Түркі академиясы халықаралық Ұйымы йүСҮП ҰЛЫҚ хас-хажиб баласағҰНИ


Патшаның Өгдүлмішке қойған сауалы



Pdf көрінісі
бет37/136
Дата23.03.2024
өлшемі1.36 Mb.
#496319
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   136
Й.Баласағұн.-Құтадғу-білік

Патшаның Өгдүлмішке қойған сауалы
Өгдүлмішпен патша сұқпат құрады,
Кейбір сөздің мағынасын сұрады.
Айтты патша: «Енді тыңда, ей, балам! 
«Сұрайын» деп кейбір сөзді ойға алам.
Санап айтшы: не «пайдалы» десеміз,
Не «пайдасыз» кететұғын есеміз?»
Айтты Өгдүлміш: «Тыңда мені, би кісі, 
Білімге орда – адамдардын игісі!
1630. Пайда түгел екі бірдей Жалғанда,
Жақсы жұмыс, түзу қылық болғанда.
Екінші – ұят, сосын шындық – үшінші, 
Үшеуіне құт қонады, – түсінші!
Ісі жақсы болса халық сүйеді,
Биязыға төрден орын тиеді.


146
Ұят тияр зор бәледен бес елі,
Ұятсыздық – ердің емсіз кеселі.
Жақсы жұмыс, шындық, ұят серік боп, 
Жарасады қуанышқа көрік боп.
1635. Тағы: таза, шын көңіл де еленер,
Екі Жалған бақытына бөленер».
Айтты патша: «Ұқтым! Қандай ойдасыз – 
Бұл адамға қандай нәрсе пайдасыз?»
Өгдүлміштің патшаға [берген] жауабы
Айтты Өгдүлміш: «Патшам, құлақ салыңыз, 
Бұл сөзімді тыңдап, біліп алыңыз.
Түк пайдасыз үш нәрсе бар, – со жайын 
Азды-көпті әңгіме қып созайын.
Бірі – қиқар, әсте жаман кылығы,
Бірі – жалған сөздің жатқан былығы.
1640. Тағы бірі, ең жаманы – сараңдық,
Үшеуі де – надан ісі, қараңдық.
Мінез-құлық жаман болса – жер етер, 
Барлық ісі, құт қонса да, кері кетер*.
Кім атағын жалған тілмен жырлайды,
Ел ішінде сол беделден жұрдай-ды.
Біліп айтқан сараң жайын сөккендер, 
Тыңда, кедей, мұң мен азап шеккендер:
«Не бар жаман сараңдықтан өтетін,
Көп жиса да, жей алмай-ақ кететін?


147
1645. Тердің алтын – жей алмадың жаратып,
Жау ғой – алтын, бермедің бе таратып.
Жей алмаған байлығыңды, осыңды, 
Жейтіндер бар – дайындай бер асыңды.
Патшаның Өгдүлмішке [қойған] сауалы
Айтты патша отырған соң тағына:
«Бір сөзім бар – айтып берші тағы да.
Туа біте бола ма ақыл, зейін де,
Келе ме әлде үйренумен кейін де.
Айтты Өгдүлміш: «Құтты патшам, болжайын, 
Ақыл, білім, өнер... – айтам сол жайын
1650. Туа білмей, үйренеді ау-жайды,
Білім алған талай істі қаузайды.
Түк те білмес анасынан туғандар,
Төрге шығар өнер-білім қуғандар.
Адам ақыл үйренбейді – қол қысқа, –
Ием оны жаратады болмыста.
Үйренеді бір ақылдан басқасын,
Кейін барлық іс жүзеге асқасын».
Мәз боп патша бұ сөздерге тойымды, 
«Таптың, – деді, – көкейдегі ойымды.
1655. Мен әкесін жерлеп едім қолыммен,
Орнын басты оның ізгі жолымен.
Бір Құдайға шүкір еттім, шалықта,
Көп ізгілік қылу керек халыққа.


148
Бұл Өгдүлміш бауырым боп кетеді, 
Барлық істі мол табыспен өтеді.
Тисін оған ізгіліктің сауабы:
Ізгілікке – ізгілік қой жауабы».
Тыңда сөзін ақыл-есі толықтың,
Білгіші ғой олар елдің, халықтың:
1660. «Кісілікке – кісілік қыл, мастанба, 
Лайық бол кісілікке басқанға.
Қарым қайтар қызыметі асқанға, – 
Әділ болып, атың шықсын аспанға».
Өгдүлмішті сыйлап патша байыпты, 
Атақ-даңқын бүкіл елге жайыпты.
Ел ішінде беделі өсіп, зорайды,
Даңқы әлемге дұғаменен тарайды.
Дос-жаранға ұлық болды о тағы,
Бек ішінде биік тұрды атағы.
1665. Тіл, көңілі – кішік, болды айбынды ер..., 
Әділетпен өтіп жатты ай, күндер.
Жүзін жарқын, сөзін тәтті қылыпты,
Бар адамның оған іші жылыпты.
Дос көбейді шын берілген жүрегі, 
Жора-жолдас ердің болар тірегі.
Тірегі бар ер күшті ғой: нық, ірі.
Күшті кісі – құттың қонар тұғыры.
Ашық көңіл баққа бейім жанасар, 
Салмақтылық білімдарға жарасар.


149
1670. Бір ақылды кісі айтатын сөз екен, 
Ақылды сөз бітер істің көзі екен:
«Кімге бақыт өзі келіп жарасса-ай,
Көңіл қойып, кішік болсын – әрі аспай.
Күле қарап бақыт келсе – аса сын, 
Кішік көңіл арқанымен матасын.
Құт өседі көшеттей боп тамырлап,
Ол қонады кең пейілге мамырлап.
Ізгі мінез көрсетеді келісті ер, 
Оның ісі күнде жанып өрістер».
1675. Кім ұлықсып кердеңдесе қоқиып,
Күнде кұрып, шөгіп қалар шоқиып.
Құт жарасар, барша жанға күлімдер, 
Оған әсте дөп келеді білімді ер.
Бұл жөнінде бір бәйіт бар – оқып ал,
Ей, ақ көңіл, көңіліңе тоқып ал:
«Әлде қалай бақыт қонса наданға,
Жарасар ол білімдіге одан да.
Білімсізбен бірге тұрған бұ бақыт 
Сай келеді білімі бар адамға».
1680. Бағы туса надан да өсер, әрі асар,
Білімді ерге бақыт келсе жарасар.
Келсе бақыт білімсізге бүтіндей,
Тұрып қалмас, тозып кетер түтіндей».
Бұл ойыма мына бір сөз орай-ды,
Ей, ақ көңіл, соны оқысаң жарайды:


150
«Құт кісіні сыйлы қылар, көтерер, – 
Құрмет көріп, ардақты боп өтер ер.
Миы жоққа бақыт келіп, құт қонса, 
Қызық көрмей құр құрбан боп еті өлер».
1685. Байқап патша Өгдүлмішті сынады,
Оның барлық адал ісі ұнады.
Құрмет көріп, көтерілсе бағы бір – 
Төмендетіп сынап көрді тағы бір.
Көтерілсе – құр салтанат құрмады,
Төмендесе – босқа қарап тұрмады.
Ол патшаға қалқан болды текті бір, 
Патша да оған қазынасын төкті бір.
Зор аманат мойынында тұрған-ды,
Ондай жанға менің жаным құрбан-ды.
1690. Әділ ісі Өгдүлміштің артады,
Әр күн сайын патша өзіне тартады.
Барлық істі сарапқа сап істеді,
Қисаппенен қазынасын үстеді.
Бекті күтті, өзін де аман сақтады,
Қызыметін қиянатсыз ақтады.
Тыңда сөзін қарттың – көңлі тетіктің,
Жинақы да, әділ әрі жетіктің:
«Қымбат нәрсе – күміс пенен алтын да,
Ер қымбаттау ұстамдылық қалпында».
1695. Данаға айтқан бір данышпан сөзге ұста:
«Нағыз таза кісіні сен көзде ұста!»!


151
Тауып айтқан зейінділер жөн көрген:
«Артық емес бауырмалға жан берген».
«Әділ» – дейді кім әділдік сақтаған?
Аманатты әділ төлеп ақтаған!
Нағыз ер кім? еркек көп қой, мейілі,
«Ер» – де соны – таза болса пейілі!
«Кім мақтаулы? Кімді айтады ер, – деп, – бір?» 
«Жомарт жан – ер, сараңды сөк жерлеп бір!»
1700. Бұл адамды көрсең – «мұңлық» дейтіндей, 
Күн-түн теріп нәрсе таппас жейтіндей.
Кейбір адам әлем шарлап қаңғиды, 
Кейбіреуі теңіз кезіп, жан қиды,
Біреу саған еңбек етсе ес көріп,
Өлік болмай – ұмытпай жүр ескеріп.
Тау қопарып, біреулер құт іздеді,
Біреу жерді өлшеп жүрер түздегі.
Су да кешер, біреу таудан асады,
Құдық қазып, біреу шөлін басады.
1705. Біреу қылыш, балта шабар майданда-ай, 
Біреу өлер қылжиып-ақ жайдан-жай.
Біреу ұры, қарақшы боп саналар,
Басмашы – бір, бірі – жендет жан алар.
Барша әрекет – бір құлқынның қамы үшін, 
Сарп етеді маңдай терін, намысын.
Мұның бәрін «надандардың ісі» – дер, 
Жануар ғой – білімі жоқ кісілер.


152
Ей, білімді ер, ажал тақап қалғанда, 
Таусылады өлшеп берген талқан да!
1710. Тыңда сөзін біліп ақыл бергеннің,
Ойы орнықты, жүріп-тұрып көргеннің:
«Дүниеде жүріп-тұрсаң білесің,
Тиер саған жазмыштағы үлесің».
Болса данам, көңіл – тура, тіл – майда, 
Ризығың азаймайды ондайда.
Байлық іздеп, мақтан тілеп жортқанда, – 
Жарасады кісілігі артқанға.
Дүниені билеу үшін астасып,
Ал әуелі әділдікпен достасып.
1715. Парасаты жеткен кісі бүйдеген,
Әділ істеп дүниені илеген:
«Болсаң байлық ізін бағып қуысқан,
Тура бол да, әділ сөйле, туысқан!
Тіл, көңілді тура жолда ұстасаң,
Бар әлемді шығармайсың уыстан».
Ей, патшам, көр, елдің күнін ерікті,
Тура жүрсе – болар өмір көрікті.
Барлық істі адал көзден өткізіп,
Қыл кісілік шындығына жеткізіп.
1720. Көтерді құт, Өгдүлміш те тынбады, 
Ақыл айтып, о да жұртты тыңдады.
Сенді патша Өгдүлмішке түгелдей, 
Кейде сезік алғанымен – түк өнбей.


153
Патша сынап әр жағынан бажарды,
Құлай берді салған сайын назарды.
Дана сөзін тыңда, тоқы есіңе,
Ей, білімсіз, қолды қойып төсіңе:
«Бақыласын бектер құлын-малайын, 
Сынап алып оның тегін, талайын.
1725. Бекке құлы «жарамды» боп, ұнаса – 
Оның жолы ашылады тым аса.
Ойдағы істі құл бітірсе – еленер, 
Құлды өсіріп, бек атаққа бөленер.
Айтқан жақсы Йағма бегі – текті ерден*, 
Барлық істі ақыл-оймен жеткерген:
«Ей, бек, тапсыр істі көзі каныққа. 
Жолмен әділ жүретінін анықта.
Кей бек ісін жамандарға діттейді,
Бірақ ол іс өзі істемей бітпейді.
1730. Жарылқаса бағы жанған жаранды, –
Оған малай береді Алла жарамды.
Көрсетейін десе Құдай мініңді, – 
Құл береді көгертпейтін күніңді.
Ондай надан бықсытып от тұтатар.
Түтін салып, барлық істі жұтатар».
Өгдүлмішті жарылқап патша жан сапты, 
Беріп істі, уәзірлік мансапты.
Қолы ұзарды; ол халықты басқарды. 
Шешен сөзі, өткір тілі тас жарды.


154
1735. Сый-мәртебе патша беріп баққан-ды*, 
Құрмет келіп, Өгдүлмішке бақ қонды.
Жарлық жазып, майда тілін ұстартып, 
Жарылқады оны патша іш тартып.
Оған Сарай жұртшылығы сан сыйды 
Тарту етіп, үлкен-кіші жан қиды.
Олар келіп көрінуді қалайды,
Тағзым етіп, сыйға тартты талайды.
Өгдүлміш те ісін әділ жеткізді,
Құрмет тұтып жұртты көзден өткізді.
1740. Ел басынан бәлені жоқ қылыпты,
Өз басынан жойды жаман қылықты.
Үстем етті әділеттің сәулетін, 
Жайбарақат нықтай берді дәулетін.
Дос көбейді, дұшпан көрге тығылды,
Елден қашып, туы қолдан жығылды.
Ой-жұмыстан патша мойны босады, –
Тәтті өмір кеп, бар ләззатын тосады.
Пайда мұндай келер білім жолынан, 
Ұғымды мен білімдінің қолынан.
1745. Ақылдыға мақтау сөзді төкпес пе, 
Ақылсызды бетке қағып сөкпес пе?
Қарағанда көр көкірек немеге,
Ақылдының барлық ісі – өнеге.
Құт қарайды ақылдының еркіне,
Білім – ердің жақсы қылық, көркі де!


155
Тыңда: мұндай Ыла бектен сөз қалған*, 
Оның мәні көр наданға көз болған.
Шайыр тілі тәтті-ау талмап жұтардай, 
Дәм мен исі – білсең, таза жұпардай*:
1750. «Ессіз басшы билесе – ел-жұрт шөгеді 
Ел азады, халық азап шегеді.
Ел билеуші есті болса, білімді, –
Береке орнап, елге нұрын себеді».
Білімді адам көтереді иықты
Білімсіз жан бықсыған от сиықты*.
Жаны тынып, патша күні нұрланды, 
Шүкір етті, аты шықты – жырланды.
Айтты патша: «Ей, падиша Құдайым! 
Өзің маған білім бердің ұдайым.
1755. Бердің Алла, қуат, білім, ерікті,
Ұста жөңдеп – болсын көңіл берік-ті.
Ізгілік бер, күш-қуат бер бүгін де, 
Көтерейін елдің ауыр жүгін де.
Көңіл қойды, Раббыма бас ұрып, 
Кем-кетікке шүлен берді асырып.
Шат көңілмен күндер өтіп, ай өтті, 
Бүкіл елді жетістірді, бай етті.
Елге мұндай бола бермес таяныш, 
Өлетіні сондай ердің – аяныш!
1760. Ел бақыты – осындай бек бастаса, 
Бек бақытты – елі теріс баспаса.


156
Жақсы, жаман өлгенде – тоз, қара шаң, 
Тоз болса да – аты қалар қарасаң!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   136




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет