи, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы танымның шектеулілігімен алдын ала анықталады. Бірақ шындық объективті болса, онда кез келген салыстырмалы шындықты абсолюттік білімнің элементтері болады. Бұл орайда философия абсолюттік шындықты тақырыпты толық, егжей-тегжейлі қамтыған және танымның одан әрі даму барысында жоққа шығарылуы мүмкін емес білім деп бағалайды. Осыны ескерсек, қылмыстық сот ісін жүргізуде қол жеткізілетін шындықтың сипаты туралы мәселені шешу дәлелдеме теориясы үшін принципті түрде маңызды болып табылады.

Қылмыстық процесте кол жеткізілетін шындықтың екі жақты (салыстырмалы және абсолюттік) сипаты туралы көзкарас мынадайтүсініктер бойынша анағұрлым қолайлы көрінеді.

Принципінде абсолюттік шындыққа қол жеткізуге болады деп тану қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыратын құзыретті органдар кызметінің нәтижесінде де абсолюттік шындыққа қол жеткізуге болады деп есептеуге негіз береді.

Абсолюттік және салыстырмалы шындықтың арақатынасы және езара байланысы туралы диалектикалық заңның жалпыға бірдейлілігі тең деңгейде қылмыстық сот ісін жүргізуде қол жеткізілетін шындықтың сипатына да қолданылады.

Дәлелдеуде абсолюттік (объективтік) шындыққа қолжеткізу мүмкіндігін жоқка шығару ісі бойьшша сот шешімінің әділеттілігіне және шынайылығына, яғни сот әділдігін орындаудың мүмкіндігі мен қажеттілігіне күмән келтіреді.

Дәлелдеуде салыстырмалы шындыққа қол жеткізуді жоққа шығару диалектика заңдарына кайшы келеді, мұның өзі айналып келгенде дәлелдеме мен дәлелдеудің мәнісін ғылыми тануда методологияны жоққа шығаруға не адамның әлемді тануда меңгере алмайтын шегі бар екендігін тануға әкеледі.

Қатаң түрдегі құқықтық тыйым салулар мен рұқсат беру жүйесінде көрінетін тергеу мен сот органдары қызметінің ерекшелігі танымдық қызметіің терендігіне, келеміне өзінің ізін қалдырады. Бұл қызмет, бір жағынан, іс бойынша белгіленетін шектермен, екінші жағынан құқықтық нұсқамалардың шеңберімен шектелген. Осы белгіленген шеңбердің ішінде қол жеткізілген шындықтың толық сипаты бар және сондықтан ол абсолюттік болып табылады.

1.6.Қылмыстық іс бойынша шындықты анықтаудың іс жүргізудегі кепілдіктері.

Қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесінде объетивтік шындықты анықтау іс жүргізу кепілдіктері ретінде көрінетін ерекшелігі бар процедуралық жағдайлар болған уақытта ғана мүмкін болады.Дәлелдеме құқығында олардың бірнеше түрлері бар; қылмыстық іс жүргізу құқығы қатынастарына қатысушылардың түрлі топтарының іс жүргізу жағдайын саралау жолымен белгілеу; қылмыстық сот ісін жүргізу принциптерініңжүйесі; қылмыстық іс жүргізушілік нысандарын заңдық тұрғыдан көздеу; сот ісін жүргізу кезендері мен сатыларының ревизиалық негізі; іс жүргізушілік мәжбүрлеу шараларының жүйесі;

Қылмыстық іс жүргізу құқығы қатынастарына қатысушылардың түрлі топтарының іс жүргізу жағдайын саралау жолымен белгілеу іс жүзінде іс жүргізушілік қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы қалыптасатын құқықтық мәртебелерді шектеуді білдіреді.Мәселен, куәгердің міндеті тек қана шындықты айту, куәгер анықтау органының немесе тергеушінің шақыруы бойынша келуден жалтарса немесе бас тартса, соңдай-ақ әдейі жалған жауап берсе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Бұл заң ережесі ерекшелігі бар сипатта тергеу мен соттың істің мән-жайы туралы шынайы, объективті ақпарат алуына кепілдік береді.Біз қарастырып отырған түрдің маңызды кепілдігі айыпталушының құқығы болып табылады: ол не себепті өзін кінәлап отырғанын білуге; өзіне тағылған айып бойынша түсінік беруге; қорғаушы алуына; қарсылық білдіруге немесе шағымдар түсіруге құқылы. Айыпталушының құқығын жүзеге асыру істің нәтижесіне мүдделі өзге де адамдардың еркі мен тілегіне қарамастан шыңдықты анықтауға жәрдемдеседі.

Объективтік шыңдықты анықтаудың елеулі кепілдігі сот мәжілісінде төрағалық етушінің өкілеттілігі болып табылады, ол сот мәжілісін шындықты анықтауға бағыттауға және қаралып отырған іске қатысы жоқтың бәрін де ысырып қоюға міндетті (ҚІЖК-нің314-бабы).

Қылмыстық іс жүргізу құқығы көздерінің нормаларымен бекітілген қылмыстық сот ісін жүргізу принциптерінің жүйесі өз өзінен салалық кепілдіктермен қамтамасыз етілген, мұның өзі іс бойынша принциптер жүйесін объективті шындықты анықтаудың екі еселенген кепілдіктері деп есептеуге мүмкіндік береді.

Сот әділдігін тек соттың жүзеге асыруы, судьялардың тәуелсіздігі және олардың заңға ғана бағыныштылығы, соттың дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша және заңға сәйкес бағалауы, кеңесу бөлмесінің құпиялылығы, сот әдіддігін атқару жөнінде соттың қызметіне кімнің де болсын араласуына жол бермеу (Қазакстан Республикасы Конституциясының 77-бабы) судьяға қол сұғылмаушылық (Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бабы) істі толық, жан-жақты, объективті және алаламай қарауға және оны мәні бойынша шешуге жәрдемдесетін ерекшелігі бар сот кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

Процеске қатысушылардың құқықтары мен занды мүдделерін сақтау мен корғауға бағытталған принциптер кылмыстық іс бойынша шындықты анықтаудың тағы бір елеулі кепілдігі болып табылады. Принциптердің осы тобына заң белгілеген негіздерде және тәртіпте, болмаса өзгеше түрде айыпталушы ретінде жауапқа тартуғажол бермеу; тұлғаға қол сұғылмаушылық; тұрғын үйге қол сұғылмаушылық; азаматтардың жеке өмірін корғау; хат-хабар, телефондық әңгімелердің және телеграфтық хабарлардың құпиялылығы; сезіктіге, айыпталушыға және сотталушыға корғану кұкығын қамтамасыз ету; күш қолдану, катер төндіру және өзге де заңсыз шаралар арқылы айыпталушыдан және іске катысушы басқа да адамдардан жауаптар алуға тыйым салу; процеске катысушылардың және өзге де адамдардың қауіпсіздігін камтамасыз ету; заң мен сот алдында баршаның теңдігі; кез келген күдіктенушілікті айыпталушының пайдасына шешу; өзі қорғауға алған адамның келісімінсіз қорғаушының заңдық көмек көрсетуіне байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жариялауға тыйым салу; өзіне, жұбайына (зайыбына) және жакын туыскандарына қарсы, сондай-ақ діни қызметкерлерінің өзіне сенім білдіретін діндестеріне карсы куәлік беруіне тыйым салу жатады.

Іс бойынша шындықты анықтау кезіндегі принциптердің өзгешелігі "негізгі кұқықтық идеялар, негізге алынатын ережелер сияқты процестің кейбір принциптері нақты нормада бекітілмегендігі, іс жүргізу нормалары жүйесінен туындайтындығы болып табылады, бұған коса процесс принциптерінің жекелеген нормаларда толық емес бейнелену мүмкіндігі жоққа шығарылмайды, ондайда, нақты жағдайда оған тікелей катысы бар кұқық нормасы емес, процесс принципі сот әділдігі мақсаттарына, тұлғаның құқықтары мен занды мүдделерін қорғауға қол жеткізудің кепілдіктері ретінде көрінеді".

Іс жүргізу нысандарын заң жүзінде көздеу объективтік шындықты анықтауға жәрдемдесетін жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Кепілдік берудің мұңдай сипатында жалпы іс жүргізу нысаны және іс бойынша шындыққа қол жеткізу мақсатын көздеп жасаған ерекшелігі бар нысан бой көрсетеді. Осындай ерекшелігі бар нысан ретінде істің іс жүзіндегі сипатына қарамастан үкімді жоққа шығарудың формальды негіздерінің болуы мысал бола алады. Айталық, егер іс соттың заңсыз кұрамында қаралса; егер үкімді қабылдау кезінде судьялар кеңесінің құпиялылығы бұзылса, егер судьялардың бірі үкімге қол қоймаса, онда үкім жоққа шығарылуы тиіс. Мұндай жағдайларда үкімді жоққа шығару үшін мәнісі бойынша үкімнің әділеттілігі және жасалған іс әрекеттің ауырлығына сәйкес келетіндігі туралы жағдайдың да маңызы болмайды. Формальды негіздер бойынша үкімді жоққа шығарудың құқықтық салдары заңның барлық нұсқамаларын сақтай отырып істі жаңадан карау болып табылады.

Объективтік шындықты анықтауға бағытталған ерекшелігі бар іс жүргізу нысаны заттық айғақтарды іске тігу мен сақтау болып табылады. Сот сараптамасын міндетті түрде тағайындау, сотта куәгерлерден жауап алуды жүргізудің тәртібі, тұлғалар мен заттарды тануды жүргізудің тәртібі және басқалары жоғарыда аталған топқа жатады.

Әділ сотта іс жүргізу нысанының мағынасын асыра сілтеп айту мүмкін емес, ол жалпы көшпілікке мәлім. Бірақ объективті шындықты анықтау кезіндегі оның мәні айрықша. Мәселе мынада: кез.келген көлемде іс жүргізу нысанын бұзу жүргізілген тергеудің объективтілігіне және іс бойынша қабылданған шешімнің зандылығына күдік туғызуы тиіс. Мұндай күдік туындаған жағдайда қылмыстық іс бойынша объективті шындықтың анықталатындығына деген сенім өз өзінен жоғалады.

Сот ісін жүргізудің сатылары мен кезеңдерінің ревизиялық негізі -өткен сатының не кезеңнің іс жүргізу нұсқамалары сақталған жағдайда ғана әрбір келесі саты, кезең орын алуы мүмкін деген мағынада іс бойышпа объективті шындықты анықтауға кепілдік береді.

Процессуалдық мәжбүрлеу шараларының жүйесі тұлғаның субъективті құқықтарын қорғай отырып, қылмыстық сот ісін жүргізуде шындыкты анықтаудың жеткілікті тиімді кепілдіктерін қамтамасыз етеді. Мәселен, анықтау органынын немесе тергеушінің шақыруы бойынша дәлелді себептерсіз куәгер келмеген жағдайда оны айдап әкеледі; адам қылмыстық іс бойынша шындықты анықтауға кедергі келтіруі мүмкін деп жорамалдауға негіз болған жағдайда оған бұлтартпау шаралары қолданылады; дәлелдемелерді қамтамасыз ету мақсатында почта-телеграф хат-хабарларын пайдалануға тыйым салынуы мүмкін.



2-тарау.Дәлелдемелерді қайнар көздері мен олардың іске қатыстылығы.

2.1.Дәлелдемелердің көздері.

Дәлелдеме көздері немесе дәлелдеу тәсілдері ҚІЖК-нің 115-бабының 2-бөлігінде егжей-тегжейлі тізбеленген және мыналарды қамтиды:

куәгердің жауап беруі, жәбірленушінің жауап беруі, сезіктінің жауап беруі, айыпталушының жауап беруі;

сарапшының қорытындысы;

заттық айғақтар;

процессуалдық іс-қимыл хаттамалары;

өзге де құжаттар;

Кең ауқымды мағынасында дәлелдеудің көздері деп деректердің тікелей көздерін, сондай-ақ оларды алудың әдістерін, дәлелдеу барысындағы тексеру мен пайдалануды түсіну керек.

"Көз" ұғымын кең ауқымды мағынада түсіндірудің құқықтық негізі бар. Мәселен, ҚІЖК-нің 116-бабында былай деп белгіленген: көзі белгісіз немесе сот мәжілісінде анықталуы мүмкін емес көздін мәліметтеріне негізделген куәгердің және жәбірленушінің жауаптары дәлелдемелер сипатында қызмет ете алмайды. Бұл ереже көз фактілер туралы мәлімет сақтаушы деп есептеуге мүмкіңдік береді. Дәлелдемелер сипатында сақтаушылар емес, оларда негізі каланған ақпарат есептеледі.

Дәлелдемелер көздерінін тізбесіне қатысты ғылыми әдебиеттеәр түрлі көзқарастар калыптасты, олардың мәні негізінен тізбені кенейту қажеттілігіне сүйенеді. Мәселен, П. П. Якимов дәлелдемелердің дербес көздері ретінде азаматтық талапкердің жауаптарын, азаматтық жауапкердің жауаптарын, олардың өкілдерінін жауаптарын қарауды ұсынады. А. С. Ландо осыған ұқсас көзқарасты білдіреді, ол көздер тізбесін кәмелетке толмаған айыпталушының занды өкілінің жауаптарымен толықтыруды орынды деп есептейді.В.Д.Арсеньевтің пікірі бойынша заттық айғақтар көздер бола алмайды, өйткені олар дәлелдеу тәсілдері мен дәлелдеме фактілер арасындағы аралық жағдайда орналасқан. Ол сондай-ақ заттық айғақтарға қатысты олардың "алғашқы көздері", яғни олар табылған және алынған орын туралы айтуды орынды санайды.

Дәлелдеме көздері түрлерінің мәні туралы көзқарастарға сыни талдау жасау П. П. Якимов пен А.С. Ландоның ұсыныстары ғылыми және практикалық мүдделілік туғызады және заң шығарушы қабылдап алуға тұрады деп есептеуге мүмкіндік береді. В. Д. Арсеньев көзқарасының жақтастары да, қарсыластары да бар. Іс жүргізушілік мағынада дәлелдеме көздері заттың өзі емес, іс үшін маңызы бар іс жүзіндегі деректермен ұсынылған, яғни дәлелдеме бола алатындай заттың қасиеттері деген Р. С. Белкин мен А. И. Винбергтің пайымдауы да дұрыс көрінеді. Сараптамалық зерттеуге арналған үлгілерге қатысты айтатын болсак, онда М. М. Михеенконың пікірі бойынша олар заттық айғақтар да, ерекше түрдегі дәлелдемелер де, дәлелдеудің тәсілдері де болып табылмайды. Бұл көзқарас Н. А. Селивановтың пайымдауымен сәйкес келеді, ол былай деп жазды: "Затты заттық айғақ деп тану осы зат пен істің анықталған мән-жайы арасындағы байланыстың болуын көздейді. Ал салыстырмалы үлгілерге қатысты мұндай байланыс туралы айтудың өзі артық. Олар тергеліп жатқан оқиғамен емес, тергеумен байланысты және оның кылмыстық іске қатысына қарамастан белгілі бір субъектіні немесе объектіні сипаттайды. Салыстырып қарауға кемектесе отырып, мәні жөнінен үлгілер таным құралдары ретінде қызмет етеді және осы тұрғыда оларды заттық айғақтарды зерттеуді жүргізе отырып, сарапшы пайдаланатын кұралдармен, құрылғылармен және басқа да тетіктермен, сондай-ақ зерттеуші өзінің қорытындыларында негізге алатын әдеби көздерде бар анықтамалық және ғылыми деректермен салыстыруға болады".

Дәлелдемелердің дербес көздері ретінде қылмыстык іс жүргізу заңы іс жүргізушілік

іс-қимыл хаттамаларын атайды. Бірақ қандай да бір нақты кимылды заң ескертпейді. Тергеу іс-қимылдарының хаттамалары дәлелдеме көздері болып табылатын тізбе бөлігіндегі ғалым-процессуалистер арасында әр түрлі көзқарас орын алған. В. Д. Арсеньев қылмыстык іс жүргізу за-ңында көзделген кез келген тергеу іс-қимылының хаттамалары ішінара дәлелдеме көздері болып табылады деп ойлайды. Оған керісінше Ф. Н. Фаткуллин мен В. Я. Дорохов істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-кимылдарының хаттамалары ғана дәлелдеме көздері болып табылады деп есептейді. Мәселе мәнісін осылайша түсіну дәлелдеме мақсатына анағұрлым сәйкес келетін сияқты, өйткені жекелеген тергеу іс-қимылдарының қосымша сипаты ғана бар және тікелей дәлелдемелер жинақтау тәсілдерін құрамайды (мәселен, мәйітті сойып көру оны қарауды және сот-медициналық сараптаманы жүргізу үшін қажеггі жағдайлар жасауға бағытталған). Өзінің көзқарасын жақтай отырып, В. Я. Дорохов былай деп жазды: "Хаттамалардын, дәлелдеу маңызы туралы мәселе дәлелдемелерді жинақтаудың іс жүргізушілік тәсілдері болып табылатын тергеу және сот іс-қимылының хаттамаларына қатысты ғана қойылуы мүмкін".

Дәлелдемелер кәздері ҚІЖК-де толық келтірілген және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды, мұның өзі тиісті емес көздерден және тиісті емес жолмен алынған дәлелдемелер қылмыстық процесте осы сипатында шыға алмайтындығы іс жүргізушілік құқығының ережесіне сәйкес келеді.



2.2.Дәлелдемелерді топтастырудың тәртібі.

Дәлелдемелерді жіктеудің теориялық та, практикалық та маңызы бар. Теориялық маңызы мынадан көрінеді: жіктеу зерттелетін объектілерге жүйелік көзқарастың негізі болып табылады. Қызмет ретінде дәлелдеу процесінің күрделілігі мен әр қилылығына, іс жүргізушілік дәлелдеуге тартылатын объектілердің шексіздігіне, сондай-ақ дәлелдемелер мен мазмұнының алуан түрлілігіне байланысты дәлелдемелерге қатысты бұл өте маңызды. Дәлелдемелерді жіктеудің практикалық маңызы туралы айта келіп А. А. Хмыров былай деп атап өтеді: дәлелдемелерді жіктеу "оларды жинаудың, зерттеудің және бағалаудың ерекшеліктерін алдын ала анықтайды, жекелеген дәлелдемелер түрлерінің іс жүргізушілік режимін, сондай-ақ оларды пайдаланудың жолдары мен әдістерін, оларды дәлелдеудегі маңызын дұрыс анықтауға көмектеседі.

Жіктеу істің мән-жайынжан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге жәрдемдесуі тиіс және жинақталған дәлелдемелер жиынтығын бір жүйеге түсіруге, дәлелдеуге жататын іс жағдайларының қайсысы жеткілікті түрде толық анықталғанын, қайсысы әлі де анықталмағанын не қосымша нақтылануға мұқтаж екенін білуге көмектеседі".

Әділеттілік үшін атап өту қажет, жоғарыда айтылғанындай зерттеу объектісінін көп қырлылығына байланысты қандай да бір негізі немесе белгісі бойынша дәлелдемелерді толық жіктеу мүмкін емес. Мынаны да есте ұстау керек: дәлелдемелерді жіктеу дәлелдемелердің қайсысы "жақсы" деген сұраққа жауап бермейді. Мәселені осылайша қою бірде бір дәлелдеменің күні бұрын анықталған күші болмайтындығы туралы қылмыстық іс жүргізушілік ережені мағынасынан айырады. Сонымен, дәлелдемелерді жіктеудің практикалық маңызы іс бойынша анықталған дәлелдемені бағалау кезінде соттың қорытынды ережелерінің сипатына қолданылмайды.

Дәстүрлі түрде қабылданған жіктеу мынадай негіздер бойынша бөлуді қарастырады:

1) дәлелдемелер мен олардың көздерінің байланысы бойынша;

2) дәлелдемелердің сипаты бойынша;

3) дәлелдемелерді алу мен пайдаланудың сипаты бойынша.

Дәлелдемелер мен олардың көздерінін байланысы бойынша дәлелдемелер мынадай түрге бөлінеді:

а) жекежәне заттық;

ә) әуел бастағы және іс жүргізу барысындағы;

б) сапалы және сапасыз.

Жеке және заттық дәлелдемелер дәлелдемелік ақпараттың қалыптасу тетігін сипаттайды және осы тетіктің акпаратты сақтаушысымен байланысын анықтайды. Егер ақпараттың көзі адам болса (айыпталушының, сезіктінің, куәгердің жауаптары, сарапшы қорытындысы), онда ол жеке дәлелдемелерге жатады. Егер ақпарат заттар мен кұжаттарда болса, бұл орайда құжаттар адамдардың жауап беруін тіркемеуге тиіс, онда олар заттық дәлелдемелерге жатады.

Заттық айғақтар туралы айта отырып, Ф. Н. Фаткуллин былай деп көрсетеді: "Іс жүзіндегі акпараттың сақтаушысы материалдық объектілер болып табылатын, ал акпараттың өзі тілден тыс нысанда берілетін дәлелдемелер мен көздер заттық деп аталуы мүмкін. Мұндайлардың қатарына қылмыстық қызметтің құралдары мен өнімдері, қоғамдык қауіпті әрекеттің іздері бар заттар, қылмыстық жолмен болған кұндылықтар жатады. Бұл жерде іс үшін маңызы бар жағдайлар туралы тиісті ақпарат қылмыстық істі тергеу және соттың қарау кезіңде тікелей сезіммен кабыддауға болатын материалдық "іздер" мен нақты фактілер түрінде сақталады және беріледі".

Дәлелдемелерді жеке және заттық деп бөлу олардың қалыптасуының негіздері мен тетіктерін саралаудан көрінеді. Мұндай саралау дәлелдемелерді жинаудың, тексерудің және бағалаудың тиімді әдістемесі мен тактикасын жасау үшін қажет.

Қаралып отырған негіз бойынша дәлелдемелерді жіктеуден туындайтын түрлі көзқарастарды талдай отырып, П. С. Элькинд "Дәлелдемелер теориясы" (1973) авторларына кейбір сын-пікірлер айтады: олар "дәлелдемелердің екінші түрін тек заттық айғактарға әкеліп тірейді, біз мұнымен келісе алмаймыз, өйткені заттық айғақтар азаматтардан шықпайтын дәлелдеме компоненттерінің бірін құрайды. Мынаны да ескеру керек: тергеу және сот іс-қимылының хаттамалары белгілі бір адамдардан шыққан акпаратты (мәселен, жауап алу хаттамасы) не заттар мен кұжаттарда бар акпаратты (мәселен, заттық айғақты карау хаттамасы, тінту кезінде табылған құжатты көрсете отырып жасалған тінту хаттамасы және басқалары) куәландыра алады. Кез келген хаттамаға нақты адамдар қол қояды және осы формальды белгісі бойынша адамдардан шыкқан дәлелдемелерге жатқызуға болар еді, дегенмен шешуші рөлді оның мазмұны көрсетеді ол адамдардан шыкқан және заттар мен құжаттарда бар ақпаратты бекітеді".

Дәлелдемелерді жекежәне заттық деп бөлудің бар болғаны сыртқы формальды сипаты ғана бар және өзін қалыптастырудың тетігін қамтитын дәлелдеме табиғатын бейнелейді.

Бастапқы және туынды дәлелдемелер. Мұндай жіктеу Ф. Н. Фаткуллин атап көрсеткеніндей, "іс бойынша анықтауға жататын факті мен оның бейнесі болып табылатын акпарат арасындағы дәнекерлік деңгейінің белгісіне негізделеді".

Бастапқы дәлелдемелерге тікелей бастау көзден шыққан және акпарат сақтаушысы мен ақпарат арасында қандай да бір аралық буын жоқ дәлелдемелер жатады. Мәселен, өзін қызықтырған фактіні тікелей қабылдаған куәгердің жауабы бастапқы дәлелдемелер болып табылады. Осы топқа барлық уақытта "дәлелдеу тақырыбының құрамдас материалдандырылған "бөліктері ретінде" заттық айғақтар да жатады".

Туынды дәлелдемелерге "анықтау, тергеу, сот органдары ақпараттың екінші көзінен, "екінші қолдан" (құжат көшірмесі, куәгердің тікелей тиісті оқиғаны бақылаған, басқа адамнан не естігені туралы жауап беруі және басқалары)" алған ақпараты жатады.

Дәлелдемелерді бастапқы және туынды деп бөлудің маңызы дәлелдеменің тікелей бастапқы көзден қаншалықты деңгейге ұлғайғанын анықтаудың практикалық қажеттілігіне байланысты. Қашықтау деңгейі (дәнекерлік) елеулі болған сайын қате мәлімет алудың ықтималдығы ұлғая түседі.

Туынды дәлелдеудін мәні туралы мәселеде белгілі бір күрделілік бар. В. Д. Арсеньев әділетті түрде атап өткеніндей, туынды дәлелдемелерді қалыптастыру процесінің кездейсок, сондай-ақ жасанды сипаты болады. Қылмыстық процесті жүзеге асыратын адамның еркінен тыс орын алатынның бәрі де кездейсоқ сипатта болады (мәселен, тікелей куәгер мен өзге де адамдардың арасында істің мән-жайы туралы кездей соқ пікір алмасу). Сот ісін жүргізуде туынды дәлелдемелерді сапалы түрде қалыптастыру процесі де жүреді. Мәселен. "егер оқиғаның басында болған куәгер тергеушіге жауап берсе, соңғысы істі түпкілікті шешетін сотқа қатысты жауап беріп (куәгер белгілі бір себептермен тікелей жауап беруге келе алмаса) туынды дәлелдеменің көзі ретінде шыға алады. Осы себепке байланысты тікелей жауап алу, тінту жүргізу және өзге де іс-әрекет хаттамасы хаттамалардың өзінде тіркелген дәлелдемелерге қатысы жөнінен туынды болып табылады. Міне, осыны назарға ала отырып, С. В. Курылев құжаттарды жасауға. "туынды, дәлелдемелерді туғызудың саналы түрде ұйымдастырылған процесі" деп сипаттама берді.

Сапалы және сапасыз дәлелдемелер. Мұндай жіктеу "іс жүзінде ақпарат сақтаушының оны дұрыс қабылдау, сақгау және көз алдына келтіру қабілетін, қандай да бір басқа себепке байланысты хабарланатын ақпараттың өңін айналдырмауды оның нақтылығын, қарама-қайшы болмауын және тиісінше іс жүргізушілік ресімделуін" білдіреді.

Дәлелдеменің сапалық сипаты сыртқы белгілерді ғана емес, сонымен бірге ізделетін ақпараттың мәнділігі мен мазмұнын да қамтиды. Сыртқы және ішкі сипаттамаларының жалпы іс жүргізушілік сипаттарға сәйкес келуі іс жүзінде мұндай акпарат істің мән-жайын объективті түрде бейнелейді және өзінің сапалылығына байланысты іс бойынша қорытынды ережелерді қалыптастыруда маңызы болады дегенді білдіреді.

Сапалы дәлелдеме өзінің сипаты бойынша мынадай түрлерге бөлінеді:

а) айыптау және ақтау;

ә) тікелей және жанама.

Айыптау және ақтау дәлелдемелері. Қаралып отырған жіктеу дәлелдеменің айыптау тақырыбына қатысын білдіреді.

Айыптауға заңға қайшы іс-әрекет жасаған адамның кінәлілігін немесе адамның жауапкершілігін ауырлататын мән-жайды сөзсіз анықтайтын іс жүзіндегі деректер жатады. Ақтауға айыптауды жоққа шығаратын не адамның жауапкершілігін жұмсартатын мән-жайды анықтайтын дәлелдемелер жатады. Ақтау дәледдемелерінің бір түріне алиби жатады.

"Дәлелдемелер теориясының" авторлары (1973 ж.) айыптау тақырыбына қатысы жөнінен дәлелдемелер "бейтарап" болуы мүмкін деген Р. Д. Рахуновтың тезисін сынға алады, А.И. Винберг дәлелдеменің "бейтараптығы" қылмыстық іс жүргізушілік заңның ережелеріне қайшы келеді деп есептейді, аталған заңға сәйкес іс жүзіндегі деректер қоғамның қауіпті әрекетінің, адамның кінәсінің және іс үшін маңызы бар өзге де жағдайлардың болғандығын немесе болмағаңдығын анықтау үшін негіз болып табылады. Яғни дәлелдеменің "бейтараптық" қасиетін тану дәлелдемені іс жүргізушілік мағынасында жоққа шығаруға әкеліп соғады.

Дәлелдемені ақтауға және айыптауға жатқызудың құбылмалы сипаты бар. Қылмыстық сот ісін жүргізудің әр түрлі сатыларында белгілі бір акпарат ақтау сипатында да, айыптау сипатында да көрінуі мүмкін.

Тікелей және жанама дәлелдемелер. Логикалық сипаттағы мұндай жіктеу дәлелденетін мән-жайды негіздеу процесінің кұрылымын білдіреді. Осы кұрылымдық айырмашылығын негізге ала отырып, бірқатар зерттеушілер тікелей дәлелдемені — бір сатылыға, ал жанаманы — көп сатылыға жатқызады.Ф. Н. Фаткуллиннің көрсеткені сияқты "дәлелдемелерді тікелей және жанама деп жіктеудің негізіне олардың белгілі бір адам жасаған (қысқаша іс бойынша басты факті деп атасақ) фактіге ғана қатысын алған анағұрлым орынды. Бұл орайда тікелей дәлелдемелер ретінде іс жүзіндегі деректер қызмет етеді, іс жүзіндегі деректер іс бойынша белгілі бір әрекетті жасаушы немесе жасамаушы ретінде нақты адамды тікелей және бір мәнді етіп көрсетеді. Мұндай белгілер қатарына жәбірленушінің сезіктіні тануы, айыпталушының өзіне таңылған іс-әрекетті жасағандығын мойындауы, куәгерлердің нақ осы адамның іс-әрекет жасағандығы туралы мәліметтер беруі, осы адамның арамдық жасағандығы туралы сарашпының қорытындысы, айыпталушының алибиі жатады.

Жанама дәлелдемелер деп нақты іс жүзіндегі деректерді тану керек, ондай деректер тергеліп жатқан әрекетті жасаушыға тікелей қатысты емес, істің калған мән-жайларының жиынтығыңда ғана қылмысты ашуға, және кінәліні анықтауға жәрдемдеседі. Бұл, айталық, тас жол бойында жатқан мәйітті табу, мәйітті машинаның басып кеткен іздері, нақты машинадан адам басқандығының іздерін анықтау, кісіні басқан уакытпен бір шамада осы тас жол бойымен машинаның жүру фактісі және. Мұндай фактілердің бәрі және мәліметтер іс бойынша белгілі әрекетті белгілі бір адамның жасағандығы туралы қорытындыға әкеледі.

Дәлелдемелерді басты факт және дәлелдемелік факті деп бөлетін бұрын теорияда билік құрған тұжырымды дамыту болып табылады. Атап айтқанда М. С. Строгович былай деп жазды: "Дәледдемелер айыпталушы өзіне тағылған кылмысты жасағандығы туралы баска фактіні немесе дәлелдемелік фактіні, яғни басты фактіге енбейтін, бірақ істің баска да жағдайлары мен жиынтығында басты фактіні анықтау үшін қызмет ететін қандай да бір қосымша фактіні анықтауға байланысты тікелей және жанама дәлелдемелерге бөлінеді... Тікелей дәлелдеме басты фактіні анықтайды... Жанама дәлелдемені басты факті емес, дәлелдемелік факті анықтайды, соңғысы өз кезегінде басты фактінің дәлелдемесі болып табылады".

Дәлелдемелерді тікелей немесе жанама деп бөлуге катысты П. С. Элькинд өзіндік бағыт ұстанады. Атап айтқанда, ол осындай бөлудің жіктеу өлшемдеріне мынаны жатқызады: "нақты адамның өзіне тағылған қылмысты жасауы, мұның өзі негізінен қылмыс құрамының субъектісі мен объектісіне байланысты". Дәлелдемелерді тікелей және жанама деп бөлу — іс бойынша барлық анықталған іс жүзіндегі деректердің жиынтығын бағалау негізінде істі мәні бойынша шешу туралы талаптардың маңыздылығын кемітпейді. Тікелей дәлелдемелердің болуы жанама дәлелдердің "қажетсіздігін" білдірмейді. Оның үстіне ізделетін фактілер жанама дәлелдемелердің негізінде ғана дәлме-дәл анықталуы мүмкін. Соңғы жағдай жанама дәлелдемелерді өзара байланысы жоқ үзік-үзік мәліметтер ретінде карауды жоққа шығарады, өйткені керісінше жағдайда әрекеттің логикалық дәлме-дәл өлшенген суретін қайта қалпына келтіруге болмайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет