Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет34/42
Дата04.07.2016
өлшемі6.89 Mb.
#178022
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   42

«Ескі интеллигенцияның арасында сменовеховшыларды еске түсіретін қозғалыс бар. Сендер Жұмабаевтің «90» жөніндегі әйгілі өлеңін білетін шығарсыздар, ол өзі 90 жағында болғандықтан, 90 туралы жазады, ал көпшілік бұл сан шынайы екен деп алданып қалады. Олар 100 деп еді, жеңіліп қалды, енді 90 деп күңіренуде, бізге жақсы істерімен келсе, біз олардың арқасынан қағамыз, алайда 90-ды басқалардың қолдамауы қажет екенін аңғарту үшін біз арқасын сипап қана қоймай, бір мезгіл соққыға да жығып аламыз»,– деп («Советская степь» газеті, 1927 жыл, 21 қараша) ойқастады.

Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов түрмеден қайтып оралғанда соларға жазған хатында да осы «сменовеховшылар» туралы ұзақ түсіндіреді. Шындығында да, М.Әуезов айтқандай, Голощекин келісімен Қазақстандағы дәуір де, уақыт өлшемі де, құндылық та, көзқарас та өзгерді. Мұны «ұсыныс жасаушылардың» өздері де кеш аңғарып, бармағын тістеп үлгере алмай қалды.

Әрине, зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.

Қауіпсіздік комитетіндегі хаттамаға сүйенсек, 1929 жылы 20 шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылыпты. Ал зиялы зерттеуші Шерияздан Елеукенов айналымға түсірген дерек бойынша Мағжан Жұмабаев 1929 жылы 6 шілде күні Қызылжар қаласында тұтқындалып, төмендегі ілеспе хат арқылы Алматыға жөнелтіледі:



«№ 6333 2 ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің КССР бойынша Алматы қаласындағы өкіліне. 1929 жыл, шілде.

Үстіміздегі жылы 6 шілде күні тұтқынға алынған белгілі ұлтшыл қазақ ақыны Жұмабаев Мағжанды сіздерге жіберіп отырмыз. Пәтеріндегі тінту кезінде оның ішінара өмірбаяны жазылған қалың дәптерден басқа ештеңе табылмады... Байтасов Абдолла Петропавловскі қаласы шеңберіне көзге түспеді. Қалың дәптер «Қосымша» ретінде жіберіліп отыр. ОГПУ округтік бөлімі бастығының орынбасары В.Никеров. Ш/Б өкілінің көмекшісі Губайдуллин».

Көзі қарақты, ойы сергек, жадуалға қабілетті, алғашқы тергеулердің мазмұнымен таныс оқырман М.Жұмабаевті тұтқындауға шығарылған қаулының хаттамасын мысқылмен оқитыны анық. Онда М.Жұмабаевтің өміріне қатысы жоқ, тек Д.Әділевке тағылған айыптау қорытындысын көшіре салған. Оқыңыз (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):



«Қаулы: 1929 жыл, 20 шілде. Мен, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Шығыс бөлімінің Қазақ АССР-і бойынша өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко № 6 тергеу ісімен танысу барысында мынадай қылмысты істің ұйымдастырылғанын анықтадым:

1. Жұмабаев Мағжан кеңес өкіметіне қарсы күрескен және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысымен байланысы бар астыртын ұйымның жұмысына белсене қатысқан;

2. Бұл астыртын ұйым Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданының көлемінде қастандық әрекетпен айналысып жүрген ағайынды Әділевтердің бандысымен астыртын байланыста болған.

3. Астыртын ұйым біраз жылдан бері кеңес үкіметінің науқандық шараларына тұрақты түрде іріткі салып, мәдениет пен шаруашылық жұмыстарына кедергі жасады, сондықтан да Мағжан Жұмабаевті Қылмыстық кодекстің 58 бабының 7, 11 тармақтарына және 59 бабының 3 тармағына сәйкес айыпты деп тауып, соған орай 128, 142, 147 баптарды басшылыққа ала отырып:

1883 жылы туған, ірі бай тұқымынан шыққан, жартылай феодал, партияда жоқ, үйленген, бұрын істі болмаған, бұрынғы алашордашы, Петропавл кеңес-партия мектебінің оқытушысы М.Жұмабаевті жоғарыда аталған қылмысты істерін мойындату үшін тергеуге алуды, соған орай Петропавл кеңес-партия мектебіндегі қызметінен 29 жылдың 15 шілдесінен бастап қызметтен босатуды мақұл деп тауып, Қаулы қабылдадым.

Тергеу ісіне кедергі келтірудің алдын алу мақсатында Жұмабаев Қазақ АССР ОГПУ - нің комендатурасына қамаққа алынсын.

ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенко. Тергеушілер: Логачев, Альшанский (қолдары)».

Тергеу ісімен таныса отырып, айып қорытындысындағы жалғыз ғана жанама деректің растығына көзіміз жетті. Ол – Мағжан Жұмабаевтің Омбы қаласындағы гимназияда Дінше Әділевтен бір саты жоғары курста оқығаны ғана. Тергеу барысында өзге айғақтар қаперге де алынбады. Демек, бұл айыптаулар нақты айып емес, желеу күйінде қалған.

Әрине, «жаппай құрбандық шалу» науқанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi.

Ал, осы төртiншi «майдан мәдениет майданы» саласындағы, «Алашордашылардың» қылмыстары мынадай еді:



1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүзеге асырды.

2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқулықтар жазып, арандатуға ұмтылған әрекеттерiн жандандырған.

3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады.

4. Ұлтшыл-буржуазиялық идеологияны көркем шығармалары арқылы насихаттаған. Сөйтiп, пролетариаттық мәдениеттi мансұқ етіп, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтаған.

Міне осындай «қылмыстық желеу» олардың тұтқындалуына себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәргiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз. Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылды. Бұл – тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiнің айнаға терiс түскен бейне деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді.

Өкінішті. Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.
2.

Анкеталық анықтама: Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (Бекмұхамед), 1893 жылы 25 маусымда Ақмола облысы Қызылжар уезі Сарыайғыр болысы Сасықкөл ауылында ауқатты жанұяда туған. Қызылжардағы Шалақазақ (1905-1910), Уфадағы Ғалия медреселерінде (1910-1911) оқи жүріп орыс тілінен қосымша дәріс алған (Міржақып Дулатов дайындаған), содан кейін Омбы мұғалімдер семинариясында (1914-1917) оқыған. 1918-1922 жылдары Петропавл уездік мұғалімдер курсында дәріс оқыған, сонымен қатар «Бостандық туы» газетінде қызмет істеген. 1922-1923 жылдары Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болған. 1923-1927 жылдары Москвадағы әдебиет институтында оқыған, Шығыс баспасында әдеби қызметкер боп істеген. Әскер қатарында болмаған, жылжымайтын меншік мүлкі жоқ. «Алаш» партиясының оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайланған. 1927 жылдан ұсталғанға дейін Қызылжардағы Қазақ педагогикалық техникумі мен Кеңес-партия мектебінде орыс тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген.

Өмірлік шындықты жандүниесімен астасып жатқан көркем ойлау жүйесі арқылы қабылдайтын тума талант иесі тергеу сұрақтарына да ақындық көзқараспен жауап береді.

М.Жұмабаев, 1929 жыл, 14 шілде (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Өзімнің ұстанымым бойынша, шамамен 1911 жылдан бастап Москваға келгенге дейін, дәлірек айтсам, 1924 жылға дейін ұлтшылдық көзқараста болғаным рас. Ұлтымның аянышты тағдырына жаным ауыратын. Москваға келгеннен кейін көзқарасым елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір коммунистік танымға бір табан жақындағаным рас, бірақ, ол ойымды дәлелдейтін нақты дәйегім жоқ. Қайталап айтамын, менің ұлтшылдық көзқарасым тек қана ұлтшыл сарындағы шығармаларымда ғана көрініс берді, яғни, менің ұлтшылдығым өлеңдерім мен мақалаларымнан байқалатын, бұл туындыларым басылымдарда жарияланып, халыққа кеңінен таралды, олардың көңілінен шықты. Мысалы, «Батыр Баян» атты поэмамда ұлтшылдық сарыны барынша айқын көрініс тапты...».

Қазақ әдебиетіндегі еуропалық үлгідегі лирикалық жинақтың алғашқы қарлығашы – Мағжанның 1912 жылы Қазан қаласында жарияланған «Шолпан» атты жыр жинағы. Бұл жинаққа дем салған, ұлтының көркем сөзінің ой ұйытқысы болуға баулыған адам – қазақ халқының жүрегін «Қазақ қызы» романы арқылы жылытқан татар әдебиетінің тұрлаулы тұлғасы Ғалымжан Ибрагимов. «Ұлтшылдық көзқарасым 1911 жылдан басталды»– деп көрсетуі де Мағжанның Уфада Ғалымжанмен танысқан және одан кейін Міржақыптан орыс тілінен еркін дәріс алған тұсына дәл келеді. Демек, оның ұлтшылдық санасы зиялыларға тән көркем ойлау деңгейінде қалыптасқан.

Соған орай, Мағжан «Алқа» әдеби үйірмесінің мақсат-мүддесін, іс-әрекетін саясаттан қаншама саяқсыта сырттатып:

«Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым»,– деп жауап бергенімен, тергеушілер одан саяси астар іздеген.

«Айыптау қорытындысында» бұған: «Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты», – деп баға берілген.

Осы ретте айта кетеріміз, 14 томдық тергеу ісін түгелдей көшіріп шығыу мүмкін емес, оның қежеті де жоқ шығар. Дегенмен де маңызды-маңыздыларын ғана іріктеп алып ек. Сондай іріктеу сәтінде біздің назарымыздан тасада қалған Ж.Сәрсенбиннің 1929 жылы 5 мамыр күнгі жауабы алаш зерттеушісі Д.Қамзабекұлының көз қиығына ілігіпті. Онда Ж.Сәрсенбин:

«Кешікпей Мағжан екеуміз «Алқа» айқындамасының (бағдарламасының – Т.Ж.) 16 данасын жан-жаққа бөліп, Ташкентке – А.Байтұрсыновтың, Орынборға – Ж.Аймауытовтың, Қызылжарға – Ж.Тілеулиннің, Семейге – С.Дөнентаевтің, Ленинградқа – М.Әуезовтің (басылымда «ұлы» деп жазылған, біз тергеу тәртібіне орай алдық – Т.Ж.) атына салып жібердік. Сол жылы 19 қаңтарда Өлкелік коммунистік партия қарауына Орынбор қаласына шақырылдым. Мәскеуден жүрер алдында Ә.Бөкейханов пен М.Жұмабаев маған Орынбор мен Ташкенттегі азаматтармен байланыс жасап, «Алқа» айқындамасы туралы ойларын, оны қуаттайтын-қуаттамайтындығын біліп, пікірлерін Жұмабаевқа жіберуін қадағалауды тапсырды. Мұнымен қоса бара салысымен Смағұл Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны баспасөз жүзіне шығару керектігі айтылды. Орынборға келгеннен кейін «Еңбекші қазақтың» жауапты шығарушысы С.Сәдуақасовқа барып, бағдарламамен таныстырдым. Смағұл «Еңбекші қазаққа» басатынын, бірақ қазір оны А.Байтұрсыновқа, Е.Омаровқа, С.Қожановқа, Ж.Аймауытовқа көрсетуіміді өтінді... С.Қожановқа барғанымда, ол С.Сәдуақасов екеуі «Алқа» жөнінде Мәскеуге барғанда М.Жұмабаевтан естігенін айтты. Е.Омаров та, Ж.Аймауытов та бағдарламаны ұнатты. Е.Алдоңғаров С.Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны газетке емес, «Қызыл Қазақстан» журналына бастыру керектігі туралы ақылдасатынын білдірді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) жауап беріпті.

Соңғы Е.Алдоңғаровтың үйінде өткен пікір алысудың барысы Ж.Аймауытовтың жауабында баяндалған.

Тергеу ісінде «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының фотопленкаға түсірілген көшірмесі, оның негативі және орысша тәржімасы тіркелген. Бағдарламаны жазғандығын растаған қолтаңбасы бар (Біз сол негативтен көшірілген нұсқаны пайдаландық). Тергеуші Логачев «Алқа» әдеби үйірмесін қалайда ұлтшыл астыртын ұйым ретінде қарастырып, оны «Алаш» көсемдерімен байланыстырғысы келіп, әр бағытты қамтитын түрткі сұрақтар қойған. Соның ішінде «Алқаның» ұйымдастырылуына «Алашорда» көсемдерінің қатысы туралы сұраққа М.Жұмабаев (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):

«Алашорданың» құрамында қызмет істегемін жоқ, 1917 жылдың соңында Орынборда өткен Бүкілқазақтық бірінші құрылтайда, «Алашорда» үкіметі құрылғанда 5 адамнан тұратын, оның ішінде Омаров, Шонанов, мен және тағы басқа бір адам (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) бар, оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайландым. Жеке басым «Алашты» қандай да бір құқылы партия ретінде қабылдағамын жоқ... 24-жылдың соңында, не 25-жылдың басында (нағында 1924-жылдың күзінде, қазан-қараша айларының өліарасында – Т.Ж.) Москвада өлкетанушылардың құрылтайы өтті. Қазақ өкілдері ретінде оған Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан қатысты. Сонда ол кісілермен жолығып, әңгімелестім»,– деп жауап берді.

Иә, «жолығып, әңгімелескен», үйіне бармаған. Ал Ж.Сәрсенбин жоғарыдағы жауабында:



«... Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев (басылымда Бөкейхан, Жұмабайұлы деп жазылған – Т.Ж.) мен үшеуміз 1925 жылдың қаңтар айында оқытушылар сьезіне келген Ахмет Байтұрсынов орналасқан жатақханаға барып, ол кісіні жазылып, даярланып қойылған «Алқа» әдеби үйірмесінің бағдарламасымен таныстырдық: «Қазаққа шаруасы мен тұрмысының түріне қарай шапан пішу жарасса да, еуропалықтар оған еуропалық костюм кигізгісі келеді. Қазақтың түйесін отарбаға қосып сүйреуді қалайды. Бұлай ету – қазаққа тән емес, жат нәрсе. Қазақ әдебиеті ұлттық әдебиет болуға тиіс. Мынандай үйірмелер арқылы оны жасау мүмкіндігі де бар. Сондықтан да «Алқаны» құру туралы пікірлеріңді қостаймын»,– деді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) көрсеткен.

Сайып келгенде бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Өйткені мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Сондықтан да алғашқы сұрақтар соларға қойылған. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:



«...Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп талдаған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ.

Нақтысын айта алмаймын, бiрақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дiң Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегi жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелiк құрылтайына қатысу үшiн барғанмын) келдi ме, әлде бәрiмiз де өлкетанушылардың құрылтайының мәжiлiсiнде кездестiк пе, әйтеуiр, бiр жүздескенiм рас.

Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн. Жұмабаевтің әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын»,– дейді.

Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады. Мысалы:

«Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ…»,– деген пікірдің астарына үңілсеңіз, бәрін де жоққа шығарған сияқты.

Ал енді осыны: иә, Ахмет Байтұрсынов «Алқаның» бағдарламасын Бөкейхановпен бірге қатар отырып оқымаған, бірақ өзі оқыған. Мағжанды Әлиханның үйінен көрмеген, Мағжанның пәтерінде болмаған, бірақ кезіккені рас, – деп түсінуіңізге де болады. Солай да. Мұның барлығы әдейі: кіммен, қай жерде, қалай танысты, қандай пікір айтылды, соның ізін жасыру үшін сөйлемді әдейі «жоққа шығару» бағытында құрған.

Философия ғылымында «терiске шығаруды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен бопсаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасақана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.

«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтан да, М. Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Қ.Кемеңгеровтiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн үзілді-кесілді мәлiмдейдi. Бiрақ та өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек:



«Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер»,деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.

Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтің, Әлімхан Ермеков пен Жаһанша Досмұхамедовтің, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абай айтқандай, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты.

Алғашқы тергеудегі барлау мен арбау сұрақтарына берген (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):

«Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын»;

«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» журналымен сәйкестендіре істеді»;

«Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін»,– деген жауаптарынан бұл анық аңғарылады.

Сөйтіп, «терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Тіпті басты «куәгер» Дінше Әділев те:



«Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын»,– деп бас тарта жауап беріпті.

Айыптау қорытындысында:» «Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде –байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,– деп жазылған.

Ал оған М.Тынышбаев: «Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады»,– деп жауап беріп, аттың басын теріс бұрып жібереді.

Әйтпесе, баспасөзде даңғазалықпен желпілдетіп жатқан әдеби айтыстан хабардар болғаны айдан анық. Еш күмән туғызбайды. Халел Досмұхамедов бірнеше рет:



«Тағы да қайталаймын: 1. «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын»,– деп жазып берген.

Ал бұрынғы айтқандары Қазақ ғылым комиссиясындағы атқарылған жұмыстар, шығарылған кітаптар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары туралы болатын. Сол жауаптардың барлығының басы қосылып, қорытылып «Айыптау қорытындысында»:



«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деп «толықтырылып», шындықтың астары өзгертіліп берілді.

«Терісті теріске шығару» тәсiлін жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:



«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi, – деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер, – деп емес, насихатшы құрал, – деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...

Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.

Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды»,– деп көрсеттi.

Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғарыда ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың:



«Мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытса да бәрiбiр»,– деп немқұрайлы қарамағаны анық.
Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу-ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды.

Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды.

Оған Ә.Байділдиннің: «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелеген астыртын ұйым болатын... Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады... Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын»,– деген көрсетіндісі негіз қалады.

Араларында пікір алысудың тәжірибесі болғандықтан да және сол тұстағы маңдай алды жазушының қатарына көтерілген сөз қайраткері ретінде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:



«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.

Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсенбинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсенбин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», дедi. Сөйтсем Алдоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсенбин, Алдоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсенбин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында: «Мұны Жұмабаевтің қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған», деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсенбин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсенбин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтің өзiне тiкелей жазып жiберемiн, - дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.

Қатысқандар Сәрсенбиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма? », деп сұрады. Оларға Сәрсенбин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсенбин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсенбинге хабарлассын», дедi.

Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.

Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.

Негiзiнен алғанда қатысқандардың бәрi де үйiрменi ұйымдастыруды қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағдаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтан да, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.

Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.

Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде-бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтің бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай-ақ өзгелердiң де қол қойған-қоймағанын бiлмеймiн.

Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ. Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым».

Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне: пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды – деп қауiптенбегендерi байқалады.

Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығыда кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:

«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтің хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.

Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы тиіс көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.

Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.

Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.

Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын».

Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ-жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеу қолға алынды.

Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.

Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде М.Әуезов:



«Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ»,– деп оған барынша елеусiз етiп жауап берген.

Сөйтіп, Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне жүгіне отырып «Алқаны» астыртын идеологиялық-контрреволюциялық ұйым ретінде бағалаған тергеушілер түрмедегі әр адамға сұрақ қойып, жауап алып отырған. Олардың мазмұны жоғарыда келтірілген мәтіндерден алшақ кетпейді. Сондықтан да «Алқаның» ұйымдық бағыт-бағдары қақындағы көрсетінділерді осымен шектеп, қорытынды тұжырымды ұсынамыз.

Жоғарғы соттың анықтамасынан: «...Жұмабаев, Омаров, Байтасов және Жәленов “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М.Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».

Бірақ, “Алқа” алқадан тұзаққа айналды.

3.

Мiне, «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң құрылу қарсаңында қазақ көсемдерiнiң iшiнде осындай қоғамдық саяси-рухани жаңғырулар жүрiп жатқан болатын. Тарихи дерекке сүйiнсек, сол кезде оқулық жазуға араласпаған бiрде-бiр зиялы жоқ. Тiптi Мұхтар Әуезовтiң өзi де «Құрылыс туралы», «Жердiң жаратылысы туралы» оқулықтарды аударуға қатысыпты. Қаражат та қажет болған шығар, бiрақ, түпкi мақсат – қазақ елiн ғылымның әр саласымен жан-жақты суару, ғылыми ұғымдар мен тiлдi, жаңаша ойлау жүйесiн қалыптастыру болатын. Ұлт iшiндегi рухани түлеудiң осындай толқынды тұсында көркем әдебиет туралы пiкiрдiң қозғалмай қалуы мүмкiн емес-тiн. Мұның өзi өмiрлiк қажеттiлiк әрi көркем ойдың дамуының өзектi мақсатын өгей қалдыруды ойларына да алмады. Көркемдiк iзденiстiң өзi – өмiрлiк шешiмнiң көрінiсi едi. Арпалысып тұрған заманды бейнелей отырып, көркем тұжырым жасау болатын. Әсiресе, Мағжан, Жүсiпбек, Мұхтар сияқты насихаттық әдебиеттен көркем әдебиеттi екшеп, тiл-жағын айырып алу – өздерiнiң өмiрлiк мақсатын таңдап алумен бiрдей талқы едi. Мұндай пiкiр алысулар екеуара жүрiп жатты. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр-бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады.



Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi.

Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:



«Менiң әдеби шығармаларымның iшiнен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және «Маса» деген атпен шыққан өзiмнiң өлеңдерiм мен аудармаларым. Кеңес өкiметi тұсында мен әдеби iспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетiн болсақ, мен көркем дүниенiң құндылығын оның қандай идеяны негiзге алғандығымен емес, адамның жандүниесiне, сезiмiне қалай әсер етуiне байланысты бағалануы керек – деген көзқарастарды жақтаймын. Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бiрақ та олардың ешқайсысына iш тартпаймын, себебi мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да, бәрiбiр. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметiмді және әдебиет жөнiндегi дәрiстерiмдi жоғарыдағы айтқан пiкiрiмнiң негiзiнде жүргiземiн... »,– дейдi.

Иә, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлердiң қаламының күшiмен ол «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» болып шыға келдi. Оған таңданатындай ештеңе жоқ едi. Бұл кезде Ресейдiң өзiндегi әдеби ағымдардың жетекшiлерi бiрiнен кейiн бірі жазаға тартылып, қудалауға ұшыраған болатын. Есенин өзiнiң күретамырын қиып жiбердi, Маяковский атылып өлдi. Тарихтың бiр тәлкегiн ретi келгенде айта кетейiк: Маяковский Есениннiң қазасына арналған сөзiнде оны кiнәлай сөйлеген болатын, iле-шала өзi де соның таңдаған өлiм жолын өзiне мұрат етiп алды. Маяковскийдiң басында тұрып сөйлеген Фадеев те кейiннен өзiн-өзi атып өлтiрдi. Тура бiр қарғыстың қамыты сияқты қаралы нышан.

Мәскеудiң данышпандарының өзi осылай «құрбандыққа шалынып жатқанда», Ахаң – Ахмет Байтұрсынов айтқан «бiздiң 96 – пробалы коммунистер» бұл науқанды одан әрi өршiтiп жiбердi. Оның кесiрi Жүсiпбек сияқты адал да абзал азаматқа тидi. Мұхтардың да, Жүсiпбектiң де, Мағжанның да «терiстеудi терiске шығарған» тәсiлi iске аспады. Бiрақ олар айтарын ашық айтып барып қанатынан қайырылды.

Бұл ретте әдебиет туралы Жүсiпбек пен Мағжанның пiкiрi барынша айқын көрiндi. Тергеушiлердiң қолына түскен Жүсiпбектiң хаты мен «Алқаның» бағдарламасы дербес талдауды қажет етедi. Мұнда саяси көзқараспен қатар Мағжанның iшкi ақындық әлемiнiң де жаңғырығы қылаң бередi. Бiз олардың әр пiкiрiн жiк-жiкке бөлмей, ойлары орайласқан тұстарды ғана қысқаша үзiндiмен салыстырып өтемiз. Мағжанның пiкiрi – «Алқа» үйiрмесiнiң ресми бағдары. Ал Жүсiпбектiң пiкiрi сол «Табалдырықты» оқып шыққаннан кейiн жазылған хат. Хаттың бас жағын әдейi кiрiстiргенiмiз жоқ.

Ал үшiншi сөз – Мұхтардың «Ашық хаттың» iшiндегi пiкiр. Үш пiкiр үш түрлi жағдайда жазылғанына қарамастан ұзын сарыны ортақ желi тартады. Әңгiме – әдебиеттiң ұлттық, таптық, көркемдiк сыпаты қақында өрбидi. Соның iшiнде маркстiк iлiмнiң қағидаларын талдайды. Алғашқы кезектi Мағжан ақынға беремiз. Ол бiрден Маркстi аузына ала ой сабақтайды:

Мағжан Жұмабаев, «Алқаның» бағдарламасынан: «Әдебиеттiң өзiнше дәуiрлеуi – техника мен әдебиеттің өзiнше дәуiрлеуіне бағынбайды». (К. Маркс. Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.). Маркс осы пiкiрiн бекiту үшiн грек тарихының Гомер заманы мен Еуропа тарихының Шекспир заманын көрсетедi. Шынында да Гомер заманындағы гректiң, Шекспир заманындағы Еуропаның техника мәдениетiнiң бала болғаны рас. Алайда сол дәуiрде грек пен Еуропа мәдениетi құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру әдебиет тарихының мiндетi. Бiздiң бұл жерде айтатынымыз: Маркстiң мынау пiкiрiн қазақ өмiрiне қабыстырсақ, қазақтың техника мәдениетi тiптi төмен болған. Сондықтан да, әдебиетi де «жоқтың жанында болған» деген пiкiрдiң тууы қате. Шындығында да қазақтың өзiнше терең әдебиетi болған. Һам бiр қазақ әдебиетiнiң түрлi өзгерiсi, өрi қыры, қайғысы қуанышы, ойы қиялы әдебиетiне түсiп отырған».

Жүсiпбек Аймауытов, хаттан үзiндi: «... Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келедi екен,– деп жалшының не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болу мен тәрбиешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас (Тоғжанов – Т.Ж.) алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенiмiзбен, көбiмiз бiле бермеймiз, оны Бройданың кiтабынан оқып отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескi көрген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ ұйымсыз, қазақ берекесiз, (бiрақ) қазақ ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiздегi даудың шегi болмайды».

Мұхтар Әуезов, «Ашық хаттан» үзiндi: «Өзiмнiң сондай топтармен («Алашордамен» Т.Ж.) байланысқан артқы күнiмдi осылайша нақ тексерiп, қайта бағалап келгендегi ендiгi байламым: сол ескiлiгiмнен өз арамды бұдан былай бiр жола үзiп, жарып алу және сол ескiлiкпен менi байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзiлдi-кесiлдi арылып шығу. Осы сияқты жаңа түсiнiк, жаңа бағыт тұрғысынан алғанда ендi менiң жүрiп өткен әдеби және қазақ әдебиетiнiң тарихын қарастырғандағы зерттеушiлiк қызметiмдi шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерiм Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол – бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отыр».

Алдыңғы екеуi теориялық тұрғыдан пiкiр қозғаса, Мұхтар Әуезов әдебиет тарихшысы ретiнде «өткендегісінен арылған». Әрине, «Ашық хатта» терiске балаған iсiн оң деп түсiнсек, мұның астарын тез аңғарамыз. Үш пiкiрдiң айтар түйiнi – қазақтың төл ұлттық әдебиетi мен мәдениетi, дербес көркем ойлау жүйесi қалыптасқан, тарихи танымдық сынақтан өткен және сол мәдени-рухани жәдігерлер ұлттық мүдденiң тұтастығын көздеген. Демек, таптық мүддеден гөрi биiк мұратты нысанаға алған. Мұхтардың жазғанындай, бұл пiкiр «Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол-бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отырды». Мағжан бұл ойын былай дамытты.

Мағжан Жұмабаев (жалғасы): «Әлi тiптi тексерiлмеген дәуiрдi қоя тұрып, соңғы дәуiрдi алсақ, кешегi Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан серi сықылды ақындардың елдiң мұңын, зарин, ой-қиялын жырлай бiлген шын жыраулар екенi анық. Бұлар қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қарабоз отаршылығының қарасын көрiп, бiрiншi уланған ерлер. Қазақ әдебиетiнiң алыбы Абай қазақ даласына кеулеп кiрiп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа қазақтың қанды жас төгiп, ерiксiз шалған бiрiншi құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмiрден үмiт үзуге, тұңғыш тұңғиық ойға барып келген Абайдың өмiрiнiң ақындық трагедиясы да, тереңдiгi де осында. Абайдың алыптығы қыл көпiрдiң үстiнде тұрғандығы. Екi қолмен, екi өмiрмен алысқандығы. Сондықтан да қазақ әдебиетiнiң ескi мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендiгi, әдебиетке жаңа түр кiргiзгендiгi. Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан, әсiресе, баспасөздiң жоқтығынан Абайдың әдебиеттегi бағыты, әсiресе, түрi сол дәуiрде қазақ даласына тарай алмады. Сол дәуiрде қазақ даласына капитализм кеулеп кiре бердi. Ел езiле бердi. Әдебиет те, бағыт та, түр де қалмады. Әдебиет: «ғизатлы», «матурлы», «бисмилла деп башлиын сөздiң басын» сықылды балдыр-батпаққа айналды.



Бiрақ, Еуропа отаршылдығының «бiр қасиетi» «құлды қуып батыр қылды». Өлiмге бұйырылумен өмiрдi сүйгiздi, езiлген елдiң ұлттық сезiмiн оятты. Осы заң бойынша, 1905 жылғы төңкерiстен соң соққы жеп, сiресiп жатқан қазақ елi есiн жия бастады. Жаралы жанның есiн жия бастағандығы үнi – ыңырсу, күрсiну, күңiрену болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетiмiз «Оян, қазақ», «Қырық мысал» сықылды «елiм-жұртым» деген әдебиет. Сол күңiренген жаралы жанның көзiне әлгiндей қылышынан қан тамып, майданда жүргенi елестеген.

Ояна бастаған ер – кешегi ел болған күнiн есiне түсiрдi. Әдебиетiмiз мынау «Оян!» деген зармен бiрге елдiң өткен күнiн есiне сала бастап едi. Өткен(дегі) тағы болып жүрген дәуiрдi қайта орнату үшiн емес, жасынан елдiң жанына үмiт салу үшiн өткендi жырлай бастап едi. Жырлап үлгерген жоқ едi, жырлай бастап едi. Әдебиет осы күйде тұрғанда бiз үстiмiздегi зор төңкерiске келiп кiрдiк».

Жүсiпбек Аймауытов (жалғасы): «Менiң тағы бiр қосылмайтын жерiм бар, мысалы: «Ақын таптың ғана ақыны болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады»,– деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалады? Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылдық зардапты бай, кедей ұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп өлген жоқ па едi. Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болғандықтан да Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн түгелiмен байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан – байшыл, Міржақып (?) байшыл, Бейiмбет – кедейшiл деген сөз бола ма? Төңкерiстен бұрын қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те, бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес етiкшi».

Мұхтар Әуезов: «Менiң өткендегi жазушылық қызметiмнiң айқын белгiлерi – «Еңлiк Кебек», «Қаракөз» сияқтылары едi. Бұлар бүгiнгi төңкерiс дәуiрiнен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерiнiң екшелiп алынған тақырыптары бойынша төңкерiс тематикасынан әдейi аулаққа жайылып кеткендiгi және ұлтшыл жазушылардың тобын бiлдiретiн нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кiрiп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкенттегi баспасөзге әсер етiп, баурап алмақ боп әрекет еттiм. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етiп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай iс жүргiзсек, жастар арасына (сондай – Т.Ж.) ұлтшылдық күйiн тараттық. Бұл әрекеттiң ортақшыл партиясы мен кеңес үкiметiнiң сол жастарды интернациональдық рухында баулимын деген мiндет бағытына негiзсiз қарсы жүрiп отыр. Мен қазiр де жаңағы сияқты шығармаларымның бүгiнгi күннен аулақ кетiп, бiр беткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кiнә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдiсiн санашылдық-суреттеулiк ретiндегi қалыптасуын да терiс деп бiлемiн».

Үшеуiнiң мұндағы шүйiлiп отырған басты мәселесi – әдебиеттiң ұлттық сыпаты. Ұлттық сыпаттан айырылған көркем өнерде не қасиет қалады. Бұл – ұлттың тарихын, танымын, сенiмiн, салт-дәстүрiн, тiлiн, өзiндiк ерекшелiк сыпаттарын жоюмен пара-пар қылмыс. Ұлттың мұңы – оның ұлының да мұңы. Ал кеңестiк кесiр идеологиялық саясат ұлттық сананы өшірiп, оның орынына тексiз таптық, массондық будан ұрықты сепкiсi келдi. Мағжан да, Жүсiпбек те, Мұхтар да елдiң өткендегi тарихы мен тағдыр тәлкегiн суреттей отырып, ұлттық сананы оятпақ болды. Сол үшiн де олар «Батыр Баянды», «Қорқытты», «Қартқожаны», «Қилы заманды», «Хан Кененi» жазды. Ал кеңес бұларға мүлдем жат бағытты ұсынды. Бiрақ та көркемдiк ойлау жүйесi мен қалам қуаты әбден қалыптасқан үш арыс оған көндiге қоймады. Мойынсынбады. Олар тарихи шындықты, кеңес өкiметiнiң билiгiн жоққа шығарған жоқ. Алайда оның кесiрлi саясатына ерiп те кетпедi. Бәрiн де суық ақылмен қабылдап, өздерiнше қортынды жасады.



Мағжан Жұмабаев: «Үстiмiздегi зор төңкерiс – бiздiң өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкерiс емес, Еуропа тарихы тудырған жат төңкерiс едi. Осы себептен, бiздiң әдебиетiмiз бастапқы жылдарда төңкерiс туралы ешнәрсе жаза алған жоқ... Бiр жағынан, орыс отаршылығының зардабынан елге кiрген бүлiншiлiктi, бұзықты суреттеп, екiншi жақтан, елдiгiн ұмытып, жасып қалған елдiң өткенде өзiнше ел болғанын есiне салып, табиғи жолмен келе жатты... Осы жолда жаңа әдебиетiмiз бiрталай iлгерi аттап та қалды. Қияға қарғып шығамын деп мертiгiп қалмай, тұрмыстық тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүрiп, күн санап өсiп келе жатқан кешегi, бүгiнгi әдебиетiмiздi қарғауға емес, алқауға мiндеттiмiз. Төңкерiс туралы тез үндей қоймады деп томпиып өкпелеуге емес, не себептi үндемегенiн ұғынуға мiндеттiмiз. Әдебиетiмiзге төңкерiстiң мәтiбiнiң түспеуiнiң, бiрен-саран түсiрем деген топас тәжiрбиелер де терiс жағынан түсушiлiктiң бiр себебiн (аңғартады). Төңкерiстiң өзiнiң қазақ даласына күнгей бетiнен емес, терiскей бетiнен, оңынан емес, солынан кiруi алақандағы нәрсе ғой. Оны бүркеп қоюға болмас... Зор төңкерiске пролетариат зеңбірек, пулемет, машинамен кiрсе, қазақ қамшы, сойыл, балпаң етiп малма тұмағымен жолдан қосылып отыр... Осы төңкерiстiң екпiнiнен қазақ сықылды құр қалған елдер өмiр үмiтi кiргенiн жырлай бiлсе, төңкерiсшiл әдебиет болғаны. Марксшыл зор ғалым белгiлi ақын Луначарский жазады: «Жаңа ұлт, жаңа тап бұрынғының бiтiрген жерiнен бастап кетпейдi... Жаңа тап, яки жаңа халық, бұрын өздерiн билегендерге қас болып, олардың мәдениетiн жек көретiн болып өсiп-өркендейдi», дейдi (Основы позитивной эстетики. Москва. 1923. стр. 125.). Сондықтан да осы мiнез, осы құлық үстiнен қарап айтқанда, осы қияңқылық, осы ыстық қандылық қазақ әдебиетiнде де болуға мүмкiн, болғанда да өзiнше, қазақша, азияша болуға мүмкiн».

Жүсiпбек Аймауытов: «Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушыларының да кейбiрiнің төңкерiстен кейiн жарамсақтанғаны да бар, олардың жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгеретiндей жағдай болған жоқ, өйткенi төңкерiске көлденеңнен қосылдық. Ащысын, тұщысын, тауқыметiн басымыздан кешiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәнiн тата алмай қалдық. Сол дүрмекпен әлi де келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.

Менiң миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден қалған миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деу қиянат...

Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келедi. Мiне, менiң пiкiрiм осы».

Мұхтар Әуезов: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарыннамашылық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып, өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пiкiрi жолындағы құралсызданумен қатар, бәрiбiр, мен өз шығармаларымның көпшiлiгiмен, анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым... Қорытындысын айтқанда, менiң әдеби қызметiм, сол жастардың көңiлiндегi, салт-санасындағы ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кеттi. Қазiргi күнде мен өзiмнiң бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетiн тексерген тарихшы, зерттеушi есебiндегi қызметiме де терiс деп қараймын. Түгелдеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың тiлегiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған. Бұл ретке қосылатын төңкерiс жолындағы жылдар iшiнде қазақ әдебиетiнiң жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетiнде ертеректе айтқан пiкiр едi. Сол қаталарым кейбiр кейiнгi тексерулерiмнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруiмде де бар».

Жә, үш арыстың әдебиет туралы пiкiр таласын осымен тоқтатамыз. Сұлу сөздiң насихаттық құрал емес екендiгi, өнердiң мiндеттерi туралы қилы-қилы қисындар бұрын да, бүгiн де, ертең де айтыла бермек. Үш түрлi жағдайда, үш түрлi көңiл күйде жазылған бұл үш пiкiрдiң түп қазығы – ұлттың рухани тәуелсiздiгi едi. Үш арыс бұл мүдденi азаматтық арымен қорғай бiлдi. Сол арқылы ұлттық сананы мәңгүрттенiп кетуден сақтап қалды. Мұхтар айтқандай, «ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналды». Олардың басты мақсаты да сол болатын. Ең маңыздысы – кеңестiк жазалау саясатының диiрменiне өздерi жаншылса да ойларын жаншылдыртпады. Отаршылдық коммунистiк пиғылдың еркiнде кетпей, оны әшкерелей бiлдi.

Бұл олардың үлкен рухани ерлiгi едi. Талқыға түстi. Талқыланды. Бiрақ рухтары талқандалған жоқ. Осынау үш дерек – Мағжан мен Жүсiпбектiң соңғы сөздерi, Мұхтардың ең талмалы мәлiмдеуi болғандықтан да, олардың сол тұстағы жандүние тебiренiсiн сезiндiру үшiн аталған құжаттардағы олардың соңғы пiкiр – тiлектерiн оқырманға жеткiзудi парыз деп санадық. Бұл олардың бiзге жолдаған жүрек сәлемi едi.

Мағжан: «Домбырада бiрi қоңыр, бiрi – ащы үн беретiн екi шек бар. Екi шек екi түрлi үн шығарып тұрса да бiр-ақ күй тартылмақ. «Алқа» осы. Жөн iздеген жас болсаң, жол iздеген жолаушы болсаң, тез iздеген естi тентек болсаң, мынау «Алқа» сенiкi! «Алқаға» кiрейiк! Өзiңнiң сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретiн соғылған болмасаң, балапан әдебиетiмiздiң шын әдебиет болып ержетуiн шын тiлейтiн болсаң, мынау «Алқа» сенiкi. «Алқаға» кiр. Шын әдебиетшiл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» Сенікi».

Жүсiпбек: «Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер-бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жібер».

Мұхтар: «Тағы бiр сөз, ауыр қатам деп санайтыным қазақ баспасөзiнiң жүзiндегi төңкерiсшiл марксшiлдiң сынына құлақ салмауымда. Дәлелсiз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелiмен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдiм. Өз iшiмнен: ол сынның ролi де, мұраты да, ортақшыл емес. Жазушыны әдебиет жүзiнде соққыға жығудан басқа емес деп, бiр жақты терiс баға берiп жүрдiм, сонымен сынның негiздi – ғылыми негiздi төңкерiсшiл басшы екенiн ескермедiм. Сынға осылайша терiс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейiн келдiм де, әдейi ұстаған көңiл құрылысы есебiнде, жұртшылық алдында өзiмнiң қаталарым туралы да үндемей, сөз көтермей келдiм. Бұл да қатамның бiрi едi. Ендi «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Қазақстан жұртшылығының алдында өзiмнiң бұрынғы әдеби-саяси iстерiмдi осылайша айқын күйiнде айыптайтынымды ашық жарияламақ болдым. Сонымен бiрге, ендi бұрынғы қаталарымды төңкерiс iсiне барымша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекiнгенiмдi бiлдiрмекпiн. Ендi мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең тартысты кезеңдерiнде iс iстеуге өзiмдi өзiм мiндеттiмiн деп санаймын».

Мiне, талқы осылай аяқталды. Бiрi – «Алқаға» ақылдасуға шақырды, екiншiсi – өзiнiң өзгелерден бұрын атылып кететiнiн бiлгендей «Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң!»,– деп бақұлдасып қалды, үшiншiсi – «ең жауапты, ең қызу тартысты кезеңдi» күтiп алуға бел буды. Бұл олардың ақ қағаз бетiндегi соңғы пiкiр бөлiсулерi болды. Үш тұлға. Үш тағдыр. Үш түрлi қаза. Ендi олардың басын қазақ ұлтының тәуелсiздiгi ғана мәңгi қосты. Олардың асыл бейнелерi қатар iлiнiп, есiмдерi де құрметпен қатар аталатын болды.

Әрине, мұны барлығы көңiл жұбанышы ғана. Үшеуi тiзе қосып өмiр сүрiп, қаламдарын қатарласа ұстап, көркем сөзбен еркiн айналысқанда, қазақ ұлтының рухани мұрасы мен көркем ой деңгейi сол тұстың өзiнде-ақ әлемдiк сатыға көтерiлер едi. Өкiнiшке орай, бұл салмақты Мұхтар Әуезовтiң жалғыз өзi көтердi және ұлтының рухани байлығы мен мәдениетiн дүниеге мойындатты. Бiз соған шүкiршiлiк жасаймыз. Әйтпесе, екi досымен бiрге одан да көз жазып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Құдай оның бетiн аулақ қылды. Бұған да тәубә.

Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұнының бір желісі осындай.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет