Тарих талқысы Ұлттық тағдыр, Тұлға және тарихи көзқарас



бет9/23
Дата24.04.2016
өлшемі1.83 Mb.
#78713
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,

Балағымнан қапқаны, -
деп Ақаң – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады. Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен – ақ түсiнiп, мысқылмиен жауап берiп, мысын құртқан. «Бұл мәселенi анау жақсы бiлдi» деп көсемдерге сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашордада» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, сондықтан өзгеше болуы да мүмкiн – Т. Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығыының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:

«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.

«Алашорда» ‡кiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бiрақ - ақ шығарушы едi. Бұл жол қайтесiңдер» - деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ – тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады. Әлиханның еркiндiкте жүруi түрмедегi Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, Мұхамеджан, Мұхтар Әлiмхан iспеттi достары мен бауырларының да рухын көтердi. Сталиннiң өзi жеке қалып сөйлеуден именетiн Әлекең – Әлихан Бөкейханов бостандықта жүрсе – өздерiне араша түсетiндерiне сендi.

Ол сенгiмдерi ақталды да.

Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басын қорғаштамай, қайта қарсы шабуылға шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi.

Бұл – Мұхтар Әуезовтiң өзi мойындаған, Қайым Мұхаметханов сияқты сенген бауырына айтып берген шын сөз.

Әрине, Халел Ғаббасов пен Жүсiпбек Аймауытовты қастандықтан құтқара алмады. Сондай-ақ, «коммунистiк колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл - қайтратын жұмсаған, қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрлысының» құрлыс бастығының орынбасары боп жүргенде Кремльден уланып шыққан күйеу баласы Смағұл Сәдуақасовтың да тосын ажалына тосқауыл қоюға дәрменi жетпедi. Бұл үш адам туралы деректердiң Мұхтар Әуезовтiң iсiне тiркелуiнде және оған ерекше мән берiлуiнде үлкен кiлтипан бар едi.

Ежов жиырмасыншы жылдары Семейдiң губерниялық революциялық комитетiнiң секретары болды. Онда Семей – Қазақстанға бағынбайтын, Сiбiр өлкелiк комитетiнiң құрамында едi. Сондықтанда губкомның жанындағы қазақ бөлiмшесi ғана ұлттық мүддемен шұғылданды. Сол тұста Семей қаласында жауапты қызметте болған Мұхтар Әуезов, Жүсiпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов Ежов бастатқан большевиктердiң «коммунистiк отарлау» саясатына сынап, Семейдiң Қазақстанға қарауын жақтап күрес ашқан едi. Ә. Бөкейханов пен Ә. Ермеков Лениннiң қабылдауында болып, Солтүстiк облыстар Қазақстанға қосылғаннан кейiн Семейге қазақ өкiметiнiң атынан Орынбордан арнайы өкiл боп келген Смағұл Сәдуақасов Сiбiр революциялық комитетiнiң Семейдегi құрамын тартып жiберген болатын. Мұндай батыл қимылы үшiн жақсылап тұрып сыбағасын алды. Бiрақ ұлт үшiн тәуекелге барған iс өзiн-өзi ақтады.

Кiшкентай адам – ең үлкен кекшiл адам екендiгi ғылымда дәлелдеген шындық. Сондықтан да «Бүрге» аталған бойы бiр қарыс Ежовтың қолына ОГПУ–дiң тегеурiндi тiзгiнiнiң ұшы тиiсiмен «семейлiктерден» кегiн алуға ұмтылуы заңды. Ал Смағұлды ауыздықтайтындай беделге әлi ие бола қоймаған Ежов оны астыртын арандатумен болды. Ал, Жүсiпбек пен Халелдi қанды шеңгелiнен шығармады. Смағұл мен Мұхтар жан қиыспайтын дос, сырлас, жан – ашыр жандар едi. Екеуiнiң арасына «Қаламды» - Әбдiрахман Байдiлдиндi сына етiп қақты. Қаншама түсiнуге тырысқанымызбен осынау адамның iс – әрекетiн ақтайтындай уәж таппадық. Мұхтар мен Смағұлды Колчакқа қызмет еттi деп баспасөз арқылы жариялап жазбаша куәлiк берген Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзi де:

«Большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргiзу үшiн Байдiлдин студент кезiнде ұлтшыл жастардан құралған ақгвардияшылардың жасағына өз еркiмен кiргенi, сонымен қатар Колчактың 3 – армиясының қарсы барлау бөлiмiнiң жасырын агентi болғаны үшiн айып тағылып», жауапқа тартылған едi.

Замандастарының естелiктерi мен Ғалым Ахмедов дегдардың сыпаттауына қарағанда: мiнезi қызба, әлiптiң артын бақпай сөйлеп, соңынан өкiнетiн адам екен. Өзi Мұхтармен құрдас, 1897 жылы туған. «Петропавл округiнiң арғын руынан». Тегi жөнiнде дәл осылай жазған Әбдiрахман Байдiлдиннiң көрсетуiне сүйенiп, Әуезовтi Колчактың сыбайласы ретiнде жауапқа тартты. Сондай – ақ, «контрреволюциялық - ұлтшыл астыртын ұйым құрды» деген желеу де iлiкке себеп болды. Мәселенi тiкесiнен тура қойсақ, тергеугiлер «Перо» - «Қалам» деп атаған Байдiлдиннiң он беске жуық жауабының кейбiрi 45 беттен асып жығылады. Егерде солардың басын қосып, тиiстi ғылыми түсiнiкпен жарияласа, жұрттың ықыласын аударатын қомақты кiтап болатынына бiз кепiлдiк беремiз.

Сонымен, әңгiмемiзге тiкелей қатысы бар оқиғалар мен оның себептерiн аңғартып, аталатын адамдарды қысқаша таныстырып өттiк. Ескерте кетер бiр жай, бiраз деректер «Бесiгiңдi түзе!», «Бесiгiңдi ая!..» ( «Жұлдыз», 1987, № 9 – 11, 1988, № 7 - 8), «Бейуақ», «Бес арыс» аты еңбегiмiзде талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпай, мазмұндауменен ғана шектелемiз. Ендi тiкелей тергеу iсiне көшемiз. Мұхтар Әуезовке тағылған басты және ең салмақты айып:

«Алашорданың» атынан Колчактың үкiметiмен келiсiм жүргiздi және Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына жетекшiлiк еттi, ұлтшыл– контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты делiнген жала.

Ашығын айтайық, Әуезов пен Колчактың арасын жалғастыратын ешқандай ортақ мүдде болған емес, тiптi оның қисыны да жоқ. Бiрақ «дүние астан – кестен болған заманда» саясатқа араласқан қайраткерлердiң бiр-бiрiн көрмей–ақ түсiнiктiк табатын тұстарының кездесуi заңды. «Алашорда» үкiметiнiң Колчакпен уақытша одақ құрып, қазақ ұлтын қантөгiстен аман сақтауға ұмтылғаны тарихи шындық. Мұхтарды «Алашорда» үкiметiнiң саясаты үшiн жазғыруы жалпы қисынға келгенiмен, тергеуде ол дәлелсiз күдiк қана болып қалды. Саясат сахнасына ендi ғана шыққан жиырма жастағы семинария оқушысымен келiсiм жүргiзетiндей адмирал Колчактың басына ол кезде мұндай күн туа қойған жоқ болатын. Алайда, кеңес өкiметiнiң идеология қайраткерлерiнiң «Правдаға» жазған хатындағы:

«Колчактың тұсында, «Алашорданың» Шығыс бөлiмiнiң белсендi қайраткерлерiнiң бiрi ретiнде Әуезов Колчакқа қарсы күреспедi, күрескiсi де келмедi, керiсiнше сол кездегi бүкiл «Алашорда» үкiметi, оның iшiнде Әуезов Колчакпен одақтаса отырып большевиктерге, Кеңес өкiметiне қарсы күрескенi белгiлi... Бiрақта, Кеңес өкiметi орнаған соң Әуезов сол жаққа шығып, партияға өттi», - деген жала оған түрменiң есiгiн ашқызды.

Сондай–ақ, тергеу iсi басталмай жатып, Голощекиннiң «Мұхтар Әуезов те әшкерелендi» деп даурығуы жағдайды ушықтырып жiбердi. Қалайда жазаға тарту мақсатымен бар пәленi Мұхтардың басына үйiп – төктi. Дегенмен де Әуезов пен Колчактың байланысын әшкерелейтiн ешқандай сылтау да, дерек те табылмады. Сондықтан да тергеушiлер Мұхтарды қаралап тынатын, бұлтартпайтын өзге қылмысты қарасытырды. Тергеушiлердiң екi ай уақыты соған кеттi. Өзiнiң осынау белгiсiз күйдегi тымырсық көңiл күйiн және сол тұстағы әрекетiн 1931 жылғы 1916 мамыр күнгi ОГПУ – дiң прокуроры Столбовқа және тергеушi Поповқа қаратыла жазған шағымында:

«Тұтқын Мұхтар Әуезов: Алматы қаласындағы өкiлеттi уәкiлдiктiң (полпредства) жанындағы қамауда жатқаннан бергi уақытта сұрақ - жауаптың кезiнде Попов жолдас: менiң жекеленген адамдардың көрсетуi бойынша тұтқындалғанымды, менiң қандай әрекеттерiм үшiн ұсталғаным бұдан кейiнгi тергеу барысында нақты көрсетiледi, - деп мәләмдеген едi. Ташкенттегi тергеушi де менiң қандайда бiр нақты айыбымды ашып көрсетпедi. Қазақстанның 10 жылдық мерекесiне орай өткен салтанатты мәжiлiстегi Голощекин жолдастың жасаған баяндамасында келтiрiлген Байдiлдин мен Аймауытовтың куәлiгiне орай түсiнiк беруге шақыруын өтiнiп Попов жолдастың атына жазған арызым да ескерiлмей аяқсыз қалды. Байдiлдин болса осы көрсетулерiнде маған қарсы ойдан шығарылған қисынсыз бiрнеше айып тағыпты. Ол бiр кезде баспасөз беттерi арқылы маған қарсы ашық түрде жапқан жалған жаласы мен көкмылжың көкезу көпiрмесiн (насквозь демагогическую травлю) түрмедегi айғақтарына одан әрi жалғастырып отыр», - деп мәлiмдедi.

Әрине, Мұхтар мұны өзiне тағылатын айып анықталып, тоғыз ай түрменiң дәмән татып, тұтқын есебiнде тәжiрибе жинақтап, өзiнiң Қайым Мұхаметқановқа айтқанындай, Ахмет Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовтың ақылына әбден қанығып, тергеушiлерге жонын алдырмайтындай дәрежеге жетiп, ысылған кезiнде жазып отыр. Оның үстiне iсi де аяқталып келе жатқан. «Колчактың құрығынан» құтылғандығын, тергеушiлердiң басқа айып таққанын: «О.Г.П.У.–дiң коллегиясына қазақ ұлтшылдарының қылмысты iсi бойынша тұтқынға алынған Мұхтар Әуезовтiң мына түсiнiгiнен анық байқалды. Ол:

«Айыптау статьялары қайтадан өзгертiлiп (переквалификация статей) көрсетiлген соңғы жолғы маған тағылған кiнә бойынша, мен: 1) ұлтшыл Байтұрсынов пен Бөкейхановтың, тiкелей нұсқауымен кеңес мекемелерi арқылы аты аталған адамдар жетекшiлiк ететiн контрреволюциялық астыртын ұйымның тапсырмасын жүзеге асыру үшiн қаскүнемдiк мақсатпен ВКП(б) – ның қатарына өтiппiн; сол мақсатпен отарлаушыларға (колонизаторством) қарсы күрестi желеу етiп өзiме пайдалы адамдарды кеңес мекемелерiне қызметке орналастырыппын; сондай – ақ - Байтұрсынов, Сәдуақасав, Досов және тағы басқалар дайындаған бағдарламаны 12 партсъезде өткiзiп жiберу үшiн мен Бүкiлқазақстандық 11 – кеңес құрылтайна жиналған барлық қазақ өкiлдерiнiң басын қосып, мәжiлiс өткiзiппiн.



Бұл сұрақтардың барлығына орай мынаны мәлiмдеймiн: бұрынғы түсiнiктерiмде iшiнара атап өткенiмдей, менiң партия қатарына кiрiуiм туралы жоғарыдағы тағылған айып ешқандай шындыққа сай келмейдi, өйткенi менiң қоғамдық қызметiмнiң өзi партия қатарына өткеннен кейiн басталды деп есептеймiн. Өткен өмiрiмде iс жүзiнде де, идея жүзiнде де «Алашордамен» байланыс жасағаным жоқ, оның ешқандай мекемесiнде қызмет те iстегемiн жоқ. Жас болдым, бiлiм алдым. Керiсiнше, 1919 жылдың қараша айынан бастап қана Колчакқа қарсы астыртын ұйымның араластым. Семей қаласындағы кеңестiк төңкерiс жүзеге асқан алғашқы күннен бастап мекеме жұмысын жөнге қоюға, кеңес өкiметiнiң мүддесi үшiн Семей қаласының оқушы қазақ жастары мен жұмысшыларын төңкерiс iсiне тартуға құлшына кiрiстiм. Қоғамдық қызметiмнiң жол басы болғандықтан да мен ол кезде жаныммен берiлiп, шын көңiлiммен, аса зор үмiтпен, жас адамға тән қызығушылықпен қызмет еттiм. Бiрақта өмiрлiк тәжiрибесi аз жас қызметкерге тән балаңдыққа байланысты, оның үстiне артта қалған ұлттық ортадан шыққандықтан да және өзiнiң идеясы үшiн табанды түрде күресетiн саяси дәстүрдiң үлгiсi болмағандықтан да еркiмдi көңiл-күйiме жеңдiрдiм. Сол тұста кеңiнен тараған өткен дәуiрдiң өктемдiгiнен – отаршылық пиғылынан арыла алмаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң әрекетi менiң көңiлiмдi суытып, әптiгiмдi басты. Отаршылдық пиғыл бiздiң оның iшiнде менiң iшiмдегi намысымызды қоздырды, бiрақ ол жоспарлы түрде (ұлтшылдықты ешқашан да өмiрлiк мақсат етiп көрген емеспiн) қалыпқан ұлтшылдық емес, тек көңiл-күйдiң әсерi ғана болатын. Бұл сезiмнiң билеп алғаны сондай, бұдан әрi менiң партия қатарында қалуыма мүмкiндiк бермедi. Көңiлдiң жетегiне ерiп өмiр сүрiп, өзiңдi сынайтын нағыз шағымды iстi таппағандықтан да бұдан әрi партия қатарында қалуым мүмкiн емес деп шештiм. Сол кезде ұлтшылдық бағыт ұстағаным және партиялық тәртiптi бұзғаным үшiн Қазақстан өлкелiк комитетi менi партиядан шығарды. Мен Орталық комитетке арыз жазып, партиялығымды қалпына келтiруiме болатын едi, ол кезде (партиядан 1922 жылы шығарды) аз ұлттың өкiлдерiне, оның iшiнде жастарға үлкен кешiрiммен қарағаны белгiлi, партиядан шығып қалған қазақтардың бiразы дерлiктей қайта қабылданды, солардың бiрi боп мен де сөзсiз қабылданатын едiм. Алайда мен өтiнiш бергемiн жоқ. Партииядан сырт қалдым. Сонда өз – өзiнен мынадай сұрақ туады: егерде мен ұлтшылдардың тапсырмасымен партияға кiрген болсам, сонда ол тапсырма 1922 жылы толық орындалып бiттi деп ойлауға бола ма? Керiсiнше, партияға жат пиғылмен кiргендер сол кезде де, одан кейiнгi жылдарда да партия қатарында қалып, әлгi тапсырманы одан әрi орындай беруге ұмтылмай ма» - деп өте ұтымды жауап қайырған...
Бұдан кейiнгi сұрақ-жауаптарда, айыптау үкiмiнде Колчактың аты кездеспейдi. Зады, Әбдiрахман Байдiлдиннiң өзiне сондай айып тағылғандықтан да 1918 жылығы кейбiр ұмтылуға тиiстi емес деректердiң өзiн қалыс қалдырғанға ұқсайды. Рас, Мұхтардың өзi түсiнiк бергенiндей, Колчак пен Анненковтiң әскерi Семей қаласын басып алған кезде қазақ зиялыларының астыртын әрекетке көшкенi, Мұхтар мен Әлiмхан Ермековтер шаhарда қалып, ақтарға қарсы күрес жүргiзгенi, кейбiреулерi қолға түсiп, оларды Семейдiң көпестерiнiң көмегi арқылы босатып алғаны, кеңес өкiметi орнасымен 1919 жылдың желтоқсанынан бастап қазақ бөлiмiнде қызмет атқарғаны шындық. Мұның жай жапсары «Бесiгiңдi түзе» атты еңбекте егжей – тегжейлi баяндалған. Әлiмхан Ермековтiң естелiгi де, түрмедегi жауаптары да мұны толық дәлелдейдi. Дегенменде тергеу барысында Байдiлдин есiне алмаған, Мұхтар мойындамаған бiр оқиға бар едi.

Бұрын жазушының өзi де, зерттеушiлер де жасырып келген бiр ақиқат – Мұхтардың «Алаш» партиясының жастар iсi жөнiндегi жауапты адамның бiрi болуы едi. «Алашорда» үкiметiнiң құрамына сайланбағанымен де, партияның идеология саласындағы үгiт – насихат жұмысын, өзi айтқандай, жанын салып iстедi. «Сарыарқа» газетi мен «Абай» журналы «Алаш» идеясының ту ұстар басылымы болды. Сол тұста, Омбы қаласында, 1918 жылдың қазан айында қазақ жастарының құрылтайы өткiзiлдi. Бұл ұйымға Смағұл Сәдуақасов жетекшiлiк еттi. Осы құрылтайға «Алашорданың» Семейдегi шығыс бөлiмшесiнiң жастар өкiлi ретiнде Мұхтар Әуезов қатысып, баяндама жасады. Ол баяндамасы Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетiнiң 15 және 25 қазандағы санында «Ескеру керек» деген атпен жарияланды. Жанартаудай жалындап тұрған Мұхтар бұл құрылтайда батыл пiкiрмен, шешен сөзiмен көзге түстi. Смағұл екеуiнiң танысып, табысуы сол жиыннан басталса керектi. Құрылтайда алаш жастарының мiндетi мен бағдары талқыланды. Мұхтар да соған үн қосып:

«Ендiгi халық болумызға ұйытқы болатын нәрсе - құрсаулы әдiл, қатал билiк. Ендiгi хакiмнiң алдында нашар да, жуан да теңшiлiкте болып, белгiлi негiзге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркi ел iшiне жүрмеуi керек. Әлi де жуан ата билеп – төстеп, қадiрлi болатын болса, автономия деген, бөлектiк дегеннiң бәрi де сырты бүтiн, iшi түтiннiң iсi болады. Бiрақ мұндай күйдi бұрынғы уақыт көтерсе де, қазiргi уақыт көтермейдi», - деп құрбыларына көсемдiк жол сiлтеген едi.
Бұл – бұрынғы Ресей империясының астан – кестенi шығып, азамат соғысының аласапыраны басталып кеткен аса қатерлi де аумалы – төкпелi кезең едi. Орыстарды өзi ақ пен қызылға бөлiнiп, адмирал Колчак дербес Сiбiр үкiметiн құрып, тайталасқа түскен шақ болатын. 1917 жылы ескiше шiлде айының 21 – 28 жұлдысында Орынбор қаласында I қазақ құрылтайы болып, «Алашорда» үкiметi құрылды. Кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға жеке мемлекет болуына бостандық берген декларациясы хабарланысымен, 1917 жылы 29 қараша күнi Заки Уәлиди басқарған башқұрт қайраткерлерi Башқұрт Автономиялы Республикасының құрылғандығын жариялады. Оған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың ықпалы да зор болды. Мұхтар қазақ жастарының құрылтайына қатысқан тұсында «Алашорда» мен Сiбiр үкiметтерiнiң арасында бiр-бiрiн тану туралы келiсiм жүргiзiлiп жатыр едi. Алайда, арада бiр апта өткеннен кейiн Сiбiр үкiметi «Алашты» да, автономиялық Башқұртстанды да заңсыз деп жариялап, оларды Колчак үкiметiне бағынуға тиiстi, әскерлерiн таратсын деген жарлық шығарды. Ашық күнгi найзағайдай әсер еткен Бұл оқиға дербестiкке қолы ендi ғана жеткен отар ұлттардың мемлекет қайраткерлерiн дағдарып – ақ тастады. Ақ пен қызылдың қаhарына қатар ұшыраған қазақ пен башқұрт ұлтының сарбаздары аса қиын жағдайда қалды. мiне, осындай қысылтаяң шақта екi үкiметтiң өзара келiсiмi қажет едi. Қызыл Мешiттегi Башқұрт ұлттық армиясының қолбасшысы Заки Уәлидимен жолығуға «Алашорданың» уәкiлдерi де келдi. Башқұрт және исi түркi ұлтының азаттығы үшiн ғұмырын арнаған, ортақ Түркiстан мемлекетiн құру идеясын ұсынушылардың бiрi, кейiн түркi тарихының ғұламасы атанған Заки Уәлиди Тоған өзiнiң 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Естелiктерiнде» 1918 жылғы Қызыл Мешiтке келген «Алашорданың» қайраткерi туралы:

«Бiз Ермолаевкада тұрған кезiмiзде, желтоқсанның бiрiншi жартысында өткен, кейiннен бiздiң күрес майданымыздың өзгеруiне тiкелей әсер еткен үш оқиғаны есiме түсiре кеткiм келдi. Бiрiншiсi: тұтқындағы түрiк офицерi Киязим – бей Ташкент қаласындағы Үндiстандық либерал – демократ, ағылшындардың дұшпаны – Мавляви Баракатолламен байланыс жасап тұратын... Олар Башқұрт үкiметiне хат жазып, кеңес өкiметiмен келiсiмге келуге шақырыпты... Мұндай тиянақты мәлiметтер бiз үшiн жаңалық едi, сондықтан да кеңес өкiметiмен келiссөздi бастаудың аса қажет екендiгiне бiздiң бiраз серiктерiмiздiң көзiн жеткiздi. Екiншi оқиға – менiң адмирал Колчактың және Француз генералы Жанненнiң атаман Дутовқа жолдаған хаттарымен танысуым едi... Ол қағазда Башқұртстан мен Қазақстанның әскерiн шұғыл түрде таратып, менi және басқа да башқұрт қайраткерлерiн әскери – дала сотына беру туралы үзiлдi – кесiлдi бұйрық берiптi... ‡шiншi оқиға «Алашорданың» өкiлдерiнiң келуi. Солармен қоса қазақтардың атынан Ғазымбек Бiрiмжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов келдi. Олар да Колчак пен одақтастардың ұлттық әскер мен ұлттық үкiмет құруға қарсы әрекет жасағандығының салдрынан кеңес өкiметiмен келiсiм жасауға мәжбүр болыпты. Кейiннен Ғазымбек Германияға келiп, сонда бiлiм алды, ал Отанына қайтып оралғаннан кейiн зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнектi кеңес жазушысы болды, 60 жасқа толған мерейтойы кеңiнен аталып өттi, Қазақстан Ғылым академиясының академиктiгiне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты», - деп жазды.


Заки Уәлидидiң бұл естелiгi отызыншы жылдары жариялана қалса, қазақ ұлты рухани жетiмсiреп қалатыны анық болатын. «Абай жолы» да жазылаймай, әлем жұртының алдында еңсемiз аласарып, бақытымызды кiм көтерер екен деп жалтақтап өмiр сүретiнiмiз де кәмiл.

Империяның, оның iшiнде кеңестiк арандату мен жазалау саясатын жақсы бiлетiн. Сталиннiң өзiмен бiрнеше рет бетпе–бет сөйлесiп, пiкiр таластырған Заки Уәлиди ғұлама «естелiктерiнiң» қолжазба нұсқасы 1927 жылдары қағазға түссе жарияламауының негiзгi себебi – туған Отанында қалған тұлғалардың өмiрiне қауiп төндiрудi ойлағандығында едi. Соның өзiнде де «қазақ ұлтшылдарының қылмыстық әрекеттерiндегi» тергеу iсiнiң негiзгi және ең басты бағыты – осы Заки Уәлидидiң астыртын ұйымын әшкерелеуге құрылды. Бұл айып «ұлы құрбандықтардың» бәрiне де тағылып, сұрақ-жауап кезiнде үнемi алдарын орап отырды. Бiр таңғаларлық жай: Мұхтар Әуезов пен Заки Уәлидiң кездескенi туралы дерек ғалымның естелiгiнен басқа еш жерде айтылмайды. Әрине, жазушының ешкiмге тiс жармауы заңды. Ғазымбек Бiрiмжанов өзiнiң Германияда оқуда жүргенiнде Заки Уәлидимен жолыққанын тергеушiге баяндап берсе де мына оқиға жөнiнде ләм-мим демеген. Ал Әбдiрахман Байдiлдин бұл кездесудi бiлмеген.

Оған да шүкiр.

Егерде бiле қалған жағдайда Мұхтарды тәубесiне келтiрiп, оқиғаны ушықтырып баяндауы әбден мүмкiн едi. Өзiн «Алашорданың» жас қайраткерi әрi Колчактың барлаушысы, сонымен қатар кеңес өкiметiнiң белсендi адал қызметкерi ретiнде сезiнетiн «Қаламның» шегiнетiн жерi де қалмаған болатын. Өзiн – өзi әшкерелеу арқылы Смағұл мен Мұхтардан iргесiн ажыратып алуға тырысқан ол, қырындысын қалдырмай қағазға түсiрген. Соның iшiнде төмендегi мәлiметi Уәлиди мен Мұхтардың кездесуiне тұздық құйып үкiм шығартатын. Оған мына жауабы куә.


«Бұл мәжiлiсте талқыланған екiншi мәселе – С. Сәдуақасовтың мәлiмдемесi болды. Ол отарлаушылардың өзiнiң соңынан шам алып түскенi және облыстық бақылау комиссиясының сергелдеңге сағаны туралы мәлiмдеп, мәжiлiске қатысушылардың осы жөнiнде пiкiрлерiн бiлдiрiп, тиiстi көмек көрсетуiн өтiндi. Мәжiлiс оны қолдау керек деп шешiм шығарды. (Бұл жиналыстың протоколы менде сақталған едi, оны ГПУ тергеушiлерi алып қалды). Мiне, бүкiлқазақтық көлемдегi сәдуақасовшылдық осылай қалыптасты. Алайда осы бағыттың басты рухтандырушысы – С. Сәдуақасовты бұл шешiм де қанағаттандырмады. Қанша өрекпiгенiмен де съезден соң оның ұнжырғасы түсiп кеттi. Өйткенi ол, бұрынғыдай Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң төралқасының мүшелiгiне өтпей қалды, оны жауапқа тарту әрекетi жалғаса бердi, өзiн қанағаттандыратын үлкенді-кiшiлi қызмет орыны ұсынылмады. Осының барлығы жанына батып, не iстерiн бiлмей теңселдi де жүрдi. Күнi бойы қабағын ашпайтын, ал кешке Әуезовтiң бөлмесiнен шықпай онда ұзақ отыратын.»
Бiрде ол менiң бөлмеме келдi. Бұл құрылтайдан кейiн шамамен 11–12 өткеннен соң болатын. Әңгiмесiн зiлдi салмақпен бастады. Ол: отаршылдар менi қудалауын тоқтатқан жоқ, керiсiнше, менi партиядан шығарып тастауы да мүмкiн. Сондықтанда, бiр батыл қадам жасағым келедi, бiрақ не iстерiмдi өзiм де бiлмеймiн», - дедi. Әуезов оған: «Ташкентке ауыс, содан әрi қарай басмашыларға қосыласың», - деп ұсыныс жасапты. Әуезовтiң бұл ұсынысын қабылдауға қарсы еместiгiн, бiрақ та ол туралы менiң пiкiрiмдi бiлгiсi келетiнiн айтты.

Мен Смағұлға не айтарымды бiлмедiм. Оның жағдайының сондай қиын екенiн және көңiлiнiң қобалжып жүргенiн бiлетiнмiн. Алайда менiң оның дәл осындай ойда жүргенiнен және басмашыларға қосылып кетуге келiсiм бергенiнен мүлде хабарсыз едiм әрi ондай арандатуға көне қояды деп ойламағанмын. Маған: дәл осындай келеңсiз кеңес берген обком партияның мүшесi және КЦИК – тiң саяси секретары Әуезовтiң кеңесi түсiнiксiз, оғаш көрiндi. Мен бiздiң мақсатымызды (ұлт мәселесi жөнiнде жүргiзiп отырған партияның бағдарламасын) басшылардың мүддесiмен сәйкестендiре алмадым. Мен өзiмше, осындай кеңес берген Әуезов әлдебiр шiрiк мақсатты көздедi ме деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы пиғылы арқылы ол Сәдуақасовтың көзiн құртып, бiздiң арамыздағы көсем өзi болғысы келдi ме екен деп топшылаймын. Себебi: ол кезде бiздiң мақсатымыз ортақ болса да, жершiлдiк, рулық тұрғыдан алғанда әрқайсымыздың жекелеген iшкi мүддемiз бар едi: Әуезов – семейлiк, ал бiз Сәдуақасов екеумiз – ақмолалық едiк. Соңғы мәселе – Әуезовтiң көкейiн тескен шешушi мәселе сияқты боп көрiндi маған.

Бұл ойымның барлығын Сәдуақасоқа ашық айттым және Әуезовтiң ұсынысын қабылдауға түбегейлi қарсы болдым. Мен оған «Демалыс алып Мәскеуге бар, одан кейiн жұмысыңа қайтып араласарсың», - деп кеңес бердiм. Содан кейiн тағы да: «Мүмкiн сен қайтып келгенше басшы адамдардың саған деген көзқарасы өзгерер, сөйтiп бұрынғы жұмысыңды iстей берерсiң», - дегендi де айттым. Бұған қоса мен: «Соңғы кезде сенiң беделiң өте қатты өсiп келедi, жаңа ғана өткен құрылтайда сен өзiңнiң жаңа қырыңмен көрiндiң, сондықтанда өз болашағың үшiн мазасызданудың қажетi жоқ», - деп оны жұбаттым...

Келесi күнi ол демалыс алды да Мәскеуге жүрiп кеттi...

Бұл оқиғадан кейiн мен Әуезовке күдiкпен қарайтын болдым. Ол менiң көз алдымда екiжүздi адам боп елестедi: бiрiншi Әуезов – партия мүшесi, жауапты қызметкер, ақылды кiсi, бiздiң көзқарасымыздың көсемдерiнiң бiрi, ал екiншi Әуезов - бiрiншi адамның қасиетiне ие, бiрақ, та әлдебiр астарлы оймен жүрген сияқты көрiндi. Соңғы күдiгiмдi мына бiр жағдай, «Еңбекшi қазақ» газетiнiң № 1 санын шығарған кездегi оның iс әрекетi дәлелдей түстi.

«Еңбекшi қазақ» №1 санында қазан төңкерiсiнiң 4 жылдығына арналған 10 күн бойы жаздым. (Ол менiң өмiрiмдегi 1 – мақалам едi). Мұнда мен өзiмнiң сол кездегi көңiл – күйiмдi жеткiздiм. Онда: Ұлы Қазан Төңкерiсiнiң ұлы маңызы, оның жеңiстерi, Қазақстан республикасының табыстары, Қазан Төңкерiсiнiң төлi боп келетiн Қазақстан Республикасы, оған қарсы күрескен алашордашылардың ақымақтығы, тағы да басқа жайлар туралы баяндадым. Мақаламның соңын: «Жасасын Ұлы Қазан Төңкерiсi! Жасасын кеңес өкiметi! ҚССР жасасын!»- деген сөздермен аяқтадым.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет