«1917 жылы «Алашорданың» Батыс-Орал тобының жетекшілерінің бірі болды. «Алаштың» ІІ сьезі оны үкімет мүшелігіне сайлады. 1918 жылы наурыз айында «Алаш» Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша Москва қаласында Ұлттар мәселесі жөніндегі комиссариатпен келісім жүргізді, қазақ тұрғындарының мұқтажын өтеу және олардың арасында идеялық-түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында кеңес үкіметінен бірнеше миллион сомды жалынып жүріп сұрап алды (выпросил). Ақшаның негізгі бөлігін кеңес өкіметіне қарсы күреске жұмсау үшін оралдық ақ казактарға берді. Орал қаласындағы ақгвардияшылардың төңкерісінен кейін «Ойыл уалаяты» деген атпен белгілі «Алашорданың» батыс бөлімін басқарды. 1919 жылы қазақ байларының өкілдерін Колчакқа бастап барды»,– деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 58-бет) мінездеме беріпті.
Мінездеменің жағымсыз тұрғыдан берілуі түсінікті. Түсініксіздігі, ОГПУ-дің тіміскі тергеушілері таба алмаған, айып ретінде таға алмаған: «бірнеше миллион сомды Х.Досмұхамедов пайдаланып кетті», – деп кінә тағуы. Зады «Ойыл уалаятының» көсемінің беделіне шіркеу түсіретін одан өзге сылтау таба алмаса керек. Иә, кезінде айып тағуға келгенде тергеушілерді жолда қалдырған осындай тарихшылар да болған. Бұл кісінің саяси қырағылығының бірнеше рет куәсі болғанымыз да бар.
Жә, ол «өлшем өзімен» кетсін, тек сол тұста «кеңестік тарихшылар кесіп-пішіп кеткен идеологиялық шапанды» бүгінгі тарихшылардың қайта-қайта иығына жамыла беруге әуестігі өкіндіреді.
Бұдан кейінгі Х.Досмұхамедовтің барлық «қылмысы» «Батыс Алашорда» үкіметінің Ленин мен Сталинге берген түсініктемесінде толық қамтылады. Онда азамат соғысы жағдайындағы күрделі де тағдырлы майданның іс-қимылы, айла-тәсілі былай баяндалады:
«1919 жылы жаздың аяғына қарай Орал майданының бір бөлігі Қазақ жеріне ауысты. Осы кезеңнен бастап казактардың майданға барудан жаппай бас тартуы күшейіп, жалпы казак әскерінің дағдарысы мен азып-тозуы басталды. Осы кезден бастап Орал армиясының жоғарғы басшылығы да тікелей әрекетке көшті. Өздеріне үнемі кедергі болып келген Қазақ үкіметімен арадағы келісім-шартты аяққа таптаған әскери үкімет басшылары тікелей жарлық шығарып, өз қатарын қазақ жерін мекендейтін халықтардың есебінен толықтыра бастады, қоныстанушылармен қатар, кейін қазақтарды да ала бастады. Бұл әрекетке қарсылық білдірген Қазақ үкіметі: «Қазақ территориясындағы жоғарғы билікке қазақ үкіметі ие, сондықтан да Қазақ үкіметінің рұқсатынсыз қазақ жерінде реквизиция жүргізуге толықтай тиым салынады, ал Казак әскери басшыларының бұйрығы жұртшылық пен жергілікті басшылар тарапынан орындалмауы керек»,– деген арнайы бұйрық шығарды. Бұл бұйрыққа жауап ретінде генерал Толстов Қазақ үкіметінің келісімінсіз үкімет билігін өз қолына алып, қазақ даласын басқару үшін генерал-губернатор тағайындады. (...) Бұйрықта бұл туралы тікелей нұсқау болмаса да, іс жүзінде Толстовтың бұйрығымен Қазақ үкіметі таратылды. Бұйрықтағы ату жазасын қолдану туралы қоқан-лоққы сол кезде «Алашорда» үкіметіне қарсы бағытталған еді, өйткені, казактарға қарсылық келтіруі мүмкін күш – жалғыз Қазақ үкіметі ғана болатын. Оның үстіне: Қазақ үкіметінің большевиктермен байланысы бар, - деген күдік те болды.
Қазақ үкіметі сол кезде шынында да 4-армияның революциялық әскери кеңесінің (Реввоенсовет) мүшесі Лежава Мюрат арқылы Түркістан майданымен байланыста болатын. Мюрат кезінде Оралда болғанда, Орал ревкомын басқарған еді. Қазақ үкіметі Мюрат арқылы Түркістан майданынан: Қазақ даласын казак бандыларынан тазарту үшін белсенді шараларды жүргізуді сұрады, өз тарапынан операцияның сәтті өтуі үшін мүмкіндігінше барлық көмекті көрсетуге уәде етті. Мюрат: Даланы азат ету жоспары жасалғанын, Түркістан майданы жуық арада жоспарды жүзеге асыруға кірісетінін – хабарлады. Ал Қазақ үкіметіне: майдан үшін тиімді жұмысты, Орал армиясын жабдықтауға барынша кедергі жасауды жалғастырып, сөйтіп, казактардан төнген қауіп-қатерге байланысты әзірге Совет өкіметі жағына ашық шықпай, жұмысты жүргізе беруді тапсырды. (...) Осыдан кейін Қазақ үкіметіне іссапармен Түркістан майданы мен Қазревкомның уәкілдері келді. Түркістан майданының уәкілі, 1-ші армияның Ревәскери кеңесінің мүшесі Наумов пен Қазәскериревкомының мүшесі Бегімбетов өз мекемелері атынан келіссөз жүргізуге, Қазақ үкіметінің кеңес өкіметі жағына шығуының шарттарын анықтау мен соңғы шешім қабылдауға өкілетті болды. Наумов пен Бегімбетовтың жүргізген келіссөздері мен қабылдаған шешімдері 1920 жылғы 1-ші қаңтардағы хаттамада тіркелген. Келісімнің негізі төмендегі басты ережелерден тұрады:
1. «Батыс Алашорда» Қазәскериревкомына қосылады, «Алашорданың» барлық қоры (капиталы) мен мүлкі Қазәскериревкомға көшеді. 2. Орталық Кеңес Өкіметінің басшы нұсқауларына сай жарияланған Түркістан майданы Ревәскерикеңесінің 1919 жылғы 4-ші қарашадағы қаулысында көрсетілген шарт бойынша: Қазақ үкіметі мен қазақтың қоғам және саяси қайраткерлері толық орындаса, қандай да бір жағдайда болсын кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан «Батыс Алашорданың» қайраткерлері мен жетекшілеріне де жасалған жоғарыдағы амнистия күшіне енеді, сөйтіп, «Батыс Алашорда» қайраткерлерінің жеке қауіпсіздігі мен дербес құқығы толық қамтамасыз етіледі. 3. Тұрақты Қазақ әскери бөлімдері уақытша Түркістан майданы командованиесіне бағынады, олардың бұдан былайғы тағдыры туралы мәселені түпкілікті шешу Республиканың жоғарғы басшылығының құзырында. 4. Болыстық және ауылдық жасақтар, сол сияқты елді мекен тұрғындары қарусыздандырылады, қару-жарақ уездік ревкомға тапсырылу керек. Ревком қаруды әскери басшылыққа тапсырғанша өзінде сақтайды. 5. Тапсырылатын қаруды өз қаржысына сатып алғандары туралы мәселе көтеріледі. 6. Казактардан Қазақ әскери бөлімдері қолға түсірген әскери мүлік қазақ даласында ұрыс жүргізіп жатқан барлық қызыл әскер бөлімдерінің мұқтажына жұмсалады, ал қалғандары ерекше бұйрық келгенше тізімделіп, Ойылға сақтауға жіберіледі. 7. Бұрын Қазақ территориясында қолданыста болып келген Сібір, Дон т.б. ақша белгілерін жалпы Кеңес республикасының ақша белгісіне ауыстыру туралы өтініш Алашорда басшылары Орынборға барғаннан кейін Қазәскериревкомның қарауына және шешуіне ұсынылады.
Бұдан кейін барлық істі, мүлік пен капиталды Қазәскериревком мүшесі Бегімбетовке тапсырған «Батыс Алашорда» басшылары Орынборға келді. Бір күннен соң Қазәскериревком төрағасы Пестковский оларға «Алашорда» жетекшілерінің 5 адамы, атап айтқанда: Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаев ВЦИК-тің Президиумының жарлығымен Москваға шақырылып жатқандығын хабарлады. Олар сол күні-ақ Орынбордан Москваға аттанып кетті».
Сонымен, «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері «сенімді одақтастан бітім» іздеп – Мәскеуге, ал С.Меңдешев пен Иванов «әшкерелеуші айғақ жинау үшін» Жымпитыға аттанды. «Алашорданың» батыс бөлімін тарату үшін Қызылқоғаға барған бұл екеуі іссапардың есепті қорытындысында жоғарыдағы «халық мұғалімінің» арызына сүйене отырып:
« (...) «Алашорданың» батыс бөлімінің басшылары қулықпен сиаздың барлық негізгі пікірлерін өздерінің мүддесіне пайдаланған. Өздерінің барлық ресми жарлықтарын орындату үшін, бұқара арасында өз беделдерін көтеру үшін Батыс бөлімнің өкілдері үнемі Орал казактарымен ауыз жаласып, ұдайы оларды көмекке шақырып, әскери көмек алып отырған. Батыс бөлімдерінің өкілдері қалың бұқара мен әскери бөлімдер арасында ешқандай саяси және ағарту жұмыстарын жүргізбеген. Пара алу, қазынаны ұрлаушылық, қулық, сұмдық үнемі өрістеп отырса да оларды қасақана байқамаған, оларға назар аудармаған. Осындай жағдайлардың салдарынан алашордашылардың арасында патша үкіметінің қызметшілері мен жаулардың топтасуына жол ашқан. Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған…».
«Батыс алашорда» және оның жетекшісі Х.Досмұхамедов туралы пікір қозғағанда кеңестік құжаттарда оларды «Алашорда» үкіметінен бөліп қарастыру ырқы байқалады. С.Меңдешев те бұл арада соны меңзеп отыр. 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында Уфа қаласында өткен, 170 өкілетті өкіл қатысқан түрік халықтарының біріккен кеңесі кезінде, яғни, 11 қыркүйек күнгі «Алашорда» қайраткерлерінің төтенше кеңесінің отырысында тәуелсіздіктің құрылымы мен басқару жүйесі туралы мәселе қаралды. Ә.Бөкейханов төрағалық еткен бұл кеңеске Жаһанша және Халел Досмұхамедов, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев, М.Тынышбаев қатысып, Біртұтас алаш мемлекеттігін жария етті. Әскери жағдай мен байланыстың нашарлығына байланысты Бөкей, Ойыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Ырғыз уәлаяттары «Алашорданың» батыс бөлімі ретінде құрылған болатын.
С.Меңдешев (жалғасы): «Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған, керісінше «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған, атаман Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған. Оларды большевиктерді қолдау пиғылын танытқан жаңадан қоныстанған поселкелер мен қазақ ауылдарына аттандырып отырған, ал олар болса ойларына келгендерін істеп баққан. «Алашордашылар» большевиктерге қарсы төтенше комиссия құрған, бұл комиссия өздерінің қатал әрекеттерімен жергілікті халықты дүрліктірген. Досмұхамедовтер казактарға Кеңес өкіметінің төтенше комиссары Андрей Латышты опасыздықпен ұстап берген, Латыш 1918 жылдың көктемінде Орал облысына жіберілген болатын. «Алашорданың» батыс бөлімі Колчакпен, Деникинмен жақын байланыста болған. Колчак «Алашорданың» батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеп, мақтау қағазын және көптеген қаражат берген. Деникин алашордашылар алып келген шикізатқа киім-кешек, өнеркәсіп заттарын ауыстырып берген. Екінші рет Деникинге жіберілген полковник Сархарджин «Алашорданың» батыс бөлімі кеңестер жағына шыққанға дейін оларға барып үлгере алмады. Жеке адамдардың айтуы бойынша полковник Сархарджин Жылқосы төңірегінде болған, оған Досмұхамедовтер арнаулы адам жіберген... 4) Казактармен ауыз жаласуға және бірігіп қызмет етуге ұмтылған Халел Досмұхамедұлы еді. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан. 5) «Алашорданың» батыс бөлімінің кеңес өкіметі жағына өтуіне, казактардың Орал жерінен қашуы себеп болды, бірақ та «Алашордашылар» кеңес өкіметінің барлық істерін қолдай қойған жоқ, олардың қолдаудан басқа амалдары да жоқ еді. 6) Алашорданың батыс бөлімінің кейбір жақтаушылары: Жаһанша Досмұхамедұлын кеңес өкіметі хан қылып сайлады және де жергілікті жерді «Алашорданың» батыс бөлімі басқарады – деген жалған пікірді таратуға тырысқан. Ал жергілікті адамдар бұл жайды түсіне алмай дал болуда. Жоғарыда баяндалған барлық жағдайды ескере отырып, әскери революциялық комитет пен Әскери комиссияға (қазақ өлкесіндегі) «Алашорданың» күштерін пайдалануға байланысты төмендегілерді баяндайды: а) «Алашорданың» батыс бөлімінің белсенді басшыларына ешқандай жауапты лауазымдық жұмысты тапсыруға болмайды. Қызылқоғадағы әскери бөлімді тез арада тарату керек. Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет; б) Жергілікті бұқара арасында «Алашорданың» батыс бөлімінің барлық атқарған істерін түсіндіріп, мәлімдеу қажет.
Қосымша: 1) Қасаболатов тобының арызы. 2) Асановтың арызы. 3) Тұрынтаевтың арызы. 4) Комиссияның қаулысы. 5) № 97, 21 ақпандағы (1919 ж.) әскери қызметтен қашушылар жайлы қаулының көшірмесі.
Қазақ өлкесін басқарушы Әскери революциялық комитеттің мүшесі және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің мүшесі – С.Меңдешов. Қазақ өлкесіндегі Әскери комитеттің тексерушісі – Иванов. 13 ақпан. 1920 жыл. Жымпиты қаласы»,– деп бұйрық райындағы ұсыныс жасады.
Бұл қорытындының басты мақсаты – «Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындап», ату жазасына бұйыру екені түсінікті. Алайда 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында өткен Уфа кеңесінде «Ойыл уәлаятының» уақытша үкіметі таратылып, Алаш автономиясының Батыс бөлімі ретінде құрылғанын біле тұрып, С.Меңдешевтің оны заңсыз мемлекеттік құрылым қатарында көрсетуге тырысуы қалай? Ол:
«Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланысы мен ынтымақтастығы болмаған, керісінше, «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған... Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған... Халел Досмұхамедұлы казактармен ауыз жаласып, олармен бірігіп қызмет етуге ұмтылды. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан»,– деп Халел Досмұхамедовті өзге қайраткерлерден бөліп алып, қорытынды ұсыныс жасаған.
1918 жылғы 13 (26) шілде күні «Алашорданың» төрағасы Әлихан Бөкейханов Сібір үкіметінің премьер-министрінің атына:
«...Қазіргі кезде біртұтас Россия жоқ. Біртұтас мемлекеттік өкімет те жоқ... Сондықтан да тарихи оқиғалардың күшімен большевиктер билігінен құтылған автономиялы облыстар мен халықтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсулері керек... Сібір мен «Алаштың» өзара ортақ мақсат мен мүдделері екі автономияның өзара тығыз одағы болуын талап етеді. Бірін-бірі тану (мойындау) – (әскери) күштерді біріктіреді... Біз автономия мәселесін талқылау үшін Сібір үкіметіне келісімнің төмендегі баптарын ұсынамыз:
1) Сібір үкіметі мен «Алаш» автономиясы бірін-бірі таниды; 2) «Алаш» территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын үкімет құрылғанша «Алашорда» қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады; 3) Армия территориялық және ұлттық негізде құрылады... Ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерлерімен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен... азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті... «Алашорда» Алаш территориясын большевиктік бандалардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды»,– деген мәлімдеме жолдағанда, осы ұсынысты қолдап жеделхат жіберген Х.Досмұхамедовті:
«Колчакты қазақтың төбе биі етіп сайлады», – деп дуылдасқан большевиктер, соның ішінде бас лабашы С.Меңдешев тура осы арада неғып «Батыс Алашорданы» – Бас «Алашордадан» бөліп тастады?
Демек, бұл: С.Меңдешев Халел Досмұхамедовті – «қарақшы», «монархист», «анархист» ретінде көрсетіп, оны әскери трибунал арқылы ешқандай сотсыз, табан астында атып тастауға барынша мүдделі болған, – деген жорамал жасауға негіз қалайды. Жалпы «Батыс Алашордаға» байланысты кеңестік мінездемелердің барлығында да Х.Досмұхамедовке тек қана «қара бояу» жағылып, көсем ретінде танылған Жаһанша Досмұхамедовке «немкетті мінездемелер» беріледі. Әйгілі белсенді Ә.Әйтиевтің өзі оған қарата:
«Ал Жаһанша Досмұхамедов – заңгер, шешендік қабілеті өте мықты, көзқарасы жағынан түсініксіздеу, ақ көңіл, ерік-жігері әлсіздеу, орыс тақылеттес интеллигент, саяси жағынан толысқан саналы адам»,– деп баға береді.
Ал С.Меңдешев болса оны:«Ал Жаһанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан», – деп қорғай сөйлейді.
Ал осы «ал», «алдың» астарында қандай сыр бар? Әлде Ж.Досмұхамедовтің Тұрар Рысқұловпен бажалығы «алдатып» отыр ма?
Қалай десек те, дәл осы кезде кеңестің құрғақ уәдесіне сеніп Мәскеуге келген бес қайраткер өздерінің шартсыз кепілдікке алынып, биресми үкімсіз мырзақамақта отырғанын түсініп, шарасыздықтан қолдарына қалам ұстады. Сөйтіп:
«Біз, Алашорда өкілдері, Москваға келіп тұрып жатқанымызға бір айдан астам уақыт өтті, осы уақытқа шейін біздің шақырылуымыздың себебін түсіндіруді, осыған байланысты мәселелерді мүмкіндігінше тезірек қарауды өтінеміз. Біздің отбасыларымыздың Орынборға жақын жерде мүлдем панасыз қалуы да бұл өтінішті жазуға себеп болып отыр, олардың арасында, біз кеткенде, өкпе ауруымен, сүзекпен (тиф) ауырғандар да болды. Егер осы баянхатта айтылған басты пікірлерді дәлелдеуге айғақтар қажет болса, біз керекті құжаттарды көрсетуге және Кеңес өкіметі басшыларының күдігін туғызбайтын адамдардың түсініктері мен жауаптарын беруге әзірміз.
Қорыта айтқанда, біз, Алашорда өкілдері, өзіміздің Қазақ өлкесіндегі саяси басшылық пен Уақытша Үкіметтің басшылығына халықтың өз таңдауымен, халықтың қалауымен келгенімізді мәлімдеуді қажет деп есептейміз. Қиын-қыстау кезеңде басшылықта болған біз, өз шама-шарқымыз бен мүмкіндігімізге қарай өз халқымыздың еркін, қалауын жүзеге асыру жолында қызмет істедік. Сеніп тапсырылған билікті өз еркімізбен Қазәскериревкомға бере отырып, біз: бұл әрекет қазақ халқының мүддесіне қайшы келмеу керек – деген пікірге сүйендік, өйткені, Қазревком да біз қызмет еткен идеяға, Қазақ өлкесін автономиялық басқару идеясына қызмет етеді немесе қызмет етуге тиіс – деп сенеміз. Әзірге: жалпы Мемлекеттік билік жағдайында өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен қазақ халқының дербес мемлекеттік аппараты болуға тиіс – деген саяси көзқарасты ұстана отырып, біз: Қазақ өлкесін басқаратын жоғарғы органдарға міндетті түрде қатысуымыз керек – деген ниеттен аулақ екенімізді мәлімдейміз. Сонымен бірге: өлкедегі автономиялық билікті жүзеге асырушылардың қандай да болсын саяси сенім, нанымдарына қарамастан, біз өзіміздің барлық күш-жігеріміз бен білімімізді, еңбегімізді қазақ өлкесінің гүлденуі үшін жұмсауға әзір екенімізді де білдіреміз.
Біз тек: тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз.
Алашорда өкілдері: Жанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев»,– деген саяси мәлімдемемен бүкіл ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алашорда» үкіметінің тарихын қамтитын баянхатын аяқтайды.
Бүкілодақтық Атқару Комитеті 3 маусымда арнайы Қаулы қабылдап, оларды Қазақ әскери ревкомына қызметке алуды ұсынды. Алайда бұл «қағаз қаулы» болып қалды. Өйткені бұл кезде олардың тағдыры Орта Азиядағы қызыл армияның бас командармы, мұхаррамшыл басмашылардың «бата оқыры» Фрунзенің:
«Олардың қазақ даласында болуы кеңестік құрылысқа қауіпті... Сондықтан да қазақ еңбекші бұқарасынан оқшауландырылсын. ...Буржуй Досмұхамедовтерді төңкеріп тастасын да, өкімет билігін еңбекшілер қолына алсын»,– деген ұсынысының негізінде шешіліп қойған еді.
Қызылдардың қырыпсал командирі Фрунзенің мұндай өктем бұйрықтары казактар мен қазақтардың арасын ашық арандатты. Ол: ешқандай алашорда үкіметін мойындамайтынын, әскери жасақтардан шұғыл түрде қаруларын тапсыруды талап етті. Бұл шешімге бойсұнған жағдайда, қылышын жалаңдатып отырған казак жүздіктері қазақ ауылын дереу жазалауға аттанатын еді. Сондай-ақ, Ж.Досмұхамедовтің жоспары бойынша: ақ ту көтерген зиялылар алаш әскерлерінің шеруінің алдында, сырығы жоғары көтерілген жарты қызыл ай бейнеленген алаш туын түсіріп ұстаған алаш әскері соңында жүреді, олар қарсы алып тұрған қызыл әскерлердің алдына саппен тоқтайды, содан кейін екі жақтың өкілдері бетпе-бет жүреді, алашордашылар өкілі кеңес өкіметін мойындайтыны туралы мәлімдеме жасалады, сол қару-жарағымен қызыл әскердің қатарына қосылып, қыр елін қорғауға аттануға тиіс болатын. Ал мынадай қорлық пен басынуды күтпеген еді. Ашық қорлық, бірақ, басқа амалы да қалмап еді. Сондықтан да ашулы қыр көрсету және қыр елін қауіпсіздендіру мақсатында Қызылқоғадағы генерал Акутиннің корпусына шабуыл жасап, оларды тұтқынға алып барып кеңес өкіметі жағына:
«Орал майданы әлі жойылған жоқ, ондаған қазақ болыстары әлі де казактардың әскері орналасқан аймақта тұрады. Біздің кеңес өкіметі жағына шығып соғысқанымызға өштескен казактар біздің бейбіт тұрғындарымызды қыра бастады. Казак әскерлерінің қол астында қалған оңтүстіктегі болыстардан басқа, біз алып отырған нақты мәлімет бойынша, жекелеген казак жасақтары тұрғындарға айтып жеткісіз зорлық көрсетіп, біздің ту сыртымыздан төніп келеді екен... Мұндай жағдайда тұрғындарды тағдырдың тәлкегіне қалдырып, әскери қосынмен Ойылға аттанып кету, біздің ойымызша, тұрғындардың алдындағы қылмыс болып табылады. Қашан біздің өлкеміз казактардан тазарғанша біз олармен соғыса береміз. Соғыс аяқталғаннан кейін қай жерге бар десеңдер де біз мақұлмыз. Біз сіздерден Орал майданын тезірек жоюларыңызды өтінеміз... Сондай-ақ біз қолға түсіріп, Орынбордағы Кирревкомның қарауына жіберілген қару-жарақ қызыл әскерді жасақтауға жұмсалуын өтінеміз. Төраға – Ж.Досмұхамедов, мүшелер – Т.Медетов, Т.Тұрмұхамедов»,– деп жеделхат жолдады.
Соған қарамастан, Фрунзенің ұсынысын негізге ала отырып Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңес 1920 жылғы 5 наурызда:
«... Баяндаманы тыңдай келіп, құжаттармен танысып шығып, батыс алашорданың көптеген жауапты қызметкерлері Орал облысында Орал казактарымен және басқа да буржуазиялық құрылымның қорғаушыларымен тізе қосып соғысқанын ескере отырып, оларға жасалған кешірімге қарамастан, олардың бұдан кейін қазақ даласында тұруы қазақтарды кеңес өкіметіне тартуға кесірін тигізуі мүмкін екендігі атап өтіліп. 2. Екінші жақтан алғанда, олардың біразы қылмыскер ретінде олардан жапа шеккендер азаматтық сотқа беруі мүмкіндігі ескеріліп, Ревком: 1. Қазақ өлкесінде кеңес өкіметі барынша орныққанша «Батыс Алашорда» ұлттық үкіметінің төмендегі жауапты жетекшілері: 1) Жаһанша Досмұхамедов; 2) Халел Досмұхамедов; 3) Иса Қашқынбаев; 4) Кәрім Жәленов; 5) Беркінғали Атшыбаев еңбекші қазақ бұқарасынан аластатылсын: келген жауапты қызметкерлер Москваға немесе орталық губерниялық қалаларға жіберілсін... Кеңес өкіметін жақтайтын қазақ тұрғындары мен қоныс аударушылардың Батыс «Алашорданың» белсені қызметкерлеріне өштікпен қарайтыны ескеріліп, алашордашылардың ұсынысына қарамастан олар ревком мүшелігіне де және басқа да жауапты қызметтерге алынбасын»,– деген Қаулы қабылдады.
Сөйтіп, олар Қазақстанда тұру құқынан айырылды, оның орынына Ресейдің ішкі облыстарында бақылау астында өмір сүру мүмкіндігі берілді. Бұл биресми жер аудару деген сөз еді. Лениннің жоғарыда келтірілген:
«Алашорда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды»,– деген нұсқауын ескере отырып, С.Меңдешевтің Х.Досмұхамедовке қарата:
«Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет»,– деген ұсынысы ұзақ талқыланып барып «жұмсартылды».
Алғашында таза орыстар тұратын Ресейдің ішкі облыстары ұсынылса да, кейін онда бақылаусыз қалып, шетелдік ұлтшылдармен байланысуы мүмкін екендігі ескеріліп (Сталиннің күдігі), ақыры Түркістан республикасына барып баспаналауына рұқсат етілді.
Кеңес өкіметінің осындай «кеңдігін пайдаланған» Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Кәрім Жәленов пен Иса Қашқынбаев мәжбүрлікпен Мәскеуден тікелей Орта Азияға, яғни, Ташкент қаласына «мырза қуғынмен» жер аударылды. Соның ішінде:
«Доктор Досмұхамедовке 1920 жылдың 28 маусымынан бастап анатомия, физиология және гигиена пәнінен Қазақ педагогикалық институтының студенттеріне лекция оқуға» рұқсат беріледі, «курстың санитарлық дәрігері ретінде арнайы бөлме бөлінеді», қашан және қай күндері қандай пәннің өтілетінін доктор Досмұхамедовтің өзі белгілейтін» болып (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 11-бет) шешілді.
Бұған алғашында оқу ісінің меңгерушісі, директоры міндетін атқарған, ал 1920 жылы 21 тамыз күні институттың педагогикалық кеңесінің төрағасы боп бекітілген (демек қазіргі Абай атындағы педагогикалық университеттің бірінші ректоры) алаш қайраткері Иса Тоқтыбаев ұсыныс жасаған. Х.Досмұхамедов өзінің қызмет анкетасында:
Оқытушы-дәрігермін, Орал облысында туғамын, 1920 жылы Мәскеуден ауысып келдім, әйелім және 1 жас пен 12 жас аралығындағы 4 балам бар, Түркістан мемлекеттік университетінің ординатор, дәрігерімін, кеңес өкіметіне көзқарасым дұрыс, ескі өкіметтің тұсында полицияда қызмет істегемін жоқ, - деп анықтама берген.
Институтта педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық және физика-математика бөлімдері болған. Х.Досмұхамедов бір жылдың ішінде институт пен оның жанындағы педучилищеге ортақ 5 бөлмеден тұратын 8 орынды емдеу лазаретін ашады. 1920 жылдың 1 қазанынан мұнда А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, К.Жәленов, Х.Болғамбаев, Қ.Қожықов, Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байтасов, Д.Сәрсенов, С.Өтегенов, П.Құлтасов, Е.Табынбаев оқытушы болып орналасты. Кейін бұлардың қатарына Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов те қосылды.
Міне, сол кезде Орынбордан «астыртын ұйымның партизаны» Д.Әділев те келеді. Ол жыл толмай, яғни:
Достарыңызбен бөлісу: |