«Иә, Қаратаев патшалық құрылымды тас-талқан ете алған жоқ, сонда да, Мемлекеттік Думада «артық жер жоқ» деп сөйледі. Қандай батыл пікір... Егер Қаратаевтің Думадағы жоғарыдағы сөзін баяндамашы теріс түсіндіріп: артық жер бар – деп айтты деп тұр. Бұл мүлдем қате»,– деп пікір білдіргенімен де оның бұл сөзі қаперге ілінбеді.
«Өткелден өткенше қызын алып, өткелден өткен соң қызын талақ етіп» әдеттенген большевиктер 1933 жылы желтоқсан айында «Алашорда» қозғалысы туралы пікір алысуды тыңдауға келген Бақытжан Қаратаевтің қызын да жиналыстан амалын тауып аластап шығарды. Аса «саяси көрегендік» жасаған І.Құрамысов бұл жөнінде партия мүшелерінің алдында:
«Бір нәрсенің басын ашып алайық. Мен пікір таласы басталмас бұрын сіздерге түсініксіздеу көрінген, яғни, партияда жоқтардың мәжілістен шығып кетуін өтінуімнің себебін түсіндіре кетейін. Мәселе мынада, осында жиналған тыңдаушылардың қатарында бір топ әйелдер де отырды, олардың қатарында Телжан Шонановтың әйелі, Қаратаевтің қызы да болды. Оларды шығарып жіберу үшін сондай оқыс шара қолдануға тура келді, оным түсінікті ғой деймін, көлденең куәнің қажеті қанша...»,– деп ақталды.
Шындығына келгенде, Бақытжан Қаратаевтің енді оларға кедергіден басқа керегі шамалы-тын. Сондықтан да оның өзі түгілі, оның қызын да қоғамнан тыс қалдырды. Әйтпесе, әкесінің тағдыры талқыға түскенде оны білуге туған төлінің қақысы толық бар болатын. Жақыннан – жау іздеп, жаттан – таптық бауыр тапқан сұм заманның ойын шарты солай болатын.
Ол тұста мұндай құрыққа түспеген қайраткер жоқтың қасы. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақтау орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19- сәуірде, 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының» қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі С.Сейфуллиннің Сталинге жазған хатында:
«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты – деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорданың» туы орынынан алынды. Кейін: «Бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты», - деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары білімді адамдар басқарды емес пе»,– деп мағлұмат берді.
Ал «мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған» Алаш туының орналасуында және оның Халел Досмұхамедовтің есімімен байланыстырылуында тарихи нысан жатыр еді. Өйткені «Алаш – Алаш болғалы, Алаша – хан болғалы», «Керегеміз – Ағаш, Ұранымыз – Алаш!» болғалы қазақтың тәуелсіздігін тұңғыш нысана еткен Ту осы болатын.
Өйткені: 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:
«Біздің мақсатымыз – ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз. Жайық өңірін мекендеген басқа ұлттармен достық одақ құрып, олардың өзара араздасуына жол бермеуіміз керек, өйткені бұл – заман тудырған біздің тағдырымыз. Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы – бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады. Сондықтан да саяси арандатушылардың жолын бөгейік, қан төгіске жол бермейік. Елдің берекесінің кетуіне түпкілікті себеп – қазақтарды жік-жікке бөліп, оларды бірін-біріне қарсы қойып, қан қақсатқан саясат. Бізге береке-бірлік әперетін тек қана Әділдік. Қалың халықты тонаушылар, момындарды жылатушылар бізге жолдас бола алмайды. Қазақты, басқа халықтарды аяусыз қанаған патша орынынан түсті. Қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады. Сол себептен де біз қалай да Ресейден автономия алуға тиістіміз»,– деп сөйлегенде төрде тұрған «Құран» аяты жазылған жасыл Ту – осы Ту еді.
