Қадақ. Тіліміздің 10 томдық түсіндірме сөздігінде бұл сөздің мағынасына — екі жүз грамға тең салмақ өлшемі деген анықтама берілген. «Қоржынның бір басындағы 5—6 қадақ кепкен ерікті үлестіріп бердім» (Б. Момышұлы, Шығ.). Қазақ тілінен басқа бұл тұлғалас әрі мағыналас сөзді — қырғыздарда — кадак (К. Юд. КРС, 1965, 313), түрікмендерде — гадак (Рус.-туркм., 1956, 823), өзбектерде — қадоқ (Уз.-рус. сл., 1959) тұлғаларында кездестіреміз де, ал мағынасына келгенде түрліше түсінік аламыз.
Қырғыз, өзбек тілінде тек «фунт» деген түсінік берілген де, қазақ, түрікмен тілдерінде бұған қоса, мұндай салмақ өлшемі — 409,5 грамға теңдігін және бурынғы орыс өлшемі екенін көрсеткен. Фунттың 409,5 грамға, ал қадақтың 200 грамға тең болуы таңдандырмаса керек. Өйткені фунттың алғаш шыққан тегі — латынның «салмақ», «ауырлық» мағынасында қолданған «pondus» сөзі. Осы сөз Европа елдеріне тарағанда «бір фунт» деген еөз түрліше өлшем ұғымына ие болған (ағылшындарда — 453,6 грамға, орыстарда — 409,5 грамға тең болса, аптекалар өлшемінде — 373,2 грамм. (СЭС, М., 1985, 1431).
Осындай есептерден де екі тілдік сөздіктерде «фунттың» аудармасын «қадак» деп түсіндіру шартты түрде алынған деу жөн.
Тіліміздегі «қадақ» сезі ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде де «қадаһ» тұлғасында кездеседі. Бірақ түркі тілдеріне меншікті сөз емес, араб тілінен ауысқандығы белгіленген. Алайда, кейбір түркі тілдеріне етене болып, сіңіп кеткен. «Қадаһ» сөзінің араб тіліндегі мағынасы — сопақша келген метал ыдыс (кубок), тостаған (чаша) (ДТС, 401).
Біздің ойымызша, қазақ арасына жайылған қадақ өлшемі арабтардын, осы сөзімен байланысты болса керек те, ал салмақ жағы сол ыдыс ішіне сиған затпен өлшенген деуге болады. Демек, ыдыс ішіне 200 грамм зат сыйса, ол бір қадақ болып қалыптасқан.
Мысқал (орс. золотник)-– Шығыс елдерінде кең тараған салмақ өлшеуіші. Бүкіл араб елдерінде, Үндістанда, Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Ерте замандарда-ақ мысқалдың дәл баламын өзгеріссіз ұстау үшін оның баламасы ретінде шыны сауыттар жасалған. Қазіргі зерттеулер бойынша олар миллиграмның үштен біріне дейінгі дәлдікпен жасалған. Бұл өз дәуірінің талабын толық қамтамасыз ететін дәлдік, аса шеберлікті қажет ететін зергерлік жұмыс. Сол сауыттарды салмағы бойынша бағалағанда, мысқал шамамен 4,1 г-ға тең. Мысқал негізінен алтын, күміс ақшалар мен құнды заттардың өлшемі ретінде қолданылған. Бірақ ол әр жерде әртүрлі мөлшерде пайдаланылған. Мысырдағы мөлшері шамамен 4,63 г-ға тең болса, Иракта – 4,46 г-ға, Иранда – 4,6 г-ға, Үндістанда – 4,58 г-ға тең болған. Қыпшақтар арасында қолданылған “Азов мысқалы” үшін 4,41 г алынған. Орталық Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында мысқалдың бірнеше түрлері қолданылған. Мысқалдың баламасы Хорезмде 4,45 г, Бұхарда 4,8 г не 5,0 г, Самарқанда 4,46 г алынған. Қазақстанда негізінен Бұхар мысқалы қолданылған. Мысқал соңғы кезге дейін дәрі-дәрмек, бояу мөлшерін анықтау кезінде пайдаланылып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |