Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет11/38
Дата25.02.2016
өлшемі2.41 Mb.
#20417
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   38

«...Көркемөнерде Алашорданың, қазақ ұлтшылдарының ішек-қарнын ақтарып, оның барлық сұмдық, сорақылық істерін сарапқа салған шығарманы құттықтап қарсы алмауға бола ма? Ұлтшылдықтың қабығы мынау, түбірі мынау, мұнымен былай күрес деп сезіміне тиіп, дұшпанға қарсы қару алдырып, тіс қайрататын пьесаның осындай өзгешелігін ерекше айтпауға бола ма? Әрине, болмайды... «Түрксибті» де, «Тартысты» да жаңалықты өткір құрал деп қарау керек... Мұхтар «Тартыста» орынды мәселелерді қолға алды, өмірге жаңа көзқарас білдірді, жаңа бет, жаңа мақсат алды», - деп дәл сол кезде Мұхтар үшін ең қажетті пікір айтты.
Әрине, «Тартыс» пьесасы Әуезов іспетті алыптың шығармашылық тарихында пәлендей маңызға ие бола қоймас. Алайда, жазушының жеке басына, шығармаларына үдірейе қараған күдікті ыдыратып, жаңа көзқарасты қалыптастыруға, соншама мұқтаж болып жүрген сенімді қайта ұялатуға септігін тигізудің өзі де бұл туындыға іш тартып, жылы қабылдауға негіз қаланды.
Біраз жыл бұйығы тартып, бір-біріне жасқаншақтап, сезікпен қарап, ішкі ой-талғамын сыртқа шығара алмай жүрген жазушы, суретші, актерлердің басын қосып:

«Жақсы кітап, жақсы спектакль оқушыны өзі-ақ табады. Бірақ сол шығарманы жасау керек. Оған керекті күш пен талант бізде бар. Бірақ күшке сенбеушілікті тастаңдар. Біріккен күшпен, берік сеніммен партия көрсетіп отырған жолменен алға басыңдар... Халықтың қуанышын тұсауға болмайды», – деген Л. И. Мирзоянның сөзі «қуанышты қайрат бітірді, жаңа тарихқа мұрындық болды» (М.Әуезов).
Ортақ мақсат жолында – өзара «өкпелерін де» ұмытты. Сол екпінмен «Хан Кене» де сахнаға жол тартты. Өкінішке орай, салтанатқа емес, талқы мен табаға жол тартты.

3.
Шығармашылық көркем ойдың түлеуі мен тұтастығы алғаш рет 1934 жылы 17 тамызда ашылған жазушылардың Бүкілодақтық тұңғыш съезінде ашық айтылды. Мұнда бірінші рет партияда жоқ жазушылардың мүддесін қорғап, олардың еңбегіне лайықты баға берілді. Олардың шығармашылық істен шеттетіліп келгені, түрлі таптардың тегіне қарап қасақана сыртқа қақпайлағаны қатты сыналды. Көркемдік тәсілдерді, оқиға тартысындағы адамдық факторды, түрлі формалық құбылтуларды мойындамай, жағымды-жағымсыз кейіпкерлердің арасын қара сызықпен бөліп тастаған «тапшылдықты» желеу етудің нәтижесінде 1926-19З4 жылдардың арасында әдебиет деңгейінің күрт құлдырап, сұрқай кітаптардың шығуына әкеп соқтырғанын сынай келіп баяндамашы Максим Горький:



«Осыдан екі жыл бұрын әдебиеттің сапалық өсуіне назар аударған Иосиф Сталин жазушы коммунистерге: «Көркем жазуды партияда жоқ қаламгерлерден үйреніңдер», - деген еді. Коммунист қаламгерлердің партияда жоқ қаламгерлерден не үйреніп, не қойғанына тоқталмай-ақ қояйын, бірақ партияда жоқтар пролертариатша ойлай білуді жаман меңгерген жоқ… Бұдан былай «партияда жоқ әдебиетші» деген ұғымның тек шартты түрде ғана айтылуына осы съезд шешімі анық көз жеткізді, олардың әрқайсысы өздерін бар ішкі жан дүниесімен партияда жоқ әдебиетшілердің ары мен жұмысына дер кезінде сондай ғажап сенім артып, Бүкілодақтық съезге қатысуға рұқсат берген лениндік партияның мүшесімін деп есептейді», - деп мінбеден атап айтты.
Осы бір сенімсіздік көптеген тәжірибелі жазушылардың тағдырына кері әсерін тигізіп, оларды қоғам өмірінен бөліп тастап, күдікпен күнелтуіне әкеп соққызып еді. Олардың кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген мақалада сынауға болатын және қандай пікір айтса да өзін-өзі қорғай алмайтын, сондықтан еріксіз келісуге мәжбүр ететін еріксізден еріксіз «тартыншақ жазушы» атанатын.

Тың аңғар әдебиеттің тарихы, көркем шығармаларға қойылатын талаппен, оған берілген бағалар туралы сыңаржақ пікірді қайта қарауға мәжбүр етті. Қателіктер қалпына келтірілді. Мұхтардың да жиырмасыншы жылдардағы шығармалары қайтадан санатқа қосылып, «Ескілік көлеңкесінде» деген атпен барлығының басы біріктіріліп, жеке кітап боп шықты.



Әрине, бір кезеңде айып боп тағылған әңгімелердің қайта басылуы «ұйымсыз жазушының» съезге қатысуы ешқандай кедергісіз, күдіксіз, өздігінен жүзеге аса салған жоқ. Оған да талай тосқауылдарды жеңіп, күйініштер мен сүйініштерді бастан кешуге тура келді. Ренішті күндер де аз болған жоқ. Мұндай мүмкіндіктің ретін табу да қиын, ал барлық жауапкершілікті бір адамның мойнына алуы – одан да қиямет еді. Соған қарамастан, Сәбит Мұқанов «бәйгеге басын тігіп», редакторлықты өз мойнына алды. Әңгімелердің қайта басылуының мақсатын оқырмандарға түсіндіру үшін екі бірдей алғы сөз жазуға тура келді. «Ескілік көлеңкесінде» атты шағын жинаққа «Жазушыдан» мынадай түсінік, дәлірек айтсақ, «өзін-өзі ақтау» сөзі берілді.

«Бұл әңгімелер менің 1925 жылдарға шейін әр кезде әр түрлі журнал, газеттерде басылған еңбектерімнің бір тобы еді. «Ескілік көлеңкесінде» деген жинақ, бұрынғы Қазақстан тарихында болған рушылдық, феодалдық ескілігінің көлеңкесінде, қойны-қонышында әр алуан көріністің азды-көпті елесін береді. Сол ескіліктің еркінде боп, көлеңкесінен шыға алмай, сезім-санасы болған жеке адамдар, жас-кәрілер, еркек-әйелдердің бір қауымы бар. Ой-санасы тұтқында, шырмауда. Сондықтан бір алуаны сол ескіліктің әрі құлы да, әрі ерікті, не еріксіз сүйеушісі, жоқшысы да. «Ескілік көлеңкесінде» тағы бір қауым бар. Ол, сол ескіліктің езгісінен әлі шыға алмаған – қоғамдық шаруашылдың таптық қалі ескілікте. Бұлардың қол-аяғын тұсап беріп қойған қауым.

Жинақтың мақсаты осындай мазмұндағы бұрынғы шығармаларымның біразын бір араға топтау еді.

Өткен уақыттағы жазушылық жолдың қандай сатымен, қай кезеңдерді басып өтті, оны бүгінде өзін қостамайтын, ақтамайтын болсақ та, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегі өз тұлғаңды жұртшылықтың анық тани отыруы үшін болса да, бір топтап жарыққа салу теріс болмай ма деймін.

Ескілік көлеңкесінен әр түрлі уақиға, әр түрлі адамды суреттеумен қатар, сол кезде жазушының өз басы да, өз ой-санасы да сол тұсаудан, сол ескілік ығынан ұзап кетпегендігі, айналып-үйіріліп, шырмала, кейде сүйсініп тәуір көріп, соның кілемінің түсін суреттеумен қатар мінеймін деген кезінде де бата шабуыл жасай алмай, тайқып соққан жерлері де жоқ емес. Бұл жайлар менің кейінгі уақытта мойынға алған мінім, қаталығым болатын. Сондықтан өз ескілігімді бүгінгі жұртшылық, бүгінгі жас буынға ұсынғанда көбінесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзінің сол күнгі тұлғасымен көрсетуді тарихи дұрыстыққа тән болар деп білдім. Бұл жинақта, бұрын жазылған әңгімелердің әңгімелік желісі, адам пішіндері өзгертілген жоқ. Жаңалық болса, көбінесе, әңгімелердің сыртқы күйі – сөз кестесі сияқтыларға кіргізген редакторлык жаңалық қана. Оным: өткен уақыттағы істерімнің сынын жасырмайын, енді кеп жауып-жасқамайын дегендік.

Бұрынғы дәуірдің көрініс-қалпын зерттеумен қатар менің де бұрынғы қалпымды білгісі келген жас болса, ол кездегі шығармаларым бір арадан, осылай топтау пішінінде табылатын болсын дедім.

Мұхтар. Алматы, 1936 ж. Май».
Бұл бұрын әр кезде, әр түрлі газет-журналда жарияланған әңгімелердің басы тұңғыш рет бір мұқабаның ішінен орын алуы. Кітапты әзірлеу барысында көп мін тағылып, талқыға түскен талайы қиын шығармалар пәлендей өзгеріске ұшырамады.

Ерлікті тәуекел тудырады. «Тәуекел түбі жел қайық өтесің де кетесің» дейді халық даналығы. Дұрыс пайымдау. Алайда, заман көшіндегі тарихи қажеттілікпенен шыңдалған осы сөз бүгінгі идеологияньң түсінігіндегі ескірген термин. Мемлекеттік саясаттың қатпары қалың, торабы тоқсан тарау. Әрбір тұжырым, ұғым, еркін пікір өте нәзік талданған. Істің, сөздің мың түрлі астары суыртпақталып шығады. Соны көре, біле тұрып, автордың өзі кібіртіктеп, тосырқай ұсынған қолжазбаға редактор болып, оны барлық «айыбынан» ақтап алу – адал достық еді. Бұл Мұхтардың алдын орап, «айналып-үйіріліп шырмала берген» «ескішіліктің» шапанын жамылып, Сәбиттің өзі де «қара тақтаға жазылуға» бел буды деген сөз. Араға екі жыл салып сол «ерлігі үшін» «халық жауының қалпағын киерін» білген жоқ, әрине. Ол үшін ең басты мақсат халықтың аяулы азаматын қатарға қосып, әдебиетті Мұхтарсыз, Мұхтарды әдебиетсіз қалдырып, жетімсіретпеу еді. Міне, Сәбит Мұқановтың, Сәбиттің, Сәбеңнің азаматтығы осында. Сол үшін Мұхтар Әуезов, Мұхтар, ұлы Мұқаң оған қарыздар. Себебі – сол бір отамалы тұста Мұхтар бері өтпей, ескі жағалауда қалып қойса, онда кейінгі шығармашылық тағдырдың желкені көтерілмей, алыста қол бұлғап қала берер еді. Бүгінгі күнге, яғни, келешекке кешігіп жеткен рухани кеменің бірі ғана боп қалу қаупі төніп тұрды. Сондай сынақ шағында Сәбит қол ұшын беріп, жағаға шығарып алды. Заман ағысының толқынына ағып кетпес үшін Мұхтарға «бір-екі сөз», жылы сөз жетпеді. Сол лебізді «Ескінің көлеңкесі» жинағының беташары ретінде Сәбит Мұқанов айтты.

Екі алыптың арасындаға адамдық, пендешілік байланыстар қақындағы алып қашты сөз, тіпті өсек-аяң көп. Бірақ, олардың бір-біріне жасаған азаматтықтары туралы айтуға келгенде сараңси қалады. Баспасөз, хат-қағаз беттері де бұл ретте жомарттық танытпайды. Сондықтан да, «өзгеге қиса да өлімге қимаған» иықтас жандардың иірімі мол өміріндегі шуақты шақтарының белгісі есебінде жазылған Сәбит Мұқановтың «Бір-екі сөзін» толықтай келтіруді парыз деп санадық.

Ондағы сынның да, сырдың да астарын, зиялы жан «ішпен сезер...» Сыртқа итергенсіп отырып, бауырына тарту да қырғи қабақты, көлденең көзді алдамсыратқан өзінше «із тастау» еді. Онсыз мақсатқа жете алмайтын. Сол «із тастау» мынадай:



«Жолдас Мұхтар Әуезұлының бұл жинағына төңкерістің бастапқы кезінде жазған әңгімелері кірген. Идеология жағынан бұл шығармалар тұрмысқа пролетариат көз қарасымен қарап жазылған шығарма деп айта алмаймыз.

Дегенмен бұл әңгімелерді басу қажет. Үйткені өткен өмірдің мұраларынан пролетариат түгел жерімейді, «адамның ақылы тапқан заттардың бәріне сын көзбен қарап, керектісін алады» (Ленин). Мына әңгімелер де сондай сын көзбен қарап, бүгінгі өмірдің пайдасына жарататын құралдың бірі. Олай дейтін себебіміз: бұл әңгімеде Мұхтар тұрмысқа байлар, феодалдар табының көзімен қарай отыра, солардың идеологиясына арқа тірей отыра, сол кездегі бірсыпыра шындықты ашады.

«Қорғансыздың күніндегі» қараниет болыстың әлсізге істеген айуандығы, «Оқыған азаматтағы» «ақ жүрекпін» дейтін оқыған жігіттің барып тұрған қара жүректігі аз да болса сол заманның шындығын ашқандық. Әрине, Мұхтар ол кезде, болыс пен оқығанды сынап, шірігін ашқанда, қиянатшылды жою, түбірімен құрту, солар сүйенген негізді құрту керек деген қортынды айтқысы келген жоқ. Осы кемістіктерді көрсетіп, шіріген тұрмысты бүтіндегісі, өңдеп жамағысы келді. Бірақ әңгіме Мұхтардың мұндай субъектілік пікірінде емес, объектілік шындықта.

«Лев Толстой – орыс төңкерісінің айнасы» деген тарихи еңбегінде Ленин: «Егер шын суретші болса, төңкерістің ең болмаса белгілі бұтағын көрсетпей отыра алмайды» деген. Шекспир, Гете, Пушкин сықылды жер жүзіне атақты классиктердің пролетариатқа қасиетті идеологиясында емес, дәуірлерінің шындығын аз да болса көрсетіп кеткендігінде. Пролетариат өткен өмірінің біраз шындығын солардың шығармалары арқылы біледі. Өткен өмірінің шындығын дұрыс ұғумен бұрынғы өмірдің күресі тығыз байланысты.

Олай болса, идеология жағынан пролетариаттық болмағанмен, Мұхтардың бұл әңгімелері арқылы ескі ауылдың кейбір шындықтарын, қанағыш таптың еңбекшіге істеген зорлығын аз да болса көреміз. Қанағыш тапты бүгін жойып жатқан бізге бұл әңгімелер объективно жәрдем істейді.

Бұл әңгімелер пролетариатқа қандай сабақ болса да, жазушы Мұхтардың өзіне де сондай сабақ. Мұхтар қазір байшылдық бағыттың залалдығын түсініп, кеңес тілегіне көшіп отырған жазушы. Осы басып шығарған әңгімелер болсын, басқа еңбектері болсын, идеологиясын былай қойғанда, Мұхтардың ірі суретші екеніне айқын дәлел. Сондай ірі талантын бұдан бірнеше жыл бұрын шірік тұрмысты түзетуге жұмсаса, енді нағыз, жас, күшті, келешегі бай тұрмысты құрысуға жұмсауға тиісті.

Сондықтан өткен қатасы мен бүгінгі түзелуін салыстырып, содан сабақ алуға, бұл әңгімелер Мұхтардың өзіне де көп көмек істеуге тиісті.

Сәбит Мұқанұлы. Алматы, 8.VІ. 35 ж.»
Міне, осындай «үкілеумен» жарияланған «Ескілік көлеңкесі» кітабы екі жылдан соң Мұхтар мен Сәбиттің өзіне көлеңкесін түсіріп, сілікпесін шығарды. Оған, бұл жинаққа ілесе, 1936 жылы басылып шыққан «Қараш-Қараш оқиғасындағы» әңгімелер де үстемелей қосылды.

Ол қыспақты кезеңнің талқысы туралы әңгіме дербес тараудың еншісі.



Үлкен үмітпен, құтты қадаммен бастаған отыз жетінші жылдың күншуағы тез суып, дүлей тағдырдың дауылы соқты да кетті. Жеке басқа табынушылықтың кесірінен халық ең асыл ұлдарынан айрылып қалды. Оның екпіні Мұхтардың да тағдырын қатты шайқалтты. Үміттің орнына үрейді жолдас етіп, ұзақ түн көз ілмей, әрбір тықырға елеңдеген түндерді басынан өткізеді. «Сен әзірге жүре тұр. Әуелі аналардың шаруасын бітіріп алайық», – деп сұқ саусағын сұстана шошайтып, сес көрсеткен жандармен қатар, өмірінің сонына дейін бірде тату, бірде қату боп, қатар жүрем деп ойлаған жоқ. Күні кеше ғана тел өскен үш бәйтерек құсап қатар жайқалған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің бетін тырнап:

«Қазір әшекереленіп отырған Тоғжанов, Жансүгіров сияқты ұлтшыл-фашист сілімтіктерінің, сол тектес жапон шпиондарының қолымен жас қазақ әдебиеті тұншықтырылды... Бандит Тоғжанов «сыншы» есебінде ұлтшыл-фашизмнің жансызы Жансүгіровті қазақ әдебиетінің «әкесі» етіп көрсетті. «Осыдан бір-екі ай бұрын ол (Сейфуллин Т. Ж.) өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деп аталатын «тарихи роман» деп әспеттеген қайта басылған шығармасында өзін батырсымақ қып көрсетеді және контрреволюциялық алаштардың деректерін келтіріп, халық жауларын суреттейді. Өзінше дұшпандық энциклопедия!», «Қазіргі совет жазушылар одағының председателі Сәбит Мұқанов Сейфуллинді ауыздықтай алмады, оның өзі буржуазиялық ұлтшылдықтың айқайшысы, тірегі боп отыр. Өзінің ұлтшылдықпен уланған «Бай баласы» атты зиянды шығармасымен, қазақ әдебиетінің тарихын алашорданың көзімен баяндауымен Сәбит Мұқанов өзінің бағытын доғаша иіп барады. Ол енді контрреволюциялық, ұлтшыл кітаптың редакторы боп отыр. Контрреволюциялық, ұлтшылдықтың иісі аңқыған алашорданың белді қайраткері және идеологы болған кезінде жазған Әуезовтің әңгімелер жинағының алғы сөзінде, «егерде идеялықты есепке алмасаң Әуезовтің бұл әңгімелері мен басқа шығармалары оның үлкен шеберлігін танытады» деп жазады. Бұл әңгімелердің идеясын ескермеу бір тамшы партиялық ұяттың, бір шымшым большевиктік қырағылықтың қалмағандығы, демек қазақ совет әдебиетінің есігін ұлтшыл контрабандаға кеңінен ашу екендігін Сәбит Мұқанов неге түсінбейді. Жазушылар одағындағы былыққа Орталық Комитеттің ағарту бөлімінің меңгерушісі, жазушы Мүсірепов жолдас та жауапты. Мүсірепов жолдас қауіпті бағыт ұстап отыр. Әдеби өмірден жақсы хабардар, жазушылардың арасындағы ұлтшыл-фашистік жалдамалылардың күшті ықпалын біле тұрып, ол қасарыса үнсіз отыр», деп көкіген мақаланы оқығанда, мінбеде отырып Сәбит пен Ғабитті еңірете жылатып, партиялық билетін тапсыртқанда, жан-жүрегі суынып, тітіркенген.

Онысын қойшы, сол жайсаңдардың аяғы ауыр әйелдерін боқырауынның қарлы-жаңбырында үйлерінен қуып шығып, панасыз қалдырғанын көргенде мүлдем түңілген. Сол үйге мұны қонаққа шақырып, жең ұшынан тартқандар да болды-ау. Болды. Және олар ұзақ өмір сүрді».
Тағдыр дауылы көтерілгенде Мұхтар Ақсайдағы саяжайда еді. Алғашқы суық хабарды сол кездегі жас әдебиетші Темірғали Нұртазин мен Мұхаметжан Қаратаев жеткізіпті. Ашық күнде найзағай ойнағандай болған сол бір күнді «Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы сөзінде Мұхаметжан Қаратаев:

«Отыз жетінші жылдың август айы еді. Бір күні Ақсайдағы семьяма барып қайттым. Сонда жатқан Мұхаңды, Тайырды, Сағыр Камаловты көрдім. Олар менен қала жаңалығын сұрады. «Құлагер» авторының Құлагер жолын құшқанын тұспалдап жеткіздім. Үшеуінің де түсі құбыла қалды.

Қой, жай бір қате болар, - деді Мұхаң бір мезетте ауыр әсерді шайып-жуғандай болып,мүмкін емес... Мына аңызақ жел сықылды кездейсоқ бірдеңе шығар... Ақиқатына келеді ғой.



Бұдан кейін мұндай тақырыпқа мүлдем сөйлеспейтін болдық. Үнсіз алақан ашып, иық қимылдатамыз да қоямыз. Ол жылы да, келесі жылы да алақан аз ашылған жоқ, иық аз қимылдаған жоқ. Бұл тұстарда Мұхаң тұнжыраңқы жүрді, бірақ басқамыздай еш жерде тіс жарып, сөйлеген емес, жауқаттылап атой да салған жоқ», - деп өкінді.

Бұл да шындық. Бірақ өкінішті шындық және ол өкініштердің орны қайтып толмайтын еді. Француз саясаткері Бенжамен Констанның:



«Тек бір ғана адамның батырлығымен жеңіске жеткен мемлекеттің бақыты ұзақ болмайды, тіпті сол адамның көмегімен де алысқа бара алмайды; оған бас июдің өзі ағаттыққа соқтырады», - деген сөзінің кері келді.
Мұндай қоғамдық пікірдің алапат тасқынына жалғыз адамның, оның ішінде тағылған «қоңырауы» алынып үлгермеген Мұхтардың қарсы шығуы мүмкін еместін. Ең қатерлі кезең 1937 жылдың мамырынан басталған болатын. Қыркүйектен қарқын алған қара дүлейдің құйыны 1938 жылдың көктеміне дейін ұйтқыды. Күндіз-түні күдікпен күн кешіп, есіктің әрбір тықырына елегізіп қараумен жүрді. Өзінің арыз-аманатын айтып, отбасымен қоштасып қойды. Кезегін тосты. Бақытына орай ол «кезекке» ілінбеді. Сәбит Мұқанов Жазушылар одағының билетін қолынан шығармай: «Қаламымды қалдырыңдар!», - деп көзінен жасы ыршып кеткенде: «Пошел вон!» - деген сөзді естіген күні Мұхтар әйелі Валентина Николаевнамен ұзақ бақұлдасып, іш киімдерін, сабын мен орамалын дайындатып, сақал-мұртын қырып, шашын алдырып, моншаға барып, тастүйін дайындалып отырыпты. Демек, Мұхтардың «жалмауыздың» аузынан аман-есен қалуы – тағдырдың кездейсоқ сыйына жатады.

Ал Мұхтар сол тұста өзін-өзі қалай ұстады?

Бұл арада сәуегейлік жүрмейді. Кез келген пенденің ғұмырын үлгі етуіне сол құбылыстың астарын, тарихи қажеттілігін, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесімен сәйкессіздігін түсіндіріп беру – қиынның қиыны. Тарих талқысы мен тағдыр тауқыметін таразылау дербес әңгіменің арқауы, яғни,

ЗАМАН ТАЛҚЫСЫ


1.
Қандай қиыншылыққа қарамастан азаматтық арын таза ұстау – адам атаулының өмiр бойы мақсат етiп, тiршiлiк кешетiн асыл арманы. Бұл ретте, кез-келген пенденiң ғұмырын үлгi ету, не сол құбылыстың қатпарлы астарын, тарихи қажеттiлiгiн, не қоғамдық құрылыстың мүдде-жүйесiмен сәйкессiздiгiн түсiндiрiп беру қиынның қиыны. Сәуегейлiк бұл арада жүрмейдi. Тарих талғамы мен таразысы тұрғысынан талдау – қоғам тану ғылымының еншiсiне тиесiлi.

Алайда бiр мемлекеттiң даму тарихындағы күрделi де күрмеуi қиын қатерлi кезеңдi басынан кешiрген Мұхтар сияқты дана адам сол кезде өзiн-өзi қалай ұстады, қандай пендешiлiк кештi, қандай көзқараста болды деген сұрақтар ерiксiз алдыңды орайды. Шындығында да назарға ерiксiз iлiгерлiк, орынды қойылған сауал. Бұған бiр сөзбен мәмiле айту ағаттық. Сол бiр аласапыранның қалай басталғанын, қатерлi дауылдың қалай тез күш алып, өртеңге қойған өрттей қаулағанын мемлекеттiң iшкi-сыртқы жағдайынан тыс қарау мүмкiн емес. Троцкийдiң және оны жақтаушылардың толықтай талқандалуы Сталинді жеке дара көсемдiк дәрежесіне көтерді. Қатаң тәртiпке негiзделген әкiмшiлiк қалыптасты. Сондай салтанатты кезде «халық жауы» деген сөз бұлтты күнгi найзағайдай әсер еттi. Француз саясаткерi Бенжамен Констанның:



«Тек бiр ғана адамның батырлығымен жеңiске жеткен мемлекет алысқа бара алмайды; оған бас июдiң өзi ағаттыққа әкеп соқтырады», – деген сөзiнiң керi келдi.

Жаңа қоғамның экономикалық-саяси жетiстіктерi тек Сталиннiң есiмiмен байланыстырылды. Жеке басқа табынушылық асқындап барып жазықсыз жандарды құзға құлатты. Шындығында да бiр адамның «қатал еркiне» бағынған ұлы мемлекеттiң iшкi өмiрiне қауiп төндi. Ал, көсемнің өзінің оны көруге құлқы болмады. Мүмкiн, әдейi көргiсi келмеген болуы да ғажап емес.

Бұл «науқанның» фашизмнiң бас көтеруiне байланысты қырағылық пен сақтықты, патриоттық сезiмдi оятуға психологиялық жағынан септiгi тигенiмен, сүйiнiшiнен гөрi күйiнiшi басып кеттi. 1936 жылдың аяғында орталық газеттерде, завод-фабрикаларда, транспорт саласында, жауапты қызметкерлер мен әскери бөлiмдер арасында «бүлдiрушiлiк, арандатушылық, шпиондық» әрекеттер жүргiзген бiр топ адамдардың үстiнен жүргiзiлген сот iсi, сұрақ-жауаптары күн сайын жарияланып жатты. Социализмнiң қас жаулары ретiнде халықтың делебесiн қоздырды. Кәсiпорындарда, колхоз – совхоздарда, артельдерде оларды айыптаған мәжiлiстер өттi. Үкiм айтты. Бiрте-бiрте екпiн алып, өрiсiн кеңейтiп, жалпы жұртшылықтың арасына үрей, сенiмсiздiк туғызды. Ендi, сол халық жауларының тегi қайдан шықты, олар кiмдер және мақсаты не едi деген сұрақтар туды. Сталин оған:

«Совет мемлекетiнiң қуат-күшiнiң өсуi өлiп бара жатқан таптың қалдықтарының қарсылығын өршiте түсетiндiгiн есте ұстау керек. Олар өлiп бара жатқандықтан да соңғы күндерiнде жанталасып бағады, олар бiр бұлтақтан екiншi бұлтаққа көшiп, жұртшылықтың артта қалған қауымын үгiттеп, оларды совет өкiметiне қарсы қоюға ұмтылып, бұрынғыдан да батыл азғыруға кiрiседi. Бұрынғы адам деген атынан айырылғандардың Совет өкiметiне жасамаған қастандығы, жаппаған жаласы жоқ және кертартпашыл элементтердi бiрiктiрiп қарсы қоймаған әрекетi жоқ. Бұрынғы контрреволюциялық оппозициялық элементтердiң де тiрiлiп, жан бiте бастауы мүмкiн. Бұл, әрине, қорқынышты емес. Бiрақ егер бiз осы элементтерден тез әрi үлкен шығынсыз құтылғымыз келсе, онда осының барлығын естен шығармауымыз керек», - деп жауап бердi.
Бұл сөз сол кезде тілдің тиегіне айналды.

Аса қиын әрi күрделi iшкi-сыртқы саясаттың психологиялық шиеленiсi шегіне жетті. «Фашизм» батыстан бас көтерiп келе жатты. Ол «жалмауыз» Европа мен Африкадағы мемлекеттердiң бiрiнен соң бiрiн жұтып, сонау Америка құрлығына да аранын ашты. Ал оның, ерте ме кеш пе, бетiн берi бұратыны – еш күдiк тудырмайтын. Алапат апаттың алдындағы қарбалас – үлкендi-кiшiлi аласапыран, арандатулар туғызатындығы шындық. Сондай психологиялық шиеленiстi мұқым ел, барша адам, Сталиннiң өзi де басынан кешiрдi. Троцкийдiң платформасының талқандалуы сенiмдi күшейттi. Фашистiк барлау орындары да қарап қалған жоқ. Барын салып, оқиғаны ушықтыра түстi. Бұл адамдардың бiр-бiрiне күдiкпен қарауын тудырды. Жаудың – «шын халық жауы» екендiгiн мойындатты. Қанымен, жан-тәнiмен берiле орнатып жатқан қоғамға деген шексiз сүйiспеншiлiк, кiршiксiз сенiм – заңды ашу-ыза қоздырды. Жеккөру, шындыққа күмәнсiз илану, фашизмнiң дұшпандық қимылының түпкi жауыздық жоспарын алдын ала бiлу – халықтың белгiлi бiр мөлшерде жүйкесiне әсер еттi және ақыл-ой парасатын тұмандандырды. Әуелiде белгiлi бiр мақсатпен жүзеге асырылған арандату әрекетi бiрте-бiрте қатерлi «жалмауызға» айналды. Қызған темiр суығанша талай тағдыр жазықсыз жазаланып үлгердi.


Қазақстан баспасөзiндегi «халық жауларын» әшкерелеу қақындағы алғашқы теориялық мақаланың авторы Т.Жүргенов те өзiнiң «Казахстанская правда» газетiнiң 1937 жылғы 11 қаңтардағы «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық!» деген мақаласына Сталиннiң жоғарыдағы сөзiн тілге тиек етiп алды. Ойлы, елiне шын жаны ашыған, қазақ өнерiн дамытуға жанкештiлiкпен еңбек еткен азаматты жаманшылыққа қию – қиянат. Оның өзi де сол жылы сол науқанның алғашқы құрбанының бiрi болды. Барынша әдiл пiкiр айтуға ұмтылған автор ұлтшылдықты әшкерелей келiп:

«Қазақ халқының «болашағы жоқ» деген «идеяның» негiзiн қалаушы Шоқан Уәлихановтың бiрiншi рет патша шпионы ретiнде Батыс Қытайға барып келгендiгiн ескерте кетемiн», - деп те «сiлтеуге» мәжбүр болды.

Өнер, оқу ағарту, мектеп саласындағы «ұлтшыл адамдарды» сынай келiп:



«Өткендi, қазақ халқының тарихын бағалауда ұлтшыл көзқарастарды өткiзiп жiберу тәсiлi соңғы кезге дейiн орын алып келдi. Қазақ театрының сахнасынан «Хан Кене» пьесасын алып тастау туралы сөз қозғағанда, дәл осы мәселе жөнiнде әңгiмелендi», - деп астарлы түрде Мұхтарды ишара еттi.
Iле идеология, өнер саласындағы қайраткерлер «халық жаулары» мен «ұлтшылдарды» әшкерелеуге көштi. Алғашқы үш-төрт айда жалпылама, сипай қамшылады. БК(б)П Қазақстан өлкелiк комитетiнiң бюро мүшесi, Қазақ ССР-нiң халық ағарту комисары Темiрбек Жүргеновтің мақаласындағы «Хан Кене» және басқа да оқу ағарту, әдебиеттану, театр мәселелерiне байланысты айтылған сында Мұхтардың аты аталмаса да, белгiлi бiр дәрежеде астыртын айып тағылды. Оған Мұхтар өзара сын ретiнде ресми түрде жауап беруге мiндеттi едi. «Казахстанская правда» газетiнiң 28 қаңтар күнгi санында жарияланған Мұхтар Әуезовтің «Жалмауыз сөзсiз жаншылады!» деген репликасы «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 5 ақпан күнгi санында «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын» деген атпен аударылып басылды. Онда ешкiмнiң атын атап, түсiн түстемейдi. Газеттердегі «халық жауын» әшкерелеген хабарларға сүйенiп, жалпылай тiл қатады. Мұхтар Әуезовтің бұл екi репликадан оның «тарихи жағдайдың» ырқына көнгендiгi, мойынсұынғандығын танылады және сол кездегi көңiл күйiнен, елегiзуiнен хабар да бередi.

Әлқисса, бұл арада сәл түсiнiк бере кету қажет. Екi газет те «халық жауларының» әшкереленгенiне, олардың қылмыстарын «мойындағанына» орай арнайы қос бет ұйымдастырып, реплика орыс және қазақ тiлдерiнде басылды. Солармен бiрге он үш адамды атуға, қалғандарын бас еркiнен айыруға бұйырылған үкiм де орын алды. «Халық жауларына» қарсы «халықтың наразылығын бiлдiрген» үн қосулардан жазушылар одағы да тыс қалмады. Қаламгерлердiң «үндеуiне» Сейфуллин, Мұқанов, Жансүгiров, Әуезов, Өтепов, Қаратаев, Орманов, Тәжiбаев, Жароков қол қойды. Iлияс, Жақан, Өтебай, Қалмақан, Тайыр мақала жазды. «Сақтық күшейiп, көрегендiк артсын!» деген Мұхтардың репликасы да сонда басылды. Мазмұны мынадай:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет