Газет – партияның органы, ол көпшілік-қоғамдық газет болып табылады, егерде «Казправдадағы» жолдастар мұны осы уақытқа дейін түсінбесе, онда бұқара халықтың өзі «Казправданың» бетіндегі мұндай мақаласымақпен қоса оның авторын да ысырып тастайды.
Жазушы Мұхтар Әуезов туралы бір сөз. Ол біздің кеңестік жазушы, біз оны жалақор-сыншының қолына бермейміз. Оны осындай сыншылардың жаласынан қорғауға дайын екендігімізді, сонымен қатар оның кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін де көрсететінімізді білдіре отырып, оған өзінің тамаша жазушылық шеберлігін, өзінің көп жылдық тәжірибесін бұрынғыдан да қуатты пайдаланып, бұрынғыға қарағанда да жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіреміз».
Міне, халықтың күші деген осы болса керек. Бұдан асырып білдірген шынайы халықтық көңіл-күй оған дейін де, одан кейін де болған емес. Даңқ тұғырына көтерілген тұста бұдан да артық құрбандыққа дайын екендігін білдіріп, бұдан да көпке уәде берген жағымсақ, мысық тілеу марапаттарға іштей сүйінсе де, көп алдында бетін қайырып отырған. Қысқартып айтқанда, Ділдәбековтің осы сөзі – сөз-ақ. Өкінішке орай, осынау азаматтың толық өмірі туралы мағлұмат әзірше қолға түспеді. Әрине, мұндай өткір де ашық пікірді партияның оқшантайына енді салынған «іші қуыс торсылдақ патрон» Нығымет Жанділдин жақтырмады.
Жанділдин жолдас: «Жолдастар, біз мұнда пікір алысу үшін, кемшіліктерді көрсету үшін жиналдық, сондықтан да авторға көмек көрсету мақсатында оның кемшіліктерін айта отырып, сол қателіктерді жоюдың жолдарын да авторға көрсетуіміз керек еді. Алайда көптеген жолдастардың сөзі мадақтауға айналып барады. Менің ойымша, романның жетістіктері туралы жолдастар дұрыс айтты, бірақ та кейбіреулердің сөзінде ешқандай сын болмады, алдымызға қойған мақсатқа жетпеді.
Соңғы сөйлеген Ділдәбеков жолдастың сөзі шындыққа жанаспайды, оның: «Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді»,– деген пікірімен келісуге болмайды. Бұлай сөйлеу дұрыс емес. Әрине, барлық газеттер сияқты «Казправданың» жұмысында да кейбір кемшіліктер бар, алайда «Казахстанская правда» – тек қана алаяқтар істейтін газет деуге болмайды, бұл дұрыс емес. Газет Қазақстан Орталық партия комитетінің органы болғандықтан да газетті бақылап отырады және ол газетке жетекшілік етеді, сондықтан да «Казправдада» алаяқтардың қызмет етуіне жол бермейді.
Ділдәбеков: Мен «кейбір алаяқтар» дедім».
Иә, Жанділдинге де жан керек. Орталық комитеттің өзі арандатуға итермелеген «Казправданы» қорғамаса өзі де қорғансыз қалатынын білді. Ал шындығына көшсек, «қазақтың домбырасының көзін құртуға» нұсқау берген Орталық комитеттің болашақ хатшысының өзі де идеология саласындағы арандатушы алаяқтардың бірі болып жетіліп келе жатқан. Осы тапсырманы берушілердің біреуі соның өзі де болуы да мүмкін. Жас сыншыл-ойшыл толқынның тағы бір өкілі Зейнолла Қабдолов та мінбеге көтеріліп, екінші кітаптың көркемдік компоненттерін көтермелей көрсете келіп:
«Бұл кітапта да автордың сызып тастауына тиісті кемшіліктер, тіпті, қателіктер бар. Феодалдық тұрмысты суреттейтін тұстарда оны әсірелей әспеттеуден екінші кітап та құр алақан емес. Бірінші тараудағы Құнанбайдың Мекеге аттануы баяндалатын тұс жалпыға ортақ салтанатқа айналып кеткен. Құнанбайды қоршаған адамдар, соның ішінде Абай да бар, тіпті автордың өзі де оған сүйсіне қарайды. Тінібайдың қонақ үйінен аттанып бара жатқан Құнанбай өзінің айналасына өсиет еткен дана сөздер айтады. Соның ішінде: «Үй серігім ғана емес, өмір серігім едің»,– деген де сөз бар (Бұл бәйбішесі Ұлжанға қаратылған сөз – Т.Ж.). Құнанбай шығарып салушыларды қалдырып бара жатып: «Ел мен жерге сәлем айтыңдар»,– дегенді мүлдем қысқарту қажет (шындығында да бұл сөздер кейін өңделді – Т.Ж.). Әсіресе, Ырғызбайдың байлығы ерекше сүйінішпен баяндалады. Құнанбайды бүкіл қала жұртшылығы салтанатпен, сәнмен, жарқын жүзбен шығарып салады. «Үш жирен атты сәнді күйме бай үйдің кең қақпасынан дүрілдей шылдырап, ағындап шыққанда, арба мен салт атқа мініп, шығарып салуға ілескен жұрт саны қалың еді. Құнанбай күймесінің артынан тағы екі күйме шықты. Оның біріншісіне Мәкіш пен Абай мінген. Екіншіде – Тінібек пен бәйбішесі. Осындай мол жүргінші бір көшені өздері алып, даурыға сөйлеп, шаңдата тартып бара жатқанда, кішкене қаланың еркек-әйелі, бала-шағасы түгелімен қақпа алдына, терезе түбіне жүгіре анталап, қадала қарап көпке шейін тарамастан шығарып салысқан» (403-бет).
Жазушының дәл осылай баяндауы бізге де қызықты көрінді. Бұл оқырмандарды байлардың керексіз салтанатынан жеріндірмейді, қайта өзіне тартады. Біздің ойымызша бұл көріністе: Құнанбайдың байлығы мен қуанышы – кедейлердің мұхтаждығы мен көз жасы екенін оқырман қауымды сезіндіре жазғаны дұрыс еді және солай жазылуы да керек».
Міне, Құнанбайдың күймесінің алдын ораған «сақалына буырыл кірген Дәркембайға: «Қарызым кетті мойныңда... Қарызым!»,– дегізген, ал Құнанбайға: «Онда атпасаң бүгін аттың ғой. Мынау менің көріме атып отырған оғың ғой. Алды ғой мынау жағамнан!»,– деп жауап қайыртқан «көзжасының құны» – осы сыннан кейін қосылған болып шықты. Шығарма ұтып, шындық ұтылды ма? Ол арасын әркімнің патша көңіліне тапсырдық. Ал жанына жақын тартып жүрген Ы.Дүйсенбаев та:
«Менің ойымша қазақ әдебиетінің білгірі М.Әуезов кеңес жазушысының міндетін естен шығарып, халықтық сыпатқа не жататынын, феодалдық сыпатқа не жататынын ажыратып көрсетпейді. Тағы бір ескерту: Абайдың пантүркистермен, ұлтшылдармен күресін көрсетудің қажеттігі туралы айтқан жолдастардың пікірлері де дұрыс. Өйткені, Абайдың және өзге де озық ойлы адамдардың қатысуымен өткен өркениетті болашақ үшін күрестегі идеялық қақтығыстар көрсетілуі тиіс. Олар халықты өркениетті идея үшін күресуге, қазақ халқы даму жолына, бақытты болашаққа орыс халқының көмегінсіз жете алмайтынына үндеді. Бұл орынды өркениетті ой»,– деген екі ескерту жасады.
Мұхтар Әуезов өзінің әрі шәкірт, әрі ақылман досының бұл талабын «Абай жолы» романының төртінші кітабында қанағаттандырып, панисламист, пантүркист, ұлтшыл Әзімханды (прототипі – Әлихан Бөкейханов) жағымсыз кейіпкер ретінде кейіптеді. Сөйтіп, өзінің «Алашорда» туралы жазбақ ниетінде жүрген шығармашылық нысанын Абайға әкеп жанықтырды. Бұл да «өркениетті ойшылдың» өз еркінен туған шығармашылық инсан ба, жоқ па, және келер күндердің тарихи шындық туралы көзқарасына үйлесе ме, жоқ па, оған да тоқталып жатпаймыз.Осыдан кейін Филатов жолдас қысқа сөйлепті, ол:
«Мен Әуезовтің «Абай» романындағы феодалдық шындықты суреттеген тұстарындағы авторлық шабытпен суреттелген тұстарымен келіспеймін. Егерде бірінші, екінші кітапты оқи отырып, Абайдың өмірі мен оны қоршаған адамдарға қатысты көріністерге назар салсақ, онда ерекше көркемдік құралдарды, жарқын штрихтарды, мағыналы мәнерді Әуезовтің неге іріктей таңдап алғанын түсінеміз. Егерде Абай мен оған жақын адамдардың өмірі мен қоршаған ортасына қарайтын болсақ, онда жазушы қазақ ақсүйектерінің тұрмысын, дәстүрін, революцияға дейінгі патриархалдық ауылдың салтын тамсана отырып суреттеген екен – деген әсерде қаласың, мұнда олардың құштарлығы емес, автордың соларға құштарлығы анық байқалады. Абай бейнесі өте талантты және қуатты сомдалғандықтан да, бұл қателіктердің бәрін көмескілендіріп жібереді, бірақ жойып жібере алмайды. Әуезов жолдас өзінің осы ұстанымын қайта қарап, революцияға дейінгі ауылды шындыққа жақын етіп суреттеуін қалар едім. Міне, менің айтқым келгені осы еді. Ал мұқым шығармаға қаратылған баспасөз бетіндегі сынға келетін болсақ, ал мұқым шығарма туралы бұл арада айтылған әдеби сынды естігемін жоқ, ондай сынға Маяковскийдің: «Оқырман мен жазушының арасында делдалдар тұрады, ал делдалдардың пікірі қашанда делдал, сұрқайы келеді»,– деген сөзімен жауап бергім келеді».
Ал ол тұста, шынымен де, ет пен терінің арасындағы без сияқты, әдебиет пен саясаттың арасында делдал боп жүрген делдал сыншылар көп еді. Бұдан басқа осыған дейін, осыдан кейін сөйлегендердің ішінде Мұхтар Жанғалиннің пікірі ерекше пайымды, байсалды шықты. Ал М.Әуезовтің өзі М.Ақынжановтың, Ғ.Әбетовтің, Ә.Әбішевтің, С.Бегалиннің, М.Тиесовтің пікірлерін жақсы қабылдады. Кейіннен М.Сильченконың: Әбіш Ресейдегі революциялық қозғалысты білген болуы керек. Автор Михаиловты зорлап сөйлетеді, Абайдың ақындық мектебінің өкілдеріне берілген бағаны қайта қарауы тиіс – деген пікірі үшінші-төртінші кітапты қайта өңдеп жазу барысында еске алынып, өзгерістер жасалды.
Яғни, жазушы «Абай жолы» деп «Абай» романынан бөлек бағалайтын үшінші-төртінші кітап, осы талқылауда айтылған «сыни нұсқаулардың» негізінде саясаттанып жазылғанын байқауға болады. Бұл Н.Жанділдин айтқандай «авторға көмек пе», әлде, көлденеңдеп килігу ме? Бізше, Абайға да, авторға да, көркем ойға да қиянат.
4.
Оның бұл жанталасы осы талқылауда сөйлеген қорытынды сөзінің сарынынан анық аңғарылады. Бұл оның осы үш жыл ішіндегі өзін-өзі қорғаған соңғы және ең жауапты сөзі болғандықтан да және мұнда осы үш жылғы сұрқылтайдың тотты табы анық байқалатындықтан да, сондай-ақ «Абай» сияқты «қазақ өмірінің энциклопедиясы» атанған қуатты көркем ойлы туындының «Абай жолы» атты таптық, төңкерістік, өркениетшіл-орысшыл «социалистік реализмнің үлгісі» саналған роман-эпопеяға қалай және не себептен ұласқандығын көрсететіндіктен де, еш қысқартусыз толық келтіреміз.
Күрделі ойлау жүйесінің иесі, ауызекі сөздің шешені, ішкі толқыны аударылып-төңкеріліп отыратын Әуезовтің осындай ағынан ақтарылған тұсындағы сөзінің ішкі иірімдері өте лықсымалы болғандықтан да, аударма мәтіннің де «лықсымалы» болғанын ескерте кетеміз.
М.Әуезов: «Жолдастар, мен өз сөзімді, уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, біздің жазушылар ұйымына, біздің жұртшылығымызға, біздің қазақ кеңес әдебиетіне, біздің социалистік мәдениетімізге дос көңілмен қарайтын қауымға, менің шығармашылығыма зерелі көңіл бөлген және менің басымнан өткен ең қиын да маңызды кезеңде мені демеген, менің ойымша, қазір де демеп отырған осы жұртшылыққа тереңнен шынайы буырқанып шыққан алғысымды білдіруден бастағым келеді.
Ең алдымен, дәл солай болуы тиіс, мен өзімнің назарымды баяндамаға аудармақпын, осындай шығармалар жөнінде жасалған баяндамалар біздің әр қайсымыздың ұстанымымыздың деңгейін анықтайды, біздің республикамыздың жазушыларының белгілі дәрежедегі сыни ойлау деңгейін көрсетеді.
Жолдас Ахтановтың баяндамасы: – жас толқынның арасынан қуатты күштің, жақсы, алдыңғы қатарлы обьективті сыни ойдың өкілдерінің, әдебиетке жаны ауыратын, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, шығарманың асыл өзегіне бойлай білетін және автормен бірге жақсылығын қуана отырып көрсететін, кемшілігі үшін бірге қабырғасы қайысатын, сол қателерді түзетуге көмек көңілін ұсынатын өте қабілетті жастардың өсіп келе жатқанын танытты.
Дәл осы талқылауда жасалған жолдас Ахтановтың баяндамасындағы романның жақсы жақтары мен кемшіліктеріне тоқтала отырып айтқан пікірлері біздің жазушылар ортасындағы сыни ойдың деңгейінің өрелі деңгейін көрсетті. Өзге де жолдастардың сөзінен де бұл анық байқалды.
Мен осы арада өзімнің әріптестерімнің – жазушылар мен прозаиктердің өте жауапты асыл ойларын тыңдадым. Иә, кеше де, бүгін де роман туралы С.Мұқанов пен кеше төралқа мәжілісінде пікір білдірген Ғ.Мүсірепов жолдастар сөйлеген жоқ.
Романның жарыққа шыққан алғашқы күнінен, 1941 жылғы басылымынан (бастап айтылған пікірлердің ішінен) «Абай» романы жөніндегі Ғ.Мүсіреповтің көлемді пікірі менде сақтаулы. Бұл – терең ойластырылған, өте талантты, аса маңызды пікірдің бірі болды. Әрине, онда да ағаттықтар жоқ емес, сыншылар ғана шығарманы сынап қоймайды, шығарма да сыншының кемістігін сынайды емес пе. Соған қарамастан, осында айтылған кейбір жағымды бағалар мен кемшілікті көрсеткен сыни пікірлер менің екінші кітапты, тіпті үшінші кітапты жазуым кезінде көмек қолын ұсынды. Жазушылардың, сыншылардың көптеген ескертпелері маған «Абай», «Абай жолы» кітаптарының қайта басылымында, әсіресе, осы төрттағанның соңғы қорытынды кітабін жазу барысында көп септігін тигізді, әлі де септігін тигізетін болады.
Осы арада жазушылар айтқан пікірлермен, мен үшін аса қымбат пікірлермен менің міндетті түрде санасуым керек. Мен, көркем проза саласында өзіммен бірге шығармашылықпен айналысып жүрген жауапты ой иелерінің, Мұстафин, Әбішев, Бегалин, Тиесов сияқты прозаиктердің, драматургтердің пікірлерін тыңдадым, мен біздің кейбір сыншылардың пікірлерін де тыңдадым. Олардың бәрі де бір тілекке қосылды, олардың пікірлерінің барлығы да Әуезовтің «Абай» романы – қазақтың ұлы ақынының, ағартушысының асыл бейнесі Абайдың атына сай болуды қалаған адал да қатал талаптан туындады. Бұл бәріміздің де ортақ мақсатымыз.
Сіздердің романның беделін көтергендеріңіз – қазақ әдебиетінің беделін көтергендеріңіз болып табылады, сіздер шығарманың кемшіліктерін көрсету арқылы оны да биік сатыға көтересіздер, оны бұрынғыдан да кемелдендіріп, толыққанды туынды етесіздер.
Оқырмандардың алаңы мен жазушының ойы тоғысқан тұста айтылған мұндай әділ пікірлер, біздің жүздесулеріміздің ең бақытты сәттері болып табылады, осы орайдан алғанда біздің бірлестігіміз – біздің кеңестік Жазушылар Одағы осы ынтымақтың ұйытқысына айналып отыр. Мен өзім бұдан ешқандай жан ауыртатын жағдайды көріп тұрғамын жоқ, көргім де келмейді.
Маған қарата айтылған пайдалы сынды бар ынтаммен, бар қуатыммен, шама-шарқым жеткенше (оның деңгейін сіздер бағалайсыздар) тыңдауға тырысып келе жатқанымды ашық айтуым керек. Менің осы айтқандарымды дәлелдейтін көптеген мысалдар мен дәйектерді келтіруге болады. Мен өзіме пайдасы тиетін кеңестерге мұқият көңіл бөлемін, өйткені бәріміздің де талпынысымыз бір мақсатқа бағытталған.
Роман тек қана орыс тілінің өзінде 4 рет көп данамен басылып шықты, тек қана Свердловскінің баспасының өзінен 75 мың данамен таралды. Тек орыс тіліндегі басылымының өзі жарты миллион данадан асты. Орыс оқырмандарынан күн сайын көптеген хаттар аламын, солардың бірде біреуі романды панисламистік, буржуазиялық идеологиядағы шығарма деп бағаламайды, қалай айтсақ та, зерделі оқырмандар «Абай» романының мақсаты қазақ халқының өмірін бейнелеу деп түсінеді. Сонымен қатар, шетелдік демократиялық республикалардың, соның ішінде польшаның, чехославактардың және тағы да басқа елдердің баспасөзінде оң баға берілген жекелеген пікірлердің мазмұнын да маған баяндап берді.
Егерде мен романға Сталиндік сыйлықтың берілгеніне, «Абай» романы жөнінде жақсы пікірлердің айтылғанына сүйене отырып, менің шығармам қол жетпейтін биікке көтерілді, ол ешқандай сынауға жатпайды десем, оным көрсоқырлық болар еді. Ондай мінез ешқашанда көрсетілмек те емес. Әділ сынға жан пида деп қараймын. Сондықтан да Сильченконың: роман осы уақытқа дейін жаппай мақталып келді, осы мақтау белгілі бір дәрежеде авторға бөгет жасады, – деген пікіріне қосыламын. Мүмкін солай да шығар.
Қазақ тілінде «Абай» тек үшінші рет басылып отыр. Ол бірінші рет 1942 жылы басылып шықты. 1949 жылы оған Сталиндік сыйлық берілді, бұл жылдары біздің жұртшылығымыз қуаныштан жарыла жаздады, романның тек қана жақсы жақтарын ғана ауызға алды. Жұртшылықтың, соларға тікелей арналып жазылған жұртшылықтың өзі романның алғашқы кітаптарын бастапқыда жақсы қабылдаған пікірлері мен үшін өте құнды және маған өте пайдалы әсер етті. Партиямыздың өзі, мұқым кеңес халқы бұл шығарманы құртып жіберуді көздеген жоқ, керісінше: жақсы дүние – жарқырай түссін, ал озық туынды – асқақтай түссін,– деген ниетпен қарады. Мұндай шынайы тілекке қандай автор құшағын ашпайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, достық пейілмен, адал көзқараспен ұсынылған көмек қолына мен де қолымды созамын. Мен өзімнің романыма, оның бірінші кітабына, араға 11 жыл салып барып алыстан көз саламын. Бірінші кітап 1942 жылы шықты, бірінші том шыққаннан бергі арадағы уақытта айтылған сіздердің ойларыңызды, пікірлеріңізді, сындарыңызды, тіпті әлі де айтылмай қалған тілектеріңізді түйсікпен сезіне отырып, шығарманы қайтадан өңдейтін боламын. Әдебиетке жаны ашитын шығармашылық сана иелерінің басқаша ойлауы мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан алғанда өзінің шығармаларын оншақты рет қайта жазған ұлы орыс классиктерінің ұлы дәстүрін қабыл аламыз және үйренеміз. «Фаустың» авторы Гете өзі өлгенше бұл шығарманы 40 рет өңдеген. Ал мен өзімнің романымды осыдан 10 жыл бұрын жазылған қалпында қалай қалдыра аламын. Мен де сол қалпымда емеспін, тарих та сол кездегідей емес, көп нәрсе қайта қаралды. Өткенді бағалауда Әуезов те қателесті, қоғам да қателесті, сол қоғаммен бірге мен де қателестім, аға ұрпақтың өкілі ретінде кей кезде қате ойларымды ұсындым, сондықтан да мен өз шығармаларымды жетілдіре түсу үшін қайтадан қарауға тиіспін, өйткені 10 жыл өткеннен кейінгі қазіргі кезеңде көп түсініктер өзгерді, егерде 10 жыл өткен соң қоғам мен жұртшылық осындай назар аударып, романды өңдеуді талап етсе, әрине, қайтадан қараймын. Мүмкін, біздің көзіміз тірі кезімізде жұртшылық романға жаңа көзқарас білдіріп, жаңа толықтырулар енгізуді ұсынар, Әуезовтің тірі кезінде – оның кітаптары да өлмейді, ол қоғамның барлық ескертпелерін ескере отырып, әлем классиктерінің, соның ішінде өзіміздің кеңестік жазушылардың тәжірибесіне сүйене отырып жетілдіре беретін болады. Осы орайда бізге Александр Александрович Фадеев жақсы үлгі көрсетіп отыр.
Осы пікірге қосымша тағы да бір ой айта кеткім келеді: жазушы өмірді теңшей көрсетуі тиіс және оның туындысы оған қол ұшын берген барша жолдастарға, әр бір оқырманға түсінікті болуы шарт. Авторға көмектесе отырып белгілі дәуірдегі әдеби қозғалыстың кемшілігін аша отырып, сонымен қатар автордың терең де жарқын мақсатты жетістігін де ашық көрсетуі тиіс.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің тарихи қайраткерлігі неге әкеліп тірейді, тек олардың қателіктерін көрсету үшін ғана ма? Жоқ. Ол – қойылған мәселелерді шебер аша біліп, оны бүгінгі күнге сай көрсете білуге әкеп саяды. Пушкиннің «Евгений Онегині» несімен құнды, Гогольдің натуральдық мектебінің құндылығы неде, Лермонтовтың аса көркем де тебіреністі поэзиясының құндылығы неде? Шығарманың жақсылыған айту да көмектеседі, кемшілікті көрсете келіп, қалай жазу керектігін дос ниетпен білдіру де ынталандырады. Бұл біздің кеңестік әдебиет пен кеңес жұртшылығының дәстүрі. Сіздер, кеңес жазушыларының шығармаларының жетістіктерін талдаған сыншылардың, мысалы, Фединнің романдарының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін..., сондай-ақ Якуб Коластың шығармаларының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін Евгений Мазунковтың Сталиндік сыйлық алғанын жақсы білесіздер. Ендеше шығарманың көркемдік сапасы мен жетістіктерін ашып көрсеткеннің бәрі де жағымпаз деп аталады деп түсінген адамдар қателеседі.
Біздің бұл мәжілісіміз баяндамадан бастап содан кейін сөйлегендердің сөзі де өте мағыналы болды. Соңғы екі мәжіліс сыни ой мен сын мәдениетінің соншама өскендігін дәлелдейді. Кейбір жолдастардың сөзін алғыспен еске аламын. Бұл адамдардың біразы, мысалы, Мұстафин, Әбішев, Мүсірепов жолдастар шығарма басылмай тұрған кезде болашақ «Абай» романының бірінші және екінші кітаптарының сыншылары мен пікір білдірушілері болып, өздерінң пікірлері арқылы демеу көрсетті. Жап-жас зерттеушілер, мысалы Лизунова, көптеген тың да пайымды пікірлерді жинақтай жеткізді. Ол өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын өте жоғары деңгейде мәдени түрде жеткізе білді. Әлімқұлов та шығарманың жетістіктері мен кемшіліктеріне байланысты байсалды тұжырымдар мен қорытындылар жасады. Ақынжановтың тарихшы ретіндегі ғылыми пайымдаулары да өте назар аударарлықтай болды. Әрине, барлық жолдастардың атын атап шығуға мүмкіндік жоқ, оны қажет деп те санамаймын, бірақ өткендегі қазақ тұрмысының білгірі Бегалиннің пікірлері өте құнды болды.
Мұның барлығы, романды зерделеу мен талқылау жұмысы өзінің мақсатына жеткендігін, көп нәрселердің ойластырылғанын байқатады. Алайда мұның барлығы осында айтылған пікірлердің не ана кітаптың, не мына кітаптың өңделуіне әсерін тигізеді деген ой тумаса керек. Маған көмектесуге ұмтылған достық тілекті жалпылай алғанда және тұтасымен бағаласам да, мен жолдастардың айтқандарының барлығымен сөзсіз келісемін бе? Олай десем – шындықты айтпағаным. Сіздер де өздеріңіздің әрбір пікірлеріңізді жауапкершілікпен ойластырдыңыздар, мен де аз толғанғамын жоқ. Мен көлемі 1 200 беттен тұратын үш кітап жаздым. Оларды жазған кезде де мен ұзақ ойландым, демек зерттедім, зерделедім, демек, менің де өз ұстанымым, дәлелім бар, оның үстіне бұл туындымен 8 жыл (1942-1950 жж.) жұмыс істеу барысында мен де өте көп толғандым, кейбір ойларымды шығарманың ішіне кіргіздім, ал кейбір сыни ескертпелер романның жекелеген тараулары мен беттеріне, кейде кейіпкерлердің табиғатына, кейде оқиғаның барысына кірікпеді, олардың өзі де қарсы шыққандай болды.
Сіздерге мәлім, сынаған сыншының сынының деңгейін кемел ой анықтап береді емес пе. Сондықтан да осында айтылған ескертпелердің бәрін де қабылдаймын десем, оным дұрыс та емес әрі жалған болар еді.
Екі күн бойы сөйлеген жолдастар біраз байсалды пікір білдірді. Сондықтан да мен осы арада естігендерімді басшылыққа ала отырып, оны келесі кітапта дәнін беретін бүгін себілген тұқым ретінде қабылдаймын. Ал кейбір пікірлерді ойлана жүру үшін есімде сақтап қалдым.
Мұнда айтылған пікірлердің бір парасын дұрыс деп есептеймін де оны жетекшілікке аламын. Тағы бір бөлігін өзімнің еркін де, ерікті, дербес толғаныстарымның еншісіне қалдырамын. Сондықтан да: міне, бүгін сіздер мынадай ескертулер айттыңыздар, ал мен оны ана кітаптың мына жеріндегі ана ескертуді былай түзеймін деп қазір уәде бергенім дұрыс болмайды. Мен бұл кітаптағы көптеген жайларды аса жауапкершілікпен ойлана отырып жаздым, сыни пікірлердің кейбіреулерімен талқыласуға да болар еді. Өйткені кез-келген өнер туындысының тұжырымы: екіні екіге қоссаң төрт болады – деген қағидаға бағынбайтынын сіздер білесіздер.
Алайда барлық пікірлердің ықпалы белгілі бір аумақты қамтитыны да анық. Мәселе, қай қырынан келіп, қандай ұстанымды ұстануыңызда. Өнердің кез-келген туындысына, оның ішінде сөз өнеріне кез-келген өлшеммен қарауға болады. Бұл ретте мен «Абай» романына байланысты осы уақытқа дейін орын алып келген сыңаржақ қатынасты қабылдамаймын, алайда ең ықыласты, әділ әрі мақсатты сынның да көп қыры бар, оны ұсыну үшін де әбден ойланып алу керек. Осы айтылған жайларды ескере келіп, баяндамашыдан бастап естіген ескертпелерді үш топқа бөлгім келеді:
Бірінші топқа жататын ескерулерді менің өзімнің тарапымнан жіберілген ағастықтардың қатарына қосамын да, оларды кейінге ысырмай шұғыл түзету керек деп есептеймін. Олар барлық басылым бойынша өңделуі тиіс. Бұл бірінші топқа кіретін ескертулер.
Бүгін маған жұртшылық көмек қолын соза келді, тебіренбей тыңдай алмайтын нағыз толысқан, терең, шынайы ойларын айтты. Роман жөніндегі ең жоғары пікір 1949 жылғы тарихи шешіммен шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар одан кейін де баспасөз бетінде білдірілген аса мол жарияланымдарға да ұласты, енді, міне, кешегі мен бүгінгі сөйлеушілер де оны жалғастырып отыр. Жұртшылықтың осы айтқандарының ішінде даусыз қабылдап, бүгіннен бастап жүзеге асыруыма тиісті пікірлер бар. Соған қарамастан, осы екінші топтағы пікірлердің өзін де дау айта отырып қабылдаймын. Қайталап айтамын, қайтадан ой сүзгісінен өткізе отырып шешім қабылдайтын пікірлер баршылық. Бірақ та мен осы пікірлердің өзіне де үлкен ризашылығымды білдіремін, олар бірінші басылымда секерілмесе де, екінші басылымда ескерілетін болады. Кейбір жайлар кітаптың жаңа редакциясында енгізілетін болады. Бүкіл өміріңнің тақырыбына айналатын кітаптар болады. Қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін қамтыған осы кітап та соның қатарына жатады. Бұл кітапқа да бірте-бірте өзерістер жасалатыны анық, оның қашан, қандай өлшемде жүзеге асатынын әлі де ойланатын боламын.
Ал үшінші топқа жататын ескертулерді, дұрысарақ айсақ, ескерту емес, шаптығу мен жаланы мойындаудан күйіне бас тартамын, менімен бірге оны біздің барша жұртшылығымыз да кейінге ысырып тастайды, ал жұртшылықтың пікірі – бүкіл кеңес халқының, қазақ халқының пікірі болып табылады және осы жұртшылық, осы халық өзінің рухани құндылығын барлық заңсыз, әділетсіз құралдардың көмегіне сүйене отырып көзін жоюға ұмтылушылардың ашық әрекетіне қарамастан, оны ешқашанда ешқандай да жазалауға жол бермейді. Оны құртуға жұртшылық та, партия да жол бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |