Оқытушы-дәрігермін, Орал облысында туғамын, 1920 жылы Мәскеуден ауысып келдім, әйелім және 1 жас пен 12 жас аралығындағы 4 балам бар, Түркістан мемлекеттік университетінің ординатор – дәрігерімін, кеңес өкіметіне көзқарасым дұрыс, ескі өкіметтің тұсында полицияда қызмет істегемін жоқ,– деп анықтама берген.
Институтта педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық және физика-математика бөлімдері болған. Х.Досмұхамедов бір жылдың ішінде институт пен оның жанындағы педучилищеге ортақ 5 бөлмеден тұратын 8 орынды емдеу лазаретін ашады. 1920 жылдың 1 қазанынан мұнда А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, К.Жәленов, Х.Болғамбаев, Қ.Қожықов, Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байтасов, Д.Сәрсенов, С.Өтегенов, П.Құлтасов, Е.Табынбаев оқытушы болып орналасты. Кейін бұлардың қатарына Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов, Ж.Күдерин де қосылды.
Міне, сол кезде Орынбордан «астыртын ұйымның партизаны» Д.Әділев те келеді. Ол жыл толмай, яғни:
«1922 жылы 19 ақпан күні: оқу-ағарту комиссариатының қызмет тапсырмасына орай 16 ақпаннан бастап азамат Әділев институттағы қызметінен босатылады» (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 11-бет).
Бұл – Дінше Әділевті «қызыл партизаннан дала қарақшысына» айналуға бастаған, ең соңында «алашордашыларды» жаппай түрмеге тоғытқан тұйық жолдың алғашқы қадамы, том-том тергеу ісіне тіркелуге тиісті бірінші құжат болатын.
Сол қысқа мерзімде ол «ешкім құқық бермеген, ешкім мойындамаған», 1921-1922 жылы құрылған «астыртын ұйымның құпия мәжілісін өткізіп» үлгереді. Сөйтіп Д.Әділевтің:
«Дулатовтың қонақүйдегі бөлмесінде өткен Ташкенттегі ұйым мәжілісіне Дулатов, Иса Қашқынбаев, Халел Досмұхамедов, Ермеков (– ?), Кәрім Жәленов, Ақмолда Ізтілеуов қатысты. Уәлихан Омаров пен Дулатовтан басқасын бұрын танымайтынмын. Сіз білесіз бе, білмесеңіз айтайын, содан кейін Ташкентте Орта Азиядағы үйлестіруші топ ретінде ашылған ұйымның бас қосуы өтті. Орынбордағылар бұл топтан хабарсыз болатын. Олар орынборлықтардың мақсатын қолдады. Ұйымдастыру шарасы қаралып, әр қаладан сенімді адам тауып, сол қалада шағын топ құру мәселесі талқыланды. Ақмоладан, Семейден бөлімше ашу ұсынылды. Ондағы басты сенгеніміз Ермеков пен Ғаббасов болды. Айтпақшы Петропавл мен Семейде ұйым бұрыннан бар екен ...»,– деген көрсетіндісі Х.Досмұхамедовті және оның майдандастарын түрменің табалдырығынан аттатты.
Сонымен, 1930 жылы 14 қыркүйек күні: ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің Каз ССР-і бойынша өкілі Попов, Қылмысты істер кодексінің 58/7 58/33 59/3 баптары бойынша айыпталған Мұхамеджан Тынышбаевтің үстінен қозғалған №2370 істі қайта қарап шығып, осы істе тергелетін қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымының мүшесі ретінде:
1883 жылы Гурьев округінің Қызылқоға ауданында туған, Алматы қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, шаруадан шыққан, жоғары білімді, мамандығы дәрігер, КазГУ-дің профессоры, партияда жоқ, үйленген, қарамағында асырайтын 5 адамы бар, 1920 жылдан Қазақстанда тұру құқы шектелген, сотталмаған және тергеуде болмаған Халел Досмұхамедовті:
астыртын ұйымға белсене қатысқаны үшін,
өкімет пен партияның Қазақстанда жүргізген шаралары мен науқандарына бөгет жасау үшін жерге орналастыру,
мәдени-ағарту мен оқу орындарындағы, баспасөз мекемелеріндегі қызметкерлерді өз ықпалдарында ұстағаны үшін,
Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік еткені үшін,
сондай ұйымды Қазақстанда құруға ұмтылғаны үшін,
көмек алу үшін шет елмен байланыс жасағаны үшін,
соның ішінде капиталистік елдерден қару алуға ұмтылғаны үшін,
сөйтіп ақырында кеңес өкіметін құлатып,
оның орнына буржуазиялық-демократиялық мемлекет орнатпақ болғаны үшін ҚІК-нің 128 бабына сәйкес» – Шынәлі Мұсаевпен, Серікбай Ақаевпен бірге тұтқынға алу туралы қаулы шығарды.
1930 жылы 4-сәуір күні «Алашордашылардың» алдыңғы тобының үкімі шығып, Мәскеуге жөнелтіле салысымен олардың екінші легінің бәріне ортақ жоғарыдағыға қосымша:
«Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құру үшін қасахна Ташкентте бас қосқан»,– деген айып тағылды.
Мұндай формулировканың қойылуына қазақ қайраткерлері де, біз мақтаныш етіп жүрген тұлғалар да, соның ішінде – Қазақстан үкіметінің төрағасы С.Сейфуллин мен Түркістан республикасының төрағасы Т.Рысқұлов та өз «үлестерін қосты». Т.Рысқұлов «партиялық тазалау» науқанында Сталинге екінші рет жолдаған құпия хатында:
«(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ – 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқоршыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды – ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» – кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерс басқарған кезде) Орынбордағы контрревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды»,– деп алашорда қайраткерлерінің Ташкентке шоғырлануын жеке басына ғана емес, кеңес өкіметіне төнген қауіп ретінде бағалады.
Ал С.Сейфуллин оларды «қоғамның шірінділерінің» қатарына қосып:
«Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов сияқты шірінділерді және контрреволюциялық әрекеттері үшін біз Қазақстаннан қуып жіберген контрреволюционер жазушыларды Төреқұлов пен оның жолдастары Ташкентке жинап алды, қолтығына алды, қасақана жауапты қызметтерге қойды, негізінен, ташкенттік қазақ басылымдарына, қазақ пединститутына, қазақ-қырғыз ғылыми кеңесіне т.б. орналастырды»,– деп саяси баға берді.
Осы арада мынадай орынды сұрақ туады: бұл «шірінділерге» Қазақстанда тұруға рұқсат етілмесе, туған елінен С.Меңдешев пен С.Сейфуллин «қуып шығарса»; Сталиннің күдігі бойынша: алашордашылардың Ресейдің ішкі облыстарында тұруы олардың шетелмен байланыс жасауына мүмкіндік беретін болса, Түркістанда «бас қосқаны – басмашылық болып» есептеліп, Т.Рысқұловтың айтуынша «кеңес өкіметіне қауіп төндірсе», сонда олар қайда, қалай, қайтып өмір сүруі керек? Әлде Троцкий сияқты шет елге заңды түрде, не Валиди мен Шоқай сияқты жасырын жолмен эмиграцияға аударылуы тиіс пе еді?
Бірақ оларға мұндай таңдау берілген жоқ және алашшылдар өз елдеріне өзі «қашқын» немесе «оралман» атанғысы келмеді
Араға он жыл салып барып, Т.Рысқұлов та, С.Сейфуллин де сол «шірінділер» мен «жапон империализмінің шпиондарының» қатарына қосылды.
Иә, алдыңғы әфсанада айтып өткеніміздей: отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика құру» туралы мақсаты да бұл үкімді тиянақты түрде заңдастыруға негіз қалады.
2.
Тергеу, қалыптасқан дәстүр бойынша, анкеталық сұрақтарға жауап беруден басталған:
Анкеталық анықтама: 1883 жылы 14 сәуірде Тайсойған қонысында туған. Шаруа отбасынан шыққан. Әкесі мен шешесі кәдімгі көшпелілер, орташа қожалығы бар, үйелмен-сүйелмені көп, күн көрісін күйттеген жандар. Әкесі жоғары оқу орынын бітірерден бір жыл бұрын дүние салған. Артында 10 бала қалған, бұл – 7- бала және екі ұл бар. Үлкен ағасы әкесі қайтқан жылы өкпе ауруынан көз жұмған. Орал казактарының реальдық училищесін бітіріп, Петербургтің медицина академиясына түскен. Бірінші орыс революциясы тұсында студенттік қозғалысқа қатысып, демократиялық бағыттағы саяси-ағарту білімін игеруге ұмтылған, түрлі партиялардың бағдарламаларымен танысқан, бірақ та олардың ешқайсысы, тіпті, қазақ студенттерінің де ұстанымы оны қанағаттандырмаған. Социал-демократтар – тек жұмысшылардың, социал-революционерлер – шаруалардың, кадеттер – ұлыорыстық өктемдіктің мүддесін көздеген, олардың ешқайсысы өзге халықтар туралы тіл-жағын ашпаған, керісінше, оларды арандатқан. Милюковтың:
«Патша үкіметі бұратаналарды тұрпайылықпен және өркөкіректікпен қанап отыр»,– деген сөзі қатты әсер еткен.
1905-1906 жылдары арасында қазақ студенттерімен бірігіп осы бағытта үгіт-насихат жүргізген, «Фикр», «Уральский листок» газеттеріне мақала жазған. Сол үшін абақтыға отырып шыққан. Бақытжан Қаратаевтің мемлекеттік Думаға депутат болуына ықпал еткен. 1910 жылдан бастап ақпан төңкерісіне дейін ауылда дәрігер болған. Оқу-ағарту саласына ынта қойған. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов шығарып тұрған Орынбордағы «Қазақ» газетіне белсене араласқан. Ұлттық-демократиялық ұстанымды жақтаған. Кейін Ә.Бөкейханов жетекшілік еткен ұлттық партияның, яғни, «Қазақ» газетінің бағдарламасын қолдап саяси пікір алысуларға қатысқан.
Жауабының соңын:
«17-жылға дейін қазақ ішінде соц.демократиялық та, соц.революциялық та партия болған жоқ деп сеніммен мәлімдеймін, ал большевиктер туралы айтпаса да болады. Егерде, большевик болдым дейтін қазақ табыла қалса, демек оның – әуелде монархист, одан кейін антифедералист, федералист, содан кейін 1920-1924 жылдары коммунист болған, соңынан барып: «Мен Лениннен де бұрын коммунист болдым», – дейтін Бақытжан Қаратаевтан еш айырмашылығы болмағаны»,– деп аяқтайды.
«Мұхамеджан Тынышбаев және басқалардың кеңес өкіметіне қарсы астыртын контрреволюциялық ұйымы» туралы іс Д.Әділевтен басталып А.Байтасовпен аяқталатын алдыңғы тергеудің заңды жалғасы ретінде қарастырылған. Мәскеудегі Бутырка түрмесіне айдауылмен жөнелтілген А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Бірімжановпен бірге Д.Әділевті, Ә.Байділдинді жібермей, тергеушілердің оларды Алматыда алып қалуында үлкен мән бар. Д.Әділевтің «астыртын ұйымның кестесінің» және Ә.Байділдиннің әшкерелеуші көрсетінділерінің негізінде «Алашордашылардың» екінші тобын тұтқынға ала бастады. Мәскеуге жөнелтілген тергеу ісінің уақытша кері қайтарылуын өтініп жазған ОГПУ бастығының қызмет бабындағы хаты соған дәлел. Ал Х.Досмұхамедовке қарсы Д.Әділевтің:
«Халел Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Иса Қашқынбаев, Уәлихан Омаров отырыс өткізіп, ұйымды кеңейтудің жолдарын қарастырды, оның әдіс-тәсілдерін ойластырды. Бағдарламаны Халел Досмұхамедов жасады. Мақсаты: большевиктер құлаған соң Қазақстан буржуазиялық-демократиялық ұлттық тәуелсіз республика болмақ. Құрылтайда Ата Заң қабылданады. Әскери құрылым бір орталықтан – Түркиядан басқарылады. Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түпнұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты. Орынбормен байланыс үзілген жоқ. Бірақ онда тек қана Байтұрсынов қалды. Өйткені Дулатов пен Әлихан Бөкейханов Семейде тұтқындалып, кейіннен Орынборға айдауылмен әкелінген болатын. Сәрсенов пен Елдес Омаров та жоқ болатын. Олардың Семейге барған-бармағанын білмеймін. Өзбектерден ұйымға Миржалилов өкіл ретінде қатысып, Жәленовпен бірге жүрді. Бұл оқиғаның барлығы 1921-жылдың аяғында, 1922-жылдың басында өтті»,– деген көрсетіндісі айғақ ретінде пайдаланған.
Тергеу барысында қилы-қилы қитұрқы арандату тәсілдері қолданылған. Алдыңғы тергеулердің тұсында тақыстанған «төтенше комиссияның мамандары» екінші топта жауапқа тартылғандарға ерекше дайындықпен келген және жауаптарын тиянақты түрде хаттап, бірден Д.Әділев көрсеткен «астыртын ұйымның жұмысы» туралы сұрақтан бастаған. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовке тағылған айып та, қойылған сұрақ та, олардың реті де бірдей. Соған орай қайтарылған жауап та мазмұндас. Олардың алғашқы көрсетінділерінде абдырап қалғаны байқалады. Ол көрсетінділерде астыртын ұйымның болғанын мақұлдауға бейімділік бар. Ал кейінгі жауаптарында: ешқандай да ұйым болған емес, тек көзқарасы ұқсас адамдардың екеуара пікір алысуы ғана болды,– деген уәжді ұстанады.
Мұндағы қарастырылған жайлардың мазмұны мен қисындары, себеп-салдары алдыңғы тарауларда, әсіресе, Д.Әділевке қатысты тұстарда барынша қамтылғандықтан да және қайталауға ұрынбас үшін біз мәтіннің арасына өзгелердің жауаптарынан қысқаша дәйек бере отырып, жалпы жауаптың өзін бөліп-жармай толық беруге ұмтылдық. Сондай-ақ бір сарынды, қайталана тәптіштелген хаттамалардың ішінен негізділерін таңдап тәржімаладық. Біздің пайымдауымызша, сондай кең ауқымды мәтіннің бірі – Х.Досмұхамедовтің қарашаның 6-жұлдызы күнгі жауабы. Мұнда алдыңғы және кейінгі сұрақтарға берілген жауаптардың басы қосылып, тұтастық сыпат алған. Сонымен:
«1930 жылы 6-қараша күні айыпталушы Халел Досмұхамедовтен алынған тергеу жауаптарының хаттамасы.
Х.Досмұхамедов: «1). Ташкенттегі қазақ зиялыларының контрреволюциялық ұйымы бізге дейін де болуы мүмкін. Оған біз қатысқан жоқпыз. Ал Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22-жылы құрылды да, 24-жылдың басына дейін жұмыс істеді».
М.Тынышбаев: «1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22-жылы сәуір айында Заки Валидовтің сөзінен білдім».
Ж.Досмұхамедов: «Халел Досмұхамедовтің сөзінде жалғыз-ақ шындық бар. Ол жоғарыда айтылған келеңсіз отырыс қана».
Сұрақ-жауаптың келесі хаттамасында Х.Досмұхамедов те, М.Тынышбаев та астыртын ұйымның болғанынан бас тартқан.
«Х.Досмұхамедов (жалғасы): «2). Ұйымның құрылуына шығыс Бұқарадағы оқиғалар мен Заки Валидовтің, Әнуар пашаның келуі ықпал етті».
З.Валидов: «Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді...» (282-бет).
Большевиктердің қасақана арандатуымен Прагада жарияланған бұл құжат «Алаш» партиясының мүшелерін тегістей «шет ел шпионы» етіп шығаруға тікелей себепкер болды.
М.Тынышбаев (жалғасы): «Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Заки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Заки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен – дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есполов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов: бұған қатты қарсы болып: мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды – деді».
Ж.Досмұхамедов (жалғасы): «Бірімжановты Бұқараға жіберу туралы сөз болғанда мен ашулана жауап бердім: «Жалғыз башқұрт (Валидов – Т.Ж.) жалпақ Түркістанның халқын бостандыққа жеткізе алмайды. Оның үстіне ешқашан да қолына мылтық ұстап көрмеген, сөз сатқан өзбектердің күшімен Түркістанды жаулап ала алмайды. Ол халықты адастырады. Олардың ісі сөзсіз сәтсіздікке ұшырайды. Тек жазықсыз адамдарды құрбандыққа ұшыратады. Сондықтан да олармен байланыс жасаудың да, сол үшін топ құрудың да қажеті жоқ, тек сіздердікі сияқты төтенше мекемелердің назарын аударады», – дедім».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): Екінші жағдай: Мәскеудегі оқиғалар және Болғанбаев пен Әділевтің келуі итермеледі. Егер де қазақ коммунистері әлсіздік көрсетіп, еуропалықтардың алдында дәрменсіздік танытпаса, қазақтардың мүддесін қорғай білсе, мүмкін онда бұл ұйым құрылмайтын да еді. Сондықтан да мұндай үстемдік пен өктемдікке қарсы біліміміз бен күшімізді пайдаланып, ұйымдасқан түрде күресу үшін ұйым құру қажеттігі туды. Бұл тұрғыдан алғанда коммунистер де бізді қолдады. Ұйымның алғы шарттары осындай».
Шындығында да, егер өкімет басындағы «голощекиндік националдар» С.Сәдуақасовтың:
«Біз осы не үшін жаға жыртысып, құлшына күресіп жатырмыз? Ал осы бүгінгі шындыққа тереңірек зер салған кісі бар ма? Қазақстанның өзінше республика болғанына 6-шы жыл, ал Кеңес билігіне – 9 жыл, біздің жетістіктеріміз қайда, біз қайда барамыз, кейін не ілгері ме, жоқ әлде орнымызда тұрмыз ба?»,– деген өзекті сұрағын өздеріне де қойып, соған жауап беруге тырысса, мүмкін, алашшыл азаматтар мұндай тәуекелге бармас па еді, кім білсін.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «3). Сұраққа жауап: Ұйымның құрамында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев, Есполов, Әділев Дінмұхамед, Қашқынбаев Иса, Бірімжанов және Жәленов болды».
М.Тынышбаев (жалғасы): «Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды... Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты».
Тергеушінің: «Өзбектерден кім бар еді?»,– деген сұрағы жауапсыз қалған.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «4). Сұраққа жауап: Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз».
Халел Досмұхамедов жетекшілік еткен Ғылым комиссиясы 1922 жылы ғана 622 кітап шығарды, оның 33,7 пайызы қазақ тіліндегі басылымдар.
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «5). Ұйымға мүше ретінде орталыққа жақсы таныс, кепілдік бере алатындай зиялылар тартылды. Төралқасына бес адам сайланды. Әділев: әр адам өзіне жақсы таныс бір адамды тартуға ерікті болсын, – деді. Бұл ұсыныс қазақтардың дәстүріне жат болғандықтан да қабылданбады. Біз коммунистерді іске тартпадық, оларға айтқамыз да жоқ. Негізгі міндетіміз – өзімізге етене таныс зиялыларды ұйымға тарту еді. Түркістандық зиялылардың ішінен Тынышбаевті ғана тарттық, одан басқа ешкімді танымайтынбыз. Біз оның өзімен қоса, онымен рулас туыстары да біздің соңымыздан ереді деп үміттендік. Жалпы ауылдық жерлерде рулық белгі басты қызмет атқарады, бұл арада ол біздің ұйымға да өз септігін тигізеді деп ойладық».
М.Тынышбаев (жалғасы): «Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «6). Сұраққа жауап: ұйымның саяси және экономикалық бағдарламасына келетін болсақ, бізге – жалпыға ортақ сайлау құқығына негізделген Халықтық Ұлттық Демократиялық Республика керек деп есептедік. Мемлекеттік өкілетті заңды орган – Парламент болуы тиіс. Президенттік басқару мәселесі талқыланған жоқ. Ауыл шаруашылық мәселесіне келетін болсақ, онда міндетті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Біз: жерге міндетті түрде мемлекеттік меншік орнауы тиіс, жерге жеке меншік жойылуы керек. Егер де жер билігі мемлекеттің қолыңда болса, онда байлар мен феодалдарды қысып ұстауға болады. Оның есесіне біз европалықтардың жерге қоныстануына қарсы болдық. Жерді ең алдымен еңбек шартымен жергілікті халыққа бөліп беру керек. Қашан қазақтар шаруашылыққа бейімделіп, жерді өзара толықтай игергеннен соң ғана қоныс аударушыларға телімге рұқсат етуге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығы саласында қалыптасқан шаруашылық үрдісін сақтау, қуаң және жартылай қуаң жерлерді суландыру, су реформасын жүргізу, өнеркәсіпті дамыту мәселелері алға міндет етіп қойылды. Ұйымның бағдарламасын мен, Жаһанша Досмұхамедов және Тынышбаев жасады. Бағдарлама кімде сақталғаны есімде жоқ, Әділевте ме, жоқ, Жәленовте ме, білмеймін».
Д.Әділев (жалғасы): «Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады», – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты».
Тергеушіге берілген жауаптағы бұл көрсетінді 1921-1922 жылғы астыртын ұйымның емес, «Алашорданың» мемлекет билігі туралы басты құрылымдық ұстанымы болатын. Онда:
«Россия – демократиялық федеративтік республика болуы тиіс. Федеративтік республиканың құрамындағы әр мемлекет өзінше дербес және әр қайсысының өзін-өзі тең дәрежеде билеу мен мүддесін қорғау құқы болуы керек. Үкіметтің басында Құрылтай кеңесі тұрады, дүбаралығында – Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Дума белгілі бір мерзімге сайлаған Президент билейді. Президент Министрлер кеңесі арқылы басқарады, ол Құрылтай кеңесі мен мемлекеттік Думаның алдына жауап береді. Заң шығарушы өкімет тек қана мемлекеттік Думаның қолында болады, ол үкіметті бақылауға алу құқына ие болады. Тегіне, дініне, жынысына қарамастан барлық азамат сайлау құқына ие. Депутаттарды сайлау бәріне бірдей ашық және жасырын жүргізіледі»,– деп жазылған еді.
З.Валидов: «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық: 1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау. Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда – кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады, – деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылары билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған территориясымен қазақтың құрамына кіру керек – деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық».
М.Тынышбаев (жалғасы): «…Ұйымның саяси-экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): «Марсековтің Шығыс Түркістанға өтіп кеткенін естігенмін, бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. 22-жылдары Шығыс Түркістандағы (жауапта Шығыс Қытайда деп жазылған, ал бұл өңір негізінде Қытайдың батыс өлкесі болып келеді –Т.Ж.) жағдайды талдап, ұсыныс жасау үшін онымен байланыс жасау ісі Тынышбаевқа тапсырылды. Ол Семей арқылы хабар салып, Орынбормен байланысуы тиіс еді. Бұл мәселенің қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ. Алайда бұл біздің басты мақсатымыздың бірі болатын».
Алаш қозғалысы мен «Алашорда» үкіметі көсемдерінің бірі болып табылатын заңгер қайраткер, публицист Райымжан Марсеков (1879-1939) – қазақ қоғамының саяси өмірінен өзінің лайықты бағасын алмаған, өмірінің соңғы беттері құпия қалпында қалған тұрлаулы тұлғаның бірі де бірегейі. «Алашорда» астанасы Семейге ауысқанда оның барлық заңдық, шаруашылық саласын басқарған, Семей губерниялық қазақ комитетінің, Семей губерниялық жер басқармасының, жалпыалаштық уақытша қазақ сотының төрағасы болған Райымжан Марсеков Уақытша үкіметтің, Сібір үкіметінің, кеңес өкіметінің алдында «Алашорда» үкіметінің заңдық билік тұтқасын мойындатуға тікелей және дербес атсалысқан, бүгінгі тілмен айтқанда тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш бас соты болып табылады. Ол:
Достарыңызбен бөлісу: |