«1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру.
Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғаншин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б.
Жолдас Жангелдин төрағалық еттi.
Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Әуезов жолдас: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi:
1.Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтажтықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ. 2. Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекшi адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлiнген сыбағаның өзiне де қол жеткiзе алмайды, өйткенi қазақтар бір үзiм нан үшiн жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен көрi үйiнде өлгендi артық санайды, тiптi көмек сұрап ел кезе қалған күннiң өзiнде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетiмен iздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейдi. 3. Жергiлiктi жерделі аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғный жақын маңдағы қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтан да қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, – дедi Әуезов, – ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етеді. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшiн дәл қазiр шұғыл түрде шешушi шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен берi тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндiктермен өзегiн жалғауда, соның кесiрiнен әртүрлi жұқпалы аурулар мен iндеттер естiп- бiлмеген деңгейде таралып барады.
Мұның барлығы, аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр елiне жаны ашымайтындығын, оларға немкеттi қарайтындығын көрсетедi, сондай-ақ осындай қасiреттi өрттi өшiруге қазақ қызметкерлерiнiң де бейғамдығы байқалады. Өкiмет басында отырған қазақ қызметкерлерi, бұл iстi дәл осы күйiнде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл –бәріміз үшiн қылмыс, бiз бұл үшiн қазақ елiнiң алдында, өзiмiздiң арымыздың алдында жауаптымыз, – дедi Әуезов жолдас.
Баяндамасының соңында Әуезов жолдас қырдағы аудандарға аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыссөз бен талқылаудан кейiн iшiнара өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзiлген соң бұл ұсыныс қаулының негiзi етiп алынды.
1.Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және олардың күшiн пайдалану туралы Алманов жолдас баяндама жасады.
Алманов жолдас мынаны атап айтты: Бiз ешқашанда қазақ қызметкерлерiн орынды пайдаланып көргемiз жоқ. Аштық болса тамағымыздан алып, қылқындырып жатқан кездiң өзiнде бiз ешқандай қолғанатсыз, жергiлiктi жерде жетекшiсiз отырмыз. Оның үстiне, былтыр, одан арғы жылы осында iстеген партия қызметкерлерiнiң өзi бiзден кетiп қалды. Мұның басты себебi – орыс коммунистерiнiң жүргiзiп отырған отарлаушы бағытында. Бiз әу баста қазақ қызметкерлерiн орынымен пайдаланбадық, – дедi одан әрi Алманов жолдас, – бiз оларды жан-жаққа қуып, жыртығымыз бен тесiктерiмiздi бiтедiк, бұл онсызда саны аз қызметкерлердi есiнен тандырды, белгiлi бір нақты жұмыспен айналысуға мүмкiндiгi болмады. Қазақ арасындағы аса зәру iстерге де жұмсайтын адамымыз жоқ. Бұл мәселенi дәл қазiр шешу керек, қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарта отырып, олардың мiндетiн анықтауымыз қажет. Сөйлеген адамдардың пiкiрi осыған тоғысып жатыр, – деп ойын қорытты Алманов жолдас.
Жарыс сөзден кейiн кеңес төмендегiдей қаулы қабылдады.
Қаулы:
Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы Әуезов жолдастың баяндамасын тыңдағаннан кейiн жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi мынаны атап өтедi:
Осы уақытқа дейiн аштыққа ұшыраған қырдағы аудандардың бiрде-бір тұрғыны мемлекет тарапынан нақты көмек алған жоқ, олар өз беттерiмен қаңғып кеттi, сөйтiп өлiм тырнағына iлiндi. Олардың ешқандай көмек алмағаны былай тұрсын, тiптi КССР-нiң партия және кеңес ұйымдарының, орталықтың да, жергiлiктi жердiң де, тiптi қаперiне де iлiнбеген, яғни, турасын айтқанда, ұмыт қалған, тағдырдың тәлкегiне тастаған. Жоғарыда айтылған жайларды көрсете отырып, бишаралыққа ұшыраған қазақ елiне біз былай немкеттi және самарқау қарауға төзуге болмайтынын атап өтеміз, жауапты қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi – барлық өлкелiк және жергiлiктi партия және кеңес, кәсiподақ ұйымдарын, белсендi түрде көмек көрсетуге шақырады. Пәрмендi көмек көрсету үшiн кеңес өзiнiң тарапынан мынадай нақты шараларды белгiледi:
а). Аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарға көмек көрсету үшiн Орталықтағы және жергiлiктi жердегi аштарға көмек көрсету ұйымының басты мiндеттерiн анықтап, оларды топ-топқа бөлсiн.
б). Қыр елiне көмек көрсету үшiн барлық жерде салауат-сауын (компание) жүргiзiлсiн: бұл мәселенiң осы уақытқа дейiн ескертiлмегендiгiне мән берiлiп, барлық партия, кеңес және кәсiподақ ұйымдары, бұл мекемелерде iстемейтiн жекелеген қазақ қызметкерлерi салауат – сауынға белсендi түрде тартылсын, республикалық баспасөз мекемелерi халықтың санасын оятып, съездер мен жиналыстарда оларға ықпал етуге тырыссын.
в). Аштарға көмек көрсету ұйымының жергiлiктi жердегi құрамына адал қазақ қызметкерлерi кiргiзiлсiн, оларды неғұрлым көбiрек тартуға ұмтылсын, қыр елiне тiкелей көмек көрсету үшiн оларды аштарға көмек ұйымының жауапты өкiлi ретiнде пайдалансын.
г). Республикалық және уездiк аштарға көмек ұйымының қызметкерлерi тек қана аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарда жұмыс iстеу үшiн төтенше өкiл боп барсын. Оларды аштарға көмек көрсету ұйымының өлкелiк төтенше өкiлдiгi ұсынады, обком мен қазақ Орталық Атқару Комитетi бекiтедi, соңғысы мандатпен қамтамасыз етедi. Жергiлiктi өкiлдердi аштарға көмек көрсету ұйымының төтенше өкiлi бекiтiп, мандат бередi, оны жергiлiктi партия және әкiмшiлiк мекемелерi растайды.
Д). Аштарға бөлiнетiн азық-түлiктiң жайы туралы аштарға көмек көрсететiн орталық комиссияға мынадай ұсыныс жасалсын: аштарға көмек көрсететiн губерниялық ұйымға қолдағы бар азық-түлiк қорының белгiлi бір мөлшерi нақты санмен көрсетiлсiн; уездерге бөлiнген кезде мiндеттi түрде аштарға азық тарататын бір қазақ өкiлi қатысып тұрсын.
2.Орталық және жергiлiктi партия, кеңес мекемелерiн көмекке тартуды қатаң кеңсе тәртiбiмен жүргiзудi, сонымен қатар осы мақсатпен арнайы адамдарды жол сапарға шығаруды облыстық мекемелер, ҚазЦИК және жекелеген халық комиссариаттары өз мiндетіне алады.
3. Партия, кеңес мекемелерiнде жұмыс iстейтiн және жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмiн өкiлдерiмен бiрлесе жасау мiндетi ҚазЦИК-ке тапсырылсын, аштарға көмек комиссиясы мен өлкелiк төтенше өкiлдiктiң қатысуымен олар аштық жайлаған губернияларға жөнелтiлсiн, сондай-ақ арнайы азық-түлiк жинау үшiн Түркiстан Республикасына жiберiлсiн.
4. Аштарға көмек комиссиясымен келiсiп отырып осы қаулының негiзiнде шара қолдану құқына ие болатын ҚазЦИК-тiң бір мүшесiн өлкелiк төтенше өкiл етiп тағайындау мiндетi ҚазЦИК-ке жүктелсiн.
5.Тұрған жерлерiнен босып, темiр жолдың бойында (Ақбұлақ, Ақтөбе, т.б.), сордай-ақ Түркiстан бағытындағы бекеттерде жиналып қалған аш қазақтарға ерекше көңiл бөлiп, назарда ұстау Аштарға көмек комиссиясына тапсырылады: босқындардың ұйлығып қалу себебi шұғыл анықталып, оларды уақытында отырғызып жiбермеген барлық мекемелердiң басшылары сотқа тартылсын.
6.Барлық тиiстi мәліметтердi жинақтап, ашаршылыққа ұшыраған қыр елiне көрсетiлетiн көмектiң мөлшерiн өсiру туралы қалайда Орталықтың келiсiмiн алу мiндетi Меңдещев пен Әуезовке жүктелсiн. Соның iшiнде бұл жолдастарға мына мәселенi шешу тапсырылады:
а). Торғайға жiберiлетiн азық-түлiк жәрдемi Қостанайдан бөлек жiберiлуiн орталық арқылы шешуге қол жеткiзсiн.
б). Гурьев ауданына азық-түлiктi тiкелей тасымалдау мүмкiндiгi болмағандықтан да, Гурьев пен Астраханның ауланған балықтарын сонда бөлудi, сонымен қатар Гурьев пен Оралдағы балық кәсiпшiлiктерi оларды тиiстi жабдықтармен қамтамасыз етiп, балық аулауға рұқсат беруiн Орталықтан сұрасын.
в). Қазақ республикасының шикiзаттарының ауқымды мөлшерiн азық-түлiк пен керектi заттар, аштарға қажеттi ақша алуға пайдалану үшiн бұл мәселенi дербес шешуге орталықтың келiсiмiн алсын.
7.Обкомның, ҚазЦИК-тiң және барлық жауапты қазақ қызметкерлерiнiң атынан партия ұйымдарында iстейтiн, одан тыс жұмыссыз жүрген қазақ қызметкерлерiне үндеу жариялансын, оларды ашаршалыққа қарсы күресуге шақырсын.
8.Бұл қаулының көшiрмесi жан-жаққа таратылсын.
Қол қойылып, мөр басылған.
II. Қазақ қызметкерлерiн жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану туралы Алманов жолдастың баяндамасын тыңдап, мұндай жолды табудың қажеттiгiн ескерiп, қазақ қызметкерлерiнiң күшi дұрыс әрi тиiмдi пайдаланылмай отырғанын ескерiп, қазақ қызметкерлерiнiң кеңесi қаулы қабылдады:
1.ҚазЦИК-тiң жанынан ерекше комиссия құрылсын оған мынадай мiндеттер жүктелсiн:
а). Комиссияның пiкiрi бойынша қандайда бір iске пайдалануға болатын барлық қазақ қызметкерлерiнiң тiзiмi жасалсын.
б). Өзiнiң туған жерiнен басқа ауданға немесе басқа лауазымды қызметке ауыстыру арқылы қазақ қызметкерлерi тұрақты әрi тиiмдi пайдаланылсын.
в). Партияда жоқ қазақ қызметкерлерi кеңес құрлысындағы жауапты жұмыстарға дейiн тартылсын, сөйтiп олардың өкiметтен де, жұмыстан да шеттетiлмегенiне көзiн жеткiзсiн.
г). Қазақтардың iшiндегi ең жауапты әрi шұғыл: аштықпен күресу ісіне жұмылдырылсын, қазақ қызметкерлерiн дайындау, қазақ арасындағы сот жұмысын дұрыс жолға қою, милиция жұмысын жолға қою, жергiлiктi өкiметтi нығайту, кооперація ұйымы, т. б. сияқты iстерге пайдалансын.
д). Обком мен ҚазЦИК-тiң ерекше тiзiмi арқылы Түркiстан Республикасындағы барлық қазақ қызметкерлерi шақырылып алынсын.
ж). Жергiлiктi жерлерде партияда жоқ қазақ қызметкерлерiнiң кеңесiн өткiзу дәстүрге айналсын.
з). Баспасөз арқылы барлық қазақ қызметкерлерiн жұмысқа шақырған үндеу жариялансын, бұл үндеуге құлақ аспағандардың белсендiлiгiн оятсын.
Комиссияның құрамына мыналар: 1. Әуезов. 2. Асылбеков. 3. Алманов. 4. Байтұрсынов. 5. Кенжин – мүше боп; 1. Нахим – жан. 2. Төлепов – кандидат боп сайланды.
-
Комиссия ҚазЦИК бекiткен ерекше ереже бойынша жұмыс iстейдi және өзiнiң барлық жұмысын Обком мен ҚазЦИК арқылы жүргiзедi.
Қазақ қызметкерлерiнiң Кеңесi қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тiң бекiтуiне жатады.
Кеңес төрағасы – Жангелдин.
Хатшысы – Нахым- жан».
Қол қойылып, мөр басылған.
Кеңес қабылдаған екi мәселенiң де қазақ ұлты үшiн өмiрлiк мәнi бар едi. Бұған келiспеу – ұлттық жеккөрiнiш пен өшпендiлiктi тудыру, коммунистiк партияның отарлаушы және жазалаушы саясатын ашықтан- ашық әшкерелеу едi. Сондықтан да арада бес күн өткеннен кейiн, яғни 1921 жылы желтоқсанның 15 жұлдызында қазақ Орталық Атқару Комитетi мен жұмысшылар кеңесiнiң еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, қызметкерлердiң съезiнде және қазақ өкiлдерiнiң бiрiккен мәжiлiсiнде:
«Жауапты қазақ қызметкерлерiнiң 1921 жылғы 10 желтоқсан күнгi Кеңесiнiң қаулысын тыңдап:
Кеңес қабылдаған қаулы түгелiмен мақұлдансын және қорытынды шығару үшiн аштарға көмек комиссиясына берiлсiн. Көмек комиссиясының шешiмi 17 желтоқсан сенбi күнi ҚазЦИК-тiң секретариятына хабар дар етiлсiн, 17 желтоқсан, сенбi күнi РКП қазақ обкомының талқылауына ұсынылсын» – деп қаулы қабылданды.
Мұхтар Әуезов төрағалық, Әбдiрахман Байдiлдин хатшылық еткен мәжiлiстiң шешiмi мынадай:
«2-ші Бүкіл қазақтың құрылтай кеңесі делегаттарының 1921 жылғы 4 қазан күнгі коммунист-қазақтардың мәжілісінің хаттамасы.
Қатысқандар: РК обкомының мүшелері ж. Меңдешев, Мырзағалиев және Асылбеков, Түркістан республикасының төрағасы т. Ходжаев, Семей, Ақмола, Орал, Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе және Бөкей губернияларының делегаттары, жиыны 51 дам қатысты.
Мәжіліс төрағасы Әуезов.
Күнтәртібіндегі мәселелер:
-
Қазақ арасындағы жұмыстарды күшейту және кеңес аппаратын жөнге келтіру.
-
Сәдуақасов жолдастың мәлімдемесі.
Тыңдалды: Қаулы етті:
І.Жер-жерден хабарламалар. 1. Отарлаушылармен аяусыз
1.Кіндік аппарттың губерниялардан күрес жүргізілсін, оларды
қол үзіп қалғандығы. КССР –дің жерінен аластатуға,
партиядан шығаруға дейінгі
шаралар қолданылсын.
2. Қыр адамдарын кеңес пен партия 2. Сондай-ақ, партиядағы жол-
жұмысына тартудың жеткіліксіздігі. Дастарды ұлтшыл шовинис-
терменде аяусыз күресуге
шақыру және кейбір жол-
дастардың ұлтшылдыққабет
бет алғанын сынау.
3.Қыр елінің мұқтаждығы мен ерек- 3. КЦИК пен КСНК құрамын
шелігін ескеруге дәрменсіз және сайлағанда қазақ кедейлері мен
оған құлықсыз отаршылдардың зор- еңбекшілерін кеңінен тарту,
лығы, сондай-ақ тамыр-таныстық орыстармен тығыз байланысты
пен арандату арқылы тартысты сақтап, қатаң бағыт ұстау және
күшейтіп отырған қызметкерлерді құрылтайдың шешімдерін
қызметтен алу. Жүзеге асыру.
4.Кейбір аса мүдделі және 4.Орталық мекемелердегі сьез-
тәжірибелік мәні зор мәселелерді дің шешімдерін орындауда
жүзеге асыру үшін қатаң тәртіп әрбір жауапты қызметкерлер
орнату және ұлт мәселесі жөніндегі дің сессия алдындағы
Х сьездің қаулысын орындау. Жауапкершілігін арттыруды
талап ету және жауапты
қызметкерлерді ауыстыра бере-
тін өктемдікті жою.
Қаулының жалғасы:
5.Жергілікті халық өкілдері партия, кеңес орындарына тартылсын.
6.Партия қатарын тазалау жөніндегі губерниялық және уездік комиссиялардың құрамында кемінде жергілікті халықтан шыққан бір коммунист кіретін болсын. (Осы қаулыны шығарған М.Әуезовтің өзі сол тазартуға ілігіп, «тазарып» кетті ғой – Т.Ж.)
ІІ. Сәдуақусов жолдастың мәлімдемесі.
Қаулы етілді:
Сәдуақасов жолдастың қысқаша мәлімдемесін тыңдағаннан кейін мәжіліс мынадай қаулы қабылдады. Оның бейберекеттікке жол беріп, отаршылдық саясатын жүргізген Семей губерниялық атқару комитеті мен губревкомын таратқаны жөніндегі шешімі өте дұрыс деп табылсын. Сәдуақасов жолдастың Семей губерниясындағы іс басына қыр елінің азаматтарын тартып, отаршылдарды жұмыстан босатқан ісі де дұрыс деп табылсын, сондықтан да обком мен бақылау комиссиясы құрылтай кезінде қабылданған Сәдуақасов жолдас туралы шешімді қайтадан қарап, Сәдуақасов жоласты ақтау туралы мәселе көтерсін. Және обком мен бақылау комиссиясы Сәдуақасовтың ісі туралы Семей мен Ақмола губерниясының өкілдеріне жолығып, қосымша материал жинауды қамтамасыз етсін.
Жиналыс төрағасы- М.Әуезов.
Хатшысы- А.Байділдин».
ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Дар ағашына баспақтап бара жатқан адамның жанталасы мен жанжүйесiн түсiну қиын. Қанша батыр, ержүрек болса да төнiп келе жатқан ажалдан сескенбеуi, тiтiркенбеуi, түршiкпеуi мүмкiн емес. Дегенмен де «Алаш iсiндегi» қайраткерлердiң екi –үш елеусiз айыпкерлерден басқасы ешкiмдi сатпаған. Тек әр түрлi айла – амал қолданған. Мысалы, Мұхтар Әуезов түгiн сыртына салып:
«Бiздiң аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдың жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшiн ол шаралардың қажет екенiн есептемедiм. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудiң қажеттiлiгiн iштей қабылдамадым, үкiметтiң колхоз, совхоз құрылысының тұсында iстеген берiк ұлы шараларына да басында сенiмсiздiкпен қарап, қарсы болдым», - деп «кiнәсiн» мойынына алды.
Кемтар мен кеще, аяр мен ақымақ, мешеу мен мещан, қызғаншақ пен қорқақ, сараң мен сауатсыздар кекшiл келедi. Кеңес өкiметiнiң үкiмет мүшелерiнiң бәрiнiң бойында осындай бір кiнәраттар мен кiлтипандар бар болатын. Тiптi бүкiл мемлекеттiк құрылымның өзi сол кек пен кекшiлдiкке құрылып, өздерiнiң қастаншықпағыр пиғылын бүркемелеу үшiн «езiлген таптың күресi» деген сылтауды ойлап тапты. Әуелi өмiрге кеткен есесi мен өкпесiн Ресейден қайырып, ендi төрткүл дүниенiң астан-кестеңiн шығарды. Аш адамның ашкөздiгiнен обыр ештеңе жоқ. Билiк пен байлық қолына көшкен кезде олар ұлттың игiлiгiн бір-бiрiнен қызғанып, өзара қырық пышақ болып, бiрiн-бiрi арандатты.
«Алаш iсi» де сондай «қанды науқанның» қарсаңындағы соңғы дайындық болатын. Ал, олардың ең осал тұсы – жалған идеология едi. Өздерiн де, өзгелердi де сол жасанды даурықпаға сендiрiп бақты. Сондай сәтте «алашорданың екi көсемi өзiнiң ұлтшыл-буржуазияшыл көзқарасынан бас тартып, өткендегi қателiктерiн кеңес өкiметi мен еңбекшiлерiнiң алдында ашық мойындауы» оларға таптырмайтын саяси-идеологиялық құрал едi. Соны желеу ете отырып тобырдың санасын тұмандандырды, екiншiден, тұлғаларды үнемi үреймен өмiр сүруге мәжбүр еттi.
Достарыңызбен бөлісу: |