Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет38/61
Дата14.06.2016
өлшемі3.58 Mb.
#135581
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   61

11) Әріп Тәңірбергенов (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қорытындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.

12) Біздің заманның Абайды зертгеушілері өнебойы турадан-тура ислам дінінің үгітшісі болған Көкбай, Әpiп, Әсет сияқты барып тұрған керітартпа адамдарды дәріптеп, XIX ғасырдағы казақтың ең прогресшіл ақыны Абайдың қауымына қосқысы келеді. Бұл - өтпейтін жарлық. Бұған қазақтың «өтпес жарлық, бойға қорлық» деген мақалы тура келеді.

13) «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанымен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты. Большевикше турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді. Осыған сенудің кесірі Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйенген. Әуезовтің мәліметтерін первоисточник қып сүйенетіндер тағы да толып жатыр.

14) Әуезов: «Абайды Қарамола съезінде сабатады, бұл жаулардың өceri, саяси қате», – деп Жиреншинді кіналайды, өзi «Абай» пьесасында – Абайды сахнада саба­тады, «Абай» киносында – экранда сабатады, «Абай» Шығармалары толық жыйнағының 1932 жылы, 1940 жылы, 1945 жылы шыққан кітаптарында жазған мақалаларында сабатады. Рецензияда солардың бәрін ұмытады. «Акын аға» романының 6ipiнiшi кітабының алғашқы 6ip редакциясы Абайды сабатумен бітетінін, Абайдың құнын әпереміз деп,
сол маңдағы рулардың барлық «игі жақсылары» Семейде жиналатынын, бұлай жазудың категе соғуын Мұстафин, Әбішев сияқты жазушылар дәлелдегеннен кейін, Мұхтар Абайды сабатқан беттерін алып тастағанын, ... Базаралы бастаған кедейлер қырып алған Тәкежан жылқыларының құнын жоқтап, кедейлерден үш есе ғып төлетіп беретінін де, Әуезов Жиреншиннің кітабына жазған рецензиясында ұмытқан болады.


15)«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.

Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 наурыздағы 52-санында С. Бәйішев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктерінің шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтің 1932 жылы басынан кешкен саяси кателігін баспасөз бетінде мойнына алғаннан кейін де, ecкi қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені талассыз документтермен дәлелді. Біз Әуезов жолдасты да, оны бұл мәселеде қолдаушыларды да кателігін большевикше мойындап, түзетудің шарасын қарастыруға шақырамыз.

Түзетудің жалғыз-ақ жолы бар, ол барлық еңбекте де марксизм-ленинизм ғылымына сүйену. Кімде-кім осы ғылымға бepiк сүйенбесе, оның кателікке ұшырауы даусыз. Бұл жөнінде Сталин жолдастың төмендегі сөздерін естен шығармауымыз керек: «Дәрігер маманның, дейді Сталин жолдас, онымен қатар, физика немесе ботаника маманы болуының, иә, оның кepiciншe болуының қажеті жоқ. Біpaқ ғылымның 6ip саласы бар, ғылымның бұл саласын білу, ғылымның барлық салаларындағы большсвиктерге міндетті болуы тиic, ол қоғам туралы, қоғамның даму заңдары туралы, пролетариаттық революцияның заңдары туралы, социалистік құрылыстың даму заңдары туралы, коммунизмнің жеңуі туралы марксистік-лениндік ғылым» (Ленинизм мәселелері, Қазақтын мемлекеттік баспасы, 1940 жыл, 511-бет). Осы ғылымға сүйенсек, біз зерттеу жұмысында да, творчестволық жұмыста да қателіктерді жоя отырып, тек өсу жолында боламыз» (Әдебиет және искусство», 1951, № 7).

Бұл дәлденіп көзделген қарауыл болса да, оғы бытыра еді. Кейін бұл бытыра қайта құйылып, қорғасынға айналды. Өзге де шешендер сөйлегенімен, олардың демеушілік қана демі бар еді. Сондықтан да бұл шешендердің сөздерін келтіріп жатпаймыз.



М.Әуезов «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.

Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз ортасын қалыптастырғанына күмәндануға бола ма? Меніңше, бұған күмәндануға болмайды. Оның ақындық мектебі туралы мәселе дәл қазір тар шеңберде ғана күн тәртібіне қойылып отыр, яғни, оның өзінен кейінгі ақындар мен қазақ әдебиетіне әсері қозғалып отырған жоқ. Соңғы мәселе өте ауқымды және бұдан кейін де айтыла бермек. Ал шәкірттеріне келетін болсақ, бұл нақты және қарапайым ғана мәселе. Дәл қазіргі әңгіме – оның айналасындағы және өзі жақын араласқан әр деңгейдегі шығармашылық тұлғалар жөнінде қозғалып отыр. Алайда ұстаздың жөні бір басқа, шәкірттің жөні бір басқа. Олар Абайдың өзі сияқты талантты да емес, шығармалары Абаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен, егерде Абаймен теңдесетіндей болса, онда шәкірт емес, олардың өзі жаңа бір мектептің ұстазы ретінде танылар еді, бірақ олар бұл деңгейге көтерілген жоқ, сол шәкірт күйінде қалып қойды.

Сіздер: олардың кейбіреуінің қателескені үшін, идеялық, саяси қайшылықтары бар туындаларды жазғаны үшін шәкірт қатарынан шығарып тастап, сол арқылы Абайды қорғағыларыңыз келетін сияқты. Шындығына келетін болсақ, мұндай қайшылықтар мен кемшіліктер, идеялық-саяси қателіктер Абайдың өз басында да болғанын назардан шығарып алғансыздар. Біз Абайды бір жақты емес, оның жеке басындағы кемшіліктерді көрсете отырып, жан-жақты зерттеуіміз керек. Маркстік ойлау жүйесіне дейін өмір сүрген барлық ақындар сияқты Абай да қоғамдағы өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді, Абайдың өз діні болды, тағы басқа да қателіктер жіберді.

Әрине, оның шәкірттері үлкен-үлкен қателіктер жіберді. Мысалы, Көкбай Кенесарыны мақтап дастан жазды. Дәл қазір бұл оның басты кінәсі және Абайдың да қателігінің түп тамыры ретінде қаралып отыр. Алайда Көкбай Кенесарыны жырлаумен тоқталып қалған жоқ, бұдан өзге де дүниелер жазды.

Жазушы-зерттеуші жолдастар, сіздер Көкбайдың өзге шығармаларын біле бермейсіздер, басқасын былай қойғанда, Абайдың өзі оған 4 өлең арнады және өзінің төл шәкірті деп есептеді, қоғамдық өмірдің өзге де құбылыстарына арнап көптеген өлеңдер жазды. Абай көтерген мәселеге арнап оның шәкірті Әріп те өлең жазды. Мысалы, соңғы аталған шәкірт (Әріп) Абай қозғаған тақырыпты жалғастырып, еңбек, әйел тағдыры, орыс мәдениеті туралы жазды. Көкбай да, Әріп те контрреволюцияшыл, ұлтшыл Дулатовты өлеңмен сынады, бұдан кейін және ең бастысы Әріп В.И.Ленин туралы бірнеше өлең мен дастан жазды. Әріп 1924 жылы маусым айында қайтыс болды. Сондай-ақ Көкбай да өзінің соңғы өлеңін Ленинге арнады. Ол 1923 жылдан бастап төсек тартып ауырып, 1926 жылы дүниеден озды.

«Абайдың шәкірті Мағауия Шәміл туралы дастан жазды», – деген сөз қазір сондай үрейлі естіледі. Алайда, құр аталып өткені болмаса, нақты ештеңе жоқ, өйткені ол дастан із-түссіз жоғалып кетті. Анығына көшсек, 90-жылдардан бастап Шәміл туралы жаппай жазылып келді, кезінде Лев Толстой да қалам тартқан болатын.

Сонда, өткен ғасырдың 90-жылдары Көкбай Кенесары туралы немесе Мағауия Шәміл туралы дастан жазды деп, оларды бүтіндей сызып тастауға бола ма, сонымен қатар Абай мектебін жоққа шығаруға бола ма? Анығын айтсақ, қазақ кеңес жазушылары мен зерттеушілері күні кешеге дейін Кенесарыны мадақтаған, таң қалған ыңғайда еңбектер жазып келді, сонда оларды да мәңгілікке біржола сызып тастаймыз ба?

Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Абай мектебі мәселесін ойланып барып, Кенесарыға араластырмай дербес қараған жөн. Бұл мәселені кеңінен кеңесіп, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді сызып тастау керек – деген мәселені олардың шығармаларын талдай отырып шешу керек. Әрине, Абайдың айналасында өте жағымсыз адамдар да болғанын ескеруге тиіспіз. Бұл мәселелердің барлығын Кенесарының қозғалысымен араластырмай, пайымды түрде жеке зерттеу қажет».

Иә, бұл келешектегі Абай төңірегінде қозғалатын бетбұрысты талқылардың басы, Абайға емес, жеке М.Әуезовке бағытталған үлкен саяси науқанның екінші соққысының желқағары болатын. Мұнда абайтанушы Әуезов әлі де Абайдың шәкірттен тұл емес екеніне, ол шәкірттерінің мүлдем оңбаған емес екеніне, С.Мұқанов ишара еткен тастүлектердің ұшатын бағытынан жаңылмағанына сенім бар, сондықтан да қорғай сөйлейді.

Мәжіліс қорытынды шығаруға ойысады.

Нұрышев: «Абайдың бұл өлеңдерінің мұндай дәрежеге көтерілуінің себебі, ол тұпнұсқадағы автордың идеясын пайдаланған. Абайдың кейбір аударма өлеңдері бар, онда Лермонтовтың көзқарасының ықпалымен Абай өзінің туындыларынан да да биік деңгейге көтерілген.

Әуезов: Мұны үйрену дейді. Ол өте дұрыс.

С.Нұрышев: Бұл – орыс әдебиетінің ықпалы неден көрінді деген тура бізге керекті мәселенің бір саласы. Қаныш Имантайұлы Ғылым академиясының біріккен президиумында біге берген нұсқауында: осы талқылаудың қорытындысы бойынша Абайтану» туралы барлық мәселенің шешімінің жобасын 1-шілдеге дейін Президиумға әкеп беріңдер деген. Алайда ол шешімді 15 шілдеге дейін созатын болса, онда бұл мәселе күзге ысырылып қалады. Ал кім де кім бұл мәселенің күзге қалғанын қаласа, ол адамның шешімді аяқсыз қалдыруға тырысқаны, сондыықтан да ол адам бұл мәселенің созыла беруін табандап талап ететін болады. Менің ойымша, Ғылым академиясының біріккен президиумындағы басшылыққа алу керек. Ал абайтану бойынша талқының қорытындысы бойынша әріқарайжұмыс істей беруі мүмкін. Қаныш Имантайұлы шешімнің жобасын 1-шілдеге дейін беруді тапсырған. Қаныш Имантайұлы: «Саяси шапкасын кигізіп беріңдер»,– деген болатын. Соның ішінде мектеп мәселесі мен Мұхамедхановтың диссертациясы және тағы да бірқатар мәселелер туралы шешім анық көрсетілуі тиіс деген.



Дәл қазір осы мәселелерді жеке-жеке талқылауға көшу керек. Ал Абай мұражайын тексеру үшін: онда жұмыс қандай жолға қойылды, ол Абай мұражайында Абайдың шығармашылығын қандай деңгейде бұрмалап үлгерді, ол қанша мөлшерде жалған құжаттарды жинап, оны нсихаттап үлгерді, қаншама сұлтандар мен хандардың портреттерін ілді, осының барлығын білу үшін арнайы арнайы адам жіберу керек, үлкен комиссияның қажеті жоқ.Бұл мәселені осы арада талқылап, бір шешімге келеміз.

Мәтін мәселесі жөнінде де қыссқа уақыт ішінде бір шешімге келеміз. Абайдың мерейтойы мәселесі туралы комиссия 1954 жылы Абайдың бір томдығын шығаруды ұсынды. Бұл мәселелер пәлендей қарсылық туғызбайды, біз бір шешімге келеміз.

Мені қатты алаңдататыны – Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе. Ақылбайды Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында қалдыруға болар. Ол принципті мәселе емес. Ең басты принципті мәселе – сіздің (М.Әуезовтің – Т.Ж.): тарапыңыздан жүргізіліп келген Абайдың ақындық мектебі туралы түсінікті маркстік тұрғыдан зиянды бағыт деп шешім қабылдауымыз керек және оны тереңдете қайта қарастырып, Абайдың дәстүрін зерттеге тиістіміз. Мұны Абай мектебі деп атамау керек, ол дауысқа салу арқылы емес, ғылыми негізде мүлдем жабылуы керек. Біз тек Абайдың ескі мектебі туралы мәселені шешіп алып, ол мектепті әшкерелей отырып, Әріптің тағдырын шешуіміз керек. Оларды..

М.Әуезов: Мен де ол мәселені комиссия шешсін деп отырмын.

С.Нұрышев: (Әріпті, Көкбайды) хрестоматияға қосу керек пе? Комиссия: мына шығармалары хрестоматияға қосылсын, мына шығармалары қосылмасын – деп айта ала ма? – Бұл алдағы зерттеулердің міндеті. Олардың көзін жоғалтсын деп кім айтты? Көкбайдың архивінің көзі жойылсын депкім айтты?. Мәселе, Біздің мектептерде дәріс ретінде өтіліп, Абайдың шығармашылығын дұрыс игеруде үлкен идеологиялық зиян келтірген ақындық мектептің антимаркстік-идеологиялық бағытын әшкерелеуде. Міне, шешетін мәселе осы. Беделді мүшелерден құрылған комиссия аса жауапкершілікпен қатаң түрде қарап, мұндай құбылыс қалай пайда болды деген сұрақтың жауабын анықтау үшін осы мәселелердің барлығын саяси тұрғыдан жүйеге түсіріп, теориялық тұрғыдан кеңейтіле талдануы тиіс. Бұл зиянды теория жиырма жыл бойы қалай мектептерде оқылып жүр, бұл жалған теорияны ойлап тапқан кім, оны таратып жүрген кім, әлі де сол танымды ұстанып, насихаттап жүрген әдебиеттанушы ғалымдар кімдер?

Міне, менің ойымша, комиссия осы мәселені нақты шешуге дәл қазірден бастап айналысуы керек. С.Мұқановтың: Абай мектебі шәкірттерінің шығармаларын орыс тіліне аудартып, содан кейін комиссияда талқыға салайық дегеннің астарын Мүсірепов пен Уәлиев жолдастар түсіне алмай-ақ отыр. Оның мәнісі – ескі, жалған идеяны қалдырайық, сол идеяны жалғастыру үшін жаңа бір әдісін табайық – дегенге әкекп тірейді».

Бұл арада С.Нұрышев Қаныш Сәтбаевқа сүйеніп: «шешімге келеміз» деп бұйрық райда түйіп тастап, жеки сөйлеу арқылы Әуезовті халық жауы ретінде әшкерелеу туралы ұсынысты қаулыға кіргізуге тырысып отыр. Шешім кейінге қалдырылса, мәселенің басқаша бет бұрып кетуі мүмкін. Абайдың ақындық мектебінің авторы кім? Әрине, Әуезов. Ендеше, соны қаулыға кіргіз, сөйтіп, соттатып жіберейік деген емеуірін. Қауіпсіздік комитетінің тапсырмасы да, күткені де, Қ.Мұхамедхановты тұтқындап: «Қалайда Әуезовті әшкерелеп бер», – деп (Қ.Мұхамедханов) бопсаға салып жатқан тұсы да осы күндер еді. Әуезов те жандәрмен сұрақ қойып үлгереді:

«М.Әуезов: Жаңа ғана сенің өзің зерттеуді жалғастыру керек дедің емес пе?

С.Нұрышев: Зерттеу керек, бірақ ол үшін Ақылбай, Әріп сияқты қарабайыр ақындармен Фадеевтің басын ауыртудың қажеті жоқ. Мәселе оларда емес, олардың шығармаларын дұрыс бағытта талдауда. Міне, солай жұмыс істеу керек.

Ғ.Мұстафин: Аға (халықтың – Т.Ж.) әдебиеттанушыларынан үлгі алайық. Александр Сергеевич Пушкиннің жасы Абайдан үлкен емес пе. Орыс әдебиеті де жас қазақ әдебиетіне қарағанда әлдеқайда көне, бірақ ұлы Пушкиннің еңбектері туралы орыс әдебиеттанушылары мұндай дау көтеріп жатқан жоқ қой, Мұқанов: Абай мектебі деп емес, Абайдың айналасындағы ақындар – деген атауды алайық дейді. Егерде орыс әдебиетіне сүйене отырып тағы бір шолып өтсек, мұндай бағыттағы еңбектерді таба алмаймыз. Қырқыншы жылға дейін, ұлы отан соғысына дейін Пушкиннің шығармашылығы туралы пікір таластары болған. Ол орыс топырағынан нәр алды ма, әлде Батыс Еуропа әдебиетінің ықпалы болды ма?Соның ішінде Байронның Пушкинге, Лермонтовқа әсері тиді ме? – деген... Мысалы, А.С.Пушкинді 1920 жылы жазған атақты «Ода» өлеңі үшін патшалық үкімет қуғынға ұшыратты, патшалық аракчеевтік реакция декабристерді қуғындады,ал оларды Пушкиннің шәкірттері деген жоқ қой. Әрбір қоғамдықкөзқарас, қоғамдық құрылым өзінің таланттарын, өзінің өкілдерін алға шығарады, алайда олардың барлығын ақынның бір мектебіне тіркеуге болмайды ғой, бұл Абайдың беделіне нұқсан келтірмейді. Сондықтан да Абайдың ақындық мектебін және оның Ақылбай, Әріп, Көкбай, Мағауия сияқты шәкірттерін айта отырып, бұл мәселені кейінге қалдырмай, күн тәртіне қоя отырып, шешуіміз керек.

Қаныш Имантайұлы комиссия құруды ұсыныпты. Комиссия құрып, жұмыс істеп, пікір алысуды қостаймын. Мен Нұрышевтің ұсынысымен келісемін. Абайдың ұлылығын дәріптеу үшін біреуіне екіншісі бөгет жасамайды. Бірінші шілдеге дейін (Абай мұражайына – Т.Ж.) лайықты бір адамды жіберейік, комиссия да жұмыс істей берсін, Ғылым Ауадемиясының президиумына ұсыныс жасау кезінде тиісті адамдар қатыса алатындай болсын.

Қ.Жармағамбетов: Мұқановтың бұрын Абайдың шәкірттерінің қатарында аталып келген 4 шәкірттің шығармашылығын түбегейлеп зерттейік деген ұсынысына келсек, онда шығармаларының 99,99 пайызы ислам дінін насихаттаған Көкбай туралы мәселе анық, оны тақылауға салмаймыз. Көбайды Абайдың мектебінің қатарына жаңсақ қосылған деп емептеу керек. Ал Әріпке келсек, оған тереңдеп көз жеткізгіміз келсе, онда мәскеулік жолдастардың келгенін күтпей-ақ қояйық, комиссияның бірнеше мүшесіне тапсырайық, олар Әріптің шығармалары туралы пікірін айтсын.

Қ.Жұмалиев: Мен қарап шығайын.

Қ.Жармағамбетов: Егерде талас туа қалған жағдайда біз өзіміз нақты шешім қабылдайтын боламыз. Оны, мысалы, Мүсірепов жолдасқа, Әбішев пен Т.Ысқақовқа тапсыруға болар еді, сөйтіп, комиссияның келесі отырысында нақты ұсыныстарын айтсын.

Мүсірепов: Бұл сонша шұғыл емес қой.

Қ.Жармағамбетов: Тіпті шұғыл бомаған күннің өзінде, бұл екі ақынның шығармаларын (Ақылбай мен Мағауия) сандықтың түбінде жасырып қалуға болмайды.

Мүсірепов: Менде екі түрлі ұсыныс бар. Бірінші ұсыныс – Абайтану туралы талқы осымен аяқталды деп есептелсін. Екінші, ұсыныстарды хатқа түсіру үшін арнайы топ құрылсын. Әйтпесе бәрі бос сөз боп шығады.

Мұқанов: Мен бұл мәселені анықтағым келеді. Абайтанудың талқысы аяқталды дейсің бе, онда Абай мектебі мәселесі қайда қалады?

Әуезов: Әңгіме ақындық мектеп туралы болып отыр.

Мұқанов: Жекелеген адамдар Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып шықсын дегеніміз қайда қалады?



Әуезов: Жеке комиссия құрылсын.

(Орыннан дауыс): Бұ мәселемен комиссия емес, комиссияның жеке бір мүшелері айналыссын.

Жұмалиев: Абай мектебіне қатысты нақты анықтама беруге ешкім де қарсы шықпайды, тек бұл мәселеге қай бағыттан келу керек. Оған қорғалған диссертацияны да қосу керек. Енді Әріп пен Ақылбайдың шығармалары туралы: онымен айналысатын адамдарды бөлейік, олар екі-үш күнде танысып шығып, комиссияға ұсыныс жасасын, содан кейін ол жобаның дұрыс-бұрыстығын комиссия шешсін.

Мұқанов: Әріп те, Ақылбай да менің жеке басымның жауы емес екенін баяндамамда айттым. Мен оларға өзгелермен бірдей қараймын, алайда менің баяндамамдағы дәлелді деректерге ешкім де қарсы шыға алған жоқ. Бізде Кенесары туралы талқылау өтті. Басында үлкен-үлкен саяси айыптар тағылды, содан кейін жалпақшешейлік таныттық. Ол биыл басымызға тиіп отыр. Осындай жалпақшешейлікті кейбіреулер осы мәжілісте де көрсетіп отыр. Сіздердің әр қайсыларыңыз тыңдағанда риза боласыздар да, алайда осы Абай мектебі мәселесі жиырма жылдан бері ұсынылып келеді, әр қайсыларыңыз саяси жақтан сауатты адамдарсыздар, мен бұл арада нақтыӘуезовті, не басқаларды мекзеп отырғамын жоқ, тағы да алдыңғы талқының кебін құшып жүрмесін. Мұның саяси зиянды, ғылымға жат екені анық. Мұны қалай сылап, сипаса да жалтарып кете алмайсың, партиялық мәселе – бәрінен жоғары екенін ескеру керек. Осы уақытқа дейін Көкбай (стенограммада Әсен деп жаңылыс жазылған сияқты – Т.Ж.) сияқты дін ұстазын, исламнің мұғалімін және Кенесарының жыршысын айтып келдік, бұлар – жағымды бір жақсылығы жоқ адамдар. Олардың еңбегі, оқуы туралы айтылғандардың барлығы да жалаңаш деректер, одан өзге ақтап аларлық ештеңе де жоқ.



Менің баяндамадағы ұстанымдарыма ешкімде қарсы дерек келтіре алмады, келтіре де алмайды. Мен тағы да комиссия құрып, тағы да тесеріп шығуға қарсы емеспін, алайда ол комиссияда тура осындай шешімге келетіні анық, өйткені шындық жеңеді, дәлел жеңеді, ол адамдардың реакционер және консерватор екені анық. Бұл дәлелденген нәрсе. Мен Әуезовке қарсы емеспін, әңгіме – осы мәселеге саяси жүйелі баға беруде. Бұл мәселенің түсһбіне жету комиссияға тапсырылсын, алайда тағы да сылап, сипап кетпейік.

Әуезов: Бұл дұрыс қой. Бірақ та сенің баяндамаң абайтанудағы істелген үлкен жұмыстарды жоққа шығарды, өте ауыр айыптар тағылды. Бәріне, оқулықтарға дейін, басқа ешкім емес, тек Әуезов кінәлі боп шықты.

Нұрышев: Бәрін де қосамыз, Мұқановты да қосамыз.

Мұқанов: Федоровты да, Тимофеевті де қосу керек.

Әуезов: Сенің баяндамаңда: Әуезовтің айыбы Бекмахановтан да сорақы – деген біржақтылық басым болды, осы кеңестің өзінде сөйлеген адамдар да, Сәтбаевтің аталған сөзінде де, бұл қателіктерден басқа,бүкіл ел білетін жетістіктерді де ескермедің. Сенің қорытындыларыңда бұлардың бір де біреуі айтылмады, сыңаржақ кеттің. Сен Әуезовті Бекмахановтан да арғы алыс түкпірге жібердің.

Мүсірепов: Комиссияның ондай шешім шығаратынын сіз қайдан білдіңіз?

Т.Шойынбаев: Қазір абайтану мәселесі жөніндегі шешім шығаратын комиссия құрамын шешейік.

Жұмалиев: Комиссия құрамына Ғабдуллинді, Нұрышевті, Покровскийді ұсынамын, жауапты, мәселеге терең және принципті түрде қарайтын адамдар.

Т.Шойынбаев: Ғылыми кеңесте Абай мектебі мен Мұхамедхановтың диссертациясын бірге қарауды ұсынамын.

Ғабдуллин: Мұхамедхановтың диссертациясын қоспаймыз, ол ғылыми кеңесте жеке талқыланады.

Жұмалиев: Мұхамедхановтың оппоненты болғандықтан ғана Әуезов пен Сильченконы комиссияға қоспау ыңғайсыз.

Жармағамбетов: Мен де солай ойлаймын. Абай мектебі мен Абайдың ғылыми өмірбаяны туралы комиссияның құрамына Ғабдуллин (төраға), Сильченко, Мұқанов, Әуезов және Мүсірепов кірсін.

Т.Шойынбаев: Бұл жөнінде арнайы ғылыми кеңес құрайық, бірлескен ғылыми кеңеске ұсыныс жасасын.

Сильченко: 2-3 күн бұрын Академиядағы талқылауда ашық пікірлер айтылды, ал қазір оның қандай шешім қабылдағанын ешкімде тура айта алмайды. Меніңше комиссия шешеді.

Жармағамбетов: Комиссияның ішінен комиссия құрылмайды. Әр мәселе жөнінде жеке топ құрып, нақты ұсыныстар жасауды соған тапсырамыз.

Ғабдуллин: Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері туралы комиссия мүшелері мыналар...

Мұқанов: Мен ол кезде болмаймын, менің орыныма Нұрышевті қосыңдар.

Ғабдуллин: Нұрышев енгізілді».

Бұл мәжілістің қорытындысы С.Нұрышев пен М.Ғабдуллиннің 1953 жылғы атақты баяндамасымен аяқталды. Пікір қайталаулары болмас үшін біз оны кейінге қалдырдық.

Осы айтыстарды тыңдап отырған аспирант М.Дүйсенов тура сол мәжілстен кейін өзінің «Күнделігіне»:



«11.06.1951 ж. Менің көзім анық жеткен бір жай: көбісі Абайды қолшоқпар етіп, өзінің дүшпандарын мұқату үшін пайдаланбақ. Абайды сондайдың құрбаны етпек. Бірақ Абай олардың бәрінен жоғары тұрғандықтан да, қара тақтаға жазып, қаралағысы келгендерге көнбейді, тазарып шыға береді. Бұл жолғы айтыстан да соны көрдік. Мұхтар Әуезовті мұқату үшін Нұрышевтер қанша әрекет жасады, оны қолдаушылар да аз болған жоқ. Бірақ Абайдың жырын жырлаушылар көп екен.»,–деп жазыпты.

Шындық та осы шығар, сірә. Дегенмен де тікелей Әуезовке қатысты жағдаймен тағдыры тауқыметке түскен Қ.Мұхамедхановтың кандидаттық диссертациясының қорғауы кезіндегі мына архив құжаттарын назарға ұсынамыз.

Сәбит Мұқанов: «1951 жылы 6 көкек күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі» деген Қайым Мұқамедхановтың диссертациясына Әуезов мақтап пікір айтады, соның ішінде Тұрағұл да мақталып жүр… Әуезов жолдастың Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де оған мейірімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда ұят… Осындай жолда өлген адамды да 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин мен Мұхамедханов жолдастың дәріптеуіне қайран қалдым”.

Әрине, Әуезовтің айналасындағы “әдебиетшілерді, ұлтшылдарды” тазартып алған соң, кезек әуелі Әуезовке, содан кейін тура Мұқановтың өзіне келетінін жазушының өзі де кеш түсінді. Өзіндік ойлау жүйесі бар зиялылардың түрмеге қамалуы оларды бұрынғыдан бетер “арқаландырды”. Ғылымда ізі де, еңбегі де, аты да қалмаған С.Нұрышев сияқты қара сүйел жандар Әуезовтің соңына шырақ алып түсіп, барлық жаланы үйіп-төгіп:

“…Жоғарыда келтірілген дәлелдер М. Әуезовтің әдебиеттанушы ретіндегі ұсқынын толық әшкерелеп береді, бұл оның 30 жыл бойы әдебиеттану саласындағы әрекетінің саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтан құралатындығын көрсетеді… Өзінің қастандық идеялық позициясын нығайта түсу үшін М. Әуезов қазақ әдебиеттану ғылымына өзінің ғылымға қарсы “концепциясын” сіңіруге тырысты. Осы мақсатқа жету үшін ол “Абайдың әдеби мектебі” туралы Қ. Мұхамедхановтың диссертациясын сондай ұқыптылықпен дайындады, мұнда Әуезовтің өткендегі қателіктері мен қасақана бұрмалаушылық көзқарастары тұжырымды түрде түйінделіп берілген. Диссертация ашық және бүркемеленіп берілген антимарксистік материялдарға сықап тұрған боп шықты. Алайда бұл жолы Әуезовтің жолы болмады. Мұхамедхановқа ғылыми дәреже беруі туралы шешім қабылдаған ғылыми кеңестің ұйғарымы, ал оның иесі халық жауы ретінде әшкереленді. Осы диссертацияның тарихи төңірегінде ұстанған Әуезовтің позициясы оның бет-бейнесін ашып берді. Ол мұндай зиянды жұмыстың идеялық шабыттандырушысы мен жетекшісі ғана болып сөйлеген жоқ, оның нағыз қорғаушысы да болды. М. Әуезов диссертанттың әрі жетекшісі, әрі оппоненті міндетін бірдей атқарды. Ол оны (Қ. Мұхамедхановты – Т. Ж.) Әдебиет және өнер институтының секторында да, институттың ғылыми Кеңесінде де және Қаз ССР Ғылым Академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің біріккен ғылыми Кеңесінде диссертация қорғаған кезінде де жақтап сөйледі. Міне, бұл М. Әуезовтің дәл осы жаулық пиғылдағы диссертацияны дайындағанында және оны сүйреп алып шыққандығында оның жеке басының аса мүдделі болғандығын айтпай-ақ байқатады. М. Әуезов тек қана аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана айыпты емес, сонымен қатар, дәл осы пиғылының насихатшысы болғандығы үшін де айыпты. Өйткені ол өзінің айналысына ылғи да идеялық тұрғыдан тұрақсыз, саяси көзқарасы соқыр адамдарды топтастырып келді және қазір де топтастырып жүр”, – деп өршелене өрекпіді.

Ал Қажым Жұмалиев диссертацияның қорғалу кезінде:

Абайдың ақындық мектебі деген жоқ. Ол Әуезовтің айтқаны. Қ. Мұхамедхановтың жазғаны сандырақ. Арандатушы халық жауы ретінде әшкереленсін – (біз стенограмманы жұмсартып келтіріп отырмыз)” – деп екі рет қатарынан үкім шығарды.

Қ. Жұмалиев пен С. Нұрышевтің пікірлерінен Қайымның сескенбеуін өтінген профессор Усанович:

Жас ғалым, бұл сіздің өміріңіздегі ең жауапты да, бақытты сәт. Күндердің күнінде ондаған ғылым кандидатын дайындаған қартаң тартқан ғалымның бұл сөзін есіңізге алып жүргейсіз, мен сіздің диссертацияңызбен танысып шығып, мынадай жөн сілтеймін: зерттеуіңіз өте құнды, ғылымға қосылған үлкен үлес болып табылады. Тек жасымаңыз, қайтпаңыз” – деп қорғау үстінде батасын берді.

Қазақ ССР Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының Президиумы арнайы қаулы қабылдап:

1951 жыл көкекте Қазақ ССР Ғылым академиясының гуманитарлық біріккен ғылыми кеңесі Қ.Мұхамедхановтың “Абайдың әдеби мектебі туралы” деген саяси зиянды диссертациясын қабылдап, оны қорғауды жүзеге асырды. Бұл диссертацияда Совет өкіметі дәуіріне дейін өмір сүріп, оның бас жауларына айналған буржуазияшыл-ұлтшылдар да Абайдың “шәкірттері” деп мадақталады” – деп бағаланып, Қайымның ғылым кандидаты атағы алынып тасталды.

1951 жылы 11 желтоқсанда Жазушылар Одағының мүшелігінен шығарылып, ісі тергеуге берілді.

Сонымен, жалпылама әшкерелеудің дабылы даңғараға ұласты. «Жау мен даудың» атойын бастап берген бұл жыл (1951) 26 желтоқсандағы «Қазақстан К(б)П УІІІ пленумының қараларының орындалу барысы және Қазақстан К(б)П сьезінің көркем әдебиет саласындағы қаулыларын жүзеге асыру шаралары» атты жазушылар Одағының Ү пленумымен аяқталды. Бас баяндаманы, әрине, тағы да Қайнекей Жармағамбетов жасады. Ол бір жарым сағатқа созылды. Бұдан кейін тақыстанған тәсіл бойынша кезек-кезегімен шыққан шешендер кезекті «өрескел саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларды» әшкерелеуге кірісті. Біз осы бір кезеңдегі зиялы қауымның санасын билеген психологиялық үрей мен тобырлық жанталасты көрсету үшін мәжілісхаттың мазмұнын қысқаша үзінділермен баяндап беруді орынды санадық. Сонымен, Қ.Жармағамбетовтің баяндамасы қазақ әдебиетіндегі жарық көрген шығармаларды атап өтуден басталады да саяси-идеологиялық қателіктер мен ұлтшыл-буржуазияшыларға, реакциялық идеялар мене орыс халқына қарсы жаулыққа қарай ойысады. Әрине, оның «бісмілласы» М.Әуезовтің «идеологиялық-саяси қылмыстарын» санап беруден басталды.

Қ.Жармағамбетов: «М.Әуезовтің шығармашылығының алғашқы кезеңіндегі ұлтшыл қетеліктері кеңестік Қазақстанның барлық жұртшылығына мәлім. Ол мәселе жазушылардың өзарасында 1932 жылы талқыланған болатын, сондай-ақ М.Әуезовтің еңбектерінде соңғы жылдары жіберген ұлтшылдық қателіктері Шаяхметов жолдастың 1947 жылғы Алматы қаласының зиялыларының жиналысындағы және Қазақстан К(б)П УІІІ пленумында сөйлеген сөздерінде бірнеше рет атап көрсетілді. Абайдың шығармашылығы туралы оның 1934, 1940, 1945 жылдары жарияланған мақалаларында М.Әуезов Абайдың әдеби мектебі болды-мыс деген жалған ғылыми теория ұсынды, онымен қоймай, Абайдың шәкірттерінің қатарына Шәкерім Құдайбердиев, Тұраш Құнанбаев, панисламисшіл Көкбай Жанатаевт, Әсет Найманбаев сияқты контрреволюцияшыл-ұлтшылдарды қосты. Әуезовтің ғылымға қарсы, лениндік ілімге қарсы Әуезовтің бұл тұжырымдары оның редакциялық жетекшілігімен 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томынан орын алды. Көріп отырғандарыңыздай, Әузовтің алашордадағы қайраткерлігімен тікелей терең тамырласып жатқан оның ғылымға қарсы ұлтшыл тұжырымдары қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуде жүйелі көзқарас ретінде жүзеге асты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   34   35   36   37   38   39   40   41   ...   61




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет