Кейін бір кездескенде Мұхаңнан: Абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе?,– деп сұрап едім, – бар, берейін – деді. Көп кешікпей машинкаға басылған 500-600 беттей мұқабаға түптелген лекция менің қолыма тиді. Мен оны асықпай оқып шықтым. Қолжазба маған өте қатты ұнады. Бұл нағыз ғылыми еңбек екен, Абай туралы мұндай ғылыми зерттеуді мен бұрын-соңды оқып көргенім жоқ. Бұдан кейін Мұхаңды шақырып, қолжазбасын өзіне берерде: оқып жүрген лекцияңыз осы ма, әлде бұдан басқа тағы бірдемелер бар ма?,– деп күліп едім. Бұдан басқа не болушы еді –деп өзі де күлді. Әлгі ұлтшыл деп айтып жүргендері осы болса, бос сөз екен – дедім. Ал мұны неге баспаға беріп кітап етіп шығармайсыз – дегенімде: ондай ойым бар еді, бірақ осындағы кейбір мәселелер жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жүргесін, кідіртіп жүрмін деді. Баспаға даярлаңыз, егер Ғылым академиясының баспасы баспаса, біз басалық. Абай жазушыларға да, академияға да бірдей емес пе, –дегенімде – оның дұрыс екен, ойланайын деді. Бұл еңбек менен кейін жеке кітап болып шықты».
С. Нұрышев (жалғасы): «М.Әуезов жіберген қателер мен бұрмалаушылықтар, оның тек абайтану төңірегіндегі еңбектерімен шектеліп қалмайды. М.Әуезовтің әдебиеттанудағы өзге де еңбектері тура осындай идеялық дертке ұшыраған. 1944 жылы ол қазақтың аударма мысалдарының контрабандалық жинағын құрастырды, өйткені авторының атын атамастан алашорда көсемі Байтұрсыновтың көптеген мысалдарын кіргізіп жіберді. Байтұрсыновтан басқа авторлардың барлығының атының көрсетілуіне қарағанда, Әуезов мұны қасақана істеген. Сонымен бірге Байтұрсыновтың «Қаздар» деген мысалын Абайдың атынан жариялап жіберген...
... М.Әуезов – буржуазияшыл-ұлтшылдықтың рухы өзегінен өткен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының редакторы. М.Әуезовтің басты айыбы сонда, бұл кітаптың авторлары БК(б)П-ның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерін және ҚК(б)П Орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысындағы қазақ әдебиеттануындағы зиянкес «теориялар мен тұжырымдарды», соның ішінде М.Әуезовтің «зар заман тұжырымын» қатаң сынға алып, айыптаған шешімін көзге ілмеген.
Республикалық баспасөздерде М.Әуезовтің: орыс тілінің араласуы қазақ әдеби тілін шұбарлайды, сондықтан оны дыбысталуы бойынша (түпнұсқада – искаженным виде – Т.Ж.) қолдануы керек – деген «теориясы» сыналды. Әуезовтің бұл пікірінің тамыры тереңде. 1918 жылы Әуезов редакторлық еткен «Абай» журналы: егерде орыс сөздері қазақ тіліне кірігетін болса, оған қазақтың тымағын кигізіп, яғни, оны дыбысталуы бойынша (искаженным виде – Т.Ж.) бұзып алу керек – деп жазған болатын...».
Сөйтіп, оның барлық шығармашылық әрекеті туралы мынадай «үкім» ұсынды:
С.Нұрышев (жалғасы):«... Жоғарда келтірілген фактілердің барлығы да М.Әуезовтің әдебиеттанудағы кейпін толық әшкерелеп береді, бұдан оның 30 жылға созылған әдебиеттану саласындағы барлық әрекеті – өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтарға толы болғаны анық көрінеді. Еріксізден еріксіз: М.Әуезов өзінің қателіктеріне сын көзімен қарады ма, қарай ала ма?,– деген сұрақ туады».
Әрине, ол сұрақтың жауабы «жоқ» деген бір ауыз сөз ғана. Қарсы шықсаңыз болды, дәлелі дайын.
С.Нұрышев (жалғасы): «Бір мысал келтірейін... 1951 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетінде осы жолдардың авторының «Абай шығармашылығының бірінші кезеңі туралы» деген мақаласы шықты. Онда М.Әуезовтің абайтанудағы идеологиялық бұрмалаушылықтары жөніндегі қажетті пікірлердің бір бөлігі ғана қамтылды. Бірақ та ол бұл сынға кеңес жазушысы әрі ғалымы ретінде қарамады. Өзінің маркстік ілімге қарсы көзқарасының әшкереленіп қалу қаупінен сескеніп (редакцияның өтініші бойынша оның аты мақалада аталмаса да), М.Әуезов мерзімді баспасөзде біраз мақала жариялады («Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысы, «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас»), онда ол өзінің жоғарыда талданған 1934 жылғы мақаласындағы қателіктерді өктемдікпен қорғап, өзінің қарсыласына шабуылдаумен болды. Әуезов әдебиеттанудағы өзінің көзқарастарын насихаттау және оны тарату үшін ғылыми кадрларды пайдалануға тырысады...».
Әрбір абайтанушы – абайтанудың негізін қалаушы Әуезовтің шәкірті болуға ұмтылуы заңды және ол үлкен ғылыми мектеп емес. Ал «өзі білметін, білгеннің тілін алмайтын» С.Нұрышев үшін М.Әуезов бедел емес еді. Ол М.Әуезовті де, оның шәкірттерін де көзге ілмеді, оларды ғылыми бақталас деп қабылдады. Өзін тұлға ретінде сезінді. Егерде осы жолы М.Әуезов түрмеге түссе – ол арманы да орындалатыны анық еді. Қайран Абай! Күнің кімге түсе жаздаған?!.
С.Нұрышев (жалғасы): «Өзінің зиянды идеялық ұстанымын күшейте түсу үшін М.Әуезов қазақ әдебиеттануындағы «ғылымға қарсы тұжырымын» нығайтуға тырысады. Осы мақсатпен ол Қ.Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебі туралы диссертациясын сондай мұқият дайындатты, онда М.Әуезовтің өткендегі қателері мен бұрмалаушылықтары барынша жинақталған. Диссертация ашық және көлегейлеп жеткізілген маркстік ілімге қарсы материалдарға лықа толып тұрған болып шықты. Алайда Әуезовтің бұл ретте жолы болмады. Ғылыми кеңестің Мұхамедхановка берілген ғылыми дәрежесі қайтарылып алынды, ал оның авторы халық жауы ретінде әшкереленді. М.Әуезовтің осы диссертацияның тарихына байланысты ұстанымы өте өрескел. Ол тек қана идеялық шабыттандырушы ғана емес, осындай зиянды жұмыстың жетекшісі ғана емес, сонымен бірге оппоненті де болды. Ол Тіл және әдебиеттану институтының әдебиет секторында, институттың Ғылыми кеңесінде және Қазақ ССР Ғылым Академиясының қоғамтану ғылымдарының біріккен Ғылыми кеңесіндегі қорғау кезінде де оны қорғап сөйледі. Мұның барлығы, осындай барып тұрған зиянды диссертацияны қорғаштауы, М.Әуезовтің онда аса үлкен жеке мүддесі болғандығын байқатады...»
Шәкірт дайындауға қай ғалым мүдделі емес. Оны ғылыми мұраты мен мақсатына жеткізу жолында қай ұстаз тәуекелге бармайды? Сол да қылмыс па? С.Нұрышев үшін – қылмыс, нағыз қылмыс еді. Өйткені ол мұның өзімен бақталастыратын нағыз ғалымды тәрбиелеп отыр ғой.
С.Нұрышев (жалғасы): «Соңғы уақытта М.Әуезовтің бір кезде әшкереленген «теориялары мен тұжырымдарын тірілтуге ұмтылушылық байқалады. Міне, тура осыған орай партиялық баспасөзде З.Кедринаның М.Әуезовтің шығармашылығы туралы кітапшасы әділ сынға ұшырады. Оның өткендегі қателерін ақтауға, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы оның ұлтшылдық ашық әрекетін бүркемелеуге ұмтылуына дәлел ретінде мына жолдар мысал бола алады: «Өзінің әдеби және қоғамдық қызметінің алғашқы жылдарында жас М.Әуезов революция ісіне шын жүрегімен пайдалы болуға тырысты... Оқу мен әкімшілік жұмысты қатар атқарды (21-бет). Бұл шындыққа сай дәлел емес. Бұл жылдары Әуезовтің кеңес өкіметінің жауы болғаны ешкімге құпия емес, оны өзі де мойындайды. 1950 жылы басылып шыққан «Абай» романына қосымша берілген «Өмірбаянында» ол «1932 жылдан кейін ғана кеңес жазушысы» есебінде қызмет істей бастағанын жазды. Содан кейін З.Кедрина өзінің кітабында М.Әуезовтің баяғыда ұмытылып кеткен зиянды туындысын ақтауға және Абай мектебі туралы жалған «тұжырымы мен теориясын» тірілтуге тырысады. Ол абайтанудың біраз мәселелерін бұрмалап баяндайды. Мұның барлығы М.Әуезовтің тікелей жетекшілігімен немесе үнсіз мақұлдауымен жүзеге асырылып отыр...».
Қастаншықпағыр, бақас ғылымның әурешілегіне» (Абай) түскен С.Нұрышев өзінің ойын осылай баспақтата келіп:
«... Мұхтар Әуезов ұзақ уақыт бойы халық жауларының идеясын насихаттап, олардың өзін қолпаштап келді, сол үшін ешқандай жауапкершілікке тартылған жоқ...»,– деген қорытынды шығарды.
Оның пайымдауынша: қазақ руханияты М.Әуезов бостандықта жүргенде ілгері дамымайды. Өйткені:
«... М.Әуезовтің тарапынан және оның жанашырларының тарапынан жіберілген, әр түрлі форма мен тәсілдер арқылы көрініс берген әрекеттердің барлығы да буржуазиялық ұлтшылдықты ашық немесе бүркемелеп насихаттау болып табылады. Қазақ әдебиеттануындағы ұлтшыл көзқарастар әлі де соңына дейін әшкереленіп біткен жоқ және біздің күресті қарқынды дамытуымызға үлкен тосқауыл қойып отыр».
Сондықтан да ол өзінің, яғни, бақас тобырдың мақсатын:
«Біздің мақсатымыз – буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресті ақырына дейін жеткізуге» ұмтылды.
Яғни, Мұхтар Әуезовті түрмеге қамап, жер аударту. Мұхтар Әуезовтің өз тілімен айтсақ, бұдан артық «тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет».
«Ақырына дейін, тамырына балта шабылғанға дейін күресуге» ант берген Нұрышевтің мақаласына М.Әуезов .
«Бір адамның 30 жыл бойғы еңбегін тұтастай талақ етіп, дөрекі сыңар езулей мазақ етудің сорақы нұсқасын елестету үшін «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабаршысының» №4 санында басылған С.Нұрышевтың мақаласындағыдан артық тірідей теріңді сыпырудың өзге жолын табудың өзі қиямет. Ғылыми мекеменің көшбасшысы бола тұра, алдына «Абай творчествосын зерттеудегі буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» – мыс-деп байсалды ғылыми міндеттер қоя отырып және өзінің деректерінің нақтылығы мен пікірінің дұрыстығына еш күдіксіз сендіре сөйлесе де, бұл мақала Абайдың еңбектері мен өмірін зерттеу жолындағы ең сенімді, тарихи тұрғыдан мойын бұрғызбастай дәлелдермен дәйектелген маңызды деректерді қасақана бұрмалау және қасақана теріс пікір туғызу пиғылы мен арандатуды көздеген»,– деп баға берді.
Үзіндісі ғана алынып отырған «Литературная газетаның» редакциясына жолданған бұл «Ашық хат» маусым айының 2-жұлдызында өткен СССР Жазушылар Одағының басқарма жиналысында арнайы талқыланды. Оған Қазақстаннан Ә.Жаймурзин ресми шақырылды және Ә.Әбішев қатысты.
Ә.Жаймұрзин: «1953 жылдың май айында мен Орталық партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына емтихан беруге Москваға бардым. Жазушылар Одағы бастығы жұмысынан босанғаным жоқ. Егер емтихан беріп түссем, Жазушылар Одағының пленумын шақырып, сонда босанатын болып келіскенбіз. Алматыдан шығарда Москваға Жазушылар Одағының қонақ үйінен номер сұрап телеграмма бергенмін. Келсем «Москва» қонақ үйінен номер даяр екен. Соған келіп тоқтадым. Таңертең тоғыздан аса бергенде телефон соғылды. Алсам Жазушылар Одағынан екен: қазір К.Симонов жолдаспен сөйлесесіз – деді. Амандасып, хал-жай сұрасқаннан кейін, мен оған емтихан тапсыруға келгенімді айтып, одаққа кейін келемін деп едім: жоқ сіз маған қазір керексіз, сондықтан алдымен бізге соғыңыз – деді. Көп кешікпей К. Симоновтың хатшысы маған қандай номерлі машина кеткенін хабарлады.
Мен келгеннен кейін Симонов Қазақстан Жазушылар Одағындағы хал-жағдайды сұрады. Мен қысқаша баяндап айтқаннан кейін өзінің мені неге шақырғанын айтып, бір кішкене парақ қағазды көрсетті. Онда: Сурков пен Симонов жолдасқа! Мына Әуезовтің арызын секретариаттың кеңейтілген мәжілісінде қарап, содан кейін менің қолыммен Орталық партия Комитетіне хат даярлаңыздар – деп тапсырыпты А.Фадеев жолдас. Сәрсенбі күніне секретариат мәжілісін шақырып отырмыз, соған сіздің қатысуыңыз қажет деді. Мен келістім. Келісілген мезгілге секретариат мүшелері мен шақырылған адамдар жиналды. Қазақстан Жазушылар Одағынан Әуезов, Әбішев және мен болдым.
Секретариатты А.Сурков басқарды. Ол Әуезовтің Фадеевтің атына хат жазып, өзіне кейбір адамдардың ауыр-ауыр айып қоятынын, оның шындыққа жанаспайтынын, өзінің совет әдебиетіне шын ақ ниетімен қызмет істеп жүргенін, оған өзінің шығармаларының дәлел болатынын айтыпты. Өзінің атына тағылып жүрген орынсыз жалалардан қорғауды Жазушылар Одағынан сұрапты. Секретариаттың осы мәселеге арналып отырғанын айтқаннан кейін, Сурков жолдас бірінші сөзді маған берді.
Мен он минут шамасында Қазақстан Жазушылар Одағындағы жағдайды айтып, республиканың партия, үкімет орындарында да, Жазушылар Одағында да Әуезов жөнінде жаман пікір жоқ екендігін, оны аса көрнекті совет жазушысы деп санайтынын айттым. Сонымен қатар кейбір адамдардың Әуезов жөнінде жаңсақ, біржакты теріс пікірлерінің барлығын, олардың кейде баспасөз беттерінде жарық көргенін де баяндадым. Ашық болмағанымен кейбір жазушылардың іштей оны қолдайтыны да жоқ емес – дедім. Қазақстан жазушыларының бір мәжілісінде Сәбит Мұқанов алдында отырған Әуезовке көзінше оны «халық жауы Әуезов» дегенін, мен оның бұл сөзінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасауға мәжбүр болғанымды да жасырғаным жоқ.
Бұдан кейін Сурков сөзді Әуезовке берді. Секретариатта Н.Тихонов, Л.Леонов, В.Кожевников, СССР Ғылым академиясындағы Әлем әдебиеті институты партия ұйымының хатшысы, ғылым кандидаты А. Петросян қатынасып отырды.
Мен Әуезовтің талай сөйлегенін де, жасаған баяндамаларын да тыңдаған адаммын. Бірақ оның мұндай көсіліп терең де тебірене сөйлегенін бірінші рет естідім. Сөзі 30-35 минутқа созылды, отырған жұрт ұйып, мейлінше зер салып тыңдады.
Мұхаң сөзін өзін Россия империясы отарының шеттегі түкпірінен шыққан қазақ халқының жас интеллигенциясы қатарына жатқызатынын айтты. Ұлы Октябрь революциясын олардың қуана қарсы алғанын, бірақ оны алғашында жете түсіне алмаушылықтың болғанын да айта келіп: біз бірнеше есіктерді қақтық, одан түрліше дүбір-дауыс естідік, кейбіреулер дұрыс есікке тап болып, дұрыс жолға түсті, ал кейбіреулері жаңсақ дүбірге ілесіп кетіп қателесті де – деп күлді. Мен солардың бірімін – деді де, әлеуметтік революция сияқты ұлы өзгерісті бірден түсіне қою оңайға түспейтін мәселе екендігі қайсымызға болса да түсінікті ғой. Шынымды айтсам, достарым-ау В.И.Лениндей көсемдерің бола тұрып, М.Горькийдей ұстаздарың бола тұрып, сіздер де сол кезде шатаспап па едіңіздер – дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Өмірде сөзге сараң Л.Леонов Н. Тихоновқа карай қолын нұсқап:соның біреуі міне алдыңызда отыр – деп рахаттана күлді.
Бұдан кейін Мұхаң өзінің жазушылық жолына шолу жасады: Социалистік реализмге мен тура жолмен келгенім жок. Менің жолым соқпағы көп жол. Мен бір кезде романтизммен әуестендім. Шын мәнінде оны меңгергім келіп өзімнің жазушылық мүмкіншілігімді байқап бақтым, шынын айтқанда мен натурализмді де теріс көргенім жоқ – дей келіп, жалпы жазушы өзінің творчествосында қандай жолмен жүруге де ерікті деп есептеймін – деді де, – бұл кезеңді өзінің жазушылық шеберлігін жетілдіре түсуге ұмтылу жолым деп білемін – деді. Социалистік реализмнің теория жақтарында әлі де ойланатын проблемалар жеткілікті – дей келіп, шын мәнінде социалистік реализмді жазушы өзінің шығармалары арқылы іске асыра алады, осыны бірден бір дұрыс жол деп есептеймін – деді.
– Мен өзімді социалистік реализм жолына шын ниетіммен келдім деп айта аламын. Оны мен қалай меңгере алдым, өз шығармаларымда іске асыра алдым ба, жоқ па, оған әділ төреші өздеріңсіңдер, соны ашық айтуларынды сұрар едім деді. Сіздерден сұрайтын бір-ақ тілегім бар – кемшіліктерімді жасырмай тура айтыңыздар, мен оған түк ренжімеймін – деп барып тоқтады.
Мұхаңның сөзі аяқталған бойда А.Сурков орнынан атып тұрып (өзі өте бір шапшаң адам болатын) сөйлеп кеп кетті. Ең алдымен ол қазақ әдебиеті туысқан республикалар әдебиеттерінің ішінде ең жедел өсіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін әдебиет екенін айтты. Қазір онда барлық жанрда өз қолтаңбасы бар шығармалар көптеп шыға бастады. Ең үлкен мақтаныш – ондағы қалыптасқан жазушы кадрлары. Бұл әдебиет бізге Жамбылды берді, Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді берді. Бұлардың аты одаққа ғана емес, шет елдерге де белгілі болып отыр. Біз мұндай әдебиетті кім көрінгеннің қолжаулығына бере алмаймыз, қазақ әдебиетінің кадрларын орынсыз қаралаудан, жаладан қорғау біздің азаматтық борышымыз – деді.
– Біздің бүгінгі мәжілісіміздің тақырыбы Мұхтар Омархановичтің хаты болғандықтан, бұл мәселе жөнінде комиссия құру дұрыс болар деп ойлаймын, қарсы болмасаңыздар оның құрамына мына жолдастардан болсын: бастығы Н.Тихонов, құрамы – К.Симонов, Л.Леонов, В.Кожевников, Ә.Жаймурзин, А.Петросян, М.Әуезовтің өзі кірсін,–деді.
Секретариат мәжілісінен кейін Н.Тихонов жолдас комиссия мүшелерін қалдырып қысқаша пікір алысты. «Жаңа мен кішкене кешігіп келіп сөз сұрай алмай қалдым, сондықтан маған сөйлеуге рұхсат беріңіз»,– деп Вадим Кожевников сөз алды. Ол өте қызу сөйледі. Ең алдымен «Знамя» журналы редакциясының Әуезовтің романын жариялау үстінде автормен бірігіп тізе қоса отырып істеген жүмыстарын баяндады. Алматыдан Әуезовті екі рет арнайы шақырып алып, істескен жұмыстарын талдап айта келіп, автордың редколлегия мүшелерінің ескертулеріне құлақ асып, шығармасын көп жөндегенін мәлімдеді. Роман жарияланғаннан кейін оқушылардан көп хат алғандарын, оның қашан жеке кітап болып шығуын күтуде екенін баяндады. Сөзінің аяғында: егер осы романда саяси қате бар дейтін болса, ұлтшылдық бар дейтін болса мен оған Әуезовпен бірдей жауаптымын, мені де ұлтшыл деулеріңе болады,– деп жұртты бір күлдірді.
Комиссия мүшелері пікір алысқаннан кейін Тихонов жолдас: Орталық комитетке жазылатын хаттың жобасын жазуды Симонов пен Петросянга тапсыралық, келесі мәжілісте сол жоба айналасында сөйлесетін болалық,– деп қорытты.
Келесі мәжіліс «Литературная газетаның» редакторы Симонов жолдастың кабинетінде өтті. Хаттың жобасына комиссия мүшелерінің ұсыныстарын енгізгеннен кейін, хат толық кабылданып, секретариатқа берілсін деп келісілді. Секретариаттың бұдан кейінгі мәжілісін Симонов жолдас басқарып, хатты қабылдап, А. Фадеев жолдасқа қол қоюға жіберді».
К.Симонов: «Секретариаттың тапсырмасы бойынша құрылған комиссия мүшелері, құрамында Тихонов, Кожевников және мен бар, Әуезовтің өтінішіне байланысты барлық маетриалдармен танысып шықтық, Әуезовтің өзімен әңгімелестік, бұл іске Жаймурзинді де тарттық, сөйтіп, бір пікірге келіп, мынадай Қаулыны секретариаттың бекітуіне ұсындық».
Қаулы: Комиссияның ұсынысы бекітілсін.
1. Абайдың шығармашылығы туралы М.Әуезовтің еңбегіне іскер сын айтудың орынына кеңес жазушысы М.Әуезовке саяси қысым көрсетуге ұмтылған С.Нұрышевтің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Жаршысының» 1953 жылғы №4 санындағы жарияланымындағы ұстанған бағытының дұрыс емес екендігі туралы мақала жариялау «Литературная газетаға» тапсырылсын.
2. Әуезов пен Мұқанов жолдастарға: екеуі бірігіп республикалық баспасөзде ашық хат жариялау ұсынылсын, бұл хатта олар: екеуінің арасында қалыптасып отырған зиянды, қырғиқабақ қарым-қатынастың топшылдыққа алып келгендігін толық ашып көрсетсін.
М.О.Әуезов: Сіздердің шешімдеріңіз – ең жанашыр, ең парасатты, ең әділ шешім, мен мұны қабылдаймын. Партия ұйымы да мұны мағынасыз топшылдық деп баға берген. Біздің екеумізде – жауапты, барынша саналы адамдармыз. Сондықтан да мұны Мұқановқа да жолдастықпен, сендіре жеткізу керек».
Міне, егесе ырғасқан екі тұлғаның жеткен жері осы болды. Бұл қаулы екеуіне қажет пе еді? Иә, екеуіне де қажет еді. Өйткені жеке бастарын ғана емес, мұқым бір ұлттың зиялы қауымын екі жарған бұл жікшілдіктің тамыры, шын мағынасынан алғанда, түбінде бір қиылуы тиіс болатын.
Қай қылығы татиды сұм өмірдің,
Татуды араз, аразды жат қыларға, –
деп Абай айтқандай, мына өмірде екеуін араз қылатындай санат сыбағасы жоқ болатын.
Өзінің «мендерін» жеңе алмаған, «менікі» дегендері түптің түбінде кімді екеніне, кімнің мүддесіне қызмет ететініне сенгісі келмеген сананың сағымды сабылысы ақыры ұлттық рухани жіктелуіне әкеп соқты. Бірін бірі қиындыққа қиды. Тығырыққа тіреді.
Егерде Әуезов түрменің табалдырығын бүгін аттаса, ертеңінде Мұқанов оның есігін қағып тұратыны анық еді.
Ол мұны соңғы сәтте ғана түсінді. Сенген партиясы одан бетін теріс бұра бастағанын іштей сезді. Алайда біріккен ашық хат жарияланбай қалды. Әлде, Мұқанов оған бойсынғысы келмеді ме, әлде, екеуінің табысуын құзырлы мекемелер қош көрмеді ме, ол жағы әл-әзір бірге беймағлұм.
3.
Сонымен, СССР Жазушылар Одағы басқармасындағы талқылау байыпты өтті: Мұхтар Әуезовтің ұлтшылдығы дәлелденбеді, жергілікті жердің айыптаулары – негізсіз байбалам, орталықтың сыны жазушыға емес, сыншыларға арналған – деп шешті. Бұл жиналыстың шешімі КПСС Орталық комитетіне жіберілді.
М.Әуезов Алматыға қайтпай, Мәскеуде қалып, күзден бастап Москва университетінің профессоры қызметіне орналасатын боп ұйғарылды.
Бірақ «қалдырмасы» қалдырмады, тура сол күні «Казахстанская правда» газеті бұдан да сойқан «сый дайындап», «Абай» романын «халыққа жат шығарма, М.Әуезовті – ұлтшыл-буржуазияның, алашорданың идеологі деп жариялаған еді.
Таңертеңгі сағат онда басталған бұл мәжіліс өтіп жатқанда ол хабарды Әуезовтің естімеуі мүмкін еді.
Сол мәжіліске М.Әуезов «Менің қателерім жайында» атты «Литературная газетаға» арналған бұрынғы ашық хаттың мәтінін қайтадан өңдеп, оқуға дайындап апарды. Тағдырының қыл үстінде тұрғандығына анық көзі жеткен М.Әуезов бұл хатында «Абай» романының негізгі желілерінен бас тартуға дейін барды.
Бұл хаттағы пікірлер: өмірден түңілген, жанталаса жаныққан, рухы ұшып, сүлдері қалған пенденің алдыңғы сөздеріндегі ойлардың жаңғырығы, Мұхтар Әуезовтің ант мезгілі еді.
«Литературная газетаның» редакциясына ашық хат
Қалың қауымның дана ұстазы мен тәрбиешісі Ленин-Сталин партиясы біздің өміріміздегі кез-келген саласында, ешкімнің бет-жүзіне қарамастан барлық қызметкерлердің арасында сын мен өзара сынды жан-жақты өрістете отырып, кеңес халқын социализм мен коммунизмге қарсы және оған жат пиғылдармен ымырасыз тұрақты түрде күресуге баулып келеді. Дәл осындай сынның менің бүкіл өміріме тигізген әсері зор болғандықтан да, мен оны өте жоғары бағалаймын. Менің жазушы ретінде, қайраткер ретінде қалыптасуыма Кеңестік Отанның және коммунистік партияның тәрбиелік әсерінің игі ықпал еткеніне жандүниеммен де, өміріммен де қарыздармын деп есептеймін.
Жоғарыдағы айтқандарымның айғағы есебінде, «Правда» да жарияланған «Сынау орнына мадақтау» атты мақаланы, ондағы көтерілген нақты мәселелермен менің творчествома қатысты айтылған сынның шеңберінде ғана ой қорытқам жоқ, сонымен қатар мақалада сыналған жайларды ойша тағы бір сүзіп шыға отырып, өз шығармаларымда жіберген басқа да қателіктерімді санамда саралап шықтым.
Менің атыма қатысты жекелеген әдеби деректерді, идеялық бұрмалаушылықтарды өзім үшін де, оқырман үшін де өзімнің бойымдағы барлық іріп-шіріген керітартпалық, зиянды қасиеттерімді айыптап, сыртқа лақтырып, өзімді өзім жазғырамын.
Өткендегі өзімнің қателіктерімді осы бас тартуым арқылы кеңес оқырмандарының алдындағы бұдан былайғы жауапкершілігімді бұрынғыдан да терең сезінуге және социалистік қоғамның игілігіне қызмет етіп келген ілгері еңбектеріме қоса тың дүниелер беру арқылы кеңес жазушысының Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге тырысамын.
Сондай ойдың түйінді ұшығы есебінде мен «Правданың» мақаласында сыналған З.Кедринаның мен туралы кітабына тоқталамын. Бұл кітап «Правданың» мақалада әділ атап өтілгеніндей ең басты көкейтесті мәселеге жауап бере алмайды. Барлық кеңес жазушылары сияқты, М.Әуезов те мадақтау мен сылап-сипауды дәме етпейді, керісінше, табысы мен кемшілігін қатар көрсететін принципті және әділ сынды күтеді.
Кітаптың ең басты кемшілігі – менің өзім 1932 жылы қатты сынаған ұлтшылдық бағыттағы әрекеттерімді жұмсарта көрсеткен, сол арқылы қате пікірлер білдіріп, оқырманды алдаған.
Менің қателігім Кедринаның бұл еңбегінен өзімді өзім шеттеткенімде, ал байыбына салсақ, тірі автор ретінде, менің өмірімнің алғашқы кезеңі туралы жазылған тұсты партиялық қатаң, сыншыл-әшкерелеу тұрғысынан жауапкершілікпен қарап шығып, З.Кедринаны өрескел қателіктерден сақтандыруым керек еді.
Менің Абай туралы романымдағы кемшіліктерді ескерткен «Правданың» мақаласына орай өзімнің тарихты тануымдағы бір-біріне тізбектеліп, өзара үйлесіп жатқан, романда суреттелген бір ғана жайға тоқталамын. Бұл жай, бірінші, Кенесары Қасымов қозғалысына байланысты мәселелер, екінші, «Абай мектебі» дейтін мәселе қақында және үшінші, осы аталғандарға жалғас патриархалдық-феодалдық салт-сананың өкілдері болып саналатын кейбір тарихи тұлғалардың әсіреленіп суреттелуі.
Абайдың ақындық мектебі туралы қате болып шыққан көзқарасымның ықпалымен «Абай» романының жалғасы «Ақын аға» атты кітап жаздым. Бұл кітапта мен ескішіл, реакционер Көкбайды романның жағымды бейнелерінің бірі, ақын Абайдың озық өнерін бойына сіңіре білген адам етіп көрсеттім. Ал Көкбай болса, қазақтың еңбекші халқының қас дұспаны болған Кенесары Қасымов жайында мадақтап поэма жазған ақын еді.
Достарыңызбен бөлісу: |