Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет30/38
Дата25.02.2016
өлшемі2.41 Mb.
#20417
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   38

«Орымбектің де, Мұқтардың да пікірлері – әр уақытта пьесенің ескі құрылысын сол күйінде қалдыруға, тек жамау-жасқау ғана қосуға бекіп алғандығы мәлім еді. Бірақ олар жақсы ойын көрсетпек болған. Пьесені қойып алып, арттан жауып қойып қайта қараған ойын күні Орымбек шымылдық алдында: «Пьесенің тарихқа келетін жағын жазушы да, театр да ойлаған жоқ, оны бізден талап ету дұрыс болмайды» деген. Пьесе туралы соңғы бір мәжілісте Мұқтар:«Сынайтын кісі пьесенің осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал, пьесенің бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандар сынаған болмайды» - деген. Міне, бұл Орымбектің де, Мұқтардың да түпкі пікірі осы еді.

Бұл пікір жай қата ғана пікір емес, сарыны жат пікірге тартатын қатты қата пікір еді. Неге? – деуге: білерлік адамның бәріне белгілі көркем шығарма – өмірді танудың құралы, тарихтың тап тартысының қаруы, айнасы, образы, қорытындысы, мекенсіз, замансыз, тарихсыз шығарманың құны жоқ. Ал, Кене ханның заманы патша орталығына қарсы, онымен бірге хандыққа қарсы көпшіліктің қозғалысы қаулаған заман. Бұл сол замандағы Энгельс айтқан үлгілі жағдайы (типическое обстоятельство) еді. Орыс патшалығы барлық әдіспен қырдағы хандықты құлатып, сұлтандық саясат жүргізді. Төрелердің өз арасына от түсіп үстемдікке, билікке таласты. Разысы патшадан шен алды, наразысы орысқа қарсы болып, көпшіліктің көңілін тауып, қозғалысын пайдаланбақ болды. Сондағы арманы – қара бұқараның үстінен хандық құру еді. Міне, тарихтағы Кене хан осының анық үлгісі болатын. Энгельс айтқан «үлгілі образ» (типический образ) – осы Хан Кене. Сол тарихи «үлгілі жағдайдағы үлгілі образды» тарихтан тудырып көркем көрсету – социалдық реализм қолданатын кеңес жазушыларының әдісі. Біз «Кене ханнан» бүгін осыны талап ететін едік. Тарихтан тудырып, шындыққа бөлеп, дұрыс көрсетпесе Хан Кененің керегі шамалы. Тарихтан жалаңаш, қозғалыстан аулақ Хан Кене бізді онша қызықтырмайды. Сондықтан «Хан Кенеден» тарих дәметуге болмайды дейтін Орымбек пен Мұқтардыкі дұрысқа жатпайды. Ол үлкен уақиғаны ойынға санағандық. Тарихқа түкіргендік. Егер бір сөздерінде Санжар менен Ғабит екеуі де: «Хан Кенені» патша орталығына қарсы қозғалысқа соқпай-ақ ханның құлауын көрсетуге болады» - дегендерін жақтайтын болса, бұл жолдастар да адасады. Онда Мұқтар мен Орымбектің негізгі пікіріне қол қойған болады» - деген пікір білдіріп, Кенесарыны тарихи кейіпкер етіп алуға социалистік реализмнің мүмкіндік жасайтынын айтты.

Демек, тарихи тұлғаның сахнаға шығуы заңды. Ендігі мәселе - оның жеке басындағы қайшылықтар да еді. Ал ондай қайшылықтар Кенесарының бір басында да, жауынгерлерінде де жеткілікті болатын. Көшпелі өмір мен жаугершілік өмір қалыптастырған дала заңдары мен дәстүрлерінен келіп туындайтын қақтығыстар мен тіршілік тартысының өзі де кейде түйіліп, кейде шешіліп, кейде ушығып кетіп жататын.

Қозғалыс – олардың өмір сүру тәсілі еді. Барымта, талау деген ұғымдардың өзі де көркем шығармада кек, олжа деп жайдақталып, не түйдектеліп баяндалатын себепті желілер ғана. Өйткені, жорық жағдайында өмір сүрген жауынгерлер «қызыл қарын бала-шағаны» асырай жүріп, тіршілік тауқыметін де басынан кешті. Махаббат ғадауатына да жолықты. Бұқарбай батырдың:

«Бұл кезде біз, Кенесары батырлары күні-түні ат үстінде жүріп, Қоқанмен күресіп, Созақ, Түркістан, Ақмешіт қамалдарын қоршауға алған болатынбыз. Сырдарияның оң жақ бөлігінде, Шу өзені бойындағы қыпшақ ауылдарында жүрген кезімізде, қыпшақ байының Құраш деген сұлу қызына көзіміз түсті. Мен, Ағыбай және Наурызбай үшеуміз де қызға ғашық болып қалдық. Қыздың әкесіне: «Қызыңды кімге бересің?» - дегенімізде, ол: «Қалың малсыз ешкімге де бермеймін және де сендер бүгін мұнда, ертең анда жүретін қаңғыбассыңдар» - деді. Сонда біз ашуланып: «Оны күшпен тартып алып, малын шауып алайық» - деп Кенесарыдан рұқсат сұрадық. Кенесары бізге қарап: «Сендерге қыз керек пе, халық керек пе? Алыстағы дұшпанды жеңбей тұрып, біздің қол астымыздағы халықтың бірлігін бұзуды ойладыңдар ма? Егер сендерге қалыңдық керек болса, барыңдар да Созақтан алыңдар, сөйтіп өзбектің қыздарына үйленіңдер, ал өзіміздің адамдарды тонауға рұқсат бермеймін» деді» - деген естелігінен қанды да шаңды жорықтың ішкі қозғалысында да өмірлік тартыстардың өтіп жатқанын аңғартады.
Мұның барлығы көркем шығармаға қажетті көркем шиыртпалар болатын. Ал Кенесарының хан Кенеге айналуы заңды әдеби таңдау болатын. Енді көркем әдебиеттің тарихи шығармаға қойылатын басты талаптарының бірі бойынша оның образын сомдау үшін Кенесарының портретін барынша дәл түсіруі тиіс, яғни, он екі мүшесінің аман-саулығы, кемдігінің бар-жоқтығы, сақал-мұрт қойған-қоймағандығы, көз жанарының аясының амандығы нақтылануы қажет. Мұндай мүмкіндік те Мұхтарда болды. Б.Салтабаевтің суреттеуінше:

«Кене-хан ашаң, орта бойлы, жуан мойынды еді. Оның жүзі қара торы, тартымды, көздері жалтылдаған бүркіттікіндей қызыл және танауы делдиіңкіреген еді. Кішірек мұрты және қалың, сына тәріздес, сарықоңыр сақалы бар. Ол аз сөйлейтін және өзін қаталдау, еркін, үлкен бір бекзаттықпен ұстайды. Ол басына құндыз терісімен көмкерілген кішігірім тері тымақ киеді. Киімдерінің үстінен түйе жүннен тоқылған сұр шекпен жамылып, оның ішінен кәмшат терісінен тігілген тон киеді. Жейдесі мен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған екен» .

Түр-тұлғасына сай өжет те батыл, шешімді, зерек, әскери қабілеті жоғары, ұйымдастыра білетін қабілетке де ие. Көз-көргендер мен әскери барлаушылардың мәліметіне сүйенген Н.Н.Середа:



«Кенесары өз жасағының ықыласына лайық билеуші бола білді. Оның жасағының рухының жоғарылығына европалық әскердің қайсысының болсын қолбасшысы қызғана қарайтындай еді. Шабуыл кезінде сондай жылдам, бейне бір жолындағының бәрін күйрететін дала дауылы сияқты, Кенесары алдында қандай кедергі болса да тоқтамайтын. Қайта қандай да бір кедергі болмасын оның еркін өрлендіре түсіп, өзінің ойлаған мақсатына жету жолында кездескен барлық тосқауылдар, оның топан суындай қуатының алдында күйремейінше, оны екпіндетіп, өз ісінде өжеттендіре түсетін. Кенесарының бойындағы осы қасиеттерін біздің көшпелілер жоғары санайтын және оның серіктерінің жүректері өз қолбасшыларына шексіз, жанқиярлық сенмімен соғатын» - деп баға беруіне қарағанда қазақ елінің оны өзіне хан сайлауы да заңды тілек еді.

Сол тілектің куәсі болған «жағалбайлы – Көлібай Бұқанов:



«Кенесары мені аса ілтипатпен қабылдады, оның 40 үйден құралған ауылы бар. Бірақ оған жан-жақтан қазақтар ағылып келіп жатты, оның ішінде жаппастар, шөмекейлер, төртқаралар, шектілер бар. Қазақтар сұлтан Кенесарыны барлық рулардың ханы етіп сайлау туралы кеңес өткізді. Ордаға жиналғандардың сөзіне қарағанда, олар өзара ымыраға келіп, Кенесарыны хан сайлауға келісіп отыр екен» - деп жансыз хабар берген. Кенесарының іс-әрекетін бақылап отырған өкімет орындары өздерінің жансыздары мен билеуші сұлтандары арқылы көтерілісшілердің арасына ірікті салып, рулық араздықты қоздырып, олардың бір мемлекетке бірігуіне мүмкіндік бермеуге тырысып-ақ бақты. Соған қарамастан «қыркүйекте Кенесары хан атағын алып, Сібір мекемесіндегі қазақ болыстарына өз атынан жарлық жібере» бастаған. Шынында да, 1841 жылдың қыркүйек айында қазақ руларының өкілдері ата дәстүр салтымен Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан сайлады.Бұл заңды оқиға болды» - деп жазды тарихшы Е.Бекмаханов.
Хандыққа көтеру – жай ғана тарихи шындық емес, ол көркем шындық та. Ол – капиталистік қоғам мен көшпелі қоғамның, ел мен жердің, отарлау мен азаттықтың, икон мен иманның, шаһиттер мен жаһилдердің, ерлер мен ездердің, жар мен күңнің, ұл мен қыздың, көп пен дүрмектің, ар мен сатқындықтың коллизиясы. Жазушыға бұдан артық тақырып болмайды. Көркем шындық пен көркем ойдың шексіз мүмкіндігіне жол ашады. Ұлттық көркем идея деген де осы. Ендеше неге тасырқап, тосырқап, тосылып қалуы тиіс. Бұл шын жазушы қалыс қалатын тақырып емес. Ендеше:

«Барша ресейлік ұлық падиша ағзам император хазратларына!

Бұрын бүкіл қазақ халқын билеген Абылай ханның немересі Кенесары Қасымұлынан ғарызнама.

Сіздің ағзам хазиратларыңызға мағлұм қыламыз: чунки сіздің аталарыңыз бен біздің бабамыз хан Абылай тұсында біздің халық ортасында ешбір тынышсыздық, қайғы болған жоқ еді. Халқымыз әрқашан тыныштықта, бейбітшілікте күнелткен еді. Біздің екі патшалық арасында үздіксіз сауда-саттық болып тұрған еді. Ешкімге ешкім жәбірлік те еткен жоқ еді. Біздің халық ешбір алым-салық төлеген жоқ еді. Енді соңғы уақыттарда ахуал басқаға айналды: чүнки біздің халқымызға алым-салық төлетіп, оларды әртүрлі жәбірлікпен қыспаққа сала бастады. Сіздің қоластыңыздағы төменгі хакімдер бұрынғы татулықты бұзып, барлық қазақ халқы Ресейге бағынады деп жалған сөздер таратып жүр. Олар бұрынғы біздің бабамыз Абылайға тиісті жерлерге сегіз дуан салдыртты. Бұл, әрине, біздің халқымыз үшін зор қасірет болмақ, әсіресе алым-салық салу халықтың жанына қатты батады. Бұрын біздің қазақ халқы мұндай істі көрген жоқ еді. Ол әрқашан кеңшілікте, рахат-тыныштықта болушы еді. Ұлық ағзам падиша хазратлары, біздің сізден өтінішіміз: біздің халқымызды бұрынғы қалпынша қалдырып, біздің жерімізге салынған сегіз дуанды һәм басқа қалаларды жоюыңызды сұраймыз.

Ұшбуны инандырмақ үшін мен, Кенесары Қасымұлы, мөрімді бастым» - деп Кенсесары тәуекелге барған.

