4.М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ХІХ ғасырдағы қазақ өмірінің көркем энциклопедиясы екендігін талдап жазыңыз. Мұхтар Әуезов – әр түрлі әдеби жанрларда терең қалам тербеген жазушы. Оның аса көрнекті шығармаларының бірі – «Абай жолы» роман-эпопеясы. Бұл романның қоғамдағы орны қандай? «Абай жолы» - қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман-эпопея. Реализмнің нағыз жетілген кезінде туатын роман-эпопея жанрының қазақ әдебиетінде пайда болуы аса елеулі мәдени-көркемдік құбылыс болды. «Абай жолында» ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының шындығы мейлінше кең көрсетілді, қаһармандардың жеке өмірі халық тарихындағы күрделі өзгерістермен байланысты берілді. Романда таптық, әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстар, Абай сынды ақын қайраткердің өмір жолдары дәуірдің ұрымтал, кесек оқиғаларына тығыз қатыстырыла суреттеледі. «Абай жолында» қаһармандар өмірінің сан түрлі кезеңі, байланыстары, әулеттер ауысуы, мінездердің жасалу, толысу тарихы кең бейнеленеді. Тарихи дәуір келбетін көрсететін типтердің көптігі, олардың дүниетаным, наным-сенім ерекшеліктерінің берілуі,ескі мен жаңаның күресі дәуірлік түбірлі бетбұрыстармен астастырыла көрсетілуі «Абай жолының» эпопеялық сипатын белгілейді. Абай өмір сүрген қоғамның өзекті тартыстарв мен күрестерін, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын, көркем тұлғалардың өткендегісі мен бүгінгісін кеңінен қамтып, болмыстың екшелеген, жинақталған шындығын айту міндеті роман-эпопеяда зор шеберлікпен шешім тапты. «Абай жолында» ұлы ақынның жекебастық іс-әрекеттері дәуірдің көкейкесті мәселелерімен, нәсілдер, таптар, халықтар таңдырларының тоғысуымен ойластырыла баяндалды. Роман-эпопеяда оқиғалардың ағысы, жеке адамдар тағдырының қоғамдық тіршілікке тәуелділігі, тұлғалардың даралық келбеті, зұлымдықты әшкерелеу мен ізгілікті мадақ ету өмір шындығына сәйкес көрсетіледі. «Абай жолы» роман-эпопеясы – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл кеңес әдебиетінің де дүниежүзілік даңққа бөленген ұлы туындыларының бірі. Шығарма елуден артық тілге аударылып, әлемнің барлық құрлықтарына тарады. Көптеген елдің адамдары бұл романнан қазақ халқының жартығасырлық өмірінің толық суретін, әлеуметтік жағдайын, мәдениетін, тұрмысын таныды. Қорытындылай келе, қазақ әдебиетіне М.Әуезов дәстүрінің игі ықпалы әр тараптан көрініп отырады. Өткендегі тарихи қайраткерлер, әсіресе шығармашылық адамдары жайында шығарма жазған әрбір қаламгер оның құдіретті талантының шарапатын сезетіні шүбәсіз.
БАСҚА ТОПТАР ОСЫ ЭССЕЛЕРДІ 1200 ТГ САТЫП ЖҮР! АЛ
https://vk.com/mega_education
ТЕГІН ҰСЫНАДЫ!