Бұл – ұлт үшін ұлы тарихи нысана сөз. Бұл – қазақ елінің империядан ірге бөлуінің мүмкіндігіне сендірген, санаға бостандықтың сәулесін түсірген киелі хабар болатын. Жаңылысып қойылса да, ақын жанын «әрі тебірендіріп, әрі түршіктірген» төрдегі аятты ту – түпкілікті қасиетті орынын тапқан азаттықтың аян туы, Тәуелсіздік Туы, Алаш Туы еді. Осы құрылтайдың төрағасы ретінде Ж.Досмұхамедов 1938 жылы тергеушіге:
«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасап, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға – демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзі-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы – Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,– деп жауап берді.
Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев мен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды. Бұл кезде құқық генералы дәрежелес Том округінің аймақтық прокуроры боп істеп жүрген Жаһанша Досмұхамедов жалпыресейлік беделге ие болып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасарлығына сайланды.
Арада тура бір жыл өткен соң, қызыл империя көсемдерінің 1918 жылы 24 және 27 наурыз күнгі шақыруы бойынша «Алашорда» өкіметінің өкілетті өкілі ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедов екеуі 1 көкек күні Ленин мен Сталиннің алдында қазақ елінің мемлекеттігін мәселе етіп қойды:
«Алашорданың» Жымпиты тобы алғашқыда «Ойыл уәлаяты» үкіметі деп аталды, яғни, Орал қазақ әскерлері территориясынан бөлек Ойыл облысы қазақтарының үкіметі құрылды. Кейін ... ресми түрде «Батыс Алашорда» үкіметі деп атала бастады. «Батыс Алашорда» үкіметінің алғашқы шешімі – Халық Комиссарлар кеңесіне өкіл жіберу туралы болды. Өкілдіктің мақсаты – кеңес өкіметіне Қазақ автономиясын тану туралы өтініш жасау, сондай-ақ өлкедегі азаматтық және әскери басқару ісін ұйымдастыру үшін материалдық көмек сұрау, әсіресе, өлке тұрғындарын азық-түлікпен және фабрика-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету туралы келіссөз жүргізу еді. Өкілдіктің кеңестік Россияға жіберілуінің өзіндік себебі де болды: ол – ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылымын өзі шешуі құқын жариялаған Кеңестердің III съезінің қаулысы болатын, сондықтан да ұлт мәселесі бойынша Россиядағы ең сенімді өкімет – (кеңестер) деп танылды. Өкілдік 1918 жылдың наурыз айында Москваға келді. Жоғарғы кеңес мекемелерінің Петроградтан Москваға көшу кезеңіне тап келген өкілдік мүшелері өз өлкесінің мұң-мұқтажын ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинге баян етті. Сталиннің кеңесімен азық-түлікке байланысты мәселелер Азық-түлік Комиссариаты жанындағы Коллегия мәжілісінің қарауына ұсынылды.
Батыс өлке қазақтары жағдайымен мұқият танысып алған соң, Сталин тікелей байланыс арқылы сол кезде Семей қаласында болған «Шығыс Алашорда» басшыларымен сөйлесіп: Қазақ автономиясы туралы мәселе Халық Комиссарлары кеңесінің қарауына ұсынылатынын, содан соң Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінде қаралатынын мәлімдеді. Жергілікті жерлердегі автономия идеясына жеке басы түсіністікпен қараған Сталин ВЦИК-тің басылымы «Известияда» осы мәселеге байланысты принципті мақаласын жариялады. Мақалада: аймақтардағы билік ұлттық буржуазияның қолында емес, өзін-өзі билеуші ұлттық демократиялық төменгі тобының қолында болған жағдайда ғана жергілікті аймақтарға, соның ішінде Башкирия мен Қазақ өлкесіне де ұлттық-территориялық автономия берудің мүмкіндігі мен қажеттігі туралы пікір айтылды. ...Елге қайтар алдында делегация Сталинге елдегі қалыптасқан жағдайды түсіндіріп кетті: мүлдем қарусыз, әлі толық ұйымдаспаған, бұрын әскери қызметте болып көрмеген қазақтар кеңес өкіметін мезгілінен бұрын, ашық, белсенді түрде қолдап шығатын болса, Орынбор мен Орал казактары тарапынан жаппай қырғынға ұшырауы мүмкін, сондықтан да қазақ зиялыларының міндеті – қазақ жігіттерінің казактар жағына шығуына жол бермеу, казактардың қатарын қазақтардың есебінен толықтырылуын болдырмау – керектігі айтылды. Жолда, Саратов қаласында, өкілдік мүшелері...» тұтқындалды.
Өйткені мұндай нысаналы адамдардың азаттықта жүруі кеңес өкіметі үшін аса қауіпті әрі «намысқа» саналатын.
Сондықтан да пролетариат көсемі Ленин «Алашорда» үкіметіне о бастан екіжүзді саясат ұстанды. Оларды бетпе-бет келгенде сондай бір безбүйрек «бауырмалдықпен» бауырына тартып, «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Қаулыға қол қоя отырып, ту сыртынан Орынбордағы әскери кеңеске:
«Алаш-орда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды»,– деген (Д.Сүлейменова, «Алашорданың батыс бөлімінің тарихы...», 10-бет) дұшпандық тапсырма берді.
Кеңес өкіметінің жазалаушылары алаш азаматтарына «көрсететін көресісін» кейінге қалдырып жатпады. Мәскеуден қомақты қаржы көмегін алып, қыр еліне қайтып бара жатқанда, жолда Саратов қаласының вокзалында Х.Досмұхамедов пен оның серіктерін большевиктердің ықпалындағы Саратов совдепі (жұмысшы, шаруа және солдаттар кеңесі) тұтқынға алды.
Шұғыл түрде шақырылған Атқару комитетінің мәжілісінде төраға В.П.Антонов-Саратовский:
«Кеше маған Орал кеңесінің мүшелері: алдыңғы шептегі жасақтар бірнеше адамды ұстап, олардың күдік тудыратыны туралы ілеспе хат бар, – деп осында алып келді. Сөйтсе, олар Петроградқа барып қайтқан қазақ жер басқармасының өкілдері екен, қолдарында Халық комиссарлар кеңесінің арнайы құжаты бар. Мен оларды тұтқында ұстаудың қажеті жоқ және байланысымызды шиеленістіруге болмас деген оймен босаттым. Олар: «Халық комиссарлары кеңесі (Орал) жер басқармасына арнайы комиссар жібермек еді, ол комиссар әлі тағайындалған жоқ, сондықтан да орталық бізге арнайы комиссар жібергенше, Саратов совдепі өз өкілін жібергені дұрыс болар еді», – деген өтініш білдірді. Жандарында орталық бөлген аса көп мөлшерде ақша бар болып шықты. Оларды осы мәжіліске жіберіп, пікірлерін тыңдауды өтінемін»,– деген («Алашорда қозғалысы», 2 том, 143-бет) ұсыныс жасады.
Ұсыныс қабылданды. Қалыптасқан жағдайда шарт қоя сөйлеу қатерлі еді. Сонда да Х.Досмұхамедов:
«Мен бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің мүшесімін. Барлық қазақ облыстары кеңеске қарай бейімделуі тиіс. 8 кеңес (бөлімі) болуы керек. Орталық басқарма Семей қаласында орналаспақ. Қазір ондай кеңес жоқ. «Алашорда» кеңесін өзге де өкілдермен толықтыру көзделген. Шындығын айтқанда, бізде кеңесті ұйымдастыру қиыншылыққа соғады. Оны ұйымдастыратын да ешкім жоқ. Жұмысшы да, солдаттар да бізде жоқ. Бізде тек қана жер басқармасы ғана бар, соны ғана сақтауды ұйғардық. Халық комиссарлар кеңесі: Қазақ ісі жөніндегі комиссариат – ұйымдастыруды ұйғарды. Орталықта біз: совдептердің жер басқармасына ешқандай зиян келтірмеуі туралы шешімді Саратовтағы, сондай-ақ Оралдағы совдептерге хабарлауды өтінгеміз. Осылай жүруге бір апта қалғанда, казактардың Орал кеңесін таратқаны және олар біздің жер басқармасымен тіл табыса алмай, олардан толық бағынышты болуды талап етіп жатқаны туралы хабар алдым. Енді оларға қалай жетудің амалы барын білмейміз»,– деп жалпы жағдайларынан мағлұмат берді.
Бірақ олардың қандай шешім қабылдайтыны белгісіз еді. Әсіресе, миллион сомдаған қаржы қызылдардың да көзін қызартқаны, оны қалайда алып қалуға тырысқаны кеңес мүшелері:
Степановтың: «Орал кеңесінің мүшелері сымсыз байланыс арқылы бізге басқаша мәлімет берді. Казак әскери үкіметінің шешімімен орталықтан қомақты ақша алып, оны бізге қарсы жұмсауға жіберілген өкілдер осылар емес пе. Бұлар Орал кеңесінің рұхсатынсыз кетті»;
Банкрицердің: «Қағаз мылтықпен өзімізді атып жүрмесін. Біз олардың тілінде түк түсінбейміз. Мен олардың Сейіт деген біреудің ысқырығымен жүретінін ғана білемін. Ұстап қалмайық, бірақ Үндеуге сеніп қалуға болмайды»;
Фолькиннің: «Қазақтар Омбыда Уақытша үкіметке қарсы шыққан, алайда қытығын басқан соң оны мойындады. Кеңес өкіметі орнағанда оны да мойындады. Бұларды казактардан оқшау ұстап, Үндеуді тарату керек»;
Аты-жөні белгісіз біреудің: «Жер басқармасына он миллион сом сұрау үшін кеңестің рұқсатынсыз орталыққа кеткендер туралы естігемін. Комиссияның құрамындағы Попов – оңшыл эсер, Досмұхамедов – конституциялық демократ. Әрине, бұларды бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады, бірақ комиссия мүшелері өте күдікті адамдар»,– деген пиғылдарынан анық танылады.
Әскери төтенше жағдайға сәйкес қазақ қайраткерлері өз қауіпсіздіктерін сақтау мақсатында сол екі арада Ұлт мәселесі жөніндегі халық комиссары комиссар И.Сталинге:
«Саратов совдепі уралдық казактарға тосқауыл қоюға кірісті. Орал қаласына баратын жол әскери бақылау астында, жүруге қауіпті. Саратов қаласының вокзалында өздерін: Урал совдепінің өкіліміз деп таныстырған белгісіз бір адамдар бізді тұтқынға алды. Алайда Саратов совдепі бізді босатты. Біз: Комиссарлар кеңесімен жүргізілген келісімнің нәтижесін түсіндіріп, казактардың арандатуларына ұрынып қалмауы туралы қазақтарға үндеу жарияладық. Комиссарды тездетіп тағайындауға және Халкомның жанындағы қазақ комиссарын Урал совдепіне жіберуге тырысыңыздар. Саратов совдепі арқылы: жер басқармасының өкілдеріне күш көрсетпеу туралы телеграф арқылы қайталап хабарлауды ұмытпаңыздар. Жер басқармасына қазір тиіспесін. Бізбен Саратов совдепі арқылы хабарласыңыздар»,– деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 441-бет) жеделхат жолдап үлгереді.
Құзырлы хабардың ырқына көнген В.П.Антонов-Саратовский қазақтарды жақтай сөйлеп:
«Қазақтар әлі алғашқы қауымдық құрылыс деңгейінде өмір сүреді. Тап жігі толық анықталған жоқ. Олар малдың басына қарап адамға баға береді. Сондықтан да кеңес мүшелері мен жер басқармасында істейтіндердің құрамы бірдей шығар. Күштеп тап күресін жүргізудің қазір қажеті шамалы. Ол кері нәтиже беруі мүмкін, қазақтар мен казактардың арасы онсызда шиеленісті дамып келеді. Әрине, кедей қазақтарға көмектесеміз. Орал казактарымен байланыс жасағаннан кейін біз бұлармен арадағы қарым-қатынасымызды ретке келтіріп қалдық. Біздің азық-түлік жөніндегі комиссарларымыз олармен тиімді айырбас жасай алады. Олар бізге ет пен жүн береді. Ал мына жағдайға келетін болсақ, онда қазақ халқының өкілдері: кеңес өкіметінің маңызын түсіндіріп, казактарға қосылмау туралы Үндеу жарияласын. Оны майданға аэропланмен жіберу керек, сондай-ақ үндеу «Хабаршыға» жариялансын»,– деген ұсыныс жасады.
Еріктен тыс жазылып, «жергілікті Губаткомның техникалық құралдарының көмегімен басылып, аэроплан арқылы таратылған бұл Үндеудегі:
«Бүкілқазақтық халықтық «Алашорда» кеңесі кеңес өкіметін – Россия федеративтік республикасын мойындады және Халық комиссарлары кеңесімен байланыс орнатты. Халық комиссарлары кеңесі жанынан таяу күндері Қазақ ісі жөнінде комиссариат құрылады, көп өтпей Қазақ автономиялы өлкесі туралы декрет жарияланады. Халық комиссарлары кеңесінің 1 сәуір күнгі №335 қаулысына сәйкес Уралдан сыртқы облыстар бұрынғы өзінің қызметіне кіріссін. Бұл туралы төменде қол қойғандар сіздерге хабарлай отырып, мынаны ескертеміз: барлық қазақ жер комитеттері мен ұйымдарын, сондай-ақ Уралдың сыртындағы Орал облысының қазақтарын кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір қарсы әрекетке бармауын және ешкімге ешқандай жағдайда көмек бермеуін өтінеміз. Қазақ ағайындар, естеріңізде болсын, сендердің ерікті ұлт болып өмір сүру құқықтарыңды еңбекшілдердің кеңес өкіметі мойындап отыр, орыс пролетариатының осы саяси парасатын бағалай біліңіздер!»,– деген «Алаш автономиясының» мойындалуы туралы сүйінші хабарды исі ұлтқа жеткізген де Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер болатын.
Бұл да жағдайға орайластырылған оңтайлы амал еді. Дегеніне жеткен Х.Досмұхамедов:
«Біз Саратов кеңесі сияқты ірі кеңестің қарауында және ықпалында болғымыз келеді. Сіздерде – астық, бізде – шикізат бар. Қазақтарға үндеу жариялаған дұрыс. Атқарушы комитет мұны таратуға көмектесер еді. Біздің халқымыз қараңғы, оны казактар пайдаланып кетуі мүмкін. Байланыс орнату үшін өкіл жіберген дұрыс. Біз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Қазақтарды казактардан оқшаулай отырып, олармен күресер едік. Біз Орал қаласына кіріп, кеңестерді ұйымдастырар едік. Казак атты әскерлерінің пайдалануына мүмкіндік бермес үшін, қазақтарға жылқыларын алыс түкпірге әкетуге шақырар едік»,– деген сенімсөзді желеу етті.
Ақыры большевиктер ырғаса келіп: қазақ өкілінің мағлұматына орай қазақтардың кеңес өкіметі жағына шыққанын мақұлдап, олармен саяси және экономикалық тығыз байланыс жасауды қолдап, үндеу таратып, Саратов совдепінің мұсылман тобынан комиссар жіберуге шешім қабылдады. Осыған орай Х.Досмұхамедов:
«Еңбекшілер еліне қазақ халқының атынан алғыс айтамын, бізге жаны ашыған жалғыз үкімет – кеңес өкіметі. Біз автономия алу жолында ұзақ күрестік, бірақ, кеңес өкіметінен басқа бір де бір өкімет біздің ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Мұндай түсіністікті біз ешқашанда ұмытпаймыз»,– деп еруге қару қайырды.
Сөйтіп, олар кеңес өкіметінің ажал тырнағынан бірінші рет осылай аман құтылды. Ең бастысы – халыққа арналған қаражатты аман-есен сақтап қалды. Әрине, бас амандығына не жетсін, бірақ мына қаржының құндылығы – оның қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қызмет ететіндігінде еді. Сондықтан да басты бәйгеге тігуге тұрарлық тәуекел сапары еді бұл.
Иә, бұл жолы аман шығуы – шықты, бірақ сол жолы Саратовтағы мәжілістегі белгісіз большевиктің:
«Досмұхамедов – конституциялық демократ», оны «бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады», «өте күдікті адам»,– деген мінездемесі Халел Досмұхамедовтің қалған ғұмырына көк бауыр болып жабысты.
«Батыс алашорда» қайраткерлеріне берген мінездемесінде большевик Ә.Әйтиев:
«Досмұхамедов Халел – дәрігер, орыс тақылеттес шенеунік, мансапқор, мінезі тұйық, қулығымен кез-келген адамды жаңылыстырады. Оның өз күшіне сенгені соншалықты, ең ауыр авантюраға да бара алады. Көзқарасы жағынан монархист, Михеевтің бірінші ме, екінші ме (адамы), әйтеуір Дутов, Толстов, Мартыновтардың оң қолы»,– деп жазды.
Саясаттың құралы – амал, айла. Қысылтаяңнан – қиялап, тығырықтан – тізерлеп, ажалдан – арбап жол табатын айлакер қаракеттің иесі ғана саясат мінбесіне көтерілуден дәмелі. Соңынан ел-жұртты ерте алатын көсемдік – мансапқорлық болып табылмайды. Сондықтан да орта қол көсем-коммунист Ә.Әйтиев: Х.Досмұхамедовтің көсемдік қасиетін – мансапқор; қиыннан жол табатын айлакерлігін – авантюрист, арандатушы; қатал билік иесін – атамандардың «оң қолы», – деп түсінген деуге толық негіз бар. Ендеше, өзінің ата жауы – казак атамандарымен келісімге баруы бұл «мінездемелерді» толық ақтайды. Себебі:
«Батыс Алашорда үкіметінің ұйымдастыру жұмыстары осылай қыза бастаған кезде, қазақтардың ұйымдаса бастағанын сезген генерал Дутов – Орынбор жағынан, Орал әскери үкіметі – екінші жақтан Қазақ автономиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы науқан жүргізе бастады. Сол кезде Дутов Орынборды басып алған болатын, ал Орал казактары қызылдардың шабуылын тойтарып тастаған еді. Генерал Дутов: «Қазақ автономиясы бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егер осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды», - деп жаулық ниетін ашық білдірсе, ал Орал Әскери үкіметі, оның төрағасы Фомичев тылдағы қазақтардан келіп отырған қауіп туралы жар сала бастады. Казактармен қақтығыс сол кезде қазақтар үшін өте тиімсіз болатын, осыны ескерген Қазақ үкіметі Орал әскери үкіметімен одақтық шарт жасауға мәжбүр болды. Шарттың негізі төмендегідей басты баптардан құрылды:
1. Қызылдар казактарды өз территориясынан ысырған жағдайда «Алашорда» үкіметі казак әскерлеріне, олардың босқындарына пана береді; 2. Қазақ әскери бөлімдері казактармен бірге майдандағы ұрыстарға қатыспайды және тек өз территориясын ғана қорғайды; 3. Казактар қыр елінің ішкі өміріне араласпайды және Қазақ үкіметіне қару-жарақ, әскери жабдықтармен көмек көрсетеді.
Бекітілген шарттың осындай ережелері қазақтар үшін тиімді болды, өйткені, сол кезде майдан шебі қазақ даласынан алыста болатын, сондықтан да «Алашорданың» қызыл армиямен қақтығысуы мүмкін емес еді. Ал казактар қыр еліне қарай шегінген жағдайда оларды «қалай қарсы алу» керектігін қазақтар жақсы білді және оны кейін іспен дәлелдеді де. Сонымен қатар келісім-шарт жасалу фактісінің өзін «Алашорда» үкіметі әдейі дәріптеп, орынды пайдалана білді, шарт Алаш автономиясының қас жауларының үнін өшіріп, басталған ұйымдастыру жұмыстарын әрі қарай жүргізе беру үшін Қазақ үкіметіне азды-көпті қолайлы жағдай жасады».
Мұндайда, өзара келісімге қарамастан, кеңес өкіметімен «жауласудан» басқа қазақ үкіметінің қолында өзге қауқар жоқ болатын. «Халық мұғалімі» С.Тұрынтаев мұны да қалт жібермей жоғарыдағы Ә.Әйтиевтің мінездемесін:
«Тұрғындар сайлаған өкілдердің басы қосылған облыстық құрылтайда Х.Досмұхамедовтің және оның қолжаулықтарының қысым көрсетуінің салдарынан тек оларға пайдалы қаулылар ғана қабылданып отырды. Х.Досмұхамедов пен оның жақтастары кеңес өкіметінің нағыз дұшпандары. Олар большевиктерді тұтқындап, атып, тонау үшін хохолдар мен қазақтардың ауылына халық жасақтарын жіберді. Мүмкіндік туа қалса большевиктерге қарсы қолына қарулы қарсылық көрсетуге дайын тұрды, мысалы, Ойылды алған кезде олардың халық жасақтары соңғылармен (кеңес әскерімен – Т.Ж.) шайқасты. Олар амалы қалмаған соң, ешқайда қашып құтыла алмайтын болған соң ғана большевиктер жағына шықты, олар Кавказға өтіп кетуді де қарастырды, бірақ ондағы қымбатшылық пен соғыс жүріп жатқанын біліп, тоналып, оққа ұшып кетуден сескеніп, күн көрістік күйлері болмағандықтан да райларынан қайтты. Сонымен қатар жасалған кешірім де олардың үмітін (большевиктерге қолға түсе қалған жағдайда өлтірілмейтініне көздері жеткен соң) оятты. Кеңес өкіметін мойындау туралы қаулы шыққаннан кейін Жаһанша Досмұхамедов: кеңес өкіметінің қолына түссек атыламыз, құрып кеткенде 4-5 адамның атылатыны анық. Егер де қашып кетуді көздесек, онда жер басқармасының біраз мүшелері біздің соңымыздан ермейді, өйткені қауіп-қатер көп – деген болатын. Х.Досмұхамедовпен бірге...»,– деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 274-275 беттер) толықтырып, бұдан әрі «халық жауларының» (!) аты-жөнін (1920 жылы – !!!) тізбелей жөнеледі.
Жалпы мінездеме жағына келгенде «Алашорданың» өзге қайраткерлеріне қарағанда Х.Досмұхамедовтің жолы бола бермепті. Тіпті М.Әуезов те өзінің түрмедегі жауабында оған «қабағын шыта» баға беріпті.
Тағдырдың таразысына таң қаласың. Жоғарыдағы «қызылдардың қызыл көзі түскен» ақша «қызыл көзқарасты» кеңес тарихшысының да көкірек құртын қоздырыпты. Қазақ ССР Жоғарғы сотында «Алашорда» ісі ақталуға бет алғанда Л.Ж.Күдерина әкесі Мәжит Күдеринді ақтау туралы КПСС орталық комитетіне хат жазып, жалпы алаш ардагерлерін ақтау туралы мәселе көтерді. Бұл хатқа кеңестік идеологияның көрнекті маманы, партия тарихы институтының директоры Б.Төлепбаев жауап бере келіп, Х.Досмұхамедовке:
Достарыңызбен бөлісу: |