Иә, тәуекел – істің басы. Бар мәселе Мұхтар үшін осы тәуекелден және «Хан Кенедегі»: «Келе жатқандардың алдынан Абылайдың сарыала туын алып батырлар өтеді [...]». «Ханды құр айғаймен сайламайды. Бұрынғы, соңғының жөрелгісімен ақ киізге отырғызып, осы жұртты жеті айналдырып шығу керек... Әпкел киізді! Ұмытқан ба, бұл қазақ баласы... баяғы ханның жолын! Қайда киіз? (Көп айғай, тағы да батырлар, жақсылар, айғай. «Әпкел киіз, киіз... хан көтереміз. Жолы... жолы болсын...» Киіз әкеліп, көп жақсылар Кенені ақ киізге отырғызып алып, көтеріп алады. Сол арада қолында қобызы бар соны сілтеп, екіленіп сөйлеп Нысанбай ақын шығады)» - деген мемлекеттік рәмізден басталды.

Көркем шығарма үшін осыдан тебіреністі оқиға өтпейді. Хан Кене де өзіне жүктелген жауапкершілікті түсінеді, түсініп тұрып:

«Киіз туырлықты қазақтың баласы! Сона бір қысылған шағыңда ер деп етегіңе ұстағаның менің атам Абылай еді. Ол сеніміңді ақтағандай, сен үшін жанын салып өтіп еді. Бірақ атаға берген дәуренді берер ме, жоқ па? Енді халық дәме қылып мені сайласа, кеудемде шыбын жаным тұрғанда ақ тілеуіңді ақтармын-ақ. Жетпей жығылсам көзің көрер. Жолыңа міне, басым, міне, жаным... Керегіңе жарата бер. Содан басқа айтарым жоқ. Менің риза-қошым осы» - дейді жанын қасым етіп.
Сөйтіп, қазақтың хандығының қайта құрылуы – «Хан Кене» пьесасында бейнеленетін тарихи оқиғаның басы ретінде алынды. Ендігі суреттелетін уақыт пен көркем желіге жазушының өзі, яғни, Мұхатар Әуезов жауап береді. Осы оқиғаға дейінгі оқиғаларды қаламгер қандай көзқарас арқылы тәпсірлеймін десе де өз еркі. Ал хан Кененің көзқадауы шығысқа қадалған, беті Алатауға бұрылған. Таққа отырысымен Құдаймендеге:

«Сенің Қытайға айтатын сөзің: орыс патшасы өз жерінің шегін Қытайдың қақ іргесіне әкеп тірегелі қол созып келеді. Бір жер емес, басы анау Алтайдың арғы сілемінен Қашқарға шейін жеткізбекші. Арадағы: қазақ, қырғыз, ойрат, қалмақ, Қоқан, Хиуа, Бұхара, әрі-беріден соң Қашқарына шейін де обырдай обып алғалы сұғын қадап тұр. Осы елдерге керуен үстіне керуен, елші үстіне елші, әскер үстіне әскер төгіп бастырмалатып келеді. Енді көп болса бес-он жыл, әйтпесе одан да тез қытай шегіне орыстың әскері тұратын қалалар салынбақ. Біз осы шепке қарсыласқалы шыққан елміз. Тілегіміз: қытаймен тату көрші болып отырып орыстың бері қарай жылжуына жол бермейміз дейміз. Өз жеріміздің шегін қорғаймыз. Қытайға арқа тіреп жаңағы елдің барлығын тұтастырып орыс қаласына бөгет саламыз. Біріккен елдік жасаймыз. Содан кейін тіпті орыс өктеп бара жатса біздің таңдайтынымыз қытай патшалығы. Әйтеуір біз бағынатын болсақ қытайға бағынамыз. Орысты біз темір ноқта деп білеміз. Осыған – арысы көмек, берісі достық, тілек қосуын тілейміз. Жау бетіне салатын дос боламыз. Бізге бермеген көмегін кімге береді? Соны айт!» - деп аманат айтып, елші аттандырады.
Осыдан кейінгі хан Кененің әр шешімі, әр қимылы көркемдік себеп тұрғысынан салдарын тауып жатуы тиіс. Оған тек Мұхтар Әуезов қана жауап береді. Жазушының шығарма талқыға түскенде:

«Сынайтып кісі пьесенің осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал, пьесенің бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандар сынаған болмайды» - деп өтінуі де сондықтан.

АШ БӨРІЛЕР ЖОРТҚАН ЖҰРТ


Ендігі мәселе – шығарманың жазылу тарихына қатысты. Кенесары көтерілісі туралы бұрынды-соңды жазылған шығармалар бар ма еді, жазушының өзі тақырыпты зерттеуге қалай келді, қандай идеяны басты нысана етті, қалай, қайда жазылды, қандай көркем ұстанымдарды ұстанды, алғашқы пікірлер қандай? Мұның барлығы да автор мен шығарманың арасындағы байланысты ашатын көркем психологияның дербес қаралатын мәселесі.

Басты мақсат – «Хан Кене» төңірегіндегі жарты ғасырдан астам жүргізілген саяси-идеологиялық жазалау, жазғыру, қысым көрсету, тұлғаны тұқыртудың түрлі қысымдық жолдарын құжаттар мен деректер арқылы көрсету болғандықтан да біз қажет жернде сол мақалалар мен зерттеулердегі, жиналыстардағы сөздерді, жазылған арыздардағы пікірлерді тілге тиек ете отырып ойымызды дамытуға тырыстық. Өйткені, қаншама жала мен жазғыруға құрылса да олардың жазғандарының астарыда шындық бар болатын. Дәлелсіз сөйлесе олардың өздері де жауапқа тартылатын.

Мәселен, Кенесары тақырыбы әдебиетте қалай бейнеленгені сол кездегі жазушылар одағының жауапты хатшысы Қайнекей Жармағамбетовтің 1951 жылы 20 сәуір күнгі жасаған «Кенесары – халықтың қас жауы» атты баяндамасында толық қамтылды. Біз соны сөз ретіне қарай ықшамдап келтірумен шектеліп отыруды жөн көрдік.

«Баяндамашы: Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысына қазақ халқының жаулары – алашордашылар мен XIX ғасырда, қазақ әдебиетіндегі кертартпа романтизм өкілдерінің қалай баға бергеніне толығырақ тоқталды.

Кенесарының сарай ақыны Досқожа өзінің «Кенесары қоныстан ауғанда» (Көкшетаудан көшуі) дейтін поэмасында Кенесары Россия мен орыс халқына қарсы күресіп еді деген пікірді ашық баяндайды.

Қонысты орыс алған соң,

Кенекем ауған жерінен,

Қарашы болған елінен,

- деген жолдары осы пікірді дәлелдейді. Бүкіл поэманың өнбойында Досқожа Кенесарыны дәріптеп, ұлтшылдық сарында ортағасырлық хан үстемдігін көксейді.

Кенесарының қолшоқпары болған екінші бір ақын Нысанбай «Кенесары-Наурызбай» поэмасында Кенесары қарақшыларының туысқан кырғыз халқына жасаған қанды жорығын әділетті соғыс еді деп мадақтайды. Ал Кенесарыны қазақ халқының батыры және «көсемі» ретінде мақтайды.

Кенекемнің барында,

Аш бөрідей жарадық,

Шекемізден қарадық,

Кенекем мерт боп кеткен соң,

Шіл боғындай тарадық.

- деген сөздері, Кенесарыны дәріптеудің хандықты көксеумен ұштасып жатқандығын аңғартады. Көкбай ақын «Кенесары-Наурызбай» дейтін поэмасында Нысанбайдың ізін қуалап, сол сарында Кенесарыны дәріптеп, туысқан қырғыз бен қазақ халқының арасына өшпенділік отының ұшқынын тастады.



Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Кенесары арманын, хандықты көксеуді қайта тірілтпек болып жанталасты. Кенесары жөніндегі алашордашылар пікірінің ықпалына еріп ақын Иса Байзақов 1925 жылы «Қойшының ертегісі» атты поэмасында Кенесары карақшыларының атамандарының бірі Ағыбайды дәріптеді» .

Кенесары-Наурызбай туралы бұдан да өзге аңыздар мен дастандар да бар болатын. Біздің мақсатымыз үшін осы үзік те жеткілікті. Міндет – тақырыпты толық шолу емес, сол тақырып туралы кеңес идеологиясының ұстанған бағытын көрсету.



Шығарманы жазу туралы алғашқы ой қашан келді? Бұл нақты жауапты қажет ететін, бірақта кесімді жауабы жоқ сауал. «Алқа» әдеби үйірмесін құруды мақсат еткен тұста саясаттан тыс «еркін жазушылар» өзінің алдына: 1. Көркем әдебиеттің идеясы ұлттық. 2. Қамтитын мазмұны саясаттан тыс, адам тағдыры. 3. Басты талап – көркемдік деңгей болуы тиіс. Партиялық принцип, таптық талап, социалистік мазмұн – көркемөнерге жат. Өйткені – бай да, кедей де ұлттық мүддені ойлауы мүмкін. Тағдыр тапқа бөлмейді – деген мақсат қойды. Сол аңсармен «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Замана еркесі», «Көксерек», «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» атты шығармаларын жазды. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:

«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерт де бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақта ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ. Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтың бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақта мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.

Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте–бiрте өшiп тынды.

Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де. Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын.

Мұхтар Әуезов»
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген. «Алқаның» бағдарламасында айтылған мақсатқа жету барысында өзегі ортақ досы Жүсіпбек Аймауытов екеуі өзара ақылдасып, Абылайды – Жүсіпбек, Кенесарыны – Әуезов жазуға ниет етеді. Бұл ретте Жүсіпбек біраз ізденістерге барып, архив деректерін ақтарған. Аймауытовтың бұл орайдағы талпыныстары 1924-1926 жылдары тергеу астында жүруіне және 1928 жылы қайтадан тұтқындалып, 1932 жылы атылып кетуіне байланысты үзіліп қалды. Истай-Махамбет көтерілісі туралы кинохикаят жазу үшін деректер жинастырып, тарихшы Рязановпен бірігіп мемлекеттік кино студиясымен шартқа отырғаны жөнінде өзі жазып кеткен деректер бар. Сондай-ақ тарихи тұлғаларды көркем оймен саралап, олардың тағдырын қалың қауымға жеткізуге барша алаш зиялылары ат салысуға бекінген, сол орайда бір-біріне көмек қолын берген. Кім қай қалада тұрса сол қаланың архивтеріндегі құжаттар мен деректерді қарастырып, алған мағлұматтарын ынталы адамға хабарлап отырған. Мысалы Қаныш Сәтбаев «Едіге» жырының қолжазбасын баспаға ұсынды. Сонымен қатар Абылай, Кенесары хақындағы деректерге назар салып, ол мәліметтерді Жүсіпбек пен Мұхтарға хабарлап отырған. Қаныш Сәтбаев 1925 жылы Кенесары туралы Омбы, Орынбор, Том қалаларындағы архив құжаттары жөнінде мәлімет бере келіп:

«Кенесарының хаты барған соң орыс үкіметі қайратына мініп,1846-жылдың басында Омбы мен Орынбордан тағы да күшті отряд шығарады. Оларға берген бұйрық: «Не Кенені ұстау, басын әкелу, не (көтерілісшілердің) біреуі қалғанша Арқада өлуі тиіс!» - деген түрінде болған. Бұл отряд шыққан соң Кенесары соғыс ашпай, 1846-жылы орыстың шегінен шығып, «Қоқикөл» шегіндегі қытай қазақтарының ішіне барады» - деп хабарлаған.

«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қолжазба бөліміндегі алты беттік хаттың соңғы беті ғана сақталған. Табанды да сенімді әуезовтанушы Талатбек Әкімовтің ғылыми айналымға түсіруімен көпшіліктің назарына ұсынылған бұл хат Мұхтар Әуезовтің Кенесары тақырыбына қалам тартуды ертеден ойластырғанын аңғартады. Тақырыпты түбірлеп, еркін игермегенімен де Мағжан мен Мұхтар дегеніне жетіп үлгерді. «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» дастандары мен «Хан Кене», «Қилы заман» шығармалары соның алғашқы нәтижелері болып табылады. М.Әуезов дүние салған соң Қаныш Сәтбаев бұл міндетті Әлкей Марғұланға жүктеген. Әлекең архив құжаттарын жинастыра бастағанын, бірақ аяқсыз қалғанын бізге өкінішпен айтып, тіпті мұрағат құжаттарын айтып, өсиет еткендей де болып еді. Демек М.Әуезов бұл тақырыпқа саналы түрде барған. Ол бұл туралы 1934 жылы «Казахстанская правда» газетінде:

«Пьесаны жазардан бұрын көп материал жинадым, Кене хан қозғалысының тарихын білемін деп сеніммен айта аламын. Орынбордың, Омбыдағы Сібір ведомствосының метариалдарын зерттедім, казактар мен қырғыздар арасынан материалдар жинадым. Әр тарихи дерекке әркімнің өзінше қарауға құқы бар, бірақ өз концепциясы болмаса, ешбір автор тарихи тақырыпқа қалам тарта алмайды», - деп мағлұмат бергеніне қарағанда 1927 жылғы Жетісу сапарынан бұрын да Кенесары көтерілісі туралы деректерді қарастырғаны байқалады.
Сол жинастырған архив құжаттары қандай тарихи оқиғаларды қамтыды, М.Әуезовтің қолындағы деректер қай жылдарды қамтиды? Мұны нақтылап айту қазір қиын. Алайда Ә.Марғұлан тиянақтап жиыстырып, машинкаға бастырып, архивтің арнайы бөлімінде сақтаған деректерін М.Әуезов те білді – деп жорамалдауға болады. Соның ішінде Кенесарының Арқадан Жетісуға ауа қотарылуының себебін білдіретін, түпнсұсқадан марқұм Бейсенбай Байғалиев екеуіміз қазіргі қаріпке түсірген бірнеше хаттарды назарға ұсынамыз.

Бұл – Кенесарының жеке көзқарасы мен жеке өмірлік деректер қамтылған, хан Кененің Ресейдің әр түрлі «хазіретлеріне» – чиновниктеріне 1841-1844 жылдары арасында жазған хаттары. Әр хаттың астарында үлкен тарихи астар мен тағдыр талқысы жатыр. Оның барлығына түсіндірме жасау бұл еңбектің міндетіне жатпайды. Тек қысқа тұжырымдап айтарымыз: осы кезеңде Орынбор шекаралық комиссиясы Кенесарымен мәмілеге келуге тырысып, әр түрлі сыпаттағы келісім жасауға ұмтылған. Алайда олардың келісіміне Омбыдағы генерал-губернатор үнемі қарсы шығып, уағдаластықты бұзып отырған. Кенесарының ауылын шауып, аға-бауырларымен, балаларымен қоса Күнімжан атты әйелін тұтқынға алған. Көптеген екі жақты бопсаның нәтижесінде Кенесары тұтқынға түскен орыс әскерлеріне Күнімжанды апйырбастап алған. Сондай-ақ Ғұбайдолла Уәлиұлын да қорғайды. Себебі, осы Ғұбайдолла қазақты жеке мемлекет етемін деп хандық құруға ұмтылған Абылайдың өжет немересінің бірі болатын. Хаттар көне шағатай және татар тілінің емлесімен жазылған. Кенесарының әр сөзі бізге қымбат. Сондықтан да бүгінгі грамматика заңы тұрғысынан стилистикалық өңдеулер жасаудан бас тарттық.



«Орынбор ғаскери-губернаторы генерал-адьютант Перовский хазіретлеріне

Біздің, Кенесары Қасымоғлынан ғарызнаме

1841-жылында Қаратай сұлтаннан ғарыз қылып уә мұнша Сібір линиясы тұсында әр төренің қылған істерін мағлұм қылдық. 1838 жылда Сібір линиясының төрелері білен қажет болып (қатар) қондық. Сүйіндік баласын айдап шығарып едім, одан соң атығай, қарауылды шығарып едім. Сол елбілен Ғұбайдолла хан Уәлиоғлыны ұстап алып келіп едік. Одан тілек қылып үйге қайтарып жібердік. Оны Көкшетау диуаны мекемесінің бастықтары өсек қылып, яғни, жала қылып, Кенесары сұлтан білен ақыл қосты деп ссылкаға, яғни, каторожнойға жіберген екен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет