Тарихи аңыз-әҢгімелер


«Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы»



бет2/2
Дата19.02.2024
өлшемі75.88 Kb.
#492383
1   2
ТАРИХИ АҢЫЗ

«Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» дейтін қара сөзінде былай дейді: «...он екі рудан он екі кісі Манғұлдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді... Сол он екі кісінің бірі қазақтан Майқы би деген кісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген мақал болған, Майқы сол кісі екен»44.
Моңғол жылнамасы «Алтын топшы» мен парсы тарихшысы Рашид ад-Диннің «Жамағат тарихында» да Майқы би Шыңғысханның ақылшысы, кейде хан жорыққа кеткенде орнына қалдыратын сенімді биі болғандығы айтылады. Сонымен бірге ол кейін Жошы хан әскерінің оң қанатын, атап айтқанда, Дешті қыпшақ ұлысын басқарған.
Майқы бидің қазақ хандығын құрған қайраткер ретінде сипатталуының қисыны бар. Өйткені жоғарыдағы деректерге қарағанда мемлекеттік және әскери құрылысты жетік білетін ол Алтын орда ыдырай бастаған кезде әскери үлгімен қазақ хандығын қайта құруы табиғи және тарихи қажеттіліктен туған еді.
Сонсын, айнала шөлмен қоршалған, қуатты да шапқыншы халықтардан шалғай, алшақ және оқшау жатқан, жері от, суы мол Ұлытаудың және Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендерінің жағрафиялық жағдайы да жаңадан хандық құруға қолайлы екендігін Майқы би жақсы білсе керек. Өйткені Жошы әскерінің Майқы бастаған оң қанатындағы қыпшақтардың негізгі бекініс-мекені шамамен, осы Ұлытау маңы болған.
Шыңғыс ханның шапқыншылары Сырдария мен Қаратау өлкелеріндегі қазақ қалалары мен қыстақтарын қиратып, гүлжазира егістіктері мен бау-бақшаларын таптап ыдырап кеткен елді – хандықты жаңадан, қайтадан құрастыру үшін Майқы би алдымен жүз адамнан жіберіп, оларды бірте-бірте «қайтару» сылтауымен толықтыруы, арасынан хан тұқымынан Алашаны хан көтертіп, әр жүздің міндетін, ұранын және жүзге кіретін қазақ руларының таңбаларын белгілеп беруі – Майқыны кемеңгер адам етіп көрсетеді.
Майқы – шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген адам. Ол жайындағы аңыз-әңгімелер, оның атымен байланысты істер мен сөздер ұлы уақиғалардың жаңғырығы, сілемі ғана. Майқының алғашқы аттандырған жүз жігітке айтатын: «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар...», «хан ақылды, әділ болса, қарашысы ынтымақты әрі батыл болса – қара жерден су ағызып кеме жүргізеді» дейтін өсиеттері кезінде елінің, халқының қамын, болашағын ойлаған қайраткер болғандығын аңғартады.
* * *

Тарихи адамдар қазақтың аңыз-әңгімелерінің екінші бөлегі ХІV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Асанқайғы, Алдар көсе және Жиренше шешен төңірегіне топталған.


Асанқайғы, негізінде, қазақ хандығын құрысқан, нығайтысқан және туған елі үшін қолайлы қоныс іздеген халық қамқоры ретінде, жер, ел және қоғам туралы болжамдар айтқан сәуегей-философ бейнесінде сипатталады.
Асан туралы аңыз алдымен оның қазақ елінің атынан көршілес елдің ханы Еженге елші болып баруынан басталады. «Қазақ жылқысының кісінеген дауысынан биелерім құлын тастайды, ат-айғырларын кісінетпейтін болсын» деп Ежен қазақ еліне хабар айтады. Тиісу үшін сылтау іздеп отырған ханнан қазақ ұлыстары қатты қауіптенеді. Міне, сол кезде он екі жасар Хасен (Асанның алғашқы аты) астына желмая мініп, қасына қырық мерген ертіп Ежен ханға елшілікке келеді. Елшілер Ежен хандығының шетіне жетісімен алдынан үріп шыққан итті атып тастай береді.

  • Елдің итін қырғаныңыз қалай? – деген ханға.

Жасымда қой жайдым. Қойға қасқыр шапқанда қанша рет «айтақтасам» да бір ит көмекке келген емес, сондықтан итке ызалымын, – деп жауап береді Хасен.
– Сіздің даладағы дауысыңызды қаладағы ит қайдан естиді? – дейді Ежен хан.
– Даладағы ат-айғырдың даусын сіздің қаладағы биелеріңіз қалай естиді? – дейді Хасен.
Ежен хан сөзден тосылып қазақ елшісінің қалағанын сұрайды. Хасен ханның қазақ елінің еркіндігіне қол сұқпауын, өзін-өзі билеуіне араласпауын талап етеді. Ежен хан елшінің талабын орындайды, содан былай қазақ ұлыстарына тиіспейтін болады.
Демек, аңыз Асанқайғыны (Хасенді) қаршадайынан-ақ ақылды, батыл және ел қамын ойлаушы етіп көрсетеді.
Асан Еділ бойында жүріп бір перінің қызына «үйленеді». Қыз сөйлемейді, бірақ есті әйел болады. Асан әйелін ертіп базар аралап жүргенде әйелі үш рет езу тартып күледі. Асан: «Неге күлдің, айт» деп әйелін қыстайды, айта қоймаған соң қол да жұмсайды.
– Бір күлген себебім – базарда біреу той жасаймын деп мың теңге шығарып ет, май, күріш, өрік, мейіз – неше түрлі тағам, жеміс сатып алды. Ал тұзға келгенде бір теңгені қимай қымбатсынып алмай кетті. Тұзсыз тамақ ас бола ма! Екінші күлгенім – біреу өріктің сүйегін тісімен шағып дәнін алып жеп тұр екен. Тістің құны мың теңге, өріктің құны бір теңге. Мың теңгелік асылды бір теңгелік жасыққа жұмсап тұрған ақымақтығына күлдім. Үшінші күлгенім – біреу бір етікке саудаласып: «етігің жеті жылға шыдай ма?» – деп сұрайды. Өз өмірінің неше күнге жететінімен ісі жоқ. Соның ақымақтығына күлдім, – дейді перінің қызы. Соны айтады да «мені уақтысынан бұрын сөйлеттің, енді мен саған жоқпын», – деп жүріп кетеді45.
Асан асығыстық жасап сол қыздан айырылып қалғанына қатты қайғырып, содан Асанқайғы атанапты-мыс. Әрине, бұл кейінгі айтушылардың қоспасы, шындығында Асанның қайғысы – өз заманының, әлеуметтік құрылыстың қайғысы еді.
Екінші бір аңызда Әз Жәнібек хан Асанқайғыға:
– Үш рет той жасап шақырдым, соған келмедің, – деп өкпе айтады. Сонда Асанқайғы ханның халық қамынан гөрі қара басының қамын күйттеп кеткенін, аламанға ақыл салмай, әр істің ақырын болжамай бейқам жүргенін бетіне басып былай дейді:
Айтпасам өзің білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Жайылып жатқан халқым бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып
Масаттанып, қызып терлейсің.
Өзіңнен басқа жан жоқтай
Өзеуреп неге сөйлейсің?
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп,
Он сан Ноғай бүлінді...
Мұны неге сезбейсің?46
Міне, осындай халқың бет-бетімен бытырап, бүкіл Ноғайлы елі бүлініп жатқанда сен қарадан қатын алдым, құладынға қу ілдірдім деп мәз боласың, қымыз ішіп масаттанасың, қорған салдым деп мақтанасың, оның қызығын қызметшілеріңнен басқа кім көріп жатыр? Айнала жау, аймағыңа көз салмайсың, – дейді Асанқайғы Жәнібек ханға. Тағы да қарадан қатын алғаның, құс төресі аққуды құстың құлы құладынға ілдіргенің – жаман ырым; түбінде сен де құлдардың қолынан өлесің дегенді айтады. Аңыз-жырдағы мұндай пікірлерді академик Мұхтар Әуезов үстем таптың қоспасы деп топшылайды. Мүмкін, бұл – Асанқайғының өз заманының санасынан, өскен ортасынан аса алмаған қайшылығы болар, оны тек осы тұрғыдан түсініп, бағалау дұрыс шығар.
Асанқайғының аса маңызды еңбегі – желмая мініп жеті жыл жер дүниені кезіп, ел-жұртына жақсы қоныс іздеп табуы және тапқан жеріне шаруашылыққа жайлы-жайсыз ерекшеліктерін, қасиеттерін көрсетіп сын айтуы. Жиһанкездің атаған, сын айтқан жерлеріне қарап оның жүрген жолын, бағытын бағдарлауға болады.
Жоғарыда аталған «Асанқайғы мен Әз Жәнібек» дейтін аңызда Астраханда отырған Жәнібек хан Асанқайғымен дос болып, жалғыз баласы Жанәбілді (оны перінің қызы Еділдің жағасына әкеп тастап кетіпті-міс) алып қалады, ал Асанқайғы көп елді тастап Жиделібайсынды іздеп жолға шығады. Сол сапарында болса керек жиһанкез бірінші Жиделібайсынға (қазіргі Ташкент маңайы) келеді. Жерге қызығып: «Әй, Жиделібайсын, артыма бөктере кетер едім, әттең, аттың сауырына симайсың-ау!»47 дейді. Содан кейін Сауран, Түркістан, Әулиеата, Шу, Аспара, Жетісу, Баянауыл, Қаратал, Қарсақбай, Ақмешіт, Нарын-Самар, Шыңғырлау өзені және Маңғыстау аралы аталады. Бұлар тек «Асанқайғының жер шолуы»48 дейтін аңызда аталатын қалалар мен жер-су аттары ғана. «Асанқайғының жерге айтқан сындары»49 дейтін екінші аңызда жоғарыда аталған жер-сулардан басқа Ертіс, Есіл, Нұра, Торғай, Қызылтау, Ереймен, Қаратау, Алматы секілді ондаған өзендер мен таулар аталады, олардың әрқайсысына сын айтып, баға беріледі.
Асанқайғы ең алдымен жерді шаруашылыққа, соның ішінде малға, малдың қай түлігіне пайдалы жағына қарай бағалап сипаттайды. Мәселен, Жетісуды «Ағашының басы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен» десе, Торғай өзенін «Аққан суы бал татыған, ақ шабағы май татыған су екен» деп бағалайды, яғни жердің шөбі мен суына ғана емес, аңына, құсына, балығына дейін назар аударады.
Асанқайғы жерді ең алдымен көшпелі елдің шаруашылығына, яғни, мал өсіруге қолайлы-қолайсыздығына қарай бағалайды және қай жерде малдың қандай түрін-түлігін өсіруге болатынын көрсетеді. Мәселен, Баянауыл тауының басынан «қойдың құлағы көрініп тұр» десе, Ертістен «сиырдың мүйізі шығып тұр екен» дейді. Ал Шыңғырлау өзенін көргенде: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің» деп ат шалдырып, бір түнеп кетеді. Асанқайғы жердің тек жайылымдық қасиетіне ғана емес, егін егуге жарамды топырағына да назар аударады. Жуалының қара топырақты, қыртысты, құнарлы жерін көргенде: «жерің семіз, қарың мол, қадіріңді егін салған ел білер» дейді. Сыншы жердің жайылымдық жағымен қатар малға қысқы, күзгі суықта, аязда пана боларлық ықтасындық ерекшеліктеріне де мән берген. Шу өзенін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты, мынау ну қамысың еліңді жұтқа бермес» депті.
Сыншы көрген жерлерінің шаруаға жайлы қасиеттерімен қатар жайсыз жақтарын да айтып шаруаларды сақтандырып отырады. Ереймен тауының айналасы жалтаң болса керек, соған қарап тұрып: «Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас... панасы жоқ сары дала сықылды тау екен» дейді. Қарақойлы-Қашырлы деген жерге: «Бауырыңда бір жұтқын айдаһар бар екен, әйтпесе, жылқы үзілмейтін жер екен»50 деп ескертеді.
Аңыз Асанқайғыны кейде жердің кен байлығын, кейде таулардың бір-бірінен қаншалықты аласа-биіктігін ажырата білетін білімдар адам ретінде сипаттайды. Мысалы, ол көзге биік Баянауыл тауынан оның қасында төбе сияқты аласа көрінетін Бөкенбай тауын «қырық кез биік екен» депті. Кейін келген жер өлшеушілерден жергілікті адамдар анықтағанда «дұрыс айтқан» депті. Қарсақбайға «Айналаң жапан тұз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас» деген болжам айтыпты.
Міне, осынша жер-суларды, тау-тастарды, қалалар мен қыстақтарды атап, олардың бас-басына айтқан сындарына қарап Асанқайғыны Шыңғыс хан мен Ақсақ Темір шапқыншыларының қанды жорықтарынан тарап бытырап кеткен қазақ рулары мен ұлыстарын ежелгі ата мекеніне қайта бастап келген көш басшы, қоныстандырушы, құлаған қазақ хандығын қайта қалыпқа келтірген Майқы бидің ісін ілгері бастырушы, дамытушы деп қарауға, бағалауға мүмкіндік береді. Байтақ та байырғы қазақ жерінің Асанқайғы атамайтыны, сынамайтыны кемде-кем. Соның барлығы Асанқайғының сөзі деп кесіп айту қиын, кейбір сындардың кейін айтылғаны, немесе өңделгені көрініп тұрады. Алайда халық қамын ойлаған бір ақылды Асан атаның болғандығы даусыз.
Асанқайғы туралы Қазақ Совет Энциклопедиясында былай деп жазылған: «Алтын Орданың ыдырау дәуірінде (ХV ғ.) өмір сүрген А.Қ. (Асанқайғы, – Б.А.) алдымен Сарайда, кейін Қазанда, Ұлы Мұхаммед ханның ықпалды билерінің бірі болған. Егде тартқан шағында Дешті қыпшаққа қайтып оралады. Өмірінің соңғы кезеңі жаңа құрылған қазақ мемлекетінде Жәнібек, Керей хандардың төңірегінде өтеді»51.
Асанқайғы қазақтың рулары мен ұлыстарын әр жерге орналастырғаннан кейін енді халықтың орталығына, қала-астана салып орнығуға лайықты жер іздейді. Ондай жер өріс, қоныстық қасиетінің үстіне жаугершілік уақытта жаудан қорғануға, бекініске де қолайлы болуға тиіс. Асан «басы байтақ, аяғы тайпақ екі-ақ ауылға қоныс екен...» деп Сырдың бойын тарсынады. Түркістан қаласын және оның қасындағы ескі Сауран қамалын көріп: «Әттеген-ай, қорғанды қорғай алмайтын жерге салған екен. Айнала тақырдың шеті, шөлстанның өті... Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ – түбі тұрақты қала бола алмас» деп ұнатпайды. Ақыры Майқы би сияқты Асанқайғы да хандықтың орталығына Ұлытау жерін лайықты көреді. Шамасы, Асан данышпанды да Ұлытаудың сарқыраған суларымен, жайқалған көкорай шалғынды жайылымдарымен қатар қорғануға қолайлы жер жағдайы қызықтырған болса керек. Сонсын, Ұлытау жағрафиялық жағынан да ежелгі қазақ даласының орталығы болып табылады. Сөйтіп, Ұлытау өлкесі алғашқы қазақ хандығының орталығы болған, оған Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің жағасындағы Жошы хан, Алаша хандардың ғимараттары, Ұлытаудың басындағы Едіге батырдың тас қорғаны айғақ.
Асанқайғы да Ұлытау маңында қайтыс болған, тек бейіті, қайда жерленгені белгісіз. Сірә, көшпелі ел-жұртты ата қонысына неше рет келіп, неше рет кетіп жүрген жаугершілік заманда және ұрпақтардың ауысуымен ұмытылса керек.
Ұлытау бойында, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Қараторғай, Сарыторғай, т.б. өзендердің жағасында, бұлақтардың басында, тіпті бұрын құдықтан су ішіп қалың ел жайлаған далаларда иесі белгісіз бейіттер, құлаған күмбез, төбешік-төмпешікке айналған қорғандар – обалар көп. Қараторғай өзені бойындағы сондай қорғандардың бірін ХVІІІ ғасырда қазақ жерін аралаған капитан Рычков былай суреттейді: «Әлгі жерден жарты күн жүргенде төрт шақырым жерде ежелгі халықтардың керемет үлкен зираты көрінді. Ондай зиратты бұл байтақ даладан сирек кездестіруге болады. Ол кәдімгі жерден топырақ үйіп көтерілген, биіктігі 15, аумағы 135 сажень (әр сажень 2,13 м. – Б.А.). Соған қарап-ақ мұндай кереметті жасауға қаншама көп адамның қатысқанын және оны басқа зираттардан ерекшелеуге соншалықты күш салғанын түсінуге болады. Қазақтардың айтуынша оған ата-бабаларынан бері осы жерді мекендеген, өзі өте ұзақ жасаған адам жерленген. Алайда олардың пікірлері, сөз жоқ, зираттың үлкендігіне негізделген. Ал шындығында зират скифтердің бір патшасының немесе батырының құрметіне тұрғызылған болуға тиіс. Ертеде халық сүйген адамдар қойылған жерлер осылай ерекшеленген»52.
Заманында халқының қамқоры, сүйіктісі болған философ және ақын Асанқайғының сүйегі де Ұлытау маңындағы өзінің ата-қонысында, осындай бір қорғанда жатуы ғажап емес.
Сайып келгенде, Асанқайғының өмірде болуы, ол жайында аңыз-әңгімелердің негізсіз емес екендігі анық. Сонымен бірге аңызда қолайлы қоныс іздеген «Жесір қатын мың қой айдайтын» теңдік, «Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын» бейбітшілік заманды аңсаған халықтың қоспасы, арман-тілектері де аз болмаса керек. Сондықтан да академик Мұхтар Әуезов Асанқайғы туралы аңыздар жайында былай деген: «Бұл аңыздағы бақытты ел іздеуге байланысты әлеуметтік зор мұраттың мағынасы айдан анық. Бұл – қазақтың өз арманы, оның бақытты тұрмысты көксеген тілегі. Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихы жолында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символындай сезді. Ел мұңын жоқтаған ақындардың Асан есімін ауызға ең алдымен алатыны да содан»53.
* * *
Қазақ аңыз-әңгімелерінің бір тобы Алдар көсе атынан айтылып тараған. Алдар – асқан қулықтың, тапқырлықтың символы. Алдар көсе атымен байланысты аңыз-әңгімелер мазмұн, тақырып жағынан Қожанасыр әңгімелеріне ұқсас, бірақ одан айырмасы да үлкен. Біріншіден, Қожанасыр туралы әңгімелер, көбінесе, қаланың, отырықшы елдің тұрмысымен байланысты болса, Алдар көсе атымен байланысты аңыз-әңгімелер көшпелі елдің, малмен айналысқан халықтың тіршілігін бейнелейді. Үшіншіден, Қожанасыр сырттай аңқау, аяр болып көрінсе, Алдар көсе атымен де, ісімен де алдамшы, ашық қуды бейнелейді. Әдетте, халық алдамшыны. өтірікшіні, біреуге қиянат жасаушыны жек көретіні белгілі. Бірақ жұрт Алдар көсені айыптамайды, керісінше, оны жақтап, оның ақыл-айласын, қулық-сұмдығын іштей құптап отырады.
Себебі ол зорлық-зомбылыққа, қанаушыларға, үстем таптың өкілдеріне, қысқасы, қиянат атаулыға қарсы күреседі.
Аңыз-әңгімелер бойынша Алдар өзінің ақыл-айласын ең алдымен байларға қарсы қолданады. Ол қулықпен қу жауырынды етті жауырын, етті жауырынды тоқты, тоқтыны он бойдақ қой етіп алады. Алдар байыған үстіне байысам деп жүрген ашкөз байға «көк қошқарын» (қасқырын) сатып, байдың бір қора қойын қасқырға қырғызады. Екінші байды алдап елу жылқысын, саудагерді алдап жүз өгізін айдап кетеді.
Егінші шаруалардың маңдай тері мен табан ақысына ортақ арамтамақтардың бірі – алдамшы бақсы-балгерлер. Алдар біреуді алдап үйінде зікір салып жүрген «жынсыз» бақсыларды біріне-бірін соғыстырып, зікір салып «ойнап» жүрген үйден қуады, «жыны бар» көз бояушы бақсылардың қызған темірлерін тіліне басып, пышақтарын іштеріне тығып сазайын тарттырады.
Қараңғы елде ауырған адамды емдеймін деп бас пайдасы үшін бақсылар, балгерлер, молдалар қаншама аңқау, сенгіш әйел-еркектердің обалына қалып, өліміне себеп болмады. Халық кекшісі Алдар олардан да сондай жазықсыз жандардың, надандық құрбандарының кегін алып, есесін қайырады.
Алдар көсе әңгімелерінің бірсыпырасы әділетсіз, қиянатшыл хандар мен билердің парақорлығын әшкерелеуге арналған. «Алдар көсе мен Алаша хан» атты әңгімеде Алдар алтын егіп көбейтіп беремін деп ханды алдап бір құмыра алтынын алып кетеді. Аңыз мұнымен тек пасық байлар ғана емес, хандардың өздері де қандай пайдакүнем, дүниеқоңыз екенін көрсетеді.
Екінші бір аңызда Алдар көсе бір бидің алдында жүгіністе отырып қолымен қойнын көрсетіп дәмелендіреді. Би дауды Алдар көсенің пайдасына шешіп, артынан «әлгі ымдаған алтынды әкел» деп қолын жаяды. Сонда Алдар көсе қойнынан жұдырықтай тасты шығарып:
– Егер дауымды әділ шешпесең, мына таспен басыңды жарамын деп емеурін жасап едім, әділ шештің, енді ұрмаймын, – деп тасты алдына тастай береді.
Алдар көсе – халық өкілі, ол кіммен ерегісіп бәсекелессе де үнемі жеңіске жетеді, үстем шығады. Тіпті ол Түлен, Құлан атты шайтандардың өздерін алдап мойындарына мініп алады. Оларға қазы-қарта алдырып жейді, қымыз алдырып ішеді, құтылғысы келгенде бәстескен, шарттасқан болып оларды қамшымен шықпыртып, сойылмен ұрып жығады. Осының барлығы Алдар әңгімесінің халықтығын, халық тілегімен қабысып жататынын көрсетеді. Алдар көсе әңгімелерінің ең көлемдісі мен көркемі және мазмұндысы – Шықбермес Шығайбайды алдауы.
Шығайбай – қазақ ауыз әдебиетінде сараңдықтың, сасық байлықтың символы Қарынбайды еске түсіреді. Бір ғана баюдан басқаны ойламайтын, қарнының, қара басының құлына айналған Қарынбай бітік шыққан бидайының ортасында тұрып әйеліне:

  • Қатын, мен көрінемін бе? – депті.

  • Көрінесіз, – дейді әйелі.

  • Көрінбей қалайын, – деп бай бидайдың бітік, биіктеу шыққан жеріне барып тұрады.

  • Қазір көрінбейсіз, – деді әйелі.

  • Иллаһи, көрінбейін! – дейді бай қуанып.

Содан Қарынбайды жер тартып, малы аңға, егісі шөпке айналып кеткен дейді халық. Алдар көсе ешкімді аямайды, есіркемейді: аяр әйелдің айыбын ашады, ұрының ұрлап жетелеп бара жатқан атын алып қалады. Осының барлығы адам өміріндегі, феодалдық қоғамдағы қылмысты, қиянатты, ерсі, оғаш мінез-құлықтарды ажуалау, әшкерелеу, айыптау болып табылады.
Сонымен қатар Алдар көсе атымен байланысты аңыз-әңгімелер арасында аңқау қойшыны алдап, («Алдардың тазшаны емдеуі») қойын айдап кету, жер жыртып жатқан диқанды алдап («Алдар көсе мен егінші») өгіздерін алып кету, тоңған аңқауды алдап тонын киіп («Алдар көсе мен тоңғақ») кету сияқты арзан күлкі үшін айтылатын әңгімелер де ұшырасады. Мақсатсыз, мағынасыз ойдан, кейде үстем тап өкілдерінен тараған мұндай жеңіл әңгімесымақтар Алдар көсе атына таңылған жала, жамау деуге болады. Әдетте, Алдар көсеге тән әңгімелер тапқыр қулығымен, оқыс күлдіргілігімен қатар ғибратты және мазмұнды келеді, әлеуметтік терең мәнді болады. Өйткені Алдар көсе ең алдымен қорланған, езілген қарапайым еңбекші қауымның өкілі, бейнелеп айтқанда қара бұқараның қанаушыларға, қорлаушыларға қарсы сілтейтін және еш нәрседен, ешқашан мұқалмайтын, жасымайтын, тот баспайтын болат қанжары, алмас қылышы мәнзалды кейіпкер. Алдардың мақсаты, алдына қойған әлеуметтік, азаматтық мұраты, программасы аңыз-әңгімелердің өздерінде-ақ ашық айтылған, айқындалған.
«Алдардың әкесі Алдан момын адам болыпты. Оның өмір бойы кәсібі қой бағу екен. Баққан қойы байдікі болған, – деп басталады «Алдардың тууы» дейтін аңыз. – Бай Алданды жалдағанда: «Асты жатып ішесің... Бардан ауысады, балдан жұғысады, жүзді айдап, бірді жетелейсің» деп алдайды. Алд Алдан малын жылдап бағып ақысын сұрағанда «есің кетсе ешкі жый» деген деп жалғыз ешкі жетектетеді. Алдан ақысын даулап алдына барса, оны хан да алдайды, «шариғат солай» деп қазы да алдайды. Басы ауырып барса, бақсы да алдайды. Базарға барса, саудагер де алдайды. Сөйтіп Алдан ешкімнен әділдік, теңдік таппай зарығып, торығып жүргенде Алдар туады. Алдарды әлдилей отырып әкесі:
Алдаушы арсыз көбейіп
Ардан тойдым, қарағым.
Әділеттік таба алмай
Заңнан тойдым, қарағым.
Арсыз заман азаптап
Жаннан тойдым, қарағым.
Арашашы болсын деп
Алдар қойдым, қарағым.., –
деп жауыздықтан көрген қорлығын, ызасын баласының бойына ана сүтімен, бесік жырымен бірге сіңіреді. Алдар есі кіріп, тілі шығысымен-ақ әкесіне:

  • Ер жетейін, ел аралайын. Алдаушылармен арбасып көрейін! – деп уәде береді, уәдесін артығымен орындайды.

Алдар көсе «Алдардың көсе атануы» дейтін аңызда байдың, саудагердің, қожа-молданың және ханның жоғын жоқтап, кегін қайырмақ болып артынан қуа келген уәзірлердің құйрықтарына қыздырған темір көсеумен таңба басады. Ақырында оларды хан алдында менің қашып жүрген таңбалы құлдарым деп әшкерелейді және «құлдарын» сатып теңгемен құндарын алады. Аңыздың соңында содан «Алдар көсеу» деген атаққа ие болып, бірақ халық кейін сөзді ықшамдап «көсе» деп кетіпті дейді.
Алдар көсенің туған, өлген уақыты жөнінде ауызша да, жазуша да дерек жоқ. Тек кейбір аңыз-әңгімелерде өмір сүрген ортасын, дәуірін жорамалдайтын жанама мәліметтер ұшырасады. Мәселен, «Баяғыда хан Жәнібек тұсында Қожыр деген бір шал болыпты, шалдың үш баласы болыпты, – деп басталады «Алдар атануы» дейтін екінші аңыз. – Кәні, қайсың қандай кәсіппен мені асырайсыңдар? – дейді шал балаларына.
Ей, ата, мен алдасам,
Жын болса арбасам.
Жұрт істейтін кәсіп көп,
Алдауды бер қаласам, – дейді сонда кенжесі.

  • Кенжем, сенің қалағаның алдау болса... бұл бір өзгеше кәсіп екен. Сенің де алдыңнан жарылқасын, Алдар бол! – деп қолын жайып батасын береді54. Ал «Жиренше мен Алдар» дейтін аңызда «Әз Жәнібек ханның тұстасы Алдар көсе Жәнібектің қарауында болыпты»55, – деп жазылған. Жоғарыда аталған «Алдар көсе мен Алаша хан» деген аңызда Алдар көсе Алаша ханның қызын алады56. Алаша ханның тарихи адам екендігі және оның өмір сүрген, хандық құрған дәуірі (ХІІ-ХІІІ ғ.) жоғарыда Майқы би туралы аңыз-әңгімені талдағанда айтылды. Ол жайында Абай Құнанбаев жазған мынандай дерек те назар аударарлық. «Әмір-Темір нәсілінен Құмар Шаих баласы, белгілі Бабыр патшаның шешесімен бір туысқан екі бауыры болған. Үлкені Ташкентке хан болып, кішісі қазақты билеген. Бұлар Шағатай нәсілінен Юніс ханның балалары болған. Сол қазақты билегеннің аты Ахмет екен. Сол Ахмет өз уақытында аттанысқа жарарлық қазақтан үш жүз әскер шығарып, үш жүзбасыға билетті. Әр жүздің халқы өз ынтымағымен бір туысқанға есеп болыпты. Қазақтың «Үш жүздің баласы» дейтұғыны сол...

  • Қалмақты рахымсыздығына қарай: «мынау бір алашы болды ғой» депті, «жан алушы болды» дегеннің орнына. Сондықтан ол Алаша хан атаныпты. «Бабыр Нәмада»57 солай жазылған. Сонан сол хан бұл атты қалмақ қорыққаннан қойды ғой, енді сіздер шапқан уақытта «Алашы-алашы» деп «ұран-сүрен» салыңыздар деп бұйырып, бұларға айғай салғанда көп жанның айқайымен «Алаш-алаш» деп кетіпті. Сондықтан Алаша хан болмағанда, қалмаққа не қылмақ едік» деп, Алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен58».

Бұл дерек қазақтың үш жүзінің қашан, қалай шыққанын, Алаша ханның ақиқат болғандығын, демек халық аңыздарының шындықтан онша алыс-алшақ емес екендігін аңғартады.
Шағатай нәсілінен шыққан Алаша ханды Жошы нәсілінен шыққан Шайбақ деген хан соғысып Ортатөбеде өлтіріп қазақ хандығын өзіне қосып алады. Кейін Жәнібек, Керей бастаған қазақ хандығы осының орнына құрылады. Демек, Алаша хан мен Жәнібек арасында хандық және дәуір жағынан мирастық, жалғастық бар. Нақтылы туған, өлген уақыттары мәлім болмағанмен Алдар көсе де Жиренше шешен де Алаша мен Жәнібек хандардың тұсында өмір сүрген тарихи адамдар деуге негіз бар.
Шайтанның ала аяқтары Түлен мен Құланды алдаған Алдар көсе бір Қубала есімді баланы алдай алмайды. Онда Алдар жеткіншексіз, мұрагерсіз емес, оның өзі өлгенмен, өнері-қулығы өлмек емес деген астарлы мағына жатыр. Шынында да Алдар көсенің сөздері әр заманда жаңғырып, жасарып отыратынын айтпағанда, оның батырлық, тапқырлық, өткірлік дәстүрін жалғастырушы, дамытушы Тұрлымбет, Шаншар, Қатпа, Әбен секілді күлдіргілер қазақ арасында көп болған, әлі де жоқ емес. Бұл Алдар көсенің өміршеңдігін, өнердің өлместігін көрсетеді.
Алдар көсе жайындағы аңыз-әңгімелер де қазақтан басқа қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт, т.б. түрік тілдес халықтар арасына да кеңінен тараған.
* * *

Қазақ аңыз-әңгімелерінің белгілі бір кейіпкері – Жиренше шешен атынан айтылатын шешендік, тапқырлық сөздер мен аңыздар ерекше өткірлігімен, тілінің шеберлігімен өзге аңыз-әңгімелерден оқшау тұрады. Жиренше – қазақ шешендерінің пірі, үлгісі. Оның атымен байланысты сөздер мен әңгімелер, әдетте, Әз Жәнібектің айналасында өрбиді.


Аңызда Жиренше жарлыдан шыққан, әкесінен жастай айрылған жетім бала кейпінде көрінеді. Аң аулап серіктерімен сейілде жүрген Жәнібек хан бала Жиреншені түйе қарап жүрген кезінде кездестіреді.

  • Түйені тұсап қоймайтын ба, бала? – дейді хан.

  • Тұсауы өліп қалған еді, – деп жауап қайырады бала.

Ол: мал көздейтін әкем өліп қалған еді дегені екен.

  • Ауылың қонаққа қой соя ма? – дейді Жәнібек хан.

  • Тапса бір қой, таппаса екі қой сояды, – дейді бала.

Сөзін сынағалы хан нөкерлерімен баланың үйіне келіп түссе, бала буаз саулық әкеп союға бата сұрайды. Сөйтсе, оның манағы «таппаса екі қой сояды» дегені жарлы таңдап соймайды, буаз да болса, барын сояды деген сөзі екен. Ақылына, жомарттығына разы болған хан баланы қарауына, қамқорлығына алады. Жиренше басқа хандықта тұратын нағашысына барып, қала аралап жүріп хан сарайының қақпасына жігітше киініп тұрған және жігіт таңдап жүрген хан қызына кездесіп қалады, ақырында сол қызға үйленеді. Атасының хандығына да, байлығына да қызықпай ханның мұрагері – жалғыз қызы Қаракөзайымды алып еліне қайтады. Хан қызы мен күйеу баласын еліне аман-есен апарып салуға қастарына әскерінен қырық жігіт қосады. Жиренше қайын жұрты болса да басқа хандықтың әскерлерін өз еліне кіргізбей, Әз Жәнібектің көмегімен құрмет көрсетіп, сыйлық беріп ел шетінен қайырады. Бұлай ету себебін ол Жәнібекке «Досыңды тоқтатпа – жолынан қалады, дұшпаныңды тоқтатпа – сырыңды алады» деп түсіндіреді.
Уәзірлер күндеп ханға Жиреншенің көзін жойдырмақ болады. Ол үшін Жиреншенің келіншегін мақтап, ханды әйелге қызықтырады. Әз Жәнібек азғырушылардың әзәзілдік сөздеріне елігіп, шешенге орындалмайтын тапсырмалар беріп, қастық жасағысы келеді, бірақ оны адал да ақылды жары Қаракөзайым әлденеше рет қауіп-қатерден қорғап, сақтап қалады59.
Қаракөзайым өліп, Жиренше екінші әйел алады. Бұл қарақасқа кедейдің қызы Қарашаш сұлу еді. Қарашаш ажарымен де, ақылымен де хан қызынан кем түспей, асып түседі. Хан бұған да қызығады.
Ар-намысын, ақ некесін қорғау үшін Жиренше мен Қарашаш ханның қаһарына, қара күшіне өздерінің айқыл-айласын қарсы қояды, әлденеше мәрте тойтарыс береді. Бір ғажабы – соның барлығы саналы, білімді адамдарға лайықты мәмлемен, әдептілікпен шешіліп отырады. Арадағы азғырушы уәзірлердің сөздеріне азып, кейде жеңіл нәпсіге ілескенмен Жәнібек те жүйелі сөзге тоқтап хандық дәрежесін, қадыр-қасиетін сақтай біледі.
Көп жағдайда Жиренше бейнесі Аязбиді, Қарашаш Меңдісұлуды еске түсіреді.
Жиренше ханның қызын қалыңсыз алса, жарлының қызын қалың мал төлеп алады. Осының өзі Жиреншенің әділдігін, адамгершілігін көрсетеді. Оның үстіне ол атасы ханның дәрежесіне, дәулетіне қызықпай, жат жұртта қалмай туған еліне келіп азаматтығын, ар-намыстылығын танытады. Жиренше нағашысынан келіншегімен келген кезде Әз Жәнібек жұмбағын шеше алмағаны үшін («өтірік пен шындықтың арасы қандай») топас қырық уәзірін жазалағалы жатыр екен. Жиренше Қаракөзайымның көмегімен ханның жұмбағын шешіп («өтірік пен шындық құлақ пен көздің арасындай төрт-ақ елі жақын, өйткені құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шындық болады») уәзірлерді жазалаудан құтқарады. Мұнымен шешен алыс-жақын демей адамға жақсылық ойлайтын өзінің адамгершілік, қайырымдылық қасиеттерін көрсетеді. Тіпті ол уәзірлердің өзіне жасап жүрген дұшпандығын, ханның ойлаған қастандығын сезіп-біліп жүріп-ақ олармен өштеспейді, кектеспейді, тек ақыл-айламен қорғанады. Осындай асыл қасиеттерімен ол ханнан жоғары тұрады, халық құрметіне бөленеді.
Жиренше жарлымын деп жасымайды, уәзірмін деп тасымайды. Әз Жәнібектің алтын сарайынан шығып төрден көсілгенде есіктен аяғы шығып жататын өз лашығына келгенде: «Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», «Өз үйім өлең төсегім» деп жадырап, бір жасап қалады екен60.
Жиренше ханның қарауында қызмет істеп, хан тапсырмасын орындай жүріп оған жарамсақтанбайды, атақ-абыройын аяққа бастырмайды.
Енді бір әңгімеде Қарашаш та өліп, күні ақылсыз әйелге, барықсыз балаға түсіп, әрі қартайып, бұзау бағып, тезек теріп жүрген Жиреншеге далада кездесіп қалған Жәнібек хан кекетіп:
–Уа, шешенім, қалың қалай? – депті. Сонда Жиренше шешен ханға былай деген екен:
Ер қартайды, мал тайды,
Екеуледі ей, ханым!
Қатын шайпау, ұл тентек,
Төртеуледі ей, ханым!
Арқамдағы қу тезек,
Әркімге келер бір кезек61.
Халық өзінің сүйікті қаһарманын қартайса да ханнан тілін тартпайтын батыл, шешен бейнесінде суреттейді.
Жәнібек хан шашы қара, сақалы ақ біреуге қарап, қасындағы Жиреншеге:

  • Мынаның мәнісі қалай? – деп сұрайды.

  • Түзде тебінген, үйде кейіген, аты шабан, қатыны жаман бір бейбақ та62, – дейді сонда Жиренше шешен.

Әз Жәнібек әлде неге іштей ренжіп, тұнжырап келе жатып:

  • Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең? – деп сұрапты шешеннен.

  • Бұл дүниеде түзу мылтығы, қыран құсы, жүйрік аты бар, мінез-құлқы мінсіз қатыны бар ердің төрт құбыласы тең. Жауы үйде, досы түзде ханнан қайғылы кім бар дейсіз?63 – депті сонда, ханның үйден кейіп шыққанын сезген шешен.

Жиреншеден қалған немесе Жиренше атынан айтылатын даналық, тапқырлық әңгіме-сөздер көп. Солардың барлығы өмірмен, күнделікті тұрмыспен тығыз байланысты, тек әлеуметтік келелі мәселелерді қозғайтын сөздері сақталмаған, сірә, біздің дәуірімізге жетпеген болса керек.
Белгілі бір халықтың тарихында, хандықтың тұсында әлеуметтік қызмет атқарған қоғам немесе өнер қайраткерлерінің төңірегінде топталған аңыз-әңгімелерде саралау, салалау байқалады. Мәселен, Майқы би мен Аязби әңгімелері қоғамдық құрылысқа арналса, Қожанасыр мен Алдар көсе әңгімелері қоғамдағы ең алдымен, қоғам басшыларындағы қателіктерді, қайшылықтарды сынауға, мінеуге бағытталған, ал Қорқыт пен Жиренше жайындағы аңыз-әңгімелер күй өнері мен сөз өнерінің құдіретті күшін танытады. Бәлкім, сондықтан болар – Жиренше мемлекеттік, тарихтық мәселеге бара бермейді. Ал шындығында, тіпті аңыз-әңгімелердің мазмұнына үңілсек те Жиренше - Әз Жәнібектің ақылшысы, бас уәзірі, алғашқы қазақ хандығын құруға ат салысқан, оны нығайтысқан тарихи қайраткер дәрежесінде сипатталады.
Қазақ ауыз әдебиетінде Жиренше – жиынтық образға айналған тұлға. «Шешен, тапқыр адамның образын қазақ халқы ауыз әдебиеті үлгілерінің бәрінде бар, – дейді академик, жазушы М.О.Әуезов, – Ал Жиренше жайындағы аңыз әңгімелерде бұл образ ең шырқау күйіне жеткен. Жиренше жайындағы аңыздардың бәрінен де оның асқан тапқырлығы, шешендігі көрінеді»64. Демек, қазақтың бізге белгілі шешендік өнері Майқы биден басталғанмен, Жиренше шешенмен қалыптасып кемеліне келген деуге болады.
Бір жолы хан өзін сынай беретін Алдар көсені сөзден тосып жазаламақ болады. Көсенің қасында біреуінің шашы ақ, сақалы қара, екіншісінің сақалы ақ, шашы қара екі серігі бар екен. Билердің айтуымен Әз Жәнібек үшеуін де ордасына шақыртып алып, оларға былай дейді:
– Үшеуіңнен үш сұрақ сұраймын, жауабын дұрыс берсеңдер үшеуіңе үш дорба алтын беремін, таппасаңдар елден қуыласыңдар!
Сөйтіп, Алдарға «сенің неге сақал-мұртың жоқ?» дейді алдымен. Алдар «Бөксем әкеме, кеудем шешеме тартқан» деп жауап береді. «Сенің сақалың ақ, шашың қара мұның мәнісі қалай?» деген сұраққа екінші кісі: «Менің сақалым бұрын ағарғаны қайғым көп, сақалым қайғымның қарсы алдында тұрады, шашым бөркіммен қапталғандықтан еш нәрсе байқамай қара қалпында қалды», – деп жауап береді. Ал шашы ақ, сақалы қара қарт «сақалым шашымнан жиырма жас үлкен, сондықтан бұрын ағарды» деп құтылады. Бұл екі серігіне ақыл үйреткен Алдар көсе екен, үшеуінің алдына тастаған үш дорба алтынын да Көсе жиып алып, Сарайдан шығып кетеді. Мұны кейін келіп естіген Жиренше шешен «Қу көсе шалдарға обал қылған екен, тым болмаса, алтынның жартысын сөзбен жеңіп қарияларға алып берейін» деп Алдардың артынан атпен қуып барады.

  • Жер ортасы қайсы, ел ортасы қайсы, әділет бұйрығы қайсы? – деп сұрайды шешен көседен.

  • Жап-жақын еді ғой, – деп Алдар көсе мойнын созып жан-жағына қараған болып тұрады да, – байеке, атыңызды бере тұрыңызшы, бойым жетпей тұр, – дейді. Сөйтіп, Жиреншенің атын сұрап мінеді де: «Жер ортасы да, ел ортасы да осы. Бізді хан алдына айдағанда сен атты, біз жаяу едік. Енді мен атты, сен жаяу – әділет бұйрығы деген осы» – деп жүріп кетіпті.

Бұл әңгімеде астарлы мағына бар. Халық сыншысын, бақылаушысын елден қумақ болған ханға мұндай ақыл берген де, үшеуін хан алдына жаяу айдап келген де Жиренше еді. Сондықтан аз да болса халық өкілінен гөрі ханға бүйрегі бұрғаны үшін халық Жиреншені Алдар көсеге жығып береді, сөйтіп оны далада жаяу қалдырады.
Демек, бұл – Жиреншенің ханға уәзір болып қызмет істеп жүрген кездегі өзінің халықтық, бұқарашылдық принципінен азды-көпті ауытқыған кезінің, қайшылығының көрінісі.
Жиренше атымен байланысты аңыз-әңгімелерді талдағанда екі әйел шешеннің есімдері мен істері ерекше көзге түседі, олар – Қаракөзайым мен Қарашаш сұлу.
Қазақтың ертегі аңыздарында, дастан-жырларында елге ұйытқы, ерге серік болған Айша-бибі, Домалақ-ене, Қыз Құртқа, Ақжүніс секілді арулар бейнесі аз емес. Әсіресе, қол өнері мен тіл өнерінде қазақ әйелдері еркектерден кем түспеген. Бірақ әйел қауымына теріс, кері қараған патриархалдық, феодалдық қоғамдарда, әсіресе, ислам дінін қабылдағаннан кейінгі дәуірлерде (скиф-сақ дәуірінде әйелдер патша да, қолбасы да болған) қазақ тарихында, әдебиетінде әйел қайраткерлердің аттары сирек кездеседі. Қаракөзайым мен Қарашаш сұлу, сондай-ақ Меңдісұлулар сөз өнерінде жүзден шыққан жүйрік, мыңнан шыққан тұлпар деуге лайық.
Қаракөзайым Жиренше еліме «қайтамын» дегенде, оған: «Сіз қайда қайтасыз? Әкемнің менен басқа қызы да, ұлы да жоқ. Әкем өлгеннен кейін осы дәулет кімдікі болады?.. «Есіктен орын табылса, төрге озба» деген бар емес пе?!» дейді. Бағына емес басына қызығып қосылған ерінің тоқтамасына көзі жеткен соң, қыз: «Жат жұртқа жаралған біз әйел, күйеу – ер, ол жұртына қайтамын дейді, бізді қалдырмасын, ұзатсын!» – деп әкесіне кісі салады. Мұнысымен Қаракөзайым да қазына-байлыққа, хандық-билікке қызықпайтын ақыл-мінез танытады. Ханның жұмбағын шешуде де ол жұбайына көмектесе біледі. Әсіресе, ханның қаһарынан ерін, өзінің арын сақтап қалу қажет болған кездерде Қаракөзайымның ақылы мен адалдығы ашыла, айқындала түседі.
Жиреншені әдейі алысқа жұмсап жіберіп үйіне қоналқаға жалғыз келіп жантайып жатып алған ханға Қаракөзайым «біреудің есігін қолыңмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяғымен тебер» деген кестелі жазуы бар жастық тастайды. Жазуға көңіл аудармаған соң: «Май айныса тұз түзейді, тұз айныса не түзейді?» деген сұрақ қояды. Хан оған да «түсінбеген» соң, Қаракөзайым :
– Тақсыр, қара айныса хан түзейді, хан айныса кім түзейді? – дейді. Тек содан кейін ғана хан «қатесін» түсініп райдан қайтады-мыс65.
Қарашаш ақыл-парасатымен Қаракөзайымнан да асып түседі.
Ол Жиреншемен бірінші кездескенде-ақ ақылды, ұстамды қыз кейпін танытады. Қатарлас құрбылары өткінші жаңбырдан қашып тезегін сулап, бұзауларын жамыратып алғанда бұл денесі мен киімдері су болса да отынын құрғақ сақтап, бұзауын жамыратпай шыдамдылық жасайды. Жол мен өткел сұраған Жиренше ишараттап «қалың малың қанша қара» дегенде, «әкем теңімді тапса тегін береді» деп ишараттайды. Үлкендер өзіне ықтияр бергенде әлде біреудей бір көрген жігіттің артына мінгесіп жүре бермей әке-шешесінің, аға-жеңгесінің қамын ойлап, разылықтарын алып аттанады.
Әз Жәнібек тарапынан Жиреншеге қауіп-қатер төнгенде Қарашаш сұлу да ақылымен, тапқырлығымен еріне ара түседі, оған сенімді серік бола біледі. Жиренше жолаушылап жолда жүргенде хан тағы да шешеннің үйіне қонбақ болады. Қарашаш ханның алдына сырты әр түрлі боялған жұмыртқалар пісіріп қояды. Мұнымен ол әйелдердің ажары әр түрлі болғанмен ләззаты бірдей дегенді аңғартады. Қасқыр тартқан биені жеуге арланған арыстан туралы аңызды айтып ханды ұялтпақ болады. Бірақ хан оған да тоқталмайды, қайта бұрынғыдан да бетер құмарта түседі. Ақырында емшек сүтінен балқаймақ жасап беріп, ханнан өкіл ана болып құтылады.
Бұл әңгімеден әйелдер ақылымен де, адамгершілігімен де еркектерден кем емес, қарашаның қызы хан қызынан кем емес деген қорытынды шығады. Қаракөз бен Қарашаштың шешен, ақылды болуы Жиреншенің даналығын, шешендігін әсте көлеңкелемейді, атақ-абыройына нұқсан келтірмейді, керісінше, оның адамгершілік, кемеңгерлік бейнесін толықтыра, биіктете түседі. Егер аталған аңыз-әңгімелердің мазмұнына тереңірек үңілсек, Жиренше Қаракөзайым мен Қарашаш сұлудың ері ғана емес, әрі ақылшы ұстазы, қамқор ағасы іспетті болғанын аңғару қиын емес. Өйткені «ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дейді халық. Жарлы әрі жасамыс және түсі қара Аязбиді байдың қызына, салт атты, сабау қамшылы Жиреншені ханның қызына қалату, сүйгізу арқылы халық даналығы – аңыз-әңгімелер адамның қасиеті ақылы мен мінезінде дегенге меңзейді.

  • Мен осы тәңірінің ісіне таңмын, – дейді Меңдісұлу айнаға қарап тұрып. – Әркімді өзінің қатарына қосса еді... Өзіме қарасам, он төртінде туған ай сияқтымын, саған қарасам, суы біткен көлдей, майы біткен шелектейсің...

  • Жоқ олай емес... – дейді Аязби Меңдісұлуға. – Атамыз Адам бейіштен қуылып, шығып бара жатқанда тәңірі: «Ей, Адам! Бейіш сенің үшін жаратылып еді, шайтанның азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағаныңды алып кет» деген еді. Сонда Адам: «Тәңірі! Сенің қандай затыңның қадірлі екенін мен қайдан білейін?» – деген соң: «Адамзатқа пайдалы үш затым бар: біреу – қыдыр, біреуі – бақыт, біреуі – ақыл, осының бірін ал» деген екен тәңірі. Сонда адам ақылды алыпты. «Ақыл тұрмаған жерде біз тұрмаймыз» деп қыдыр да, бақыт та ақылға табынған екен. Сол сияқты сен қазынадағы қызыл алтын едің, мен ақыл едім... Сен менің... ақылыма қызығып тидің»66.

Жиренше шешен аңыз-әңгімелерде, кейбір жазбаша деректерде Асанқайғының замандасы, Жәнібек ханның бас уәзірі, тұңғыш қазақ хандығын (мемлекетін) құрысқан қайраткерлердің бірі ретінде көрінеді.
Алаша мен Жәнібек хан негізін салған алғашқы қазақ хандығы туралы айта келіп Шоқан Уәлиханов былай деп жазады:
«Қазақ Алаша ханның тұқымы үзілгеннен кейін Барақтың баласы Жәнібекті өзінің ханы етіп сайлайды. Қалай болғанда да аңыз бойынша, Жәнібек – Жошы ханның әулетінен тараған бірінші қазақ ханы. Бауырлас екі ел – ноғай мен қазақ бірігіп, Жәнібек басқарып тұрған дәуір қазақ дастандарында алтын ғасыр ретінде жырланады. Далалықтар күні бүгінге дейін аузынан тастамайтын Жиренше шешеннің (дананың), Әз Жәнібектің және ноғайлы философы Асанқайғының аттарымен байланысты өсиет-насихат сөздердің көбісі сол уақытқа жатады»67.
Демек, Жиренше шешен – ХV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген тарихи адам, өнер және қоғам қайраткері.
* * *

Жоғарыда талданған Қорқыт, Қожанасыр, Майқы сияқты Аязби, Асанқайғы, Алдар көсе және Жиренше шешен туралы да аңыз-әңгімелер түркі тілдес халықтар арасына кеңінен таралған. Біз бұл зерттеуде солардың кейбіреулерін қазақша аңыздармен салыстыра тексереміз.


«Аяз»68 өзбек халық әңгімесі бойынша, Хандархан шахтың баласы (есімі аталмайды) оқығысы келмейді. Шах баласына «Дүниеде ең жаман төрт нәрсе бар, соның не екенін тапсаң, оқудан босанасың» дейді. Бала жер жыртып жүрген бір диқанды көріп «тегіс жер бетін айғыздап жүрген адам жаманы осы болар» деп қасына келіп: – Әкем «Дүниеде төрт жаман бар, соны тап» деп еді, біреуін көріп тұрмын, басқасының не екенін білесің бе? – деп сұрайды.
– Құстың жаманы – лашын69, малдың жаманы қашыр, аңның жаманы тоғайдағы қабан, ал адамның жаманы ақымақ, – дейді диқан.
Бала егіншіден естігенін әкесіне айтып келеді, әкесі диқанды алдырып өзіне уәзір етеді. Аяз, қазақ аңызындағыдай, алдымен шахтың атын, меруерт шырағданын сынайды. Шах ақылына разы болып оны бас уәзір қояды. Басқа уәзірлер Аязды жамандап зынданға салдырады, сарайдан да қуғызады, бірақ оған Аяз жасымайды, бір кедей шалдың қызына үйленіп, диқаншылық істеп бір қыстақта тұра береді.
Шах Аязды алдырып тағы да бірнеше сыннан өткізеді, өзі өлер алдында баласын таққа отырғызып, оған Аязды бас уәзір етіп тағайындайды.
– Аяз өте ақылды адам, – дейді шах баласына. – Егер тыңшылар оны жамандаса, сен оларды тыңдап Аязды дарға тартып жүрме. Оның сөзі саған ауыр тисе де, сен оның сөзінің байыбына барып шешім қабылда!
Шах көп ұзамай қайтыс болады. Бір күні жас шах Аязға:

  • Мен елді қалай басқарып келемін? Халық маған наразы емес пе? – дейді.

  • Елді өте жақсы басқарып келесің. Бірақ сен осы наубайдың баласы емессің бе? – дейді Аяз.

Жас шах оған намыстанып Аязды дарға тартпақ болады, бірақ Аяздың кеңесімен шешесінен шындықты сұрайды, шынында да ұл көрмей жүрген шахтан қорыққанынан шешесі қызына айырбастап алған наубайдың ұлы еді. Шешесі сол сырды ашады. Жас шах тағын тастап әкесіне кетеді де Аяз шах болады, елді ақылмен, әділдікпен басқарып халықты бақытқа жеткізеді.
Өзбек аңызының тақырыбы мен негізгі кейіпкері бір болғанмен қазақ аңызынан бірсыпыра айырмасы бар. Олар ең алдымен басты кейіпкердің кәсібінде, қазақ Аязбиі қойшы болса, өзбек Аязы – диқан. Қойшы Аязби жаман-жақсыны малшының көзқарасымен (шөп жаманы қарақоға, құс жаманы сауысқан, адам жаманы талапсыз) бағаласа, диқан Аяз жаман-жақсыны егінші көзімен (мал жаманы қашыр, аң жаманы тоғайдағы қабан, құс жаманы лашын) қарап бағалайды.
Қазақ аңызында байдың қызы Меңдісұлу: «ақылы теңге тиемін» деп алдын ала елге жар салып жұмбағын шешкен Аязбиге өзі сөйлесіп қосылса, өзбек аңызында қыз есімі аталмайды (Аязбен ара кісілер), әкесі мен кемпір арқылы танысады. Сонсын, өзбек аңызындағы шахтың там үйі болса, қазақ аңызындағы ханның ордасы – киіз үй. Осының барлығы – әр халықтың ауыз әдебиеті өзін тудырған халықтың шаруашылық-кәсібіне, тұрмыс-салтына бейімделіп жасала-тынын көрсетеді.
Әрине, «Аяз» аңызының көркемдігін, тілдік жағын орысша аудармасы бойынша бағалау қиын, дегенмен құрылысы мен мазмұнына қарап кейбір пікірлер айтуға болады. «Аяз» аңызының өзбекше нұсқасы көлемділеу де толық. Оның есесіне қазақша нұсқасының композициялық құрылысы шебер де тартымды. Мысалы, қазақша нұсқадағы сырын айтпағаны үшін дарға тартылғалы тұрған Аязбиді атқа мініп, қылыш асынып келіп Меңдісұлудың ажалдан арашалап қалатын, Аязбидің ханның жұмбағын шешіп қырық уәзірін ордаға жалаңаштап жаяу айдап келетін көріністері, хан мен қарт арасындағы тұспалдап сөйлесу, Аязби мен Меңдісұлу арасындағы сұлулық пен ақыл туралы сұрақ-жауаптар өзбекше нұсқада жоқ. Сонсын шахтың баласы өз кіндігінен емес, ауыстырып алған бала екендігі өзбекше нұсқада екі жерде қайталанады. Ал бұл сыр қазақша нұсқада бір-ақ жерде, хан өзін сынауды сұрағанда ғана айтылатыны белгілі. Сөйткенмен, туысқан екі халық аңызының сюжеті, идеясы бір.
Бауырлас қырғыз халық аңыздарының мазмұны мен уақиғалары қазақ аңыздарына өзбек аңыздарынан да жақын, бірақ мұнда да айырмашылық баршылық.
Қырғыз ауыз әдебиетінде Жиренше жайындағы әңгімелер, негізінде, «Жиренше шешен мен оның келіні»70 дейтін атпен топталған. Аңыз «Дүниеде Жиренше есімді бір данышпан адам болыпты, даналығы үшін оны ел шешен деп атапты» деп басталады. Жиреншенің Мырзатөле есімді жалғыз ұлы ақылсыз және өтірікші болады. Шешен баласына ақылды келіншек іздеп ақыры табады. Ол – Тақыр кедей Тоқсой шалдың жалғыз қызы – Қарашаш дана. Қарашаштың сұлулығы мен ақылына қызығып Жәнібек хан оны Мырзатөледен тартып алғысы келеді. Арам ойын жүзеге асыру үшін алдымен атасы Жиреншенің көзін жоймақшы болады. Ханның әр түрлі қиын тапсырмалар беріп қудалауынан Жиреншені келіні сан рет ақылмен сақтап қалады. Хан ақырында шешенді Қалмақ хандығына жер аударып, баласын алысқа, ауыр жұмысқа жұмсап, Қарашашты қасына көшіріп алмақшы болады, бірақ оған Қарашаш көнбейді. Арада жыл өтеді. Жиреншеден жұмбақ – хат келеді. Жұмбақты ешкім шеше алмайды, тек Қарашаш шешіп, атасының ишаратпен айтқан ақылы бойынша Төлеңгіт, Қойлыбай және Асанқайғы ақсақалдардың басшылығымен ханды өлтіріп, атасын жат жерден қайырады. Аңыз халық қуанышымен, тоймен аяқталады.
Аязби туралы аңыздар сияқты мұнда да екі халық аңызының құрылысында, баяндауында бірқыдыру өзгерістер бар. Мәселен, қазақша аңызда Жиренше мен Қарашаш ерлі-зайыпты болса, қырғыз аңызында аталы-келінді болып көрсетіледі. Қырғыз аңызында Жиреншенің баласы – Төлемырза, Толыбай сыншының баласы – Мыңжасар, Асанқайғының баласы – Төлеңгіт (екінші бір аңызда Мырзатөле), сондай-ақ Асанқайғы мен Қойлыбай қарттар аталады. Жиренше жайындағы қазақ аңыздарында мұндай кейіпкерлер (Асанқайғыдан басқа) кездеспейді. Сонсын, қырғыз аңызында Жиреншеден гөрі Қарашашқа көбірек көңіл бөлінген. Онда көбінесе, Жиренше тек келінінің ақылын, айтқанын орындаушы. Ал Қарашаш – дана, өзінің даналығын атасы ғана емес, хан алдында да, халық алдында да дәлелдейді. Мысалы жат елден жазған Жиренше атасының жұмбағын шешіп Қарашаш жұртқа былай дейді:
– Қитар көзді қара ешкі дегені – жауыз хан Жәнібек, оның дәуірі өтті... Өтпес пышақ дегені – ұлы Төлемырза, өткір ұстарасы – мен... Ардақты ақсақалдар, ержүрек жігіттер, қитар көзді жауыздың көзін жойыңдар, сөйтіп жасаған зұлымдықтарының кегін қайтарыңдар!
Демек, Қарашаш ақыл-айласымен қара басының қамын ойлаушы, атасын қауіп-қатерден қорғаушы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділетсіздікке, зұлымдыққа қарсы күресуші, халық күресін ұйымдастырушы ретінде бейнеленген. Бұл жағынан, яғни, идеялық мазмұнына қарағанда қырғыз Қарашашының образы қазақ Қарашашынан әлдеқайда толық та күрделі.
Жиренше мен Қарашаштың даналық, тапқырлық сөздері мен істері кейде қайсыбір халықтардың аңыздарында басқа кейіпкерлердің аттарынан, тіпті аттары аталмай-ақ айтыла береді. Мысалы татар халқының «Кедей қазды қалай бөлді»71 дейтін аңызы кәдімгі Жиреншенің Жәнібек ханға, ханымына, балаларына пісірілген қаздың етін қалай бөліп бергенін қайталайды, бірақ Жиренше мен Жәнібек аталмайды, олардың орнында «кедей» мен «бай» сөйлейді. Ал «Ақылды қыз»72 атты аңызда Қарашаштың белгілі сөздері Мағфура деген қыздың атынан айтылады.
Қырғыздың тарихи аңыздарында Асанқайғы арнайы сөз болғанмен Жиренше, Алдар көсе және Жәнібек ханмен байланысты аңыздарда аталып отырады. Солардың бәрінде ол ақылды, бай. «Мырзатөле» атты73 аңызда хан: «Нағыз жомарт кім, батыр кім, сыпайы кім», – деп сұрайды. Сонда Асанқайғы жомарт та, батыр да, сыпайы да менің ұлым Мырзатөле деп жауап береді. Жәнібек хан арнайы адам жұмсап сынатқанда, Асанқайғының айтқандары дұрыс болып шығады. Аңыз баласы арқылы Асанқайғының даналығымен қатар, адамгершілігін, парасаттылығын аңғартады.
Қырғыздың «Алдар көсек» хикаясы» атты аңызы бойынша Алдар көсенің бала күнгі есімі Шағатай екен, алдамшы және сақал-мұртсыз болғандықтан жұрт кейін Алдар көсе деп кетіпті. Бірақ ол алдағанда кедей-кембағалдарды емес, қараниет хандарды, сараң байларды, алыпсатар саудагерлерді алдайды және алдап тапқан олжасын жарлыларға үлестіреді. Аталған аңызда Алдар көсенің осындай іс-әрекеттері баяндалады. Ол алдап бір байдың атын мініп, екінші байдың қоралы қойын айдап кетеді.
Алдар көсенің Шынарбайға жасағандары қазақ аңызындағы Алдар көсенің Шықбермес Шығайбайды (байдың есімі өзгертіліп алынған) алдауының көшірмесі сияқты. Тек мұнда Алдардың бай қызын алдап әкететін ең қиын да қызықты кезеңі жоқ. Алайда осындай кейбір артық-кем жерлері болмаса, негізінде қырғыздың тарихи аңыздары қазақтың тарихи аңыздарына егіздің сыңарындай ұқсас. Оның сыры – екі халықтың түбі, тілі, бірлігінде ғана емес, сонымен бірге тұрмыс-салтының, шаруашылық кәсібінің ұқсастығында және жерінің жапсарлас, елінің аралас жатқандығында.
Жоғарыда жасалған салыстырулардан мынандай қоры-тынды шығады: бірінші – аталған тарихи аңыз-әңгімелердің негізгі қаһармандары (Қорқыт, Қожанасыр, Майқы би, Аязби, Асанқайғы, Алдар көсе, Жиренше шешен, т.б.) әлдеқалай ойдан шығарылған кейіпкерлер емес, өмірде болған адамдар, өз заманында өскен ортасына, қоғамға елеулі қызмет істеген, еңбек сіңірген қоғам, өнер қайраткерлері. Екінші – белгілі бір қайраткерлерге байланысты шыққан аңыз-әңгіме әуел баста бір тілде, бір жерде (сірә, қаһарманның туған жерінде) айтылып қалыптасады да басқа тілге (басқа жерге) содан тарайды. Үшінші – бір халықтан екінші халық белгілі бір аңызды қабылдағанда оның тақырыбын, негізгі желісін сақтай отырып өзінің болмысына, тұрмысына және дүние танымына қарай аңыздың мазмұнына өзгерістер енгізеді, артық дегендерін алып тастайды, кем дегендерін толықтырады. Сөйтіп әуелде бір тілде туындаған аңыз-әңгіме екінші тілге көшіп ауыса жүріп өңделеді, өзгереді, бірде толысады, бірде қысқарады. Міне, осындай жағдайда бір тілде бар кейіпкерлер, уақиғалар екінші тілде түсіп (ұмытылып) қалады, тіпті аңыздың мазмұны сақталып басты кейіпкерлері ауысып кетушілік те кездеседі. Демек, белгілі бір тарихи аңыздың басты қаһарманы, уақиғасы, т.б. туралы жан-жақты және толық мағлұмат алу үшін тақырыбы, сюжеті бір әр тілдегі нұсқаларды қамтып, салыстыра зерттеудің кейбір аңыздардың ұмытылған, жоғалған (ауыз әдебиетінде бұл жиі кездесетін нәрсе) маңызды бөлімдерін, тіпті кейіпкерлерін қалпына келтіру үшін үлкен ғылыми да, практикалық та мәні бар.
Сайып келгенде, қазақтың аңыз-әңгімелері – ел өміріндегі ұлы уақиғалардың елесі, сілемі. Олар қазақтың ұлт – ұлыс, халық – хандық болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамыған. Тарих сияқты аңыз-әңгімелерде қоғам, әлеумет өміріндегі келелі уақиғалар белгілі адамдардың, тарихи, мәдени қайраткерлердің істері мен сөздері арқылы көрсетіледі. Алайда аңыз-әңгімелер тарих емес, тарихи уақиғалардың әдеби хабары, жаңғырығы. Бірақ ауыз әдебиетінде уақиға да, тарихи қайраткерлер де қаз-қалпында сипатталмайды, халықтың қалауына, дәуірдің талабына бейімделіп қаһарманның бейнесі қайта жасалады, ісі де, сөзі де өңделеді, жөнделеді. Әсіресе, қауымға, жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынылатын жағымды қаһармандардың жақсылығы асыра суреттеледі. Ауызша тарап, есте сақталатын халық творчествосының осындай әсірелеу, боямалау ерекшеліктері аңыз-әңгімелердің кейіпкерлерін, қаһармандарын бағалағанда, олардың ісіне, сөзіне сақтықпен, сын көзімен қарауды талап етеді.
Сөйтіп, қазақтың көне аңыз-әңгімелері Х-ХІІІ ғасырлардан, Майқы би, Аяз би туралы тарихи әңгімелерден басталады, ХІV-ХVІ ғасырларда өмір сүрген Асанқайғы, Жиренше шешен айналасындағы аңыз-әңгімелермен қалыптасады. Алғашқы халық аңыз-әңгімелері қоғам дамуымен, негізінде қазақтың ру-ұлыс болып бірлесуімен, елдік-хандық құрылысымен тығыз байланысты. Сондықтан тарихи аңыз-әңгімелерді, оларға арқау болған уақиғалар мен қайраткерлерді ыждағатпен зерттеп, білудің әдебиеттік те, тарихтық та маңызы үлкен.

1Андреев А.П. Указатель сказочных сюжетов по системе Аарне. Л., 1929.

2Акимова Т.М. Семинарий по народному поэтическому творчеству. Саратов, 1959, с. 138.

3Азбелев С.Н. Отношение предания, легенды и сказки к действительности. – В кн.: Славянский фольклор и историческая действительность. М., 1965, с. 6.

4Соколова В.К. Русские исторические предания. М., 1970, с. 249.

5Чистов К.В. Прозаические жанры в системе фольклора. – В кн: Прозаические жанры фольклора народов СССР. Минск, 1974, с. 23.

6Маркс К. и Энгельс Ф. О литературе. М., 1958, с. 113.

7Бұған қарағанда Қорқыт заманындағы адамдардың орта жасы – 40 жас болса керек. – Б.А.

8«Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дейтін мақал содан қалса керек.

9Қазақ ертегілері, құрастырған және алғы сөзін жазған: Әуезов М.О., Ысмайылов Е.С. І том. А., 1957, 371-374-б.

10Жосалы станциясының солтүстік-батыс жақ жанында бұрын Қорқыт қыстағы болған. Қыстақтың қасындағы «Қорқыт әулие» тамын фольклорист Ә.Диваев 1898 жылы суретке түсірген. Тамды орыс ғалымдарының бірсыпырасы ХІХ-ХХ ғасырларда көріп, өлшеп жазып алған. Там 1927 жылға дейін тұрған. Книга моего деда Коркута. М.–Л., 1962, с. 159-160.

11Песни степей, антология казахской литературы. М., 1940, с. 15.

12Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен.., т. ІІІ. Спб., 1870, с. 47.

13Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений, т. І. А.-А., 1964.

14Жирмунский В. М. Огузский героический эпос и Книга Коркута, в книге моего деда Коркута. М.–Л., 1962, с. 168.

15Потанин Г.Н. В юрте последнего киргизского царевича. –В кн.: Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти т., т. 4. А.-А., 1968, с.299.

16Книга моего деда Коркута. М.–Л., 1962, с. 11.

17Сонда, с 21.

18Короглы Х. Огузский героический эпос. М.: Наука, 1976, с. 183.

19Кононов А.Н. Родословная Туркмен, сочинение Абулгази, хана Хивинского, М.–Л., 1962, с. 152.

20Бартольд В.В. Китаби Коркуд І. Борьба богатыря с ангелом смерти. ЗВО, том VІІІ, Спб., 1894, с. 203-218.

21Кононов А.Н. Родословная Туркмен, сочинение Абулгази, хана Хивинского, М.–Л., 1962, с. 57.

22Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. А.-А., 1972, с. 179-181.

23Жирмунский В.М. Огузский героический эпос и Книга Коркута. – в книге моего деда Коркута. М.–Л., 1962, с. 152.

24Жирмунский В.М. Огузский героический эпос и Книга Коркута. – в книге моего деда Коркута. М.–Л., 1962, с. 169-171.

25 Сонда, с. 172-173.

26Қазақ ертегілері. ІІ том, құрастырушылар: Б.Адамбаев, Б.Ысқақов, Б.Уахатов. А., 1962, 424-б.

27Сонда, 432-б.

28 Сонда, ІІІ том, 482-б.

29 Анекдоты о Ходже Насреддине. М., 1937, с. 245.

30Қазақстанда үлкен Жібек жолының бойында, Сырдарияның жағасында бір кезде Қожанасырдың күмбез-бейіті болған. Күмбез-бейіт дарияға қарай қисайта салынған және сыртынан суға қарай итере тіреу қойылған. Күмбезді көрген адам күлмей өтпейтін болған. – Б.А.

31 Қазақ ертегілері. І том, А., 1957, 421-б.

32Сонда, 421-б.

33Қазақ совет энциклопедиясы, І том. А., 1972, 63-б.

34Толстов С.П. Древний Хорезм. – В кн.: По следам древних культур. М., 1951, с. 1969-208.

35Путешествие Абу Хамида ал-Гарнати. М., 1971, с. 45-46.

36Сонда, с. 46.

37Автордың өз архивінен.

38Қазақ ауыз әдебиетінде Мөңке атынан айтылатын ұзақ толғау жырлар бар. Бірақ жыраудың өмірі мен әлеуметтік қызметтері жөнінде дерек жоқ. – Б.А.

39Қираған Үрім қаланың орны Кисловодскінің қасында, Подкумка (Құмды) өзенінің жағасында жатыр. – Б.А.

40«Елді ала тайдай бүлдірген» дейтін мәтел содан қалған көрінеді.

41Қызыл Арыстан ханның жігіттері, сірә, баланы Майқы бимен сырттан таныстырып және аулының сыртына әкеп тастаса керек. – Б.А.

42Орталық ғылыми кітапхана (ОҒК), Папка – 613.

43Алаша ханның ғимараты қазір де бар, Жезқазған облысы, Ұлытау ауданына қарасты «Қаракеңгір» совхозының жерінде, өзеннің батыс жақ жағасында тұр. – Б.А.

44Абай Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы, 2-том, А., 1954, 251-б.

45Асанқайғы мен Әз Жәнібек, қолжазба. ОҒК, папка – 613.

46Бұл да сонда.

47ОҒК, қолжазба қоры, папка – 1056.

48Сонда, папка – 1058.

49Сонда, папка – 613.

50Бұл жерде бір үлкен көл бар екен, көлге жазда ыстықтап, қыста ықтап келіп түскен жылқы батып кететін түбі батпақ – құяң болса керек. – Б.А.

51Қазақ Совет Энциклопедиясы. І том. А., 1972, 501-б.

52Продолжение журнала или дневник записок путешествия капитана Рычкова по разным провинциям Российского государства, 1770 году. При императорской Академии наук, Спб., 1772, с. 59-60.

53Әуезов М. Шығармалар. 11-том. А., 1969, 228-229-б.

54Қазақ ертегілері. ІІІ том. А., 1964, 434-435-б.

55Қазақ ертегілері. І том. А., 1957, 401-б.

56Сонда. 382-387-б.

57Үндістанда ХVІ ғасырда Ұлы моңғол патшалығын қүрған Бабыр сұлтанның өз өмірін жазып қалдырған шығармасы. – Б.А.

58Құнанбаев А. Шығармаларының толық жинағы. 2-том, А., 1954, 252-253-б.

59ОҒК. Қолжазба қоры, папка – 1058.

60 Жиренше. Халық ертегісі. Қазан, 1908.

61 Бұл да сонда.

62Бұл да сонда.

63Бұл да сонда.

64Әуезов М.О. Шығармалар, ІІ том. А., 1969, 230-б.

65ОҒК. Қолжазба қоры, папка – 1058.

66Қазақ ертегілері. І том, А., 1957, 416-б.

67Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти т. т-1. А.-А., 1964, с.218.

68Узбекские народные сказки. В 2-х т. т-2. Ташкент, 1961, с. 429-442.

69Лашын – сұңқар тектес құс, қазақтар құстың жақсысы деп бағалайды. – Б.А.

70Киргизские народные сказки. Фрунзе, 1968, с. 207-216.

71Татарские народные сказки. Казань, 1957, с. 161-162.

72Сонда, с. 93-94.

73Киргизские народные сказки. Фрунзе, 1968, с. 234-236.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет