Төртінші тарау Баратын жер жоқ Рактан да жаман



бет1/4
Дата17.07.2016
өлшемі294 Kb.
#205149
  1   2   3   4
Төртінші тарау
Баратын жер жоқ
Рактан да жаман

Жиырма үш жасыңызда рак ауруымен ауыратыныңызды және ақырында өлетініңізді білгеннен артық қорқыныш болмас. Бірақ аурудың аты ЖҚТБ (СПИД, ЖИТС) болса, бұл одан да зор болмақ.

Сіз өзіңізді соңғы бірнеше апта бойы әлсіз сезініп әрі әбден мазаңыз кеткен соң дәрігерге көріндіңіз делік. Дәрігер сізді бір не екі анализ жасайтын клиникаға жібереді. Сіз не болып жатқанын түсініп үлгерместен, дереу сізді палатаға апарады. Сізден тағы бірнеше тест алады. Және сізге айналадағылардың бәрі әрлі-берлі жүгіріп, абыржығандай болып көрінеді.

Содан соң дәрігер сіздің қатты науқас екеніңізді әрі келесі күні сізге күрделі операция жасалынатынын айтады. Ол сіздің ауруханада жоқ дегенде бір апта жататындығыңызды хабарлайды. Екі күннен кейін сізді қарау үшін тағы бір дәрігер келеді. Ол сіздегі рак ауруының өте сирек кездесетін түрі екендігін айтады. Ауру асқынған және болашағы тым бұлыңғыр.

Бірден өміріңіздің шырқы кетіп, болашаққа артқан үмітіңіз өшіп, арманыңыз ойран болады. Бұлай болуы мүмкін емес. Бұл тіпті сіздің миыңызға да қонбайды: сіздің оқимын, жұмыс істеймін, отбасын құрамын, балалы-шағалы боламын, қартайғанша өмір сүремін деген барлық жоспарыңыз қас қағым сәтте күлпарша болады.

Сіздің ата-анаңыздың уайым мен қайғыдан есі шығады. Балалары ата-аналарынан бұрын өлетін бұл неткен заман? Дүниенің бәрі аяғынан кері кеткендей сезіледі.



Өзін-өзі өлтірмек болу сезімі

Бірақ ЖҚТБ осының бәрінен де жаман болуы ықтимал. Кейде мен мектеп оқушыларынан: Сіз қан өткізіп, бірнеше күннен кейін қайтадан анализ тапсыруға шақыру хат келсе, содан ауруханаға келгенде бір адам сіздің қаныңыздың құрамынан АҚТҚ (ВИЧ, АИТВ) табылғанын айтатын болса, не істер едіңіз деп сұраймын.

Көпшілігі өзіме-өзім қол жұмсар едім дейді. Олар үшін ауруды басқалардан қалай жұқтырғанын сұрайды деген ойдың өзі жиіркенішті. Әкесіне оны қалай айтпақ? Олар өздерінің есірткі қолданғанын немесе жыныстық қатынаста тек бір ғана әйелмен болмағанын айта алар ма еді? Я болмаса, олар бірнеше еркекпен жақындасқан гей екендерін мойындар ма еді?

Көптеген адамдар өзіне-өзі қол жұмсауды мақсат тұтады, ал кейбіреулер ЖҚТБ-ның бастапқы сатыда екенін біле сала расымен-ақ өзін-өзі өлтіреді. Міне, сондықтан да өзінің диагнозы жайлы жаңа білген адамдарға аса мықты қолғабыс пен күтім қажет. Бір досым таңертеңгісін оянғанда бір пациентінің өз машинасын бақшаның ар жағына сөндірмей қойып, өзін соның иісінен әдейі уланып өлгенін білді. Бірнеше сағат бұрын ғана ол дәрігерлердің талабына қарамастан, аурухананың ЖҚТБ бөлімінен кетіп қалған. Ол өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын еш қабылдай алмай, өзін-өзі өлтірді.


Оны үйден қуып шығыңыз

Бірде біздің үйге бір ерлі-зайыптылардың келгені есімде. Әдеттегідей әңгіме барысында ЖҚТБ туралы сөз қозғадық. Содан сөзіміз гомосексуалдық және өсіп-жетілу барысында әртүрлі адамдардың даму жолдары туралы жалғасты. Мені сондағы үрейімді ұшырған нәрсе әлгі әйелдің еш шімірікпестен айтқан сөзі болды. Ол өзінің бес жасар ұлының гомосексуалдарға тән қылық танытса, оның пәктігі сақталғанына қарамастан оны үйден қуып шығатынын және ешқашан көрмейтінін айтқаны еді. ЖҚТБ-ға шалдыққандардың көпшілігі өздерінің ауруларын амалсыздан мойындайтыны таңғаларлық нәрсе емес. Адамдардың көзқарасы бойынша егер сіз ЖҚТБ-ға шалдыққаныңызды мойындамасаңыз, адамгершіліктен жұрдай болған азғындардың қатарына қосылғандығыңыз. Алайда біз байқағандай бұл шындыққа еш жанаспайды.

Шын мәнінде Африканың кейбір елдеріндегі АҚТҚ жұқтырған әйелдердің көпшілігі некеге дейін пәктігі мен адалдығын сақтағанымен ақырында ауруға душар болған. Өйткені олардың күйеулері дәл өздеріндей болмаған.
Сүйегін әкету

Бірде мен ЖҚТБ науқастарына қарасты бөлімге кіріп барғанымда, жападан жалғыз өлімнен бойын қорқыныш билеген жас жігітті көріп жаным түршікті. Мен одан отбасының қайда екенін сұрадым. Ол оларға не жағдайға ұшырағанын айтуға аузы бармайтынын және оларға бұл хабарды басқа біреудің жеткізгенін қаламайтынын айтты. Оның өмірі көз ілестірмей өте берді. Мүмкін, ұлым аман-есен деп ойлап жүрген анасына баласының сүйегін әкетуін хабарлауға ертең-ақ тура келетін шығар.

Ол мұнда келгенде ұлын танымайтын да шығар. Бұдан 7 ай бұрынғы қалпынан ұлының адам танымастай қу сүйегі ғана қалған. Жақ сүйегі шығып, беті бөртіп кеткен. Денесін ұзақ уақыт аурумен күресіп салынған инелерден қалған тыртықтардың орны басқан. Ол анасының жанына ауыр тимес үшін өзінің өлім туралы куәлігінде оны «өкпе қабынуынан» қайтыс болды деп жазуын өтінді. Егер анасы шындықты білген болса, оны басқаларға ағынан жарылып айта алар ма еді?
Алдын ала қалыптасқан қате түсініктер

Кейбірде ашу-ыза ұшқыны науқасқа күтім көрсететін адамдарға барып тиеді. Менің бір досымның әкесі оған бұдан былай оның отбасы мүшесі болмайтындығын айтқан. Досымның ең «ауыр қылмысы» бірнеше жыл бұрын ауру жұқтырып, ЖҚТБ-ға шалдыққан адамды сүйетіндігі еді. Көп айлар бойы ол науқасқа күтім көрсетеді. Ол қайтыс болғаннан кейін соңғы істеген «қылмысы» ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға күтім көрсетуді жалғастыруға шешім қабылдауы еді.

Лондондағы АСЕТ-те қызмет ететін медбике күні бойы қауырт жұмыстан қатты шаршайды. Кешкісін жұбайымен төсекте жатқан ол ЖҚТБ-мен ауыратын бір адам туралы, оның қаншалықты ауыр халде екенін әрі үйінде жалғыз сезінетіндіктен, оның қасында біраз уақыт болып, ақыл-кеңес бергенін айта бастайды. Сол-ақ екен күйеуі: «Көзіңді құрт. Бұдан былай оған аяғыңды баспайтын болғанда ғана үйге қайтып келерсің», — дейді.

Дүниеде АҚТҚ-ны жұқтырғандарды шеттетпейтін, олармен жауласпайтын, ескерту жасап үрей туғызбайтын ел бар деп ойламаймын.

Бастауыш мектептің мұғалімі ЖҚТБ ауруларының клиникасына түскенде, оның неге сонша абыржығанын түсіну оңай. Оны ЖҚТБ-ға шалдықтың деген ой елеңдетпеген. Ол өлімнен де қорықпады. Оқушыларының біреуі оны ауруханадан көріп, ата-анасына немесе мектеп басқармасына оның қандай аурумен ауыратынын жеткізеді деген ой оның үрейін ұшыратын. Хабар жеткенде-ақ оның бүкіл атақ-абыройы төгіліп, неше жыл маңдай терін төккен еңбегі жермен жексен болады.

Қауым мүшелерінің біреуі палатама кіріп мені танып қоя ма деген қорқынышпен өмір сүретін қауым жетекшісін де түсінуге болады. Қауым қызметкерлері арасында ЖҚТБ-мен ауыратындардың саны ұдайы өсуде. Бұған таңғалуға болмайды. Егер адамның рухани қайта туылуы оны керемет арқылы вирустан азат етпесе, онда қауымның көптеген мүшелері олардың ұзақ жылдар бойы сенуші болып, сенімге келгеннен бері пәктігі мен адалдығын сақтағанына қарамастан, аурудан құтыла алмайды.


Көзге күйік болу

Егер ЖҚТБ-мен ауыратындарын жұмыс орындағылары біліп қойса, адамдар көбінесе жұмыстарынан айырылып қалады.

Бірнеше компанияның өкілдеріне мынадай сұрақ қойылған еді: Егер қол астыңыздағы жұмысшылардың біреуі АҚТҚ-ны жұқтырған болса, не істер едіңіз? Олардың тек азғантайы ғана жұмысшыны бірден жұмыстан шығарып жіберетінін мойындаған. Ал басқалары оның жұмыстан өзі кетуі үшін барлық жағдай жасайтынын айтқан. Осылай ма, емес пе әйтеуір ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың денсаулықтары жұмыс жасауға жарамды болса да, түбінде олардың жұмыссыз қалатыны айдан анық.

Қаталдық танытатын бизнесмендер ғана емес. Тура сол себеппен бір заңгерге: «Бізге сен сияқтылардың керегі жоқ,» — деп заттарын жинап, жұмыстан кетуін талап еткен.


Жоқшылықпен кешетін күн

ЖҚТБ-ға шалдыққаннан қаржы тапшылығына тап болғандардың саны күннен күнге өсуде. Жылжымайтын мүліктің иесі оны жалға алушының ЖҚТБ-ға шалдыққанын білсе, жалға алу уақытын ұзартудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Мүмкін, үй иесі одан пәтерін жалдайтын басқалар бұны естігенде көшіп кетеді деп немесе жаман сезімдерден қорқатын шығар, сірә. Осылай ма, жоқ па, әйтеуір, адам өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын білер-білместен үйіне қайтып келгенде, оның дүние-мүлкі далада жатқанын және құлыптың ауыстырылып қойылғанын өз көзімен көруі әдеттегі жайт.

Кейде бұған бірге тұрып жатқан ашынасы да кінәлі болады. Мен бір адамның ашынасының құлыпты ауыстырып үйге кіргізбей қойғанын және тағы да біреудің бұрынғы ашынасы үйінің дүние-мүлкін түгелдей, ақыр аяғы не орындығын, не шамын, не үстелін тіпті ұйықтайтын төсегіне дейін қалдырмай сыпырып-сиырып алып кеткен екі оқиғаны білемін.
Еріксіз қаңғыбас болғандар

ЖҚТБ ауруына шалдығудың нәтижесінде жоқшылыққа тап болып, үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген адамдардың саны апта сайын көбеюде, ал кейбір елдерде бұл үлкен мәселеге айналған.


Мен кімге сенім арта аламын?

Осының бәрі ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның басында рак ауруымен ауыратындардың барлық мәселесі және бұған қосымша ажалы жасына жетпей аурудан келетінін білу қайғысы түседі.

Мен бұны екі аурудың түрімен де етене таныс дәрігер ретінде айтып отырмын. Бірақ ең сорақысы — айналадағы адамдардың реакциясы. Келесі кездестіретін адамым мені аяй ма, (ал ең жек көретінім — жұрттың мені аяғаны), әлде ол менің тезірек өлуімді тілеп, барлығына да өзімнің кінәлі екенімді бетіме баса ма? Досым кім, дұшпаным кім? Егер мен өзімнің ауруым туралы досыма айтсам, ол бұл құпиямды сақтар ма екен? Ал ол бұл туралы тағы біреуге тіс жарғанша қанша уақыт өтер екен?

Осы бір шыңыраудан шығатын жол көпшілік үшін өзіне-өзі қол жұмсау екендігі таңғаларлық жайт емес. Күтпеген жерден көптеген туған-туыстары мен достарынан айырылу, ашу-ыза мен қайғы-мұң адамның күйін қашырып, ішкі жан дүниесін күйзелтеді.


Бесінші тарау
Сіз қалай ойлайсыз?
1. Бұл кімнің кінәсі?

Енді мен ЖҚТБ-мен (СПИД, ЖИТС) жыныстық қатынастың қалай байланысатынын және олар жайлы таралған кейбір көзқарастар туралы айтқым келеді. ЖҚТБ туралы сөз қозғалса болғаны, елдің бәрі эксперт-маман бола аламыз деп ойлайды. Ең алдымен ЖҚТБ-ның қайдан шыққаны туралы пікір алысады. Шынында мұны ешкім де білмейді. Біз АҚТҚ-ның (ВИЧ, АИТВ) жануарлар арасында тараған кәдімгі вирус түрлері сияқты әлемнің кейбір бөліктерінде өткен ғасырдың 60-жылдарында бар болғандығына күмәнсізбіз. Ол, мүмкін, қандай да бір қалыпта немесе түрде ғасырлар бойы бар болған шығар.

Көптеген ғалымдар вирустың алғашқыда Африкадағы жануарлардан жұқтырылғандығы ықтимал деп топшылайтындықтан, жұрт бұған қалайда Африка кінәлі деп ойлайды. Бұл мүлдем теріс пікір. Болашақта қандайма деректер ашылса да, ауру әйтеуір бір жерден басталуға тиіс қой және оның дәл сол тұстан шыққанына ешкім де кінәлі емес.

«Ақылдырақ болулары керек еді»

Адамдар кінә тағуға асығатын басқа бір ауқымды аймақ — ол белгілі бір топтар мен жеке тұлғалардың ауру жұқтыру себептері. Біреулер бұған кінәлі тек қана АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өздері деп есептейді. Егер осы адамдардың көзқарасын логикалық аяғына дейін жеткізсек, онда белгілі бір өмір салтын ұстанған кез келген адам автоматтты түрде өлім жазасына кесілуге лайық деген қорытынды шығады.

Ал басқалар АҚТҚ-ны жұқтырғандар жақсырақ білгендері жөн болар еді дейді. Бірақ олар бұл күндері, әсіресе, кедей елдерде ЖҚТБ-дан өліп жатқандардың көпшілігі бұл ауру жайлы бұқара халық хабардар болғаннан әлдеқайда ертерек ауруды жұқтырғанын ұмытып кетеді.

Үшінші біреулер кез келген гей немесе нашақор өзінің жүріс-тұрысының дұрыс еместігін және соның салдарының қандай екенін түсінуі тиіс дегенге сенеді. Бұл вирусты жұқтырып алғандарды одан да кінәлі сезіндіреді. Соған қоса олар білместен АҚТҚ-ны жұқтырған басқа адамдардың алдында өздерін одан бетер кінәлі сезінулері ықтимал.


Кінә тағу оңай

Аурудың көпшілігі адамдардың өмір сүру салтымен біте қайнасатыны сондай, бұдан барып мынадай сұрақ туындайды: өмірінің соңғы қырық жылында күніне екі қорап темекі тартып, енді рак ауруынан тынысы тарылып, өлімге бет алған адамға жанымыз ашуы керек пе? Ал ішімдікті шектен тыс көп ішіп, жиналған кеште жығылып, аяғын сындырған жас қызға ше?

Ақыр аяғында адамның өзін кінәлап, оны жалғыз қалдырып, тастап кету жеңілірек. Бұл өзі үшін басқа біреудің мәселесін шешудің тез әрі таза жолы. Сіз оған қол ұшыңызды беремін деп өзіңізді кінәлауға міндетті емессіз, өйткені ол бәріне де өзі кінәлі ғой. Осындай көзқарасты ұстанған адамға ашығып жүргендерге де жәрдем берудің қажеті жоқ, өйткені олардың отбасыларының соншалықты үлкен болғанына өздері кінәлі ғой. (Әйтсе де, әлемнің тағы да бірнеше миллиард адамға тағам әзірлеуге мұршасы жететіндіктен, бұл айтылғандардың бәрі бос сөз.)
Қатыгез қауымдар

Мен ЖҚТБ-ға шалдыққан көптеген адамдарға күтім көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге қауымда жетекші болғандығымнан, адамдар менің сенуші ретінде ЖҚТБ туралы не ойлайтыным жайлы сұрақтарды жиі қояды. Адамдар әр түрлі пікірлер айтады. Кейбіреулер ЖҚТБ-ны бүкіл гомосексуалдар мен жыныстық қатынас жасайтын серіктері көп гетеросексуалдар үшін Құдайдың берген жазасы дейді. Ал келесілерінің пікірлері басқаша. Қауымның кейбір жетекшілері сенушілердің ЖҚТБ-тан аулақ жүрулері тиіс десе, басқалары әр сенуші осы мәселеге байланысты қызметке ат салысуы керек дейді. Пікір айтарлықтай көп, бірақ біз бұлар жайлы қандай түйін жасауымыз керек?


Жеке көзқарас

ЖҚТБ Құдайдың қарғысы емес және ешқашан олай болмаған. Егер бұл қарғыс жыныстық серіктестері көп адамдарға бағытталса, онда неге лесбиянкалар (гомосексуал әйелдер) емес, гомосексуал ер адамдар мен гетеросексуалдар ғана жапа шегеді. Лесбиянкалар — біздің қоғамымыздағы (монах-тақуаларды есептемегенде) ЖҚТБ ауруы таралмаған жалғыз топ. Лесбиянкаларға өздері жыныстық қатынасқа түсетін әйелдерге АҚТҚ-ны жұқтыру өте қиын. Егер біз осындай үкім шығаратын көзқарасты ұстансақ, онда Құдайдың үкімі әділетсіз болып шығады, ал бұл мүмкін емес. Бұдан шығатын қорытынды: Құдай екі еркектің арасындағы, некеден тыс әйел мен еркектің арасындағы жыныстық қатынасты жек көріп, бірақ екі әйелдің арасындағы жыныстық қатынасқа мән бермегені ғой. Бұл нағыз сандырақ. Менің бір досым жақында былай деген еді: егер ЖҚТБ Құдайдың гомосексуалдар мен гетеросексуалдардың өмір сүру салтына деген ашуы болса және оны мылтықтан атылған оқпен салыстырсақ, онда Құдайдың онша жақсы мерген болмағаны ғой! Ал Африкадағы медициналық процедурадан вирусты жұқтырған он мыңдаған балалар ше? Сонда бұл қалайша өзі ауру әрі медициналық көмекке мұқтаж адамдарға Құдайдың қаһары болмақ?


Ешқандай жаңалық жоқ

Адамдар ЖҚТБ эпидемиясын ойлап қатты абыржиды. Олардың ойынша ЖҚТБ төбеден жай түсіретіндей тылсым дүние іспетті. Олардың жасы кішілері үлкендермен сөйлескені немесе тарихи кітаптарды оқығаны жақсы. Өзіміз байқағандай, ЖҚТБ жыныстық жолмен таралатын көптеген аурулардың бірі ғана. Бұл аурулар адамдар арасында жүздеген жылдар бойы болғандықтан, ЖҚТБ-ның де ғасырлар бойы қандай да бір түрде бар болуы әбден мүмкін.

Мерез (сифилис) Құдайдың қарғысы болып па еді? Ол бірнеше ғасыр бұрын бастап оба (чума) секілді таралып келді. Мерездің ешқандай дауасы болмады. Ол адамдарды бедеу етіп, түрлі аурулар туғызатын. Мерез жүректің, қан тамырларының, бүйректің, бауырдың ақыр аяғы мидың да жұмысын бұзған. Ертеректе бұл дерттің соңғы сатысын «санасыз мүгедек» деп атаған. Ол сондай жанға аса жағымды өлім емес!

Пенициллинді ойлап тапқан кезде неге Құдай кенет ойын өзгертіп, эпидемияның тоқталуына жол берді? Егер ЖҚТБ Құдайдың қарғысы болса, онда мерездің де қарғыс болғаны.

Киелі кітап бізге көптеген нәрселерден ләззәт ала алатынымызды, бірақ шектен асқандық біз үшін зиян екендігін айтады. Міне, сондықтан ішімдікке салыну жақсы емес. Осыған орай адамның ішімдікке салынып, бауыр циррозынан не басқа аурудан қайтыс болуын Құдайдың қарғысы деп айтуға бола ма?

Мен дәрігер болғандықтан ЖҚТБ-ның жай ғана ауру екенін білемін. Ол ұзақ уақыт бойы жануарларда болған әдеттегі вирустан шыққан. Секс — бұл еріншек вирустың бір адамнан екіншісіне берілуінің ыңғайлы әдісі және оған қоса вирустың мөлшері бірден көп беріледі. Болашақта ЖҚТБ-ның шипасы табылса, жыныстық жолдармен таралып, ауру тудыратын көптеген басқа қоздырғыштардың пайда болатыны даусыз. Сондықтан ЖҚТБ ешқандай гейлердің обасы емес және мен оны бәрімізді бірдей дүрліктіру үшін Құдайдың жіберген қаһары деп те ойламаймын.


2. Себеп және салдар
Дұрыс ақыл бізге «өмірде еңбегіңе қарай жемісіңді жейсің» немесе Иса айтқандай «не ексең, соны орасың» дейді. Бұл Киелі кітапта айтылған сөзді мән бере қабылдайтын сенуші ретінде жеке пікірім. Мен сіздің менімен келісуіңізді немесе менің қорытындыларымды қолдауыңызды сұрамаймын, әйтсе де, бұның бәрі дұрыс ақылмен бір ымыраға келеді деп ойлаймын.

Егер адамдар басқалай өмір сүрсе, аурудың көпшілігінен құтылуға, тіпті жоқ дегенде аурудың түрін жеңілдетуге болатындығын кез келген дәрігер біледі. Адамдар өз денсаулықтарына көбірек мән бере бастағандықтан, кейбір елдерде жүрек-қан тамыры аурулары сәл де болсын сирегірек кездесетін болды. Олар өздерінің салмақтарын қадағалап отырады, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Көптеген елдерде шылым шегу де азая бастады. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны, өйткені никотин адамды нағыз тәуелділікте ұстайтын есірткінің бір түрі. Сіз әрбір шылымды шеккен сайын никотинді жұтып, тыныс тарылтатын түтінді ішке сорасыз. Темекі тарту жалғыз Ұлыбританияның өзінде бір жыл ішінде 120 мыңға жуық адамның өмірін алып отырады.

Денсаулық сақтаудың алдын алу жүйесінің бәрі де адамдарға аурудың себебі мен салдарын көрсетуге негізделген: егер сіз темекі тартсаңыз — өкпеңізге зиян келтіресіз; рөлге мас күйіңізде отырсаңыз — жолдан шығып, біреуді басып кетесіз; таңертең ішімдікке тойып алсаңыз — күні бойы өзіңізді жаман сезінесіз; залалданған инемен егілсеңіз — гипатитті не ЖҚТБ-ны жұқтырып алуыңыз мүмкін.

Себеп және оның салдары — бұл біз жастайымыздан бастап үйреніп алуға тисті сабақ. Менің қызым бас бармағын есікке қатты қысып алғаны соншалық, оны ауруханаға апаруға тура келді. Сол кезде оның саусағы қатты ауырды, ал қазір әбден жазылған сап-сау. Нәтижесінде ол есік пен босаға арасындағы қуысқа саусағын салмауды үйренді, өйткені есік жабылып қалса, қолды қатты ауыртады.

Мен қызымды жақсы көретіндіктен, оны зардабын тигізетін барлық нәрседен қорғануға тырысамын. Егер ол әпкесі жататын екі қабатты төсектің үстіңгі жағына шығып кетсе, мен оны түсіріп аламын, себебі ол құлап кете ме деп қорқамын. Ол бір рет сол жерден құлағаннан кейін қайтадан шықпайтын шығар, бірақ мен оның құлап түсуін мүлдем қаламаймын. Бала кезіңізде ата-аналарыңыз сізге «оны бүйтпе, бұны сүйтпе» деп күніне жүз рет айтқан шығар. Олар бұның бәрін тек сіздің қамыңызды ойлағандықтан, сіздің қауіпсіздігіңіз үшін айтатын. Анаңыз, мысалы, пештің есігі ыстық екенін және оған қолыңызды тигізсеңіз қатты күйіп қалатыныңызды айтқан шығар.

Бірақ ешбір адам баласы айтқанды тыңдайтын тіл алғыш болып туылмаған. Әдетте бұл бір не екі келеңсіз жағдайды талап етеді: «Мен саған айттым ғой. Сен тыңдамадың. Келесі жолы менің айтқан тілімді алатын бол.» Міне, біз осылайша үйренеміз.


Қызық ойлар

Кейбір адамдардың Құдай туралы ойлары қызық болады. Олар Оны қандай да бір ғарыш тираны не бұзақы, я болмаса Онымен ешқашан тілдесе алмайтындай айдаладағы біреу деп ойлайды. Киелі кітап бізге Құдайдың жердегі тәндік әкемізден мың есе жомарт та қайырымды Әке екендігін айтады. Ол бізді сүйеді және Өз балаларына қарағандай біздің қамымызды ойлайды. Ол әрбір адамға дүниедегі жалғыз адамдай қарайды.

Біздің қамымызды ойлайтындықтан, Ол бізге жәрдем беруді қалайды әрі қателік жасаудан сақтайды. Әйтсе де, Ол бізді жеке тұлға ретінде құрметтейді және ешқашан Өз ырқына көндіріп, өмірімізге үстемдік етпейді. Ол үнемі біздің қасымыздан табылып, қол ұшын беруге әрқашанда дайын, бірақ біз Одан Оның көмегін сұрауымыз керек. Ол еш уақытта бізді мезі қылмайды және ешқашан бізді жалғыз тастап кетпейді. Біз ұзақ уақыт бойы Оған бетімізді бұрмай жүре аламыз, бірақ Ол бізді құшақ жайып қарсы алуға әрдайым дайын. Біз Оны өзімізге деген сүйіспеншілігінен айыратын еш нәрсе істей алмаймыз. Әйтсе де, біз Одан алыстап кетуге әуеспіз және бұның бізге осы өмірде де, болашақ өмірде де зардабы тиеді.

Мен Исаның жоғалған ұл туралы айтқан астарлы әңгімесі жайлы жиі ойланамын. Жас жігіт қалаға барып ойына келгенін істеу үшін әкесінен кетіп қалады. Алайда көп ұзамай-ақ өз бетімен кету сорақы өмір екенін түсінеді. Оның өмірінің расымен-ақ шырқы кетеді. Барлық ақшасын жұмсап бітірген соң, ақыр аяғы тамақ сатып алу үшін, мардымсыз тиын-тебенге бола жұмыс істеуіне тура келеді. Ол әкесінің өзін кешіріп, қайта қабылдайтынына күмәнданады.

Ақырында әбден күдері үзілгеннен кейін, тіпті әкесі оны отбасы мүшесі ретінде қабылдамаған күнде де, тіпті үйге құл болсам да, қайтып барайын деп шешеді. Ол үйіне жақындап қалғанда уайымдай бастайды, бірақ әкесі оның үйге келе жатқанын алыстап байқап, оған қарай жүгіреді. Ұлы қатты ұялғанынан әкесінің бетіне де қарай алмайды, бірақ әкесі оны құшақтап үйге кіргізуге асығады. Отбасының кейбір мүшелерінің жақтырмағанына қарамай, барлық жұмысын тастап, мерекелік ас дайындайды. Иса бізге бұл астарлы әңгімені біз Құдайдан тым алысқа ұзап кетсек те, Оның сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайтынын көрсету үшін айтқан.

Киелі кітап мен үшін салауатты өмірдің таптырмас жолбасшысы. Бізге Киелі кітапта тыйым салынған нәрселер тым көп болып көрінеді: олай істеме, бұлай істеме. Менің балаларым айтқандарымның бәрі де шын мәнінде олардың пайдасы мен бақыты үшін екендігін түсінбесе, мені тым қатал адам деп есептер еді. Тым ессіз әке болу үшін өз балаларының өміріне қауіп төнуіне әрдайым ықпал етіп, соны көре тұра қол қусырып отыра беру керек. Егер Құдай адамдар қаулаған әлемді жаратып, олар мұқтаж болғанда ешқандай көмек те, ақыл-кеңес те бермей, әлемді адамдардың өз қарамағына беріп қойса, бұл Құдай тарапынан тым ерсі болып көрінер еді.


Өз өмірінің тамырына өзі балта шабу

Құдай сіздің қателіктердің салдарына қалай жол бермеуді, бақытты да баянды өмір сүру керектігін білгеніңізді қалайды. Киелі кітаптың іші себеп пен салдардың мысалдарына толы. Шын мәнінде бұны Киелі кітаптағы Құдай сөзінің аса маңызды бөлігінің бірі деп айтуға болады.

Киелі кітап бізге егер өз өміріңізге өзіңіз нұқсан келтіргіңіз келсе, адамдармен қарым-қатынасыңызды үзу оның ең жақсы жолы екендігін айтады. Жай ғана кез келген бір адаммен емес, қайта сізге ең жақын достарыңызбен, туыстарыңызбен не құрбыларыңызбен қарым-қатынасты үзу.

Ал егер сіз отбасыңызбен қарым-қатынасыңыздың түп тамырын үзгіңіз келсе, онда некеде тұрмайтын бөтен адамдармен жыныстық қатынасқа түсу — мұның ең жеңіл жолы.




Өмірдің соңында жалғыз қалудың жолы

Бірқатар адамдар 35-45 жас аралығында ерекше қиын күй кешеді. Олар өмірде некелесіп отбасын құрғанша, некесіз бірге тұра берген артық деп ойлайды. Алайда екі-үш байланыстан кейін олар қайтадан жалғыз қалады. Мүмкін, олардың анда-мында тарыдай шашылып жүрген балалары бар шығар, бірақ олармен ешқашан кездеспейді.

Көптеген әйелдер күндердің күнінде отбасын құрамыз деген мүмкіндіктерінен айырылып қалғанын байқайды. Дүниеге нәресте әкелетін уақыт баяғыда-ақ өтіп кеткен, ал тұрмысқа шықсам, балаларыма жақсы әке болады-ау деген жігіттер баяғыда басқалардың құшағында кеткен.

Ерлер де өмірдің бітпес сауық-сайраны аяқталғанын әрі жасы келіп қалғанын кенеттен түсінуі мүмкін. Олар енді бұрынғыдай көз тартарлықтай күші тасыған азамат емес. Олардың есіне аларлықтай естеліктері болғанымен, өмір бойғы қарым-қатынасы жоқ және оны қайдан табарын да білмейді, өйткені олардың ойларында жүрген әйелдердің көбі баяғыда-ақ өздерінің теңін тауып алған.


Шаңырақты шайқаудың жолы

Егер еркек бір-ақ күнде өзінің шаңырағын шайқауды қаласа, ол үшін, мысалы, әйелінің досымен махаббат құрып, әйелінің көзіне шөп салудың өзі жетерлік. Оған қоса ол өз балаларынан да айырылып, тіпті дос-жарандарының сыйластығынан ада қалуы мүмкін. Осындай жағдай басына түскендерге көмектесейтін біздер адамдар неге мұндай көзге анық түсетін нәрселерді көрмейді деп қайран қаламыз. Олар сондай нақұрыс шешімдерді қабылдауын доғармайтындықтан, кез келген есі дұрыс адам оларға сырттай қарап, бұның бәрі бақытсыздықпен бітетінін көре алады.

Егер сіз жас жігіт болып некеңіздің аз-ақ жыл ішінде күлпаршасы шығатынына сенімді болғыңыз келсе, оны жүзеге асыру үшін қалған уақытыңызда мүмкіндігінше барлығымен бірдей төсек қатынасына түсу ең тиімді жол. Бұндай мінез-құлықтар төлқұжатқа мөр басқаннан немесе неке қию рәсімін өткізгендегі бір сағат ішінде еш өзгермейді.

Егер сіз миыңыз бен денеңіздің белгілі бір жолмен жүруін бағдарлап қойған болсаңыз, онда бір сағат ішінде адал да мүлтіксіз әйел не күйеу болып шығу қиынға соғады.

Некеге дейінгі жыныстық жақындық сіздің жұбайыңызға аса үлкен қысым келтіреді: «Джеки төсекте сенен әлдеқайда жақсы болатын. Ол мені шынымен қоздыра алатын.» Немесе «біз төсекке әр кез жатқан сайын, Биллдің мені қалай құшақтағанын ойлаймын... Ол бұны былай істейтін.»

Мен өмірімде жыныстық қатынасқа түскен жалғыз жан өз әйелім екендігіне қуанамын. Біз он бес жасқа толғаннан бастап ол менің ең жақын досым болып және біз, міне, 24 жыл бойы бақытты некелі өмір сүріп келе жатырмыз. Сонымен бірге мен үйленгенге дейін екеуіміздің де ешқашан төсек қатынасына бармағанымызға қуанамын. Бұл біз үшін екеуіміздің бір-бірімізге деген адал берілгендігіміздің көрсеткішіне айналды. Неке қию күніне дейін бәрін де өзгертетін мүмкіндік болды. Көптеген атастырылған жастар үйленбей қалады, ал неке құрғандардың көпшілігі бақытсыз өмір сүреді.

Адамдар бақытты некеге не жататынын және өз теңіне қосылайын деп жатқанына көз жеткізу керектігін білгендері абзал. Ең жақсы негіз ол — достық қатынас, ортақ қызығушылық пен ортақ сенім. Отбасыңыз бен достарыңыздың қолдауы да маңызды екені рас, өйткені қиын-қыстау күндері олардың қолдауы өмір сүруіңізге жеңілдік береді. Бәріміз де өсе келе өзіміз де, алға қойған талаптарымыз да өзгеретіндіктен, өмір бойына құрған кез келген қарым-қатынас көптеген хикаяларды бастан кешеді.

Біз жұбайымыз екеуіміз ара-қатынасымыз үшін өзімізге ортақ тіл ойлап таптық. Ол ешкімге емес, тек екеуімізге ғана тән. Бұл біздің құпиямыз. Осы ерекше кеңістікке ешкім де бас сұға алмайды. Әрбір кездескен сайын біз осы өзгеше бірлігіміз бен берілгендігіміздің белгісін қолданамыз.

Киелі кітап әйел мен еркек қосылғанда олар қандай да бір мағынада «біртұтас» болатындығын айтады. Секс дегеніміз — бұл жай сезім ғана емес, ол құпия да. Ең жақсы жұбайылық өмір әдетте тек бір ғана адаммен тұрақты махаббат құратын, уақытты бірге өткізетін, өздерін толықтай некеге арнайтын, өздерін ерлі-зайыптылардың бірі ретінде мән бере қабылдайтын, бір-бірін шын ниетпен тыңдайтын және әрқашан дүниеге жұбайының көзқарасымен қарауға тырысатын адамдар арасында болады. Ал бұл бір-біріне тәндік ләззәт бере алуды да қамтиды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет