Тарғын ауылдық округі әкімінің 2011 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі



Дата24.02.2016
өлшемі145.04 Kb.
#11916
Тарғын ауылдық округі әкімінің 2011 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі
Қазақстан Республикасының Президенті Н. А. Назарбаевтың 2005 жыл 6 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес округ әкімінің тұрғындар алдында жыл сайын өтетін есепті кездесуін ашуға рұқсат етіңіздер.

Биылғы кезекті есеп беру жиыны Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығымен және барлық деңгейдегі депутаттар сайлауына дайындықпен тұспа-тұс келіп отыр. Әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру жиыны негізінен тұрғындардың округтегі атқарылып жатқан және атқаруга тиісті істермен, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларымен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді. Бүгінгі менің есеп беру жиынымның облыстың бірінші басшысының қатысуымен өтуі үлкен жауапкершілікті жүктеп, жиынның сапасын арттыра түседі деп есептеймін.

Осыдан 20 жыл бұрын біз басқалардан үйренуші елдің қатарында болсақ, қазір басқа мемлекеттер бізден ақыл сұрап, оларды үйрететін дәрежеге жеттік. 2011 жыл Қазақстан үшін өте табысты жыл болды. Еліміздің спортшылары 7-ші қысқы Азиялық ойындардың жеңімпазы аталды. Қазақстан Ислам конференциясының төрағалық қызметін атқарды. Қазақстанның 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстарының барлығын тікелей Елбасының әлемдегі үлкен беделімен, көреген саясатының нақты нәтижесі деп білеміз Еліміздегі саяси тұрақтылық, экономикалық өрлеу, бейбітшілік пен ұлтаралық келісім халқымыздың келешекке деген үмітін арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсуде.

Өткен 2011 жылдың қаңтар айында есепті кездесу кезінде төмендегі сұрақтар қойылған:

1. Тарғын ауылында Мәдениет үйін салу – 2012 жылы Мәдениет үйін салу жоспарға енгізілді

2. Айттыков ауылында мектеп салу мәселесі – 2012-2013 жылдарда 120 орындық мектеп салу жоспарланды

3. Жоғарғы Таинты ауылында ауыз су мәселесі – «Туған жерге тағзым» бағдарламасына сәйкес жеке кәсіпкер Багадаев Б. 2 құдық қазып берді.

Тарғын ауылдық округі аудан ішіндегі көлемі жағынан, елді мекендердің саны мен ара-қашықтықтары жағынан үлкен әкімшіліктің бірі болып саналады. Көркем табиғаты мен тоғыз жолдың торабында орналасуы тұрмысқа қолайлы болып келеді. Сол себепті округ тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. 2006 жылы - 3010 адам, 2010 - 3154 адам, 2011 жылы – 3278 адамды құрап отыр. Тарғын ауылдық округі 5 елді мекендерден тұрады, әкімшілік орталығы Тарғын ауылынан ара қашықтығы 15-тен 70 шақырымға дейін, Тарғын ауылы аудан орталығынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан.


Округтің негізгі саласы ауыл шаруашылығы болып есептеледі

Округтің жер көлемі 89705 га құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланатыны 78 913 га, оның ішінде шабындық 3257 га, жайылым 69920 га, егістік жер көлемі 5097 га құрайды. Елді мекендердегі жеке меншік малдардың жайылымына берілген жерлер 8869 га, оның ішінде егістік 217 га, жайылым 7412 га, шабындық 82 га, елді мекендер орналасқан жер көлемі - 421 га және қосалқы жерлер 677 га.

Округтегі 5097 га егістік жерлердің 1000 га ауыл шаруашылық дақылдарын егуге қолайлы болып саналады. 2011 жылы егістік жерлердің 950 гектары игерілді, оның ішінде 217 га дәнді дақылдар, 115 га картоп, 8 га көкөніс, 559 га көп жылдық шөптер, 51 га бір жылдық шөптер. Картоптың әр гектарынан 175 центнерден, көкөністін әр гектарынан 273 центнерден өнім жиналды.

Шығыс Қазақстан облыстың ауыл шаруашылығын жүргізу нұсқамаларына сәйкес округтің жерлері негізінен мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болып саналады. Сол себепті округ көлемінде мал басының өсуіне байланысты көпжылдық шөп егу көлемін жылдан жылға арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш 2009 жылы 394 га болса, 2012 жылы 690 гектарды құрайды.

Округ аумағында 3900 бас ірі қара, 9100 бас қой-ешкі, 1700 бас жылқы, 1460 үй құстары тіркелген. Жыл көлемінде округ бойынша 8900 центнер ет, 50000 центнер сүт, 100 центнер қымыз, 180000 дана жұмыртқа, 165 центнер жүн, 20125 центнер картоп, 2196 центнер көкөніс өндіріліп, 19700 тонна мал азығы дайындалды. Округ бойынша мал басы мен оның өнімдерінің көлемі жылдан жылға артып келеді. Заман талабына сай «Болашак» және «Арғын» шаруа қожалықтарында мал сою пунктері салынған, «Бердинова» шаруа қожалығында 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы іске қосылды.

Малдардың тұқымын асылдандыру жұмысын дұрыс жолға қоймай, мал өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыру мүмкін емес екендігі белгілі. Сол себепті округ бойынша 2 адам «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы арнайы ірі қараны қолдан ұрықтандыру курсына жіберіліп, мамандық алып, ауылшаруашылық бөлімі арқылы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмысты 2012 жылдың қаңтар айынан бастап іске асыру жоспарлануда.

Биылғы жылы КХР келген оралмандарды ұйымдастырып Тарғын ауылында ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Оларға «Егіндала» учаскесінен картоп егуге бөлініп берілген 30 гектар жерден жақсы өнім жинады. Алынған өнімнің бір бөлігі күз айларында аудан және облыс орталығындағы жәрмеңкелерде саудаланды.

Картоп өнімінен мол табыс табу үшін округ аумағында картоп сақтайтын қойма салу қажеттілігі туындап отыр. Қоймада сақталған картоптарды көктем айында әр килограмын 80-100 теңгеден саудалауға мүмкіншілік болар еді. Келешекте осы мәселені ойластыру қажет деп есептеймін.


Кәсіпкерлік

Ел басының тапсырмасына сәйкес барлық салық түрлерінің ішіндегі шағын кәсіпкерліктен түсетін салық көлемін жылдан жылға ұлғайту басты міндетіміз болып саналады. Бүгінгі күнге әкімшілік аумағында 29 шағын кәсіпкерлік нышандары жұмыс істейді, оның ішінде 17 дүкен, 6 жол бойындағы тамақтандыру орындары, 1 шағын наубайхана, 4 жеке кәсіпкерлік бірліктер тіркелген (жүк тасымалдау, тауар сату, аудармашылық және компьютерлік қызмет көрсету), 1 демалыс орны. Осы шағын кәсіпкерлік нышандарында 41 адам жұмысқа тартылған.

2011 жылы Тарғын ауылында 1 дүкен ашылды, 2012 жылдың 1 тоқсанында Жоғарғы Таинтыда 1 дүкен, Айттыков ауылында 1 наубайхана, 1 кафе ашу жоспарлануда. Ауылдардағы дүкендердегі күнделікті азық-түлік бағаларын тежеп ұстау жөнінде 13 дүкен иелерімен меморандум жасалып, бағалар күнделікті бақылауда тұрады.
Бюджет
Жыл басынан әкімшілік бюджетіне 8 млн. 643 мың теңге қаржы бөлінді, оның ішінде аппаратты ұстауға 3 млн. 740 мың тенге, көшені жарықтандыруға – 210 000, санитарлық тазалыққа -100 000 теңге, абаттандыруға және көгалдандыруға – 100 000 тенге. Мемлекеттік қызметкерлердің еңбек ақылары және міндетті төлемдері мен өтемақылары толығымен төленді. Санитарлық тазалыққа бөлінген 100 мың теңгеге Тарғын және Жоғарғы Тайынты ауылдарындағы қоқыс төгілген орындар ретке келтіріліп, рұқсатсыз қоқыс төгілген орындар тазартылды. Қаңғыбас 41 иттің көзі жойылды.

Абаттандыру және көгалдандыруға берілген 100 мың теңгеге Тарғын ауылындағы саябаққа көшеттер отырғызылып, спорттық алаңшалар жабдықталып, орындықтар орнатылды.

Бөлінген қаржы толығымен игерілді.

Округ бойынша жергілікті салық жинау жоспары артығымен орындалды.

Мүлік салығының жоспары 41085 болса, орындалғаны - 45995 теңге,

жер салығы: жоспар -208772 теңге, орындалғаны 229908 теңге.

Көлік салығы: жоспар - 950 мың, орындалғаны 950 мың теңге.

Бір жолғы талондар сату жоспары -110300 теңге, орындалғаны 114075 теңге.

Барлығы 1 млн. 339 мың 978 теңге.
Білім беру
Округ аумағында 2 орта , 2 негізгі мектеп орналасқан. Оқушылар саны- 395, мұғалімдер саны - 75. Білім саласында барлығы жұмыс істейтіндер саны 145 адам.

Білім беру мекемелерінде білім сапасын арттыруда алға басқандық байқалады: 2011 жылы Бірыңғай Ұлттық Тестілеу бойынша округ мектептері жақсы нәтижелерге қол жеткізді, орташа көрсеткіш 92,3 балл болды, оның ішінде І. Айтыков атындағы орта мектеп түлектері 98 баллға ие болып аудан бойынша ең Жоғарғы нәтиже көрсетті. Биылғы жылы - 7 бала Жоғарғы оқу орындарына тегін түсті. Аз қамтылған отбасылардың 9 баласы облыс әкімінің грантына Жоғарғы оқу орындарында білім алуда, оның ішінде 3 бала 2011 жылы осы грант иегерлері атанды. Таенов орта мектебінің бір оқушысы «Алтын белгі» иегері атанып, Астана қаласындағы Евразиялық университетінде білім алуда. Жаз айларында округ бойынша 111 бала, оның ішінде: 95 оқушы мектеп жанындағы, 10 оқушы аудандық, 5 оқушы облыстық демалыс орындарында денсаулықтарын түзеді,1 оқушы жолдамамен Астана қаласында экскурсияда болды.

І. Айтықов атындағы орта мектебінде жаңа заман талабына сай интерактивті тақта, мультимедиялық кабинет, жабдықталған физика және информатика, биология кабинеттері бар. Таенов атындағы мектепте интерактивті тақта, мультимедиялық кабинеттің жабдықтары алынып орналастыру жұмыстары жүргізуде. Барлық мектептерде өзін-өзі тану кабинеттері жабдықталған. Барлық мектептер интернет жүйесіне қосылған. Айтықов және Таенов мектептеріне 2011-2012 жылғы жылыту маусымына қажетті көмір жеткізілген, бу қазандықтары мен жылыту жүйелері тексеруден өткізіліп қалыпты жұмыс атқаруда. Таенов және Ақжолов мектептері электрлік жылыту жүйесіне қосылған.

Барлық мектептер ас мәзірінде балы бар, ыстық тамақпен қамтылған. Тегін тамақпен 210 аз қамтылған отбасының балалары және бастауыш сынып оқушылары қамтылған. Таенов және Акжолов мектептерінде 20 балаға арналған шағын орталықтар, Тарғын ауылында 30 балаға арналған бала бақша жұмыс істейді. Ел басының жетімдер үйіндегі тәрбиеленуші балалар санын азайту туралы тапсырмасына сәйкес Манат ауылының 9 отбасы 11 баланы патронаттық тәрбиеге алу туралы өтініш білдірді. Нақты уақытта Ашихмин Юрий және Ниганова Галияның отбасы 2 баланы алып, тәрбиелеп отыр,бұл жұмыс ары қарай жалғастырылуда. Тарғын ауылында да патронаттық тәрбиеге бала алған отбасы бар, оларға айтар алғысымыз үлкен. Бала тәрбиелеудің қаншалықты қиын және ауыр екендігін біле тұрып осындай әлеуметтік маңызы зор іске барған ананың көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Тұрғындар арасында осындай бастаманың орын алуы халықтың сана сезімінің, патриоттық рухының және әлеуметтік жағдайының жақсарып келе жатқаның дәлелі.



Денсаулық сақтау
Округ аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 1 ФАП, 2 ФП орналасқан, оларда 9 медициналық 2 техникалық қызметкерлер жұмыс істейді. Мекемелердің барлығы ағымды жөндеуден өткен, қолайлы жерде орналасқан. «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес Тарғын ауылындағы дәрігерлік амбулатория заман талабына сай ағымды жөндеуден өтіп, Айтықов ауылындағы ФП-қе үй сатып алынып, талапқа сай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су жүйесі енгізіліп, электрлі жылыту қондырғылары орнатылды.

Тарғын дәрігерлік амбулаториясы медициналық қызмет көрсету автокөлігімен жабдықталған. Дәрігерлік амбулаторияда күнделікті қажетті дәрі-дәрмектер сатып алуға мүмкіншілік бар.



Әлеуметтік сала
Округ аумағындағы 662 ауладағы 3278 адамның еңбекке қабілетті, экономикалық белсенділері - 1550 адам, зейнеткерлері - 368, 1, 2, 3 топ мүгедектері 97 адам, мүгедек балалар – 7, көп балалы аналар саны-132, оның ішінде «Алтын алқа»иегерлері – 42, «Күміс алқа» иегерлері - 56 ана, 18 жасқа дейінгі көп балалы аналар саны – 34, жалғыз тұратын зейнеткерлер – 33 отбасы, оларға 2 әлеуметтік қызметкер қамқорлық жасайды. Жетім балалар - 2, қамқордағы бала - 3, Чернобыль апатын жоюға қатысқан - 1 адам, Ауған соғысына қатысқан- 1 адам, Отан соғысы ардагерлерінің жесірлері - 13 адам, округімізде тұрған - 4 Отан соғысының ардагерлері бүгінгі күні Қасым Қайсенов кентінде жабдықталған жайлы, жылы үйлерге қоныстаған, оның үшеуіне жаңа салынған үйден берілсе, біреуіне бюджеттен қаржы бөлініп үй сатып әперілді.

Округ аумағындағы демографиялық ахуал төмендегідей: 2008 жылы -38 бала, 2009 жылы 42 бала, 2010 жылы 44 бала, 2011 жылы 32 сәби өмірге келді. Бұл дегеніміз округ тұрғындары, әсіресе жас отбасыларының келешекке деген сенімділігінің артуы, мемлекеттің қамқорлығын сезу деп білеміз.

Ішкі миграцияға байланысты айтарымыз: 2008 жылы көшіп келгендер саны 28 адам, 2009 жылы 42 адам, 2010 жылы 139 адам, 2011 жылы 40 адам болды. Тұрғындар саны 2010 жылмен салыстырғанда 124 адамға артты.

Ата қонысына көшіп келген оралмандар – 216 отбасы, 1087 адам. Оның ішінде 86 отбасы - 560 адам Монголиядан, 130 отбасы, 527 адам Қытайдан келгендер. Жалпы оралмандардың жұмысқа қабілетті жастағылар - 531 адам, тұрақты жұмыспен қамтылғандары - 72 адам, оқушылары - 236 мектепке дейінгілер - 176, студенттер - 34, зейнеткерлер - 37 адам.

Округ аумағындағы жұмыссыз адамдарды жұмысқа тарту мақсатында ақылы қоғамдық жұмысқа 55 адам тартылып, оларға 2млн 847300 теңге еңбек ақы төленді. «Арғын» және «Асан» шаруа қожалықтарында 4 адам «әлеуметік жұмыс орындары » бойынша жұмыс істеп 97143 теңге еңбек ақы төленді. «Жастар іс тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 1 адам 6 айға жұмысқа қабылданып 108380 теңге еңбек ақы төленді, «Жол картасы 2020» жастар іс тәжірибесі бағдарламасы бойынша 1 адам қатысып 88054 теңге еңбек ақы төленді. Жыл бойында 45 жаңа жұмыс орындары ашылды. 14 студент «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша колледждерде білім алуда.

16 жұмыссыз қысқа мерзімді қайта даярлау курстарында оқып шықты, олардың: 4 аспазшы, 2 1С-категориясы бойынша бухгалтер, 2 шаштараз, 2 жүргізуші, 4 электродәнекерлеуші, 2 ірі қара малдарын қолдан ұрықтандырушы мамандықтарын алды. Олардың 6 өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты.

Жыл бойында аз қамтылған 34 отбасына 517 мың теңге үй ұстауға арналған жәрдемақы төленді. Сонымен қатар 161 адамға материалдық көмек ретінде 1 млн. 658 мың теңге төленді: оның ішінде 39 адамға отбасы жағдайына байланысты 284 мың теңге, 118 көп балалы аналарға 1млн 220 мың теңге, 2 адамға денсаулығына байланысты 44 мың теңге, Ауған Соғысы мен Чернобыль апатына қатысушыларына 110 мың теңге.

18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы 254 балаға 2 млн. 761 мың теңге және мемлекеттік адрестік әлеуметтік көмек ретінде 8 отбасына 38 адамға 346 мың теңге жәрдемақы төленді. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларына азық-түлік ретінде 85 мың теңгенің, аз қамтылған отбасыларының балаларына жаңа жылдық сыйлықтар ретінде 110мың 500 теңгенің көмегі көрсетілді. 70 адамға 84 мың теңгеге «Ұлан таңы», 31 адамға 24740 теңгеге «Егемен Қазақстан», 1 адамға 1910 теңгеге «Казахстанская правда» газеттеріне тегін жазды. Барлығы округ бойынша 2011жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 8 млн 500 мың теңгенің көмегі көрсетілді.


«Туған жерге тағзым» және «20 Жарқын іс» акциялары
Округ бойынша «Туған жерге тағзым» және «20 Жарқын іс» акциялары аясында 4 млн. 820 мың 500 теңгеге 70 меморандум жасалды. Бүгінгі күні барлығы 4 млн. 711 мың теңгенің жұмыстары атқарылды. Оның ішінде ерекше атап кететін:

«Топаз» ЖШС басшысы жерлесіміз Болат Багадаев көпшілікке арналған 3 құдық қазып, су тартатын насосын сатып берді және Айтықов атындағы мектепке музыкалық орталық силады. «Бердиновой Арай» ШҚ Айтықов атындағы мектепке проектор сатып әперді.

Таенов мектебіне «Ұлан жолдары» МКМ басшысы Сыдыков Оразай теннис столын, М. Таеновтың ұрпақтары принтер мен сандық фотоаппарат, Кумарбеков Сайдолла компьютер, Алимханов Кайдар спорт киімдерін сыйға тартты.

Қайсенов атындағы мектепке ЖК Икамбаев Жексен түрлі-түсті теледидар, ЖК Ахметсаки Жарқынбек өзін-өзі тану кабинетіне диван, 1991 жылғы түлектері түрлі-түсті теледидар мен терезе пердесін сыйға тартты.

«Ұлан таңы» газетінің ұжымы жалғыз басты мүгедек Авидавай Санағаның үйіне ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізді.

«Диана» ШҚ басшысы Бердинов Кайрат жалғыз басты, көп балалы Жалел Биғайға отын әкеліп берді.

«Шығыс» ШҚ басшысы Кайсенов Нурланхан жалғыз басты мүгедек Шаимова Кульбарамға 5 тонна тегін шөп берді.
Мәдениет, спорт саласы
Округ аумағында 1 ауылдық кітапхана, 4 мектеп кітапханалары бар. Ауылдық кітапханада оқитындар саны 490 адам.Округ аумағында Мәдениет үйі жоқ болғандықтан барлық мерекелік мәдени, спорттық шаралар мектеп қабырғаларында өтеді. Мемлекеттік мереке күндерінде көпшілікке арналған мәдени, спорттық шаралар үнемі өткізіліп тұрады. Жыл сайын қарттар күнінде барлық ауылдарда мерекелік дастархан жайылып құрмет көрсетіледі.

Ауылдарымызда өнер адамдары баршылық, өз ақын балаларымыз, әнші, күйші, бишілеріміз, сыбызғы, сырнай тартушыларымыз жеткілікті. Осының нәтижесінде жыл сайын округтер арасындағы шығармашылық есеп беру сайысында округ өнерпаздары жүлделі орындарға иеленіп жүр.

Тарғын ауылында орналасқан жылдан жылға көркейіп келе жатқан саябаққа биылғы жылы абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлініп смета жасалды. Саябақтың сыртқы қоршауы қайта жөнделіп, ішінде спорттық алаңдар, демалыс орындықтары жабдықталып кіреберісі мен ішінде тратуарлар салынады. Алдағы уақытта бұл саябақ ауыл жастарының демалыс және спортпен шұғылдану орнына айналады.

Округ спортшылары аудан бойынша өткізілетін спорттық жарыстарға белсенді қатысады. Мектептерде спортқа деген балалардың қызығушылығы артуда, қазақша күрес, бокс, футбол, шахмат, дойбы ойындары жақсы жолға қойылған. 2011 жылы мемлекеттік қызметшілер арасындағы шахмат жарысынан округ спортшылары 2 орынды иеленді.

Тарғын ауылында 1 пошта бөлімшесі бар, ол жаңадан салынған, талапқа сай жабдықталған үйде орналасқан. Округ аумағында баспасөзге жазылу тапсырысы толығымен орындалды, газет, журналдар оқырмандарға уақытында жеткізіліп тұрады.
Қоғамдық тәртіп
Округ аумағында 1 полиция тірегі орналасқан, онда 2 полиция қызметкері халыққа қызмет жасайды. Олар автокөлікпенен, компьютермен, телефон байланысымен жабдықталған.

Қазақстан Республикасының «Азаматтардың қоғамдық тәртіп сақтауға туралы» Заңын және аудан әкімдігі жағындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомство аралық комиссияның шешімін басшылыққа ала отырып Тарғын ауылдық округі бойынша қоғамдық тәртіпті сақтауға учаскелік полиция тірегі жанында 7 адамнан қоғамдық кеңес құрылды. Жыл ішінде округ бойынша 16 қылмыс тіркеліп, оның 62,5 пайызы ашылды. Осы тіркелген қылмыстың 56 пайызы мал ұрлығына байланысты болып отыр. Мал ұрлығының орын алып отыру себебі малдарды қараусыз, бағусыз бос жіберу. Ұсталған ұрлықшыларға көбінде мал иелері кешірімділік жасайды да, ұрылар қылмыстық жазадан құтылып кетеді, осы жағдай ұрлықтың тоқтамауына себеп болады.

Профилактикалық есепте 41 адам тұрды,оның 19 адамы ішімдікке салынғандар, отбасы шырқын бұзушылар – 11 адам, шартты түрдегі жазамен сотталғандар – 3, кәмелетке толмағандардан – 4 бала. Жыл ішінде 150 әр түрлі тәртіп бұзушылық бойынша хаттамалар жасалған.

Полиция инспекторларына көмек ретінде «Қоғамдық кеңес» және «Сарбаздар» тобы құрылған. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау мақсатында оқу жылы ішінде ата-аналар мен ұстаздардың кешкі кезекшілігі жасалған, бұл жұмыс Айтықов ауылында жақсы жолға қойылған. Жыл ішінде Асубұлақ полиция бөлімшесі арқылы 3 материал түсіп, олар ақсақалдар алқасы мен әйелдер кеңесінде қаралды.


Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау
Санитарлық тазалықтың көктемгі екі айлығы кезінде және күзгі тазалық айлығында Тарғын ауылдық округі бойынша әр жұманың бейсенбісінде «Тазалық күні» өткізіліп тұрды. Осы кезеңдер ішінде барлық мекемелердің және тұрғын үйлердің жанындағы қыстан қалған қоқыстар тазартылды. Барлығы 500 тонна көлеміндегі қоқыстар шығарылды.

5 жерге рұқсатсыз төгілген қатты қалдықтар мен қоқыстар орны тазартылды. Ұлы Отан Соғысында қаза болғандарға арналған 3 ескерткіштің маңайы тазартылып ретке келтірілді. Орталық саябақ іші қураған ағаштардан тазартылып, қоршауы жөнделді. Әр ауылдағы ауыз су алатын бастаулардың айналасы тазартылды: Тарғын ауылында – 4, Ж – Таинты ауылында – 2, Айтықов ауылында – 1, Жантас ауылында – 1.

Мекемелердің жанындағы және Тарғын, Айтықов ауылдарының жол бойындағы ағаштарының бойы ағартылды. Жаз айларында көкөніс суаратын 3 км қашықтағындағы арықтың іші тазаланды. Тұрғын үйлердің, мекемелердің және саябақтың ішіне барлығы 300 түп көшеттер отырғызылды.

Тарғын ауылдық округі 2011 жылғы санитарлық тазалықтың екі айлығының қорытындысы бойынша аудан бойынша 3 орын алды.


Қоғамдық-саяси ахуал
Округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрғындар арасындағы әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауға оң әсерін тигізіп отыр. Округ аумағында құрылған мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар тұрғындар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізуде көп ықпалын тигізіп отыр. Еңбек ардагерлері оқушылармен кездесулер жасап, әр түрлі мәдени, спорттық шараларда белсенділік көрсетеді. Ауылдарда Президенттің Жолдауларын, үкіметтің Қаулыларын халыққа таныстыруда, насихаттауда мектеп ұстаздары, әкімшілік қызметкерлері көп жұмыстар атқаруда. Барлық мектептер мен мекемелерде арнаулы тақталар, баннерлер жасалып көрнекті түрде халық назарына ұсынылып отыр.

Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде мектептердегі мұражайлардың маңызы зор. Тарғын ауылындағы Айтықов орта мектебінде Кеңес Одағының Батыры Айтықов мұражайында көптеген құнды материалдар жинақталған. Айтықов ауылындағы Кайсенов мектебінде Халық Каћарманы Касым Кайсенов мұражайын ашуға материалдар жинақталып жатыр, Таенов мектебінде Мутан Таеновқа арналған мұражай бар. Биылғы жылы Тарғын ауылында соғыста қаза тапқандарға арналып ашылған обелискіге Ұлы Отан Соғысында қайтыс болғандардың есімдері жазылған ескерткіш тақтасы орнатылды.



Құжат айналымы
2011 жылы әкімшілікке 28 жеке тұлғадан және 3 заңды тұлғадан жазбаша өтініш түсті, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сай қаралып, тиісті орындарға жіберіліп, өтініш иелеріне жауап берілді. Бұл өтініштердің басым көпшілігі үй орындағы жер учаскелерін заңдастыру мағынасында.

Жыл ішінде 39 өкім қабылданды.

Шығыс құжаттар саны 823, кіріс құжаттар саны – 692.

Әкімшіліктен берілген әр түрлі анықтамалар саны 1269 дана.

Әкім аппаратында 5 мемлекеттік қызметші, 1 техникалық қызметкер, 1 жұмысшы еңбек етеді. Ұйымдастыру техникалық аппараттарымен (компьтерлер, ксеркокс, телефакспен) қамтамасыз етілген, Интернет жүйесіне қосылған.

Әкім аппараты алдында алдағы уақытта атқарылар көптеген маңызды міндеттер тұр. Осы міндеттерді орындау үшін біз әр уақытта округтегі қоғамдық ұйымдармен және тұрғындармен тығыз байланыста жұмыстар атқаруымыз қажет. Ол үшін жиі-жиі халықпен кездесіп олардың мұң-мұқтажына, арыз-өтініштеріне құлақ асып уақытында тиісті шаралар қабылдауымыз керек.

Құрметті ауылдастар! Биыл біз үшін ерекше қастерлі жыл. Біз тәуелсіздіктің 20 жылдығын, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының басшылығы арқасында, орасан зор жетістіктермен атап өттік.

Алдағы жылдарда біздің округ аумағында бірқатар әлеуметтік нысандарға қаржы бөлініп, Тарғын ауылында Мәдениет үйін салу, Айтықов атындағы мектептің төбесін шатырлау, Тарғын ауылындағы саябақтың ішін абаттандыру, Айтықов ауылына жаңа мектеп, Тарғын ауылына дәрігерлік амбулатория салу жұмыстары басталатыны туралы жақсы хабарды сіздерге жеткізгім келеді.


Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет